• Тарих толқынында
  • 18 Қазан, 2018

Тілдер тарихы немесе тіл – ұлттың мәйегі

Ислам Жеменей, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Бүгінгі заманға дейін ежелден келе жатқан көптеген тілдер жойылып, орнын өзге тілдерге берді. Келешек уақытта да бүгінгі тірі тілдер біртіндеп жойылып, орнын басқа тілдер басатыны анық. Сол себептен, тілдердің пайда болуы, дамуы, әлсіреуі әрі жойылу тарихының зерттелуі өте күрделі. Өйткені, тіл әр елдің өміршең болуының кепілі. Себебі, адам болмысының табиғатында өзін тану өмірінің мәнін айқындайды. Ал, тіл адамның өзін һәм ортасын, әрі табиғаттың ақиқатын тануда басты құралдардың бірі бола тұра ұлттық болмыстың да іргетасы іспеттес. Сол себептен, тарих бойынша адамзат қауымдастықтары тілдің пайда болып, тілдесудегі ортақ құндылық ретінде даму жолына түсіп, ұлттық тілдің қалыптасуын қамтамасыз етті. Ұлттық тіл, әлемдік тіл терминдерінің қалыптасуына, түрлі халықтар тілдерінің тарихына зер салып, саралаған Төре Жансонның «Тілдер тарихы» атты шығармасын негізге ала отырып, Білім және Ғылым министрлігінің тапсырысымен төмендегі тақырыптар бойынша 20 минуттан тұратын 25 курстік бейнежазба түсірілді (топ құрамында: Ислам Жеменей, Шалқар Нұрсейіт, Ханзат Кеңес, Амина Жеменей). 1. Араб тілінің тарихы; 2. Араб тілінің құлдырауы; 3.Араб тілінің таралу механизмі; 4. Араб және парсы тілдерінің түркі тілдеріне ықпалы; 5. Парсы тілінің тарихы; 6. Мемлекеттік тілдің қалыптасуы; 7. Тілдердің жойылуы; 8. Тіл және саясат/тіл бәсекелестігі; 9. Тіл және ақындар; 10. Тіл және identity; 11. Стандарт және диалект; 12. Бодан елдерінің тарихы; 13. Тіл қалай пайда болды? 14. Пиджин және Креол; 15. Славян тілдері; 16. Түркі тілдерінің тарихы, Алтай тілдері; 17. Қытай тілі; 18. Египет және Қытай көне жазбалары; 19. Африка тілдері; 20. Грек тілінің тарихы; 21. Латын тілінің тарихы; 22. Латын тілінің дамуы: француз, итальян тілдері; 23. Герман тілдерінің тарихы; 24. Ағылшын тілінің тарихы; 25. Ағылшын тілінің кең таралу себептері. Төре Жансон кітабының алғашқы тарауында «Адамзат баласына қашан тіл бітті?», «Тіл қалай пайда болды?» және «Тіл дегеніміз не?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Тілдің пайда болуына байланысты екі түрлі көзқарасқа тоқталады. Діни көзқарасқа сүйене отырып, Жансон Інжілдің бірінші кітабы саналатын «Генезисте» Адам атаның жаратыла салысымен сөйлегенін мысал ретінде келтіреді. Өйткені, Адам атаға бірден мынадай тапсырма берілді: «Жаратқан Ие топырақтан түрлі жануарлар мен саналуан құстарды жаратты. Содан соң, оларды қалай атар екен деп бәрін Адамға алып келді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды». Сонымен, жан-жануарларға ат беру, сөйтіп, тілдің бір бөлігін қалыптастыру Адам атаның ең алғашқы іс-әрекеті болыпты. Әйтсе де, тіл атаулыны жаратқан Адам ата емес. Тіл Адам ата жаратылмай тұрып қолданыста болған. Құдай ең бірінші күні таң мезгілінде «жарық болсын» деді, яғни, ол о бастан сөйлей алды. Эволюциялық көзқарасқа сүйене отырып, Жансон қазір біз өзіміздің бірден осы күйде пайда бола салмағанымызды, маймылдарға ұқсас түрлерден дами отырып қалыптасқанымызды айтады. Бірақ, адам уақыттың қай кезеңінде нағыз адам болып қалыптасты? Адам баласы адам дәрежесіне тіл пайда болғанда жетті деген болжам айтылады және бұл Інжілдегі оқиғаларға да сәйкес келеді. Адамды басқалардан ерекшелейтін тіл деген ойды бәріміз де құптаймыз. Бір өкініштісі, Інжіл бізге оның қашан пайда болғанын, бірінші сөз айтылған жыл, күн туралы еш мәлімет бермейді. Ежелден бері талай талантты адам сөйлеудің қалай және қашан пайда болғанын анықтауға тырысса да, нәтижесі әлі айтарлықтай емес. Біз адамзат тілдерінің пайда болғанына кем дегенде 5 мың жыл болды деп сенімді айта аламыз. Өйткені, бізге жеткен алғашқы жазба мәтінге шамамен осынша жыл. Сол жәдігерлерде қолданылған Шумер және Мысыр тілдерінің бүгінгі адамдар сөйлеп жүрген тілдермен жалпы болмысы бір. Тілдер өте ұзақ уақыттан бері қолданыста бар деп айтқан дұрыс. Бірақ, қаншалықты ұзақ екені айқын емес. Оны көрсететін дәл деректер жоқ, сондықтан, болжамдардың бәрі – тек ой ғана. Бұл сұраққа жауап іздегенде адамдар, негізінен, дәлелдің екі түрін қолданған. Біріншісі – адамның тарихқа дейінгі кезеңдегі жалпы мәдени дамуына байланысты табылған жәдігерлер. Екіншісі – адам анатомиясының дамуы туралы деректер, археологиялық қазбалардан табылған түрлі дәуірлерден жеткен сүйек қаңқалар. Археологиялық деректер ата-бабаларымыздың ең кем дегенде 40 мың жыл бойы грамматикасы күрделі, сөз қоры бай тілдерде сөйлегенін көрсетеді. Құрал-сайман жасаған адамдардың сөйлей алмауы мүмкін емес екенін ескерсек, тілдер анағұрлым ұзақ, 2 миллион жылдай қолданыста болуы керек. Бірақ, бұл екі дағдының арасында байланыс расында да бар ма, оны ешкім анық білмейді. Ежелгі адам анатомиясының біл­гірлері «қазір өмір сүріп жатқан адам– Homo sapiens – шамамен 100-150 мың жылдар бойы айтарлықтай өзгерген жоқ» дейді. Бұл осы кезеңде адамдарда қазіргі біздікімен бірдей ми түрі және сөйлеу мүшелері болған дегенді де білдіреді. Сондықтан, оларға сөйлеуге интеллектуалдық та, анатомиялық та кедергі болмаса керек. Олардың тілі біздікіндей болған, көмекейлерінде біздікіндей дауыс желбезегі бар. Ал, милары сөйлеу мен сөзді түсінуге қажет қатпарлардан тұрған. Тіл қалай пайда болады деген сұрақ осы мақалада қайта-қайта көтеріледі. Тіл – қарым-қатынас тәсілі, адамдар бір-бірімен қатынасу үшін қолданатын өзара коммуникация жүйесі. Егер, екі жүйенің ағылшын және жапон тілдері тәрізді дыбыстары, лексикасы мен грамматикасы әртүрлі болса, оларды екі бөлек тіл дегенге оңай келісуге болады. Дегенмен, тілдік жүйелердің өте ұқсас болуы да жиі кездеседі. Мысалы, испан және итальян тілдерінің дыбыс жүйесі ұқсас, сөздік қорының басым бөлігі бірдей және грамматикасы да өте қатты ерекшеленбейді. Сонда, олар екі тіл ме, бір тіл ме? Лингвистер әдетте өзара түсінісу критерийіне сүйенеді: егер екі адам бір-бірін түсінсе, олар бір тілде сөйлегені, түсінбесе – әртүрлі тілде сөйлегені. Бұл критерийдің артықшылығы – түптеп келгенде, оны барлық күмәнді жағдайларда тексеруге болатынында; бұл лингвистерге әлем тілдерінің толық тізімін жасауға мүмкіндік береді. Бірақ, Африкада немесе Аустралияда әлі күнге дейін атау берілмеген тілдер бар. Классификациялау немесе таксономияның осыған ұқсас қиындықтары білім берудің көптеген салаларында кездесіп тұрады. Мәселен, қазір зоологтер шимпанзелер мен бонободтарды бір түр деп санайды. Ал, бұрын олар екі бөлек түр саналған, кең қауым оны шындық деп қабылдаған, ал, маймылдар, әрине, еш қарсылық білдірмеген. Тіл ғалымдарының айтқаны, әдетте зоологтердің айтқанындай өтімді емес. Белгілі лингвистер испан және итальян тілдері бір десе, жалпы қауымның бұл сөзбен келісуі екіталай, ең бірінші кезекті Испания мен Италияның өз халқы және саясаттағы билік органдары. Олар ол лингвистерді күлкіге айналдырып, есекке теріс мінгізіп жібереді. Қорытып айтқанда, атауы бар тіл – әлеуметтік және саяси қолдауға ие тіл. Ал, тіл жүйесі және тіл туралы шешім шығарып, тілге атау беретіндер – қоғамда билікке ие адамдар. Қандай тілдер бар екені, қай пікірдің лингвистикадан гөрі саясатқа жақын екені жөнінде әртүрлі көзқарас бар. Осы мақаланың бір мақсаты тілдің түрлі деңгейде болуы қандай факторларға байланысты екендігіне жауап іздеу болып табылады. Қазіргі заманда тіл мен халықтар арасында екі кереғар ағым жүріп жатыр. Бір жақтан әлемде халықтардың саны өсіп жатыр. Екінші жағынан көптеген тілдер мен диалектілер өшіп, жойылып бара жатыр. Оған айғақ кейінгі бес жүз жылда әлемде қолданыстағы тілдердің жартысы жойылып кеткен. Ал, бүгінгі кезде әлемде шамамен 7000 тіл қолданыста. Олардың басым бөлігі, яғни, 5700 тілдің келешегі бұлыңғыр, өйткені 7000 тілдің өмірі әлемдегі 200-ге жуық саяси тәуелсіз мемлекеттер кеңістігінде өтіп жатар. Олар өмір кешіп жатқан мемлекеттердің ұлттық тілінің жанында тірі қала алама не өлім аузына түсіп, жойылып кету қаупінде ме? – деген күрделі сұрақтың жауабына алаңдап отыр. Қазіргі тілдердің қолданыста болуына байланысты шартты түрде оларды үш топқа бөліп қарастырғанда, бірінші, жүз миллионнан аса сөйлеушісі бар: қытай, ағылшын, спан, үнді, араб, портакал, бәнгал, орыс, жапон, пәнжаб, сондай-ақ, швед, италиян, неміс, украин, парсы және түрік тілдері. Аталған тілдермен әлемдегі 80 пайыз халық сөйлейді. Бұл топтағы тілдер «ұлы тілдер» қатарына жатады. Екінші, он миллионнан аса сөйлеушісі бар тілдер. Олардың өміршең болулары өз тілдерінде қолданысқа енгізе алатын: саяси билік, мемлекеттік және мемлекеттік емес экономикалық аса ірі обьектілері мен техника және технологияның даму барысында сол тілде сөйлеуіне байланысты айқындалады. Бұл топтағы тілдер «ұлттық тіл» ретінде мемлекеттік мәртебеге ие болғанмен, «мемлекеттік стандарт» тіл деңгейіне көтеріле алмай келе жатқан тілдер. Мәселен, қазақ тілі Қазақстан Республикасында қазақ халқы үшін ұлттық тіл ретінде мемлекеттік тіл деген мәртебеге ие болса да, «мемлекеттік қалыпты (стандарт)» тілге айнала алмай келеді. Өйткені, қалыпты (стандарт) тіл мемлекеттік мүддемен бірге а) ұлт азаматы, ә) отбасы, б) ұлт, д) мемлекет с) рухани сынды бес құндылыққа қызмет атқаруға тиіс. Ал, саяси билік, банк пен мұнай сынды ірі экономикалық орындарда орыс пен ағылшын тілі негізгі тіл болып қолданылып тұрған кезде қазақ тілінің қолданыс аясы дастарқан басы мен аудан, ауыл төңірегінен алысқа қанат қаға алмай өмір мен өлім арасында келе жатыр. Үшінші, шамамен жүз мың адам сөйлеушісі бар тілдер хал үстінде, өлім күнін күтіп отырған тілдер. Барлық жағдайда адамзат күтпеген құбылыстар адам, табиғат сондай-ақ адам баласына қатысты тілдердің де тағдыры кенет өзгеруі ықтимал. Оған тарих куәлік береді. Алдағы уақытта бұйырса бұл жайында молырақ жазамыз. Тіл жайындағы көптеген сұрақтарға нанымды жауап таба білу үшін қазіргі замандағы екі ұлы тіл, яғни, ағылшын мен қытай тілдерінің тарихы, даму тарихына қысқаша тоқталып, аталған екі тілдің бір-бірінің тоғысып, бәсекеге түсулерінің себеп-салдарына зер салып, саралап көрейік. Ағылшын тілінің тарихы б.з. V ғасырда англ, сакс және юттар, сынды үш германдық тайпалардың Британияға шабуылынан бастау алады. Олар солтүстік теңізді өтіп қазіргі Дания және солтүстік Германия жерінен келді. Сол кездері Британияның тұрғындары сельт тайпалары болғандықтан сельт тілінде сөйлейтін болатын, алайда, басқыншылар сельттерді батыс және солтүстік жағалауларға ығыстырып тастады, қазіргі Уэльс, Шотландия және Ирландия жерлері. Англдер өз елін «Englaland», ал, тілін «Englisc»  деп атаған. Содан «England»және  «English» сөздері пайда болды. Бұл кезең 450-1100 жылдар аралығында ағылшын тілінің ежелгі дәуірі болып саналады. Жоғарыда айтып өткендей V ғасырда Герман тайпалары Британияны жаулап алды. Герман тайпаларының тілдері ұқсас болатын. Сол диалектілердің бірігу нәтижесінде ежелгі ағылшын тілі пайда болды. Оның жаңа дәуір ағылшын тіліне ұқсастығы жоқтың қасы еді. Алайда, қазіргі күні кең таралған ағылшын сөздерінің жартысынан көбі түп-тамырын, осы ежелгі тілден алып отыр. Мысалы, be, strong, water cөздерін атап өтсек болады. Ежелгі ағылшын тілі шамамен XI ғасыр соңына дейін қолданыста болды. Осы ежелгі ағылшын тілінде жалғыз сақталған жазба дерек, Boewulf (авторы белгісіз) эпосы. Ғалымдар әлі күнге дейін эпостың шығу кезеңі бойынша қызу пікірталас жүргізіп жатыр. Біреуі VIII ғасыр десе, енді басқалары XI ғасырға жатқызады. Сонымен қатар, зерттеушілердің ойынша автор латын және ежелгі ағылшын әдебиетін жақсы білген дейді. Шығарманың X ғасырдағы жалғыз көшірмесі ғана сақталған. Боевулф эпосының зерттелуі 1815 жылы басталды, сол жылы алғаш баспа нұсқасы жарық көрді. Поэма 3182 жолдан тұрады. Поэма аллитерациялық ұйқаспен жазылған. Боевулф ана жағынан патшалық гауттерге тиесілі, олар қазіргі Швецияның оңтүстігінде мекендеген. Оқиға Дания жерінде орын алады, Хродгар Хеорот патшаның тұрғын жеріне он екі жыл бойы Грендаль деген тролль (құбыжық) шабуыл жасайды. Жолына түскеннің бәрін бұлқан-талқанын шығарады. Осыны естіген Боевулф, он төрт жауынгерімен, кемемен Данияға жол бастайды. Хродгар оларды қарсы алып, түнеуге Хереотта қалдырады. Грендаль келген қарсыласын тиісінше қарсы алады, Боевулф оның әдіс-айласын қалт жібермей қарсы шайқасып, оны өлердей күйге түсіреді. Грендаль қатты жарақат алғаннан соң амалсыз, су астындағы үңгіріне қашып кетеді. Алайда оның бір қолы жұлынып, Боевулфтің алақанында қалады. Келесі түні Грендальдің анасы өш алу мақсатында, жоғары лауазымды дат шенеунігін алып қашады. Оған қарамастан Боевулф су асты үңгірге кіру жолын тауып, оны өлтіреді. Үйге, гауттар мекеніне қайтып келгенде, өзі де ағасы да осы оқиғаны Хигелак патшаға айтып береді. Хигелак оған сый ретінде үлкен жер үлесін берді. Хигелак және оның ұлы Хардред шайқаста қаза болғаннан кейін, Боевулф таққа келіп, елу жыл елді басқарады. Бір күні алтынын ұрлап кеткен үшін ызалы айдаһар оларға шабуыл жасайды. Боевулф айдаһарға қарсы Виглафом деген досымен шайқасып оны өлтіреді. Бірақ Боевулф өзі де шайқаста қаза табады. Эпос басты кейіпкерді жерлеу мен оған мадақ айтумен аяқталады. Boewulf эпосы Ежелгі ағылшын тілінің мұра қалған жалғыз әдеби шығармасы ретінде ағылшын тілі мен әдебиетінің келешекте жаңа даму сатысына көтерілуіне негіз болып қаланды. 1100-1500 жылдар аралығы ағылшын тілінің ортағасырлық екінші тарихи дәуірі болып саналады.1066 жылы Вильгельм Нормандия Герцо өлкесінің патшасы (қазіргі Франция жері) Британияға басып кіріп, жаулап алды. Ол өзімен бірге француз тілін әкелді, нәтижесінде ол патша сарайының тіліне және сау­да тіліне айналды. Сондықтан, бұл дәуірде таптық тіл пайда болады. Онда төменгі таптар ағылшын тілінде сөйледі, ал, жоғары таптағылар француз тілінде. XIV ғасырда ағылшын қайта өркендеуге бастағанда көптеген француз сөздері ағылшын тіліне еніп үлгерді. Содан соң, бірсыпыра француз сөздері ағылшын тілімен араласып, қалып қояды. Бұл жылдары ағылшын тілінің орта дәуірі деп атаймыз. Осы дәуірде атақты Жеффри Чосер (Geoffrey Chaucer 1340-1400 жж.) The Canterbury Tales (Кантербұри хикаялары) атты шығармасын 1380 жылы ағылшын тілінде жазған болатын. Бұл шығарманың тілі қазіргі заманғы ағылшын тілділерге біршама түсінікті. Кантербұри (Canterbury) Лондонның оңтүстік шығысынан 53 mile арақашықтықта Кент аймағында орналасқан қалашық. Бұл қалашық ежелгі Британияда халық арасында ерекше құрметке ие қалашық болған. Рим империясы біздің заманымыздың 54 жылы I-Гладиос тарапынан Ангелияны жаулағанға дейін де аталған қалашық сауда-саттық орталығы, ел-жұрттың ерекше ілтипатына бөленген, гүлденген, аты жан-жаққа кеңінен таралған мәртебелі мекен болған. Өйткені VI ғасырда салынған даңқты шіркеу сонда болған. Сол шіркеуде киесі бар діндар саналатын Thomas a Becket (Томас Бекет) Һенри патшаның әскерінің семсерімен 1170 жылы 29 желтоқсанда қазаға ұшырады. Бекет шіркеудің қорғаушысы, шіркеу заңдарының сақталып, орындалуына жақтаушысы ретінде халық тарапынан үлкен қолдауға ие болатын. Оның патша әскерлер жағынан шіркеу ғимаратының алдында әскерлер өлтірілуі халықтың ашу-ызасын тудырды. Соның салдарынан елдің ықылысы Бекетті әулиелік деңгейге дейін көтерді. Осы оқиғаның жалғасында Бекеттің мазары аталған шіркеу жанында ел-жұрт зиярат ететін мекенге айналды. Осылай Ангелияның саяси-діни тарихында Кантербұри зияратханасы пайда болды. Жеффри Чосер жырлаған Кан­тербұри хикаяларының жиырма төрт қиссасы бүгінге жеткен, олардың кейбірі толық күйінде емес. Шығарманың кіріспесі 858 бәйіттен тұрады, ал, хикаялардың жалпы көлемі он жеті мың бәйітті құрайды. Бұл шығарманың жырлауында қаншама кемшіліктер бар болса да ағылшын поэзиясының сол дәуірге тиісті ең үздік әдеби мұрасы болып есептеледі. Сол үшін де Жеффри Чосерге «ағылшын поэзиясының атасы» деген атақ берілген. Ағылшындар Жеффри Чосерден кейін Вилиям Шекспир сынды көптеген дарынды ақындар арқасында европа мәдениеті мен әдебиетінде ерекше орын алып, поэзия­да өзге құрлықтардың ақындарынан алға шығып, ағылшынның әдебиет майданында поэзияның туын жел­біретуге негіз қалады. Әрине, жал­пы Еуропадағы қайта өрлеу дәуірі барлық Европа елдерінің мәдениетінің өркендеуіне септігі тиді. Соның салдарынан немістер музыкада, италияндар сурет салуда, тіпті олардың ықпалында орыстардың роман жазуда әлемде өзгеше орынды иеленулеріне алып келді. Жеффри Чосердің Кантербұри хикаялары қалай дүниеге келген? Кантербұри қаласындағы шіркеудің жанында әулиеге айналған Томас Бекеттің мазары ел-жұрт зиярат ететін киелі мекенге айналған соң халық оған көп баратын. Соның арқасында жол бойында зияратшылар демалуға аялдау үшін қонақүйлер пайда болған. Солардың бірі – Табард қонақүйі еді. Онда әр тараптан әртүрлі саланың жолаушылары бас қосып, тамақтанып, түнеуге тұрақтанатын. Бірде Жеффри Чосерде болған бір күні жалпы саны 30 адам зияратшы сонда бас қосып қалыпты. Олардың әрқайсысы әр түрлі салада жұмыс істейтін адамдар. Саудагер, шағын фермер, сарбаз, діндар, ағаш шебері, дерменші, бояушы, дәрігер, заңгер, қылмыскер, әзілкеш, жарылқаушы (ағылшын тарихының сол кезеңінде адамдардан ақша алып, олардың күналарын кешіріп, жарылғаушы кәсіп болған), қайыршы, жезөкше, мылжыңбас сынды адамдар болған. Қонақүйдің иесінің ұсынысы бойынша уақыт қызықты өту үшін олардың әрбірі бірер қисса айтып шықса дегенді айтып, ең тамаша қисса айтқанға бір кешкі ауқат тегін сыйламақшы болады. Жеффри Чосер олардың хикаяларын сол заманғы ағылшын қоғамының түрлі саладағы мамандар арқылы сол кездегі қоғам мүшелерінің галереясын өз шығармасы арқылы дүниеге алып келіп, Британия елінің орта дәуір өмір шындығын сомдай отырып, ағылшын әдебие­тінің жарқын келешегіне ірге қалайды. Бірақ, ол өзінің өмірі мен шығармашылығы осындай дәрежеде бағаға ие болатынын ойламаған болар! Өйткені, әдебиет өмірі жоқтаушылар арқасында өміршең болады. 1500-1800 жылдар аралығы ағылшын тілі мен әдебиетінің «жаңа дәуірі» болып есептеледі. Ағылшын тілінің орта кезеңінде, сөздердің айтылуында күтпеген және елеулі өзгерістер пайда болды, дауыс­ты дыбыстар едәуір қысқарды (Vowel Shift = Дауысты дыбыстар ауысуы немесе қозғалысы). XVI ғасырдан бастап Британияның басқа елдермен қарым-қатынасы күшейе бастады. Бұл факт және «Ренессанс» кезеңінің басталу нәтижесінде, көптеген сөздер шет тілдерінен енді. Кітап баспасының пайда болуы да жалпы әдеби тілдің дамуына үлес қосты. Кітап бағасы арзандап, оқу және жазу үйренген адамдар саны көбейе берді. Баспаның дамуы тілдің стандартталуына әкеп соқты. Гамлеттің атақты өлең жолдары ерте кезеңгі ағылшын тілінде жазылған. Орфография және грамматика ережелері орнығып, Лондон диалекті пайда болды, оған себеп баспа үйлерінің басым көпшілігі Лондонда орналасқан болатын. 1604 жылы алғаш ағылшын тілі сөздігі жарық көрді. Вилиям Шекспир (1564-1616) бұл дәуірде ағылшын драматургиясының атасы болып танылды. Christopher Marlowe (1564-1593) – ақын, драматург, Benjamin Ben Johnson (1572-1637) – актер, ақын, драматург, Walter Raleigh (1561-1626) – жазушы, ақын, тобако өнімін алғаш рет Ангелияға алып келген адам. Francis Bacon (1554-1618) философ, саясатшы, ғалым, заңгер сияқты әйгілі қаламгерлер мен ойшылдары осы дәуірде әлем әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосты. Осы дәуірде Британия экономика, мәдениет пен әдебиет, техника мен технологияда биік жетістіктерге жетелеген I-Илизабет (1533-1603) VIII Henri патшаның қызы 1558-1603 жылдары билік құрған еді. Ол сол жылдары Ангелияда әскери сала, экономика, мәдениет пен технологияның дамуын қамтамасыз етті. Осы кезеңде Ангелияның теңіз әскери күші Курновал жағалауында Армада деп аталатын Спанияның әскери қуатына қарсы болған шайқаста үлкен жеңіске қол жеткізді. Соның арқасында теңіз күштерінің алпауытына айналды. Екіншіден, I Илизабет 1600 жылдың 31 желтоқсан күні «John company»-ға Үндістанда Ангелия патшалық атына сауда-саттық жұмыспен айналысуға ресми түрде рұқсат берді. Осыдан The British East India company (Шығыс Үнді компаниясы) іске кірісіп, 1858 жылына дейін Британияның экономикада ұлы державаға айналуына қомақты үлес қосты. 1800 жылдан бастап ағылшын тілі мен әдебиетінің «қазіргі дәуірі» басталады. Бұл дәуірде ағылшын тілі басты екі фактор нәтижесінде сөздік қорын байытты, біріншіден, өнеркәсіптік төңкеріс және технологияның дамуына байланысты жаңа сөздердің пайда болуы, екіншіден, Британдық империя өзінің гүлдену кезеңінде жер шарының төрттен бірін жаулап алуы еді, сондықтан, тиісінше ағылшын тілі кірме сөздермен толықты. Модернист жазушылардан Жэймс Жойсты атап кетсек болады, ол өзінің ерекше стилі үшін атақты болды. Сонымен қатар, ағылшын тіліндегі ең ұзын сөйлемнің авторы ретінде 1922 жылы жарық көрген «Улисс» романында бір сөйлемі 3687 сөзден тұрады. Әрине бұл зерттеу жазба келешекте өз жалғасын табады. Соған орай, қытай тілінің тарихы мен ағылшын тілімен тоғысып, бәсекеге түсулерінің себеп-салдарын әңгіме өзегіне айналдырмақшымыз. Себебі қазіргі заманда әр елдің ұлттық тілінің тағдыры әлемдегі өтіп жатқан отарлау саясатының ықпалында жаһандық иірімнің соңғы аялдамасында өмір мен өлім арасында алаңдап тұр! Бұл иірімнен аман қалу үшін ұлы тілдердің өзі қорғануға мәжбүр болады.

1866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз