• Ұлттану
  • 28 Тамыз, 2018

БОЛАШАҚ ЕНШІСІНДЕГІ БАЛАЛАР МУЗЕЙІ

Нұрия Сәрсенова, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

«Өткеннің даналығы – қазіргінің баға жетпес байлығы», – деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зарбаев айтқандай, өткенімізді біл­мей болашағымызға бағдар жасау мүмкін емес. Музей – көнеден қалған жәдігерлерімізді бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп, тарихымызды танытатын мә­дениет ошағы. Соңғы жылдары музей ісінде жаңа инновацияны дамыту және ақпараттандыру ісі көрмелерді, мәдени іс-шараларды насихаттауда, жәдігерлерді қорға жинау, тіркеу, сақтау, экспозиция жасақтауда, қалпына келтіруде кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанды үшін­ші жаңғырту: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» Жолдауында Қазақстанда музей ісі саласын инновациялық дамыту және ақпараттық технологияларды енгізу мәселелерін дамытуды өз назарында ұстап отыруының маңызы ерекше. XXI ғасыр – ақпараттық техноло­гия ғасыры. Қоғамды ізгілендіру оның білім, ғылым, мәдениет жүйесін дамыту процесінде ақпаратты технологияларды қолдану маңызды рөл атқарады. Музей ісіндегі ақпараттық технологияларды енгізудегі басты мақсат техниканың көмегі арқылы халыққа үздіксіз білім беру, музей коммуникациясын қазіргі заман талабына сай бейімдеу болып табылады. Бүгінгі басты мәселеміз – Қазақстанда музей ісін дамытудың тиімді жолы - мәдениет жүйесінде түрлі ақпараттық технологияларды қолдану. Келешек қоғамымыздың мүшелері – жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет. Музейтану саласындағы өзекті мәселелердің бірі – балалар музейі арқылы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру. Біздің елімізде Балалар музейі Оқушылар сарайы, мектепішілік музей ретінде тар шеңберде дамып отырғаны шындық. Балалар музейі – балалар аудиториясына арналған, балалардың 30 сұраныс талабына сай, олардың жас ерекшелігіне сай интерактивті экспозиция құрылған, білім-тәрбие беру функциясын атқаратын, балалардың қоршаған ортаға бейімделу үдерісін, эстетикалық талғамын қамтамасыз ететін, балалардың шығармашылық қабі­летін арттыратын, ойлау қабілетін шың­дайтын үйірме, клубтар, курстары жұмыс жасайтын, балалардың ептілігін қалыптастыратын ойын алаңдарымен жабдықталған музейлер жүйесі. Балалар музейі жеке музей ретінде де, «музей ішіндегі музей» түрінде де ашылған филиал, бөлім ретінде де жұмыс жасайды. «Балалар музейі» идеясы мен термині ХІХ ғасырдың аяғында қалыптасқан. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы музейлер көбінесе тарихи-өлкетанулық бағытта жұмыс істеп келеді. Ал, балаларға арналған музейлер жоқтың қасы. Оның ішінде жаңа технологиямен жабдықталған музейді айтпаса да болады. Балаға кішкене кезінен өз елінің, өз өңірінің салт-дәстүрін, таби­ғатын ұғындыру керек. Балабақшада балаларға музей танымын бере алмайды. «Балаларға музей керек пе? Не үшін керек? Музей арқылы балалар қандай ақпарат ала алады?» деген сауалдарды қояр болсақ, музей балалардың ой-өрісін, ойлау, көру, есте сақтау танымын, қызығушылық өрісін кеңейтеді. Ендеше балалардың қызығушылығын қалай оята аламыз? Әрине, ол үшін жаңа инновациялық технологияларды пайдалану керек. Ал ескі әдіспен жасақталған экспозиция баланы мүлдем қызықтырмайды. Өткізілетін іс-шаралар, көрмелер балалар көңілінен шығатындай әдіспен өтпейді. Тілі шықпаған баланың өзі ұялы телефонға жармасып, сондағы түрлі-түсті бейнені тамашалай отырып, оны тез меңгеріп алатындығын жиі байқаймыз. Ал, мектеп жасындағы балалардың қызығушылығын тудыру өте қиын. Өйткені, қолдарында бір-бір телефон, не көремін, не естимін десе де өз қолдарында. Кинотеатрлардағы 5D форматымен көрсетілетін мультфильмдер, кинолар балаларға таңсық емес. Сол себептен де болашақтағы музейді балалар көзімен көру қажет. Балалар музейде түрлі техникамен, жаңаша әдіспен көркемделген бейнелерді көргісі келеді. Яғни, жаңашаланған тірі музей. «Жаңа музеология», «Жалпыға қолжетімді музеология» деген ұғымды қалыптастыру. Тірі музей – табиғат және тарихи-мәдени ортада өзінің табиғи болмысын сақтап қалған, мате­риалдық және материалдық емес мәде­ниет­тер жиынтығының дәстүрлі түрлерін сақтап отырған, олардың қызметін ылғи жандандырып, өзекті мәселе ретінде көрсетуге бағытталған музейлік тип. Тірі музейлер тарихи-мәдени ескерткіштер мен қатар ұлттық дәстүрлер мен ғұрыптарды насихаттап, оларды дамытуға бағытталған. Тірі музейлер шетелдік музеологияда «пайдалы музей» деген ұғыммен танымал, оның мақсаты жергілікті тұрғындарды мәдени-тынығу және ағартушылық қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, олардың қоршаған ортамен байланысын арттыру болып табылады. Бүгінгі музей тарихи жәдігерлер сақ­талатын қойма емес, елдің арғы-бер­гі тарихын жаңа заман ағымына сай озық технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз көрерменін жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ететін рухани орталық болуға тиіс. Болашақта Қазақстан жерінде балаларға арналып жаңа технологиямен музейлер салынса, жеріміздің табиғи-тарихи жерлерін, салт-дәстүрін, өңірімізден шыққан атақты тұлғаларымыздың өмірі мен еңбек жолын түрлі шығып жатқан жаңа­ша әдіспен көрсетсе келушілер саны артар еді. Балалар музейіне қажетті жаңа инновациялық құралдар: 1. 3D, 5D, 7D форматтары. 2. Медиа-еден. 3. «Тірі» беттері бар интерактивті мульти­медиялық кітап. 4. Аудиоинсталляция (аудиогид, аудиоқұлаққаптар), электронды гид. 5. Видеомэппинг, голографиялық витриналар. 6. Мультитач (Multitouch) cтолы. 7. VR мобильді шлемі. 8. Сенсорлы дүңгіршек. Қазіргі заман музейлерінің озық тә­жірибесіне музей экспозициясының мазмұнын ашатын 3D, 5D, 7D фор­маттағы киноқондырғыларды, виртуальды тур, виртуальды музейдегі 3D форматтағы экспозиция мен экспонаттарды атауға болады. Мысалы, балаларға ең қажетті Табиғат, Этнография, Космос залдарын алайық. Табиғат залы – балалардың қызығушылығын тудыратын ерекше зал. Өйткені, жан-жануарлар, құстар, өсімдіктер әлемі балалардың сүйікті ортасы. Табиғат залын орман әлеміне енгендей 3D форматымен және медиа еденмен жасақталып, табиғи ескерткіштер, жан-жануарлар, құстар үнімен дыбысталады. «Тірі» беттері бар интерактивті мультимедиялық кітап арқылы табиғат залында көрсетілетін жан-жануарлар түрлері (сүтқоректілер, теңіз жануарлары, бауырмен жорғалаушылар), құстар, сирек кездесетін өсімдіктер туралы ақпарат беріледі. Ақтөбе өңірінен алғашқы рет 1912 жылы табылған мүйізсіз алып сүтқоректі жануар индрикотерий, сонымен қатар мамонт, Елек өзенінің аңғарынан табылған алып бұғының қаңқаларын 3D форматты Skin and Bones аталатын әдіспен толық көре алады. Бұл әдіс Вашингтон музейлерінде қолданысқа ие. Залдың ортаңғы бөлігінде 7D голограммасымен мұхиттағы суасты жануарлары (тасбақа, акула, дельфин, ақ аю, т.б.) көрсету. Жапония елінің музейлері барлық тіршілік атауын 7D голограммасын қолданып көрсету арқылы балалардың ғана емес, ересектердің де қызығушылығын арттырып отыр. Өлкеміздің ең керемет табиғат ес­керт­кіштерінің бірі – Жаманшың қазан­шұңқыры. Бұдан миллиондаған жылдар шамасы бұрын ғарыштан салмағы 36-40 млн. тонналық, диаметрі 200-400 метрге жететін метеорит құлағаннан пайда болған. Соның нәтижесінде ол жерде аумағы 5-6 км, тереңдігі 700 метр­дей қазаншұңқыр пайда болып, табыл­ған импактиттерге «жаманшит», тектиттерге «иргизит» деген ғылыми атаулар берілді және ол дүниежүзіне мәлім болды. Мұндай тектиттер бүкіл ТМД елдері аумағында тек Ақтөбе облысында ғана табылып отыр. Осы аталған ескерткіштің құлау сәті, қазіргі күйі қандай екенін интерактивті тақта арқылы көрсетуге болады. Барлық тіршілік атауын қозғалыс күйінде көр­сетсе, балаға қызығы осы. Этнография залына келсек, ол киіз үй түрінде жасақталып, қазақтың ән-жыр, күйлерімен дыбысталып тұрады. Аудиогид немесе электронды гид арқылы залға қатысты барлық мәліметті ала алады. Музейге келушілер кейбір жағдайда «ақпараттық жалғыздыққа» тап болады. Егер ақпаратты беруші адам болмаса олар өздігінен ғаламтордан іздеп табады, не ұмытып кетеді. Сол себепті де белгілі бір затты музей кеңістігінде толық зерттеп білуі үшін ақпаратты беру құралы – аудиоинсталляция болуы керек. Яғни, белгілі бір экспозиция не витринадағы жәдігерлер жанында аудиогид, аудиоэтикетка-құлаққаптар болуы тиіс. Аудиогид – музей экспозициясы, көрме және қоршаған өлкемен жеке танысуға арналған фонограммалық құрылғы, яғни, экскурсоводсыз саяхат жүргізуші немесе электронды жолсерік. Аудиогид көмегімен 99 тілде 6500 файл ақпарат сыйдыруға болады екен. Шетелдік қонақтар біздің жеріміз туралы ақпаратты аудиогид көмегімен өз тілінде ала алады. Өте кішкентай өлшемді, ескі немесе дара (қорда ғана сақтаулы) жәдігерлерді көпшілікке ұсына алмағандықтан видеомэппинг, голографиялық витриналар көмекке келеді. Интерактивті тақта мен автоматты құрылғыны орнату арқылы асық, садақ ату секілді ойындарды енгізсе, балалар үшін өте қызық әрі ұлттық ойындарымыз жаңаша қолданыс табады. Отбасымен, балаларымен келушілерге музейде мультимедиялық құрылғы, «бала бойымен тең», интерактивті өзара байланыс (ұстап көру, ашу, тарту) экспозициялық зоналары болғаны дұрыс. Солардың бірі – Мультитач (Multitouch) столы. Мысалы, Европа музейінің бір залы кафе түрінде жасалынған. Аталмыш залға мультитач столы орнатылып, басына өздерінің танымал тұлғаларының макетін отырғызып қояды екен. Мультитач столы арқылы сол танымал тұлға туралы толық мағлұмат ала алады. Мен осы үлгімен жұмыс жасар болсам, балаларға жақсы таныс, әрі ең қызықты Алдар көсе бейнесін алар едім. Бір ескерері, мультитач столы баланың бойы жететіндей орнатылуы керек. Сонымен қатар бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларды да ескерген жөн. Мультитач столына ойын түрлерін енгізу арқылы балалардың ой-өрісін дамытуға болады. Мультимедиялық құралдар ересектер және балаларға деп екі режимге бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көтерме тетігі бар, саусақпен сезіну, Брайль әліппесін қам­тыған интерактивті инсталляциялық нұсқалар қажет. Ғарыш әлеміне саяхат бөлімі ғарыш кемесі тәрізді жасақталады. Бала­лар залға бас сұққанда ғарыш кеме­сіне енгендей сезінеді. Доғал экран арқылы ғарыш әлемін көрсете отырып, ғарышкерлер бейнесі бар 3D форматты картиналармен толықтырылады. VR мобильді шлемі арқылы суретке түсірілген планеталарды қозғалыс күйінде көре алады. VR мобильді шлемі қашықтан көрмейтін балалар үшін таптырмайтын құрал. Залға қатысты толық мағлұмат алу үшін сенсорлық дүңгіршек көмегіне жүгіне алады. Қазіргі заманғы музей технологиясында сенсорлы ақпараттық киос­кілерді қолданысқа енгізудің музей үшін де, тұтынушы үшін де маңызы зор. Қазіргі жаһандану заманында ақпараттық технологиялардың дамуы, музей саласына цифрлы жүйелерді енгізуге алып келді. Жаңа технологиялар экспозициялауды көркемдеп, әрбір жәдігерге қосымша мәтіндік және суреттік түсініктеме беріп, виртуалды көрме ұйымдастыруға және қордағы жәдігерлер жайлы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді. Қазіргі заман музейлерінде сенсорлы ақпараттық киоскілер экспозиция мазмұнын ашатын электронды көмекші немесе ақпарат беру жүйесі қызметін атқарады. Сенсорлы дүңгіршекті сәтті қолданған музейдің бірі – әлемге әйгілі Лувр. Мұнда сенсорлық дүңгіршек арқылы мыңдаған жылдық тарихқа сапар шеге отырып, ислам мәдениетінің тарихынан мол мағлұмат аласыз. Мұнда қосымша алты мыңға жуық фотосуреттер, 400-ден астам ақпараттық мәтін қойылған. Әрине, тек музей көрермені болу арқылы ғана осыншама мол ақпаратпен танысу кім-кімнің болмасын қызығушылығын арттырары сөзсіз. Міне, осындай жаңашаланған әдістерді қолдану арқылы балаларды музейге тарта аламыз. Балалар мұнда көріп қана қоймай өздігінен жұмыс жасай алады. Қорыта айтқанда, заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Келешек қоға­мымыздың мүшелерінің бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі екені анық.

1023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз