• Заманхат
  • 18 Қазан, 2018

БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНДАҒЫ БАСШЫЛЫҚ

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында еліміздің білім беру сапасын түбегейлі өзгертуге нақты қадамдар жасалған. Бұл сәт сайын өзгеріп, дамып отыратын қоғам өмірі талаптарынан туындап отыр. Мысалы, Президент Н.А.Назарбаевтың биылғы Жолдауында алдағы уақытта жасалатын нақты міндеттер қойылды. Осыларға байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, жаңа идеялармен, тың жүйелермен жұмыс жасауына негіз болады. Олар: оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы, ең алдымен педагог мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына кәсіби өсуі, оқу үрдісіне «e-learning» бағдарламасын енгізу, мектептегі менеджмент, т.б. мәселелерді қамтиды. Ал, бұл әрекеттің жоғары дәрежеде орындалуы, ең алдымен, ұйым басшысының басқарушылық іс-әрекетіне тікелей байланысты екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Бұдан шығатын қорытынды, білім ұйымдары басшылары талантты, әділетті, бі­лімді, дарынды, ұжымдағы адамға құрметпен қарайтын, ұйымдастырушы, жұмысты тиімді алып жүретін, адамдарды қызықтыра, жігерлендіре білетін маман, сонымен қатар қазіргі кезеңде ол өзгерісті тәжірибеге, өмірге енгізуді өзінен бастайтын айналасына мақсат-мүддесі бір команда жинай алатын, ұжымды демейтін, қозғау сала алатын, шығармашылық еңбектің қалыптасуына жағдай жасайтын, ұжымның әр мүшесінің орнын, қажеттігін, соның негізінде жұмыстың сапасының табысты болғанын сездіре алатын, білікті басшы, менеджер болуға тиісті. Осыған орай, біздің Республикалық басшы қадрлардың біліктілігін арттыру институтында білім беру ұйымдары менеджерлерін дайындауда негізгі бағыттар қалыптасқан: ақпараттық білім порталын, білім сапасын бағалау және мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу негізінде біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру, құзіреттілік әдіс негізінде басшылардың біліктілігін арттырудың ұзақ мерзімді ваучерлі модульдік бағдарламаларын енгізу, т.с.с. Білім берудегі менеджменттің негізгі ұстанымы – білім беру жүйе­сінде кездесетін қателіктердің 98%-ы басшыға, ал, тек қана 2%-ы орын­дау­шыға байланысты. Сонымен қатар, халықаралық индикаторлардың бірі менеджмент көрсеткіш рейтингісінде біздің ел 106-орында тұр. Ал, өзімізге «мектепті басқарып жүрген кімдер?» деген сұрақ қойсақ. Онда жауап біреу, олар педагогтар: физик, химик, биолог, т.с.с мұғалімдер. Ал, менеджер – арнайы басқарушылық білімі бар маман. Сол себепті Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға дейін мектеп басшыларын 100% біліктілікті арттыру курстарынан өткізуді басты міндет етіп көрсеткен. Қазіргі кезде заманауи уақыт талабына сай барлық елдер ізгілендіру парадигмасын басшылыққа алуда, оның негізі жапондық басқару тәжірибесін үйренуден басталады. Ізгілендіру парадигмасы дегеніміз не? Ізгілендіру парадигмасының негі­зінде адам ұжымның басты су­бьек­тісі ретінде танылады, оны «ресурс» деп қарамайды. Бұл философия жапондық менеджменттің көшбасшыларынан таралады. Осы тұрғыдан адам «ұйым отбасы» мүшесі болып қарағанда менеджменттің қызметі «адам таби­ғатын басқару» болып табылады. Аталған парадигма контексінде адам ұйым үшін емес, ұйым адам үшін деп түсіну керек және де ұйым іші­лік қарым-қатынас стратегиясы, құ­рылымы, жүйелері онда қызмет жасайтын адамдардың сұраныстарын қанағаттандыратындай жасалуы қажет. Ұжымның стратегиясының орталығы ұжымдағы адамдардың өзін-өзі басқарудағы біріктірілген бірегей үлестері болады. Адамдарға «қатты» әсер ететін басты құрал ұйымдас­тырушылық мәдениет болып табылады. Кез-келген педагогикалық үдерісті басқару мақсат қою мен жоспарлаудан тұрады. Педагогикалық жүйенің үнемі қозғалыста,үнемі даму үстінде болуы оқу-тәрбие жұмысында мақсат қою мен жоспарлауды жетілдіріп отыруды қажет етеді. Әрине, тәрбиеленушілердің бойында белгілі бір қасиеттің қалыптасуын дәл белгілеу, жоспарлау мүмкін емес. Ал, жоспарлау жеке тұлғаның барынша және жан-жақты дамуына қолайлы обьективті жағдай туғызуы тиіс. Оқу-тәрбие үдерісін басқару оқу орны басшыларының педагогтік ұжым мен оқушылардың іс-әрекетіне мақсатты түрде, ғылыми негізделген жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау жасау арқылы әсер етуі мүмкін. Бұл жерде жоғарыда көрсетілгендей нақты орындаушылар мен орындау мерзімі айқын көрсетілген негізгі іс-әрекеттерді анықтау болып табылатын оқу-тәрбие үдерісін жоспарлау басты мәнге ие. Педагогикада білім беру ұйымының партисипативті басқару ұғымы бар. Оның басты қағидасы педагогикалық ұжымның білім беру ұйымын басқару шешімдерін жасау, қабылдау мен орындау үдерісіне қатыстыруға негізделген басқару. Партисипативті басқаруға тән: - мектепшілік басқарудың алуан түрлі ұйымдарына мұғалімдерді, ата-аналарды, оқушыларды, демеушілерді және басқаларды тарту; - басшылардың сайланбалылығы; -басқарудың алқалық ұйым­дары­ның болуы; - дауыс беру рәсімдерін кең пайдалану, азшылықтың өз пікірін еркін білдіруге жағдай жасау арқылы олардың көпшілікке бағынуы; - шешім қабылдаудағы жария­лылық пен ашықтық, барлық мүдделі адамдардың басқару құжаттарына және ақпараттарға, т.б. қол жеткізе алуы. Мектеп басшысының қызметі өзінің табиғатында шығармашыл болып табылады. Басқарудың құндылықтары мен технологиясын меңгере отырып басшы менеджер тұлғалық ерекшеліктері мен басқару обьектісінің ерекшеліктеріне сай, ол құндылықтарды өзінше қайта құрып, талдап түсіндіруге ұмтылады. Осылайша, педагогикалық жүйені басқару тұлғалық қабілеттерді іске асыратын және жұмсайтын сала болып табылады. Басқару қызметінде мектеп директоры тұлға, басшы, ұйымдастырушы және тәрбиеші ретінде өзін-өзі танытады. Басқарудағы билік. Формальды өкілеттілікке қосымша басқа­ру­шыға билік қажет, өйткені, ол адамдарға тәуелді болып табылады. Джон Коттердің пайымдауынша басқарушы билікті дамытуы керек. Қарамағындағылар үздіксіз бұйрықтарды орындаудан бас тарта алады. Қазіргі жұмысшылар білімдірек, сондықтан, олар дәстүрлі жүйеге келісе бермейді. Френч Рейвен және де өзге билік көшбасшы мәселесін зерттеушілер биліктің келесі жүктемесін ұсынады: 1. Көндіруге негізделген билік, яғни орындаушы басқарушының жазалау мүмкіндігіне ие екендігін біледі; 2. Ынталандыруға негізделген билік; 3. Эксперттік билік, мұнда ық­пал етуші арнайы білімі бар, со­ның көмегімен қажеттілікті қана­ғаттандыра алады; 4. Эталондық билік, бұл басқару­шыға ұқсауға ұмтылумен сипатталады; 5. Заңды билік немесе дәстүрлі билік, бұл жерде бағыну орын­дау­шының қажеттілігін өтеуге әке­леді. Ұйымдастыру баспалда­ғының жоғары сатысында тұрған бас­қару­шыны таңдау заңды билікті іске асыруға толық жағдай жасайды. Барлық басшылар заңды билікті қолданады, өйткені, олар басқа адамдарды басқару өкілеттілігіне ие болады. Биліктің осындай негіздері құрал болып табылады да, басқарушы қарамағындағыларға ұйым мақсатына жетуге бағытталған жұмысты орындатуға мүмкіндік береді.

Нұрлыбек Даумов, Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия директоры, педагогика ғылымының кандидаты

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз