• Тарих толқынында
  • 28 Қаңтар, 2019

БІРЖАНДЫ РАС, БІЛЕСІЗ БЕ?

Егер, жоғарыдағы сұрақ кездесе қалса кез келген сауатты қазақтың: – Иә, Біржанның XIX ғасырда өткен атақты сал, айтулы әнші екенін кім білмейді? – Әйгілі халық композиторы, «Теміртас», «Жанбота», «Айтбай»... әндерінің авторы, қазақ айтыс өнерінің өнегесі болған «Біржан-Сара айтысын» асқақтатқан Біржан сал Қожағұлұлы емес пе?! Тағы... тағы... тағы... деп жауап қайтарары хақ. Ендеше, осымен Біржан танылып, анықталып болды ма? Біздіңше, бұл жауаптар Біржанды танып-білуді толық қанағаттандырып кете алмайды. Кете алмайтындығы сол емес пе, Біржан сал Қожағұлұлы XIX ғасырдың алдыңғы жарымында дүниеге келіп, соңғы жарымында дүниеден өтті. Одан бері міне, ғасырдан астам уақыт, яғни, 182 жыл өте шықты. Десе де, өткен ғасырдың соңғы жарымынан бастап Біржан сал, оның артына қалдырған мол мұрасы, салдың ата-тегі, үрім-бұтағы туралы, осыған байланысты қашан дүниеге келіп, қашан дүние салғандығы туралы еміс-еміс пікір, көзқарастар көтеріліп жүрді де, ХХІ ғасыр басталысымен бұл пікір-көзқарастар шындап тұрып білерменділікке қол қойып, әркім өз мақсатынан, өз пікірінің дұрысын дәлелдеп, қасиетті аруақтың мазасын кетіріп жіберді. Әдебиетші қауымның арасында атымыз жүргесін, сосын, осыдан 20 жыл «Шыңжаң халық баспасы» жағынан «Қазақ ауыз әдебиетінің өнерпаздары» атты кітап жаздық (1996 жыл, қыркүйек). Содан кейін, Біржан туралы ілгерінді-кейінді шыққан шығармаларды, шежірелер мен оның шығармаларының басылымдарын қайталап оқып, зерттеп, зерделеп, мүмкіндігінше оған қатысты деректерге дәйекті жауап табуға өз тарапымыздан «нәтижесі осы» деген көзқарасымыз бен дәлелімізді төмендегідей жұрт төрелігіне тапсыруға шешім жасадық.

Біржан кім?

Біржанды толық таныстырып жату артық болар... Сайып келгенде, бізді толғандырған мәселе – Біржанның ата-тегі, кім екендігі болмақ. Әрине, бұл ұлы тұлғаны тану да, зерттеп, зерделеу де, түсінуде дұрыс-ақ... Әсіресе, қазақтың этно тарихы мен этикалық құрылымын білу үшін бұл тіпті де керек. Ендеше, біз сөз кезегін осы мәселеге арнап, көптің ой-пікір, тұжырымымен ортақтаса бермейтін көлденең көзқарасымызды ортаға салып көрелік.Біржан Тұрлыбайұлы Қожағұл немересі 1834 жылы сол кездегі Көкшетау дуаны, бұрынғы Мыңшұңқыр қалашығының (кейінгі Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданы) жанындағы Қожағұл бұлағының бойындағы шаруа отбасында дүниеге келген. Әуел бастан арғы аталарынан аралас- құралас келе жатқан арғындардан, ұзап кетсе солардың ішіндегі аз ғана керейлер – Сарылардан оларды ешкім де бөгделеп, бөтендеп көрмеген. Үлкен жақтан арғынға, бұтарлап келсе Сарыға жатқызып жүре берген. Қазақта «Жігіттің үш жұрты болады» дегені бойынша нағашы да, қайын жұрты да арғын елі болған. Өнер адамдарын тектеп, тексеру, олардың мол мұраларын жинап-теру жұмысы қолға алынған Совет үкіметінің бастапқы тұсында, рулық, ұлттық тегіне мән беру тіптен ескерілмеді. Әуелі, бұлай істеу залалды, «Совет адамы» болуға толымсыздық ретінде қаралды. Сөйтіп, қазақ немесе өзге ұлт зерттеушілері болсын, бәрі-бәрі де дала өнерпаздарының бұл жағындағы ұқыптылықпен жинап-теруге тиісті материалдық қажетін үнемі ескерусіз қалдырып отырды. Кейде, тіпті, саяси қырағылықтан қалыптасқан дағдыға басып, оның қайсы бір дала феодалымен қандас, тұқымдас болып шыға келуінен көз жаздырып, әдейі түрде рулық, ұлыстық тегін қозғамай өте шықты. Осыдан барып, орыстың өңірлік жіктеу амалы бойынша «Арқа өнерпаздары», «Жетісу өнерпаздары»... деген сияқты жіктеу амалы асқынып, қазақтың атамзаманнан бергі рулық, ұлыстық тек бойынша деректеуі кері қағылды. Біржандай ірі тұлғаның күні бүгінге дейін «ол кім еді?» деп тектеліп, тексеріліп жүруі сол себептерден болды. Жоғарыдағы саяси және қоғамдық себептерден басқа, Біржанды «арғын атадан» деп қате деректеуге мұрындық болған Біржанның Сара қызбен айтысындағы: Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері. Сайраған ортажүздің бұлбұлымын, Арғынның Алтай-Қарпық ақтан-гері,- деген жолдары соның куәсі. Орыс ұғымын ұстанған алғашқы топтағы жас ғалымдар жоғарыдағы тілге тиек еткен қоғамдық және саяси дағдымен XVIII-XIX ғасырда өткен дала өнерпаздарына тап немесе жағрапиялық өңірлік көзқараспен қарады да, олардың қазақы арғы тегіне онша үңіліп отырмады. Осыған байланысты ұзақ уақыт бойы көп зерттеулерде Біржан «Алтай – Қарпық» руынан шыққан Арғын болып кете барды. Біржанды ғылыми тұрғыда зерттеген танымал тұлғаларға келсек, ұлы Абай және Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов қатарлы ірі тұлғалар болды. Әлкей Марғұланның деректеріне сүйенсек, қасына қаншалаған сал- серісін ерткен Біржан сал, ақын Сара қызбен айтысуға іздеп бара жатқан сапарында Тобықты елінде Абай ауылында болуы, оның өмірі мен өнеріндегі жарқын бір белес болады. Ол Абаймен кездесіп ән- күй, ақындық өнер туралы көсіле кеңес құрады. Екі ірі тұлғаның бұлайша кездесіп, өміршең өнер туралы сөйлесуі сахарадағы байтақ мәдениеттің, өнер салаларының көркейіп өсуіне үлкен әсер етеді. Олардың өнер туралы эстетикалық талғамдары мен әлеуметтік мәселелер туралы ой- пікірлері көп жақтан тамырласып, ұқсап кетеді. Біржан сал Абай әндерін естіп қызығушылық танытады. Абай да Біржан салдың өнерін, әсіресе, әншілік дарынын ерекше бағалап, осыдан кейін өзінің әйгілі «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін жазған дейді Марғұлан. Осы жөнінде Абай Біржанды арқадан келген аталы арғындардың бірі ретінде қарамайды, оған төрдің басын, батаның алдын беріп, оны «аруақты бір атаның баласысың» деп құрметтейді. Демек, мұнан ұлы Абайдың Біржанды өзінің Арғын емес, өзге аруақты аталардың (керейдің) ұрпағы ретінде сыйлағанын көруге болады. Бұл туралы Мұхтар Әуезов Абай төңірегінен, Абай мектебінен шық-қан ақындар жайында айта келіп, Сыбаннан шыққан ақын Әріп туралы: «...Біржан, Сара Әріпке әншейін ойдан шығарған геройлар есепті ғана болса керек, сондықтан, Біржанның арғын емес, керей екенін де ескермеген. Мүмкін, ол кезде Біржанның руын білмеген де шығар»,- деп жазады. («Абай Құнанбайұлы толық жинағы». Қызылорда, 1933 жылғы басылымы, 383-бет). Ал, осы тұрғыда жазушы Сәбит Мұқанов: «Біржанның руы – арғын емес, керей, керей ішінде ақсары, оның ішінде көшек» деп жазады («Халық мұрасы». 1974 жыл, Алматы, 154-б.) Мұнда Біржанның арғын емес, керей екендігі жөніндегі дәлелдеулер жоғарыдағы ұлылармен қатар Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Ілияс Жансүгіровтердің Біржан немесе «Біржан-Сара» айтысына қатысты зерттеулерінде тұрақтандырылады. Сондықтан, Біржанның арғын емес, керей екендігі туралы нақты дерек десек болады. Ендігі мәселе, «ол керейдің қайсысы?» деген сұрақ туындары анық. 1992 жылдың наурыз айы болатын, ғылым академиясының «Жұңго қазақ әдебиеті тарихын» жазу тобының тапсырмасы бойынша ақын, фольклорист, шежіреші, Асқар атамыздан (Татанайұлынан) осы сұрақ төңірегінде білу үшін Алтайға жол тарттым. Бірінші күні асығыс әңгіме болғанмен, кейін барлығы да ойдағыдай болды. Кеш батар бұрын, мен ертең келіп түстеніп қайтуға уәде беріп, Алтайдың Әбитан ауылындағы қайын жұртыма барып келуге аттанып кеттім. Алайда, жол бойы Алтайдағы Мәмиланың Шәкені деген ақсақалға жолығып қалып, сол үйде қонып қалдым. Уәде бойынша, ертесі, түске жақын Асқар ақсақалға оралдым. Қасымда о кісіге рулық жағынан іні болып келетін Мәмиланың Шәкені бар. Әрнені әңгіме етіп отырған дастарқан үстінде, әдеті бойынша аппақ сақалын қолымен бір салалап алып сөз бастайтын Асқар ата, маған арнаулы тапсырма берген пішінмен көзіме тіке қарап отырып: – Асан, ертеден есімде жүрген бір жай бар еді, айтайын. Біржан сал - керей, соның ішінде – жәдік. Осыған бірде арғын, бірде сары ие болып жүр, ертеректе Біржанның өз аузынан айтылған: Мен сенің Арғын емес, алашыңмын, Жәдіктің Тоғыс деген баласымын. Болғанда жаугершілік осында қап, Қолында өскен екем нағашымның, - деген өлеңі бар болатын. Бұл «Жанбота» мен «Адасқақтың» жалғасы еді. Кейінгі Біржан шығармаларында бұл шумақтар жоқ, естуімізше, Совет үкіметі өткен ғасырдың 30 жылдарының бастарында Иса Байзақ бастаған бір топ халық ақындарын ұйымдастырып, осы дала өнерпаздарының ән-жырларын заманға бейімдеттірген-мыс. Асқар атам осыны айтып бергенде 86 жаста еді. Сол дастарқандағы осы әңгімеге куә болатын Алтай ақсақалдарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Шәкен Мәмилаұлы көзі тірі, биыл 100 жасқа келіп отыр. Ал, Асқар атамыздың қолындағы ұлы, сол әңгіменің куәгерінің бірі – Көбен Асқарұлы биыл 78 жасқа шықты. Ал, мен сонан бергі 24 жылда осы деректі іздеумен келе жатырмын. Осыдан үш- төрт жыл бұрын жазда Үрімжідегі «Ынтымақ жолы» клубында «Біржан-Сара» фильмі қойылады екен, Қазақстаннан келген фильм режиссері тікелей сұқбатта болады екен дегенді естіп, Асқар атадан есіткен деректі көңілге түйіп, сонда бардым. Амал не? Құрқол қайттым. Ондағылар фильмге қатысты оқиғаларды ғана жинағанын, Біржан туралы ештеңе білмейтіндіктерін жасырмай айтып берді. Осылай салым суға кетіп тұрғанда сол қонақтарды суретке түсіріп жүрген белгілі журналист, ақын Қуаныш Ілиясұлы бауырым: – О, аға, бұл Біржан айтқан өлең шумағын мен бір кітаптан көргенмін, сізге көшірмесін жеткізіп берейін,- деген сөзінен кейін көктен тілегенім жерден табылып, аз күннен соң Қуаныштың айтқанын алдырттым. Бұл белгілі сыншы, жазушы Серік Қауымбайұлының «Бөрібайдың ұлы» деген романынан алыныпты. Кейін, ол туралы Секеңнен сұрағанымда, ол кісі: – Бұл біздің Алтайдың Қаба, Буыршын аудандарында бала күннен ел арасынан естіп жүретін өлеңіміз болатын. Өлең төркініне қарағанда, Қожағұл Біржанның ұлы әкесі (атасы) емес, нағашы атасы сияқты, Біржанды жәдіктерден асырап алса керек,– деп, түсіндіреді. 2009 жылы манағы Асқар атам айтқан әңгіме құлағында бар Көбен Асқарұлы Қазақ еліне барып, оралды. Ол осы сапарында Өскемен қаласынан Қазақстанның жазушысы марқұм Қалихан Ысқақұлын жолықтырыпты. Осы әңгіме сөз болғанда, жазушы бұл өлең шумағының Біржандікі екендігін, «Жанбота» әнінің мәтіні екендігін, сосын, 30-жылдардың басында қазақ халық өнерпаздарының 500 әні үкімет жағынан сұрыпталғанын ол кісі де әңгімелеп беріпті. Өстіп жүргенде, оқылмай кеткен «Боғда» журналының 2015 жылғы №2 санын қарастырып отырып, Қаба ауданының Жайылма ауылында тұратын Серік Мұқайұлы деген туысымыздың «Бәке және Біржан сал» деген мақаласын көзім шалды. Мақала манағы Біржан айтыпты деген бір шумақ өлең екен: Мен сенің Арғын емес, алашыңмын, Керейдің жәдік деген баласымын. Болғанда жаугершілік осында қап, Қолында өскен екем нағашымның. Түбінде туған елге бір кетермін, Жанымда болмаған соң жана-шырым, - деп алыпты да, Біржанды Бәке батырдың баласы етіп шығарыпты. Әңгіменің қисыны тәуір-ақ келген. Бұл мақаладағы дәлел бойынша Біржан Бәке батырдың баласы болады да, керей, соның ішінде жәдіктің Қостай атасынан болып келеді. Біздің ойымызша, Серік Мұқай-ұлының жоғарыдағы мақаласын-дағы «Біржан Бәке батырдың баласы» тарихи шындық пен уақыт талабынан табылмайды. Олай дейтініміз, мақалада баяндалған, яғни, Жәдік қолының бас сардары Жантай батыр жараланып, Бәке батыр ту көтеріп, қол бастаған қазақтың жоңғарларға қарсы шешуші шайқасы 1752-1757 жылдың аралығында болды. 1757 жылы 7 маусым күні Балқаш көлінің шығысындағы Аягөз өзенінің жағасында Жұңгоның (Еженханның) елшілері тұңғыш рет қазақтың Абылай ханымен кездесіп, келелі бітімдер жасасты. Ендеше, осы кездегі жас батыр Бәкені мақалада көрсетілгеніндей 1737-1738 жылдары туылған десек, онда бұл тұста 20-ға енді-енді ілініп келе жатқан бозбала болады да, ал, Біржан туылған 1834 жылы 95-96 жасқа келген шал болады. Бұл мақалада айтылған «Қожағұлдың қарындасын Бәке алып қашып алып, одан Біржан туылады» деген оқиға мен уақыт жағынан мүлде қиыспайды. Ал, оқиғалық жағынан Біржанның ұлы әкесі (атасы) Қожағұл жас бала болғандықтан Бәке батыр араласқан соғыстарға қатыспаған. Бұл жоңғарлар жойылып, Абылай хан қайтыс болып, Уәли таққа отырған кез еді. Яғни, 1782-1783 жылдары екі рет Жұңгоға (Еженханға) баратын елшілер құрамында болып, Бейжіңге барып қайтқан («Гаузұң орда естелігі» 1156-бөлім 1-бет) («Гаузұң орда естелігі» 1178-бөлім, 12-бет, 1189-бөлім, 2-бет). Міне осы тарихи фактілерге қарағанда, Біржанның ұлы әкесі (атасы) Қожағұлдың өзі Бәке батырдан кіші болып, оның қарындасын Бәке алып қашып алатын, онан Біржан туатын жөні жоқ. Бұл Біржанды Бәкеден тудырып, Қостайдан таратудың «тәтті» тілегі ғана болса керек. Ендеше, «Біржан кім?» дегенді топшыласақ, манағы Асқар атамыз айтып берген, ел арасында тарап жүрген «Біржан өзі айтыпты» деген өлеңнің шумағы, мазмұны жағынан да, құрылысы һәм буын саны жағынан да Біржанның «Жанбота» әнінің жалғасы деп қарауға болады. Құрылысы жағынан «Жанботаның» жария көріп жүрген үш шумағы да, сосын, әлгі ел арасында тарап жүрген бір шумағында 11 буынды болып келеді де, буын саны жағынан ұқсас түрде: 3+4+4=11 болады. Осылай болғанда, «Жанботаның» әуелгі Біржан нұсқасы: Жанбота, осы ма еді өлген жерім, Көкшетау боқтығына көмген жерің. Кісісін бір болыстың біреу сабап, Бар ма еді статиядан көргендерің!?

Жанбота, өзің- болыс, әкең- қарпық, Ішінде сегіз болыс шенің артық. Өзіңдей Азнабайдың Поштабайы, Қолымнан домбырамды алды тартып. Тартса да домбырамды бергенім жоқ, Есерді Поштабайдай көргенім жоқ. Қамшымен топ ішінде ұрып еді, Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ. Жанбота- ау... Мен сенің арғын емес, алашыңмын, Жәдіктің Тоғыс деген баласымын. Болғанда жаукершілік осында қап, Қолында өскен екем нағашымның. Ал, жоғарыдағы ғылыми деректер мен шежірелік деректерге сүйенсек, керейдің жәдік руы өз ішінен: итемген, мұңал, мәлік, жанат болып бөлінеді. Осы төртеудің ішінде басы өскені мәлік пен жанат болып, оны әдетте «төрт мәлік, сегіз жанат» деп атайды («Абақ Керей» 2008 жыл, Іле халық баспасы, 186-бет). Өскен ұлыс Жанаттың өзі мана айтқанымыздай, өз ішінен қыдыр, тілеке, ағыс, тоғыс, тоқай, қостай, боқай, майма болып сегізге бөлінеді де, сегіз жанат атанып, оның жетеуі Алтайды тұрақ етіп, тұтас Шыңжаң өлкесіне таралған. Гансу өлкесінің Ақсай ауданында да бар. Ал, сегіздің бірі – ата Тоғыс бұл өңірлерде қоныстанбаған. Осыған байланысты «Қазақ тарихы» және керейлерге, соның ішінде жәдіктерге қатысы көп «Қылышбай шежіресі», «Сақари деректері» сондай-ақ, қазірге дейін шығып болған жәдіктің 11 кіші руларының шежіресін салыстыра, зерттеп-зерделей келіп мынадай қорытынды шығаруға болады: Жоңғарлардың қысымымен атамекені – Алтайдан ауған керейлер сырғи-сырғи Сыр бойына барып мекен тұтады. Арада керей мен арғын араздасып, керей Сырдан ауа көшеді. Қанішер (хан Абылай емес) Абылай сұлтанның жұмсауымен Бұқар жырау әйгілі «Керей, қайда барасың» жырын толғап, керейді ауған бетінен қайтармақ болады. Алайда, ағайын арғындардың тізесі батып, көңілі әбден қалған керей елі тоқтау бермей, сонау Ордың қара ағашына барып дамылдайды. Ордың қара ағашынан жасалған шідер бұтағы, келі-келсап, адалбақан заттық бұйым ретінде алтай керейлерінде бертінге дейін сақталған. Аңыз бойынша, Бейсенбі би ұлы Оспанның отауын көтергенде, соның есік ағашына Ордың қара ағашынан жасалған есігін ырымдап берген екен деседі. Сөйтіп, осы керей ауғанда, нағашы жұртын жағалаған Жанаттың бір баласы – Тоғыс нағашыларының қолында Арғын елінің арасында қалып қояды. Керей Сырдың бойынан ауып, араға неше жыл салғанда жоңғар шапқыншыларының күші өктем келіп, қазақ руларының берекесі қашады. Бес жылға созылған «Ақтабан шұбырынды» күйін кешеді. Жаудан ыққан Сыр бойындағы арғындардың да тоз-тозы шығады. Арғынның тобықты руы керей барған Ордың қара ағашын паналаса, қалған арғындар Қостанай, Торғай өңірін басып өтіп жататын Обаған өзенінің бойын барып сағалайды. Тобықты руы босып барудан ілгері Ордың қара ағашынан қайта көшкен абақ керей Доғалаң (Қарқаралының шығысында) тауын аз жыл мекен етеді де, Жәнібек батырдың бастауымен Шыңғыс тауынан өтіп, Қалба тауын негізгі беталыс ұстанып, Қызылсу, Шар өзендерінің бойын сағалайды. Ал, «Кіші жүз орысқа бодан болады екен» дегенді естіген Тобықты елі 1730 жылы Ордың қара ағашын тастап жапырыла көшіп, Торғай өзені мен Ырғыз өзені бойында сағалап отырған өзге арғын руларына келіп қосылады. «Ақтабан шұбырынды» кезінде 12 жастағы Абылай 1739 жылы Әбілмәмбеттің орын босатуымен қазаққа хан болады. Бұл Сыр бойынан ауған орта жүз ұлыстары Сарыарқаға орнығып, ес-ақылын жинаған әрі жоңғар шапқыншыларына қарсы қайтарма соғыс жүргізіп, оларды бірнеше мәрте ойсырата жеңген кезі еді. Тіпті, керей ұлысындағы ашамайлы керейлер Ертіс өзенінің орта-төменгі аңғары, Қазақстанның қазіргі Семей, Павлодар қатарлы жерлеріне, ал, абақ керейлері Қалба тауына бүтіндей қоныстанып қалған кезі еді. Осындай ел іргесі орныққан тұста Обаған өзенінің бойында нағашыларымен бірге сағалап отырған Тоғыс ауылы да Сарыарқа, Көкшетау өңіріне көшіп келді. Серік Қалымқанұлы мен Қайрат Сауытұлы жазған «Біржан сал және оның әндері туралы» («Жұңго ұлттары» 2009 жыл, №4 сан) атты мақалада «Біржанның арғы атасы Бертіс ертеректе Обаған өзенінің бойынан Көкшетау өлкесіне көшіп келіп, сол жердегі керей әулеті мекен еткен рулы елге қосылады» деуі соны дәлелдейді. Біржанның арғы әкелері – Бертістің Қожағұл, Қожамқұл, Ақшуақ, Байшуақ, Жаншуақ деген бес ұлы болған екен. Қожағұлдан –Тұрлыбай, Тұрлыбайдан – Біржан туады. Ал, Бертістің өзі де бес-алты ағайынды да Обағаннан алғаш ауып келгенде Қызылжар жағын, яғни, Майлыкөлдің маңын мекен еткен. Аға-інілерінің бір шоғыры би атанып, өзі дін ұстанған сопы болыпты. Алайда, екі інісі тентек жортуылшы болып, елдің де, Бертістің де мазасын ала береді. Сонан, өкпелі болған Бертіс, Көкшетау мен Шортанның ортасында қоныс тепкен ағайын Жанқарбай деген байдың қасына қоныс аударып келеді. Жанқарбай Бертіс пен Тәттімбет деген кісіге жер бөліп бермек болып, сол кезде «Бұзаутөбе» деп аталатын станса қаласынан 15 шақырым жерге аттарын айдатып, бәйге қосады. Онда кімнің аты мәреге бұрын келсе, сол таңдаған жерін алады – деп үкім жасалады. Екеуінің аты қатар келеді. Сонда қулығын асырған Бертіс тымағын жұлып алып керешіге лақтырып қалады да, Бертістің аты мәреге бұрын жеткен болады. Сөйтіп, нулы да, сулы «Бұзаутөбені» (стансаны) өзіне мәңгілік ата қоныс етіп алады. Демек, жоғарыдағы дәлелдерді баяндай келіп, «Біржан сал кім?» дегеннің тоқетеріне келсек: Біржан Тұрлыбайұлы Қожағұл немересі абақ керейдің жәдік руынан, осының ішінде жанаттың (сегіз жанат) Тоғыс атасынан тарайды. Біржанның «Жанбота» әнінің әуелгі мәтініндегі: «Мен сенің Арғын емес, алашыңмын, Жәдіктің Тоғыс деген баласымын» деуі ата-тегін дәлме-дәл айтуы болса керек.

Біржан қашан туып, қашан дүние салған?

Рас, ешкімге ұқсамаған көзқарас ұстана ма, болмаса «Біржан-Сара» айтысы болған немесе болмағанның бір қажеті үшін керексіне ме, өткен ғасырдың орта шенінен бастап Біржанның қашан туылып, қашан дүние салғандығы туралы да әжептәуір пікірлер айтылып келеді. Олардың бастылары мыналар: 1) Сәбит Мұқанов. «...Өлер алдында шығарған Біржанның бірнеше ауыз өлеңі Теміртас, Асыл, Ақық деген балаларының аттарымен басталады. Асыл мен Ақық – қыздары, Теміртас – ұлы. Теміртас Біржан өлгенде үш жаста болған. Біржан өзінің өлеңінде Теміртасты «Елу беске келгенде көрген қалқам» дейді. Біржан 58 жасында, 1891 жылы дүние салған. Сонда ол 1833 жылы туылған болады, ең анығы осы. Бұрынырақта Біржанды 1825 жылы туып, 1887 жылы өлді деп жаңылыс айтқан» («Халық мұрасы» 1974 жыл, Алматы, 154- бет). Мұқановтың мұнысында оқырманын иландыра алмайтын бір шикілік – Біржан дүниеден өткенде Теміртастың үш жаста екендігі туралы мақаланың бас-аяғында ешқандай дәлел жоқ. Демек, Теміртастың әкесі қайтыс болғанда үш жаста болуының дәлсіздігі - тұтас Мұқанов көрсеткен туылған, қайтыс болған жылы туралы дәлсіздікті көрсетеді. Біржан 55 жасқа келгенде Теміртас туылсын, оны Біржан өлеңінің өзі сипаттап тұр. Алайда, осыдан үш жыл өтіп Біржанның дүниеден озғандығы туралы Біржан шығармаларынан байқалатын ешқандай дерек жоқ. 2)Ахмет Жұбанов. Ахмет Жұбанов өзінің «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітабында Біржан 1831 жылы туылып, 1894 жылы бақилық болған деп көрсетеді. Ол: «Алпысқа жасы жеткенде, байлауда екі қолын арқан кесіп, үш жыл жатып, 1894 жылы 63 жасында... қайтыс болды» деп жазады да, осы сөзін 1963 жылы баспадан шыққан «Замана бұлбұлдары» кітабында қайталай тілге тиек етеді. Жұбановтың бұл тұспалындағы негізгі сүйенгені және Біржанның:

«Саясы кем болады қу қайыңның, Жігітке керегі не, уайымның? Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ, Білмеймін не қыларын құдайымның», - деген өлең жолы демесек, Жұбанов межесіне де илана кетерлік өзгеше дәлелдемелер кездеспейді. 3) Қажым Жұмалиев. Қажым Жұмалиев өзінің 1939 жылы баспадан шыққан «Халық поэмалары» атты кітабында «Біржан мен Сара» атты мақаласында, Біржанның туған, қайтыс болған уақытын 1825-1887 жыл деп көрсетеді. Сосын, «Қазақ ССР-і тарихы» кітабында Біржанның туған, дүнеден өткен уақыты 1825-1887 болып көрсетілген (Алматы, 1957 жылғы басылымы, 631- бет.) Қажым Жұмалиевтің бұл негізделуі – Сәбит Мұқановтың 1942 жылы жарияланған «Айтыстың» І-томындағы «Айтыс және ақын» атты мақаласына негізделген. Онда ешқандай дәлел келтірілмеген. 4«Қазақ совет энциклопедиясы». Бұл энциклопедияның ІІ- том, 553- бетінде: «Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) – Қазақтың атақты халық композиторы, әнші, ақыны. Қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданына қарасты (Қожағұл құдығы) деген жерде шаруа семьясында туылған» деп жазылады. Бізше, энциклопедиялық анықтаманы жазу үлкен жауапкерлікті күтетін өткел, сондықтан, Біржан атын энциклопедияға кіргізу және оған ғылыми түсініктеме жасау оңай сараптаудан өтпеген болса керек. 5) Қайым Мұқаметханов. Қайым Мұқаметхановтың 1995 жылы Алматыда жарық көрген «Абайдың ақын шәкірттері» (ІІІ-том) кітабына кіргізілген «Біржан мен Сара айтыспаған» деген мақаласында, Біржанның туған, қайтыс болған жылдары туралы тоқтала келіп: ­­­«...­Біржан 1834 жылы туылып, 1897 жылы 63 жасында дүниеден өтті деген мағлұмат дұрыс деп білеміз» деп жазады. Қайым Мұқаметханов бұл мақаласында Біржан туралы, Біржан мен Сараның айтысы туралы көптеген сәйкес келмейтін көзқарастарды салыстыра келіп, соңында жоғарыдағы өзі дұрыс деген жыл аралығын растайды. 6) Көбен Асқарұлы Татанаев. «Алтай аясы» журналының 2002 жыл №1 санына басылған «Біржан мен Сара айтысқан ба?» деген мақаласында Көбен Асқарұлы Татанаев: «Ал, екі ақынның өмірі мен нақ майдандағы айтысының өзіне жүгінсек, Біржан 1834 жылы туып, 1897 жылы 63 жасында дүние салады. Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы 38 жасында дүние салады. Екеуі 1895 жылы айтысқанда Біржан 61 жаста, Сара 17 жаста» деп жазады. Осы араға дейінгі салыстыра зерттеуде, Көбен дәлелдемесі – «Қазақ совет энциклопедиясы» мен Қайым Мұқаметханов дәлелімен бір жерден шығады. 7) Қорғанбек Аманжол. Біз келтірген осы жеті деректеменің ішіндегі ең сенімдісі де, тың мазмұндысы да, өзінен бұрынғы Біржан туралы барлық деректемелерді мазмұндық жақтан жаңартқан да, толықтырған осы Қорғанбек Аманжолдың «Жұлдыз» журналының 2006 жылы №5 санында жарық көрген «Біржан бұрмалары» атты сұхбат түріндегі мақаласы болды. Автор бұл мақаласында үлкен жазушы, композитор Ілия Жақановпен бірге «Үш жүзді әнмен қырған» Біржан туған өлкеге, Біржан туралы деректемелер жинауға барғандығын мәйекті етіп әңгімелейді. Бұл сұхбат сипатындағы мақалада әуелгі зерттеушілер қол жеткізе алмаған мынадай төрт түрлі деректер бар, мұны Біржантануды алға тартқан төрт қадам десек артық айтқандық емес болар... 1. «Рахия апаймен әңгіме». Рахия әже Ілия Жақановпен әңгімеде болған кезде 75 жаста екен. Автордың таныстыруынша, ол Біржанның кенже ұлы Қалкеннің әйелі екен. Рахия әжемен әңгіме арқылы бұл сұхбатта Біржан өмірі мен өнеріне қатысты көп әңгімелер мен деректер айтылады. Ең маңыздысы – Біржантану ғылымына Біржанның Асыл, Ақық, Теміртастан басқа, Қалкен атты кенже ұлының бар екендігі мәлім болды. Мақалада және Біржанның елдің бәрі білетін Теміртастың баласы Мұхаметқалимен болған сұхбат беріледі де, оның өз аузынан: «Атамыз Біржан қайтыс болғанда, біздің әкей тоғыз жасар бала, ал, Қалкен қырқынан да шықпай қалған нәресте екен» деген таптырмас дерек береді. Міне, бұл Біржанның туған һәм қайтыс болған жылын тұрақтандыруда, сонымен бірге Біржан салдың Сарамен айтысқан, айтыспағандығын, айтысса қашан айтысқанын нақты білуге өте маңызды дәлел бола алады. 2. Осы сұхбат сипатындағы мақалада Теміртас баласы Мұхаметқалидың аузынан Теміртастың зор, қарымды, сұлу жігіт болғандығы, Балуан Шолақ, Қажымұқандармен дос-жаран болғандығы, 1938 жылы отбасын алып Түмен облысының (Ресейде) Қазан ауданына көшіп барып орналасқандығы, әйелі Гүлжәмиланың 1943 жылы, ал, Теміртастың 1944 жылы (56 жасында) дүние салғандығы айтылады. Міне, бұл Біржантануда, Біржан ұрпақтарының тағдырымен танысуда таптырмас дәлелді материал екендігінде күмән жоқ. 3. Осы сапарында Ілия Жақановтың Біржанның өнер дүниесіне әлі мәлім болмаған «Байбозым» атты керемет бір әнін кездестіріп, оны кейін Қайрат Байбосыновтың орындауымен халқына табыс еткені айтылады. 4. Осы мақалада, бұл жолғы сапарда өздерінің Ғаппас атты ақсақалмен сұхбатта болып, Біржан моласының орнын дәл тауып қайтқандары, қазіргі тұрақтандырылған орнының дұрыс екендігі сөз болады. Демек, мұны да Біржантануда, Біржанды зерттеуде бар дәлелдің көзін сақтап қалған үлкен тындырым деуге әбден болады. Демек, жоғарыдағы фактілерді, дәлелдерді салыстыра зерттегенде, Біржан Тұрлыбайұлы Қожағұл немересі 1834 жылы туылып, 1897 жылы 63 жасында дүние салған. Асыл, Ақық атты екі қызы және Теміртас, Қалкен деген екі ұлы, яғни, төрт баласы болған. Осы араға келгенде, тағы біреулердің: «Біржан үш жыл бойына шалқып ауырып байлауда жатса, Қалкен қайдан туды?» деп сап ете түсері анық. Біржанның қатты науқастанған бірінші жылы, яғни, 1895 жылдың күзінен 1896 жылдың көктемі аралығында болған. Бөлек үй тігіп, молданың оңашалап оқуына қарсылық көрсеткен Біржанды осы кезде байлап-матаған. Кейінгі екі жылында науқасы ұстамалы болып, көп уақытында бұғынып, күрсініп, налып отырып қалатын болған. Десе де, оның Құдай қосқан қосағы Әпішке деген махаббаты бәз-баяғыша бола берген. Ұстамалы науқас қозғалғаны болмаса, тұрмысы да жаман болмаған. «Үш жыл бойы байлап- матауда жатты» деп суреттеу, оған деген аяушылық сезімді қоздырудан кейінгі «көріпкелдердің» айтып жүргені.

Біржан мен Сара айтысқан ба?

Біржан аруағын мазалап жүрген үш бірдей сұрау бар. Оның бірі – «Біржан кім еді?» болса, енді бірі – «Біржан қашан туып, қашан дүние салған?» ал, үшіншісі – «Біржан мен Сара айтысқан ба? Әлде жоқ па?» деген сауал. Халықтық нәрсе қасиетті, киелі қазына ғой, ішінде керексізі жоқ шығар, болмаса бәрі де керекті, қымбатты. Десе де, бір өнерінің басы болған төл алдысын сол халық өзі бағалап, өзі ғасырдан-ғасырға жалғастырып, оны тұмардай таза сақтайды емес пе?!. Екі ғасыр қазақ айтыс өнерінің озық үлгісі болып келе жатқан «Біржан мен Сара айтысын» бір-ақ күнде жоққа шығара салсақ, сонда біздің мәдени-рухани тарихымызды кім жасап береді не үшін бұлайша өзімізді-өзіміз кері тарта береміз? Өзінікін мақтан еткен былай тұрсын, өзгенікін «біздікі болатын!» деп, сонан, өзінің тәп-тәуір мәдениет тарихын жасап алып жүргендерді көре тұра, барымызды неге аласартуға, жоғалтуға әуеспіз?! Осы тұрғыдан «Біржан - Сара айтысы» болған ба?» деген сұраққа былай жауап таптық: 1) «Біржан-Сара айтысын» болған емес деушілердің дәйектеріне тоқталсақ, Ілияс Жансүгіров бір әңгімесінде айтыпты деген: «Айтыс ақындары қолма-қол суырып салып айтады, ал, бірден мұндай мазмұнды, көркем өлең шықпайды. Бұл көп ойланып көп толғанып жазылған бір ақынның ғана өлеңі болуы керек» («Үн» 2006 жыл, №3-4) деген сөзіне малданып, кейбіреулер Біржан-Сара айтысы ауыз әдебиетіне тән айтыс түрінен ажарлы, мәнді, мәтінді, сондықтан, ол белгілі бір ақын жағынан жазылған болуы мүмкін дегенді алға тарта береді. Бұл өз-өзімізді қорашсынудан, сол алтын қордан қарастырмай, онымен тамырластырмай, кешеден ғана бастай салуымыздан немесе «Біреулер жасап берген» деп айтуға көндігіп қалуымыздан келіп тұр. Кім айтады, «ауыз әдебиетінде жазба әдебиетіне жететін мәнді мазмұн, көсілген көркемдік болмайды?!» деп, қазақта «Шешесін көріп қызын ал» деген бар, жазба әдебиетіміздің анасы, туып-өскен топырағы ауыз әдебиетімізді мұндай қорашсыну әлем әдебиетінде ешкім ауызға алмаған бәтуа. Қандай әулие әдебиет болсын, ел өзінің түп-тамыры болған ауыз әдебиетінен тамырын үзбейді, көзін жазбайды. Ендеше, мазмұн мәнерлілігінен, көркемдік көсілімінен менмұңдалағаны үшін, оны «екі ақынның айтысы болуға лайықты емес» деу – дәстүрге шам, ұлттық әдебиетіміздің табиғатына жат көзқарас. Біз өкінсек соған өкінуге тиістіміз. Осы күндері неге «Қобыланды», «Ер-Тарғын», «Қыз Жібектей» жыр, «Біржан мен Сараның», «Әсет пен Рысжанның» айтысындай айтыс тудыра алмаймыз?! Жазба әдебиетіміздегі ең саңлақ деген шығармаларымыз ғасыр емес, неге он, жиырма жыл өз биігін сақтап тұра алмай жүр! Ендеше, «Біржан мен Сараның айтысын» көркемдігі көтеріңкі, мазмұны шұрайлы болғандықтан, осыдан бір жарым ғасыр бұрын болған екі ақынның айтысын қимау дұрыс пиғылдан туып тұрған пікір емес. Әуелі, көтерілген пәтуаның өзі дұрыс емес. 2)Бұл мәселеде тағы да ұлы Мұхтарды тыңдаған мақұл. 1933 жылы Қызылордада басылған Абай Құнанбайұлының толық жинағында, Абай төңірегіндегі, Абай мектебінен шыққан ақындар туралы тоқтала келіп Мұхаң «Абайдан өш алу үшін Әріп ақын «Біржан-Сара» айтысын шығарған» деген көзқарасқа бейімделеді де, соңында: «Біржанның арғын емес, керей екенін де ескермеген» деп, Әріп ақынның ағаттығын айтумен сөзін түйіндейді. Ал, осыдан кейін тұп-тура 15 жыл өткенде Мұхаң алдыңғы қате пікіріне мүлдем түзету енгізіп: «Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ болса сақталмай қалып қойған бұл айтысты шығарушы Әріп ақын деген де пікір бар, бұл қате пікір». Анығында Біржан-Сараның айтысы болған, бірақ, дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз редакциясымен айтып берген Сара болған. Ал, кейін сол Сараның айтқаны да көпке дейін ауызда жүрді. Хатқа түскенше бұл айтыс көп өзгерістер көрді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болды. Әріп өзі ақын және қазақша, орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Сол Әріптің Біржан Сара айтысына, кейінгі айтушының бірі дәрежесінде атсалысқаны анық. Бірақ, бар айтыс Біржан -Саранікі емес, жалғыз ғана Әріптікі деген теріс. Осы айтысты ең алғаш хатқа түсіруші де – Әріп. Революциядан бұрын баспаға беруші сол Әріп, хатқа түсірген Біржан-Сара айтысын бұлжытпастан, өзгертпестен берді» («Қазақ әдебиетінің тарихы» 1948 жыл, 1-том, 252- б.) Уақыт пен ғылым артына шегінбейді. Бұл арада Мұхаң дұрыс пікірден тайып, қате пікірге көшкен жоқ. Қайта, қатесі бар пікірін түзетіп, дұрыс пікірге көшкен деп білеміз. Осы тектес пікірде болған Сәбит Мұқанов та «Сараны Біржанның іздеп барғаны анық, Біржанның Нұржан деген ағасының баласы Ахметжанды мен қартайған шағында көрдім. Ахметжан «Мен Біржанға атқосшы болып барып едім, Сараны көрдім, айтысқаны рас» дейді. Халық әдебиетін жинаушы, Біржан мен Сараның айтысын алғаш баспаға берген Жүсіпбек Шайхысламов «Бұл айтысты Сараның өз аузынан жазып алдым» («Халық мұрасы» 1974 жыл, Алматы, 155-бет) деп жазады да, хатқа түсіріп алушының жеңген Біржан емес, жеңілген Сараның аузынан жазып алғандығына күдікті көзбен қарайды да, «Бұл, әрине, біраз ойландыратын жағдай» деп жалғап жазады. Осының алдында ғана, осы шығармасында Сәбит Мұқанов: «Біржан мен Сараның айтысын найманның сыбан руынан шыққан Әріп ақын шығарған деген сөз бар, бірақ, Біржан мен Сараның айтысында сол жылы, яғни, 1869 жылы Біржан 37 жаста еді дейді. Ал, Әріп ақын болса, 1924 жылы 62 жасында қайтыс болған, сонда 1862 жылы туды. Демек, Біржан мен Сара мәтінін шығару мүмкін емес. Егер, шығарған күнде де ол кейін шығарған болады» деп жазады. Бұл арада, Сәбит Мұқановтың Біржан мен Сара айтысы болған уақыт жөнінде және Әріп ақынның туған жылы туралы өзгелермен ұқсамаған мағлұмат болса да, ол кісі «Біржан-Сара» айтысының болғандығын, айтыстың Әріп ақын туындысы бола қоюы екіталай екенін жақтайды. Бұлардан өзге, «Біржан-Сара» айтысының болғандығын ең бір сенімді деректермен дәлелдеген ақын Көбен Татанаевтың «Алтай аясы» журналының 2002 жылы 1-санында жарияланған «Біржан мен Сара айтысқан ба?» атты мақаласы болды. Мақалада Көбен Татанаевтың ғасыр жасаған ақын, шежіреші фольклорист Асқар Татанаевтың Біржан-Сара айтысы болғандығы туралы көптеген дәлелдемелерін ортаға салумен бірге, 1956 жылы Алтай аймағының сол тұстағы Орынбасар уәлиі Қажынаби Досқайұлы аузынан 1948 жылы Құлжа қаласына атпен кетіп бара жатып, сәті түсіп Сайрам бойында отырған Тұрысбек қажының қарашаңырағына қонақ болып аттанғандығы туралы әңгімесі шертіледі. Мұнда, Қажынаби мен Назарбек Тұрашовтың (хатшысы) Біржан-Сара айтысы болған шаңырақ Тұрысбек қажының өз шаңырағына қонақ болып аттанғаны, шаңырақ ұстап отырған Тұрысбек қажының баласының (ақсақал адам) түні-бойы осы Біржан мен Сара айтысы туралы әңгімелеп бергендігі, ол айтыстың жайлау үстінде болғандығы, ақын әрі ақылды Сара апайларының бұл айтыста Абай туралы ешқандай кері кеткен сөз айтпағандығы, мұны (Абай туралы шумақтарды) ауыл үлкендерінің «біреулер кейін қосып жіберіпті десіп жүргені» айтылды. Міне, бұл дей тұрғанмен, алғашқы нұсқасы ғой, бұл әңгіменің мазмұнынан да манағы Мұхтар мен Сәбит меңзеген бағыттың бейнесі көрінеді. Осы мақаладағы тағы бір дәйекті дәлел, Біржан-Сара айтысынан кейін екі жыл өтпей, яғни, 1897 жылы Жұңго, Ресей жылнамаларында жазылған әйгілі «Көктұма съезі» болған осы үлкен съезге Тарбағатайдағы Демежан, Мамырбек төре бастаған төрт үкірдай елдің атқа мінерлері және Ресей жақтағы 50 болыс қазақтың атқамінерлері түгел қатысып, үлкен жиналыстың соңында өлең-той болған. Сонда найман ақыны Кәрібай мен арғын ақыны Әсет айтысқа түседі. Айтыс арқауы әуелгідей ел-ел, ру-рудың сөз таласы болады да, айналып келіп осыдан екі жыл бұрын өткен Біржан мен Сараның сөз ұтысына байланысты егерлеседі. Сонда Кәрібай ақын: Кереші бұл сөзіңе арғын, найман, Жеңілген ол Жанағың Нұрлыбайдан. Бас қосқан төрт үкірдай, елу болыс, Жеңілген Орынбайың Кеншібайдан. Алмаған сөзден жүлде арғын мүлде Бұл жерге ажал іздеп, келдің қайдан?! - дегенде, Әсет ақын: Арыстың жігін бөлген Сара бейбақ, Біржаннан олда көрген сөзден зардап. Не шабақ, не шортан боп ілінерсің, Жазылған сізден қашан біздің қармақ, - деген екен. «Біржан-Сара айтысы болмаса бұл не?» екі елден жиналған шырыштай төрт үкірдай, елу болыстың алдында олар айтыспаған Біржан мен Сараны өтірік айтыстырып отыр ма? Бұл бұлтартпас шындық Біржан мен Сараның айтысқанын ғана дәлелдеп қана қоймай, оның дәл 1895 жылы, Көктұма съезінде екі жыл бұрын болғандығын тарихи құжат ретінде дәлелдейді. Жоғарыдағыдай дәлелдерді алға тарта келіп, қорытындылар болсақ, «Біржан-Сара» айтысының болғандығына дәлел төмендегідей үш негіз бар: 1)Қазақстандағы кей басы-лымдарда «Біржан-Сара» айтысының төл иесі делініп жүрген Әріп Тәңірбергенов туралы «Қазақ со-вет энциклопедиясының» ІІ-том, 44-бетінде: «Әріп (Мұхамметғарып) Тәңірбергенов 1856 жылы Семей облысы, Жарма ауданында туылып, 1924 жылы қайтыс болған қазақ ақыны, Абай шәкірттерінің бірі... Семей қаласындағы миссионерлік орыс мектебін және мұсылман медресесін бітірді. Жасынан зерек, ұқыпты Әріп орыс тілімен бірге қытай, араб, парсы тілдерін де жақсы біліп шығады. Алғашында мұғалім болып, кейін Қытайдың Шәуешек қаласында орыс патшалығының консулдығында бірнеше жыл тілмәш болады. 1880- 1890 жылдарда Бішкек, Алматы қалаларында қызметте жүріп ақын Сарамен, Жамбылмен танысады» деп жазылады. Иә делік, сонда Әріп оқыған, көп тіл білетін білікті адам екен, Абайдың алдын көрген шәкірттерінің де бірі екен, мұғалім болған, тілмәш болған, үкіметтің заманында көп-көрім қолға ұстаған «зерек», «ұқыпты» азаматтардың бірі екен, сонда, осындай лауазымды, білікті кісі ұстазының (Абайдың) бір ауыз сынына бола он жылдан кейін «Біржан-Сара» айтысын шығарып, Абайдан өш ала ма? Ал, өш алсын-ақ делік, ар-ұжданын шүберекке түйіп отырып шығарған шығармасын 1898 жылы Жүсіпбекқожа «менікі» деп Қазан баспасынан бастырып шығарып жатқанда, замандас жасап жатқан Әріп не бітіріп отыр? Қолайлы қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүріп, көзінің тірісінде бұл шығармасын неге өзіне қаратып алмаған? 3)Айтыстың болғандығын дәлелдеуде де, айтыс болған емес деген күдіктің туылуында айтыстың өлең құрылысынан, мазмұнынан іздестіруге әбден болады. Бірінші, айтыстың тілі таза, шұрайлы. «Бөтен сөзбен бұзылған сөз арасы» жоқ. ХІХ ғасырда жазба ақындардан көп кездесетін араб, парсы тілін орынсыз саптау мүлде кездеспейді. Егер осы айтысты Әріп ақын шығарған десек, онда Әріптің біздің заманымызға жеткен өлеңдеріндегі шығыстық белгі – «Алтын иек сарыала қыз» болып, ауық-ауық алдымыздан кездесер еді. Біржан мен Сара нағыз сахаралық табиғаттағы қазақ тұрмысы мен қазақы эстетиканың ішінде өскен адамдар. Сондықтан, олардың барлық суреттеулері, тіл ұстартуы толық қазақы мәнерімен өрнектеліп жатады да, дала гүлінің табиғи исі аңқып тұрады. Бәріне қазақы тілдесіп, қазақы астармен ой қорытады. Екінші, айтыс жұп-жұмыр, табиғи ұстасып айтысқан бастау нүктесі, шырқау шегі және соңғы шешімделуі бар арқалы, арқаулы айтыс. Ал, осындағы 269 жол кіріспе, 32 жол түсіндірме және 26 жол соңғы сөз айтыстың кетеуін келтіріп, жасандылығын ұлғайтып, сенімін бұлдыратып тұрған түйіндер. Құрылысы жағындағы осы «жасанды» қоспалар «Біржан-Сара» айтысы болған емес немесе «бір ғана ақынның қолтабы сияқты» деген күдік-күмәндарды тудырған көрнеу факторлар есептелінеді. Бізше, мұны алғаш еске алушы (хатқа түсіруші) немесе баспаға жолдап, тұңғыш бастырушы қиссалық баяндау тәсіліне бағынды әдіске салып, өзі қолдан жасап қосып жіберген. Негізгі айтыста: Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері, Іздеген келіп тұрмын Біржан сері. Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар, Үйінде Тұрысбектің өлер жері, – деген Біржан диалогынан басталады да: Байқадым деп жүруші ем жершарысын, Сөйлеймін деп жүруші ем сөз сарасын. Екі елдің жақсылары сынап көрсін, Біржан мен Сараның сөз таласын,–деген Біржан қорытындысымен аяқталады. Десе де, осы аралықтағы Абайға соқтыққан шумақтарды әлгілердің алғаш хатқа түсіргендердің немесе тұңғыш баспаға жолдағандардың біреуі жанынан қосып жіберді дегенді теріске шығара алмаймыз. Өйткені, Жүсіпбек Қожа бастырған алғашқы қазақ нұсқасы 969 жол, ал, осыдан 88 жыл кейін «Шыңжан жастар-өрендер баспасында» басылып шыққан Мүсілімбек бастырған нұсқада 1468 жол болып, алдыңғы басылымнан 499 жол артық шыққан. Оның үстіне, бұл Мүсілімбек Сарқытбайұлы нұсқасында Абайға тіл тигізген залалды мазмұн жоқ, соның өзінде айтысқа қалам тигендей емес, топ-толық нұсқада. Осыған қарағанда, Абайға тіл тигізген әнеу мазмұндағы шумақтардың жол-жөнекей кіргізіліп, зорлықпен жанастырылып қойылғандығы менмұңдалайды. Үшінші, Біржан мен Сара айтысындағы тақырып тартысы ел мен ел, ру мен ру ерегесі болған. Айтыс тақырыбының осылай болуы айтып-айтпай сол заманға (айтыс болған дәуір шындығына) аса үйлеседі. Олай болуындағы себеп екеу: 1) Ол кездегі айтыс үшін ең зор әлеуметтік тақырып осы болып, әр ел, әр ру өз ақындары арқылы сөз жеңісін тауып, сол арқылы рухани арқаланып отырған. Бұл айтыс өнерінің дәуірлік тыныспен өркендеуіне де игі ықпалын тигізіп отырған. 2) Әуелден айтыстық, осы айтыс болғанда Біржан 61 жаста, Сара 17 жаста деп жас шамасы жағынан парықты ер мен әйел «ойында өрелік жоқ», «күш атасын танымайды» дегенімен қазақы дәстүр бойынша олардың арасында үлкен-кішілік, әрине, сақталады. Сондықтан, тек құрбы болмаған, олар өзге әзіл-қалжың қағытпа қалжыңға бара алмайды. Тек, елді, жерді, руды айтып сол тақырыпта ғана айтыс жүргізе алады. Айтыс осы қасиетімен әп-әдемі басталып, әп-әдемі аяқталған. Алайда, Абай туралы ащы қоспаны қосушы да айтыс табиғатындағы осы ерекшеліктері арғын-найман тартысына пайдаланып, сол мазмұндағы шумақтарды ептілікпен қосып жіберген. Қорытып айтқанда, «Біржан мен Сара» айтысы болған, болғанда да дәл 1895 жылы Жетісудың Ешкіөлмес деген жерінде жайлау үстінде болған. Онда Біржан сал 61 жаста, Сара қыз 17 жаста еді. Ал, айтысты хатқа түсіріп, ел арасына таратушылар мен кейінгі ел арасына жинап бастырушылар оған алғысөз, соңғы сөз және қыстырмаларды, түсініктемелерді қосып, оның әуелгі табиғатын сәл бұзған. Абайға қатысты мазмұны да дәл осы тәсілмен кірістірілген. Сондықтан, біз шындыққа әділ зерттеп-зерделенген көзбен қарап, оның артық-кем тұстарын түзетіп, түсініп, тарихи мұрамыздың рухани құнын төгіп шашпауымыз, тоздырмауымыз керек. Жоғарыдағы фактілер «Біржан-Сара» айтысының өмірде болғандығын ғана дәлелдеп қана қоймай, өнерде де орнының аса асқақ екендігін ұғындырады. Ендеше, тіккен туды жықпай, тұрғызған мұнараны құлатпай, «Біржан-Сара» секілді қазақтың ғажайып өнер биігін аласартпайық, ағайын!

Асан Әбеуұлы ҚХР, ШҰАР, Үрімжі қаласы Шынжаң халық баспасы Қазақ бөлімі редакциясы

1916 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз