• Еркін ой мінбері
  • 08 Қараша, 2012

Мұхтархан Оразбайдың 15 өтірігі

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымдарының кандидаты

Әдетте, жалған тарих жазған адамды, жалған ақша жасаған қылмыскер ретінде жазалау керек дегенді жиі айтамыз. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылға таяу уақыт ішінде қоғамдық ғылымдар саласында, әсіресе, тарих пен әдебиет саласында жаңбырдан кейін қаулап шыққан саңырауқұлақтай қаптаған том-том кесек кітаптар мен ұзақ сонар мақалалардың дұрыс-бұрысын сараптап, байлаулы сөз айтар өкілетті мемлекеттік мекеменің жоқтығынан, әрі атағынан ат үркетін академиктер мен докторлардың үнсіз бейтараптығынан шала ғалымсымақтар тым еркінсіп, тарихи санасы енді ғана қалыптаса бастаған жас ұрпақты әбден шатастырып жіберді. Сондайлардың бірі – өткен ғасырдың 80-жылдары Қытайдан Түркияға келіп, 90-жылдардың басында Қазақстанға келген Мұхтархан Оразбай деген «оқымысты». Мұхтарханның өзін-өзі таныстыруына сенсеңіз, Түркия мен Еуропа, Америка құрлығында ол алмаған атақ, ол мүше болмаған халықаралық ұйымдар жоқ дерлік. Ал, шын мәнінде Мұхтархан Қытайда он жылдық мектепті де толық аяқтамаған, жоғары оқу орны партасында отырып көрмеген, түріктер мен қазақтардың шетелдегі қандас бауырларына деген құрметі мен сенімін пайдаланып, жал­ған құжаттар жасап, көзбояушылықпен айна­лысып кандидаттық диссертация қорғап алғаны, (1991-жылы Ш.Ш. Уәлиханов атын­дағы тарих-этнология институтында тарих ғылымдарының кандидаттығы ғы­лы­ми дәрежесін, академик М. Қозыбаев жетек­шілігінде қорғаған), содан бері баспасөзде өзін-өзі біресе тарих ғылымдарының, біресе фило­логия ғылымдарының докторы, профессор деп жарнамалап жүргені жұртқа мәлім. Бұл реткі сөз ол туралы емес. Оқырмандар назарына ұсынбағымыз, Мұхтарханның Қытай ақыны Ли Байдан қазақ – Дулат ақынын жасамақ болып, қазақтың белді азаматтары арқылы бүкіл қазақ халқын, қазақ мемлекетін ұятқа қалдырып отырған алаяқтығына қатысты арандатушы өтіріктері мен жалған аудармаларын әшкерелеу болмақ. Біз, осыған дейін үстіміздегі жылдың 1-қазанында «Қазақстан» атты газет бетінде «Тарихтың түйінін сізше тарқату күнә, сенатор Өмірбек Байгелдіге ашық хат» жариялап, жаңылыс басқан қадамдарына сын айтқан едік. Ал, сол газеттің 15-қазандағы санында «Қытай ақыны Ли Бай шынында қай жерде туған?» деген көлемді зерттеу мақала жарияладым. Ол мақалаларда негізінен Ли Бай, Ли Тай Бай аталған ақынның түп-тұқиянынан қайыратын ата шежіресі мен қытай жазба деректері және қытай Ли Байтанушыларының 1000 жылдан бері жазған-сызғандарынан дәлел келтіре отырып, оның ешбір талассыз шәк-шүбәсіз қытай азаматы екендігін, тек, оның туған жері туралы әр түрлі болжам пікірлер бар екенін айтып, түйінді қорытынды талдауымызды жасаған болатынбыз. Уәжге, қисынды сөзге тоқтаған қазақ екеніміз рас болса, менің қарсы пікірлестерім туралыққа тоқтар, алдамшыға арандап қалғанын кеш те бол­са түсінер деп үміттенемін. Әйтсе де, ол екі мақаламда Мұхтархан Оразбайдың тарихқа, ғылымға мүлде жат, жымысқы айла тәсілмен, болмағанды болдырып, жазба деректерді қасақана бұрмалап қытай тілін білмейтін қазақстандықтарды қалай адастырып, арандатқан фактілеріне арнайы тоқталмаған едім. Бұл ретте Мұхтарханның аңқау елге арамза молдалық жасап, Тазша балаша ойдан құрастырған «40 өтірігінің» басты-бастыларына арнап, ол шатастырған тарих түйінін тарқатуға септігім тие ме деп қолыма қалам алдым. 1-өтірік. Қытай Ли Байдан Елібай, Ли Тай Байдан Елдібай, оның әкесі Ли Кыдан Алқа би, арғы атасы Ли Гуй мен, Ли Хаудан Дулат баба жасап шығару үшін ойлап табыл­ған ғылымға, тарихқа жат арандатудан бастау алады. Сондықтан, алда сөз болар Мұх­тар­ханның «қырық өтірігінің» арқауына айнал­ған осы өтіріктің қыр-сырын аша отырып зерттеуімізді жалғастырамыз. Бес мың жылдық жазба тарихы бар Қытайды айтпағанда, дүниежүзінде өмір сүріп жатқан қай ұлт, қай ұлыстың аты-жөні мен ата-анасының ныспысын басқа тілге аударып, тарих, ше­жі­ре жазғанын көрген, білген адам бар ма, өзі?.. Өкінішке қарай, біздің кеудемсоқ, шала сауатты тарихшы-шежірешісымақтарымыз талайдан бері жер-су атауларынан, ру-ұлыс атта­рымен жеке атаулардан өзіне керекті қазақша мағына іздеп, оны өздерінше тапқансып, жаңалық ашқансып келеді. Ғы­лымға, тарихқа қиянаттан, шатастырудан басқа берері жоқ осындай теріс ағымға тоқ­тау салар уақыт жетті, ағайын! Қытай жазба тарихына ең ертеде түскен, әрі ең көп таралған байырғы фамилиялардың бірі, тіпті, Қытай тарихына өшпестей із қалдырған әйгілі патшалар мен уәзірлер, әскер басылары мен елшілер, ақын-жазушылар мен өнер адамдарына ат-фамилия болып «Ли әулеті» – атанған миллиондаған Лилердің ішінен үш-төрт Лиді бөле-жара қазақшалап алып «жаңалық» ашпақ болу барып тұрған келеңсіздік, қазақ халқын жаңылыстырудан басқа еш нәрсе емес екенін баса айтқымыз келеді. Осы арада Мұхтарханнан мынадай сұрақ­тарға жауап алғымыз келеді. Бірінші, Ли Бай деген қытайлық адам атының атауының алдыңғы Ли сыңарын қан­дай тілдік, грамматикалық, синтаксистік-фоне­тика­лық заңдылықтарына сүйеніп «Ел, Елді, Елі» деген қазақ сөзіне айналдырдың? «Ли» мен «Ел» арасында қандай да бір мағыналық немесе үндестік бар ма? Екінші, Ли Байды – Елібай, Ли Тай Байды – Елдібай деп қазақшалағанда сүйенген ережең бойынша Ли Байдың әкесі Ли Кыны «Елі Би» демей, неліктен ол «Алқа би» болып түрленіп кетті? Ли Байдың аузына «Мен Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағымын» деп сөз салғанда, Ли Байдың арғы аталары болған Ли Гуаң мен Ли Хаудың «Ли» фамилиясына келгенде «Ел»-дің түсіп қалатыны қалай? Ли Байдың қарындасы «Ли Йо Юан» қалайша «Елі Толғанай «болмай», «Толғанай» болып қазақшаланды екен? Ал, «Ли Бай» дағы Бай сөзінің мағынасында қазақ тіліндегі «бай, манап» сөзіне ұқсастық деген мүлде жоқ нәрсе. Бәй ақ, жарық, анық т.б. дегендерді білдіретін сын есім. Бірақ Мұх­тарханға керегі ол емес, тек қазақтың «бай, манабы» ғана болғандықтан «Ел + і +Бай» немесе «Ел-dі-Баі» деп өте шығу керек болған. Ли Байға қатысты «Ли» әулетіне өзі қалаған қосымшалар мен сөз тудырушы жұрнақтарды тіркеп «Алқа би, Толғанай, Дулат баба» т.б. жасай беру Мұхтарханға не тұрады, тәйірі?! Әйткенмен, қарт тарих, жазба дерек кім көрінгеннің қолындағы ойыншыққа, бұра салса сылдырап аға жөнелетін шүмектегі суға айнала алмаса керек. Сондай мойны қатаң, діті берік тарихи жазба деректің бірі, әрі бірегейі артына миллиондаған ұрпақ қалдырған қытайдың Ли атты өскен, өнген, текті әулеті болатын. Сондықтан да, қытайларға кеңінен танымал болған Жаң Сан Ли Сы – пәленше, түгенше, бәрі, жұрттың бәрі, екінің бірі егіздің сыңары, ел, жұрт т.б. мағынада қолданылатын мәтелдегі «Ли» сөзі ең көп, ең әйгілі аса дегенді білдіріп тұр. Ендеше, қытайлар мыңдаған жылдық ата шежіресі бар «Ли» әулетін ХХІ ғасырда аяқ астынан шыға келген Мұхтарханға барымталатып қойып қарап отыра қоймас. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін өткенде жарияланған мақаламдағы Ли Байдың ата шежіресі кестесін осы араға бере кетуді пайдалы болар деп ойладық. Мен бұл кестені «Қазақпарат» баспасынан шыққан 46,9 баспа табақтық «Елібай. Ли Бай, Ли Бо» атты алтындаған әйдік кітаптың 99-бетінен алып отырмын. Мұхтархан ойдан шығарған өтіріктің ең келеңсізінің бірі, әрі өрескел бұрмалауы осы шежірелік кестенің астыңғы жағында шежірені сызған қытайлық автордың төрт тармақты «ес­кертпе» сөзін әдейі аудармай, тастап кетіп, бұл кестеге мүлде қатысы жоқ, онда айтылмаған мына сөзді жазып қойғандығы еді. «Ақынның сақталған шежіресі, бесінші атасы түрік қағанатының ханы болған дейді.» «Оқымысты» Мұхтархан белгілі ел азамат­тарының көзін бақырайтып қойып, осындай жолсыздыққа барудан тайынбайды. Қазақстанда өзінен басқа қытай тіл-жазуынан хабары бар адамдардың да бар екенін, олар не дер екен деген­ді мүлде есіне алғысы да келмейді. Егер де, «Елібай» кітабын шығару алқасындағы бір адам болса да, «мына шежірелік кестені қазақшалап берелік, сонда жұрттың көзі біз­дің айтқанымызға анық жетеді» деген болса, Мұхтархан осындай алдамшы жолмен көзбояушылық жасауға бата алмас еді ғой. Ли Байдың ата шежіресіне байланысты төрт ескертпені тастап кетуінің мәнісін аудармамен танысқан көзі қарақты оқырмандардың өздері-ақ білетін болады. Ескерту: 1) Ли Байдың ата тегі туралы тайуандық ғалымдар Го Шияң Лин, Жу Венгу және басқалардың айтуларына қарағанда, Ли Бай Жияң Чең немесе Юан Жидің әулеті көрінеді. Соңғы кезде оны Зұң Лидің әулеті деушілер де шыға бастады. 2) Жаң Шучеңнің (Лан Жоу университеті) пікірінше Ли Байдің ата тегі Хан дәуіріндегі Ли Лиңнің әулеті болып табылады, Батыс өлкеге кетіп қалған. 3) Ал «Ли Байдың ата тегі шежіресі туралы түрлі пікірлерге талдау» деген еңбегінде Жияң Жы: «Ли Бай Ху саудагерінің ұрпағы да емес, Ли Лиңнің ұрпағы да емес, тіпті ТАҢ дәуіріндегі Лилердің әулеті де емес, ол жарлы-жақыбайдан туған, оның әкесі Тау Юан Мйң секілді бір қаңғыбас болған» – деп жазады. 4) Бұл шежірелік кестеде ХАН патшалы­ғының сардары (генералы) Ли Гуаңнан Ляң У, Жау ваң Хауға дейін жалғасып келіп, одан әрі Ли Гуиден бастап, оның әкесі болған Ли Кыге дейінгі аралықта екі үзіліс бар, осындағы шежірелік үзілістер онша нақтыланбаған. Ол мамандардың одан әрі зерттеп-зерделеуін күтіп тұр» (Елібай. Ли Бай. 99 бет). Олай болса, Ли Байдың ата шежіресінде немесе оған берілген төрт ескертпенің қай жерінде, оның «Бесінші атасы түрік қағанатының ханы болған» деп жазылған екен? Әр кім осылайша жоқты бар деп, тарихи дерек көзін белден баса бұрмалап, ойына келгенін жаза берсе тарих тарих болудан, тарихшы тарихшы болудан қалып, әлем алдында масқара болмай ма? Әзірдің өзінде Мұхтархан Оразбай бүкіл қазақ халқын, оның ғылымын ұятқа қалдырып үлгерді. Қытайлық Ли әулетінен шыққан Ли Байды Шу өзені бойында Дулат бабаның 8-ұрпағы (Ли Бай 9-ұрпақ деген жалғандық бойынша) Ли Кының (Алқа бидің) отбасында дүниеге келтіргісі келген ағайындардың көзін тарихи шындыққа жеткізе түсу үшін жоғарыдағы төрт ескертпенің ішіндегі кейбір ұғымдарға түсінік бере кетуді жөн санадық. 1) Ли Бай «Ху саудагерінің ұрпағы емес» дегенде зерттеуші хұндардың ұрпағы да емес деп тұрған жоқ. Мұнда VІ-ІХ ғасыр аралығында көк түріктер мен табғаш (таң патшалығы) ордасына кіріп, орнығып алып, Шығыс пен Батыс арасындағы бүкіл саудамен дипломатиялық барыс-келісті қолдарында ұстап тұрған соғдалық (тәжік-парсы) көпестерді меңзеп тұр. Сол арқылы, қытай ғалымы Ли Байдың түрік текті еместігі түгілі, соғдалықтарға да қатысы жоқ екенін айтып тұр. 2) «Тау Янмиң секілді қаңғыбас біреудің ұрпағы болуы мүмкін» дегені – қытай тарихында кезбелік пен тәркідүниялықтың символына айналған Шығыс Жин патшалығы дәуірінде (317-420) өмір сүрген (бүгінгі Жиаң Ши өлкесінің адамы) өршіл, бунтар ақын болатын. Ол, кейде қоғамдағы әділетсіздіктерден жиіркеніп, ығыр болғанда иен далаға, тау-тасқа безіп кетіп қаңғыбас тірлік кешетін. Ли Байдың әкесі Ли Кы сондай қаңғыбас адам еді демекші. Олай болса, жоғарыдағы шежіреде де, оған жазылған ескертпе-түсініктемеде де «Түрік қағанаты, бесінші атасы, ханы» деген қытайшада жоқ «түсінік» қайдан шықты? Әрине, Мұхтарханның дәйексіз «жазбасынан» шықты. 2-өтірік. Ли Байдың әкесі Ли Кыдан «Алқа би» жасауға ұрынудан туындаған көп өтіріктің ұйтқысы деп біліңіздер. Мұхтархан ол туралы ешбір тарихи дерек көзіне сүйенбей-ақ әкесі Оразбайдың арғы аталары туралы шежіре шертіп отырғандай-ақ былай деп көсіледі: «... оның әкесі Алқа деген адам. Ол қазіргі Тараз қаласындағы белгілі ел билеген шонжарлар мен шайқыларға жататын оқымысты, аса зиялы адамдардың бірі болған («Елімен қауышқан Елдібай ақын». «Әдебиет» баспа үйі. Алматы. 2008. 10-б.). Мұхтархан осылайша, «Алқаны» қолдан туғызғандай етіп баяндай келе оған мынадай мінездеме де беріп тастайды: «... ірі шешен, белді ғалым, қылышкер, қамшыгер, өнерлі билердің бірі болған. Сол себепті, Ал­қа шақырған басқосуларға бармайтын жан баласы болмаған деседі тарихи деректерде» (12-бет). Доктор Мұхтархан мырза, сен тұмандата сілтеме жасайтын «тарихи дерек­терді» қайдан, қалай табуға болатынын айта аламысың? Егер, ондай бұлтартпас «жазба деректерің» болса, неге бір рет болса да үзінді келтіріп кетпейсің? Мен, дәл сол дәуірдің, яғни, ерте орта ғасырды жүйелі зерттеген адам едім. Сондықтан, қытай жазба деректері мен Орхон-Енисей тас жазбалары мәтіндерін қытай, түрік, ұйғыр, қазақ, орыс түркологтарының зерттеу еңбектерін салыстыра қарастырған тарихшы болғандықтан, сен емексіткен «Қытай тарихи жазбаларынан» Ли Кы – «Алқа би» ғана емес, жалпы «Ли» әулетінің біздің жерімізде болғаны жөнінде жазба дерек жоқ екеніне куәлік ете алатынымды ашық мәлімдеймін. Доктор мырза, өзің қолыңнан туғызған «Алқа биіңнің» артына қалдырған қандай шешендік сөздері мен ғалымдық еңбектерін атай алар едің? Олай болса, сенің өтірігіңе аңғал адамдар болмаса, тарихтан хабары бар ешкім сене алмайды. 3-өтірік. Ли Кының арғы аталары жөніндегі мына сөздерінен өрбиді: «Оның арғы аталары да кезіндегі ғұндардың империялық ірі одағын құрған, тарихтағы бес белгілі елдің бірі болған Ду Лу тайпасынан шыққан. ...Сол тарихи кезеңдегі Дулу руының атақты батырлары, ақылгөй аталары, тарихтағы 16 рулар бірлесіп құрған ғұндардың үлкен империялық одағы «он алты ұлысты» басқарған мәртебелі адамның ішінде болған еді делінеді қытай жазба деректерінде» (12-бет). Мен, 1998 жылы «ҚАНТ» баспасынан шыққан екі томдық «Ұлы хұн империясының тарихы» атты кітапты түрік тілінен аударып едім. Кітапқа енген тарихи деректер Қытай тарихының атасы делінген Сы Машиянның «тарихнамасы» мен көне және жаңа «Ханнамадан» алынғандықтан қатысты кітаптарды, сондай-ақ, ол жөніндегі зерттеулерді мүмкіндігінше тауып оқып, екі томдықты зерттей аударғанмын. Сол тұста қытай тарихшылары Ваң Миң Жы мен Ваң биң Хуалар жазған «Үйсін туралы зерттеу» атты еңбектерді мұқият оқыған едім. Ол кітапты 1989 жылы Үрімжіде Н.Мұхаметханұлы аударып бастырған болатын. Мен білетін тарихта, ғұндар құрған «им­периялық одақ» дегеннің құрамында «тарихтағы бес белгілі елдің бірі болған Дулулар» жөнінде ешқандай жазба дерек жоқ. Ал, жаңылтпаштай шатасқан «тарихтағы 16 рулар бірлестігін құр­ған, ғұндардың үлкен империялық одағы «он алты ұлысты» басқарған мәртебелі адамның ішінде болған еді делінген» қытай жазба дерегін Мұхтархан тауып бермесе, біз жоқтан бар жасай алмаймыз. Көзі қарақты оқырмандар Мұхтарханша тарих жазудың қаншалық күлкілі әрі қаншалық қауіпті екенін парықтай жатар. 4-өтірік. «Алқа би» жөнінде ойдан шығарған «Алқалы кеңес құру» дейтін ойжобаға құрылған. «Алқа биді» жекешелендіріп алған Мұхтархан, енді, қазақ сөздерінің этно-лингвистикасына қол салып, «қазақтарда әлі күнге дейін «алқалы кеңес құру» деген сөз бар. Бұл арада Алқа бидің ел азаматтарын мақұлдасуға бола керісе отырып келістіретін, өте ертеден қалыптасқан, ұлттық ерекшелікке айналған, озық салтты қазақ даласына орнатқан адам ретінде аталады. ... Ол жөнінде көптеген мәліметтер бар» (12-бет) – деп көсіледі. Әттең, сол көпірген «көптеген мәліметтердің» тым құрыса бірерін доктор Мұхтархан жарияға шығара алса жарар еді. «Алқа, алқалы кеңес құру» – бұл сөздер мен сөз тіркестері VІІ ғасырда өмір сүрген «Он оқ бұдұнның» сөздік қорында болғанына қандай тілдік айғақ келтіре алар екен, Мұхтархан? Әрине, келтіре алмайды. «Алқалы кеңес – күл төбенің басында күнде кеңес» тіркесімен замандас, мұндағы сөз екені белгілі. Тарих ғылымында қалыптасқан, бұлжымас заңға айналған бір тарих зерттеу әдіс-тәсілдері болушы еді. Ол, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы сөз болғанда, сол заманда, тіпті болмаса, одан кейінгі дәуірлерде қағазға түскен жазба деректерге арқа сүйей отырып зерттеуші өз тұжырымын айтатын сияқты еді. Біздің Мұхтархан ондай-ондайларыңа пысқырып та қарамай, қызыл сөзді қыпығымен сапырып ес-ақылыңды шығарады екен. «Аңқау елге арамза молдалықтың» қазақы үлгісіндей болған бір амалы. «Ол жөнінде көптеген мәліметтер бар. ... Ол жөнінде қытай жазбалары жан-жақты сырлар шертеді»деген сияқты бопсалы бос сөздермен тарихты, тарихи жазба деректерді оқып-пайдалана алмайтын оқырмандарының мысын басады. Шын тарихшы, тарихқа адал зерттеуші алдымен сол «жазба деректерді бұлдамай, бұлдыратпай оқырман назарына ұсынар болар. Ал, қолында ешқандай тұрлаулы дерек-дәйегі жоқ Мұхтархандар ғана солайша орғып, орағытып өте шыққысы келеді. Бұдан түйер түйініміз; Қытай жазба деректерінде Мұхтархан қолдан жасаған «Алқа биге» қатысты ешбір сөз жоқ, болуы да мүмкін емес. Ендігі сөз, Мұхтарханның Ли Кыны (Алқа би) Шу-Суябтан қытай қорғаны ішіне көшіріп апаруы жөнінде ойдан шығарған, тарихты астын-үстін еткен нағыз арандатуларына арналады. 5-өтірік. Мұхтарханның «отаншыл» Ал­қи­биінің Суяб-Шу өңірін тастай қашып, Қы­тай­дың ұлы қорғанына барып паналауына байланысты тарихқа жасалған кешірілмес қиянатынан өрбиді. Мұхтархан өзі жете білмей шатасумен қоймай, жұртты да шатастырып Түркештер туралы мынадай қате ақпар таратады. «Қазақ даласын бір замандарда билеген Батыс түрік қағанатының Түркеш хандығы, жетінші ғасырдың соңынан бастап, тұс-тұстан жасалып жатқан әр түрлі шабуылдар салдарын ел ішіндегі саяси, экономикалық жақтарда күрделі жағдайға тап болды», дейді (13-бет). Мұндағы «Батыс түрік қағанатының Түркеш хандығы» деген не жаңылтпаш? Дұрысы – Батыс түрік қағанаты аумағында, ежелгі үйсін жерінде «он оқ бұдұнның» белді тайпасы Түркештер құрған (692-766) қағанат. Хандық пен қағанат мәртебесі жөнінен парықты мемлекеттік құрылымдар. VІІ ғасырдың соңынан бастап Түркештер Мұхтархан жазғандай азып-тозуға емес, өз алдына шаңырақ көтерген жас мемлекеттің тәуел­сіздігін нығайту жолында табанды күрес жүргізіп, Орталық Азиядағы ықпалды күшке айнала бастағаны тарихи шындық. Мен бұл жөнінде «Түркеш қағанаты» деген монографиямда жан-жақты тоқталған болатынмын. 6-өтірік. VІІ ғасырдың соңғы ширегінде Орталық Азия мен Жетісуда қалыптасқан геосаяси жағдайды білместіктен немесе қасақана бұрмалаудан туындаған. Сырттай, шола қарағанда VІІ ғасырдың соңында, нақтылап айтқанда 680-жылдардағы геосаяси жағдайдың шиеленісіп кеткені рас болатын. Бірақ, ол шиеленіс Мұхтархан төндіре жазғандай түрік халықтары, оның ішінде «он оқ бұдұнның» елдігі мен мәдениетін ойран қылар апатты жағдайда емес, керісінше тәуелсіздік жолындағы ақтық айқасқа кіріскен нағыз жұлдызды жылдарға тура келеді. Иоллұқ тегін Күлтегінге арнап жазған тас жазбада: «... түрік бектері түрік атын жоғалтып, табғаш бектердің табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды. Елу жыл ісін, күшін берді» деп күңірене еске алған 50 жыл, 630-679-жылдар аралығы болатын. Ал, 682-жылы Орхон бойында екінші Түрік қағанаты қайта қалпына келіп, Таң империясы әскерін ұлы қорғанның ішінде қуалап жүріп соққылай бастаса, оңтүстіктегі Тобандар (Тибет) күшейіп Таң империясы билеп келген Қашқарияны басып алып, ұлы қорғанға қауіп төндірді. Оңтүстік батыста араб халифаты Соғдяна шекарасына жақындап келіп қана қоймай, қуатты Иран патшалығын бағындырып Азиядағы құдіретті күшке айналған болатын. Бірақ, оған дейін Батыс Түрік қағанаты иелігіне қауіп төндірер жағдайда емес еді. Мінеки, қалыптасқан осы геосаяси жағдай «он оқ халқы» үшін барынша қолайлы болғанын баса айтуға тиіспіз. 692-жылдың алғашқы айларының бірінде, түркештердің Баға тарханы Өжелі, Табғаш қағандар билеп келген Суяб бекінісін шабуылмен алып, үлкен Ордасын осында әкеліп орнатты да, кіші Ордасын Қойлық бекінісінде қалдырды. Бұларды тәптіштеп отырудағы мақсатымыз, Мұхтархан бұрмалап түсіндірмек болған тарихи шындықтың артқы көрінісін түре жалаңаштап көрсету еді. Мұхтархан мадақ сөзін жаудырған «Алқа биін» Суяб, Талас қалаларын тастап кетуге мәжбүрлеген» қара түнек заман дегені, оның керісінше, Өжелі Баға тархан бастаған «он оқ халқы» Батыс түрік қағанаты аумағынан Таң империясының отарлаушы армиясына арқа сүйеген «Табғаш қағандарды» қуып тастап, ел іргесін бекітіп алған 705-706-жылдарға сәйкес келеді. Тарихи шындық осылай дейді. Осы арада Елдібай, Алқабишіл Мұхтар­ханға мынадай сұрақ қойсақ, қалай жауап берер екен? Бірінші сұрақ: Жетісу мен Орталық Азияда қалыптасқан түрік халықтарына, оның ішінде Мұхтарханша айтқанда «мыңдаған жылдық бай мәдениетке ие қазақ-дулаттар оның ғұлама ғалымы, айтқаны екі болмайтын Алқабилеріне туған қолайлы тарихи жағдайда, «Алқа би» неге туған жерін тәрк етіп үрім-бұтағын арқалап мыңдаған шақырым шалғайға қаша көшеді? Екінші сұрақ, Дулаттардың ақылгөй қамқоры, асқан патриот, «Алқа би» Жетісуды тастай қашуға мәжбүр болғанның өзінде, ол неге қандас, тағдырлас көк түріктерге, ол құрған Түрік қағанаты аумағына кетпей, түрік халықтарының ата жауы болған Таң империясы иелігіндегі Шу-Сышуан жерінен пана іздейді? Халқымызда «өтіріктің өзіне сенбе, қыйсынына сен» дейтін мысқыл сөз бар. Мұхтарханның «қырық өтірігінен» сол құрғыр қыйсынды таппай дал болады екенсің? 7-өтірік. Оның мына бір абзац сөзінде айтылған төрт бірдей шылғый өтірігінен туындайды. Доктор мырза былай көсіледі: «...аласапыранды өзгерісті, жаны төзіп қабылдай алмаған алқа би б.з. 713-жылы тұтас туыстарын бастап, Шығыстағы түріктер басқарып отырған қытаймен шектесетін Дөң-хана жеріне көшеді. Ондағы ертедегі рулас, аталас, қандастарын паналайды. Осы кезде Елібай он екі жасқа келген еді» (13-бет). 1) Алқабиі тұтас туыстарын алып 713-жылы көшті деген мүлде өтірік. Ли Байды Суябта туған деп есептейтін санаулы қытай авторларының өзі де, энциклопедиялық сөздіктерінде де 705-жылы Сышуанның Жияңю өңіріне көшіп келген еді деп жазып келеді. 713-жыл деп жазған «оқымысты» Мұхтарханнан басқа бір пенде жоқ. 2) «Шығыстағы түріктер басқарып отырған Қытаймен шектесетін жер» деп емексіткеніне қарап, Шығыс түрік қағанатын айтқан шығар деп қалмаңыздар. «Дөң-хана» деген Алқа бидің «қандас, аталас, руластары» тұрып жатқан бүгінгі Гансу өлкесінің батыс қақпасын айтып отыр. 705 немесе 713-жылдары Таң империясы билеп тұрған Гансу (Кеңсу) өлкесінде қайдағы, түріктер басқарып тұрған жеке хандық, иелік болған екен? «Алқа бимен рулас, аталас» қандай адамдар билік басында отырған екен? Шылғый өтіріктен басқа еш нәрсе де емес. 3) «Дөң-хана» дегені қандай «хана» болды екен? Қытайлар «Дүн хуаң» деп жазатын жағрафиялық атаудан ешқандай қазақша «Дөң» мен парсыша «хана» мағынасы шықпайды. «Дүн-хуаңның» қытай жазба деректеріне ілінгеніне кемінде 2000 жыл болды. Ал, түрік халықтары тіліне араб, парсы сөздерінің ене бастағаны, сол қатарда сөз тудырушы «хана» қосымшасы жалғана бастағаны, ерте болғанда ІХ-Х ғасырлардан бері қарай десек қателеспеспіз. Мұхтарханша белден басу, жоқтан бар жасаудың үлгісін көрген адам не айтар екен? 4) «Осы кезде Елібай 12 жасқа келген еді» – деп жаза салу да «оқымысты» Мұхтарханға не тұрады, тәйірі?! Тарихи дерек-дәйек дегендер оның қалтасында тұр емес пе? Егер де, мың жерден алғыр, ерекше дарынды бала болғанның өзінде Мұхтархан көпірте мақтағандай «... қазақ даласын туа сала сүйе білген дарынды ұл, бес жасында тарихи қазақ дастандарымен сусындаған жан» болуы ақылға қонбайды-ақ. Сол үшін Ли Байды бес жасында қазақтың тарихи дастандарымен сусындату күмән тудырарын білгендіктен Елдібайын кәмелетке толтырып барып ішкі Қытайға апарғанды жөн көрсе керек. 8-өтірік. Сасанилер жөнінде айтылған. «... Батыстағы және оңтүстіктегі өңірлерде Сасанилер құрған мемлекет күшейіп, Самархан, Бұхара, Үргеніш, Отырар, Сауран т.б. Амудария бойындағы көп қалалар солардың қолына өтіп кетеді. Ел іші екіұдай күй кешіп, қазақ ұлты ауыр сарсаңға түседі» (13-бет) деп соғады тарих докторы. Тарихи шындықтан мүлде алшақтап кеткен Мұхтарханға «Отырарды» Амудария бойына апара салу да түкке тұрмайды. Қоғамдық ғылымдарда қалыптасқан ру, тайпа ұлыс, халық, ұлт категориялары жөніндегі ұғым-түсініктер дегенің де ол үшін қарақұрық бір нәрсе ғана. Сасан әулеті құрған мемлекет 3-7 ғасырларда Таяу және Орта Шығыста билік жүргізді. 558-568-жылдар шамасында ғана Естеми қаған батысқа жорық жасағанға дейін Амударияның оңтүстік-батысындағы кейбір жерлерге қожалық ете алғанымен 652-жылға келгенде бұл мемлекетті арабтар басып алды да, байтал түгіл бас қайғы дейтін мүшкіл халге түседі. Ендеше, Мұхтархан «қазақ ұлтын ауыр сарсаңға түсірген» қайдағы сасаниларды айтып отыр? Қытай Ли Кыны (Алқабиді) Қытайға үдере көшіру үшін тарихты осылайша бұрмалап, аузына келгенін айта беру керек пе? Егер де, шартты түрде болса да Мұхтар­ханның Алқа биін Суяб-Шу өңірінен Қытай жеріне көшуінің себебін анықтау керек болса, Қытай Ли Байтанушыларының кейбір пікірлеріне жүгіне отырып былайша ой кездіруге де болады: «Қазақстан» газетінің 15-қазандағы (№37) санында және Аbі.kz сайтында жарияланған «Ақиқат пен аңыз» атты мақаламда, 2008 жылы Қытайдың Нанжин қаласында басылған «Ли Бай Жуан» деген кітаптан Ли Байдың әкесі Ли Кының «Батыс өңірге қалай келгені, одан 705-жылы Қытайға неге қашу себебі қысқаша баяндалып еді. Сонда айтылған кейбір мәселеге осы арада анықтама бере кетуді пайдалы көріп тұрмыз. Біріншісі – Ли Байдың арғы атасы, Бес Ху-16 хандық тұсында Батыс Лиаң хандығын құрған Ли Хау (351-417) жөнінде жазылған «жаңа эраның 400-жылы Ханзу (Қытай ә.д) Ли Хау Дүн Хуаңда (бүгінгі Гансуда) құрған билік. Тарихта Батыс Лиаң деп аталған. 421-жылы Солтүстік Лйаң хандығы жойған» («Сы Хай» Шаңхай. 1989. 2063-бет) деген дерекке назар аударалық. Мұнда бадырайта «Ханзу Ли Хэу» деп және ол құрған хандық 421-жылы Солтүстік Лияң хандығы жағынан жойылғаны анық жазылған. Содан былай қарай Ли әулетінің бағы таяды. Ли Бай сол Ли Хаудың 9-ұрпағы болатын. Ал, Ли Байдың 5-атасы болған Ли Гун Сун патшалығының (581-618) соңғы кезінде ірі әскер басы болып жүріп, 617-жылы әскери төңкеріс жасап, өзін Хы Ши өңірінің Да Лиаңваңы деп жариялады да Жаң Йе, Дүн Хуаң қатарлас бес аймақты басып алған соң, өзін патша деп жариялады. Таң патшасы Гау Зу астыртын әрекет ұйымдастырып оны ұстап әкетеді де Шаң Анде басын кеседі» (Бұл да сонда. 1422-бет). Ли Байдың ата шежіресін қуалай зерттеген қытайлық ғалымдар Жу Шыншу мен Тұң Шяңдардың «Сүй патшалығының соңғы кезеңінде үлкен аласапыран пайда болады да, Ли Байдың арғы аталары Батысқа ауып барып Сүййеге барып тұрақтайды. Сүййе дегеніміз Қырғызстандағы Тоқмақ қаласына жақын орналасқан ежелгі Жібек жолы бойындағы маңызды қала. Сол уақытта Таң патшалығына қарасты болған» деп жазуына негіз болған тарихи оқиға, сол бүлікшіл Ли Гуй жазаланғаннан кейін, оның үрім-бұтағының бас сауғалап шалғайға босып кетуі немесе Таң патшасы жер аударып жіберуіне байланысты болса керек. Олай болғанда Ли Байдың 701-жылы Сүййе бекінісінде, Ли Кы отбасында дүниеге келгені шын болады. Бірақ, біздің Елдібайшылар жалаулатып жүргендей Дулаттың Алқабиі дегеннің отбасында дүниеге келмегені айдай анық нәрсе. Ал, Ли Кының Суябты тастай қашуының тарихи артқы көрінісі туралы жоғарыда біршама тоқтағанбыз. Түп-тұқиянын Қытайдың әйгілі Ли әулетінен таратуды мақтан көретін Ли Бай және оның әкесі Ли Кының Суябты астана етіп, салтанат құра бастаған Түркеш қағанатының айбынды қағаны Өжелі Баға тархан жүргізген жеңісті жорықтардан зәресі қалмай, ұлы қорғанға қарай қашқан Қытай көшіне ілесіп Сы Шуан өлкесіне кетуі табиғи нәрсе болса керек. Қытай дерек көздерінің барлығы дерлік «Ли Бай бес жасында отбасымен бірге Шу жеріне келеді. Ли отбасы ұзақ уақыт (бір ғасырға уақыт. д.д.) Батыс өңірде тұрғанымен, ол ешқашанда Батыс өңірлік адам болған емес. Ли әулетінің арғы аталары әуелде Лұң Шиде өмір сүргендіктен бұл отбасында негізінен Ханзу мәдениеті – Жұң Го (Қытай.д.д) мәдениетінің ерекшеліктері жақсы сақталған. Ли Бай кейінгі кездері кішкентай күнінде әкесі ылғи да дәстүрлі өлеңдерді жатқа айтқызатынын еске алушы еді. Өлең-жыр жаттау Орта жазық мәдениетімен тәрбиелеудің бір тәсілі болатын. Бұдан біз, Ли Кының Қытайдың дәстүрлі мәдениетін меңгерген адам екенін біле аламыз», – (12-13-б. «Ли Байдың өмірбаяны») деп жазғанына сәйкеседі. Елді байшыл Мұхтарханның ойдан шығар­ған өтіріктерінде не айтылғанын осылармен салыстырып көріп, ой қорытуларыңызды өтіне­мін, қадірлі оқырмандар. 9-өтірік. Тағы да қазақ ұлтының тарихи ұлы мәдениетінің шайқалуын, көзімен көрген, өз елінің сан мың жылдық тарихи мәдениеті мен әдебиетінің құрып-жоғалуына куә болуды қаламаған, аласапыранды өзгерісті жаны төзіп қабылдай алмаған Алқа бидің Қытайға көшуден басқа амалы қалмағандай, қытайды қазақ мәдениеті мен әдебиетін қорғап, сақтап қалар өркениет қорғаны етіп дәріптейтіндей сандыраққа бүгінгі қазақты сендірмек болады. Бір өкініштісі, осынау қыйсын-қиуы жоқ сылдыр өтірікке «тарих түйінін тарқатуға» бел буған сенатор ақсақалымыз да, ғылым докторы бауырларымыз да имандай сеніп, оның насихатшысы болып жүр. 10-өтірік. «Ұмай ана» жөніндегі қыйсынсыз ұқсастыруларынан туындаған. Мұхтархан Ли Байдың Ши Ваңму «Батыстағы хан ана» деген өлеңін: Ұмай еккен жемісім. Үш мың жылда көктейді. Күллі елге дәру шаттығы Қуанышқа ерек бөлейді», – деп аудара отырып: «Осы тектес жыр жолдары, ақынның қазақтың тарихи тұлғасы, ескі киесі, қо­рық­са аузына алар «Ойбай!» анасы, өте ертедегі түрік тектілердің ортақ нанымына айналған Ұмай ананы еске алып, әсерлене тербеген сағыныш қаламынан туған жыр жолдары екені анық», – дейді. (18-бет). Бұл арада оқырмандар назарын аудара айтар екі мәселе бар: Біріншісі, әрі негізгісі – Қытай жазба тарихына тым ерте ілінген эфсаналық, мифологиялық кейіпкердің атын Қытайдағы қазақ, ұйғырлар «Батыс «Хан ана» немесе «Хан ана» деп аударып жүр. Қытай иероглифінің сөзбе сөз аудармасы дәл солай. Ол туралы қытай энциклопедиялық сөздіктерінде: «Батыс Хан ана – алтын ана, Батыстағы кіндік шеше қытайдың ертедегі аңыздарында айтылатын перизат» («Сы Хай» Шаңхай сөздік баспасы, 1989. 2063-бет), деп түсініктеме бере келе, ол әр дәуірде, әр түрлі атқа, әр түрлі символдық сый­патта дәріптеліп, «Ханнама», тарихнама, Ферғана тарауында», «Мутиянзы баянында» Хан ана Батыстағы қиян-қиырда өмір сүр­ген, Хан патшалығының патшасы у Диге (б.з.б. 140-74) үш мың жылда бір рет жеміс беретін шабдал жемісін сыйлаған» деген аңыз бар. Олай болса, Мұхтархан көсілте жазып отырған үш мың жылда көктейтін жемісі бар қытайдың «Хан анасының» қазақтың «Ұмай анасына» қандай қатысы болмақ? Әрине, ешқандай! Түрік халықтарына ортақ киелі «Ұмай ана» туралы анық сөз, толық сыйпаттама былай болса керек: «Ертедегі ұлы даланы мекендеген түрік тектес халықтардың ұр­пақ жалғастырушысы, береке-молшылық тәңірісі Ұмай анаға қазақтардан басқа хахастар, қырғыздар, алтайлықтар, шорлар, тыбалықтар және түріктер табынған... Қазақ даласына ислам діні дендеп енгеннен кейін, бөбектер мен аналардың жебеуші піріне айналды («Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалық, «Аруана». Алматы, 2006. 725-б). Қадірлі оқырман, Қытай Ли Бай жырына қос­қан «Батыс Хан ана» мен, ол еккен үш мың жылда бір жеміс беретін шабдалыны сыйлаған у Дй патша Баба түрік-хұндармен 60 жыл соғысып, қан қақсатқан ата жауымыз болатын. Қыйыспасты қыйыстырғыш, болмағанды болдырғыш Мұхтархан елден ерек зарлыққа басып, қанша күшеніп тілін безесе де біздің қасиетті Ұмай анамызды қытайдың «Хан анасына» жығып бере алмайды. 11-өтірік. «Оның (Ли Байдың.ә.д) асқақ Алатау, Тяньшань-Тәңіртау, Қастау деп там­сана өлең жазып, ерекше тебіренген тұс­тары да баршылық. Ғұн, Ұлы жүз, Кіші жүз, Алшын жөнінде жазған жыр жолдарын оқығанда, оның нағыз қазақ даласының ақыны екені, ел деп еңіреген таудай талантты азамат тұлға екені есіңді тандырып, ойыңды оқыған сайын аспандатып, алаулатып отырады» (18-бет) деген көсілмесіне негізделген. Ли Бай өлең­дерін Мұхтарханша он жасымызда жаттап өспесекте қытай ақынының шығармаларында «Алатау, Қастау немесе Ұлы жүз, Кіші жүз, алшын руларына арналған» сағыныш сазы мүлде жоқ екенін кесіп айта аламыз. Ал, әлемге әйгілі Тәңіртау, Памир, Гималай туралы Ли Байға ғана емес, сол дәуірде өмір сүрген қытай ақындарының бәрі де жазғаны белгілі. Сосын, Ли Байдың ғұндар туралы жазған өлеңдерінің бәрінде дерлік, әсіресе «Елібай. Ли Бай, Ли Бо» атты кітапқа енген «ғұндар» деген өлеңде (324-б) қытай ақынының ғұндарға деген шексіз қарғысы, жек көрушілігі, дұшпандығы сонша анық, айқын айтылған. Ол өлеңнің қытайша мағынасы – ғұндардан тұқым қалмады, ғұндарды тыйпыл қылдық, – дегенді білдіреді. Қазақшасы дұрыс аударыл­маған, мағынасы бұрмаланған. Ли Байдың бұл өлеңі нағыз қытайлық жауынгерлік жыр, ерлік жыры болатын. Одан «қазақ даласының ақынын іздеу, «Ел деп, қазақ деп, еңіреген таудай азамат тұлға» жасау барып тұрған арандату, жұртты шатастырудан басқа ешнәрсе емес. 12-өтірікті – қытай тілінің «білгірі», Ли Бай өлеңдерін «он жасынан жаттап өскен» Мұхтарханның қытай Ли Байды қазақ Дулат-Елібайға айналдырмақшы болған сиқырлы дұғасының ең тылсыматқа толы құпиясын «бес жаста, жатқа айттым дастандарды, он жасымда дос еттім асқандарды» дейтін дүмше аудармасынан іздеуге тура келеді. Өйткені, Мұхтархан осы өлең жолдарындағы бір ғана «Дастан» сөзін қасақана тықпалау арқылы бір қауым қазақты әуре-сарсаңға салып, қалың көпшілікті ұятқа қалдырып отыр. Ли Байдың бұл өлеңінің қытайшасында: «у сүй сұң люжиа – яғни, «бес жаста «алты жияны» жаттап алдым» деп тұр. Қазақ оқырмандарына түсінікті болу үшін «Ли Байдың өмірбаяны» дейтін монографияның авторы Жу Шиншудың бұл жөніндегі талдауын аударып бергенді жөн көрдік. «Ли Бай бес жасым­да алты жианы жаттадым» дейді ол жаттаған лю жиа қытайдың ескіше жыл, ай қайыру есебінде қолданылады. «Лю жиа – «Люшы жиазы» деген тіркестің қысқарған түрі. Мұндағы люшы – 60 дегенді білдіреді, ал сонда «жиазы» деген не нәрсе? Сөз мә­нісі мынада: Қытайлар ерте заманда рет­тік сан орнында қолданатын екі топ иероглиф болған. Оның бірінші тобына, «жиа, й, биң, диң қатарлы оң таңба жатады. Оны (тянган) ондық таңба дейді. Ал, екінші топқа з, чоу, иң, мао қатар­лы он екі иероглиф жатады, оны ди жы деп атаған. Біздің санның орнына а, ә, б, в, г әріптерін қолданатынымыз сияқты, қытайлар осы күні де оларды реттік сан орнына қолданады. Мұндағы тиян аспан, ди жер дегенді білдіреді. Сөйтіп, осы екі топ иероглифті ықшамдап «жоғарғы ондық» және «төменгі он екілік» деп атауға да болады. Ертеде балалар 7-8 жасында хат танып, кітап оқи бастайтын еді. Ли Бай болса «бес жаста алты жияны жаттап алдым» деп өзінің зеректігін әйгілеп тұр. Әсілі, «Алт жиа» деген қытайдың «Дау жиау» іліміндегі өзгеше бір кітапты «Лю жиа – алты жиа» деп атаушы еді. Бірақ Ли Бай қаншалықты алғыр болса да ондай кітіпты оқи алмасы анық. Оның қажеті де жоқ болатын. «Алты жианы жаттату» үрдісі Таң дәуірінен «618-907 көп бұрын, Хан (Б.з.д 206-б.з. 220), Вый (б.з. 220-265) патшалықтары кезінде басталған еді. Бірақ Ли әулеті біраз жылдар Орта жазықтан (ішкі Қытайдан Ә.Д.) шалғайдағы Батыс өңірде тұрып қалғандықтан ішкі Қытайдағы мәдениет, ағарту жағындағы өзгерістерден хабарсыз қалғаны, Ли Кы, сондықтан, ескішіл дәстүрді ұстанып, баяғы Хан, Вый хандықтары кезіндегі оқу-оқыту әдіс-тәсілдері бойынша кішкентай Ли Байды оқытқан» деп қараған либайтанушы қытай ғалымы Шиншияу «Ли Бай жуан» атты монографиясында (14-б). Мұхтарханның сиқырлы қаламымен «Дас­танға» айналған «Алты жиа» нақтылы қолданыста «жоғары ондық пен төменгі он екілік» таңбаларды басынан бастап екіден қосарлап жылға телінген болады. Мәселен, бірінші жыл басы (жиазы), екінші және үшінші жыл бастарымен қоса есептегенде 60 жыл бір мүшел делініп, 61 жылдан бастап қайта саналатын болған. Бұндай есептеу тәсілі ай, күндерге де қолданылып келген. Бұларды өзіміздің қарапайым қазақша ұғым-түсінікке жақындата таратып айтқанда, 7,8 жасар балаға төрт амалды жаттатып, есепті үйреткеніміз, әліппені танытқанымыз сияқты алғашқы сауат аштыруға ұқсайды деуге болар. Одан айырмасы ретінде, қытайлар балаға алғаш рет ай, күн есебі мен жыл қайыруды үйрететінін айтуға болатын шығар. Мұхтарханның «Дастан» деген сөздің этимологиясына, оның қай ұлттың тілінен, қашаннан бері біздің тілдік қорымызға енгенін білмей қалуы тіпті өкінішті, әрі күлкілі. «Дастан» парсы сөзі емес пе еді. Ли Бай өмір сүрген дәуірде, әсіресе оның бес жас кезінде парсының Дастан сөзі түгілі, иран-ирак әскерінің аяғының Жетісу, Қаратау, Сыр жеріне жете қоймағанын білмеу, оның білім-білігінің қай деңгейде екенін хабарлап тұрған жоқ па? Ал, тарихтан қытай филологиясынан аздап сауаты бар, ниеті дұрыс бір қытайдың «Алты жианың» поэма, дастан, баллада жанры түгілі, тұтас поэзияға тіпті қоғамдық ғылымдардың ешқайсысына қатысы жоқ екенін, арифметика мен аспан іліміне, табиғатқа байланысып жатқан әліппелік сауат ашар екенін білмей қалуы, сөйтіп, «лю жиа» алты жианың мәнін «сіздер тура тапқан екенсіздер» деуі ақылға мүлде қонбайды. 13-өтірік. Ли Байдың «Бес жаста жаттап алдым алты жианы» өлеңінің екінші жолын тағы да бұрмалап, өтірік аударғанынан байқалады. Түп нұсқада осы екінші жол «Шы суи гуан бей жиа – он жасымда алуан түрлі кітаптарды жүз дестірді парақтадым – оқыдым» деп жазылған болатын. Оны «қытай тілінің білгірі – «Он жасымда дос еттім асқандарды», – деп кітапты адамдастырып «Асқандарға» айналдырып, Ли Бай ақынның ойын бүтіндей бұрмалап аударады. Мұхтархан бұл арада өзі ойдан шығарған «Дастандарды» дегеніне ұйқастыру үшін қайдағы бір «Асқандарды» зорлап «Дос еткісі» келеді. Қазақ тілінде қолданыстағы «Асқан-асқандар» көбінше ұнамсыз асып-тасқан, тәкаппар, құдайын ұмытқандар» дегенді білдірмейтін бе еді? «Асқандарды дос ету» сонша мақтанға жатпас, әрі бұл арада «Асқандар» емес «кітаптар» туралы сөз болып тұрған жоқ па? Мұхтархан Ли Байдың бұл өлең жолдарында айтылған негізгі ойды білместіктен емес, қасақана бұрмалап «Дастан» үшін құрбандыққа шалып отырғанын ашып айту керек. Ли Бай өлеңінің ұйқасы Лю жиа-Бей-жиаға құрылған. Екеуі де сол дәуірдегі оқу-оқыту талаптары тұрғысынан бала білуге тиісті білім негіздеріне қаратыла айтылған. Мұхтарханның әрі сауатсыз, әрі өрескел бұрмалауларына ұшырап шатастырылған тарихи ұғымдар мен атаулар жөнінде қайталай түсінік бере отырмасақ, оның жаңылтпаштарында жасырынған қараңғы ойларды түсіну қиын болар. Таң патшалығына дейінгі дәуірлерде қалып­тасқан оқу бағдармалары мен емтихан тәртібі бойынша балалардың жас ерекшелігіне қарай білуге тиісті пәндердің мазмұндары айқындалып қойылған. Біз сөз етіп отырған «Алты жианың» әу бастағы мағынасы – «Жиа – қытайша есептегі ондық санның біріншісі, қазақша «А» әрпімен таңбаланып жүрген белгі дегенді білдіреді. «Жиа-ның ауыспалы мағынасы, ең озық, ең әдемі, ең бірінші дәрежелі дегенді де білдіреді. Ал. «Алты жиа» 7,8 жасар бала білуге тиісті есептік сауаттар жиынтығы, бізше баланың хат тануымен бірге төрт амалды, әбжаттық есепті меңгерді қамтамасыз ететін бастауыш білімге ие болу дегенді білдіреді. Оның «Дастан» дегенге үш емес, үш жүз қайнатсаң да қабыспайды. Ли Бай оқуға барған тұста болашақ мемлекеттік қызметтен үміткер жас бала «У жиң – Бес кітапты» (бал кітабы, тарих кітабы, жыр кітабы, жоралғы кітабы, жылнама кітабы) оқып білуге міндетті еді. Басқа кітаптарды оқуға рұқсат етілмейтін болған. Аса зерек, талапшыл бала Ли Бай ондай шектемеге қарамай «он жасында алуан кітаптарды оқып шыққанына да қанағаттанбай «Он бес жасымда алуан түрлі ғажайып кітаптарды Шы у Сүйгуан ши шу) оқуға құмартқанын айтып отыр. Басқаша сөзбен айтқанда, өзі жастай сусындаған білім-ғылым қайнарларының аса мол әрі алуан түрлі екенін мақтаныш етіп тұр. Осы айтылғандардан түйер түйін – Ли Байдың он бес жасқа дейін алған білім-білігінің тұтастай Таң дәуіріндегі қытай оқу-оқыту бағдарламасы аясында қалып қоймай, өз заманында кең таралған ғажайып, алуан мазмұндағы кітаптарды еркін оқу арқылы аса мол білім-ілімге қол жеткізгенін, бірақ, оның қазақ даласына, қазақ түгілі исі түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне мүлде қатысы болмаған, нақ қытай білімдары, дарынды қытай ақыны болып қалыптасқанына көз жеткіземіз. 14-өтіріктің қатарына жататын Елібай ақынға «бес жасынан қазақ дастандарын айтқызған», өзін «он жасынан ақын өлең­дерін жатқа алып айтып Елдібайды пір тұтып өскен» дарын ретінде дәріптеуден қымсынбаған Мұхтарханның елуден асқанда жасаған аудармаларының мүлде сын көтер­мейтін шатпырақ екенін, тіпті, залалды авантюра болғанын осыған дейінгі талдауларымызда біршама сөз еттік. Енді, Мұхтархан жол­ма-жол аударған және өзі тікелей аударған бірнеше өлеңдегі қасақана бұрмалауларға тоқ­та­лайық. Бұл өлеңдердегі негізгі ойды бұрмалауда Мұхтархан екі түрлі қулыққа басқан: Біріншісі, Ли Байдың қазақ даласында туғандығына дәлел болар жеке сөздер мен жер-су атауларын қазақыландыруға ұрынысынан, екіншісі, Ли Бай туған жерін, қазақ елін сағынып, қамығып, зарығып өткен мұңлық ақын ретінде дәпіптеулерінен көрінеді. Мәселен, 1) біз жоғарыда арнайы талдаған «Ұмай ана» жөніндегі шалықтауға ұқсап кететін адам нанғысыз әфсанасын еске түсіріп көріңіздер. 2) Далалықтар үшін – қазақтар үшін «жусан» деген жұпар иісті өсімдіктің қадір-қасиетінің ерекше екенін мөлшерлеген Мұхтархан Елібайының аузына «Жусанды теріп көп жүрдім. Асылым қашан табады» (17 жыр, 95 б) өлең мәтінінде жоқ сөзді салып жібереді. Демек, Елібай жусанды жырға қосса ол қазақ даласын еске алып аһ ұрмағанда қайтушы еді? – деп емексітеді. Бірақ, қытайша мәтінде «жусан» деген сөз атымен жоқ, онда – Кун шан сай Шиюң руй» деген өлең жолында Кун тауынан «осы аттас тау да, елді мекен аты да бар, әр дәуірде әртүрлі аталған. Қалай болғанда да ары кеткенде Кун Лун – Гималай тауы меңзелген» асыл тас немесе әсем гүлдер жинадым деп тұр. Мұхтарханның мына өтірігі басқа өтірікте­рінен де сорақы, әрі елібайшылардың алды-артына қарауына мұрсат бергізбес айғақты сөз ретінде «Үйсін тау» дегенді ойдан шығар­ғандығы еді. Ли Байдың «У суң шан етегіндегі Шүнау кейуананың үйіне түнеу» деген өлеңінің бірінші жолын жолма-жол аударма жасаған Мұхтархан: У суң тауы (Үйсін тау – А. Н.) етегінде түнедім» деп соғып жібереді. Мұндағы «Үйсін тау» дегені қытайшасында «У суң шан» «, қазақшаласақ «Бес қарағай тауы» дегенді білдіреді. Ли Бай қытайды қазақ – Дулат, Елібайға айналдыруға жаныққан келешек елібайшылар «Үйсін тауы етегінде түнеген» аталары жөнінде еңіреп тұрып толғанбай ма? Халықтың тарихи жадын шатастыратын, жалған тарих жазу деген бұдан артық қандай болмақ, ағайын! Мұхтарханның жалған тарих жасау жолында ашқан екінші жаңалығы немесе екінші қулығы – Ли Бай ақынның туған елі мен жерін зарыға, қамыға еске алатынын қытайша мәтіндегі «Гу шиаң – туған жер, туған село» деген сөзді оңды-солды қолданып біресе, «отан, біресе, туған жер, біресе туған ел» деп, оларды Шу бойын қазақ даласын, туған еліне жете алмай қамығуына апарып телуінен көрінеді. Қытайдың либайтанушыларының жазуына қарағанда қайда туғаны әлі толық нақтылана қоймаған Ли Бай (қайда туса да қытай отбасында туылғаны жөнінде нақты ізденбеген, бір кездері мен де сезімге беріліп, оны түрік текті ақын деуге бейім болған едім.) 25 жасына дейін ғана ата қонысы Сы Шуан (Шу) өлкесінің Шиңлиан қалашығында тұрған, сол жасынан өмірінің соңына дейін Қытай Орта жазығын оңды-солды шарлап қаңғыбастықпен күн өткізген, арақ-шарапқа әбден құныққан, сөйтіп ақыры мас күйінде суға кетіп өлген бір трагедиялық тағдыр иесі еді. Оның ел кезіп қаңғыбастықпен өткізген 37 жылында талай жұлдызды сәттері де болғаны белгілі. Алайда, туып-өскен қыстағына қайта орала алмай тентіреп жүріп, ол туралы қамырық өлеңдер жазбауы мүмкін бе? Ондай өлеңдер неліктен тек қазақ даласын сағынудан тууы керек? Қазақ даласы, Шу өңірі, Суяб қаласын меңзейтін жарты сөз жоқ екеніне қарамай өңештей беретіні қалай? 15-өтірік – қазақ халқын, оның маңдайына басқан, ұлттық мақтаныштарына айналған ұлы ақындарын қорлап, қытай Ли Байды олардың төбесіне шығарғысы келген білместігінен туындайды. Мейманасы тасыған Мұхтархан айылын жимастан «Елібай жырын түпнұсқадан түсініп оқу көп қазақтың қолынан келе бермейтін шаруа ғой. Болмаса тарихтағы ірі тұлғаны оқығаннан кейін, заңғар тұрғанда, төбені мақтап жатпас та еді» («Елімен қауыш­қан Елібай ақын», 19-б.) деп қазақ халқы бүгінге дейін Ли Байдай заңғардың орнына қайдағы бір төбе-төбешікті мақтап, қателесіп келгенін бетке басқандай болады. Мұх­тар­ханның Елібайды қазақ даласына сүйреп әкеліп, оны қалың көпшілікке мадақтаудағы түпкі мақсаты, оның мына сөздерінен айқын білінсе керек: «Он үш ғасырдан бері... тұтас Қытайды таңғалдырумен келе жатқан атақты қандасымыз, тарихи екі көршілес елдің аса қадір тұтқан ірі тұлғасы болып табылады.. Әрі бұдан былай да екі елдің мәңгі қадірлейтін, екі елді бірдей баурап, өз құдіретімен тұтастыратын рухани күш ретінде жасай береді» (7-б). Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Мұхтархан ойдан шығарған 15 өтіріктің де айтары, қытай мен қазақты бірдей баурап, өз құдіретімен тұтастандыратын немесе екеуін бір тұтас «жұң хуа» ұрпағына айналдырар заңғар тұлға Ли Байға телу – сайып келгенде үлкен қателіктің көрінісі. Мұхтархан сияқты жалған тарихшыларға айтар сөзді ұлы Абайдың: Мен боламын демеңдер, Аяқты алшаң басқанға. . Екі көзің аларып, Құр қарайсың аспанға Бір ғылымнан басқаның Бәрі де кесел асқанға Өйткен адам жолығар, Кешікпей-ақ тосқанға, – деген өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді.

1178 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз