• Еркін ой мінбері
  • 08 Қараша, 2012

«Алаш» атауының шығу төркіні туралы ой-тұжырымдар

Мұхан Исахан, дінтанушы

Әрбір ұлт пен қауым үшін өзінің шығу тегі мен атауын анықтап алу аса маңызды. Өйткені, біз кімбіз, қайдан келдік, қандай ортада өмір сүріп жатырмыз? – деген сауалдарға төл шежіремізді бағалаумен ғана нақты жауап бере аламыз. Жалпы, біз өзөзімізді танып, өткенімізді парықтап, тарихымызды пайымдаумен ғана келешек үшін ізгі байлам, ілкімді қадамдар жасай аламыз. Ал, өткенімізді түгендеп, болашағымызды айқындау үшін қаншама тарихи ақтаңдақтар мен қордаланып қалған ұлттық-әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуымыз шарт. Тарих ғылымында шешімін таппай жүрген осындай түйткілдердің бірі «Алаш» атауының қандай мән-мағынасы бар?» деген мәселе екендігі ғылым көшіне ерген ағайынға аян. Ендеше, бүгін біз «Алаш» атауы жөніндегі аңыз-әпсаналар мен тарихи деректерге талдау жасап көрмекпіз. «Алаш» атауы хақындағы деректерді жіпке тізер болсақ, Адамзат баласының жара­тылысын баян ететін сонау ерте замандағы шежірелік дереккөздерден бастап, мифтік аңыз-ертегілер, Орта ғасырларға тән ма­на­кыб-әпсаналар мен қолжазбалар, Батыс ориенталистерінің пайымдаулары және қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдарын түгелдей сү­зіп шығуымызға тура келеді. Жалпы, «Алаш» хақындағы деректердің ұқсастығы мен өзгешеліктері, сондай-ақ, зерттеушілердің талдау барысындағы ой-қорытындыларын бағамдап, тарихи шындыққа көз жеткізу үшін арнайы монографиялық зерттеу жүргізу қажет. Десекте, бұл мақаламызда «Алаш» атауы хақындағы деректер мен талдауларды салыстырмалы түрде бағытына қарай былайша жіктеуді жөн көріп отымыз: А) «Алаш» атауы жөніндегі шежірелік деректер; Ә) «Алаш» атауына қатысты мифтік аңыз-әңгімелер; Б) «Алаш» атауы туралы тарихи шын­дыққа жақын аңыз-әпсаналар; В) «Алаш» атауы жөніндегі ориен­талистердің көзқарастары; Д) «Алаш» атауы туралы қазақ тарихшы­ларының пайымдаулары. Шежірелік деректер не дейді? Даңқты Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» әлейім жұртшылыққа, әсіресе түркі қауымына ортақ тарихи шежіре саналады. Осы шежірелерде «Алаш» атауына қатысты деректер де ұшырасады. Мысалы, Рашид ад-Диннің «Жылнамасында» Нұһ пайғамбардың немересі ретінде Абулджа хан атты кісі есімі аталады (Рашид ад-дин.. Сборник летописей. Т.І. кн. 1. Москва-Ленинград. Издательства АН СССР, 1952. с 81). Ал, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» де Нұһ пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан туралы дерек келтіріледі (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13-14 беттер). Осы Алынша ханды Қазақ тарихы үшін құнды деректерді мұра етіп қалдырған Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих Хамса» атты белгілі шығармасында «Алаш» атауына қатысты үшінші уәж ретінде көрсетіп өтеді (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56-57 беттер). Белгілі этнограф Ж.Артықбаев бұл шежірелік деректерді талдай келе, Алынша ханға қатысты оқиғалар б.э.б ІІІ-ІІ мыңжылдықта болған деп болжайды (Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж.Копеева. Павлодар. 2004. с 63). Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша хан көп жылдар бойы патшалық қылды. Нұһ пайғамбар заманынан Алынша ханға шейін барша Иафес әулеті мұсылман еді. Алынша хан заманында жұрт байып, дәулеті тасыды. «Ит семірсе, иесін қабар» деген өзбек мақалы бар еді. Әр кісі өзінің ең қимас адамы не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе, соған ұқсатып, қуыршақ жасатып қоятын болды. «Бұл пәленшенің суреті» деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, оның жүзін өбіп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана-қайталана пұтқа табынуға әкелді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп баяндайды. Сондай-ақ, дәл осы деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде келтіріп өтеді (Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» 1991. 8 б). Шынында да Алынша ханның дәуірінде адамдар хақиқи сенімнен ажырап, пұтқа табына бастаған болса, ата-бабаларымыз: Алаш, Алаш болғанда, Алынша хан болғанда. Қазақ, қалмақ, ноғайлар, Бәрі сонда бір болған. Ынтымағы жарасып, Жайқұн көлдей бір болған, – деп (Құр­банғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 55 б) Алынша ханды мақтап, дәріптеп жырламас еді. Яғни, Құрбанғали Халидтің Алынша хан мен «Алаш» атауын жымдастырғысы келген бұл уәжін дүдәмалдау тұжырым, тарихи шындыққа жанаспайтын байлам деп қабылдаймыз. Жалпы, Қазақ халқы «Алаш» деп ұрандағанда, арқасы қозып, рухтанып, айбарлана түседі. Олай болса, дүйім елді кәуірлікке ұрынған дәуірдегі Алынша хан қалайша арда халықтың «Алаш» ұранына айнала алады? Демек, алтын ұрық, текті халықтың ұрпағы екенін паш еткіміз келсе, «Алаш» атауының шығу төркінін басқаша тарқатумыз қажет-ақ. Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі Татар, бірі Моңғол. Алынша хан қартайған соң, елін екі ұлына бөліп берді. Бұл екеуі бір-біріне жамандық ойламай, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп, Алынша ханнан Моңғол ұлысының тарайтынын жеткізеді. Осы тұста айта кететін бір жайт; зерттеуші Тілеуберді Әбенайлы түркі мен моңғолдың шежіресін тарататын «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» «Алан-Қауа» есімін Алаш, Алшын, Ашина атауларымен байланыстырады. Ол «қауа» көне түрік тілінде қайнар-көз, ең бастапқы» мағынасын бер дей келе, «Алан-Қауадан» Алаш ұлысын таратады (Тілеуберді Әбенайлы Тыныбайын. Шыңына көш тарих. Шыңғысхан кім? «Құпия шежіренің» құпиясы. Алматы. «Нұрлы әлем». 2010. 39 б). Алынша ханның кіндігінен Моңғол ұлысының таралуын мақұл көрсек те, «Алан-Қауа» есімінен Алаш, Алшын, Аши­на атаулары шығады дегенге келісу қиын-ақ. Себебі, осы шаққа дейін тарихта «Алшын», «Ашина» атауларын «Алаш» терминін ұштастыратын сенімді дереккөз табылған емес. Яғни, Т.Әбенайұлының «Алан-Қауа» есімін «Алашпен» байланыстыруын, зерттеушінің субективті болжамы деп ұғамыз. Дегенмен, Тілеуберді Әбенайлының «Алаш» терминін Шыңғысханмен шендестіруінде тарихи шындық бар болуы ықтимал. Өйткені, осыған ұқсас өзгеде дерек-көздер баршылық. Алаша хан дегеніміз Шыңғысхан ба? Аты аңызға айналған халқымыздың белгілі батагөйі ақсақалы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жеткізген аңыз-әпсаналардың біріндегі Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғысханға ұқсап келеді. Бұл аңыз-әпсананың сюжеті тарихтағы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның қаза табу оқиғасымен ұқсас. Оған мәтіннен нақты мысал беретін болсақ: «Алаша ханның Жошыхан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті. Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған. Құлан теуіп өлтірді, Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтұғын сөз сонан қалған. Сонда хан жалғыз баласы өлген соң, төрт аяқты хайуан малды баласын анасынан айырып: – Мен де зарлап қалдым. Хайуан мал да менімен қосылып, аза тұтсын! – деп, бір-біріне жамыраттырмай, сегіз күн, сегіз түн ас-cу іш­пей, теріс қарап жатып алды...» дей келе, Ала­ша ханның ханымы Ханбибі басалқа айтып, ханды жұбатқанын баяндайды. Ханбибінің орынды уәжіне Алаша хан мойынсұнып, малдарды көгеннен босат­қанымен, «...бір бозінген жеріп ботасын алмайды. Сонда хан: – Осы бота енесін еме алмай, аштан өліп кетсе, обалына мен қалдым-ау! – деп, – осы інгенге ботасын алғызған кісіге қалыңсыз қыз берер едім! – дегенде, бір домбырашы шал қолына сірі тігіп, саусақтарын сауаттап алып, домбыра тартып, күй шертіп, інгенді мас қылып, есінен жаңылтып, ботасын алғызған екен. «Боз інгеннің күйі» деп қазақ домбырашылары күй тартушы еді» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 130-131 беттер) деген аңыздың желісі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның өлімін баяндайтын «Ақсақ құлан» аңызына қатты ұқсас екенін аңғарамыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дәл осыған ұқсас келесі бір аңызды келтіріп өтеді. Тек, бұл аңызда домбырашы шалдың аты Кетбұға екендігі, сондай-ақ, Алаша ханның «Енді мұның өшін құланнан аламын – деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырады» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 138 б). Осы оқиғадан кейін «Құлан өтпес», «Бес құлан», «Еңкей аталған», «Қабақ», «Құланжалақ» жер атауларының қалғандығын жеткізеді. Көпейдің құйма құлақ ұлының Алаша хан туралы келесі бір келтірген аңызында «Алаша ханның жетпіс жасқа келіп, бала сүймей, содан кіші қатынынан Жошы ханды көргенін, Жошы хан жеті жасқа келгенде Алаша ханның Домбауыл атты мергенімен құлан атуға шығып, қаза табатынын, Алаша ханға Кетбұғаның күймен ұлының қапияда мерт болғанын жеткізіп, Алаша ханның домбыраның шанағына қорғасын құйғанын баян қылады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 139-140 беттер). Ұлытау өңірінде Алаша ханның ұлы Жошы ханның өлімі туралы мұндай аңыз-әпсананың бар екенін этнограф Ақселеу Сейдімбек ағамыз да растайды. Ол мұндай деректің 1888-1894 жылдары шыққан «Дала уәлаяты» газетінде басылғанын айтып өтеді (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215 б). Тарихшы Т. Әбенайлы «Құпия шежіренің құпиясы» атты өзінің іргелі еңбегінде «Дала уәлаяты» газетінде басылған «Предания об Алаша хане и об его сыне Джучи хане» атты мақалада келтірілген аңызды негізге ала отырып, Алаша хан мен Шыңғысханды бір адам деп тұжырымдайды (Тілеуберді Әбенайлы Тыныбайын. Шыңына көш тарих. Шыңғысхан кім? «Құпия шежіренің» құпиясы. Алматы. «Нұрлы әлем». 2010. 154 б). Алаша хан мен Жошыхан күмбездерінің Қаракеңгір өзенінің сағасында орналасқанын, сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы баба­мыздың келтірген аңыздарының біріндегі Алаша ханның бас мергені Домбауылдың да мазарының осы маңда екенін ескерсек, Т.Әбенайлының бұл тұжырымының қисыны бар. Дегенмен, бұл болжамды тарихи шындыққа айналдыру үшін әлі де іздене түскен абзал. Әсіресе, осы мәселеге қатысты антропологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізу қажет деп білеміз. Алаша ханның Шыңғысханға қатыстылығы турасындағы бұл деректерден өзге Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағында» да Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының «Алаш мыңы» атты қосынының болғандығы айтылады. Мәтінде: «Қатаған қауымы болды, екі сан еді. Майсара – Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған қауы­мының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал, Алаш мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (ұлықтық) Тебре бекке тиді. Одан Шайх – Софы бекке тиді, одан Итбаға бекке тиді, одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының ағасы болып келген осылар еді. Олар Өзбекия арасында да мәлім-мәшһүр» (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағында. Алматы «Қазақстан». 1997. 126 б) деп айтылады. Ал, «Алаш мыңы» атауының Жошы ұлысына тән (яғни, қазақ қауымына) екендігін тарихшы Ж.Мырзахан да былайша жеткізеді: «...Шыңғысхан тұсында «Алты сан Алаш» (қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек) аталып, Жошы ұлысына берілгеннен кейін Ақ орда хандығы құрылғанда ұйытқы болады да, оның қарулы күші екі қанатқа бөлінгенде Алаш мыңы деп аталады» (Мырзахан Ж. Тарих қойнауынан. Тарихи очерктер. Алматы. 2004. 152 б). «Алаш мыңының» Жошы ұлысы, яғни, Ақ орданы, сондай-ақ, Алты сан алаш - құраған қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек тайпаларының Қазақ ұлтын құрап отырғанын ескерсек, «Алаш мыңы» атты бұл деректер тарихи-методологиялық тұрғыдан кешенді талдауды қажет етеді. «Шежірелер жинағындағы» «Алаш мыңы» атауы да Шыңғысханның қолы немесе оның кіндігінен тараған бір билеушінің әскері деген мағынада ма, әлде белгілі бір ұлыстан шыққан қосын мағынасында айтылып отыр ма, бұл жағы бізге беймәлім. Себебі, бұл дереккөзде «Алаш мыңымен» қатар айтылған «Қатағандар» (екі сан Қатаған) жеке бір тұлғаның жасағы емес, белгілі бір қауым ретінде көрсетілген. Осы себептен де, «Алаш мыңы» атауы да әлі де ізденісті талап етеді деп ойлаймыз. Үш жүздің басын құраған Алаша хан туралы аңыз «Алаш» немесе «Алаша» атауының пайда болуы туралы ел ішінде ең көп айтылатын мәшһүр аңыздың бірі төмендегіше баяндалады: «Бұқара хандарының бірі Қызыларыстан ханның бәйбішесі сауысқанның аласындай ала бала туады. Алапес баланың дүниеге келуін жаман ырымға балаған Қызыларыстан хан қырық жігітіне баланы өзінің үкімі жүрмейтін жерге апарып тастауды бұйырады. Қырық жігіт Сырдариядан өтіп, Алатау мен Қаратаудың арасын жайлап, осындағы жұрттың ортасына келіп, баланы өсіреді. Алапес бала он екі жасқа келгенде, Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп оған кезігеді. Кешке үйіне барғанда Майқы биге даладан көрген баланы баяндайды. Ертесіне Майқы бидің өзі балаға жолығуға барғанда, алапес бала: «Ассалаумағалейкум, тамам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы!» деп сәлемдеседі. Сонда, Майқы би: «Уағалейкумсалам, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің! Кел балам, қасыма мін! деп, баланы ауылына алып келіп, асықты жілік ұстатады. Майқы би балаға Үйсінді қосып, жүз жігіт ертіп, Қаратаудан әрмен асып, Шу, Сарысу, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра өңірін жайлауды ұсынады. Майқы би соңынан тағы да Ақжол бастаған жүз жігітті аттандырады. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшынды жібереді. Бәрі жиналып, «Кел, енді ортамыздан хан сайлайық!» деп, алашаға салып, алапес баланы хан көтеріп, «Алаша хан» деп ат қояды. Үйсін бастаған жүз жігіт Ұлы жүзді, Ақжол бастаған жүз жігіт Орта жүзді, Алшын бастаған жүз жігіт Кіші жүзді құрап, «Таңбалы Нұраға» әрбір ру өзінің таңбасын басып, бұл ел Қазақ атанады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 127-130 беттер). Мәшһүр бабамыздың «Алаша ханға» қатысты келесі бір жеткізген аңызында жоғарыдағы оқиғаны айта келіп, Арқаға ауып кеткен Алаша ханды қайтаруға Қызыларыстан ханның Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге адам жіберіп, олардың Алаша ханды еліне алып келуге кезек-кезегімен үш жүз жігітті аттандырғанын айтып өтеді. Барған жүздіктердің Алаша ханның қасында қалып қойып, үлкен елге айналғанын, Алаша ханнан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс, олардан Ақсақалкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шуан деген ру-аталықтар тарап, Үш жүздің ортаға шыққанын баяндайды (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 127-131-135 беттер). Жоғарыдағы тақылеттес «Алаша хан» туралы аңыздарды этнограф Ақселеу Сейдімбек те жазып қалдырған. «Алаша хан» туралы аңыздың бірінде Майқы бидің орнына Қотан бидің аты өтсе, бірінде Қызыларыстан хан алапес баланы жаман ырымға балап, суға ағызып жібереді. Сырдарияның суынан балық аулаған бір балықшы асырап алады (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215-216 беттер). Тарихшы Құрбанғали Халид та дәл осы желідегі сюжетті аңызды жеткізеді. Бірақ, Алаша ханның соңынан барған жүздіктердің кері қайтпай қоюына байланысты, оларды «қашақ» деп атап, кейін «ш» дыбысының орнына «з» дыбысы қолданылып, олардың «қашақ» емес, «қазақ» аталғанын айтады (Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса. Алматы. «Қазақстан». 1992. 56-57 беттер). Әсілі, «қазақ» терминінің шығу тегі өз алдына бөлек әңгіме. Рас, тарихи еңбектерде «қазақ» атауы «қашақ» сөзінен шықты» дейтін болжам айтылады. Бірақ, қашып жүрген «қашақтардың» өз алдына хан сайлап, «Алаш» атты айбарлы мемлекетке айналды деу де қисынға, тарихи шындыққа келіңкіремейді («Қазақ» атауына қатысты ойларымызды бұйыртса алдағы уақытта «Қазақ» термині хақында зерттеген жұмысымызда баяндаймыз). «Алаша хан» туралы басқа аңыздарға қара­ғанда, Қызыларыстан ханның алапес баласы Алаша хан туралы осы әпсанаға қатысты тарихшылар көбірек талдау жасаған. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Алаша хан» аңызындағы кейбір атауларға қатысты былай дейді: «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» делінеді. Қазақтың эпос жырында оғыз бен қыпшақ­тың бір қосылған дәуірін «Қөндігер-Құбан жұрты» дейді. Құбан – Европа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты... Қазақтың шежіресі бойынша «Көндігер – Сырдариядан күнбатысқа не оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілетін ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана аңызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін болған» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары. Алматы. Жазушы. 1985. 201 б). Әлкей Марғұланның пайымдауынан аңға­ратынымыз, Алаша ханнан түркінің оғыз және қыпшақ бұтағы тараған. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеткізуінде «Алаша ханнан» Қазақтың үш жүзі ғана тараған болса, ал, Әлкей ағамыз мәтіндегі атауларды талдай келе, бұл аңызда тұтас түркі жұртының рухы мен тарихы қамтылғанын түйіндейді. Әйтсе де, Қазақ тарихшыларының бір сы­пырасы «Алаш» атауын қазақ ұлтына ғана телиді. Айталық, тарихшы Нығмет Мыңжан Қызыларыстан ханның ұлы Алаша ханның соңынан ерген жүздіктерден былайша Қазақтың үш жүзін тарқатады: «Жоғарыдағы тарихи аңызда Қотанбайдың балалары деп баяндалатын Үйсін – қазақтың ұлы жүзіне ұйытқы болған белді тайпа; Болат – Қарлұқтардың үш тайпасының бірі, .... Ал, Алшын – кіші жүз одағын қалыптастырған тайпа. «Алаш» аты ертеде жалпы қазақ қауымының ұраны болған; қазақтың байырғы шежірелерінде «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған. Ел аузына таралған: «Алаш алаш болғанда, Ала тай ат болғанда. Таңбасыз тай, Енсіз қой болғанда. Алаша хан болғанда...» – дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүліктің қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады» (Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы, Жалын. 1994. 26-27 беттер). «Алаш» атауын тек қазаққа жақын тарту­шылық төл тарихымыздағы дербес ел атанған кезең үшін саяси-идеологиялық тұрғыда тиім­дірек болсада, тарих ғылымындағы уақыт пен кеңістік қағидасы бұлай тұжыруға мұрша бере қоймайды. Академик Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаштан түркінің қос бұтағы оғыздар мен қыпшақтар тарады» деп, «Алаш» атауын тарих қойнауына тереңдетіп, терминнің қолданылу аясын кеңейте түсуі, әсте, негізсіз емес. Енді, «Алаш» атауының прототүрік, түркі, түркеш тарихына қатыстылығына тоқталатын болсақ. «Алаша хан» Оғыз қаған болуы мүмкін бе? Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары. Алматы. Жазушы. 1985 . 201 б) деген пікіріне дереккөз іздейтін болсақ, мұндай нақты дерек түркінің көне жыры «Оғызнамада» айтылады. Оғыз қағанның ғұмырын баяндайтын жырдың соңғы жолдарында, оның бәйбішесінен туған Күн, Ай, Жұлдыз атты үлкен ұлдарын Шығыс жаққа, тоқалынан туған Көк, Тау, Теңіз атты кіші ұлдарын Батыс жаққа аң-құс аулап келуге жұмсайды. Аңнан олжалы оралған Күн, Ай, Жұлдыз әкесіне алтын жақ әкеп береді. Көк, Тау, Теңіз де қанжығылары майланып, әкесіне үш күміс оқ әкеп береді. Оғыз қаған ұлдарына разы болып, оларға: «Оқтай болыңдар» деп әкелген сыйлықтарын өздеріне береді. Ұлдары үшін ұлан-асыр той жасап, сол кезде «оң жақта бозоқтар, яғни, Күн, Ай, Жұлдыз, сол жақта үшоқтар, яғни, Көк, Тау, Теңіз отырды» (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 46-47 беттер) деп баяндайды. Көріп отырғанымыздай, «Оғызнама» жырын негізге алсақ, Әлкей Марғұланның айтуындағы Алаша ханымыз Оғыз қағанның нақ өзі болып шығады. Себебі, Әлкей Марғұлан Алаша ханның ұлы Сейілханнан бозоқтарды, Жайылханынан үшоқтарды таратып отыр. Ал, «Оғызнамада» бозоқтардың да, үшоқтардың да әкесі ретінде Оғыз қаған бейнеленген. Олай болса, Алаша хан Оғыз қаған болған болса, онда «Алты Алашымыз» кімдер болып шығады? Біздіңше Оғыз қағанның алты баласы Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңізден тараған елден «Алты Алаш» атауы шықты деп болжам айтуға толық негіз бар сияқты. Сонымен бірге, көне түркінің осы жырында Оғыз қағанның алты адамға ат қойғандығы айтылады. Оғыз қаған діни ғазауатты бастағанда оған алдымен бағынып, қол ұшын созған «Алтын» елі еді. Оғыз қаған Ұрымға шабуылдағанда өзен ортасындағы (арал) қаланы өз еркімен берген Ұрысбектің ұлына «Сақтап» деп ат қойып, Ұрым елін бағындырады. Одан ары жорықта Еділ өзенінен өтерде ағаштан сал жасап, дариядан өткізген Ұлық Ордуға «Қыпшақ» деп ат қояды. Оғыз қаған Мұзтауда сәйгілүгінен айырылып қалған кезде, атын әкеп берген ержүрек батыр жігітке «Қағарлық» (қарлық) деп ат қояды. Одан ары жорықта жүріп төбесі алтын, түндіктері күміс, есіктері темір үйді көріп, ішіне кіре алмай тұрғанда, жасағынан Темірду Қағұл деген шебер шығып, есікті ашып береді. Оғыз қаған оған «Қалаш» деп ат қояды. Жүршіт елін шауып, қолға түскен олжа-мүлікті ат-көлік аздық еткен кезде, бір шебер арба жасап, Оғыз қаған оған «Қаңға» (қаңлы) деп ат қояды (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 39-47 беттер). Яғни, Оғыз қаған алты ұлына Алтын, Сақтап, Қыпшақ, Қаңға (қаңлы), Қағарлық (қарлық), Қалаштан тараған елді бәсіре етіп берген болса, «Алты Алаш» атауы осыдан шығуы әбден мүмкін. Біздің бұл жорамалымыз бойынша «Алаш» атауы прототүрік дәуіріне тереңдеп, «Алаш» термині Озған пайғамбар (Оғыз қаған) әкелген Хақ дінге мойынсұнған ханиф дініндегі халықтың атауы болып шықпақ. «Алты Алаш» Түрік қағанатының кіші хандықтары ма? Жоғарыдағы негізінен «Алаш» терминіне қатысты аңыз-әпсаналарға талдау жасадық. Әрине, Оғыз қаған (Мөде тәңірқұты), Шыңғыс­хан секілді тұлғалар тарихта нақты өмір сүр­ге­німен, «Алаша хан» атауын оларға таңатын, телитін дереккөздеріміз негізінен аңыз-әңгімелер. Ал, «Алаш» атауына қатысты тарихи деректерді сөйлететін болсақ, зерттеушілер уақыт тұрғысынан алғанда, «Алаш» атауы алғаш рет Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастағанын алға тартады. Мысалы, М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esіr Алты тақ иегерлері» деген сөздің мағынасын былайша өрбітеді: «Б.з. V-VІІІ ғғ. аралығында тарихқа мәлім түрік текті тайпалық үлкен бірлестіктер: қыпшақ, тоғыз-оғыз, басмыл, қарлұқ, түргеш, отыз-оғыз. Осы алтауы ғана. Осы алтауы – Түрік төрінің алтын бағанасы. Бұл алтауы бірлік-ынтымақта болса, қағанат айбарлы, қаһарлы. Алтауы араз болса, қағанаты әлсіз... «Алты тақ иегерлері» деп Білге қаған сондықтан да ерекше атап отыр. Осы алты кіші хандықтың ордасы не деп аталған? Таңқаларлығы соншалық, кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (алаш) деп жазыпты. ХІ ғасырға дейін халық санасында қалыптасып, ХІ ғасырдың басында жазылып хатқа түскен атау. «Alacu» – кіші орда. Бұл тарихи дерек. Алты үлкен тайпалар одағы кіші хандық құрып отырған. Түріктер қағанат орталығын Орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) деп атаған. Олай болса, байырғы түріктердің осы алты тайпасы, кейін «Алты Алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлуқ, басмыл, он-оқ түркештерден кейінгі ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған. «Алты Алачу» көк түріктердің ұраны болуы да мүмкін. Ол заманда «Алты Алачу» – деп ұран салып ту көтергенде, бүкіл түрік бір тудың астына жиналған да болар. Олай болса алты есірдің (тақ) Алты Алашы көк түріктің аналогы болмақ» (Мырзатай.Жолдасбеков. Қаржаубай Сартқожаұлы. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. «Kul Tegіn». Астана 2005. 264 б). Шығыс Түрік қағанатының VІІІ ғасырдағы этникалық құрамын негізге алсақ, түрколог ағаларымыздың «[al]ty-esіr сөзін «Алты тақ иегерлері» немесе кіші хандықтардың орталығын «алачу» деп атап, «Алты Алаш» атауымен байланыстыруы қисынсыз емес. Махмұт Қашқари «кіші ордаларды «алачу» (алаш) деп жазыпты» деген дәлел де сәтті шыққан. Рас, Қазақ халқы да кіші тұрпатты нәрсені «аласа» немесе кіші кілемнің атын «алаша» деп атайды. Бірақ, түрколог ағаларымыздың бұл жорамалдауы «Алаш» атауының ауы мен бауын нақ шешіп берді деуге де болмас. Өйткені, Білге қаған кешеніндегі «[al]ty-esіr» сөзінің басқа да мағыналары бар. Мысалы, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан: «Көне моңғол тілінде «исер» сөзі аласа, арқасыз орындық деген мағына білдіреді» дей келе, бұл сөздің тува, тофа тілдерінде бүркіт мағынасында қолданылатынын айтып, «...Күлтегін бөрігінің маңдайындағы құс бейнесі, Білге қаған алтын тәжінің құс бейнесі «Esіr // есір» сөзінің семантикасымен байланысты болуы да мүмкін» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ том. «Дайк-Пресс». Алматы. 110 б) деген пікір айтады. Сондай-ақ, М.Жолдасбеков пен Қ.Сарт­қожаұлының «кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (алаш) деп жазыпты», десе де, «Лұғат ат-Түрік» те «Алаш» кіші орда мағынасында емес, мәтінде «АЛАШҰ: баспана, кепе» (Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. І томы. «Хант» баспасы. Алматы. 1997 166 б) деп берілген. Ал, «кепе» мен «орда» мағыналарының айырмашылығы жер мен көктей екендігі белгілі. Яғни, түрколог ағаларымыздың «Алашты» кіші ордаға теңеген пайымдаулары «Алаш» турасындағы зерттеуді тереңдетіп, байыта түскенімен, түптеп келгенде, бұл ой-тұжырымды тарихи гипотеза ретінде ғана бағалауға болады деп ойлаймыз. «Алаш» атауының Шығыс Түрік қағанатына қатыстылығы дүдамалдау болғанымен, Түркеш ұлысымен байланысы бар екені анық тәрізді. Бұл туралы Шыңжандағы қазақ зерттеушілері қытайдың Кертау тұтықтығынан нақты мысалдар келтіріп өтеді. Түркештердің ішінде Алаш чор (кейде Қалаш чор деп аталады) деген әскери қолбасының ұлысы Алаш деген атпен ортаға шыққанын жеткізеді. Осыған орай, Алаш чорға бағынған ел кейде Түркеш-Алаш ұлысы деп те аталғанға ұқсайды (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. (б.з. 275-840 жылдары 2-кітап. 143, 167, 192, 330 беттер). Осы дерекке қатысты отандық тарихшыларымыз «Алаш» атауы неге тек Батыс Түрік қағанатының бір ұлысына айтылған. Батыс Түріктің өзге ұлыстары неге «Алаш» деп аталмаған» деп мәселе көтереді де, Алаш чордың қаған емес, кейінгі қатардағы лауазым иесі екенін алға тартып: «алаш атауы алғаш жеке адамға қолданылып, кейініректе ұлысқа таңылуы да мүмкін. Түркеш ұлысына байланысты да, дәл осылай болып тұр. Тегінде «Алаш» («баспана») деген ұғымды қолданған түркештер оны өздерінің ұлысына қамқоршы тарихи тұлғаға есім ретінде беріп, ол бұл кейінірек ұлыс атына ұласса керек» (Қазақcтан тарихы. І этникалық зерттеулер. Алаш тарихи-зерттеу орталығы. 2008. 33-54 беттер) деген пікір білдіреді. Отандық тарихшылардың бұл көзқарасына қатысты белгілі синолог Бақыт Еженханмен ауызба-ауыз пікір алмасқанымызда, ол: «Рас, чор мансабы қағаннан төмен тұрады. Тұтас түркіні емес, Алаш чор оның ішіндегі бір тайпаны ғана билегені үшін оның ұлысы «Алаш» деп аталды деген пікірге келісуге әбден болады. Дегенмен, менің пайымдауымша «Алаш» деп протоқыпшақтарды айтуға болады. Себебі, Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esіr» сөзі негізінен қыпшақтарды меңзеп тұр. Ал, «қыпшақ» атауы ағаш арба атауына байланысты пайда болған деп ойлаймын», деп мүлде жаңаша ой айтты. Осы тұста айта кететін жайт, этнограф Ш.Артықбаевта «Алаш» атауын көшпенділерге теліп, дұрысы көшпелілікке теліп, «Алаш» бұл «жылқыны баққан, игерген деген мағынада шығар» дейді. Әрине, бұл пікір де қисынға саяды. Әйтсе де, әлі де ізденуді қажет етеді деп ойлаймын. Иә, әрбір мәселеге қатысты зерттеушілердің бір-біріне ұқсамайтын дербес ой-пікірінің болуы ғылымға қайшы емес. Десе де, әрбір ғалымның көзқарасын жеке-жеке талдайтын болсақ, мәселені тым тереңдетіп алатын сияқ­тымыз. Сондықтан, «Алаш» атауын прото­түрік, протоқыпшақ, түрік, түркештермен байланыстыруды осы жерден доғаруды жөн көріп отырмыз. Бабыр, Дулати, Абай, Шәкәрім және Алаш қайраткерлері не дейді? «Алаш» атауы бүгін ғана зерттеліп отырған жоқ. Ғасырдан астам уақыт бұрын хал­қы­мыздың «Қазақ» атауымен қоса айтылатын «Алаш» терминінің этимологиясына қатысты Хакім Абай да терең толғаныс білдіріп, өз ой-пікірін ортаға салған. Абай атамыз «Бі­раз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы ту­ралы» атты еңбегінде «Алаш» сөзінің шы­ғуын Моғолстанның билеушісі Ахмет ханға қалмақтар қойған «Алаша хан» деген аттан шықққандығын айтып, былай дейді: «Әмір Темір нәсілінен Құмар Шайх баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесімен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсілінің Жүніс ханның балалары болған. Сол қазақты билегеннің аты Ахмет екен.... Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рахымсыздығына қарай «мынау бір алашы болды ғой» депті, жан алушы дегеннің орнына. Сондықтан, ол кісі Алаша хан атаныпты... Сонаң соң, хан бұл атты қалмақ қорыққанынан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «алашы-алашы» деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, бұларға айқай салғанда көп жанның айқайымен «алаш-алаш» деп кетіпті. Сондықтан, «алаш-алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік» деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен» (Абай. Екінші том. Алматы «Жазушы» 1995. 223-224 беттер). Дәл осы деректі Абайдың шәкірті Шәкәрім қажы да қайталайды (Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» 1991. 23 б). Халқымыздың қос кемеңгерінің бұл пайымдаулары кейін, Алаш қайраткерлерінің де «Алаш» атауының шығу тегі туралы ізденіс жасауына түрткі болғанға ұқсайды. Атап айтар болсақ, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханов: «Бұл қалай? Алаш деген – біздің қазақ сөзі. Алаш қалмақ қойған ат болса, қалмақ өз тілімен ат қоятын жөні бар емес пе? ... Қалмақша Алаш не сөз? Мұны біздің «Қазаққа» жазатын аға-іні табылар ма?» – (Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы, 1995. 333 б) деп газет арқылы көпшілікке сауал тастайды. Іле-шала, ұлт көсемінің бұл сауалына Халел Досмұхамбетов «Қазақ» газеті арқылы «Қазақтың» 12 нөмерінде «Оқшау сөз» жазған «Қыр баласына жауап» дей келіп: «Орал облысында Уральски казачи воинскаға қараған қалмақтар бар. «Қыр баласының» өтініші бойынша, «Алаш» деген қалмақ тілінде сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады? дегенімде қалмақтар айтты: «Қалмақ тілінде «Алаш» деген сөз бар, қазақша мағынасы – өлтіргіш, аямаушы, жаугер» деп. «Алаш» деп қалмақтар жақтырмаған орында айтады. Жаны ашымай хайуанатты өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар «Алаш» деп атайды» (Қазақ. «Қазақ энциклопедиясы. Алматы, 1998. 39 б) деп өз ойын сабақтайды. Ахмет ханды қалмақтар «Алаша хан» деп атады деген деректі Хакім Абай Ортағасырлық қолжазба «Бабырнамадан» алғанын ескерткен (Абай. Екінші том. 224 б). Ал, Бабыр өз шығармасында: «...ол (Ахмет хан) жұртқа Алаша хан деген есіммен мәшһүр болды. Оның алаша хан аталуының себебі: қалмақтар мен моғолдар кісі өлтірген адамды «алаш» деп атайды-мыс. Сұлтан Ахмет хан болса қалмақтарды талай рет жеңіп, көп адамды қырғынға ұшыратқан, сондықтан да, ол алаш аталып, келе-келе Алаша есіміне айналған» (Бабырнама. Ауд: Байұзақ Қожабекұлы. Алматы, 1992. 32 б) деп «Алаша ханның» Шағатай нәсілді Жүніс ханның кіші ұлы Ахмет хан екенін нақты көрсетіп өтеді. Бабырдың бөлесі даңқты тарихшы Мұхам­мед Хайдар Дулати да: «Олар (қалмақтар) оны (Ахмет ханды) Алашы хан деп атады. Ал моғолша «алашы» – «өлтіруші», яғни, «кісі өлтіруші хан» деген сөз. Ханды осы лақап атпен атай бастады. Қазіргі кезде моғолдар оны Сұлтан Ахмет хан десе, басқа тайпалар оны «Алаша» хан дейді» (Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. «Тұран» баспасы. Алматы 2003. 144 б) деп Моғолстанның билеушісі Ахмет ханның «Алаша хан» есімін иеленгенін айтады. Иә, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Абай, Шәкәрім, Х.Досмұхамбетов, М.Дулатов, М.Тынышбаев секілді ел ардақтылары «Бабырнама» мен «Тарих-и Рашидиге» сүйеніп, «Алаш» атауының шығу тегін Сұлтан Ахмет ханның «Алаша хан» аталуымен пайда болды деп қорытады. Әйтсе де, кейбір отандық тарихшылар «Алаш» атауын Ахмет ханмен сабақтастыруға ада-күде қарсы шығып, өздерінің орынды уәждерін ортаға қояды. Олар Ахмет ханды өз халқы емес, «Алаша хан» деп қалмақтардың атағанын, олай болса, жат жұрт саналатын қалмақтар теліген «Алаш» есімін қазақ қалайша өзіне ұран еткен? Сонымен қатар, Сұлтан Ахмет хан Қазақтың емес, Моғолстанның билеушісі еді. М.Хайдар Дулатидің айтуына қарағанда қазақтарды бірнеше рет аяусыз шапқыншылыққа ұшыратқан. Өзі өмірінің соңын Шығыс Түркістанда өткізіп, Ақсуда дүниеден өткен. Ендеше, Қазақ қалайша Ахмет ханды ардақтап, «Алаша хан» деп оның атын ұран етеді? (Қазақтан тарихы. І этникалық зерттеулер. Алаш тарихи-зерттеу орталығы. 2008. 33-54 беттер) деген мәселе көтереді. Соңғы жылдары «Алаша хан» есімін Ахмет ханға таңатын бұл тұжырымға балама деректер де айтылып жүр. Белгілі тарихшы Б.Кәрібаев «Алаш» атауы Дешті-қыпшақта XІV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген Алаш баһадүрдің атынан шыққан болуы мүмкін екенін алға тартады. Ол бұл пікіріне Масуд ибн Осман Кухистанидің «Тарих-и Абулхайрхани» (ХVІ ғасырдың басы) атты еңбегін негіз етіп алады. Маңғыттардың тұтқынында болған Әбілхайыр хан 1428 жылы босанып шығып, Дешті-Қыпшақтың билеушісі Алаш баһадүрді келіп паналайды. 1429 жылы хан болып сайланған Әбілхайыр өзіне жасаған құрметі үшін Алаш баһадүрді аймақ билеушісі етіп тағайындайды (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. І том. 249 б) деген осы деректі негізге алып, «Алаш» немесе «Алаша хан» атауы Дешті-Қыпшақ билеушісі осы Алаш баһадүрдің есімінен шыққан болуы мүмкін екенін топшылайды. Ал, тарихшы Қойшығара Салғараұлы ағамыз «Алаша хан» деп Қасым ханның ұлы Хақназар ханды атайды. Ол Ш.Уалиханов пен А.И.Лепшиннің еңбектерінде кездесетін «Алаша хан» туралы (біз жоғарыда М.Жүсіп Көпейұлы, А.Сейдімбек, Құрбанғали Халидтің шығармаларынан келтіріп өттік) туралы аңыздардың прототипін негізге ала отырып, сондай-ақ, Л.И.Рычковтың «Орынбор тарихы» атты еңбегіне сүйене отырып, Ұлытау маңында мавзолейі бар «Алаша ханды» 1538-1580 жылдары Қазақ елін билеген Хақназар хан болуы мүмкін деп болжайды. Біздің де тарихи нақты дереккөздер бола-тұра Моғолстанның билеушісі Сұлтан Ахметтің «Алаша хан» аталып, осыдан «Алаш» атауы пайда болды деген тұжырыммен келіскіміз келмейді. Әйтсе де, тарихшы Б.Кәрібаев пен Қ.Салғараұлының «Алаш» немесе «Алаша хан» атауы жөніндегі пікірлері құр болжам ғана. Бұл пікірлерді тарихи шындыққа айналдыру үшін әліде зерттеліп, бұл ойды тірілте түсетін қосымша деректер табу керек сияқты. «Алаш» атауының пайда болуына қатысты діни болжамдар «Алаш» атауы діни түсініктен пайда болуы мүмкін екенін тұңғыш рет айтқан тарихшы Құрбанғали Халид болатын. Ол бұл пікірін «Алаш» атауының шығуы жөнінде: «Бағзылар хазіреті Анас әулетінен болғандықтан, Анастан Алаш болды деседі: Бабаларын санап келгенде бұл дәлелсіз дағуалар жарым жолда қалады. Анасқа қосылмайды. Кейбіреулер өзбекті де араластырады, ол дұрыс емес, бұған қоса өзбектің арабтан шықпағандығына ешкім шек келтірмейді» (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56 б) деп бұл болжамға пышақ кесті қарсы шығады. Әлбетте, біз де Құрбанғали Халидтің бұл пікірімен келісеміз. Шынында да, «Алаш» атауын хазіреті Анастан тарату мүлде сын көтермейді. Генеологиялық тұрғыдан алғанда, Қазақ ішіндегі қожалардан басқа ешбір тайпаның арабтармен қатысы жоқ. Сондықтан, бұл аңыз-әпсанамен ымыраласу мүмкін емес. Дәл осыған ұқсас келесі бір пікірді белгілі философ Досай Кенжетай да айтып жүр. Ол «Алаш» терминін Халлаж Мансұрдың атымен ұштастырып, мәселеге генеологиялық емес, аксиологиялық тұрғыда қарап, өзіндік жеке ой-пікір қарастырады. Яғни, Қазақ халқының дүниетанымы сопылық ілімнің құндылықтарынан тұратынын алға тартып, Халлаж есімінен «Алаш» есімі пайда болғанын, бұл діни түсініктің Қазақтың аталар культіне сай екенін жеткізеді. «Алаш» атауына қатысты Д.Кенже­тайдың бұл жаңа көзқарасы да әліде жетілдіруді талап ететін сияқты. Терминнің ұқсастығы мен аксиологиялық ұғымның қисындылығы ғылыми болжам жасауға негіз болғанымен, әрқашан объективті шындықты паш етпеуі мүмкін. Осы себептен де, бұл пікірге тарихи дерекнамалық тұрғыда дәлел іздеу керек деп ойлаймыз. Дегенмен, Д. Кенжетай ағамыздың «Алаш» терминінің шығу төркіні» турасында қазір жазып жатқан монографиялық еңбегінде осы мәселелер қарастырылады деп ойлаймыз. «Алаш» немесе «Алаша хан» атауының ортаға шығуының діни-саяси астары бар екенін біраз жылдан бері айтып келе жатқан шығыстанушы Зікірия Жандарбек десек қателеспейміз. Оның пікірінше, XІV ғасырдың орта тұсында Алтын Орданың астанасы Сарайда билеушілер дәстүрлі ислам арнасынан, яғни, Өзбек хан тұсында мемлекеттік идеологияға айналған Ясауи тарихатынан бас тартып, догмалық принциптері басым Әшғария доктринасына бас ұруы, Алтын Орданың тұтастығына жарықшақ түсіріп, халықты екі жікке бөлгенге ұқсайды. Ол Жәнібек хан мен Асан қайғы арасындағы пікір қайшылығын осы діни-идеологиялық кереғарлықтан іздейді. Сарайды тастап шыққан, Асан қайғы халықты дәстүрлі діни сананы сақтап қалуға шақырып, осының нәтижесінде Алтын Ордадан іргесін бөлек сала бастаған елге «Алаша хан» билік жасады (Қараңыз: Зікірия Жандарбек. Иасауи жолы және Қазақ қауымы. «Ел-Шежіре». Алматы. 2006. 144-161 беттер) дегенге саятын пікір айтады. Расында да, XІV ғасырдың екінші жартысында Дешті-Қыпшақта Алаша хан атты билеуші өмір сүрген тәрізді. Бұл туралы Шоқан Уалиханов: «Қазақ немесе алаш елінің о-бастағы шығу тегі қайдан деген сұрақ­қа халық арасындағы жыр-дастандардан қана­ғаттанарлық, тәп-тәуір түсінік алуға болады. Егер, Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы 1392 жылы басталса, сол жылы қазақтардың алғашқы ханы – Алаш пен оның балалары (Әмет пен Сәмет) өлтірілсе, шамамен мөлшерлеп, Алаштың XІV ғасырдың орта шенінде ғұмыр кешкені анықталады» (Уалиханов Ш. Қазақ шежіресі. Қазақ тарихы. № 1, 1993. 30-31 беттер) деп Алаша ханның Жәнібек хан өлген 1357 жылдан кейінгі Сарайдағы бұлғақ кезеңінде тарих сахнасына шыққанын болжайды. Алтын Орда мемлекетінде XІV ғасырдың екінші жартысында орын аған бұлғақтың себебін анықтауда З.Жандарбек ағамыздың ой-тұжырымы тарих үшін үлкен жаңалық екендігіне дау жоқ. Алайда, Дешті-Қыпшақта XІV ғасырдың екінші жартысында пайда болған Алаша хан, расында да, Ясауи тарихатының жоғын жоқтаған билеуші ме еді? Шынымен де, Алаша хан өз билігін Сарайды тастап шыққан Асан қайғының үндеуімен құрды ма? Сондай-ақ, Алаша хан Ясауи тарихатының өкілі болған күннің өзінде Әмір-Темір оны не үшін өлтірген? деген сауалдарға жауап таппайынша, Алаша ханның тұлғасын толық тани алмайтын секілдіміз. Жоғарыдағы тарихи һәм діни түсініктерді талдай келе, біз де «Алаш» атауының ортаға шығуына діни түсінік әсер еткен болуы мүмкін деген пікірді жақтаймыз. Жоғарыда келтірген мәліметтердің салиқалығын сараптай келе, Шәкәрім бабамыздың келтірген Сұлтан Ахмет хан өз қарамағындағыларға: «Енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар» (Ш.Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. 23 б) деген дерегі «Алаша ханды» емес, «Алла-Алла» деп ұран тастау мағынасында айтылған деп пайымдаймыз. Яғни, мұсылмандардың қосыны қалмақ-кәпірлерді «Алла-Алла» деп ұрандап шапқанына байланысты, олар мұсылман қауымын «Алла деушілер» немесе «Аллашылар» деп атаған, осының нәтижесінде «Алаш» атауы мен «Алаша хан» есімі ортаға пайда болған деп тұжырамыз. Сонымен бірге, әрі-беріден соң, шығыстанушы А.Беннигсен Қазақ халқына кең таралған Ясауи тарихатының екінші бір аты «илачилер» (Қараңыз: A.Bennіgsen. Sufі ve Komіsser: Rusyada Іslam Tarіkatlarі. «Akcag Yay». Ankara-1988), яғни, «Аллашылар» болғанын айтып өтеді. Бұл дерек те біздің болжамымызды қуаттай түседі. Десек те, біздің бұл ой-тұжырымымыз да әлі де зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз. Түйін Cонымен, «Алаш» термині туралы ой-толғамымызды түйіндейтін болсақ: Біріншіден, Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресіндегі» мағұлматтар «Алаш» атауын тарих қойнауына тереңтеде түсіп, ұлтымыздың бастауын сонау Адам ата ұрпақтарының жұмыр жерді иелік ете бастаған қадым заманға апарып бірақ тірейді. Әрине, де Нұһ пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан тұсында халық көпқұдайлық сенімге ұрынып, Хақ діннен безіне бастаған-ды. Осы себептен де біздің «Алаш» атауын Алынша ханның атымен ұштастырғымыз келмейді. Десе де, шежірелік деректерде Алынша ханның діни ұстанымы туралы нақты мәліметтер берілмеген. Сондықтан, Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресіндегі» «Алаш» атауына қатысты деректер түп-тұқиянымызды тани түсуміз үшін аса құнды дерек болып қала бермек. Осы тұста ескере кететін жайт, зерттеуші Т.Әбенайлының «Моңғолдың құпия шежіресін» талдаған еңбегінде «Алан-Қауа» есімін Алаш, Алшын, Ашина атауларымен байланыстыруы да тарихи танымымызды арттыра түсетіні сөзсіз. Алтай тіл тобына жататын Түркі мен Моңғолды бір атаның тел ұрпағы етіп тарататын зерттеушінің бұл болжамы да тарих философиясы үшін маңызды тұжырым саналмақ. Екіншіден, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз бен Ақселеу Сейдімбек ағамыздың жеткізген Алаша хан туралы әпсанасының прототипі жаһанның жартысын жаулап алған Шыңғысханның тұлғасын бейнелейтінін бағамдасақ, еріксіз «Алаш» атауы осыдан шыққан болуы ықтимал деген ойға келесің. Себебі, әпсанадағы Алаша хан және оның ұлы Жошы мен жасауылы Домбауыл мергеннің мазарлары Ұлытау өңірінде орын тепкен. Осы жайттарды саралай келе, әуесқой тарихшы Т.Әбенайұлы Алаша хан мен Шыңғысханды бір кейіпкер деп тұжырымдап жүр. Алайда, зерттеушінің бұл долбарын тарихи шындық деп тануға әлі ерте. Осы мәселеге қатысты антропологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізу арқылы ғана шындықтың шыңына иек арта аламыз. Сондай-ақ, Алаша ханның Шыңғысханға қатыстылығы жөнінде Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағындағы» Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының «Алаш мыңы» атты қосынының болғандығы «Алаш» атауының ұлы қағанмен бір байланысы бар екенін білдіретін секілді. Әйткенмен, «Шежірелер жинағындағы» «Алаш мыңы» атауы да Шыңғысханның жасағы мағынасында айтылған сыңайлы. Ал, әскери жасаққа «Алаш» атауы не себептен берілген? Мәселенің осы тұсын анықтап алмайынша, «Алаш» атауының Шыңғысханға қатыстылығына толық көз жеткізе алмаймыз. Соңғы он жылдықта зиялылар арасында даулы мәселеге айналған бұл тақырыпты ұлттық мүддемізге сай шешу үшін, әсілі, Шыңғысханнан шошынбауымыз керек тәрізді. «Шыңғысханның қаны моңғол ма, түрік пе?» деген қажетсіз мәселені қоздатқанша, ұлы қағанның Қазақ тарихына қатысты орны мен рөлін тарих философиясы тұрғысынан бағалай алсақ, ұтарымыз мол болмақ. Осы тұрғыда Шыңғысханды «Алаш» атауымен сабақтастыра алсақ, одан ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық. Үшіншіден, «Алаш» атауының ауқымы қаншалықты мәнге ие? «Алаш» тек Қазаққа тән атау ма, жоқ әлде Әлкей ағамыз айтпақшы, бүкіл түркі жұртшылығын қамтитын тарихи термин бе? Қызыларыстан ханның алапес баласы жайлы айтылатын аңызды негізге алсақ, «Алаш» атауы тек Қазақтың ғана меншігі болып шығады. Бірақ, Ә.Марғұланның «Алты Алаш» атауын «боз оқ» пен «үш оқтан» таратуы, «Алаш» атауының Оғыз қағанмен байланысы бар екенін, яғни, терминнің түркі жұртына ортақ екенін көрсетеді. Бұдан бұрынғы зерттеулерімізде Оғыз қағанның пайғамбар болуы мүмкін екенін, оған түскен илаһи ілімнің негізінде Трансоксония өркениеті өркен жайғанын айтқан едік. Біздің бұл болжамымызды М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы және Н.Базылханның Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esіr Алты тақ иегерлері» деген сөзге қатысты жасаған талдаулары да жандандыра түседі. Яғни, «Алты Алаш» атауы түркінің кіші хандықтарына қатысты пайда болған деген түсінік, «Алаш» атауының ауқымы кең, түркі жұртына тән термин екенін дәйектейді. «Алаш» атауын түркілік тұрғыдан бағалаушылық, бүгінгі түркі интеграциясына серпін беретіні анық. Олай болса, «Алаш» ұғымының Қазақ ұлты ядросы бола отырып, күллі түркі тектестер «Алаш» атанса, бұл әлбетте біздің алыптығымызды әйгілемек. Төртіншіден, Бабыр, Дулати, Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамбетов, М.Тынышбаевтің «Алаш» атауын Моғолстан билеушісі Сұлтан Ахмет ханмен шендестіруінде, нақты тарихи дереккөз болғанымен, осыған қатысты жасалған «Алаш» атауы қалмақтарды қыра бергеннен моңғолша «алачу» деген сөзден шықты дейтін пікір тарихи тұжырым жасауға негізсіз деп білеміз. Қ.Салғараұлы ағамыздың «Алаш» атауын Хақназар ханмен байланыстыруы қисынды болғанымен, бұл пікір де тарихи дерекнамалық тұрғыдан алғанда әлсіз тұжырым саналады. Ал, Б.Кәрібаевтың «Алаш» атауын XV ғасырда өмір сүрген Алаш баһадүрмен байланыстыруында тарихи фактісі болғанымен, бір тайпаның билеушісінің атынан күллі түркіге тән асқақтаған «Алаш» атауы шықты десек те қисынсыздау болмақ. Яғни, бұл пікірлердің барлығы тарихи-философиялық аспектісі тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді деп ойлаймыз. Бесіншіден, «Алаш» атауының астарында діни түсінік жатқан болуы мүмкін екенін айтқан Құрбанғали Халид, Досай Кенжетай, Зікірия Жандарбектің пікірлері де негізінен тарихи гипотеза саналады. Десек те, тарихи-аксилогиялық тұрғыдан алғанда зерттеушілердің пайымдаулары негізсіз емес. Әсіресе, З.Жандарбектің Алтын Ордадағы рухани бөлінушілікке орай, көшпелілер Алаша ханды хан көтеріп, Ордадан еншісін бөлік әкетті дегенге саятын пікірі, төл тарихымызға діннің тигізген ықпалын анықтауда маңызды тұжырым саналады. Ал, біз «Алаш» атауының ортаға шығуына Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай, Шоқан, Шәкәрім келтірген деректі құптай келе, Сұлтан Ахмет ханды «Алаша» деуден емес , «Алла-Алла» деп ұран тастаудан «Алаш» атауы пайда болды деп тұжырымдадық. Иә, «Алаш» атауының ортаға шығуы туралы тарихи деректер мен аңыз-әңгімелердің бір парасын талдағандай болдық. Толғай беруге, айта түсуге басылым беттері мұрша бере бермейді. Әйтсе де, түптеп келгенде айтпағымыз, тіршілікте ештеңенің тектен-текке жаратылмайтыны секілді мына беу-дүниеде ешбір есім мен атау да себепсізден-себепсіз қойылмайды. Осыны ұғынған болсақ, ары нұр, аузы уәлі дүр-тектілердің халқымыздың қасиетті де қастерлі «Алаш» атауын пайымдап, парықтап барып қойғанын аңғара аламыз. Яғни, «Алла-Алла» деп ұрандап, Хақты зікір еткен халық екенбіз. Олай болса, ұрандап қана қоймай, қасиетті ұғымның хикметін бойымызға сіңіріп, Алаш баласының жүрегі дәйім «Алла-Алла» деп соқсын деп тілек білдіргіміз келеді!

6044 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз