• Ел мұраты
  • 21 Қараша, 2018

Әдебиеттің айтулы құбылысы

Бекен ЫБРАЙЫМОВ, жазушы

Қай кезеңде де, қай елде де  мемлекеттің арнайы идеологиясы рухани өмірге әсер ету арқылы қоғамдық-әлеуметтік зор қызмет атқаратыны тарихта дәлелденген. Қай халық үшін де өз болмысын – қазіргі әлеуетін тарих-уақыт контексінде сергек, мұқият зерттей білу, қай кезеңде де өткенді таразылап, тағылым алу, бүгінді жан-жақты байыптау, болашақ бағдарын айқындау – оның келешегінің кепілі. Осы орайда, халқымызды кешеден бұл күнге жеткізген ұлттық құндылықтар мәселесіне баса мән берілмейінше, тәуелсіздікті сақтап қалуға деген ықылас азайып, құлшыныс қожырау салдарынан, ертеңнің ахуалы шүбәлі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену қажеттігі атап айтылған болатын. 

Осы бағытта жүйелі жұмыс жүр-гізу міндеті көптеген кешенді шараларды жүзеге асыру қажеттілігін айқындайды. Ұлттық қазына-құн-дылықтарымызды тәуелсіз еліміздің талаптары тұрғысынан түгендеу мен байыптау қажеттілігіне Елбасы-ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп, айрықша мән берілді. Ал, ұлттық кодтың іргетасы – ұлттық әдебиет. Бұл орайда, әлемдік үдеріске белсене араласу үшін жастарды тәрбиелеу, білім беру саласында маңызы ерекше ғылыми іргетас жасау қажеттілігі гуманитарлық ғылымдар саласына жауапты міндет жүктейді. Төл тарихымызды объективті таразылап, ақиқатты аршу-айқындау арқылы жаңа, жас буын өкілдерінің шығармашылық ізденістеріне ықпал жасау, заман алға тартқан мәселелерді пайымдауға деген ынта-ықыласын арттыру – бүгінгі күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелердің санатында екенін ескергенде, бүгінгі әлемдік өркениетте лайықты өз орнын табу мен соған үлес қосу, мемлекеттік-ұлттық іргетас орнықтыру міндеті алдыңғы кезекке шығады. Сондықтан, ұлттық құндылықтарды бүгіннің және болашақтың платформасына әсері орасан зор рухани-әлеуметтік серпін және ең негізгі, әрі бірден-бір әлеует ретінде жан-жақты пайымдау мен лайықты бағалау –тәуелсіздікті сақтау мен нығайтудың алғышарты. Жаһандық үдерістің озығын талғап алу, тозығын ығыстыра білмеу салдарынан бабадан қалған іргелі дәстүрлеріміз аяққа басылып жатқанын көргенде, ашып айтпасқа амал жоқ. Қазақ әдебиеті тарихының қайталанбас өзіндік көркемдік құ-былыстары, атап айтқанда, қазақтың авторлық ауызша әдебиетінің көр-кемдік әлемі әлі күнге дейін толық айқындалған жоқ. Сан алуан тарихи-саяси, қоғамдық-әлеуметтік, эко-номикалық ықпалдар салдарынан ұлттық болмысымыздың божырап жойылып кетпей, бүгінге жетуіне ауызша әдебиетіміздің жасаған қайталанбас тарихи игі ықпалы, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени қарым-қатынастар нәтижесінде қалыптасқан көпқырлы ерекшеліктері, әлемдік мәдени-рухани дамуда алатын орны, дүниежүзілік әдебиетке қосқан, айрықша айтылуы қажет үлесі тиісті деңгейде сарапталмай, лайықты бағасы берілмей келе жатқаны – талассыз шындық. Түптеп келгенде, қазақтың авторлық ауызша әдебиеті, оның ішінде, әсіресе, ауызша поэзиясы – жалпы әлемдік көркем әдебиеттің қайталанбас, күрделі де қызықты құбылыстарының бірі. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде әдебиетіміздің осы саласы негізінен асыл мұраларымызды табу, жинау мен жинақтау, төкпе ақындардың шығармаларын жарыққа шығарумен бірге олардың шығармашылығын насихаттау арқылы танылғаны белгілі. Алайда, өткен кезеңдерде кеңестік идеологияның біржақтылығы салдарынан сол мұраларды түгендеу, түпнұсқаны толық жариялау мүмкіндігі көпе-көрінеу шектелгені рас. Оның үстіне ғылыми әлеуеттің, ғылыми тәжірибенің кемшіндігі де әлем әдебиетінің көркемдік-тарихи арнасы ретінде бағалануға лайықты осы құбылысты тиісті деңгейде зерттеуге бөгет жасады. Әрі қазақ пен қырғыздың суырып салма ақындарының көпқырлылығы жете ескерілмей, европалық ғылымның көзқарастары тұрғысынан зерттелуі ғылыми танымның ақиқатты толық тануына кедергі келтіргенін де анық айтып, мойындайтын кез жетті. Сол себепті кеңес өкіметі тұсында төкпе ақындар шығармашылығына біршама назар аударылғанымен, таптық идеология тұрғысынан біржақты бағаланып келгені, жан-жақты, терең байыптауға еркіндік берілмегені мәлім. Соның зардабынан кеңестік идеологияның талаптары үдесінен шықпаған көркем шығармалар архив қойнауында қала берді немесе қысқарып, бұрмаланып жарияланды, шын мәніндегі өз бағасына ие бола алмады. Ендеше, халық тарихында, әсіресе мәдени-рухани өмірде зор қызмет атқарған төкпе ақындардың ұзақ уақыт бойы жарық көрмей, осыған дейін еленбей, ескерілмей келген шығармаларын табиғи, тұтас қалпында жариялау, қайта таразылау, заман талабына сай жаңаша пайымдау – уақыт талабы. Импровизатор ақындардың шығармаларын бірегей төлтума құбылыс ретінде жариялау және зерттеу қажеттілігі ең алдымен тәуелсіздік және жаһандану кезеңі алға тартқан талаптарға байланысты. Ақындық өнердің лабораториясы мен шеберлік мектебі, үздік көркемдік үлгілеріне тарихи-әдеби процесс контексінде зейін қою, Махамбет, Жамбыл, т.б. сияқты көптеген шығармашылық алыптарының айтулы туындыларын талдау мен теориялық таразылау қазақ әдебиетінің тарихын тың мысалдармен толықтырады, сонымен қатар көшпелілер мәдениетінің, әлемдік авторлық ауызша әдебиеттің бұған дейін мүлде сөз болмаған немесе тиісті дәрежеде шешімін таппаған мәселелерін қазақ әдебиетінің мысалдары арқылы зерттеу қазақ және әлем әдебиеттануының, мәдениеттануының іргелі де күрделі ізденістеріне өз тұрғысынан үлес қоса алады. Сондықтан, тозып, жойы-лып кетудің аз-ақ алдында тұрған қолжазбаларды, кезінде ұлт болмысын, ана тілімізді сақтауға шешуші әсер еткен авторлық поэзия және шешендік өнер шығармаларының көп томдығын жинақтау, жариялау, асыл қазынамызды байыпты бағалау – бүгінгі таңда кезек күттірмейтін міндет. Тәуелсіздігіміздің нығаюы – ұлттық құндылықтарымызды байыпты бағалауға байланысты. Осыған байланысты, қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті мен «Авторлық ауызша әдебиет» ғылыми орталығы ұлттық және әлемдік әдебиеттануда жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, гуманистік-ұлттық мүддені көздеген концепцияларға баса назар аударып келеді. Қазіргі жаһандану жағдайында шығармашылық әлеуетті нығайту, жас, жаңа шығармашылық күштерге қолдау көрсету, сол арқылы рухани-мәдени өмірге оңтайлы да игі ықпал жасау мәселесі бүгінгі өркениеттің күрделі жағдайында осы замандық көкейкесті проблемалар деңгейіне көтерілді. Ендеше авторлық ауызша әдебиеттің айтулы тұлғаларының, белді өкілдерінің бұрын күзеліп шыққан немесе бұрын-соңды баспа бетін көрмеген, ғылыми айналымға түсе қоймаған туындыларын жарыққа шығару, сондай-ақ олардың шығармашылығының негізгі нышандарын, сол арқылы белгілі бір кезеңдік әдеби-тарихи процестегі көркемдік құбылыстардың елеулі айрықшылықтарын, күрделі сыр-сипаттарын айқындау әдебиетіміздің тарихын, ұлтымыздың толыққанды мәдени тарихын жасау үшін қажет. Осы бағытта күн тәртібіндегі өзекті мәселелер зерттелмейінше, қазақ әдебиетінің шын мәніндегі тарихын, оның алуан жанрларының бітім-болмысын, әрқилы тарихи кезеңдердегі ұлттық-рухани өмірдің өзгешеліктерін, ұлттық-көркемдік ойдың бел-белестерін тану мүмкін емес. Қазақ әдебиеттануында әлі күнге дейін авторлық ауызша әдебиеттің алуан құбылыстары сарапталмауы, лайықты бағасын алмауы, объективті тарихи-көркемдік байыптау өзегіне айналмауы оның күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе екенін көрсетеді. Бұл салада объективті және субъективті алуан себептер бар екені белгілі, сондықтан авторлық ауызша әдебиет ғылыми орталығы осы орайда атқарылуы қажет шараларды негізі нысанаға алады. Қазақ әдебиетінің көпғасырлық тарихында айрықша қызмет атқарған авторлық ауызша әдебиет мұраларына әлі күнге тиісті деңгейде көңіл бөлініп, ойдағыдай тыңғылықты зерттеу де, жинау жұмыстары да ойдағыдай кең көлемде жүйелі жүргізілген емес. Қолға іліккендерді ғана жариялап, жекелеген жанрларды ғана қамтып, белгілі бір мөлшерде мәлімет бере алатын жинақтар XIX, XX ғасырларда жарияланғанымен, руханиятымызда маңызы орасан зор көркемдік-мәдени құбылыстың ерекшелігі жарық көрген жинақтарда да, осы салаға қатысты жекелеген мақалалар мен монографияларда да тиісті дәрежеде айқындала бермеді. Бұл саладағы негізгі объективті қиындық – мұралардың ең болмаса біршама толық жиналмауы, барының өзі әсіресе советтік кезеңде идеологиялық бақылаудың шектен тыс қаталдығы салдарынан күзеліп, «түзеліп», «тәртіп-теліп» барып, жарыққа шығуында. Соның салдарынан зерттеулер де, пікір мақалалар мен насихат рецензиялар да кезең талабына «жауап беруді» мақсат еткені жасырын жайт емес. Ең басты қателік – дүниежүзінде сирек кездесетін әдеби-мәдени, рухани-көркемдік құбылыс ұлттық салт-дәстүр, мәдени қарым-қатынастар, соған сәйкес қалыптасқан мәдени-рухани ахуал, оған тарихи-әлеуметтік, саяси факторлардың ықпалы контексінде мұқият қарастырылмай, тек сөздік мәтінге ғана зер салуда, Батыс әдебиеттануының көзқарасы тұрғысынан түсіндіріліп, авторлық ауызша әдебиеттің синкреттілігі, шығармашылық лабораториясы жете ескерілмеуінде. Соның салдарынан ұлттық-әдеби феноменнің өркениетке, қазақ әдебиетіне қосқан үлесін әділ де жан-жақты бағалауға мүмкіндік шектелді. Бұл салада зерттеулер жүргізу мен бабалар мұрасын жариялау қажеттігі зәрулікті айқындайды, әрі өткенді түгендеу, әділ бағалауды мақсат еткен маңызы айрықша мәселелердің санатында саналатын кез жетті. Бұл орайда біздің орталық осы олқылықтың орнын толтыруды нысанаға алып отыр. Бұрын бұрмаланған, күзелген немесе түзелген, мұрты басылған, теріс баға беріліп, тасада тұншығып қалған жүздеген туындылар архив шаңынан аршылып, бұрынғы басылымдарымен салыстырылып, түпнұсқа бойынша жарияланды. Мәселен, Жамбылдың бүгінге дейін бізге белгісіз болып келген, атақты қырғыз ақыны Балықпен сөз қағыстыруы мен молда Бағышпен қағысын Қырғызстаннан алып келдік. Әрине, қағыстар дәл сол айтылған қалпында сақталған деп тұжыру қиын. Жүз жылдан әлдеқайда алыста өткен, бір қарағанда, жеңіл-желпі десек те, уәж салмағы мен сөз ойнату шеберлігі байқалатын қағыстар естіп, тыңдап қалғандардың естеліктері арқылы бүгінге жеткен. Жамбылдың М.Әуезов, Ә.Тәжібаев айтатын Балықпен қағысына ақын-авторлардың өздері бәлендей мән бермегенге ұқсайды. Үлкен айтыс болса, өздері де, өзгелер де жаппай айтып жүрер еді. Бұл айтыстарды мүмкіндігінше түпнұсқаға жақындатып аударуыма тура келді. Осы туындыларды және Жәкеңнің музейінен табылған, қырғызда Жәкең жырлаған «Қыз Жібек» жырын қазақшалағанда, екі ай бойы күнде немесе күнара Бішкекке телефон соғып, әріптес ғалымдардан кеңес алуға, қырғызша сөздердің мағынасын анықтауға мәжбүр болғанымыз бар. Бауыр-лас екі халықтың сөздеріде айтылуы бірдей болғанымен, мағына-лары мүлдем бөлек болатын сәттер ұшырасады екен. Бізде қырғыз әдебиетінің, фольклорының мұра-ларын аударғанда, осы «кілтипан» ескеріле бермейтініне көзіміз жеткен. Айталық, қырғызша «астында» - қазақша «алдында» деген мағына білдіреді. Бізде «тентек» деген сөз ұнамсыз мәнде қолданылып, зілі басымырақ болса, қырғызша «әзілқой», «қуақы» деген жаймашуақ көңіл күйге жетелейді. Сондай-ақ, Жамбылдың Сараспен айтысының толық нұсқасы, бүгінге дейін ешкім мән беріп, жанрлық табиғатын айқындап бермеген ауызша әңгімелері ақынның біз шығарған көптомдығында өзіне лайықты орын алды. Бұрын шығармалар жинағына енгізілмей келген әзілдері, әндері мен тартқан күйлерінің ноталарының берілуі Жамбыл Жабаев қана емес, жалпы төкпе (импровизатор) ақындарды жаңаша зерттеуге жинақталған, сұрыпталған материал ретінде мол мүмкіндік береді. Алатау-Арқа, Атырау-Алтай арасындағы төкпе ақындар шы-ғармаларының басын қосқан, 19 кітаптан тұратын «Қазақтың ауызша әдебиеті» сериясы – әлем әдебиетіндегі төкпе ақындар туындыларының осындай атаумен алғаш рет шығуы. Бұрындары «Халық ақындары» деп аталып келген ұғымның да, терминнің де қате екеніне осы саламен айналысқан бірнеше жыл ішінде көзіміз әбден жетті. Шығармаларды жариялау барысында көпшілікке белгісіз туындыларды атайтын болсақ, тізім тым ұзаққа созылады. Тек, тағы бірін атаумен шектелейік. «Сүйінбай мен Қатағанның айтысының» 1937 жылы жазылып алынған нұсқасы «бізде жоғалған» деген соң, Қырғыз Ғылым академиясынан бұл нұсқаның фотокөшірмесін мен 2012 жылы алып келгенмін. Қолжазбаларды оқуда және даярлауда өзінің біліктілігін танытқан, талапты жас ғалым Нұржұма Елесбай бүгінгі әліппеге түсіріп, осы қолжазбаның фотокөшірмесін және қазіргісін жеке жинақ етіп шығардық. Бұған қоса Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысының қырғызша нұсқасын әкеліп, аталмыш серияға енген ақын кітабында жарияладық. Қырғызстаннан біз әкелген бұл нұсқаларды 2015 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған Сүйінбай шығармалары жинағынан орын алды. Мұның бәрі – алдағы уақытта атқарылуға тиіс үлкен шара-шаруалардың бастамасы ғана. Жазба әдебиетінің дамуы қиын отаршылдық кезеңінде ұлттық тіліміз бен діліміздің, болмысымыздың сақталуына ең шешуші әсер еткен авторлық ауызша поэзияның халқымыз үшін маңызы орасан зор. Ұлттық асыл мұраларымызды жұмыла жинау, түгендеу, қадіріне жету баршамыздың қарызымыз.

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз