• Ұлттану
  • 18 Қазан, 2018

Рухани жаңғыру және білім беру ісі

Бақтияр СМАНОВ, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халқымыз үшін стратегиялық мәні аса зор бағдарламалық еңбегінде бірқатар маңызды міндеттерге, қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселелерге баса назар аударылғаны мәлім. Мұнда ол басты мақсатымыз ­– әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, ой-сана күнделікті өмір талабына сай рухани тұрғыда жаңғырып отыруы қажет екенін, бұл еліміздегі саяси және экономикалық жаңаруларды толықтырып қана қоймай, солардың өзегіне айналуы керектігін ерекше ескертті. Осы тұрғыда Елбасы біздің еліміздің Тәуелсіздік кезеңінде рухани жаңғыру бағытында біршама ауқымды істер атқарғанын санамалап атаған. Олар – 2004 жылғы «Мәдени мұра», 2013 жылғы «Халық – тарих  толқынында» сынды кешенді бағдарламалар аясында орындалған маңызды жұмыстар болатын.

Президент мақаласы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Еңбектің «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталатын бірінші тарауы – «Бәсекелік қа­бі­лет», «Прагматизм», «Ұлттық бі­ре­гейлікті сақтау», «Білімнің сал­танат құруы», «Қазақстанның рево­лю­ция­лық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты бөлімінен құралған. Ал, «Таяу жыл­дардағы міндеттер» деген екінші тарауда Мемлекет басшысы алдағы жылдарда мықтап қолға алатын және оны мұқият іске асыратын бірнеше жобаларды ұсынды. Онда елімізде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру, «Туған жер» бағдарламасын орындауға мән беру, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыру арқылы «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасын атқару, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын орындау секілді бес келелі іс-шараларды алға тартты. Әрине, осынау бағдарламалық құ­жаттағы аталған тараулардың, оларда тарамдалып жіктелген өзекті мін­деттердің қай-қайсысы да еліміз үшін, халқымыз үшін аса маңызды екені айтпаса да белгілі. Алайда, білім-ғылым саласының өкілі бол­ған­дықтан бізге ең алдымен осы мақаладағы білім мәселесіне арналған «Білімнің салтанат құруы» атты арнайы бөлімінің орны ерекше деп ойлаймыз. Өйткені, мұнда Ұлт Көшбасшысы әр жылғы халыққа арнаған Жолдаулары мен басқа да еңбектерінде, сөйлеген сөз­дерінде айтылған ордалы ойларын жаңа қырынан дамытып, ел руханиятына байланысты тың ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Мұнда Елбасы білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу хал­қы­мыздың қанында бар игі қасиет екенін айта келіп, Тәуел­сіздік жылдарында қыруар жұмыс­тар атқарылғанына, атап айтқан­да: «Болашақ» мемлекеттік бағдар­лама­сына сәйкес он мыңдаған жастарды әлемнің маңдай алды жоғары оқу орындарында оқытып даяр­лаға­нымызды, елімізде халықаралық дең­гейдегі бірқатар университеттер ашыл­­ғанын, жалпы орта білім бере­тін зияткерлік мектептер жүйесін қалыптастырғанымызды тілге тиек етті. Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан ке­ліп туындаған «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасында» бүгінгі таңдағы жоғары білім алудың қол­жетімділігі мен ондағы білім сапасын арттыру, студент-жастардың жатақханалық жағ­дайын жақсарту жөніндегі ұсы­ныстары да ел ішінде тың серпін туғызғанын атап өтуіміз керек. Бұл нағыз дер шағында көтеріліп отырған, көптен айтылмай келе жатқан ең өзекті мәселе екені сөзсіз. Өйткені, жыл өткен сайын жастарымыздың жоғары білім алуға деген ынта-ықыласы артып келеді. Оның үстіне елдің демо­графиялық өсімі де жоғарылай түсуде. Сондықтан да, Елбасының жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын бөлініп жүрген 54 мың грантқа қосымша осы оқу жылында тағы да 20 мың мемлекеттік грант бөлу туралы ұсынысы өте орынды болды. Мұны ата-аналар қауымы, студенттер жұртшылығы, қалың көпшілік ризалықпен қабыл алды. Ал, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңына дейін елімізде студенттер үшін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу жұмысы атқарушы билік өкілдері мен сала басшыларына міндеттелді. Сондықтан, аталған қиындықтан шығу үшін қа­зіргі кезеңде әрбір жоғары оқу орны және арнаулы кәсіптік оқу орындары студенттік жатақханалар салуды ойлас­тырып жатқан жайы бар. Бұл шаралар қалың елдің, жалпы жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты. Президент бүгінгідей өзгермелі өмірдің жедел қарқынымен алға дамуы, технологиялық революцияның жылдам беталысы жағдайында білім­нің салтанат құруы жалпыға ортақ болуы тиіс екенін, мұндай қарқынға қиналмай тез ілесіп кететін аса білімді адамдар қажет екендігін еске салды. Елбасының бұл орайда: «...біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы ел­дердің санатына қосылып отырмыз... Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білім­ді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деген сөзі көп жайды аңғартады. Мұны «Біржылдығын ойлаған дән егеді; он жылдығын ойлаған тал егеді; мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім-нәр егеді», деп ежелден тәмсілдеген дана халқымыз атамзаманнан «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деген секілді талай ұлағатты ой қорытқан. Сондықтан, бүгінгі таңдағы кез-кел­ген көзі қарақты ата-ана ұл-қызының білім алып, қатарынан кем болмағанын ойлайтыны жасырын емес. Мұндай көзқарас бұрынғы өткен замандарда да, қазіргі кезеңде де, алдағы уақытта да қайталанып отыратын игілікті құбылыс, өмірдің заңдылығы. Стратегиялық еңбектің бірінші тарауының «Сананың ашықтығы» атты алтыншы бөлімі де ел білімі мәсе­лесіне қатысты мән-мазмұнға ие. Бұл бөлімде жер жүзіндегі миллиардтан астам халық өзінің ана тілімен қатар кәсіби байланыс құралы ретінде ағылшын тілін оқып жатқаны, біздің де бұл тілді жаппай және жедел үйренуіміз қажеттігін, мұның жаһандық әлемге еркін еніп, жұмыс істеудің басты шарты болып тұрғанын орынды атайды. Мақаланың алғашқы тарауларында айтылатын ұлттық, қоғамдық сананы жаңарту туралы мәселелер таяу жылдары атқарылатын нақтылы жобаларды жүзеге асыруды талап ететіні, осыған орай алдағы жылдарда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесін сөз етеді. Бұл жауапты іс-шара да оқу-білім ісімен тікелей байланыста орындалатыны еш дәлелдеуді қажет етпейді. Мұны, яғни, латын жазуына көшу жайын Елбасы сонау 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісіне қатысып, сөйлеген сөзінде ресми түрде алғаш әңгіме еткен болатын. Сонда ол: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстар жасауы тиіс», – деген еді. Ал, арада алты жыл өткен соң 2012 жылғы желтоқсан айында жарық көрген «Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қайта оралып, «2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді», – деп нақтылап айтқаны жұртшылық назарында. Президент Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге одан бері де бірнеше рет оралып, ел болашағы үшін өзекті мәселеге айрықша көңіл бөліп келеді. Айталық, халыққа арнаған кезекті Жолдауында да 2025 жылдан бас­тап латын жазуына көшу туралы өз ойларын таратып айтты: «... Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ, біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан, латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады» дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиісті принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балала­рымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын. Шындығында да, латын жазуына көшу бүгінгі өмірдің өскелең талабы екенін күн өткен сайын ұғынып келеміз. Бүгінде бұл жауапты жұмыс алдын ала белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылып отыр. Рухани жаңғыру және білім беру ісі дегенде еңбектің екінші тарауындағы «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты жобаны атамай кетуге болмайды. Бұл игілікті іс те қазіргі кезеңде өз шешімін тауып, жаңа құрылған Ұлттық аударма бюросы тарапынан аударылған әлемдегі үлгілі оқулықтардың алғашқы легі осы жылғы жаңа оқу жылында студенттермен табысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мағынасы терең еңбегіндегі туған жер, патрио­тизм, өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүріне елжандылықпен атсалысу, Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру жұмыстарын білім беру ісі мен ғылым саласы өкілдерінің қызметінсіз көзге елестету еш мүмкін емес дер едік. Сондықтан да, мұны ел Президенті: «...бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыс­тарын жүргізуді, экологияны жақ­­­сартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жер­гілікті деңгейдегі тарихи ескерт­кіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патрио­­тизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі», – деп орынды ескертеді. Аталған игілікті шараларды орындау жұмысы білім беру саласының қызметкерлеріне, жергілікті жерлердегі билік өкілдеріне үлкен міндеттер жүктейді. Қорыта айтқанда, «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» бағдарла­масы­ның іс-шараларын жүзеге асыру жұмысы оқу-біліммен, ғылыммен тығыз байланыста атқарылатын жүйе­лі үдеріс. Мұны күнделікті өмір тәжі­рибесі көрсетіп келеді. Елбасы Н.Назар­баев айтпақшы: «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс... Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болаша­ғын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». Олай болса, біздің ендігі жердегі мақсатымыз – осы мүмкіндікті пайдаланып қалу болмағы лазым дейміз.

495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз