• Заманхат
  • 18 Қазан, 2018

ТЕКТІЛІКТІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ

Үмбетқан Сәрсембин, философия ғылымының кандидаты

Адамзат тарихында алғаш рет жаратылыс ақиқатынан бастап адам баласының болмысының шеңберіне дейінгі мәселелерді кеңінен зер­делеген, жаратылыс ақиқатын зерделеуде халықтың ділі мен дініне қайшы кел­мейтін (жаратылыстанымдық негізде) мағынасы терең тұжырымдар жасаған ойшыл – әл-Фараби. Ислам дінінің пайда болып, бүгінгі қазақ жеріне таралғанға дейінгі уақытта да түркі тұлғаларының, жалпы түркі жұртының дүниетанымы, өмірмәндік түсінігі жаратылыс ақиқатына қайшы келмеген. Дін мен ділдің қасиетіне, тәжірибесіне ғылыми тұрғыдан қараған әл-Фараби, «қай заманда болмасын адамды қоғамымен біріктіретін, халықтың дүниетанымдық тәжірибелерін бір арнаға бағыттап отыратын, ұрпақты ізгілікке жетелейтін қасиет тектілік» деген. Яғни, адамның қоғам, тарих алдындағы міндеті тектілікті құрметтеп осы мәртебеге ие болу. Әл-Фарабидің тағылымына қарап ойшылдардың ілімі адамзат баласына дұрыс жолды, яғни, ізгілік жолын көр­сетуге негізделетіндігін білеміз. Адам­ның неден қателесіп, неден қолдау табатындығы ойшыл ілімінде көптеген дәлелдемелер арқылы көрсетіледі. Сон­дықтан да, әл-Фараби ілімі дегеніміз адамзаттық құндылықтарды (дін, тіл, білім, ғылым, өнер және т.б.) жүйелеп, оның әрқайсысының ерекшеліктері мен қызметін ұрпаққа үйрету жолы. Барлық жаратылыс заңдары мен себептерін бір ғана мән жаратылыс иесінің құдіреті арқылы негіздеу, сол арқылы ұлттың дүниетанымын дұрыс бағытта сақтау жолы. Бір сөзбен айтқанда ұрпаққа жаратылыстаным шеңберіндегі сауат­тылықты, адамгершілікті үйрету жолы. Ойшылдың тұжырымы бойынша қоғамның өркениетке жетуі, өркениет жолындағы адамзат қоғамының болашағы адамның тұлғалық қасиет­теріне, рухани құндылықтарға келіп тіреледі. Қоғамды, қоғамдық сана түрлерін жасайтын, дамытатын, оған қарсы келетін де адам. Адамның рухани қасиеттері дәріптеліп, нығайып отырған ортада елдің мәдениеті дамудың бір қалыптылығын (тұрақтылығын) сақтайды. Бұның ерекшелігін сол қоғамның мүшелерінің, мәдениет иелерінің тектілігінен іздейміз. Тектіліктің негізгі келбеті – болмыс мінсіздігі. Жеке адам, тұлға елдің ішінен, халықтың ортасынан шығады. Ұлтының арын арлап, жоғын түгендейтін адамның алдыменен рухы күшті болуы керек. Қоғам алдына шығатын ұрпақтың болмысының мінездігіне жауапты ата-ана, қоғам, ел. Жеке адамның туғаннан бастап, бүкіл жүріп өтетін өмір жолы тәрбие­леніп өскен үйіне (отбасы), қоғамына (әлеуметтік ортасына) тәуелді. Қа­зақ­тың баланы болашаққа бағыттау дәстүрінде пайдаланған бірнеше дүниелері бар. Мәселен бесік, осы бесік арқылы баланы тәрбиелеп өсіруде ерек­шелік көп. Баланың ата-анасына, жан ұясына, еліне жақын болып өсуі осы бесіктегі тәрбиемен де тығыз байланысты. Елдің тұрмысымен тығыз байланысып отыратын адамның рухани өмірі, ұлт шаруашылығы, ұлттық ойын түрлері, ата кәсіп­тің түрлері баланың рухани және физиологиялық жағынан толыққанды тез жетілуіне, елдің та­рихтан қалыптасқан тәжірибесін иеленуіне ықпал етіп отырған. Соның ішінде ұрпақ болмысының тереңдігін қамтамасыз етуде ерекше көзге түсетін дүние ұлттың руханияты мен төл мәдениеті. Әл-Фараби сомдаған адамға туа біте (рухани тәрбие, ұлттың тәжірибесі арқылы) берілетін тектілік қасиеттер, әсіресе оның негізгі өнімі (көрінісі) саналатын мінсіздік жеке адам мен халықтың бойына руханият, ұлттың мәдени құндылықтары (өнер, білім, тәрбие, даналық) арқылы ұялап отырған. Жаудың қарасын алыстан шалудан бастап, жақсы мен жаманды ажыратуды қоғамнан ерте үйренетін, елдің тұр­мысы мен болмысының жағдайын жетік біліп, болашағын зерделей алған, бойындағы бар мүмкіндігін (қабілет, білік, сезімталдық, түсінік, ақылдылық, батырлық, даналық және т.б.) халықтың пайдасына жұмсауға әдеттенген кісіліктің тұғыры осыдан шығады. Бұны болмыс мінсіздігі немесе рухани мінсіздік дейміз. Екінші қасиет түсінік, адам бойында түсініктің, сезімталдық қасиеттердің болуы. Бәрімізге белгілі тарихтағы қазақ тұлғаларының тектілігін негіздейтін қасиеттердің бірі түсінік. Тектіліктің деңгейіндегі түсінік, тұлғалармыздың түсінігі қарапайым түрде өмірдің мәнін ұғынудан, діни сауаттылықтан, ерік-жігерден, жауынгерлік мінезден, шынайылықтан, адалдық пен жауапкершіліктен, қай нәрсеге болмасын сезімтал, ұқыпты, жауапты және шынайы, әділетті болудан, табандылықтан, намысшылдықтан көрінеді. Ерлерді ұлт ісіне біріктіріп отырғанда осы тектілік деңгейіндегі түсінік. Қазақ қоғамындағы ұлттық және азаматтық бірегейліктің өзі де осы түсініктен құралған. Қоғам алдында тұратын түрлі мәселелерге тұтас ұлттық зерде деңгейінде қарап, оның дұрыс шешімін таба білу, табылған дұрыс шешімді жүзеге асыруға қазақ зиялыларының бір кісідей жұмылуы тектілік деңгейіндегі түсініктің мәні мен маңызын көрсетеді. Тектілер неге халықтың қамын көп ойлайды, танымы, ой-өрісі бүгінмен шектелмей елдің болашақ өміріне бағытталып отырады? Тектілік түсініктің негізінде адамның діни сауаттылығы, білімі тұрады. Өзінің бойына дарыған қабілеті мен рухани қасиеттерінің парқын біледі. Оның парқын білу негізінде бар мүмкіндігін қара басының қамымен шектемейді, керісінше күш-қуаты, өмірі бар жерде қоғамына жұмсауға ұмтылады. Адамның рухани өмірінде, қоғам­дық өмірде болсын оның өмірге, болашаққа қадам жасауының басында түсінік тұрады. Түсінігі жоқ немесе тайыз адам қанша әрекет еткенімен қоғамына игілік әкелетін нәрселерге қол жеткізе алмайды. Тектілік түсінік адамның дұрыс нәрселерге бағыт алуынан көрінеді, адам осы деңгейдегі түсінік арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі болатын дүниелерді жасап қалдыра алады. Соның негізгісі батырлық, адамның батылдығы арқылы көрініп отыратын даналығы, өнері тектілік деңгейіндегі түсініктің өнімі болып табылады. Сондықтан да, түсінік дегеніміз адамды білім, ақыл-ой, тәрбие, даналық және тектілік мінезі арқылы өзін қоршаған әлем, қауымы және ұрпақтың мүддесімен біріктіріп отыратын танымның ерекше түрі, негізгі көзі деп айтумызға болады. «Тектілік деңгейіндегі түсінікті – танымның бір формасы» дейтініміз адам баласының дүниетанымы, білімі, ой-өрісі оның өмірмәндік түсінігіне тәуелді. Адам өмірдің мәнін неғұрлым терең түсінген сайын жаратылыс заңдылықтарының үйлесімділігін, рухани өмір болмысының заңдылығын терең ұғынады және өзінің ел-жұртына жақын, үйлесімді өмір сүреді. Түсінігі болмаса адамның зердесі, көзқарасы, пайымы, ұстанымы бос қиялға айналмақ. Шынымен де, бірлік, елдік тарихтың болмысын, оның ішіндегі ұлт тұлғаларының іс-әрекетінің, рухани қасиеттерінің мәнін білуден, түсінуден басталады. Ешкім еріккеннен батыр болмайды, батырлық адамның бар жан-дүниесінен, бойынан шығатын қасиет. Батырлыққа бағыттап, батырлықты шығарудың өзі ерлік. Бірақ адам ерліктің иесі болуы үшін болмысындағы (ұлттық болмыс) бар қасиеттерді иеленуі тиіс. Батырлық алдыменен қиыншылықты, қоғамдағы адам қолынан жасалынатын әділетсіздікке төзбей, ел болмысына жат әдеттерге қарсы қалыптасатын қасиет. Қазақ батырларының барлығы да қоғам алдына әділетсіздікке төзбей, онымен күресіп, қиыншылықты жеңу үшін шыққан. Әділетсіздікке қарсы тұруда, ел өміріне келген қиыншылықты жеңуге ұмтылуда тұлғаларымыздың бойында кемел түсінік жатыр. Ол неден көрінеді? Біріншіден қазақ баласының ойлы, жігерлі болып, ата-анасына, туысына, қоғамына жақын өсуі. Екіншіден ненің жақсы, ненің зиян екенін ұлтының руханиятына зер салудың нәтижесінде ерте ажырата білуі. Үшіншіден ел мен жердің жағдайын жетік біліп, оған зиянын тигізетін, үлкен зардап әкелетін нәрселерге қарсы келіп, жойып жіберуге ұмтылатындығында. Төртіншіден жаумен күресуде бір-бірімен есептеспей шайқасқа дайын тұруында. Бесіншіден ел үшін ерлік көрсеткен батырлардың ерлігін ұмытпай, соны үлгі етіп халық жадында қалдыруында. Адам бойындағы тұлғалық қасиеттерді оятатын тектілік. Тектілер өзінің жағдайы болғанымен қоғамы үшін әлсіздікке, әділетсіздікке шыдап тұра алмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей тектілердің қанағат тұтатыны бейбітшілік, халықтың, ұрпақтың бейбіт өмірі. Сол бейбітшілікке қол жеткізудегі, бейбітшілікті сақтаудағы дүниелер тектілік иелерінің үнемі танымында өмір сүреді. Олар жер, жер мен елдің тәуелсіздігі, сауаттылық, өнерлі, білімді болу, ұлттық құндылықтар, ұлт намысы, елдің абыройы. Тектілік қасиеттер қашанда тұтас күйінде көрінеді. Оның тұтас көрінісі болмыс мінездігі болса, адамның тұлғалық болмысының рухани өрісі түсінігі арқылы қалыптасады. Осы себептен, қазақ руханиятында аңыз-әңгімеден бастап, батырлық поэзиямен өрілетін дүниелер ұрпақтың елдік түсінігін қалыптастыруға, елдікке тәрбиелеуге бағытталған. Яғни, жыр арқылы тарихтың болмысы, тұлғалар бейнесі, рухани қасиет үлгілері ұрпақ танымына ұялап, өскелең ұрпақтың санасы, ақыл-ойы, зердесі дұрыс тәрбиеленетін болған. Ел мен ердің бірлігі ұрпақ танымына ұялаған сайын халықтың бойында тектілік сақталады және тарихи сана ел өмірінің әрбір жаңа кезеңінде мәдени құбылысқа айналып отырады. Әл-Фараби ілімінде зерделенген тектілікке қатысты келесі бір қасиет алғырлық. «Өзі түсінген, көрген, естігіш және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын болуы керек» деген ойшыл. Қазақ өскелең ұрпақтың алғыр болуына үлкен мән берген. Тарихты біліп, жадында сақтауда, атамекен кеңістігін игеруде және оны кейінгі ұрпаққа табыстауда, ұлт руханиятының өрісіндегі дүниелерді есте сақтауда қазақ баласының бойында осы қасиет ерекше көзге түседі. Алғырлық адам болмысындағы бар қасиеттің бола­шағын айқындаушы ғана емес, оның тағдырын шешетін дүние. Бейнеті мол өмір, сол өмірдің бейнетіне қарамай ұлттың мүддесін қорғау жолына ерте бел буып, бет алатын қазақ жастары осы қасиеттің арқасында тарихи өмірдің талабына тез бейімделіп отырады. Батырлыққа, шешендікке, өнерлі болуға бейімделуде есте сақтау, көрген, білген, естіген нәрсесін ойға сіңіріп, одан тәжірибе шығарып отыру ісі оларға қабілет арқылы келіп отырған. Егерде жастардың бойында бұл қасиет болмаса, ұлттық мүдде деңгейінде бұл қасиет дәріптелмесе қазақтың тарихтағы сөзі мен ісі жоғалар еді. Соны жоғалтпауда, ұрпақ өміріне қабыстыруда қазақ алғырлыққа тәрбиелеудің түрлі тәсілдерін қоғамдық өмірде тегістей дұрыс пайдаланып отырған. Ұрпақ алғыр болмаса, адам бұл қасиетті дәріптемей ақыл иесі бола алмайды. Алғырлық адамға туа біте берілетін жанның ерекше қасиеті, сонымен қатар бұл қасиет тәрбие, өмірдің тәжірибесін меңгеру арқылы да келеді. Қазақтың тарихында ұрпақтың тарапынан қадірленетін қасиеттер көп. Әл-Фарабидің, қазақ ойшылдарының, қазақтың хандары мен батырларының, алаш зиялыларының қалыптасу ерекшеліктерінен ұлттың тарихы мен мәдениетінде адам болмысының, сол арқылы ұлт болмысының тұлғасын қалыптастырып, сақтап отыратын құндылықтарға адам болмысының рухани феномендері негізінде ерекше көңіл бөлініп отырғандығы көрінеді. Әсіресе, бұл қасиетті дәріптеу қазіргі уақытта адамзат қоғамының алдында үлкен мәселелердің біріне айналуда. Осыдан бір ғасыр бұрын неміс философы Карл Ясперс «адам миы ақпаратты көп сіңірген сайын оның қабылдауы әлсірей түседі» деген тұжырым жасаған. Философтың бұл тұжырымы бүгінгі таңда адамзат қоғамының шындығына айналуда. Қазақ руханиятында ұрпақтың қабылдауы мен зейін қою қабілетіне ерекше мән беріліп отыруының себебі, адамзат қоғамының болашағы адамның рухына келіп тіреледі. Ал, адам рухының қалыптасуында сол адамның мәдениетінің иесі ұлттың тәрбиесі мен өмір сүрудегі тәжірибесі тұр. Қазақ қоғамында адам тану мәселесіне үнемі мән берілудің түпкі мақсаты, қоғамның беріктігі адамның қабілеті мен қасиетінен туындаған, сол арқылы дүниеге келетін құндылықтармен сақталып, күш алып отырмақ. Ал, қоғамның рухани дағдарысқа ұшырауының бір ғана себебі адамның өз табиғатынан қашықтап кетуінде. Адам танымы, қабілеті, білімі арқылы техниканы, жаңа ғылым түрлерін жасай алады, ал, ол адам рухына үстем болып кетсе, қоғам өзінің дәстүрлі даму жолынан қол үзіп алуы мүмкін. Сондықтан да, қоғамның мәдени өрісін сақтап отыруда ұрпақтың рухани тереңдігін, ұлт руханиятының негіздерін сақтау міндеті үнемі ел алдында тұрады. Қазақ ойшылдары сомдаған надандық, қатігездік, сауатсыздық, намыссыздық адам табиғатындағы құндылықтардың танылмауынан, жастарға дұрыс насихатталмауынан шығады. Мәселен, қазақ билерінің, жырауларының хандар мен батырларға айтқан сөздері, халыққа берген ақыл-кеңесі тарих болып қалады, ақыр соңында бұл ұрпақ мүддесіне қызмет ететін идеяға айналып отырады. Себебі, оның бойында тарихи өмір шындығына негізделген интуициялық білім жатыр. Аталы сөздің бойында білім мен қабілеттілік қатар көрінеді. Интуиция тектіліктің символы ретінде қашанда қазақ тарихының басында тұрады. Асанқайғы дәуірінде зерделенген дүниелер, ұрпаққа қойылған сауал тарих бойы хандар мен жыраулардың даналығының талқысына салынып отырған. Сол арқылы ел басқарған, ел бастаған адамдар заман ағымына, уақыт болмысына, адамзат қоғамының болашағына, ел болашағына қатысты өздерінің тиянақты ойларын, берген бағасын ұлт руханиятының бойында қалдырып отырған. Бұқар жырау бабамыздың өсиетіне жүгінсек, осы шындықты (уақыт шындығын зерделеуден туындап отырған, тұлға қасиетінің шындығын) аңғарамыз: Ханға жауап айтпасам, Ханның көңілі қайтады. Қандыра жауап қатпасам, Халқым не деп айтады? Ел басқарған, жауға қарсы соғысып, елге төнген қауіптің бетін қайтарған қазақ хандары мен батырларының сезімталдығы ерекше құбылысқа айналып отырған. Қазақ хандығы құрылған дәуірде ел басқарған тұлғалар тарапынан зерделенген мәселелер кейінгі уақытта Абылай сынды қазақ хандарының тарапынан ескерусіз қалмайды. Қазақ идеясының басында Асанқайғы даналығы тұрса, тұлғаның даналығында уақыт шындығын негіздейтін ұғымдар кейінгі қазақ хандарының тұсында кеңінен зерделенген. Әлем қалай өзгеруде, дамудың бағыты адамзат қоғамын қайда алып бара жатыр? Қазақ елінің ертеңі қандай немесе ертеңгі күні ел алдында тұратын мәселелер не болуы (немесе қандай болуы) мүмкін? Осы бағытта қазақ хандығы құрылған уақытта ортақ ұлттық мәселелер бағытында ойшылдардың интуициясы арқылы түрлі идеялар ұлт руханиятының бойында шоғырлана бастаған. Асанқайғы бабамыздың: Қилы, қилы заман болмай ма? Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма? – деген өсиетінде терең мағына жатыр. Тектіліктің өрісі ел, ел елдіктен қол үзсе тектілердің өнегесі тарих бойында ғана қалады. Сондықтан да, тұлғалар дәстүрі ел өмірін сақтайды, ол әрмен қарай жалғасу үшін қоғамда зиялылардың ортасы болуы қажет. Ойшылдар даналығы арқылы мемлекет пен тұлғаны және халықты біріктіріп отырады. Ел өзінің тәуелсіздігінен қол үзіп алса, оның болмысы әлсірей бастайды. Ел елдігінен қол үзсе тұлғаға да зиян. Сондықтан да, Асанқайғы елдің бейбіт өмірін өсіп тұрған қарағайға теңеген, ел бар жерде ғана тұлға бар, елдің тектілігі тұлғасын сақтайды, тұлғаларының қасиетін қорғайды. Дәстүрлі қазақ қоғамының рухани өрісіне, интеллектуалдық күшіне айналған тұлғалар интуициясының мазмұнынан осыны көреміз. Ел ғылымы, өнері және саясаты арқылы келер уақытта жаңа өркениет иесі атанатын елден қашықпын деп қамсыз отыруға болмайды деген. Адамзаттың болашағы қандай? Асанқайғы өсиетінен адамзаттың болашағын айқындайтын дүние қанағат, мейірім, әділеттілік деген ойдың түйіні шығады. Адам баласы табиғаттың, жер ананың ризығын құрмет тұтып, оны қорғаған сайын жер бетінде тыныштық, бейбітшілік сақталады. Табиғатта есепсіз нәрсе жоқ, қазақта жиі айтылатын «қара судың да сұрауы бар». Қазіргі уақытта ғылымда жер бетінде ауыз су қоры азаюда деген болжам жасалуда. Осыған қарап болашақта адамзат әлемінде бақ таласы емес, суға таласу ұрпақ өмірінде басталып кететіндігін даналарымыз ерте білген. Зеректіктің, сезімталдықтың алып бейнесі Асанқайғы, Бұқар жырау, Мөңке би сынды тұлғалардың өсиетінің тарихи шындыққа айналған бейнесімен де көрінеді. Сол бейнені түсінген ұрпақ бар әлінше заман ағымына қамданып өмір сүруге ұмтылады. Уақыттың шындығын зерделеп, өмірдің тәжірибесін негіздеп ай­тыл­ған сөз қашанда шындыққа айналады. Әл-Фараби сомдаған он екі қасиеттің үлгілері тарихымыздағы ел мен ұлт тұлғаларының тұлғалық болмысына қатысты осындай көптеген дүниелердің мәнін аңғар­тады. Тарихтағы қазақ қоғамының рухани өмірінде барлық дүниелер практикалық негізде көрініс тауып, зерделеніп (қолданылып) және жүзеге асып отырған. Өмірдің тәжірибесімен келетін іс қашанда адамнан алғырлықты талап етеді. Тектілікке қатысты келесі бір қасиет – шешендік, яғни, өткір сөз иесі, ойын, идеясын халыққа жеткізе білетін тілмарлық. Ұлттық болмыс деңгейіндегі тектілік қасиеттің бір белгісі сөзге шешен, ойға терең болуда жатыр. Бұл қасиет жоғарыда аталған білім мен түсініктен, қабілет пен тәрбиеден шығады. Сөзді қадірлейтін халық бәрінде қадірлейді және осы қасиетімен қоғамдық өмірде барлық құндылықтарды біріктіре алады. Сөздің асылы даналық болса, сол даналықты иелену, даналықтың адам бойына ұялауы немесе даналықты адамның, елдің өзіне бағындыруы тектілікпен келеді. Абай айтқан алты бақан алауыз қоғамда даналық халықтың өміріне жақындамайды, тарихтың шеңберінде ғана өмір сүріп жатады. Сондықтан да, қазақ сөзді қадірлеген, сөздің қадірленуі тиіс дүние екендігін ұрпаққа үйретумен келген. Қоғамның интеллектуалдық тереңдігі де осыдан шығады. Астарлы сөздің негізінде қабілет, зеректің, интуиция терең түсінік пен есте сақтау қабілеті бар. Қоғамдағы барлық мәселе сөзге ке­ліп тіреледі, сөзді түсінуден, ұғынудан және аталы сөз бойындағы білім мен тәжірибені өмірге қолдана білуден шығады. Қазақ қоғамында әр нәрсенің орны, өмір сүру бағыты, мәні зерделеніп және түйінделген (ойға сіңірілген). Сөз қазақ үшін қарым-қатынас құралы ғана емес, үлкен жад. Оның ішінде ұлттың тарихын, болмысын, адамның қасиетін, мінезін, іс-әрекетін бейнелеп отыратын ақпараттар бар. Сөз тарихтың, қоғамның, оның ішіндегі адам болмы­сының бейнесін, құндылықтарды бойында жинақтап отыратын дүние. Сөз арқылы қазақ өмірінде ұлттың, зиялы адамдардың білімдері жалғасып отырған. Сөзді қадірлейтін, түсінетін, терең қабылдайтын орта болмаса қоғам рухани жағынан тайыздай түспек. Сөздің қоғамда (әр ұрпақ буынның рухани өмірінде) тұрақтап идеяға айналуында халықтың әлеуметтік танымы алдыңғы орында тұрады. Алаш зиялылары айтқандай, «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады». Не себептен қазақ хандарының тұсында билер мен жыраулардың мәртебесі жоғары болып, қазақ қоғамында шешендік мәдени құбылысқа айналды? Бұның мәдени құбылысқа айналуына ықпал етіп отырған қазақ хандарының жүргізген идеологиясы. Атамекен территориясы үлкен, оны иеленіп, сақтап отыру үшін ел көшпелі тұрмысты иеленген. Ел бір жерге шоғырланса ұлттың территориясын жаудан қорғау қиынға соғады, жерді жаудан қорғап, қауіптің бетін қайтарып отыру үшін ел ауыл болып әр жерде шоғырлануы керек. Елдің территориясында ауыл болып тегістей қоныстанған халыққа ұлттық бірегейлікті сақтап отыратын құндылықтар тағы қажет. Ол тілдің, ділдің тұтастығы, діннің тазалығы, дәстүр, тарихтың тағылымын насихаттап отыратын дүниелер. Осылардың барлығы ұлттың бірегейлігінің сақталуына қызмет ететін дүниелер. Бұған қарап қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының өзіндік қалыптасу ерекшелігінің бар екендігін және оны қалыптастыру оңай болмағандығын аңғару қиын емес. Қазақ қоғамында ұрпаққа тұлғалық құндылықтарды (жер, тіл, діл, мәдениет, дін, шаруашылық) үйрететін, соның негізінде кісілік қасиеттердің қоғамда орын алып, нығайып отыруына күш салатын билер мен жыраулар. Ұлттық идеяның халық санасына тез жетуіне, ұлттық идеологияның дәстүрлі қазақ қоғамының рухани өмірінде әлеуметтік рухани күшке айналуын қамтамасыз етіп отыратын рухани тұлғалар институтының қажет дүние екендігін қазақ хандары терең білген. Ұлттық мүдде мәселесіне, ақиқатына келгенде би мен жыраудың ой-өрісі ешкімге де бағынбайды, тек қана шындыққа, әділеттілікке жүгінеді. Осының салдарынан қоғамды біріктіретін құндылықтар, қоғамға игілік әкелетін нәрселер мемлекетті басқарған адамдарға да, халыққа да анық көрініп отырған. Әл-Фараби айтқандай, алғыр да ақыл иесі болу қазақ баласына сөздің мәнісін білуді үйрету мен үйрену арқылы келген. Егер, адамда түсінік болмаса, қоғамдық ортада надандық орын алар болса, адам мінезінде салмақтылық болмай, жеңілтектік орын алса өткеннің өнегесін ұғыну, өнегеге ден қою, аңғарымдылық, есте сақтау қабілеті жоғары интеллектуалдық өрісі бар орта болмайды. Аңғарымдылық, алғыр да, аңғарымпаз ақыл иелері қоғамнан көптеп шықпайды. Сөз мәнісін білу адамның жас шамасына қарамай өзінің ортасындағы құбылыстарға, нәрселерге, жағ­дайларға сынмен қарап, баға беруде жатыр. Сөз тарихтан тарихқа жал­ғасатын ақпарат, оның бойында бейнелер, белгілілер, білім мен тәжірибелер бар, оның ұрпақтың бойына (танымына) сіңіп, танымдық қасиеттерінің қалыптасуы мен шыңдалуына ықпал етіп отыруы сөздің мәнін ұғынуда жатыр. Әрине, бұл оңай нәрсе емес, сөз қоғам өмірінде халық бойына тегіс тарамай, әлеуметтік құбылысқа, ұлттық құндылыққа айналмайынша оның бойындағы құндылықтар ұрпақ өмірінде жалғаспайды. Сөздің жолы – таным, өрісі – даналық. Бұған қатысты Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде былай деген: «Әр нәрсені саңлап, санамызға алған уақытта ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген-білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңылаулап қана қоймайды. Ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй жасалады». Адам баласы тағылымды дүниелерді естіген, көріп білген сайын оның санасыда күшейе түседі. Адамның тектілік қасиеті сөз мәнісін білуінен көрінсе, сол сөздің мәнісін біліп, өнерді иеленуде адам санасының тұлғалық сипатында көру қиын емес. Олар тарихи және ұлттық санадан білінеді. Тарихи сана ұлттық сананың негізі, адамға тарихты білу, өткеннің тағылымын ұғыну және зерделеу арқылы келеді. Тарихи сана негізінде қалыптасқан білімді ұлттық сана дейміз, себебі ұлттық сана негізінде адамның барлық рухани қасиеттері оның бойында бірігіп отырады.

419 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз