• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2018

КЕМЕЛ ҚАЛАМГЕР КЕЛБЕТІ

Қазақтың қадірлі қасиетін әспеттеу ісінде қолы таза, жаны жомарт тұлпар текті ұлт жанашыры қай дәуірде де халқына қалтқысыз қызмет еткен. Бұл арқауын үзбей жалғасып отырған. Солардың ішінде ірілігімен көрінгендер ел тарихында ешқашан елеусіз қалған емес. Иә, Александр Пушкин заманында оны он орап алам дегендер аз болмаған көрінеді. Бірақ тарих таразысы асыл мен жасықты теңшеп телқоңырын тепсең емес, шыңға шығарған. Сол шыңнан бір мысқал да түсірмеуге ант байласқан. Шын ант – ақиқат. Ақиқаттан надан болмаса, адам аттамайды. Арғы жаққа бармай-ақ өткен ғасыр мен өзіміз күн кешіп жатқан осы ғасырда әлгі ұлт ақиқатына өз үлесін қосқан санаулы саңлақтарды ойға түсірсек, Алаш арыстарының үлгісін бойына сіңірген, халқын қадірлей алған: «...Қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты... болған екен», дейтін Мұхтар Әуезов пен «ұлт бостан болмайынша адам бостан бола алмайды», деп бастап, ұлт не істеуі тиіс деген сүбелі сұраққа: «Өз тағдырымызға өзіміз жауапкер, өз тізгінімізге өзіміз ие кезеңде кешегі көп қылық, көп құлықтан уақтылы безіне білсек, уақтылы есейіп алмасақ, тарих бір қайтарып әперген есемізден қайта айырылып қалсақ, оның өкінішінен өмір-бақи арыла алмақшы емеспіз», деп ертеңімізге бет алғанда шалыс қадаммен шатыспауға ойлы көзін тіккен Әбіш Кекілбаев – ұлт қарауылына айналған тұлғалар. Қазір тұлға көп. Тұлға мен тұғырды ажырататын да – тарих. «...Ерен ақылды, туасы шешен, ойшыл, нағыз ақын, хас жазушы, азамат, қайраткер... Рухы шарболаттай, азаматтығы асқақ Әбіш Кекілбайұлы... ойын көкіректен шыққан сөзбен көмкергенде оның дауысы көкке жеткендей көпшілік қауымды баурап алады» деп «Қазақтың Шерханы» (Әбіштің өз сөзі) Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза айтқандай, жер басып жүргенде ақыл-парасатымен айбыны асып, кімді де болса мысы басып тұратын азамат, дарабоз дара өмірден озған соң да өлшеусіз өнегесімен – екінші өмірін көп ұзамай бастап кетті. Әбіш әлемі – қазақ әлемінің бір мәуелі бәйтерегіне айналды. Сан қыры сараланып, кемел келбеті даралану үстінде. Бұлақ суындай тұнық зерделі сөзі саналыға сәуле түсіріп, түсініп, түйсіне алатындарды ойландырып-ақ тастады. Әбіш әлемі, яғни, кемел қаламгердің келбетін шығармалары арқылы келістіріп ашқан «Әбіш Кекілбаев энциклопедиясының» бірінші томы таяуда қолға тиді. Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген бұл іргелі еңбек кемеңгер шығармашылығына арналыпты. Осы күндері энциклопедия шығару үрдісі өрістеп тұр. Бірақ бәрі бірдей талапқа сай, таптұйнақтай десек, асырып айтқандық болар. Көбіндегі олқылық шығыпты, шығарыпты дегенге бой алдыру жолындағы асығыстықтан, терең барламаудан болып жатқан секілді. Болмысы бөлек классик шығармаларына арналған көлемді дүниені жүзеге асыру үстінде жұмысшы тобы көп ізденгені, жақсы үлгілерді алуға талпынғаны бірден байқалады. Жауапты істі талғаммен қолға алғанда әр туындының түпкі идеясын айтуда аз сөзбен көп мағынаны білдіруді басты нысанға алған. Оны «Оқырманға арнау сөзде» басылымның жауапты редакторы Ғарифолла Әнес әдемі баяндаған екен. Ол заманауи энциклопедия шығару ісінде біраз құндылықтарды сараптаудан өткізіп, соның ішінде «Достоевский» энциклопедиясының желісіне көңіл аударғанын алға тартады. Тұлғалық энциклопедияның алғашқы екі кітабы туралы ой қозғағанда біріншісі – «Шығармашылығы» деп аталып, оған келер алдында тәжірибе-байқау ретінде «Сөз» жинағы, ал екінші кітабы – «Өмірі мен ортасы» оның ықшамдалған нұсқасы жұртқа ұсынылған екен. Бұған қарағанда, шығарушылар ұжымдық еңбекке үлкен әзірлікпен келгені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осы жобаның дүниеге келуіне ұйытқы болған азаматтар қатарында жазушы-журналистер Ә.Спан мен Л.Сәдуақасов, «Арыс» қорының жұмысшы тобы (жетекшісі Т.Алпысбаев), сол секілді сөз зергерінің жары Клара Жұмабайқызы да көп үлес қосқанын, қаржылық жағынан көмек көрсеткен Маңғыстау облыстық әкімдігі екенін жоба жетекшісі еске сала кетіпті. Сонымен қазақтың бір өңірінде маңдайы кере қарыс ұл болып өмірге келіп, ұлт ұлына, жұрт кісісіне, бүгінгі сөзбен айтсақ, феномен дәрежесіне көтерілген Мырзағаң (Мырзатай Жолдасбеков) әулиелер қатарына қосқан «Әбіш Кекілбаев энциклопедиясы» өзіндік өрнегімен кімнің де болса ілтипатына бөленеді деген сенімдеміз. Ол қандай өрнек дегенге келер болсақ, жазушы шығармашылығы жанр бойынша жеті тарауға, нақтылай түссек: поэзия, проза, драматургия, аудармалар, тарихи-танымдық туындылар, сапарнамалар, мақалалар бойынша жүйеленген. Мәселен, «Өлең сөздің – патшасы...» деп Абай ұғымымен ашылған поэзия бөлімінде өлең жанры, әлемдік және қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихынан шағын да болса шалымды мағлұматтар беріліп, айтулы сөз ұсталарының, сонымен бірге бүгінгі жас толқынның аяқ алысы айтылып, Әбіш Кекілбайұлының «Алтын шуақ» (1962), «Дүние ғапыл» атты екі кітабындағы 147 өлеңі мен 2 поэмасы, Г.Гейнеден, М.Лермонтовтан, Р.Ғамзатовтан, О.Сүлейменовтен, Э.Капиевтен, тағы басқалардан аударған дүниелер алфавиттік ретпен сараланыпты. Бір дәйек келтірсек, «Абайла, бауырым, абайла» деген алғашқы өлеңнің қашан жазылғаны, қайда жарияланғаны алға тартылып, ондағы философиялық тереңдік пен метафоралық өрнектер де ескеріліпті. Мұндай талдау тәсілі барлық өлеңге тән деуге болады. Өлеңдердегі кейбір ұғымдарда кездесетін адам аттарына, жеке сөздерге де түсінік беріп отыруды әдемі үйлестірген. Айталық, 1998 жылы жазылған «Шимұрын» атты өлеңнен «Қойсайшы тағдыр бұйрығын, жеңгетай болған шимұрын, Ат дүбірін естіп, зытып берген сор жаққа, шолтаңдатып құйрығын. Әй, жексұрын шимұрын», деген жолдарды мысалға келтіріп шимұрын сөзіне түсінік бере кетіпті. «Шимұрын – адамды жүріп келе жатқан жолынан адастырып, батпаққа батырып өлтіретін шайтанның бір түрі» екенін айтып, оған қоса «шимұрын – күлдіріп өлтіруші шайтан» делініпті. Шынында, бұл қазақ тіл байлығының мол екенін көрсетумен бірге, тап басып тани алсақ кәделі мұра аз еместігіне, жазушының ондай ұлт тіліндегі байлықты қолдану шеберлігіне тоқталады. Мұндай алымдылыққа қалай сүйсінбейсің. Осы арада шешімін әдемі тапқан мына бір тәсілді айта кетсек дейміз. Ол ақын-жазушыны, басқа да айтулыларды кітап ішіне тізе бермеу жағы еді. Тек Кекілбаев шығармашылығында аты аталғандарды, қалам тербегендерді, өзі аударған авторларды суретімен бірге шағын деректерді қосып отырған. Ондай деректер мен суреттердің бәрі энциклопедияда түрлі-түсті бояумен көмкерілген. Классиктің өз суреттеріне де орын молынан берілген. Проза бөліміне әңгімелері, хикаяттары, романдары топтастырылыпты. Проза шебері туралы аңдатпада жанр жайлы сөз қозғалып, ұлттық прозаға байлам жасалып, қаламгердің 13 әңгімесі, 10 повесі, 3 романы сөз болады. Әр шығарманың атынан кейін кейіпкерлер көрсетіліп, үзінділер келтіріліп отырады. Хикаяттар мен романдарға кітаптан мол орын беріліпті. Кейіпкерлердің бітімі кеңінен қамтылып, оқиғалардың бастау басы, шырқау шегі, тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар, аңыз-әпсаналар, сол туындылар туралы жазған авторлардың пікірлері үйлесімділігімен баурайды. Тарихи романдар туралы тартымды алғысөз іспеттес жазбадан кейін «Үркер» мен «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» сөз болады. Ұлт руханиятына қосылған бұл айтулы шығармалар туралы замандастарының, үлкен ғалымдардың, үздік сыншылардың, кейінгі толқынның пайымды оң тұжырымдарынан үзінділер ұсынылыпты. Әр шығарманың атауына, құрылымына, көтерген жүгіне тоқталып, тарихи кейіпкерлердің дара сомдалғанына жете көңіл бөлінеді. Тұғыры мықты туындылардан мысал келтіріп, ақиқатқа көзіңді жеткізіп, суреткердің образ жасаудағы шеберлігіне тәнті етеді. Шығармалардың көркем тілмен безендірілуі, заман сөзін жеткізе алуы: «Мәті би айтқан түлкі дәуреннің біржола орнағаны ғой. Ал сонда мұның әлгі тағдырдың жазуындай бүркіттің өзіне тап бергені не болғаны?.. Не де болса, келешек көрсетер...» деген үш сөйлемнен көрініп тұр емес пе? Талдауларда астарлап айтқан байламдар арқылы өрен жүйріктің өрісі кең екенін сездіреді. Драмасына келгенде қазақ сөз өнеріндегі бұл жанрдың көш басында тұрған алыптарды атап, одан кейінгі мықтыларды еске түсіріп, «Абылай хан» драмалық дастанына орын береді. Бұл драманың жазылуы, театрда қойылуы, басты тұлға «Қазақтың қайран даласын жағасы жайлау ел қылам, қара сирақ баласын басқалармен тең қылам», деген Абылай хан, оны сахнада сомдаған өнер саңлағы (Т.Жаманқұлов) туралы мәліметтер алға тартылады. Ал жазушы аударған пьесалар да бір шоғыр екені мәлім. Олардың қатарында Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Король Лир», «Кориолан» Г.Ибсеннің «Үрей», А.Чеховтың «Ваня ағай», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», өзге де туындыларды атауға болады. Шешендікпен, шеберлікпен аударған романдар мен повестердің қатарында: Ги де Мопассан, Л.Толстой, Ш.Айтматов, т.б. жайлы да мәліметтер жинақталып берілген. Әбіш Кекілбаев еңбектерінің ішінде тарихымызды тереңнен қозғап жазған тарихи-танымдық туындылардың жөні бөлек екені рас. «Шежірелер сыр шертсе...» деген атпен берілген бөлімде «Талайғы Тараз», «Ұйқыдағы арудың оянуы», «Шандоз» атты деректі тарихи баяндардағы мағлұматтар өте маңызды. «Шандоз» деген сөзді кітап аты етіп ала отырып, оны айналымға енгізгені белгілі. Ол сөздің түпкі мағынасына келсек, «сұлу, көркем жігіт» деген ұғымды береді. Ол арқылы Махамбеттің түр-тұлғасын көз алдыңа алып келеді. Маңғыстау, Тараз өңірлеріндегі киелі жерлердің арғы-бергі сілемдерін тап басып тарата айту, ондағы түрлі атауларды жіліктеп беру заманауи басылымның жетістігі деуіміз керек. Іргелі еңбектегі «Сапарнамалар» бөлімінде дара дарын иесінің көзімен көріп, қолымен ұстаған әлем жұрттарының тірлік тынысын әр қырынан сарапқа салған байламдары қашанда байыпты болып келетіні анық. Кешегі кеңес заманында, одан кейін ту көтеріп, тәуелсіз ел болған тұста төрткүл дүниеге жазушы ретінде де, мемлекет қайраткері санатында да барған сапарларынан жазған публицистикасы энциклопедиядан елеулі орын алған. Азамат қаламгердің әр жазбасы өзіндік өзгешелігімен бұрын қалай есте қалса, кітапта да сондай әсерлі берілгенін айтуға тиістіміз. Тарланбоздың табаны тиген елдердің тарихы, ұлы тұлғалары, қаласы мен даласы жайлы да қысқа деректер тартымды әрі тағылым аларлық. Бұл тұрғыдан келгенде, оқырман қаламгердің сапарларымен қатар, «азат елге ағайын көп» деп өзі айтқандай, өзге мемлекеттердің өткені мен бүгінін тиісінше жан-жақты бергенін энциклопедияны парақтап отырғанда көз жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, сараптамалық публицистикалық шығармалардың қашан жазылып, қайда жарияланғаны, айы-күні бәрі таспадағыдай анық. Әбіш Кекілбаев әлемінде тіл мен ой шеберінің көсем сөздері ұлт тарихына қосылған қазына десек, артық айтқандық болмайды. Соның айғағы шығар, 60 жылдан аса уақыт бойы толғақты мәселелерді, ұлттық үлгі мен үрдістерді, тіл мен ділді, елдік пен ерлікті, халыққа қажет дүниелерді, әлемдік құбылыстарды қамтыған, бәрінде көркем кестелеген дүниелер рухани байлығымыздың бастау басында тұрғандай әсерге бөлейді. Мұның бәрі «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), «Заманмен сұхбат» (1996), «Азаттықтың ақ таңы» (1998), «Тіл және Тәуелсіздік» (2007) кітаптары арқылы көрсетілген. «Ойдағымыз болды, ортамыз толды», «Арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл» деп жігеріңді жанып, қалғып кеткен жанарыңды ашатын әр мақала мен сұхбаттар алфавиттік тәсілмен жүйеленген. Мақалалардағы «...Елес емессің, естесің. ...Тобамыз тек тәубемізден айыра көрмесін!» деп арғы-бергі ұлт жақсыларын әспеттеген тұстары, кейіпкерлері, сұхбат алған журналистер туралы деректер суреттерімен орын алған. Әр заманның «әп, бәрекелді» дегізетін тұстарынан қысқа үзінділер беріп отыру да зейін-зердеңе із тастайды. Жалпы, Әбіш Кекілбаев мақалалары жайлы бөлімді оқып шыққанда – бәрі де көркем дүние қатарында екеніне еш шүбә келтірмейсіз. Өз Отанымызда, әлем елдерінде жарық көрген кітаптары суреттерімен жарияланып, қай кезде, қай баспада шыққаны көрсетілген. Библиографиялық көрсеткіште жазушының кітаптарымен бірге, ол туралы жазылған мақалалар жылдар бойынша тізіліп, авторлары көрсетіліп, қорғалған ғылыми диссертациялар да назардан тыс қалмаған. Энциклопедияны дайындау кезінде сыншы Ә.Байбол, жазушы М.Ізім, журналист Д.Имамбаевалардың қосқан үлесін, суретші К.Бекеновтің арнайы салған иллюстрациялары пайдаланғаны туралы жоба жетекшісі еске салып өткен. «Тағдыр мен тарих қоғам мен ұлт өміріндегі ең бір шешуші оқиғалардың ортасында жүруге бұйырды. Сыртқы бақылаушы ғана болып қалмай, додаға түсіп, талқылы мәселелердің шешімін табуына қолма-қол араласуға итермеледі... Әлеуметтен асқан әділ қазы қайда бар?! Әлеуметтен асқан сырласты қайдан табарсың?» деп халқының қадірлісі болып, әлеуметін әспеттеген бір дәуірдің алыбы, тәңірім келбетіне қарай кемелдікті де берген, сөз ұстап, ой тербеуде де тектілік таныта алған азат қазақтың айбынын асыруға да аянбай тер төгіп үлесін қосқан, даралығы мен даналығын бүкіл шығармаларында дәлелдеген, сөйтіп ілтипатқа бөленген, үкілеген ұлдарының алдыңғы сапынан табылған тарлан талант туралы заманауи энциклопедия ұлт құндылығына қосылған олжа екеніне кім шүбә келтіре алады. Бұл еңбек – Әбіш әлемінің бір жүйеге түскен алғашқы бастау басы деп ұққанымыз жөн секілді. Ендігі жерде Кекілбаев шығармашылығының бүкіл болмысын осы кітаптан тауып, Абай, М.Әуезов энциклопедияларының қатарына қойып, тағылымын үйреніп, тәбәріктей қолда ұстайтынымыз хақ. Ұлтым деген, жұртым деген ұлы жазушы, қайраткер туралы мұндай ізгі ізденістер енді арна тарта береді. Алдағы уақытта энциклопедияның «Өмірі мен ортасы», «Көрсеткіштер» атты екінші, үшінші томдары жұртшылық қолына тиеді. Түйіндей айтқанда, кіріптарлықтан құтылған, азаматын қадірлей білген, өзін танып білуге ұмтылған қазақ баласы үшін бұл энциклопедия қазына деп қабылдасақ, «бәрекелді!» деп бір сәт дамылдасақ, артынан жақсы істі жалғастыра берсек, қане! Бұл кейінгіге үлгі, сабақ болары сөзсіз.

Сүлеймен МӘМЕТ

743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз