• Заманхат
  • 21 Қараша, 2018

Шетел ғалымдары қазақтар туралы

Есенғазы Қуандық, профессор, тарих ғылымдарының докторы

Қазіргі әлемдік дамуда Еуразия кіндігінде орналасқан қазақ мемлекетін құрып отырған қазақтар туралы, олардың ұлттық қадір-қасиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын мойындап әлем тарихшылары әр кезеңдерде өз пікірлерін білдіріп отырған. Батыс ғалымдарының ішінде бұдан жеті ғасыр бұрын қазақтар туралы ең алғаш қалам тартып, шынайы лебіз білдіргендердің бірі жазушы ірі саяхатшы, Италия ғалымы Марко Поло (1254-1324) болатын. Ол өзінің «О разнообразии мира» деген кітабында дүниежүзіндегі әр түрлі халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін әңгімелей келіп, қазақтардың бие сүтінен қымыз ашытатынын, «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген тәуекелмен жүре беретінін, малға ен, таңба салатынын, жоғалса немесе ұрланса, сол белгілер арқылы тауып алып, ұрлаған адамға 7-ден 300-ге дейін қамшымен дүре соғу айыбын кесетінін сөз етеді. Ол: «Қазақтардың қарулары садақ, семсер және шоқпар, олар садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиірек қолданады… Өте айлакерлікпен және батыл соғысады… Соғыста ар-намысын жоғары ұстайды. Қашып бара жатып қуғыншы дұшпанын нысанаға дәл алып, бетпе-бет тұрғандай соғысады» – деп қазақтардың мергендіктерін, ержүрек жауынгер екендіктерін сүйсіне жазады. Ал, венгр ғалымы А.Вамберидің «Орта Азия очерктері» (М., 1868), «Орта Азияға саяхат» (СПб…1865) деген еңбектерінде Бұхар хандығындағы қазақтар туралы: Біздің білетініміз – олар Сібір, Қытай, Түркістан және Каспий теңізі аралығында ұлан-ғайыр сары даланы мекендейді. Біздің аса бір таң қалғанымыз олардың музыка мен поэзияға ерекше бейімділігі, екінші жағынан байқағанымыз: текшілдігі: екі қазақ жолықса, міндетті түрде алғашқы сұрауы «Жеті атаң кім болады?» – деп келеді, тіпті, сегіз жасар бала болса да, жауапқа мүдірмейді, олай болмаған күнде жетесіздігін көрсетеді». Қазақтар және Орталық Азиядағы басқа да көшпелі халықтардың өмірі француз тарихшысы Жозеф де Гиньнің (1721-1800) «Ғұндардың, түріктердің, монғолдар мен басқа да батыс татарларының ерте кездегі жалпы тарихында» баяндалады. Атақты ғалым бұл еңбегінде ғұндарды түрік тілдес халықтармен туыс деп көрсетеді. Сонымен қоса, ол үйсіндерді Орталық Азияның көне де ірі халықтарының қатарына жатқызады. Француз академиясының профессоры А. Жарри де Монси қазақтар туралы: «Көне заманда бұл халық білімді болған... Ислам дінін қабылдағаннан кейін жоғалтып алған олардың өзге белгілермен берілетін Оңтүстік Сібір, Обь өзені мен Енисей аралығында табылған таңбаларға өте ұқсас жазуы да болыпты. Қырғыз тілі (қазақ-Е.Қ.) – түрік тілдерінің ішіндегі өте тазасы» – деп көрсетті. Батыс Еуропада, Скандинавия мен Америкада жарық көрген еңбектердің ішінен ағылшын суретшісі Томас Уитлам Аткинсонның тарихи, этнографиялық, географиялық зерттеулерін атауға болады. Аткинсон дала тұрғындарының ақындық, рухани, моральдық түсінігінің жоғарылығы, поэзияға деген елдің құрметі, ақындардың абыройлылығы туралы былай деп жазады: «Өткен өмірдегі батырлық туралы мына ақынның жырын бақташылардың ықылас қоя тыңдағаны соншалық, тіпті, кезінде Гомер де мұндай ілтипатқа бөленбеген шығар. Қазақ ақынының өз халқына ықпалы Гомердің гректерге ықпалынан кем емес. Бастапқыда таулар мен далалардың сұлулығы, қазақтың сәйгүліктері туралы жырлағанда тыңдаушылар үн-түнсіз-ақ отырғанда, ал, даңқты айқастар туралы жырлай бастағанда олардың жүздері өзгеріп сала берді. Тіпті, кейбірі орындарынан атып тұрып айбалталарына жармасты... Міне, сауаты жоқ дала жырауларының өз бауырластарының жан-дүниесін баурап алар күші осындай. Оның шабытты өлеңдерін мен ұзақ тыңдадым». Ал, американ дипломаты Юджин Скайлер қазақтарға үлкен құрметпен қарап былай деген. «Қырғыздар басқа азиаттықтарға қарағанда бейне бір бала мінезділігімен ерекшеленеді. Олармен өте жақын танысқаннан кейін қырғыздарды (қазақтарды - Е.Қ.) құрметтемеуге, жақсы көрмеуге ешқандай шамаң қалмайды. Орталық Азияда тұрған халықтардың ішінде қырғыздар басқа тайпалардан жоғары тұр» деген пікір айтады. Осы уақытқа дейін ғылыми айналымға ене алмай келе жатқан шығыстанушысы О.Прицактың Қазақстан жерінде өмір сүрген ерте феодалдық мемлекеттер мен олардың тайпалық құрылымы жөніндегі ізденістері ерекше тоқталуды қажет етеді. Ғалымның «Орта ғасырлық Еуразия тарихы туралы зерттеулері» ерекше маңызды. Прицак Қараханид, Қарлұқ, Түргеш, Ұйғыр қағанаттары туралы деректі зерттеулерінде келтіреді. Француз ғалымы Элизе Реклю (1830-1905) «Арал-Каспий көлбеуін мекендеуші халықтар» (1880) атты еңбегінде қазақтар туралы жоғарыда айтылған пікірлерді қуаттай отырып: «…бүкіл Ресейдің көлеміндей жерді Еділ жағалауынан Алатауға дейін, Әмударияның аяғынан Ертіске дейінгі өңірді алып жатқан екі миллиондай адамы бар (халық саны ол кезде 4 миллионнан астам болатын - Е.Қ.) қазақ ұлты Азияның көшпелі нәсілінің ішіндегі ең өсіп-өнген ел, бірақ бөлшектенуі де шексіз: қазақтар өздерін жел қанша ұшырса да, мұрты сынбайтын теңіз құмына теңейді. Бұл халықтың өкілдерін тіпті, Тибет пен Үндістан шекараларынан да кездестіруге болады. Бұлардың тілінде мұсылман діні арқылы енген аздаған араб, парсы сөздері мен монғол тілінің аз-маз әсерінің байқалғаны болмаса, бөгде әсерге ұшырамаған ең таза тілді түркі халқына жатқызуға болады» дейді. Ал, Э.С.Вульфсон деген дат ғалымы өзінің «Қазақтар» очеркінде (1901) қазақтың қыз қуу, ат жарыс, жорға жарыс, т.б. ұлт ойындарын сипаттай келіп; «тап қазақтардай бүкіл өмірінде әнді қастерлеп өтетін халықты табудың өзі неғайбыл…» деп, олардың өнерді қастерлеуін кең сахарада көшіп-қонып еркін жүруімен байланыстырады. Қазақтың балаларды кішкентайынан инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелейтініне сүйсін-ген ғалым: «Қазақ өз баласына - егер қарттарды сыйласаң Құдай сені сыйлайды деген нақылды кішкентайынан миына құйып өсіреді, егер үйге ақсақал кіріп келсе, барлық жасы кіші түрегеліп бас иеді және әзіл-қалжың кілт тыйылады» – деп жазды. Қазақтардың салт-дәстүрі мен әдет - ғұрпын зерттеген неміс оқымыстысы Василий Василиевич Радлов (1837-1918) өзінің «Из Сибири» деген еңбегінде : «… менің – деп жазды ол, – қазақтар арасында ұзақ уақыт тұрып, олардың салт-дәстүрлерімен танысқанымда көзім жеткен ақиқат-бұлардың өзіндік ерекше мәдениеті бар халық екендігі. Біздің отандастарымыз ойлағандай олар, тіпті де, тағы, ауыздықсыз, бас бұзар, қарақшы, тұқымын құртуға тұрарлық халық емес. «Олардың мінез-құлқына отырықшы халықтарға қараған көзқарастан басқа көзқараспен қарау керек… Олардың өмірге көзқарасы, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, бір сөзбен айтқанда, бар өмірі мен еңбегі малмен тікелей байланысты болғандықтан жыл бойы көшіп-қонуға негізделген… Ойды бейнелеп беруі және ашық-айқын өткір айта білуі жағынан қырғыздарды (қазақтарды) тіпті Батыс Азияның француздары деуге болады», деп, қазақ мәдениетіне аса жоғары баға берген. Қазақтар жөнінде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған – Алексей Ираклович Левшин (1792-1879) қазақтардың табиғат қаталдығына төзімділігін, күнкөріс кәсібін төрт түлік малмен байланыстыра былайша сөз етеді: «…табиғатпен етене өмір сүрген, қарапайым тамақ ішіп, жайбарақаттықта, таза ауамен тыныстаған қырғыздардың денсаулығы мықты, көп жасайды, күшті де қуатты, аштыққа, ыстық-суыққа шыдамды келеді. Күннің ыстығы қаперлеріне де кірмейді. Айналасын көргіш, қырағылығы таңдануға тұрарлық, тегіс жерде тұрып кішкентай заттарды он не одан да көп шақырымнан көре береді. Көздері аса өткір көреді. Еуропалықтар заттарды бұлдыр көріп әзер байқайтын жерден, олар заттың сұлбасы мен түсін (әсіресе, малдың түсін) жақсы ажырата біледі. Бала күннен ат құлағында ойнауы олар ат үстінде туғандай әсер қалдырады, ең асау жылқыны өте шебер ауыздықтай да біледі»… ауылға сырттан қонақ келсе, бәрі жиналып соны тыңдайды, берген тамағына ешкім әңгімеден басқа ақы сұрамайды. Қырғыздар үшін меймандостық қастерлі заң» деп, қазақтың қонақжайлық салт-дәстүрін мадақтаса, олардың психологиялық ерекшелігіне орай: «… қайырымдалық, адамды аяу, қарттарға, ақсақалдарға құрмет көрсету – олардың ең жақсы қасиеті, халықтың даңқын шығарған ұлдарына батыр деп ат беріп, өлсе де ұмытпай үлгі тұтады. Қырғыздар туған жерін, атамекенін қатты қастерлейді. Кір жуып, кіндік кес-кен жерін тастап ешкім ешқайда кетпейді» – деп, елін-жерін сүюшілік олар үшін ұлттық сезімнің ең қасиетті белгі екенін айтып, қазақтың билік адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтеді. А.И. Левшин қазақ әйелдерінің инабатты, шаруақор, іске шебер, еріне адал болатындығын дұрыс бағалай білген. «Қырғыз әйелдері, – деп жазды ол, – түйе жетектеп келе жатып та жасы үлкен ерлерге ізеттілік көрсетуді ұмытпайды. Олар ерлерден гөрі бейнетқор, малға қарайды, киім тігеді, ері үшін бәрін жасап, оны кетерде атына мінгізіп аттандырып салады. Қазақта балаға әкеден гөрі ана көп қарайды, қыздарын үй-ішіндегі өнердің бәріне үйретеді». Поляк халқының көрнекті өкілі қайраткер ақын, революционер Вильно университетінің түлегі Адольф Янушкевич (1803-1857) (оның нағашысы атақты Костюшко Польшаның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен адам болған). 1832 жылы 4 наурызда А.Янушкевичті дворян атағынан айырып, өлім жазасына кесіп, оны кейін 25 жылға жер аударумен алмастырады. Ол 1832-1849 жылдары Тобыл, Есіл бойларында, Омбыда айдауда жүріп қазақтардың өмірі туралы естелік еңбектер жазады. 1846 жылы А.Янушкевич Семей, Аякөз, Жетісу өлкелерінде мал-жан санағын өткізуге Омбыдан арнайы шыққан шекаралық бастық, генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамында болып, қазақтардың ауылдарын аралап, көрген-білгенінен «Қазақ даласынан жазған хаттар» деген естелік құрастырады. Мұнысы 1861 жылы Парижде поляк тілінде басылып шығады. А.Янушкевич осы еңбегінде Ресей империясы шенеуніктерінде қазақтар жөнінде сол кезде қалыптасқан «тағы-көшпелілер» дейтін теріс көзқарасты әшкерелеп, дала тұрғындарының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі бар, шешендік, ақындық өнерге келгенде ақыл-ой тапқырлығы жағынан Еуропаның ең мәдениетті деген елдерінен кем түспейтіндігін нақтылы деректер келтіре баяндайды. Бұл жөнінде ғалым: «…мереке кезінде мен ең алғаш рет өлеңшілерді тыңдауға мүмкіндік алдым. Қазақтардың өлең шығаруы мен орындау дарыны осы халықтың ақыл-ой қабілетін тамаша айқындайды». «Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда, Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендердің сөз сайысына таң қалып қол соққанмын. Ал, бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады» дейді. А.Янушкевич қазақтардың ас пен тойын, ат баптауын, қымыз ашытатын, ақындар айтысын, келін түсіру, ұлға енші беру, өлікті жөнелту, барымта сияқты әдет-ғұрыптарын да терең сипаттап, сүйсіне сөз етеді. Демократ А.Янушкевич: «…өзіне жоғарыдан менсінбей қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің құрметті орын алатын кезі келді» деп, көрегендік пікір айтқан. Дәрігер антрополог ғалым Н.Л.Зеланд (1833-1902) Орынбор, Омбы, Семей қалаларында болып, қазақтар туралы «Қазақтар» этнографиялық очеркін жазды. Ол қазақтарға психологиялық мінездеме бере келіп: … «қазақ-қызу қанды жан. Оның рухына жайсаңдық пен ізгілік тән, ол ылғи да жайдары жүреді, жалпы сергек, әрі еліктегіш келеді. Алайда, жүйкесі көнбісті, ашушаңдыққа бара бермейді. Олардың қызу қанды болуының себебі, бәлкім, көшпенділердің өмір салтынан болса да керек. Қауырт та шапшаң дене қозғалысы, үнемі ат үстінде жүруі қан айналымы мен зат алмасуына қолайлы болуы тиіс, бұған қосымша дала тұрғындарының дене қызуының жиі алмасуы, олар жұтатын таза ауа да, шөлейтте жол шеккенде сусынды көп ішуі, діни жоралғыларға байланысты тағамдар таңдауы асқазан және ішек жолы қызметін жақсартуға көмектеседі. Бұл айтылғандардың рух күшін сақтауға маңызды ықпалы зор: ақыр соңына арақпен, апиынмен және темекімен жүйкесін жұқартуға әдеттенбеудің де біраз пайдасы бар» деп, қазақтардың әдет-ғұрпы мен тамақтану ерекшеліктеріне ғылыми-медициналық талдау жасайды. Ол қазақтар алғыр: «…математикаға басқалардан гөрі жетік келеді, оларда аналитикалық ойлау қабілеті күшті» дейді. Ол, сондай-ақ, қазақтардың адамгершілік қасиеттерін сөз ете келіп, «әйелдер иманжүзді олар ақылдылығымен көзге түседі. Бұл – қазақ қыздарының тәрбиесіне от басында ерекше көңіл бөлуге байланысты» деп тұжырымдайды. Василий Радлов (1837-1918). Ол Гамбург университетін бітіргеннен кейін, Ішкі істер Министрлігінің жолдамасымен Барнаулға келеді. 1860-1880 жылдары Алтай өлкесі мен қазақ даласын атпен кейде өгіз арбамен аралап, қариялардың аузынан аңыз әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, тұрмыс-салт жырларын жазып қалдырады. Кейін «Из Сибири…» деп аталатын бір томдық зерттеу еңбегін жазады. Автор қазақтардың ұшы-қиырсыз жалпақ далада үнемі көшіп-қонып, жерін қорғап жүріп, өздерінің салт-дәстүрлері мен тілін, мәдени асыл мұрасын мүлтіксіз сақтап қалуы – олардың патриоттығы мен жауынгерлігінің ерекшелік белгісі деп қарайды. Ресей империясына екі жүз алпыс жылдай бодан болған дала халқының дәм-тұзын татқан оларға шын тілеулес болып, жылы жүзбен қараған осынау жат жұрт зиялылары (И.Ганвей, М.Готовицкий, А.Брем, В.Анчиков, А.Васильев, А.Седельников, Л.Майер, А.Костин, М.Шестаков, Ф.Щербина, т.б.) кеңбайтақ өлкені тек тамашалап қана қоймай, мұнда мекендеген елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, өнері мен мәдениетін, әдебиеті мен ем-домы жайлы бағалы еңбектер жазып қалдырды. Мәселен, И.Кастанье дала тұрғындары туралы былай дейді: «…қазақтар өте қонақжай, өзі аш қалса да, соңғы етін қонаққа ұсынады». Ал, И.Ганвей: «… қырғыз (қазақ - Е.Қ) күшті де ержүрек халық. Олар танымайтын адамдарға да кішіпейіл, қонақты ренжітуді үлкен ұятсыздық деп біледі» десе. Ф.Щербина: «…қазақ керемет өсімдік танығыш, ол әртүрлі өсімдіктің жылдың әр мезгіліне қарай қай түлікке жағымды келетінін жақсы біледі» дейді. Қазақтардың эстетикалық, сұлулық түсінік-талғамдары туралы айтылған небір ғылыми сипаттамалар аз емес. Мәселен, П.Пашино: «Өлең, жыр-қазақтардың жан серігі, қарапайым адамдар суырып салып айтуға бейім тұрады» десе, С.Рыбаков: «…қазақ поэзиясы жалпы сапасы тұрғысынан, тілінің анықтығы, ойларының бейнелілігі, лирикалық қасиеті жағынан айрықша даралана түседі. Ал, оның музыкасы қазақтың рухани өмірінің байлығы» дейді. Қазақ халқының тіл байлығы туралы атақты түрколог С.Малов «түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» десе, шығыстанушы П.Мелиоранский: «…қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері …Қазақтардың халық әдебиеті аса бай, әрі жан-жақты» дейді. Орыстың тағы бір зиялысы А.Брем: «шешендік, тіл өнеріне жеттік – бүкіл қазақ халқының негізгі психологиялық ерекшелігі» дейді: «Қазақтар, – деп жазды ол,- сөз өнеріне аса жетік келеді. Бұл-жұрттың бәріне: оқыған адамдарға да, әліпті таяқ деп білмейтіндерге де, байға да, жарлыға да тән қасиет». ХVIII ғасырдың 30 жылдарынан бастап қазақ жеріне еміне, ентелей енген орыстарға ілесіп батыс саяхатшылары, көпестері мен дипломаттары келе бастайды. Олардың ішінде Кіші жүз қазақтарының тарихы мен этнографиясын зерттеуге мол үлес қосқан 1735-37 жылдары Орынбор экспедициясының құрамында орыс қызметінде болған ағылшын суретшісі Джон Кэстльді ерекше атаған жөн. Д. Кэстльдің баяндауымен жазылған саяхат күнделігі неміс тілінде «Орыс тарихының материалдары» атты жинаққа қосымша ретінде 1784 жылы Ригада жарық көрді. Күнделікте суретші қазақтар өмірінің барлық саласынан Кіші жүздегі саяси ахуал, бұл оқиғаға әлеуметтік топтардың көзқарастары, қазақ халқының қолөнері, киім-кешегі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, Орталық Азия халықтарымен сауда, материалдық, рухани қатынастары жайлы құнды деректер жинаған. Оның еңбектерінде қазақтар «орта бойлы, қара шашты, денсаулығы мықты, төзімді де күшті, қонақжай болып көрінеді». Суретші Әбілхайыр ханмен, оның Орынборда орыстарда аманат ретінде отырған баласы Ералы сұлтанмен кездесіп, олар және ханды қоршаған көптеген батырлар жайлы қызықты мәліметтер қалдырған. Олардың ішінде Ералы сұлтанның, Әбілхайыр ханның, Бопай ханымның гравюралары бар. Қазақ жерінің ең шұрайлы, нулы, атып алар аңы, сүзіп жер балығы көп өлкелеріне казактар мен орыстар мұжықтары келіп орналасты. Қазақтар болса шөл-шөлейтті далаларға ығыстырылды. Бұл жөнінде американ ғалымы Джордж Делеко «1896-1916 жылдарда Қазақстанды орыстардың отарлауы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ал ағылшын таихшысы О. Кэроу «Кеңес империясы; Орта Азия түріктері және сталинизм» деген еңбегінде зорлап отырықшыландыру қазақтарды фабрика мен кеніштердегі жұмысшыларға, не мемлекет бақылауындағы отырықшы колхозшы малшыларға айналдыруды көздеген Кремльдің ресми саясаты – деп жазды. Ресеймен шекаралас аз халықтарды жаулап алуда белсенді рөл атқарған, әсіресе, қазақ жерінде отаршылық тәртіптің қарулы сақшысы болған Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казактарының қандыбалақ тарихының жылнамасы іспеттес американ профессоры Роберт Макнилдің «Патша мен казак 1855-1914 жылдар» және ағылшын ғалымы Альберт Ситонның «Даланың аттылы адамдары немесе казактар тарихы» – деген еңбектері қазақтар туралы талай құнды мәлімет бар. Батыс әлемінде пайда болған алғашқы еңбектердің өзінде-ақ Түркістан мен қазақ даласында Кеңес өкіметі зорлықпен орнатылғаны және оған жергілікті халықтың, оның большевиктер ықпалына түскен азын-аулақ өкілдері болмаса, қатыспағандығы, бейтарап қалғандығы айтылады. Мұндай тұжырымдар француз тарихшысы Ж. Кастенның жиырмасыншы жылдары жазған еңбектерінде жазылған. «1917 жылдың қарсаңында, – деп жазды американ тарихшысы А.Парк, – 1917-1918 жылдардағы Түркістандағы большевизм» деген еңбегінде, – марксистер Түркістанды әлеуметтік революция үшін ең бір қолайсыз орта деп санаған. Қазақстанда орнаған пролетариат диктатурасының алғашқы күндерден отаршылық сипат алғаны Р. Пирс, М. Ривкин, А. Беннигсен, Коррер д»Анкос, Д. Гейгер, М. Ферро, Р. Суни, т.б. еңбектерінде нанымды суреттелген. Қазақ қоғамының тарихы күн тәртібінде отаршылдық қанаушылықтан құтылу, азат ел болу мәселелері тұрды. Қазан төңкерісінен кейін орыс қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды қазақ қоғамына күштеп таңу, жарлыны байға, халықты құдайға қарсы қою әрекеттері қазақ халқына да зор қайғы-қасірет әкелді. Американ ғалымы Р. Смаль-Стоцкицдің «1917 жылы шындығында Ресейде екі революция басталды. Оның бірі этнографиялық жағынан алғанда орыс территориясында орын алған, ең алдымен саяси, содан кейін, әлеуметтік мақсаттар көздеген орыс революциясы да, екінші этнографиялық жағынан орыстарға қарамайтын территориядағы қаналған халықтардың ...орыстарды өз жерлерінен қоныс аударуды көздеген орыстарға қарсы революция болды» – деуі бүгінгі күн талаптарымен сабақтасып жатқан пайымдаулар. Тың және тыңайған жерлерді игеруді Лондон университетінің профессорлары Р.Лэйерд пен Дж. Чэпел, т.б. батыс ғалымдары Столыпин реформаларының жалғасы ретінде бағалады. Принстон университетінің оқытушысы Э.Дэйли: «Мәдениет саласында, әсіресе, орыстар діні тұрғысынан Орталық Азия мен Кавказ халықтарынан өздерін әлдеқайда жоғары тұрмыз деп есептеді» – деп жазды. Мұндай негізсіз астамшылық орыстардың Орталық Азия мен Қазақстандағы барлық жоғары басшылықты өз қолдарына ұстауынан, сонымен қатар мұсылман халықтарын «жусата» түсуге бағытталған атып-асу, қуғын-сүргінге салу шараларынан айқын көрініс тапты. 1916 жылы полковник Иванов өзінің жазалаушы отрядтарына «орыс солдатының етігінің тағасы мыңдаған жергілікті қаңғыбастар өмірінен бағалы деп нұсқау берген». 1986 жылы желтоқсанда Алматыда Э.Коррер д.Анкостың сөзімен айтқанда «қазақтар тұрмайтын қазақ астанасында» болған шыдамы таусылған қазақ халқының толқуы туралы Англияда, Францияда, АҚШ-та бірнеше кітаптар мен мақалалар жазылды. Оның ішінде Колгейт университетінің профессоры Марта Брилл Олкоттың «Қазақтар» атты монографиясын ерекше атауға болады. Онда қазақ халқының Батыс түрік қағанатынан бастап желтоқсан көтерілісіне дейінгі кезеңі баяндалады. Кеңес империясы кезіндегі Қазақстан тарихының батыс тарихнама мектебінде зерттелген негізгі мәселелері осындай. Қазақ халқына жасалған отаршыл-дық үстемдік дүниежүзілік тарих ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, қазақтың шынайы тарихын жазуға мүмкіндік бермеді. Отаршылық тәртіптің идеологиялық сақшылары Қазақстанның қоғамдық ғылымдарын Батыстың қоғамдық ой-пікірінен барынша қорғап, оқшау ұстап келді. Осының салдарынан АҚШ, Англия, Франция, Германия, тіпті сонау Скандинавия елдерінде де қазақ халқының тарихы мен мәдениеті өткен ғасырдан бастап зерттеліп келгеніне қарамастан, ол ғалымдардың еңбектері бізден жасырылып отырылды. Кеңестік тарихнама өкілдері ондай еңбектерді «ғылыми құндылығы жоқ идеологиялық тұрғыдан зиянды» деген желеулермен соңғы кезге дейін, кітапхана мен архивтердің арнаулы қорларында тығып келді. Осындай қырағылық бізді – қазақтарды дүниенің бәріне орыстың терезесі арқылы қарауға дағдыландырды. Кеңес дәуірінде жазылған Қазақстан тарихы ғылымының сүлбесін құраған көптеген тұжырымдар мен болжамдардың уақыт сынынан өте алмай қалғандығы ақиқат. Қазіргі тәуелсіздікке жеткен тұста қазақ тарихын біртұтас дүниежүзілік тарих ғылымының ажырамас бөлігі ретінде қарастыру кезек күттірмейтін міндетке айналды. Сонымен қатар, Қазақстан тарихын, оның шетелдік тарихнамасын кең көлемді зерттеу мен оны жоғары оқу орындарының бағдарламасына жеке ғылыми пән ретінде енгізуді қазақ халқының шынайы тарихын жасаудағы ізгілікті ізденістердің бірі ретінде қарау қажет болып тұр. Өйткені, ол жас ұрпақтың жадағай идеологиялық ұрандардан, жалған түсініктерден арылтып, оларды өз халқының ұлттық мүддесі туралы ойлауға жетелейді.

6364 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз