• Еркін ой мінбері
  • 25 Желтоқсан, 2018

«ӘДЕБИЕТ – ҚАЗІР ЖАЛПЫ КӨПКЕ ЕМЕС, ТАЛҒАМЫ НӘЗІК, ТАЛАБЫ ЖОҒАРЫ ДЕГДАР ТОПҚА ТИЕСІЛІ» дейді жазушы Заря Жұманова

– Қазақстан Жазушылар одағында 800-ге жуық мүше бар екен. Соның басым көбі – ер адамдар. Қазір өндірте жазып жүрген, есімдері елге таныс қаламгер әйелдер өте аз. Ақындарға қарағанда, жазушы қыз-келіншектер саны, тіпті, саусақпен санарлықтай ғана. Бастапқыда жылт етіп көрініп, көп ұзамай ізім-қайым жоғалып кететін қыздарымыз қаншама! Сіздің ойыңызша, бұның себебі неде? Қазақ қыздарының жігіттерден таланты кем бе? – Жоқ. Қазақ қыз-келіншектерінің таланты ешкімнен кем емес. Бірақ, олардың табиғат мойнына жүктеген өз міндеттері бар. Тұрмыс құрып, ақ босаға аттаған қаламгер қыздардың шығармашылық бағының жануы көбінесе етегінен ұстаған азаматына байланысты. Қалай да келген жеріне балдай батып, судай сіңу үшін Құдай берген қабілетін құрбандыққа шалатын қыздар аз емес. «Кейін, балаларым өскесін, бәрі өз аяқтарына тұрғасын жазармын» немесе, «Кейін кең үй-жайым, оңаша кабинетім, жақсы үстелім, жеке компьютерім болар, сол кезде ойымдағының бәрін армансыз төгермін»,– деп өздерін жұбауратып жүргенде, шабыттанып, шаттанып, шамырқанып, өндірте жазатын кезі уыстан сусып шығып кеткендерін өздері де байқамай қалады. – Ия, арасында екі кеменің басын ұстап, бірақ, суға кетпей жүрген, Сіз, сияқты қыз-келіншектер де бар ғой...Жазушы болуды бала кезден армандадыңыз ба? – Жазушы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ, әйтеуір оқушы кезден журналист болуды армандағаным рас. Көркем әңгіме жазуға жастай икемім болды. Тұңғыш новеллам мектепте 9-сыныпта оқып жүрген кезімде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне шықты. Студент кезімде «Жаңбыр иісі» деген ең алғашқы көлемді әңгімем «Қазақстан әйелдері» журналының айқара бетіне шықты. Ол кезде сол журналды жаздырып алмайтын қазақ отбасы жоқ шығар-ау! Әйтеуір, қайда барсам да тамыр-таныс, тума-туыс, жора-жолдас, көрші-көлем: «Қазақстан әйелдеріне» шыққан әңгімеңді оқыдық»,– дегенде, төбем көкке жеткендей қуанғам... «Сөз өнері дертпен тең». Туа-бітті сол «дертке» шалдыққандар қандай қиындықты бастан кешсе де, бәрібір жазбай тұра алмайды. Кейде өмір бойы иықтан түспейтін бір ауыр міндет арқалап жүргендей сезінемін. Қызмет пен отбасымыздың қым-қуыт тірліктерін атқара жүріп, «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» атты кітаптарымды жаздым. Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі «Ақбота» деген кітабымның қолжазбасын сатып алды. Әлемнің 6 тіліне аударуда. 5 мың таралыммен Қазақстандағы орталық кітапханаларға таратылады деген, сол күнді асыға күтіп жүрмін. – Елге танымал Темірхан Медетбек, Қанипа Бұғыбаева сияқты арқалы ақын-жазушылардың көбі Әбу Сәрсенбаевты ұстаз тұтқан екен. Тіпті, күні кеше өмірден өткен Шерхан Мұртаза ағамыздың да тырнақ алды тұңғыш туындыларының республикалық әдеби басылымдарда жарық көруіне Әбу ақсақалдың ықпалы тиіпті. Сіздің де мектепте оқып жүрген кезіңізде абыз ақсақалдың батасын алып, кейін студент кезіңізде тәлім-тәрбиесін көргеніңізден хабардармыз. Ол кісіден көрген-түйгеніңіз көп пе? – Студент кезімде көбінесе Әбу атамыздың үйінде жүрдім. Әжеміз – Ләзиза Серғазина – Керекудің алғашқы кәсіби журналист қызы, бірнеше жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы болған, өте бір мықты, ерге – ер, серіге – серік болатын адам еді. Қонақжай, көпшіл, мұқтаж адамдарға жаны ашығыш, адам жатырқамайтын және өте білімді адам еді. Атамызбен үнемі «Әбеке, Сіз» деп қана сөйлесетін. Бір-біріне дауыс көтеру түгілі, қабақ шытқандарын көрген емеспін. Қонақ бөлменің екі қапталында екеуінің бөлмесі болатын. Түнімен екі жақта екеуі жазу жазып отыратын. 1982 жылы Ләзиза әжеміз өмірден өтті. Өмір бойы күнделік жазған адам еді. Сол күнделіктерді іріктеп, баспаға әзірлер кезде атамыз, ішкі әлеміне рұқсатсыз енгені үшін жарының рухынан кешірім сұрап, хат жазыпты. Оны Райхан апам – Әбу атамның жалғыз қызы тауып алып, маған көрсетті. Не деген ілтипат! Не деген тектілік! Осындай жаны шуақты жандардың тәлім-тәрбиесін көргеніме шүкіршілік етемін. – Сіз неге шығармаларыңызға көбінесе қыз-келіншектер өмірін арқау етесіз? – Университет бітірген соң, Алматыдан жолдамамен Жезқазғанға келіп, облыстық телеарнада, қалалық «Сарыарқа» газетінде істедім. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Ұлағат» аталатын шағын газетінде бас редактор болдым. Сол жылдары редакциямызға тағдыр тәлкегіне тап болған қыз-келіншектер жиі келетін. Кейбірі «Көңілдің кірі айтса кетеді» деп, әркімге аша бермейтін жан сырларын ақтарады. Солар айтқан әңгімелер көп уақыт көңілімде жаңғырып, көкейімнен кетпей жүретін. Кейде жұрт аяғы басылғасын, аядай ас үйде отырып, сол әңгімелерді қағазға түсіріп жүрдім (Жаңа үйленген жылдары жатақхананың жалғыз бөлмесінде, сосын, тап-тар пәтерде тұрдық) Алаңсыз шығармашылықпен айналысатындай мүмкіндігім болған жоқ. Келімді-кетімді қонақ, бала-шаға. Бәрінің бабын табу керек... Күйеуім кандидаттық диссертациясын жазамын деп біресе, Мәскеуде, біресе, Алматыда жүрді. Кейін ғылым докторы болды. Әбу атаммен үнемі хат алысып тұрдым. Менің әдеби ортадан шалғай жүргеніме ол кісі қатты алаңдайтын. Шығармашылықтан мүлде қол үзіп кете ме деп қауіптенетін. Мен де ішімнен атамның үмітін ақтай алмадым-ау деп уайымдап жүруші ем. 20 жылдан кейін Жезқазғаннан Алматыға қоныс аудардық. Өкінішке орай, Әбу атам өмірден өтіп кеткен кезде, өзім қаншама жыл аңсаған әдеби ортама қосылдым. Ғ.Мұстафиннің 100 жылдығына орай Жазушылар Одағы жариялаған жабық бәйгеге бүркеншік атпен бір әңгімемді ұсынғам, сол 1-орын алды. Содан бастап, өзіме деген сенім пайда болып, әңгіме жазуға батыл кірістім. Бірнеше жыл «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болдым. «Хабар» теларнасында қызмет еттім. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Бірнеше әдеби байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алдым. 2010 жылы тәуелсіз «Алтын қалам» бәйгесінде «Жылдың үздік прозасы» номинациясы бойынша жүлдегер атандым. Байқап қарасам, әдебиетке біреу ерте, біреу кеш келеді. Әсіресе, алғашқы албырт жырларымен-ақ ел ауызына ілігіп, танымал боп кететін ақындар – тез пісетін көк алма болса, көбінесе кемеліне келген шақта елге танылып жататын жазушылар кеш пісетін апорт сияқты. Мен өзімді алманың кеш пісетін сортына жатқызамын. – Алайда, кеңес заманында аты шыққан Фариза апай, Қанипа апай, Шарбану апай, Кәмилә апай, Марфуға апай, Ақұштап апайлар болмаса, әдебиетке кейін келген, Сіз, сияқты қыз-келіншектерді жалпы халық онша жақсы білмейді. Соның себебі неде? – Өте орынды сұрақ. Келмеске кеткен Кеңес заманында ақын-жазушыларға, ең алдымен, коммунистік партияның идеологтары ретінде қарап, мемлекет қамқорлық жасады. Қаламгерлер демалыс үйлеріне барып, миларын тынықтыратын. Табиғаты тамаша, у-шудан оңаша шығармашылық үйінде жатып, алаңсыз кітап жазатын. Тіпті қомақты қаламақыларының сүбелі бір бөлігі кітап шықпай жатып, алдын-ала қолдарында жүретін. Сондықтан, олар күйкі тірліктің күйбеңімен өмірін босқа өткізбей, тек шығармашылық жұмыстармен айналысатын. Баспадан шыққан кітаптарын қайда таратамын деп бас қатырмайтын. Жүздеген мың таралыммен шыққан кітаптар Қазақстанның ең түкпірдегі ауылдарына дейін жететін. Оқырмандардың ақын-жазушыларға деген құрметі айрықша болды. Өйткені, ол кезде қазіргідей топан су боп төгіліп жатқан интернет, сайт, портал, әлеуметтік желілер, түрлі ақпараттық ағындар жоқ. Телехабарларды тек ірі облыс орталықтары мен үлкен қала тұрғындары болмаса, шалғай аудан, алыс ауылдағылар тек бертін келе көре бастағанын өзіңіз де жақсы білесіз. Халық жаңа кітапты бір-бірінен сұрап алып оқитын. Рухани шөліркеп жүрген қарапайым халық таңдайларына тамшылап су тамғандай рахаттанды. Жазушылардың есімдерін есте ұстады. Таланттылардың бәрі тек кеңестік кезеңде өмір сүрген екен деп тұжырым жасамау керек. Қазір де, шүкір, ақын-жазушылар арасында Ділдәр Мамырбаева, Камал Әлпейісова, Гүлнәр Шәмшиева, Шәмшия Жұбатова, Гүлзада Ниетқалиева, Мира Шүйіншәлиева, Айгүл Кемелбаева, Мәдина Омарова, Аягүл Мантаева, Гүлзат Шойбекова, Айгүл Асылбекова, Қалампыр Кенжеғалиқызы, Маркиза Базарбаева, Несібелі Рахмет, сияқты қаламы қарымды, өзі дарынды қыз-келіншектер бар. Олардың көбі күндіз газет-журнал редакцияларында жұмыс істейді. Түн ұйқысын төрт бөліп, көзінің майын тауысып жазған жаңа кітаптары жалпақ елге кеңінен тарап жатқан жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың өзі әрі кетсе, 2 мың таралымнан аспайды. Сондықтан, бізді күллі қазақ білмейді. Бірақ, әдеби орта жақсы біледі. Әдебиет – қазір жалпы көпке емес, талғамы нәзік, талабы биік дегдар топқа ғана тиесілі. – Көбінесе қыз-келіншектердің сан алуан тағдырын психологиялық нәзік иірімдермен суреттеп жүрген жазушы ретінде Сізді не толғандырады? – Үйленгендеріне жыл толар-толмастан, талай жас отаудың шаңырағы ортасына түсіп жатыр. Мен осыған қиналамын. Неге солай деп бас қатырамын. Сараптама жасап, қарап отырсам, біз өркениет көшіне ілесеміз, жаһандануға қосыламыз деп жүріп, барымыздан айрылып қалудың аз-ақ алдында жүрген ұлт екенбіз. Қаржылық жағдайы бар қала қазақтары қыздарын бесіктен белі шығар-шықпастан, пианино, би, вокал, гимнастика, у-шу, кудо, таеквандо, т.б үйірмелерге сүйрелейді. Бірақ, ешқайсысы: «Қызым, айналайын, түбі саған керек болар-ау», - деп, оларға киім тігіп үйретуге, аспаздықтың қыр-сырына баулуға құштар емес. Қазіргі қала қыздарының көбі заман талабына сай ағылшын тілін жақсы біледі, жеңіл көліктерін ұршықша иіреді және өздерінің сыртқы сұлулықтары мен дене сымбаттарына ерекше көңіл бөледі. Алайда, ұлттық әдеп, тәлім-тәрбие олар үшін керексіз нәрсе сияқты. Көбінің қос-қос дипломы бар. Бакалавриат, магистратура бітірген... Бірақ, от анасы болуға лайықты емес. Кез-келген отбасында кездесетін кішкене қиындықтарға шыдай алмай, қит етсе төркіндеріне қашады. Пойыз темір жолмен жүреді. Екі жол түп-түзу, қаз-қатар жатады. Бұрылса, бірге бұрылады. Егер, біреуі – оңға, біреуі солға қисайса, үстіндегі вагондары не болады? Әрине, құлайды. Ерлі-зайыпты екі адам – сол екі рельс десек, ал, вагондар – балалары емес пе?! Домбыраның екі шегі бар. Күйші күй тартпас бұрын, алдымен, екі шекті алма-кезек шертіп көріп, дыбысын тексереді. Домбыраның құлағын біресе босатып, біресе қатайтады. Шыққан дыбысқа қайта-қайта құлағын тосады. Егер егіз шек бір-бірімен үндеспесе, күмбірлеген күй шығар ма еді. Жас жұбайлар бір-бірінің мінезіне икемделіп, тіл табысуға тырыспай, әр қайсысы әр жаққа шалқайса, отбасының берекесі бола ма? Отбасы бақытын – ошақтың үш бұты секілді кешірім, төзім, сабыр ғана ұстап тұра ма деймін... «Кең болсаң, кем болмайсың», «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақалдарды ата-бабаларымыз, (бәлкім, түп әжелеріміз) тегін айтпаған шығар. Ауа-райы күн сайын жанға жайлы бола бермейді. Шайдай ашық аспан төрінде алтын Күн үнемі жарқырап тұрмайды. Ала бұлтты күндер де, қара бұлтты күндер де, жауынды-шашынды кездер де, құйын ұйытқып, жел тұрып, бет қаратпас дауыл соғатын сәттер де болады. Адам өмірі де солай. Тек қандай жағдай болса да, сабыр сақтап, бір-біріне жанашырлық танытып, қамқор көңілмен қолдау жасаған адамдар ғана аласапыран уақыттан аман шығады. Осыларды қыздарымыздың құлағына кішкене кезінен бастап сіңіру керек деп ойлаймын. - Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раиса Үмбетбаева.

807 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз