• Еркін ой мінбері
  • 28 Желтоқсан, 2018

Қазақтың киелі жерлері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған бастамаларды іске асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлері» атты жоба қолға алынған болатын. Қазақстанның киелі жерлерін анықтау жұмысы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына тапсырылды. «Арыс» баспасынан жарық көрген аталған басылымның бірінші томына Астана мен Алматы қалаларының және Ақмола мен Алматы облыстарының киелі жерлері, тарихи оқиғалар өткен қасиетті орындары, табиғи ландшафттың ерекше ескерткіштері, ұлттық құнды мәдени мұралар енгізілген. Осыған орай энциклопедияның жауапты редакторы, «Арыс» баспасының директоры, профессор Ғарифолла ӘНЕСПЕН сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Ғарифолла Қабдолқайырұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қабылданған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба бойынша атқарылған істердің алғашқы нәтижелерімен де көзайым болып отырмыз. «Қасиетті Қазақстан» көп томдық энциклопедиясы ауқымды жобаның бірі екені сөзсіз. Осы орайда рухани құндылықтарды қайта қалыптастыруға арналған ғылыми-әлеуметтік жобаның мақсат-міндеттері қандай және энциклопедияның «Қасиетті Қазақстан» деп аталуына түсінік бере кетсеңіз. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ ғалымдарының алдына бірнеше мақсатты жоба-жоспарлар қойды. Солардың бірі – «Қасиетті Қазақстан» кешенді жобасы. Бағдарламалық мақалада айтылғандай, біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. «Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендері» дегеніміз – ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұра және діни сәулеттің айрықша ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ Қазақстан халқының жадында өшпесіз қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар. Сондықтан энциклопедияға еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі жалпыұлттық және жергілікті нысандар мен кешендер кірді. «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясын құрастыруға осы саламен арнайы айналысып жүрген мамандарды, ғалым тарихшыларды тарттық. Бірақ жұмыс барысында топты үш рет өзгерттік. Себебі жұмыс қара күзде қолға алынғандықтан уақыт жағынан өте қысталаң болды және қазіргі таңда бос уақыты бар маман табу өте қиын, екіншіден, әрбір ғалымның өзіндік түсінігі, көзделген идеяны жүзеге асыру жолдары әртүрлі. Мәселен, «киелі» (сакральный) деген сөз діни терминге жатады, көбінесе мұсылман дәуіріне дейінгі кезеңге қатысты. Ғалымдардың пікірінше, сакральды география халық жадында өшпей сақталған «мәдени жад» – тарихи уақиғалар мен мәдени мұраларды бүгінгі күнмен, бүгінгі қоғаммен, ұлтпен, мемлекетпен -байланыстырады. Бұл мемлекеттік бағдарлама болғандықтан алдына қойылған мақсаты, бағыт-бағдары бар. Ең бірінші мақсатымыз – өзіміздің жерімізді, тарихымызды, рухани-мәдени мұрамызды бойымызға сіңіру, жаңа деңгейде танып-білу. Мысалы, Арыстан бабтың кесенесіне күніне жүздеген адам келеді, сырттан келетіндер, негізінен өзбек, тәжік және басқалар әулие, пір деп табынып келеді. Ал, біздің кейбір замандастарымыз үшін ол Тәж-Махал, Мысыр пирамидасы, әл-Хамра қатарлы ғажап сәулет ескерткіші ғана сияқты. Бекет атаның басына барушылар да ескерткішті көрейін деп бармайды, тазарайын, арылайын, әулиеден дем сұрайын деп оның рухына сыйынып барады. Сондықтан киелі жерлерге қатысты ұғым-түсініктер өзгермелі, оның жалпыұлттық сипаты талай жылдарда қалыптасып, орнығатынын есте ұстағанымыз жөн. Және ол біздің осы бағытта жүргізілетін жүйелі істеріміздің, жаңа сападағы насихат, зерттеулеріміздің нәтижесіне де байланысты. Жаркенттегі мешіт, Алматыдағы А.Зенков салған Кафедралдық собор да сәулет ескерткіштері екені белгілі. Осы ғажайыптар енді қанша жыл тұрады, оны сақтап, қалпын бұзбай ұстап тұруға бүгінгі білім-білігіміз жеткілікті ме? Қайта қалпына келтірудің (реконструкция) жаңа технологияларын қаншалықты пайдаланудамыз? Кеңес заманында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мазарын цементпен жөндедік. Жаңа технология демекші, естуімізше, шетелде біздің Алтын киімді адам табылған қорған-молаларды әуелі жаңа техникалық құралдармен анықтап, нақтылап алып, тұрған қалпын бұзбай, жанынан ойып алады екен. Жалпы жалғыз Алтын киімді адамның өзіне бір музей болса, әлемнің түкпір-түкпірінен тек соны көру үшін туристер ағылып жатса деп армандайсың… «Қасиетті Қазақстан» – кешенді бағдарлама. Кітап шығарумен, карта жасаумен шектелмейді. Мәселе тарихи-мәдени, археологиялық, архитектуралық құндылықтарымызды жас буынға сіңіруде (оқулық мәселесі, балаларға арналған деректі фильм, мултьфильм, т.б.), өз халқымызға дәріптеп, шет жұртқа қалай насихаттауда болса керек. Әлемдік стандарттармен қатар осы орайда ұлтымыздың менталитетін де ескерген жөн. – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында кең көлемді кешенді зерттеу жүргізу, материал жинақтау үшін Қазақстанды түгел қамтитын ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын өткізу жоспарланғаны белгілі. Бұл жұмыстарға танымал ғалымдар, тарихшылар, археологтар, этнограф, жергілікті өлкетанушылар тартылды. Энциклопедияның бірінші томын құрастыру барысында қажетті мәліметтер негізінен қайдан алынды? Аталған топтар жинаған материалдар пайдаланылды ма? – Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің көптен күткен дүниеміз еді. Осы кезге дейін айтылмаған өзекті ұлттық мәселелер, салт-дәстүріміз, ұлттық код туралы сөз қозғап жатырмыз. Бұған дейін жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының жөні бөлек, онда тұңғыш рет осы уақытқа дейін жинақталған мұраның басын қосып шығардық. Мысалы, 100 томдық «Бабалар сөзі», 15 томдық әдеби тіліміздің сөздігі жарық көрді. Енді оның жүйеленуі, заманауи жаңа әдіс-тәсілдермен зерттеп-зерделенуі, яғни келесі кезеңі басталды. – Осы арада бір мәселені айта кетсек, әлемдік өркениеттің даму үдерісіне үлес қосқан халықтар арасында көшпелілердің аты аталмайды. Оларды бүкіл адамзат тарихындағы өркениеттің ошақтарын жіктегенде А.Тойнби де, С.Хантингтон да елемей өтеді ғой. Мұның бір себебі еуропалық тұрмыс-салт пен мәдениет иелерінің көшпелілердің ғұмыр-тіршілігін ешқашан түсінбеуінен және түсіне алмайтынынан да болар. Батыс тарихшыларының еңбектерінде түркі-моңғол халықтары тарих сахнасында тек жойқын шайқастар тұсында ғана төбе көрсететін сияқты. Соның салдарынан біздің ежелгі бабаларымыздың Қытайдан Еуропаға дейінгі мәдени, саяси ықпалы мүлде көзге ілінбей келді. Дала өркениеті, көшпелілердің шаруашылық-мәдени типі бүкіл адамзаттық өркениеттің бір бөлшегі екені мойындалмады. Ал Кеңес билігі тұсында «ғасырлар бойы қараңғы түнекте өмір сүрген» қазақ халқын большевиктер келіп құтқарғаны баса айтылғаны белгілі. Сол еуроцентристік көзқарас пен кеңестік насихат көшпелілерді жалқау, ынта-жігерсіз, жартылай жабайы тіршілік кешетін халық ретінде көрсетіп, ұлттық сана-сезімімізге күйретуші әсер еткенін енді айқын сезініп отырмыз. Сондықтан біздің алдымызда бүкіл тарихымызды, жадымызды, тарихи санамызды қалпына келтіру міндеті тұр. Және бұған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түрткі болары сөзсіз ғой. – Иә, жер бетіндегі өркениеттің тарихын жазатын адамдар түркі, моңғол сияқты көшпелі халықтар өркениетке ештеңе қосқан жоқ деп санайды, тізімге кіргізбейді. Шын мәнінде, мұның өз себебі бар. Біріншіден, көшпелілер туралы көптеген деректер қағазға түспеген, хатталмаған, яғни бәрі аңыз, миф саналады. Екіншіден, өзіміз де оны толық зерттеп, дәлелдей алмай жатырмыз. Мысалы, Ыстанбұлда Константинополь кезіндегі көне ескерткіштер мен ғимараттар тұр, оны тұрғызғандардың діні бөлек, тілі бөлек деп оны қиратып тастаған жоқ. Ал, керісінше, әл-Хамрасы бар кішкентай ғана Гренада қаласындағы кресшілдер ондаған мешітті тас-талқан қылып, бәрінің іргетасының үстіне әдейі жаңа шіркеулерін тұрғызған. Мәселе, бір ғалымның, бір ақылманның жазғанында, айтқанында емес, оны халықтың қабылдауында, ой-санасынан өткізіп, тұтынуында. Идеяның да, сөздің де өзіндік энергетикасы бар. Ол туралы неғұрлым көп адам ойланса, тұтынса – ол жалпыадамзаттық идеяға ұласып кетуі мүмкін. Мәселен, қырғыз ағайындар жақында Еуропа төрінде «Қырғыз қалпағы күнін» ұйымдастырғанына куә болдық. Біз мыңдаған жыл қанымызға сіңіп, жанымыздың бір бөлшегі болып кеткен киіз үй мен жылқыны қалайша әспеттеп жүрміз? Ойланатын сұрақ… Түркіменстандағы түркімен кілемі, түркімен арғымағы мен сеңсең бөркі қандай дәрежеде құрметтелетінін және елдің заңымен қорғалатынын тек көзіңізбен көруіңіз керек. Менің айтпағым, тұтас халық, өркениетті ұлт мәдениетті, зайырлы, иманды болса – ол әлемнің бір бөлшегі, әлемдік мәдениет, өркениетке де өз қосары болмақ. «Қасиетті Қазақстан» жобасында ең бірінші табан тірейтін нәрсе – аңыз. Жазба деректеріміз аз болғаннан кейін аңыз-әңгімелерге ғылыми тұрғыдан келуіміз керек. Бүгінде біз үшін өлкетанушылар, олардың зерттеулері, жинаған қазыналары ерекше маңызды. Қазір аңыз айтатын, шежіре тарқататын қазыналы кеуделер қалмай барады. Қазақша білмейтін, немересінен тіл, салт, дәстүр әліппесін үйреніп жүрген ата-әжелер пайда болды. Біз көп уақытымызды босқа өткізіп алдық. Дегенмен, әлі де болса көне деректерді, мұрағаттарды ақтару керек. Мен жүрген жерімде айтып жүрем: «Жігіттер, кеңес өкіметі кезіндегі аудандық газеттерді табыңдар, өйткені аудан деңгейінде цензура бәсеңдеу болды, қатты тексерілген жоқ. Сол газеттерде неше түрлі аңыз-оқиғалар жазылды, ертеректегі тігінділерді ақтарса талай нәрсе табылады». – Энциклопедияларды құрастыру кезінде маман тарихшылармен қатар айыл-аймақтағы өз бетімен зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүрген жандардың да ізденістері пайдаланылатыны мәлім болды. Бұл тарихи тек-тамырдың терең тамырларына үңілуге, ата-бабаңның ерлік һәм елдік істерін мақтаныш етуге, жер-су, елді мекенге қатысты аңыз-әпсаналарды ел жадына қайта оралтуға жаңа серпін беруге тиіс. Бірақ кейде өзінің өткенін білуге деген талпынысқа шалағайлық араласып, өлкетанушылықты өзімшілдікпен шатастыруға, өзін-өзі дәріптеп, өз ата-тегін асқақтатуға тырысушылыққа әкеліп соқпай ма деген күмәнға да негіз бар сияқты. Жергілікті өлкетанушыларға сүйенгенде тиісті нысанды немесе тұлғаны асыра бағалау не кем көрсету жағы орын алмай ма? – Түскен материалдардың арасында жершілдіктің, рушылдықтың иісі шығып тұрғандары болды. Бірақ оларды іріктеп, ретке келтіріп алдық. Біздің мақсат – әзірше қолда бар мәліметтің барлығын ала беру керек. Өйткені ертең олардың өзінің ізін таба алмай қаламыз. Мысалы, Алматы облысында Малайсары асуы бар, ел-жұрт осы жерге жаугершілік заманда Сарыарқадан Малайсары батыр келген дейді. Шығысымызда, Зайсанда Жеменей деген өзен бар. Ол Адайдың Жеменейіне тікелей қатысты дейді кейбір аңызшылыр. Осындай болжам, долбарлардың бәрі ескеріліп, мамандардың талқысына салынуы керек. Жалпы халықтың тарихы үшін іргелі іске баршамыз жұмылғанымыз абзал. Ең бастысы, менмендіктен, мақтаннан ада болып, сақтану керек. Бұл айналаға қарамаудан, тек өз деңгейімізде ғана ойлаудан туады. Қазір туыстас қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт не істеп отыр, қандай жаңалық бар, біле бермейміз. Олармен байланыстыратын дүние көп, көне мұрамыз барша түркі халқына ортақ, мәселен, қырғыздың «Манасы», оғыздың Қорқыт Атасы қазаққа да тән мұра, ескерткіш. Осы жағынан келгенде бүкілтүркілік бірлік идеясы тұрғысынан жан-жақты зерттеулер жүргізілуі керек. – Бірінші томға қастерлі орындар мен киелі жерлерден бөлек кітап соңындағы қосымша ретінде Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұраларының тізімі, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесі, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі және облыстық деңгейдегі нысандар тізімі берілген екен. Соның ішінде материалдық емес мәдени мұра, яғни халықтың әдет-ғұрып, салттары, мейрамдары, өнері мен мәдениеті, жыр-дастандары, шілдехана, бесік той, беташар, тіпті балалардың «бес тас», «соқыр теке», «ақ терек пен көк терек» ойындарына дейін кіргенін көріп отырмыз. Бұл мәліметтер ешбір елде жоқ теңдессіз мұрамызды дәріптеуге көп көмегі тиетін сияқты. – Кітаптың соңындағы арнайы тарауда Үкімет бекіткен, көпшілік біле бермейтін Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұраларының тізімі берілді. Біз оны әдейі кіргізіп отырмыз. Бұны әрбір қазақстандық білуге тиіс. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін қазаққа тән материалдық және рухани мұраларымызды насихаттауға баса көңіл аударатын кез жетті. Ол мұраның ішінде зергерлік өнер де, музыкалық аспаптар да, бие байлау, қымызмұрындық, қымыз бен шұбат та бар. Беташар мен тойбастар, сыңсу және т.б. әдет-ғұрыптарымыз, әлемде теңдесі жоқ күй өнері, айтыс – осының бәрі аталған тізімге кіреді. Оқулық жазғанда, халықтық педагогиканы насихаттағанда, Наурызды тойлайтын кезде осы мұраны негізге алса. Өзге ұлт өкілдері қазақ деген қандай халық, қазақылықтың мән-мағынасы неде дегенде осыны игеруі керек. Мәдени-көпшілік орындарда, мектептерде осы тізімді іліп қойса да болады. Энциклопедияға республикалық дәрежеде ерекше қорғалатын табиғи ескерткіштер, қорықтар кірді. Мұнда Үкіметтің қаулысымен бекітілген тарихи-архитектуралық ескерткіштердің республикалық тізімі басшылыққа алынды. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгендері де бар. Қазақстанның киелі жерлерін анықтау жұмысы тапсырылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жасаған 100 нысанға қоса көрнекті мәдени нысандарды, музейлерді де енгіздік. Мысалы, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музейі Алашты, Жаңалықтағы ескерткіш қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын орын. Сондай-ақ кешегі ғылым академиясының бас ғимараты «Ғылым ордасы» кезінде Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов және басқа тұлғалар еңбек еткен киелі мекен. – Басылымда киелі нысандармен қатар түрлі аңыздар, ұғым-түсініктер де келтірілген екен. Мысалы, Ақмола облысындағы Бөгембай сөресі туралы мәлімет назарымызды аударды. Қанжығалы Бөгембай батыр 1775 жылы қара күзде Сілеті өзені бойында қайтыс болады. Сол жылы қыс ерте түссе керек. Батырдың қазасына жиналған ел ақсақалдары Ресейге мемлекеттік сапармен кеткен Абылай ханды күтейік деп шешім қабылдап, оған дейін мәйітті арулап, былғары салып, бөренелерден биік сөре жасап сол жерде 40 күн сақтайды. Ол кезде халқына ардақты танымал адамдарды қасиетті Түркістан қаласына қоятыны белгілі. Сөйтіп, 40 күннен кейін Абылай ханның бұйрығымен батыр денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлейді. Кейін Бөгембайдың мәйіті сақталған жер «Бөгембай сөресі» аталыпты. Мұндағы «сөре», «сөрелеу» деген ұғымдарды білмейтіндер үшін бұл жақсы мәлімет болмақ. Батырдың өлімін ханға естірткен Үмбетей жыраудың жырының өзі бір бөлек дүние. Міне, осы тектес халық тарихында орны бөлек қайраткер тұлғаларға қатысты орындарды энциклопедияға енгізуде қандай өлшемдер басшылыққа алынды? – Ол үшін ең алдымен музей немесе ескерткіш болуы керек. Айталық, Жамбыл Жабаевтың музей-үйі сияқты халық баратын, еске алатын, тәу ететін жерлер. Дегенмен, жұрт тұлғалардың бәріне бірдей табына бермейді, сондықтан қоғам мен мемлекеттің дамуына үлес қосқан тұлғалар да кітапқа кірді. Бұл ретте айта кететін жайт, жоңғарлармен соғыс болған жерлер әлі толық анықталмай жатыр. Мысалы, Аңырақай, Орбұлақ шайқасы өткен жерден дерек заттар табылуы керек, қару-жарақ, оқтар, т.б. Ол жерде музей, монументтер тұрса тарихи, тәрбиелік маңызы зор. Әзірше біз бар мәліметті бердік, ал болашақта еліміздің тарихи белестері бойынша міндетті түрде кешенді жобалар қолға алынуы керек. Тарихымыз ұлы жеңістер мен алапат жеңілістерден тұрады. Ақтабан шұбырынды қазақ тарихындағы қайғылы уақиға, оны айтпауға болмайды. Бұл мәселе жеңіл-желпі қарауды, қателесуді көтермейді. Біз өз тарихымыздың негіздерін ғылыми түрде дәйектеп, мәдени-рухани құндылықтарымызды жаңаша сараптауға ден қоюға тиіспіз. Бүгінгі Рухани жаңғыру үдерісі қазақ халқының осы уақытқа дейін кеткен есесінің өтеуі болсын десек, жаңа кезеңде көзқарасымызды, мінез-құлқымызды түбегейлі өзгертуге кірісуіміз керек. Елбасының өзі атап өткендей, бұл болашаққа бағдарланған жоба. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша іргелі, жан-жақты зерттеулер жүргізу керек. Бұл алғашқы қадам болған соң қолда бар деректермен шектелдік. Сонымен қатар өзіміздің материалдық емес мұрамызды да насихаттау керек. Ұлттық киім дегенде Наурыз күні ғана киіп шығатын ұзын шапаннан басқа күнделікті киюге ыңғайлы киімдер неге тікпеске. Сондықтан ұлттық дүниені әлемге таныту үшін ең алдымен өзіміз тұтынып, өзіміз бойымызға сіңіруге тиіспіз. Бренд деген солай қалыптасады. Рухани жаңғыру деген сөз, менің түсінігімше, қайта оралу, ояну деген сөз. Бәріміз киіз үйге барып тұрмасақ та заманға лайық түрін пайдалануға болады ғой. – Даңқты ата-бабалардың бүгінгі ұрпағы ұлттық тұтастық пен мүдде үшін қандай қызмет атқарып, қалай пайдалы іс тындыра алады дегенде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоба-жоспарлары айқын бағыт сілтей алатыны анық. Осы орайда энциклопедияны шығару жұмысының ғалым әрі тәжірибелі баспагер ретінде сізге тапсырылуы бекер емес. Кітаптың мазмұны, көркем безендірілуі, сапасы көңілден шығарлық. Енді осы жұмыс барысында көңілге түйген, көзіңіз жеткен ой-пікірлеріңізбен бөліссеңіз. – Энциклопедияны ойдағыдай шығаруға барынша тырыстық. Әр мақалаға сәйкес сурет берілді. Археологиялық ескерткіштің бәрін бірдей кіргізудің қажеті жоқ және ол мүмкін де емес. Мысалы, Сарайшықтың өзіне жеке бір кітап арнауға болады, Сондықтан тепе-теңдікті сақтау керек. Қазір ауыл-аймақта халық өз қаржысына да ескерткіштер қойып жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Дінді құрмет тұту бар да, көзсіз табыну бір бөлек. Осы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы аясында неше түрлі жобаларды жүзеге асыруға болады. Мұның барлығы Қазақстанның беделін көтеруге пайдасы тиері анық. «Қасиетті Қазақстан» бағдарлама-сына орай ғылыми-зерттеулер жүргі-зіліп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірін арнайы экспедициялар аралап жүріп шығуға тиіс. Бұл шаралардың арғы жағында халықтың, жеке адамның рухын, қадір-қасиетін көтеру мәселесі жатыр. Мен осындай елде туғанмын деген лайықты мақтаныш сезімін туғызу керек. Халқымыздың әлемдік өркениеттегі, тарихтағы орнын тани білу сезімі осылай орнығады. Рухани бастауларымызға ден қою келешекте саналуан мүмкіндіктерге жол ашады. Бес томдыққа енген тарихи тұлғалар туралы жеке зерттеулер жүргізілсе, кітаптар шықса, көрікті жерлеріміз бір-бір фотоальбомға айналса, оқулықтарға енгізілсе құба-құп. Қорыта айтқанда, аталмыш жобаның толыққанды жүзеге асырылуы біртұтас еліміздің ұлттық-рухани тамырынан нәр алған жаңғыру үдерісін қарқындатпақ, ал бұл жас буынның болашаққа сеніммен қарап, нық қадам басуына, олардың бойына қазақстандық патриотизм мен мемлекетшілдік рух сіңіруге қызмет етпек. – Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбатты жүргізген Дина Имамбаева

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз