• Еркін ой мінбері
  • 08 Қараша, 2012

Фариза ақын: «Жерде мекен бар ма екен кең даладай?!»

– Фариза апай, «Тағдырдың құсы қонған» ақынсыз, бір түйеге сыймайтын абыройыңыз бар. «Өзімді-өзім ұға алмай қалжырадым – жұмбақтардан тұра ма адам жаны», «Шарттылықтар мен шектелулерден шаршадым» дейсіз. «Көңілімнен аққу ұшқан» жыр қасиетін жақсы көрмейтіндердің қасаң жаны өлеңді не қылады? Әр адам құпия, ал, тірі сөзі баянды ақын – дара құрлық, тәңірдің қазынасы тұла бойында һәм жүрегінде. Оның тағдыры ерекше болатыны содан. Бірақ, Құдай бәрібір оның жағында. Құдайдың өзі берген соң дарын иесін қалай қорғайтынын тереңірек әңгімелеп беріңізші! – Шынында, Құдайтағала қорғамаса, көкірегіне дарын сәулесі берілген адамның сусыз жерде суға батып, тегіс далада тәлтіректеп сүріне-қабына құлап жығылуы әбден мүмкін. Себебі, оның жан әлемі, психологиясы, түйсік-түсінігі өзге «дені дұрыс» адамдардан басқаша ғой. Ондай тәлтіректеген сәттерде Көк Тәңірі ақыл айтып, құлағыңа сыбырламайды, өмірдегі бір шағын құбылыстан ой туғызады немесе басқа бір замандасыңның аузымен тұла бойыңды түгел найзағайдың отындай тіліп өтетін сөздермен кеңес береді. Менің бір қасиетім және ылғи өзіме қайғы шектіріп, о дүниенің алдына апарып қайтқызатын қасиет – біреуді жақсы көрсем, тіпті, одан қаншама рет көңілім қалса да, жек көре алмаймын, қалайда ол адамды ойша ақтап алуға, өзімді жексұрын етіп кінәлауға бейім тұрамын. 70-ші жылдардың орта шенінде мен үшін орны толмас трагедия болған бір жағдайлар болды. Әрине, жақсы көру, махаббат мәселесі. Оның үстіне сол жылдары анам, одан кейін жалғыз ағам жастай қайтыс болды. Оның шиеттей балалары қалды. Менен басқа әулетімізде бас көтерер ешкім қалмады. Осының бәрінен әбден басым айналып, не істерге білмей есеңгіреп жүрдім. Өліп қалсам ба деген теріс ойлар иектеді. Бір күні Жазушылар Одағының фойесінде өзіммен-өзім тұр едім, жасы шамалас бір кісі келіп сәлемдесті. Көңіл-күйімді бірден байқады, амандық-саулықтан кейін: «Фариза, Сіз кім екеніңізді білесіз бе? – деді әй жоқ, шәй жоқ. Мен бақырайып бетіне қарадым. Бұрын көрген адамым емес. – Неге сонша жүнжисіз, бүкіл халық Сіздің сөзіңізді кие тұтады. Құдай көкірегіңізге берген сәулесін өз қолыңызбен өшіргелі жүрсіз бе?». Әлгі адам маған сондай ренішпен қарап айтты. Мен төбе құйқам шымырлап, басымнан башпайыма дейін белгісіз бір энергия зулап өткендей болды. Ол кісіден «кімсіз» деп те сұрамадым, әйтеуір, маған қатты әсер еткен оның айқын сөздері болды. Әлі күнге таңқаламын. Бұл тектен-тек емес деген ой мені бірден баурап алды. Әншейінде мұндай бейтаныс біреу түгілі, жолдас-жоралардың, кейбір сыйлас белгілі адамдардың сөздерін құлағыма іле қоймайтын мен, бұл жолы қатты сыйлайтын мұғалімін ренжітіп алған оқушыдай айыпты күй кештім. – Сіздің дүниетанымыңызда дала мен көш – бір ұғым. Бірақ бұл өткеннің елесіндей, кие, ностальгия. «Дала – бесікте» тербелген, «Жусаны да жайымды ұғынатын», «Жеткізбейді қазақтың даласындай», «Қазақтардың иен даласы», «Керімсал дала – кеңдікке кеудеңді керіп шықшы бір!», «Жерде мекен бар ма екен кең даладай?!» деп талмай толғайсыз. Себебі, ата-бабадан тоқ жаратылысыңыз сол: «Көшуде, менше, сыр бар мың,/бастайтын ұлы істерге», «Көш келсе – өмірімнің өшпегені», «Кетіп барам өмірдің көшін бастап / Қыз Жібектің қоңыраулы күймесімен!». Ақынға дауа жоқ, мына заман, әсіре, батпан дүниеқорлықтан малтығып, рухы жұпыны, жұтаңданып, азып бара жатса, ол эпикалық дегдар салтанатты жадынан шығара алмай құлазиды. Қыз Жібек – ару, рухани бекзаттық, оның асқақ болмысы қазіргінің ұлттығы құрыған тексіз қыздарының өлсе түсіне кірмейді. «Көшермін мен де мәңгі, тек ізімнен/ ұрпақтар шырқап салар табылар ма ән...». Қазақ үшін көш – тұрмыс салты һәм философиялық дән, құдай жаратқан жаратылыстың болмысы ұлы көш. Қазақтық пен көш бір ме, кіндігі байлаулы деп ойлайсыз ба? Немесе көздің ақ пен қарасындай бір ұядағы құбылыс па? – Өте әдемі айтып отырсың, айналайын. Адам, қоғам, жайнаған тіршіліктің өмірлік құбылысы менің ұғымымда – көш. Қазақ деген ұлттың ұлылығы да тынымсыз көшіп-қонып жүруінде. Көш – эволюция. Оны біз түсінбей келеміз, көшпенді халықтың өзгелер айтып келген мақау тірлігінің бір белгісі деген кемсітілген ұғымның шеңберінен милықтап шыға алмай жүрміз. Көш – даму заңы. Бабаларымыз көшке қанша мән берген: «Көш көрікті болсын» деген мақалды да біз түйеге артқан жүктің үстіне қызылды-жасылды кілем жабылған әдемілігі деп түсінеміз. Мен бала күнімде көштерді көргенмін, көш-керуеннің сән-салтанатын, сағымның арасында кетіп бара жатқан, бұлдырап көрінген сұлбасын қызықтайтынбыз. Көш – өмірді жаңғырту, сайып келгенде шаң-тозаңға бөккен қоғамның былық-шылығын қағып-сілку, сөйтіп жаңа қоныс, жаңа қоғамға жету мақсатынан туындаған деп ойлаймын. Көздің ағы мен қарасындай бір ұядағы құбылыс деген пікірің дұрыс шығар. Себебі, қазақтың біз білеміз деп жүрген өмірбаяны «көш» деген ұлы оқиғаға байланысты ғой деймін. Егер, көш болмаса, қазақ әлдеқашан әлде бір әлемге бой алдырып, сіңіп кетуі мүмкін еді. Көш – қазақты да, қазақтығымызды да сақтап қалған тарихи ұлттық құбылыс. – «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» – Мұқағали ақын Сізді жанына жақын санап, жұлдызды есіміңіздің символына сүйсініп, іштегі шерін тарқатады. Бұл иран бағынан алынғандай есімнің түп мағынасы парсы сөзі, көгілдір ақық, асыл тас. Парсының классикалық поэзиясы күшті. Орыс өлеңінде бирюза шексіз көк жүзі ғарышты, ұлылықты, көркемдік пен тұнықтықты бейнелейтіні тегін емес. Тастың физикалық күйі қаттылығы туралы ырымға сөз жоқ, өйткені, ол көктей жайнаған өлең табиғатымен байланыстырылады. Тіпті, жер бетінде ағатын теңізді теңемейді, сірә, төменге қимайды. «Для того, чтоб посмотреть хоть раз, / Бирюза – твой взор или берилл,/ Семь ночей не закрывал я глаз», Николай Гумилев парсы ақындарына еліктеп жазған. И.Анненский мамырдағы күн күркірегендегі көк аспанды теңейді: «Среди полуденной истомы / Покрылась ватой бирюза...». Иван Бунин өлеңінде бұл әсем түс ғашығымен қоштасардағы көз жасы: «И слеза, / Что в голубых глазах твоих светилася, / Бледна, как бирюза». Бұл көк әлемінің ең асқақ құбылысы аспан күмбезіне лайық түс. «Вот небеса, наполнясь, как слезами, / Благоуханным блеском вечеров, / Блаженными блистают бирюзами». Андрей Белыйдың түнгі жұлдыздарды суреттегені. Есім символикасы түп негізінде ақын нәсілінің жазмышына әсері бар деп ойлайсыз ба? Фариза ұл болып туған жоқ, бірақ, ер болмаса да басындағы өнер бағы бөрік киген мына менен неге артық деп іштарлықпен мұқатқысы, кеміткісі келгендер талай кездеспеуі мүмкін емес. Сонда не ойладыңыз? Бір басы он ұлға татитын дарынды қазақ қыздары бар. Оларға өнер-білім, жазмышты Жаратушы Ие еншілеткен. Әйтпесе, ел қатарлы өз тіршілігімен жүрер еді. Талант пен оның әдеби айналасында былайғы жұртқа атымен білінбес, сезілмес дау, құса болады. Соның дауасы неде? – Менің шығармашылығымды дәл өзіңдей түсінген кісіні әлі кездестірген емес едім. Сен әбден қазбалап қойған ой-сұрақтарыңмен мені таң қалдырдың. Айгүлжан, ешкімге айтылмаған ойымды айтуға мәжбүр етіп отырсың. Әйелдің талантты болуы – қасірет. Әйел заты қаншама құсқанат жүйрік, Құртқадай ақыл иесі болса да, еркек атаулы оның қасиет-қадірін мойындағысы келмейді. Жаратушы о бастан ерлерді үстемдік ету, әйелді мойындамау үшін жаратқан. Бұған еркектерді жазғыруға болмайды, бұл олардың еркінен тыс қасиет. Бұл бір. Екіншіден, әдебиет пен өнердегі адамдарда тәкәппарлық, менмендік болады. Ол сезім өнер иесін айға ұмтылдыратын фактор. Бұл жөнінде оларды бәйге аттарымен салыстыруға болады. Әдебиетте көзсіз қызғаныш, мұқату, кекетусіз болмайды. Әуелі әділетсіздікке іштей ызаланасың, сайда саны, құмда ізі жоқ былжырақ бір жігітсымақ анық талантыңды көре тұра жақтырмай, өзін сенен биік санағысы кеп, артық көрсетуге тырысып, «төмен етекті болсайшы» дегенді ұқтыруға барын салып, кеудесін жөнсіз көтеріп тұрғанда таң қаласың. Кейде шарасыз кішіреюіңе тура келетін сәттер де болады. Бірақ, мысың құриды деу бекер. Оның еркек басымен ұсақтық танытып, құдай дарытқан өнеріңді күндеп тұрғанын түсінген соң тарқап кететін көбік сияқты ыза ғой. Оқымаған шығарсың, бір өлеңім бар еді баяғыда цензура өткізбеген: Әйел... Әйел... Өмірінің соңы – жаз, басы – көктем, Сұлулығы жазылмас қасіретке ем. Табиғаттың бар көркін жиып алып, Тірілерді өзіне ғашық еткен. Иығына төгілген шашы жырдай, Кеудесінде қос анар жасырынбай... Аққу мойын, Ай – қабақ, дидары – Күн, Баяғы Абай ағамның ғашығындай. Ақ сезімнен жаралған сәтті күні, Жадыратар жаныңды пәк қылығы. Құлын құрсақ көз байлап, қаймақ ерін, Таңдайыңды сорардай тәттілігі. Кім қызықпас көргенде мүсінді ана, Сүйгің келер құшақтап құшырлана. Бірақ, Құдай әйелді жаратқан ғой, Еркектерге күң ету үшін ғана. Құдай сәуле бергенмен санасына, Еркектерден көш төмен бағасы да. Қай заманнан құлдықта күн кешуде дарасы да әйелдің, данасы да. Аллатағала солай жаратқасын, қанша «тулағанмен» әйел заты әйел болып қалуы оң. Табиғи үйлесім, сонда, бұзылмайды. Қоғам әйелдің, әрине, бәрі бірдей емес, ақыл-парасатымен есептесіп, бағалап жатпайды. Демократия деген елесті қолдан жасап келе жатқан алжыған Европаның өзі сондай болса, Азия елдеріне тіпті кінә арта алмайсың. Оның үстіне «Алтын басты әйелден пақыр басты еркек артық», «Байтал шауып бәйге алмас» деген қағидаларды қанына сіңірген қазаққа не деп дау айтарсың. Тегінде еркектер – қанаушы қауым. Бұл қоғамдық құрылысқа, оның саяси, экономикалық жүйесіне қатынасы жоқ құбылыс, тіптен, заңдылық десе болар. Оны топан суын қаптатсаң да өзгерте алмайсың. Құдайдың ісі болған соң бұл құсаның дауасы жоқ. Бірақ, жарып шығатын қас талантқа бәрібір емес пе! Мен талай ақын-жазушы жастарға көмек­тестім. Бәрі бұл күнде үлкен-үлкен басшы дегендей. Солардың біреуі өлеңдерім жайлы бір сөз айтпайды ғой. Мысалға тек ер ақындарды іріктеп атайды. – Фариза апай, жырларыңызда дәстүр берік, уызынан жарыған асылзада қазақтық ерен: «сүтін емген тілімді» деп еміренесіз, қазақ баласын «құлыным», «қозым», «ботам» деп төрт түліктің төліне тегін телімейді ғой. Санасы солай. «Жан бітіп жайраңдайды жан-жағымнан / қазақтың қошқар мүйіз өрнектері» / «Әжемнің оюындай жыр – өрнегім...» – иненің жасуындай өтірігі жоқ. «Киіз үй... Көп болыпты-ау кірмегелі.../ жаныма бір рақат әкелетін жұпары боз жусанның іргедегі» – ауыл балалары қалалық болсақ та қазақтықтың шырын дәмі көкейімізден мәңгі кетпейді. Бірақ, қазір ұлттық идеология тоқырап, мүсәпір күй кешуде. Сондықтан, бүгінгі қазақтың жас баласының реңі одан сайын бұзыла ма деп үрейлену Мұрат Мөңкеұлы заманынан беріден мына бізге, қалам адамдарына тән. Телевизия арқылы ұлтсыздану өршіп барады, көптеген шетелдің, кәрістің кілең пластикалық операция жасалған суреттегідей сұлуланып алған актерлерін көріп, біздің жастарымыз соларды мұрат тұтуда, бала ғашықтық сезімдері оянуда. Мәдениеттер тоғыса береді, бірақ қазақтың өзіне қазағын кино өнері арқылы идеал қылу мемлекеттік іс. Бөтендерге жаппай еліте берсек, ұлттығымыздан айрылып, аз халық ассимиляцияға ұшырап, мәңгүрт тобыр болып кетпейміз бе? Асқынған дерттей осынша жатбауырланудың, бөтенге шырмалудың бетін қайтарудың амалы қайсы? Қазақтың ең осал, ең құдай атқан мінезі қайсы? «Жайсаңдарды қашанда жақын құртқан», «Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан/ сақтағай деп даламның жігіттерін». Азаматтық ұғымы өзгерді ме? – Баяғыда анам марқұм: «Ақырзаман болғанда жер бетін қара қытай қаптайды деседі ғұламалар», – деп отыратын. Біздің жалпақшешейлігіміз, ұлттың ары мен намысы үшін емес, жеке атымызды шығару, сөйтіп, әлем алдында бедел жинауға күш салуымыз, әр нәрсеге еліктеп-солықтауға әзір тұратынымыз, билік мәртебесіне келгенде өзімізден өзгені көрмей жер бауырлап жатып алатынымыз, биліктегілердің қара халықты мұрнына иіс бармайтын тобыр деп ойлайтыны... Айта берсең көп қой жетіспей жатқан жерлеріміз. Қандай иіс болса да, бойымызға сіңіріп, сорып алатынымыз-ақ дара қазақтықты құртып бітіруге айналды. Дерттің бетін қайтарудың басты амалы мемлекет басшыларының ұлт тағдыры туралы ұстанымына байланысты. Біз басшы айтса, бас шұлғи беретін тобырға айналудамыз. Халық деген ұлы күшті аяқ асты, дарынды тұлғаларды көптің бірі, қолдың кірі етіп көрсету бұл күнде әдеттегідей іс болды. Мұның бәрін жұрт көріп те, түсініп те отыр. Бірақ дауысын шығаруға қорқады. Мен Ангола ақыны, ұлт күрескері Агостиньо Нетоның бір топ жырларын аударып едім. Арада үрей жүр тегі, Қарауылдар әр бұрыштан сығалап, Көздерімен тінтеді. Әрбір үйде сыналап, Құлып қағып, дыбыс шықса үркеді. Үрей жайлап ортаны Адам кейде өзін-өзі тыңдауға да қорқады. Өйткені бұл күндері, Ауада да күдікті үрей жортады. Міне, осындай үрей бізде де үстемдік етіп тұр. Оның үстіне ғаламдану деген тажал әлемді шарлап келеді. Ғаламдану деген – ұлттық бедерді сүртіп кететін ғаламат, ол түбінде адамзатты мәңгүрт етеді. Біздің үйде інімнің университетте оқитын қызы тұрады. Кейде бірге оқитын студент қыздар, балалармен би кешіне барсам деп рұқсат сұрайды. – Иә, қандай би биледіңдер, қазақтың қандай әнін айттыңдар? – деймін ғой ол келгесін. – Қазақ әндері билеуге келмейді ғой... – деп қарап отыр! Мәссаған, безгелдек! Менен тәрбие алып жүрген жас... Қазір радио, теледидардан берілетін әндерде әуен атымен жоқ – тек тарс-тұрс ритм. Осының бәрі, әрине, адамды мәңгүрт етеді. – Өлеңдеріңізде «Ажал-дана» деген ұғым бар. «Ажал-мерген» – ол «Сездіреді бір әділ үкім барын / асып-тасып ұятты ұмытқанға». «Бі­реу өлсе – табиғат заңы бұл да,/ кетер түбі кімнің де жаны құмға». Осы өлең – «Егілмеймін елжіреп жат қайғыға», шынында адам табиғатын риясыз әрі ымырасыз көрсетуімен құнды, өтірік көлгірсу ырымға жоқ. Бірақ, сол дәрменсіз жалғанда «жүрегім – жалғыз құс бағым?» дейсіз, рас. «Сонда кейбір адамдар көр кеуделі, /ту сыртымнан қылыш ап төнгендері: /«Жерлес едім, досы едім, қайтейін...» – деп/ жуындырар жасымен өлген мені». Шын ақынның асқақ рухы араша, өлеңнің поэтикасы көкке тартады. «Мақтауларың, мерт етер қарастарың» – құдай берген дарынға тірісінде күн көрсетпей, бірі дос боп арбап, бірі өлердей жалмап, қас жүйріктің шалғайына ошағанша жабысып, қыр соңынан қалмай, тасадан тас атып, баспасөзде мақтамен бауыздап, күншілдіктің уытын таратып жататын қаскөйлерден оны ниеті таза адамдардың ағын судай тасыған сүйіспеншілігі құтқарары даусыз. «Іші күйіп жер сабаған» көре алмайтын жамандардың мысын қалай басасыз? «Ел деген алтын діңгек бір тірегім!» десеңіз де? – Осы кезге шейін талай жазғыштар менен сұхбат алып еді. Бірақ, өлеңдерімді өзіңдей астын сызып оқып, түсінген адамды кездестірмеп едім. «Ажал-дана» деген ұғымды кейбір ана тілін мансұқтайтын, туған елін қор санайтын шенеуніктер мен олардың аяғын сүртіп жүріп адамситындарға ренжіп айтқаным еді. Бәрі бір, түбінде сенің бықсыққа толы өміріңе нүкте қойылады деген ойым ғой. Шынымды айтсам, менде дос жоқ. Мүмкін өзім кінәлі шығармын. Ертеректе маған дос болғансып жүрген біреу кейін: «Мен сендей бола алмаймын» дегенін естігесін, онымен «бас жібімді» біржолата үзген едім. Мен адамдардан тек адалдық, тазалық күтемін. Көп адам осы талабыма шыдай алмайды, себебі, олардың дені турасын айтып, ешкімге жаманатты көрінгісі келмейді. Бұл өте қауіпті дерт. «Бұларың дұрыс емес қой!» деп шындықты айтып, ақиқат шындықтан зәрелері ұшатын әлгі тобырдың бетін қайтаратын адам жоқ, егер болса, қолында билігі жоқ қарапайым бірен-сарандар болуы мүмкін. Бірақ, оларды кім тыңдайды. Айгүлжан, ондайлардың бетін қайтару үшін ала жүгіретін айбалта жоқ менде. Аллатағала әкемнің қаны, анамның сүті арқылы берген адами қасиетімнен басқа қауқарым жоқ. Алланың берген қасиетінен де кейбіреулер сескенуі мүмкін. Сосын, қай жерде, қандай ортада отырсам да, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатынымнан қорқатын болу керек. Өйткені, өздерінің арт жақтары қуыс қой. – Жырларыңызда «Ой – өлтіру» деген бір таным бар. Ойды арман деп атайсыз. «Туғызуға ойымның жалқыларын / ұятсындым, қорықтым, қалтырадым». Бұлай деп бүкпесіз шынайы Суреткердің көкірегі айта алар. Сплин, депрессия өнер иесін құрбандықтай шалмай қалмайды: «ақын ба жыр дертімен ауырмаған!». Ой – гүл шыбық, ой – жас бала, ой – тарпаң жылқы, ой – өмірдің нәрі. «Іс түгіл, жаман ойдың арқалаған / жазасын түбінде бір тартады адам». Қазіргі қазақтың ойы берекелі ме, Фариза апай? – «Менен басқаның бәрі ақымақ» десек, өзіміздің де ой-өреміздің бетегенің биіктігіндей болғаны. Қоғамнан қорқатын болдық. Баяғы «Дауа» атты кітабымда мынадай жолдар бар еді: Жылдан жылға тайғақтап сын шатқалы, Әнтек бассаң, құздары бұлтартпады: Бір кез бабам жіберген қателіктің Тақсіретін тартуда ұрпақтары. Сол кездегі лупамен қарағыштар: «Фариза Қазақстанның Ресейге қосылғанын айтып отыр, бұл жолдарды алып тастау керек» деп өзгерттірді. Қазір ғой, ондай өкіметтік цензура жоқ, бірақ бәрібір сөзіңді өзіңе жау ететін жүйе бар. Қазақ ойсыз халық емес. Мәселе – ойды сыртқа шығара білуде. Ол да аса шеберлікті қажет етеді. Айтудың жөні осылай деп, жақындай қалсаң бақырып-шақырып жынын шашатын түйеге ұқсап арпылдай беру де парасаттылыққа жатпайды. Бірақ, аузын буған өгіздей үн-түнсіз аларып қарамай, айтатын ойды айтқан дұрыс қой. – Қазақтың қазыналы таңғажайып тілі Сіздің жыр сарайыңызда алтын қор болып тұнып тұр. Афоризмдер өз алдына бір сала. Біздер сонау бағзы замандардан жалғасқан ұлы жырауларымыздың, көрнекті ақын-жазушыларымыздың тіл байлығын ұлттың мұқалмас асыл мұрасы деп шын таныған сәтте қазіргі қойыртпақ шұбар тілсымақтан расымен жиреніп кетер едік. Сол руханият аңсаған күн туарына сенесіз бе? – Бағанадан бергі айтылған ойлар сол руханият күндердің тууына деген сенімді де тым жүдетіп жіберген сияқты. Қазіргі заманда бір сағаттық баяндамада айтылатын ойды біздің ата-бабаларымыз жалғыз мақалмен жеткізген. Көп тілділіктен бе, әлде ғасыр бойы «орыс тілін білмеген адам – маймыл» деген идеологиямен өскен біз бен бізден кейінгі ұрпақтың он тоғызыншы ғасырдағы таза қазақтай сөйлеуі қиын деп қайғырамын. Мақалмен сөйлейтін адамды көрмеймін. Ал, бүгінгі жастар мен бүлдіршіндер үш тіл білсін деп өжектеп жатырмыз – бұл да қуантарлық саясат емес. Қазақ тілінің қоғамдағы алатын орнын, қажеттілігін көтермесек, осылай тіліміздің балдыр-батпақ күйінде кете беру қаупі бар. Мемлекеттік мекемелерде, Президент әкімшілігінен бастап барлық документтер, баяндама, бұйрықтарға дейін әуелі орыс тілінде дайындалады да, сосын қазақшаға аударылады. Халқымыздың тілін елімізде тұратын түрлі ұлт-ұлыстардың білуіне тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырға жуықтаса да мүмкіндік туғыза алмай отырмыз. Бұл – көп ұлтты Қазақстан халқының кінәсі емес, саясаттың кінәсі. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Айгүл Кемелбаева

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз