• Тарих толқынында
  • 21 Қараша, 2018

АСПАНТАУ РУХЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Біздер биыл алпыстың асқарына шықтық. Құдай көп көрмесін! Қасиетті қазақ өлеңінің өрісінде жүрген Қасымхан, Әбубәкір, Мәди, Сағатбек, Ғайсағали бастаған менің құрдастарым ағалықтан абыздыққа беттеді. Осы менің қатарларымның ішіндегі «сегіз қырлы, бір сырлысы» сөз жоқ, Сағатбек Медеубекұлы. Оның өнер зерттеуші, ғалым, ұстаз, сазгер, ақын екенін көзіқарақты қауым, қазақ қоғамы жақсы біледі. Ал, менің жаныма азамат Сағатбек, дос Сағатбек, қайраткер Сағатбек әлдеқайда жақын. Өн бойынан адамдықтың, адалдықтың ақ шуағы есіп, кейде баладай еркелеп, кейде қазыналы қариядай ойға шомып, ал, енді, кесім шығарар сәтте кісіліктің сөзін кесіп айтатын азамат дос! Онымен араласқан сәтте нұрлы бір әлемге кезігесің. Сол әлем осы ақын құрдаспен жақындатып, жаныңды туыстырып жібергенін өзің де байқамай қаласың. Себебі, ол өмірде де, өлеңде де жүрегінің сөзін айтады. Біз, мың құбылған бояулар арқылы рухымыздың тазалығын, жанымыздың жарасымын жырдан табамыз. Болмысқа барлау жасап, өмірімізге үндестік іздесек, таңғы шыққа шомылған құстардың дауысындай, алқынған ақ бұлақтың арынындай, шолпының сыңғырындай бір әдемі күй жан-дүниеңді баурайды. Өлең құдіреті деген осы. «Лирика – поэзияның поэзиясы» – деген Белинскийдің тұжырымы бар. Соны Абайша айтсақ: «сыңғырлап өңкей келісім»... Сөз жоқ, Сағатбек Медеубекұлы – азаматтық лириканың ақыны. Отан, туған жер, бабалар аманатына адалдық, ұрпақ алдындағы жауапкершілік ақын өлеңдерінің негізін құрайды. Эпикалық кең тынысы, қазақтың ұлан байтағын сүйген жүрегі, кешегі ақ сақалды абыздардың аманатына адалдық – оның шығармашылығының өлмес өзегі де. Біз  екі ғасырды, екі қоғамды, екі формацияны көрдік. Көріп қана қойған жоқпыз, сол өзгерістерді жан-жүрегімізден, жүйкемізден өткіздік. Әйтпесе, Сағатбек Албан Асан, Сәдіқожа, Көдектен бастап, Мұқатай Жылқайдаровқа дейінгі Аспантаулар өңірінің дүлдүлдері мен бұлбұлдарының мұрасын жаяу-жалпы жүріп іздер ме еді?! Мынау көкайыл қатынның мінезіндей қуаяқ заманда ол еңбегін кім ұғып, кім түсініп жатыр?!. Зейнеті аз бейнетті оған тағдыры аманат еткен. Ақындық жүрегі «арым – жанымның садағасы» деп бүлкілдейтін  Сағатбек достың ғұмырындағы ең үлкен атағы осы мақалаға мен тақырып етіп қойып отырған «Аспантау рухының шырақшысы» шығар, сірә! Иә, одан артық абырой да, атақ та керегі жоқ саған, досым, құрдасым, бауырым. «Бәрі өтеді» – депті бір философ ғұлама. Сол айтқандай, бәрінің өтетінін ерте білген соң да  сен ең алдымен арыңды, абыройыңды ойладың.  «Рухтың шырақшысы» деген атақ сен алпысқа келгенде жарық көргелі тұрған «Қара жер – қарашығым» атты, Тұма-ағамша айтсам, «әйбат жинағыңның» алғысөзін жазып отырған тұста менің аузыммен айтылды, құрдас! Бұл мәңгілікке баратын атақ, құтты болсын! Әй, бірақ, Сағатбек дос-тың  атақпен шатағы жоқ. Біраз шәкірттері, іні қарындастары ғылым докторлығын қорғап жатқанда, кәрілеу кандидат Сағатбек «ақырын жүріп, анық басыпты» (Абай). Жұмысы дайын болып, кезегін күтіп жүргенде ол ғылыми атақ келмеске кетті. Ал, біз үшін доқ көрсетер докторыңнан да, арзымайтын академигіңнен де кәнігі, кәсіби кандидат Сағатбегіміз он есе артық. ...жаратса Алла солай, қайтем енді, Алданған аңғал болдым ай төбелді. Ұрлаған ұры заман ұяттарым, Сол күні ұрпағыма қайта ма енді?! – дейді, Сағатбек ақын. Осы  жалғыз шумақта жұдырықтай ғана жүрегіңе батпан жүк артатын салмақ бар. Ұры заман ұятымызды ұрласа, ардан ада қылса, жаның қалай жай тапсын, жаным! Мейірім, пейіл, ізгілік атаулы ұлттың жәуһар қасиеттерін мен де қолыма шырақ алып, жанарымнан жас тамшылата жүріп   іздегелі қашан!? Сен айтқан ұрланған ұяттар ұрпағымызға  қайтар күн туса, алаңсыз ана жаққа аттана берер едік қой  екеуміз. Қазақ «Керуен айналса, ақсақ түйе алға шығады» дейді. Мынау әлем- жәлем, қызылды-жасылды жарнамалар заманы біртүрлі жанымызға жаттау ма қалай? Сағатбектің «Қайшылық», «Ауылдасқа хат», «Бұл кім?», «Бастау көрдім» секілді өлеңдері жақсылықтың жаршысындай, таңғы шықтың тамшысындай аяулы жырлар, арда сырлар. Аспандағы Ай үнсіз, Жер айналмас уайымсыз. Кеудемдегі жүректің, Білдіңіз бе жайын, Сіз? Тамырымды тіліңдер, Жүрегіме кіріңдер. Дүрсілімен, адамдар, Бірге өмір сүріңдер! – дейді, Сағатбек «Жүрек пен Жер жыры» өлеңінде. Бұл – адамзатқа тіл қату, адамдардың арын оятар  арналы жыр, санаңа салмақ салар  салиқалы сыр. Негізі, мұндағы  ақын жырларының мұңы басым. Оны оқи отырып, көкорайлы көктемді емес, қоңыр күздің сұрғылт аспанының астында сарыала жапырақтарды кешіп келе жатқандай күй кешеді екенсің. Бірде жаныңды тоңдырар, енді бірде,  жүректі жылытар жолдар аз кездеспейді мұнда. Меніңше, өлең деген де, қолтаңба деген де осылай болуы керек шығар. «Үзік ойлар», «Азаматқа ар бітсе», «Сайқал» секілді өлеңдер де діңі мықты, айтар ойы қорғасындай ауыр дүниелер қатарында. Атағынан нар шөгер, Әруағы жоқ үркітер. Атақ емес, баршама ел Ардан туған жыр күтер... Бұл енді Ө ақынның кредосы, ұстанымы ( Сенікі – ардан туған жырлар, Сағатбек!). Екінші бөлімдегі «Жүр бауырым, Қарқараға» толғауы жанары жарық дүние. Қара жердің апшысын қуырып  көсілетін хас жүйріктей эпикалық дүниеге келгенде ақын құлашын кеңге сілтейді: Қауырсын ғып жыр қададым, Қанатына қыранның. Жырларымды шыңдап әлі, Шыңдарыңа шығармын. Шуда бұлтты заңғарыңның, Айбынынан айналдым. Аршасы мен талдарыңның, Тамырына байландым... Бұдан артық қалай айтуға болады? Туған жерге деген перзенттік жүрек лүпілі өлеңнің әр жолында байқалып тұр. Жалпы, Сағатбек дос – туған жерін  сүюдің үлгісін көрсетіп келе жатқан азамат ақын. Сол сезім өлеңдеріне айна қатесіз көшірілген. Ақындық жолындағы Сағатбек Медеубекұлының «Рахымрахан айтындары немесе қырдағы қырғындар» дастаны – құрылымы бөлек, айтары айқын, кесек дүние. Бұл шығармада отарлау саясаты кезіндегі опатты оқиғалар, алағай да бұлағай заман суреттері айқын көрініс табады. Автордың бұл тақырыпқа бару үшін көп ізденгені байқалады. Оны әр бөлімі тарихи шындығы бар түрлі оқиғаларды суреттеп, қырдағы қырғынды әр қырынан көрсеткенімен, сол қырғында басынан кешкен,  қорлық пен  зомбылықтың ортасында  ойраны шыққан ел тағдыры менмұндалап, алдыңғы кезеңге шыға береді. Анасы бала құшып аңырайды, Оққа ұшқан жаралының жаны қайғы. Жан алқымға келгенде қуыс кеуде, Бірге туған бауырын танымайды. Не деген заман, не деген суреттер. «Қырғынның қырық түрі өткен-ау, қырдағы бабалардың басынан»дейсің оқи отырып.  Бұл дастан – қырдағы қырғындардың тарихи ақиқатын сана сүзгісінен, жүрек тамырынан өткізген  ұрпақ сөзі,  бұл – қазақ даласын қазақтың қанына бөктіргендерге қарата айтылған қарғыс жыры... Ақынның балаларға арналған өлеңдерінде де сәби ұғымына сай, тағылым алар дүниелер баршылық. Осы тұста «Ботақан» өлеңін тұтас келтіруді жөн көрдім: ...Ботақан Жотадан түсем деп, Тұна аққан Бұлақтан ішем деп, Жайраңдай, Тайраңдай Жүгірді Суға дөп Тура кеп Кідірді. Жанарын тұныққа іркіді, Бейнесін көрді де үркіді. Балаларға арналған осы секілді жырлар бүлдіршіннің танымын өсіретін, көкжиегін кеңейтетін дүниелер. Мұқағали ағамыздың: «...Алпыс-қа келсек екен, енді, біздер» деп армандайтын жасына аңқылдап жетіп келіппіз, Сәке! Өлеңіңе де, өміріңе де бақ тіледім, құрдас, дос!

404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз