• Ұлттану
  • 25 Қыркүйек, 2018

Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы туралы не білеміз?

Жексен Алпартегі, журналист

Қазақ әдебиетінде ақын Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының алатын орны ерекше. Бар ғұмырын қазақтың ауыз әдебиетінің асыл мұраларын жинауға арнап, үлкен еңбек сіңірген ақын. Ел аузында жүрген қисса-дастандарды да жинап, кітап етіп бастырғандардың бірі. Сол мұраларды жатқа айтып, қиссашы болумен қатар, суырыпсалма ақын ретінде көпке танылған. Әсіресе, қазақтың інжу-маржаны болып табылатын лирикалық эпос-жырларын халықтың игілігіне жаратып, кітап етіп шығарғаны үлкен еңбек. Ел аузынан «Айман-Шолпанды» 1896-1913 жылдары жазып алып, баспа бетінен шығарса, «Қыз Жібекті» 6 рет, ғашықтық дастан «Жүсіп-Зылиханы» 1898, 1901, 1913 жылдары Петербург, Қазан, Уфа және Ташкент баспаларынан шығарып, елге таратқан. Елге кең тараған «Мұңлық-Зарлық» пен «Қасен мен Ғанижамал» жырларын да қағазға түсірген. Ақын Біржан мен Сара айтысын да халыққа жария еткеннің бірі. Шығыстың классикалық әдебиеті мен фольклорын қазақ тілінде сөйлетіп, діни қисса «Кербаланың шөлін» аударған. Жүсіпбектің бұдан да басқа ел арасындағы ағартушылық еңбегі ұшан-теңіз. Ол өзі жүрген жерінде хат тануға талпынған талай баланы мұсылманша оқытып, білімнің есігін ашуға көмектескен. Имандылықтың кілті ислам дінінде екенін насихаттап, білікті де сауатты молдаларды тәрбиелеп, игілікті жұмыстар ат­қар­ғаны бір төбе. Және де олар өздерін «Жүсіпбек қожаның шәкір­тіміз» деп санаған. Жүсіпбектің тағы бір ерекшелігі, халық арасындағы дәстүрлі емшілікпен айналысқан. Жүсіпбек қожа өз заманында ел үшін көп жұмыс атқарып, сан мамандықты игергенін осыдан білуге болады. Кеңестік заманда ол дін бағытындағы ақын ретінде танылып, ескі сарынды жырлаған ақын ретінде оқытылды. Оның суырыпсалма ақындығы және қазақ халқының ауыз әдебиетін жинаушы, әрі бастырып, кітап етіп таратушы екені көп айтылмады. Ғұламаның өмірбаяндық дерегіне көз жүгіртсек, Жүсіпбек 1854 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданының Қожатоғай елді мекенінде дүниеге келген. Оның балалық шағы туралы дерек жоқ. Жүсіпбектің сауатты да білімді болып өсуіне әкесінің көп ықпалы тиген сияқты. Әкесі сауатты адам болғандықтан баласына бес жасынан араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін үйретіп, тәрбиелеген деген дерек кездеседі. Зерек бала өзі үйренген тілдерді еркін меңгеріп, білімге деген құштарлығы арқасында оған қол жеткізген тәрізді. Бір деректерде Жүсіпбек Самарқан мен Бұхарадағы медреседе оқыған деп те жазады. Ал, оның бұдан кейінгі өмірі белгісіз. Ендігі бір деректерде Жүсіпбек Қо­қан хандығында қызмет еткен деп те айтылып жүр. Бірақ, оның шын-өтірігі белгісіз. Есейіп, ер жеткенде Жүсіпбек Жетісу жеріне келген. Оның бұл өңірге келу себебі нағашыларын іздеп келдім деген өлең-жыр, айтысында кездеседі. Елді аралап, ха­лық ауыз әдебиетіне қатысты әдеби мұраларды жинау ісімен айналысқан. Атақты ақындармен кездесіп, айтыс­қан кездері де болған көрінеді. Мұны біз Жүсіпбектің Талдықорғанда Аман болыстың үйінде отырған атақты Бақтыбай ақынға сәлемдесу өлеңінен көреміз. Жүсіпбек: Бұл елді санаушы едім нағашым деп, Жолы үлкен Ұлы жүздің баласы деп, Жүсіпбек Шайхысламов, қожа заты, Бақаңа сәлем берді ағасы деп. Қорықпай, ақын аға, сәлемімді ал, Бұл бізден қырық шұбар тай аласы деп, Мен сізді сыртыңыздан естіп едім, Ішінде ақындардың сарасы деп, Жиенмін, бөтен жанға санамаңыз, Өлеңмен тиісуін қарашы деп. Естігем көп ақынның ағасы деп. Бақтыбай: Сен бе едің сәлем алдым, азаматым, Шығардың қисса жазып қазақ атын. Жүсіпбек Шайхысламов жиен болсаң, Әулеті әулиенің, қожа затың. Жиенжан, сәлем беріп, сәлем алдың, Болған соң ақылың дана, таза затың. Болсам да қара сөзге жан салмаған, Өзіңдей өнерім жоқ жаза алатын. Белгілі бөктергіден сұңқар тумас, Аспаннан қаңқылдайтын қаз алатын. Мен тағы қуанамын көргеніме, Бұл жаққа дәм-тұз айдап келгеніңе. Шырағым, рахмет, жолың болсын, Ағаңа сыйлап сәлем бергеніңе, – деп, Жүсіпбекті жақсы ниетпен қарсы алған. Кеңес өкіметіне дейін Жүсіпбек Жетісуда болып, әдеби мұраларды жинаумен айналысқан. Ел ішіндегі небір қиссашы, жыршы ақындармен кездесіп, ауызекі айтылып жүрген сөздерді қағазға түсірген. Сондай-ақ, ел ішінде мұсылманша мектеп ашып, бала да оқытыпты. Сондай мектептің бірін Алматы облысы Кеген ауданындағы Байсуан асуында ашқан деген әңгіме бар. Бұл деректі қазіргі күні 80-ге келген талғарлық өлкетанушы, этнограф Алтынбек Қонаевтың аузынан естідік. «Кеген, Нарынқол өңіріне белгілі Жақсылық Бақырбаев деген ілімді молда болды. Сол кісі: «Мен Жүсіпбектің шә­кіртімін» деп айтып отыратын. Үйінде Жүсіпбектің өлең кітаптарын, қиссаларын көргенмін. Жақсылық қария сол Байсуандағы мектепте мұсылманша оқуы мүмкін. 1916 жылы Қарқарадағы Ұзақ батыр бастаған албандардың ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Жүсіпбек елмен бірге Қытайға кеткен. Ал, Жүсіпбектің алғаны Қарқара өңірінде мекендеген Айт руының Сады атасынан тарайтын елдің қызы» деген деректі айтқан еді. Жүсіпбек Шайхысламұлының жан-жақты білімділігін кегендік шежіреші Әбілқасым Нұрмұханбетов те жоққа шығармайды. Ол өзінің «Ұлы жүз Жәнібек шежіресінде» Мол­дәлім Нұрмұханбетұлы туралы жаза келіп, оның жадында сақтау ерекшелігіне тоқталады. «Жетік молда, ғұлама ақын, білімді дәрігер Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының қиссасы «Қиямет ахуалды» жастайынан жаттап, жадында сақтап келіп, өмірінің соңын ала қағаз бетіне түсіріп кетті» деп жазыпты. Ал, Молдәлім Нұрмұханбетұлы деген кім десек, ол 1918 жылы Кегеннің Қулық тауында дүниеге келіп, молдадан ескіше сауатын ашқан. «Әптиекті» бітіріп, Құранға түсіп оқып жүргенде, ел басына күн туған 1931 жылы ата-анасымен Қытайға кеткен. Ол оқуын барған жерінде жалғастыра алмаған. Молдәлім зеректігімен өз бетінше ізденіп, білімге деген құштарлығының арқасында ел ішіндегі әдеби мұраларды танып білген және жадында сақтап өскен. Қытайдың Құлжа қаласында, Іле бойында, Текес, Күнес аудандарында болғанда ауыз әдебиетіне ынта-ықылас қойып, қиссаларды жаттап, тойларда айтып жүрген. Жүсіпбек қожаның мол мұрасына қанығып, бірнеше қиссаларын жатқа айтқан. Өзі жаттағандарды 50-60 жылдай есіне сақтап келген. Солардың ішінде Жүсіпбектің «Қиямет ахуал», «Шәкір-Шәкірат», «Дариға қыз», т.б. қиссалары болған деп жазады автор. Бір айта кететін жайт, Молдәлім дүниеге келген жер Жүсіпбек қо­жаның бала оқытып, мектеп ашқан Қулық тауының теріскейіндегі бір сайы. Сондықтан болар, Молдәлім бала кезінде Жүсіпбектің атын, атақ даңқын естіп өскен және аса ілімді жанды көруі де мүмкін. Молдәлімнің жақын туысқаны, 1916 жылғы Албан көтерілісі басшыларының бірі Әубәкірдің баласы Баукей Әубәкірұлының «Жақыпберді» деген кітабында былай дейді: «Жақыпберді 1884 жылы Қулық тауының күнгейінде, Солтанбек сайында дүниеге келген. Албаннан қыз алған, Жалаулыдан Қытай жеріне өтіп, сол жақта қайтыс болған ғұлама ақын, жетік молда әрі дәрігер Жүсіпбек қожа Шайхысламұлынан дәріс алған, озық ойлы, қайырымды, бауырмал нағыз номад» деп жазуы да Жүсіпбектің Кеген мен Қарқарада болғандығын растайды. Қулық – біз айтқан Байсуан асуындағы тау. Бұл жерде тағы бір айта кетерлік жайт, атақты жазушы Мұхтар Әуезов 1926 жылдары Албан көтерілісінің 10 жылдығына байланысты үлкен шараға қатысып, көтерілістің қалай болғаны жөнінде деректер жинап, көп адамдармен бір айдай Қарқараны, Кегенді атпен аралайды. Көтеріліс болған жерлермен танысып, материал жинайды. Жазушы осы сапарында Жүсіпбекпен кездесіп, әңгімелескен. Осыдан кейін екі жылдан соң Жүсіп­бек Қытайға кеткен. – Жүсіпбек қожа 13 кітап жазып­ты. 1916 жылғы Қарқарадағы Албан көтерілісі кезінде елмен бірге Қытайға кетіп, бір жылдан кейін қайта оралған. Кеңес өкіметі орнап, ел тынышталған 1918-1920 жылдары халық санағын реттейтін екі адамның бірі болып, жұмыс істеген, – дейді Алматы облысы Жамбыл ауданы Жайсаң ауылының тұрғыны, атақты Ұзақ батырдың немересі, марқұм Жанәбіл Дәуленханұлы. «Менің Жүсіпбек қожаны білуім, атамыз Ұзақтың Оман, Дәуленхан, Тәліп және басқа балалары жан сақтап, 30-шы жылдың үркіншілігінде Қытайдағы Текес ауданына барып тұрақтайды. Әкелеріміз бастарынан көп қиыншылықтарды өткерген. Жоқшылық пен жанбағыстың ауыр жағдайынан арылып, кейін жан-жаққа кеткен ағайын-туыстарын тапқан. Жүсіпбектің де басынан осындай жағдай өтіп, өзінің жақындарымен қауышыпты. Сол жылдары бізбен ауылдас болған екен. Жүсіпбекті көргендер ол бар ғұмырын ел ішіндегі әдеби мұраларды жинап, қағазға түсіріп жүргендігін айтатын. Жинаған көп қисса, дастандарды кітап етіп шығарған. Көпшілік осы кітаптармен сусындады. Оның айтыстарын да ел жатқа айтатын. Біз көрген қариялар: «Жүсіпбек қожа құлынды бие мініп, елді аралайтын. Биесінің артында құлын, тайы бар төрт-бес жылқы ілесіп жүретін» деп еске алушы еді. Жүсіпбек қожа екінші рет Қытайға барғанында Іле қазақ облысы, Текес ауданына қоныстанады. Жасы келсе де халыққа қызмет етіп, 1935 жылы Текес аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту бөліміндегі мектептің мүдірі (директор) қызметін атқарады. Денсаулығының нашарлауына қарамастан, сол өңірдің балаларына білім беру ісімен айналысып, өмірінің соңына дейін халыққа қызмет еткен. Қариялардың айтуы бойынша, Жүсіпбек қожа елдің адамы болды. Өзі денелі, ірі кісі болғандықтан киіз үйдің есігіне қырынан кіріп, қырынан шығатын болыпты. Бір өзі бір қозының етін жейтін кездері болған деседі. 1937 жылы қайтыс боларын біліп, өсиет айтқан дейді қариялар. Біз оны бала күнімізде естідік. «Мен өлгенде көрімнің ақымын екі адам сиятын етіп қазыңдар. Өлгеннен кейін әйелім кедейлікке тап болады. Ол өлгенде көрімді ашып, қасыма қойыңдар» депті. Расында да, Жүсіпбек өлгеннен кейін отбасының тұрмысы нашарлап, он жылдан кейін әйелі де қайтыс болған. Жүсіпбектің өсиеті бойынша ел ақымды ашқанда қожаның күлімсіреп жатқан бейнесін және кебінделген денесінің бүлінбей жатқанын көріп таңғалыпты. Әйелін Жүсіпбектің қасына қойып жерлеген. Бейіттері Текес ауданындағы Төрткүл деген жердің Үшқұлағында. Біз Жүсіпбек қожаның баласы Айтқожамен араласып жүрдік. Се­бебі қосағымыз Ажар сол жақтың қызай деген елінің қызы. Қайынатам Тоқтасын жастайынан арабша оқып, зерек болып өсіпті. Зеректігінің арқасында билікке ерте араласып, «бала зәңгі» атанған. Ақшиде зәңгі болған кісі. Сөзге жүйрік, өлеңші, ақындығы бар атамды ел-жұрт қатты сыйлайтын. Жүсіпбектің баласы Аманқожа әкесі секілді ауыл-ауылды аралап, емшілікпен айналысқан. Осыдан болар, Аманқожаны ел «ақ атты қожа» деп атап кеткен. Қызы дүниеге келгенде кіндігін Аманқожа кесіп, атын Бибіажар деп қойған екен. Қайынжұртым Аманқожаны «Ажардың кіндік әкесі» деп қатты құрметтейтін. Кейін біздер де ол кісімен сыйласып кеттік. 1984 жылдың күз айында Текестің Ақшиінде тұрғанымызда Аманқожаны шақырып қонақ еттік. Зор денелі, ірі сүйекті, қызылшырайлы кісі еді. «Мен әкеме тартқанмын, формам келеді. Нағашыларым Моңғолкүренің Қарасуының Айты, оның ішінде Садысы» деп айтқаны бар. Менен жасы көп үлкен болды. Егер тірі болса, қазіргі күні 80-нен асатын кезі. Әйелі де өзінен кейін өмірден өтті. Олардың Бекқожа деген баласын да жақсы танимын. Кейін Айтқожаның жағдайы нашар болғанда кедейленген отбасының баласы атанған Бекқожаны үкімет тарапынан оқуға алды. Көмір кенінің оқуын оқып, мамандығы бойынша кен технигі болып жұмыс істеді. Сол жұмыста жүргенде «Жүсіпбек қожаның немересі, дінді уағыздаушы, әйелі бай ұйғырдың қызы» деп айыпталып, пипанға (тергеуге алып, елдің алдына шығарады) алынды. Ерлі-зайыптыларға айып тағылып, қызметтерін де шектеп, бір тасжол бойындағы идараға (кеңсе) жұмысшы етіп жібергенін естігенбіз. Кейін одан босады. Бір жылдары Бекқожаны іздеп, Желіжүзге бардым. Үйіне қондым. Сондағы Бекқожаның әңгімесі: «Пипанға түскеннен кейін, жер аударып, қызметім төмендетіліп, тасжолда жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні кенеттен үш машина келіп, бір ұйғыр адам мені сұраққа алды. – «Сен Бекқожасың ба? – деді. Иә дедім. Жүсіпбек қожаның немересісің бе?» деді. Иә дедім де, қатты қорықтым. Атамның аты аталғанда шын қорқып кеттім. «Сен Бекқожа, қорықпа. Біз атаң Жүсіпбек қожаның еңбектерін іздеп, әрі зерттеп жүрміз. Соған бола саған келіп тұрмыз. Атаң көп кітап шығарыпты. Халыққа пайдасын тигізген. Қазақстанда атаң туралы деректер таппай жүр. Сен білгеніңді айт. Атаңның өлеңдері, кітаптары бар ма?» деп, өздерінің Құлжадағы Шыңжаң Жазушылар одағынан келгендігін және өзі оның төрағасымын деп әлгі ұйғыр менен атам жайлы сұрады. Білгенімді айтып бердім. Кейін сол адамдар Жүсіпбек атамның баспадан шығарған «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Алпамыс», «Жамсын-Балқұдық», «Жұмбақ өлең», «Шариғат өлең», «Өтірік өлең» сияқты кітаптарын тауыпты. Әкем Аманқожаны да тауып, атамның қай жерде жерленгенін анықтаған. Солардың көмегімен Жүсіпбек атам жерленген Текес ауданы Төрткүлдің Үшқұлағындағы бейітінің басына Шыңжаң Жазушылар одағы қоғамы атынан белгі орнатты». Жүсіпбекті ел жақсы қадірлеген. Соның бір айғағын Жамбыл ау­данындағы жайсаңдық Төрге Сыбанбаев деген қария да жоққа шығармайды. 30-жылдары Қытайға барған Жүсіпбек қайын жұртымен сыйласып қатар жүрген. Солардың бірі бізге жақын туыс болып келетін Жиенбай мен Тұрысбек деген молдалар болған екен. Жақсы сыйласқандар қашанда бірге жүріп, бір-бірін құрметтеген ғой. Жастары келіп қалғандарын білгендіктен өлімнің ерте ме, кеш пе келетінін әңгіме етіп отыратын көрінеді. Сонда айтқандары: «Мен өлсем, сен жаназамды шығар, сен өлсең жаназаңды мен шығарамын» деп, айтады екен. Мұны мен көнекөз қариядан естігенмін. Жүсіпбек Қарасуда әйелі жағынан жақын болып келетін Емеген атадан тарайтын Мәнтібай деген досының үйінде көз жұмған деседі. Мәнтібай Жүсіпбектің сүйегін бермей, «біздің тілегіміз бір, жақын дос еді. Өзім арулап қоямын» деп Қарасуға жерлемек болыпты. Бұған Жүсіпбектің туысқандары көнбей, «атақ сіздікі болсын, сүйегін өзіміз жерлейміз» деп Шиліөзек жаққа алып кетіп жерлеген» деген әңгіме айтқан еді. Бұл әңгіменің шындығын атаме­кеніне туысқаншылап келген Текес ауданының Ақдаласында тұратын молда Оразғали Әбілқасымбайұлы да жоққа шығармайды. «Жүсіпбектің алған әйелі Емегеннің Екейінің қызы, екінші әйелі Айттың Садысы. Қожа Қарасуда қайтыс болып, сүйегін өзі тұрған Текес ауданына алып кеткен. Ол кісі дүниеден өткеннен кейін 10 жылдан соң әйелі қайтыс болып, Жүсіпбектің өсиеті бойынша ақымды ашып қасына қойған. Менде Жүсіпбек пен Шөкей қыздың айтысқан кітабы болды. Кітаптың көлемі 270 беттей. Бір жылдары бір адам сұрап алып, екі-үш жылдай пайдаланды. Кейін кітапты бермей Қазақстанға алып кетті» деп, айтыстың үзіндісін жатқа айтып берген еді. Жүсіпбек пен Шөкей қыздың айты­сынан басқа Жүсіпбек пен Өзи­паның айтысы да бар. Бұл айтысты Талғар ауданы Рысқұлов ауылына 2000 жылдары Қытайдың Текес ауданынан қоныс аударған Асылбек қажы Іңкәнұлы білетін болып шықты. Асылбек қажы атақты Ұзақ батырдың Оман деген баласының немересі. Әкелері Жүсіпбекпен қатар жүрген. Дін мен әдеби мұраны қастерлейтін Асылбек қажы Жүсіпбек пен Өзипа айтысын бір кісіден жазып алыпты. Көлемі шағын діни жұмбақ айтыс болып келеді. Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы туралы дерек жинау барысында, Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылының қариясы Рахан Төкебаев Жүсіпбекті көргенін айтты. «30-жылғы зобалаңда біздің әке-шешеміз де шекара асты. Мен онда 7-8 жастағы баламын. Ауылымыз Көкдала деген жерде еді. Әкем мені молдаға оқуға берді. Бір күні бізді оқытқан жерге үш-төрт адам келді. Сонда, Сағымбек молда топ кісілердің ортасындағы ерекше көрінген, ірі денелі, келбетті адамды сыртынан: «Жүсіпбек қожа деген ілімді кісі осы» деп бізге көрсетті. Жүсіпбек қожаны топ кісі құрметтеп, орталарына алып сөйлесіп тұрды. Бізді оқытқан Сағымбек молда да араб, парсы тілдерін жетік білетін. Көпке сыйлы, ілімді молда еді. 1960-жылдары бәріміз туған жерге оралдық. Сағымбек молда өзі өскен Шалкөде ауылына келді. Ол кісі қайтыс болғанда мен барып, топырақ салдым» – деген еді ол. Жалпы, Жүсіпбек қожа Шай­хысламұлы Қытайдың Шыңжаң өлкесіне танымал болған. Қытай қазақтары арасында жазба әдебиетін, оның ішінде халық ауыз әдебиетін жинастырушы ретінде көп еңбек сіңірген. Ол «Жүсіп-Зылиқа», «Қа­сым-Жомарт», «Алтын балық», «Ораз молда», «Нұрға зарын», «Ерен­ғайып», «Мұңлық-Зарлық», «Сал-сал», «Зарқом», «Сәлімжан», «Дариға қыз», «Мың бір түн» тәрізді қырыққа тарта қиссаны жинап, елге таратқан. Мұның сыртында дінге қатысты шығармалар да жазған. Алайда, оның бұл шығармалары біздер үшін белгісіз. Жүсіпбек қожа туралы зерттеушілер мұнымен айналысқаны дұрыс сияқты. Бірақ, әлі де Жүсіпбек туралы зерттеулер дұрыс қолға алынбаған. Кеңес заманында діни ағымдағы ақын деген сөз оның насихатталуына кедергі болды. Ал, қазір, еліміз тәуелсіздік алып, тарихымыз қайта жаңғырып жатқан уақытта Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының өмірі мен шығармашылығы терең зерттеліп, кейінгі ұрпақ білгені дұрыс. Бір өзі бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын атқарған Жүсіпбек ақынның тасада қалуы оның еңбегін бағаламау болып табылады.

1036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз