• Тарих толқынында
  • 28 Қаңтар, 2019

ПУШКИНДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚАЗАҚТАР

Серікқали ХАСАН, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Ақынның Тасаралға келгендігі кеше ғана еді. Тасарал десе Тасарал еді ғой, бұл, өзі! Сол баяғы бастапқы өзінің табиғи қалпынан әлі де бір танбаған! Бұл дүниеде, сірә, әзірге осындағы Тасаралдың тыныштығына тең келер ештеңе де жоқ шығар-ау, тегі; сен тек бұнда жазу столына жайланып отырып ал да, ертеңді-кешке дейін бір тынбай, көсілтіп жаза бергін. Бұндағы жазғы жаймашуақ күндердің әрбір сәтіне дейін де тым ерекше ғой. Ызғары жоқ, ми қайнатардай ыстығы тағы еш сезілмейтін. Тек қана бір мүлгіген өлі тыныштық. Маңайдағы ағаштар мен олардың иір-иір бұтақтары, қалың өскен жапырақтардың арасынан әредік бір күннің көзі ғана сығалап, кешкілік қаншама шоқ жұлдыздардың әр тұстан бір жарқ-жұрқ етіп жымыңдасқандықтарына дейін де көңіліңе бір ерекше желік беріп, дәл сол сәттен бастап, сен де әлдебір сезім әуеніне ілесіп, өзіңнің жүрісіңді ептеп жайлатқандай болып, іргедегі ұзын орындықтардың бірінің шетіне, отыра қалып, ал, түнде ай жарығымен әлдебір жыр шумақтарын өзіңнің күнұзақ қолыңнан тастамай жүрген қойын дәптеріңе тездетіп түсіруге ғана асығатынсың. Тасарал бұған сонысымен де ыстық та, қымбат еді. Әдетте ертеңгілік осындағы саялы бақтың арасында таза ауа жұтып, біразырақ серуендеп, көңіл сергітіп қайтармын дегенмен, ал, бұның өзі кешегі күндердегі Михайловскідегі мазасыздығынан әлі де бір арыла алар емес. Бұндайда өзі де әрі-бері адымдап, әлдебір алып ағаштардың түбінде ұзақтау жүріңкіреп қалатын. Әлгі ағаштардың иір-иір бұтақтары мен алақандай-алақандай жапырақтарына дейін де үңіле қарайтын. Жоқ-ау, бәрінен бұрын, сен бұндағы бақтың өзіңнің көкірек сарайыңды керіп, мұрын жарғандай болған жұпар иісін айтсайшы! Жалпы бұның ұғымында, жоқ, бәлкім, кешегі осында келердің аз-ақ алдындағы алғашқы бір жоспарында бірден... иә-иә, бірден сол... сол әлгі өзінің көптен бергі көкейінде жүрген бір үлкен дүниесіне қызу түрде кірісіп кету ғана емес пе еді?! Алғашқы күн... хе-хе, сол ілкіде бұл осынау Тасаралдағы жәйлі бір қонысқа келе салып, осындағы өзі ұнатқан жазу бөлмесіне ұзақ кідіргенде, бұның сондағы ең алдымен қатты бір көңіл бөліп, тым ерекше ыждағаттағандығы да соның жәйті, тіпті, өзінің сондағы құс қанатты қарапайым ғана қаламы, сол бір киелі қаламының әдетте өзі кереметтей ұнататын ұштықтары мен ақ қағазда ылғи да әдемірек болып көрінетін сиясы, жо-жоқ, оның тек сондағы сол әлгі жақсы езілген көгілдір сиясы ғана емес, әрдайым осылайша бірден өзінің көзі түскенде, көңілдегі небір көрікті ойларын әрі қарай толғата түсіп, биіктете беретіндей бір әдемі бейнелі сия сауытын да орнықты бір орнына қойып үлгеру болатын. Аһ, Наталья, Наталья! Рахмет саған, Наталья! Тап осы жолы да бұндағы менің жанымда сен болмағанда ғой, Наталья!.. Ал, қазір... дәл осы бір күндерде... ақын көңілі тіптен-ақ қатты толқулы еді. Ақын көңілі бұндайда қайтадан сонау бір қиырдағы өзінің Михайловскісі мен Болдиносына, не әлдебір қиырдағы Қырым мен Қап тауының етегіне қарай қияндап кеткендей де әсерге бөленгендігіне не жорық?! Хе-хе, бұның бәрі де бұның бұрынғы өз шығармашылық жорықтарындағы осыншама жосылтып өткен жолдары ғана еді ғой, ал, мына Бөкейлік, соның қайта-қайта өзінің есіне түсе беретіндігі ше?! Хе-хе, бұл өзі ана жылы бір қиырдағы ару Жайықтың жағалауына дейін барып, сондағы сәл ғана аяқ суытқандығы болмаса, әрі қарай тағы тереңдетіп сапарлай алмай, іштей бір өкінішпен де оралмады ма?! Неге екендігі қайдан, әйтеуір, осы бір күндерде бұған сол әлгі өзі әліге дейін бір көрмесе де, осы кезге дейінгі өзінің барлық естігендері мен оқығандарына қарағанда, Еділ мен Жайықтың аралығындағы сол өңір бір табиғаты тамылжыған, тыныштығы ұйыған сонау бір Қырымдағы Бақшасарай сынды болып та кеткендігін қайтерсің?! Эһ, Даль, Даль мырза!.. Тағы қалай еді, Иван Владимирович?! Пушкиннің Петербургтің солтүстігіндегі тыныштығы ұйыған атақты Тасаралға келгендігіне бүгін осымен арада бесінші тәуліктен де асып бара жатқан. Көңілі бірден қатты алып ұшпай, өзін кәдімгідей бір байсалды қалпында ғана ұстауға тырысып-ақ бақты. Өзінің бұл жолғы алдына қойған мақсаты тіптен-ақ көп еді. Осынау күнге, осынау қаншама уақыттан бергі көздің жауы болған жасыл желекті аралға тездетіп жетсем-ау деп армандағалы бері қашан?! Ақыры жетті-ау!.. Пушкин бұнда келгелі бері өзін тым ерекше жағдайда сезіне берді. Ақын әдетте өзінің шығармашылық шырқау кезеңдерінде арман құсын тым биікке қарай самғатып, кей жылдары тағдырдың жазуымен алып елдің әр қиырдағы аймақтарында болып, өзіндік бір жыр жауһарларын ендігі жерде сондағы сан құлпырған әсем табиғаттың, сондағы әлеуметтің әрқилы баяу-бедер, қан тамырларымен астастырып, тағысын-тағы көркемдік әдістерге салып, ерекше ажарлай да түсетін. Бұндайда бұл шаршау, жалығу дегенді бір білмейтін. Соның бәрі, түптеп келгенде, тағы еш сәтсіз болмаған. Қайта өзінің шығармашылық қоржынын қалыңдатып, атағын одан әрі биіктеген үстіне биіктете түскен-ді. Қазір де бұл өз өміріндегі талайғы белесті кезеңдер мен небір бедерлі тұстардың іштерінде «әттең, сол өзі мағынасыздау өтті-ау», не «қайран босқа кеткен күндерім-ай» деп, қаралай өзінің мұңын шағып, қайғының қара бұлтын еш торлата алмас еді. Қай кезде де өзінің өмірдегі шуақты кезеңдері тым көп болыпты. Төбесінен күн сүйіп, мерейін шалқытқан сондайылықты көңілге ыстық, жүрегіне жақын тартқан шақтардың бірі де бірегейі дәл осы бір қасиетіңнен айналайын Тасаралмен тонның ішкі бауындай-ақ тығыз байланысты емес пе?! Бұның өзінің қаншама уақыттан бергі бір үлкен сағынышы болған Тасаралда осылайша жайланып жатып, осынау сиқырлы аралдың сәруардай салқын ауасын сіміре жұтып, кәдімгідей бір рахаттанып демалған, не Тасаралдағы тағысын-тағы шығармашылық олжаға толы болған небір қызықты да, көңілді көп күндері әлі күнге дейін көңілінде сайрап тұрғандығын қайтерсің?! Жалпы Александр Сергеевич шығармашылықта тап онша көп жер талғамайтын. Ақынның ондайға тіптен шамасы да келмейтін. Бұның әдетте өзінің кеудесін биік, әрі тым шалқақ ұстап, аяқтарын алшаң-алшаң басып келе жатқандығына қарап, өзгелері сыртынан тон пішіп, бұны тым талғампаз, өркөкірек, қапелімде ештеңеге көзі түспейтін бір маңғаз жан екен деп те ойлайтын шығар-ау, тегі?! Баспаларға, редакцияларға, ақындардың ортасына барғанда, не кейде әлдебір жыр кештеріне келе жатқанда, өзгелердің сонадайдан бұның өзін бір көріп қалып, дәл сондай бір асығыс тұжырым жасайтындықтарын ақынның өзі де көптен бері анық сезетін. Бұның тағы бір білетіні, өзгелері сол жүргенде, бұның өзінің қай жерде, қандай ортада, қандай көңіл күйде, не қандай жағдайда жыр жазуға отыратындығын анық білмесе де, соның бәрін қаралай тағы аңыз қылып, өзін сыртынан әрдайым жұмақтың сонау төріне дейін шығарып, не дәл сондай қалпында болғандығын көруге де асығатындықтары еді. Ал, шындап келгенде, жастай атағы аспандап, ұлылықтың биігіне қарай тым ерте көтерілген ақын қай кезде әдеттегідей жыр толғатып, оларды кейін кезегімен шыр еткізіп, өмірге әкелу қажет болса, дәл сол жерде, - мейлі, ол таулы-қырлы өңір, не өзен, көл, әлдебір теңіз жағалауы, жоқ, әлде кезекті бір серуен-саят, саяхаттың кезі болса да, бәрібір, - сондағы өз жүрегін жарып шыққан әлдебір ой мен сезім, телегей теңіз толғаныстарын дәл сол сәтінде-ақ өзінің қойын дәптеріне дәл бір өзі қалағандай-ақ етіп төгілдіртіп түсіре алатын: кейде, тіпті, сонысын «тәмам енді пісіп-жетілмей, қағаз бетіне түсіру қажет пе, әлде жоқ па» деп, аяқ астынан тағы ағыл-тегіл ойланып отырып, кенет өзінің қолындағы ақ қағазына әлдебір дүниелерді, иә-иә, дәл сондағы әлдебір өрнекті сөз, образды сөйлем, жыр тармақтары мен сюжет желісін өзінше өрнектей отырып, содан былай, бәз-баяғысынша таңды таңға дейін ұзатып, тағы талай күндер бойына ақ қағаздан көз алмай, ең соңғы бір нүктесіне жеткенге дейін бір тыным таппаған кездері тағы жететін. Сондағы жәй ғана бір шумақ өз шығармашылығының қалауын тауып, құйыла салған өзгеше бір сыр-сымбат, жыр-мүсініне айналып, не кезекті бір лирикалық жыр-бастауларының алдағы бір үлкен поэтикалық туындыларына ұласқандығына кейде бұның өзі де қаралай қайран қалатын. Жырлары өздерінің ағысы мен арынына байланысты, ұдайы бұлақтай-ақ болып арқырап ағып жататын! Бұл сонда соларының бәрін мұқият жинастырып, кейін арнайы бір кітап етіп шығарту дегенді де білмейтін! Эһ, соның бәрін жасап, бұның атағын осыншама аспандатып жүрген қайран асыл достары-ай десейші! Ақын өмір бойына осылайша ғұмыр кешті. Ол өмір бойына тағдырдың тәлкегімен бір жерден бір жерге көшіп-қонып жүрсе де, өзгелері әдетте Неваның жағалауындағы әлдебір кең сарайдай боз үйде, не сонау Қырымның жасыл желекті жағалауындағы өздерінің көңілдері қалаған әлдебір тыныш жерде отырып, соншама ұзақ ойланып-толғанып, осыншама төпелетіп жазғандарымен, тап бір өмірдегі ұлы ақынның дәл өзі жазғандай-ақ, соңыра өз туған халқының рухани өмірінде мәңгіге жатталып қалатындай етіп өмірге әкеле алмаған жыр-жауһарларды ғана туындатумен болыпты ғой. Уақыт та тез өтіп жатты. Ақын әбден өзінің кемеліне келген шақта өзінің алдағы әрбір минуты мен секундына дейін бір асыл қазынаға айнала бастады. Тек бұл соны ендігі жерде өз қалауынша дұрыс пайдаланып, өзінің шығармашылықтағы бір үлкен игілігіне айналдырып, алда әлі талайғы шығар биіктеріне қарай өрлей алса ғана жақсы! Ақын өзінің қайсыбір жылдары әлдебір қасқағым сәтте-ақ өмірге келген түйдек-түйдек лирикалық жырларының бертінде қалайша өзінің атағын соншама аспандатып, ізінше келесі бір шығармашылық шыңдарды бағындыру жолындағы сенімді бір баспалдақтарға айнала қалғандығын да жақсы білетін. Сол күндерді сағынып, сол күндердің заңды бір жалғасына тағы бір қолайлы мүмкіндіктер де жасағысы келетін-ді. Былайғы жұрт бұның бұл тілегін қайдан дұрыс түсіне қойсын! Ақын соның бәрін мүмкіндігінше тезірек, әрі дәл өзінің ойындағыдай-ақ етіп жүзеге асырғысы-ақ келер еді. Кешегі күндері бұның Тасаралға осыншама асығып жеткендігі де сондықтан еді ғой. Көпке дейін өзінің ентігін баса алмайғандай болмады ма, бұл сонда?! Солай еді ғой, дегенмен, Пушкин алғаш Тасаралдың осынау қасиет қонған жеріне өзінің табаны тиген, жоқ, тіпті, оған дейін өзінің сәл жақындап қалған, не ілкіде дәл осылай қарай бағыт алған сәттерінде-ақ өзінің жүрегінде бір ерекше толғаныс-бұлқыныстар пайда бола қалғандығын да анық сезінген. Тасарал бұның көптен бері өзінің көкейінде жүргенмен, бірақ, ат басын бірден осы жаққа қарай бұрудың бір сәті келмей, үнемі алдынан бір шұғыл шаруалардың кесе-көлденең тұра бергендігі тағы рас. Қаламы үнемі қылпылдап, жазуы осыншама тез жүріп, атағы әлі де дүркірей естіліп тұрған ақынның бұл өмірде қолы сәл бостау болған, не өзінің діттеген жеріне дәл сол сәтінде-ақ бара қалған кездері тым сирек еді. Бақса, соның бәрі де бұның жүрегін бұлқынтып, жанын ерекше жадыратқан шығармашылығымен ғана өте тығыз байланысты болыпты ғой! Араға үзіліс салмай, үнемі тек отты жырлар жазумен ғана болған соң, ғұмыр шіркін де кейде әлдебір ақ қағаз, қалам ұшының сықыры, жалынды жыр жолдары, жырдың осыншама селдетіп аққан бұлақтары мен оның әлдебір арыны күшті тасқындары, не жаңа бір тегеурінді толғаныс пен буырқанысқа айналып, содан кейінгі сәл өзіңнің сабаңа түсіп, ентігіңді басумен ғана өтіп жатады екен-ау! Соны ойласа, сондағы бұның көзді ашып-жұмғандығының арасындағы өзінің айналасына бір сәт назар салып үлгергендігі, сондағы бар көрген-білген, көңілге түйгендерінің өзі де іле-шала жаңа бір жыр шумақтары болып қайтадан тасқындай бастайтындығын қайтерсің?! Оның үстіне, бүгінде бүтіндей Петербургтің бар назары тек бір ұлы Пушкинде ғана еді. Ақынның өмірдегі әрбір іс-әрекет, әрбір қам-қарекеттері мен шығармашылықтағы әрбір қадамдарына дейін соншама ықыластана құлақ түріп отырғандар барша империялық мемлекеттің әр аймақтарында да жетерлік-ақ қой. Кеше ғана жарқ етіп, жұрт сүйсініп оқитын газет-журналдарға шығып, артынша жекелеген жыр жинақтарына айналып, жер-жердегі кітапханалар мен жекелеген адамдардың үйлеріндегі кітап сөрелеріне қойылғандығы былай тұрсын, жырсүйер қауымның әр таңда да бұдан бір ерекше жаңалық күтіп, жаңа бір дүниелерін көруге аңсарлана беретіндігіне тағы не дерсің?! Әне, бұндайда елдің бәрі қолайы келген жердің бәрінде де, «Пушкин бүгінде еркіндікте ғой! Еркіндікті аңсаған алып қыранның томағасы сыпырылғанда, оның бірден көзі шалмайтыны, қақшытып алмайтыны бар ма еді, тәйірі?! Салса баптап, алып қыран бұл өмірде не алмайды?!», - не: «Пушкин алда әлі бір үлкен жаңалық жасамақ! Көріңдер де, тұрыңдар, ұлы ақын соңыра тағы бір мәрте жасындай-ақ болып жарқылдаса, дәп бір алып найзағайдың өзі сынды жарқ-жұрқ етіп, өзінің жолындағының бәрін бірден жарып өтіп, тұп-тура шың басындағы өз биігінен-ақ бір көрінбек!» - дейтіндері тағы жетіп жатыр! Әсіресе, осы бір күндердегі Пушкиннің жанына ерекше жақын, өзі де атақты ақын Жуковскийдің мерейі тіптен-ақ үстем еді. Ол өзінің жастай бауырға тартып, жыр әлеміне баулыған шәкіртінің шығармашылықта әлі талай алып шыңдарды бағындырып, керек десең, соңыра өз тәлімгер-ұстазының маңдайын да өзімен бірге жарқырата түсеріне нық сенімді еді. Бұлардың көптен бергі бұл тарығып күткендері соңыра оның кірпіштей бір қалың «Петрдың тарихы» атты танымдық-тағлымдық кітабы болып шыға ма, жоқ, әлде өзінің жекелеген өлеңдері мен тұтастай бір кітапты қамтитын көлемді бір лирикалық поэмасы бола ма, мейлі, қалай болғанда да, ендігі жерде ұлы ақынның қадамынан ешқандай да бір осал дүниелердің шықпасы анық қой! Иә, бұл өмірдегі еркіндік деген де өзінің өң-түсі бөлек, бір ғажайып сиқырдың нағыз өзі секілді емес пе?! Сен соңыра кәдімгідей бір ептілік танытып, оның әлгі күдірейген жалынан «әп» деп, тездетіп мұқият ұстап үлгермесең, ол саған соңыра тек бір өзінің бұлғаңдаған құйрығын ғана көрсетер еді. Бұл әзірше ақынның өз ойындағы бір шағын пайымдары ғана болатын. Жоқ-ау, осындай бір ой Александр Сергеевичке анада өзінің көптен бергі ойға алып, әлі де іштей ширатумен ғана келе жатқан «Алтын балық туралы аңыз» атты ертегісін жазудың кезінде де келген еді ғой. Осы бір күндерде, дәл осы Тасаралда, рас, Александр Сергеевич бейнебір өзінің арыны тасқындаған ұлы дарияға ұқсап, кәдімгідей бір буырқанып, толассыз көп жазды. Демалу дегенді де білмеді. Иірім-ырғақтары бөлек «Итальяндықтарша болмыс», «Жарасымды билік», «Пиндемонти», тағы басқа да арындаған жыр шумақтары бірінен соң бірі өмірге келіп жатты. Жоқ, бұның сондағы бұлары тек бір жекелеген өлеңдер ғана емес, бір-бірімен ілік-шатыс болып жалғасып жатқан сериялы дүниелері де еді ғой. Оған бұның өзінің іштей «тасаралдық циклдар» деп ат қойғандығы тағы бар. Сөйтіп жүріп, өзінің бұл бағыттағы дүниелерінің арасына ешқандай саңылау түсірмей, өзінің көңіліндегі тағы талайғы тың дүниелерін де тез арада-ақ ақ қағазға осыншама төгілдірте жазып шықты. Александр Сергеевич өзінің аталмыш циклды өлеңдерін осылайша толассыз өмірге әкелгеннен кейін де, еш тоқтай алмады. Жоқ, дұрысы енді бұл сәл орын өзгертіп, көптен бергі өзінің көкейінде жүрген тағы басқа да кесекті дүниелерін тасқындатып, соларын, тіпті, соңыра тағы да тездетіп жазып тастағысы-ақ келді. Бұлары да еш осал дүниелер емес, керек десең, бұл да өзінше бір кесекті көркем роман болатын. Жо-жоқ, бұл жердегі көркем роман деген де тек оның жанрының аты ғана ғой, әйтпесе, Пушкин бұнда да өзін кешегі күндердегі «Пугачев бүлігінің шежіресі» мен «Капитан қызын» жазудың кезіндегідей іштей қатты толғандырып, ал, бертінде өзінің айықпас бір сырқатына айналған орам-орам ойларын нағыз бір бүгінгі орыс өмірі, орыс қоғамы ауқымында ала отырып, өзін тіптен-ақ тереңнен де қазып жазғысы келді! Солай, әлі де өзінің сондағы сол байламынан бір танған емес! Бұл кезде бұның бұл романының жоспар-жобасына дейін де даяр тұрған еді. Енді бір қарғыса, бұл сабазың соңыра көп ұзатпай, оған да бір жетіп тынбай ма?! Бұл өмірде қапелімде ештеңеге таң қалмайтын, не ештеңеден именбейтін, тіпті, алтын тақта отырған ақ патшаның өзіне де қасқая қарсы тұрып, өзінің бар айтар сөздерін барынша батыл-батыл айтып, ақырын кейін қарай шығып кете беретін ұлы Пушкиннің өз ғұмырында және шығармашылықтағы ең бір шабытты, шалқарлы, әрі ең бір кемелді шақтарының өзінде де осылайша сарыла ой толғап, сарғая жаздаған сәттері тіптен-ақ аз болмаған! Соның бәрі де ақын жырларының әуен-ырғағы, шырқау биігі мен белесті шақтарындағы жан-жүрегінің жаңғырығы, өмір нәрі, сұлулық пен сымбаттың сырға толы өрнектері ғана болып қалды емес пе?! Жылдар жылжып, тағы да тоқсаусыз өтіп жатты. Уақыт шіркін әр кезеңде ақын жүрегінде соншалақты бояу-бедері мол өзіндік іздерін қалдырып, кейде кәдімгідей тулап толқып, алға қарай озған сайын, Пушкин ендігі жерде өз өмірі, өз шығармашылығының күнгейі мен көлеңкелі шақтарына да мықтап есеп бере бастаған. Жоқ, бұл сондайда тек бір өзі үшін ғана емес, өзінің жан-дүниесін осыншама толқытып, мың, миллиондаған жырсүйер қауым үшін де ғұмыр кешіп жүргендігін қайтара бір есіне алғанда, кейде өзінің аядай ғана жұмыс кабинетінің ішінен шықпай, алдындағы ақ қағазға соншама шұқшиып, үңіле бергісі-ақ келетін. Тек бұның кейде осындайда бір оңашалықты аңсап, «алда Михайловскіге, әлде Болдиноға барсам ба екен?!» деп, оқыс ойланып қалатындығы тағы бар еді. Хе-хе, баяғыдағы Кап тауы, ертегідей болып құлпырған Михайловск, Болдино, одан кейінгі Кишинев сапары!.. Сондағы әрі-бері тағы тым ұзаққа созылған жүріс. Одан Санкт-Петербургке тездетіп қайта оралу!.. Бірақ, кейде дәл осылайша мүлдем ойламаған жерден туындай қалатын бұл қиындық, бұндай екіұдай ойларының түйіні де дәл сол тұста тез-ақ өзінің оңымен шешіле қалатын. Иә, сондағы сол кезге дейінгі өзінің қаншама шабыт құшағында жүріп жазып, бертінде баспадан бастыртып шығарған том-том кітаптары уақтылы өтпей, жер-жердегі дүкен сөрелерінде ұзақ уақыт бойына жатыңқырап, әрі, бір жағынан, сол бір күндерде «біздің бұл Пушкиніміз ақын ретінде бүгінде әбден-ақ сарқылып бітті» деп, өзінің қайсыбір сыншылары сыртынан тағы үсті-үстіне төпелетіп, қоярда-қоймай жазып жатқан соң, бұның бірде Болдинода, бірде Михайловскіде ұзақ жатып, жер-жердегі жаңа, шуақты, адам жанын аңсарлы ойларға ғана жетелейтін жырларды күткен оқырмандарының сұраныстарына ие, әрі мүмкіндігіне қарай тез арада-ақ сатылып кететіндей жаңа бір дүниелерін жазуға да қызу кірісіп кететін. Кейде өзінің сол әлгі тым ұзаққа созылған жазуларын сәтімен аяқтаған соң, біразырақ бой жазбақ болып, іргедегі саялы бақтың ішінде әрі-бері серуендеп қайтпақ болып асығыс киіне бастайтын. Әсіресе, өзінің әлгінде ғана жақсы бір дүниелер туып, әлгіндей ұзақ шабыстан олжалы оралғандығын іштей қатты сезінген уақыттағы толғанысы тіптен де ерекше еді-ау. Ақын кейде жазуды қойып, кешкілік Неваны жағалап, далада ұзақ жүріңкіреп қалатын. Осылайша уақыт ұтқызғандығына қуанып, өзін-өзі алдандыратын да кездері көп. Ақын бұндайда түнімен кітап қарап, ара-арасында қиялға құлаш ұрып, өзінің жыр теңізіне қарай қайтара бір бағыт алғандай да болатын. Дәл осындай жағдай Михайловскі мен Болдинода да сан рет қайталанды. Ал, бірде дәл сол Болдинода... Бұл өзі күз кезі болатын. Ақынның шығармашылықтағы небір соны соқпақтармен жүріп отырып, арғы-бергідегі ел тарихының ең бір елеулі деген тұстарына көбірек назары ауып жүрген кездерінің бірі еді. Өзінің сондағы бір күні бір күнге еш ұқсамайтын. Александр Сергеевич сол кезде патшалық елдегі әйгілі Пугачев бүлігінің тарихи шежіресін әріден қозғап, әбден-ақ өзінің ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, алда бір іргелі еңбек жазбақ болып жүріп, бірде өзінің түу алыстағы Ақ Жайықтың жағалауына дейін қалайша барып қалғандығын да аңғармай қалған еді!.. Бұл бағытта бұған кешегі күндері жер-жердегі мұрағат қоймаларында сақталған қатпары қалың талайғы тарихи құжаттардың да көп көмегі тиді, әсіресе, сондағы Пугачев бүлігіне қатысты дүниелердің молдығы кейде сенің өзіңнің қаралай көңіліңді де тойғызғандай болатын! Бұл тарих парағындағы 1833 жыл еді, бұл кез Жайық өңіріндегі қоңыр күздің енді ғана бастау алған шағы болатын. Сондағы қара жерге қарша борап жатқан қаудыраған сарғыш түсті жапырақтардан қапелімде көз тұнғандай еді. Соларға қарап отырып, осындайда ақын жүрегі қайта-қайта бұлқынып, әлдебір жыр шумақтарының тиегін де ағыта жаздайтын... Өзінің тарихтағы атағы дардай осы бір бүлікшіл көсемнің кешегі жорық күндеріндегі шежіресін мұқият жинақтап, алда өзгеше бір кітап жазатындығын да ұмытқандай ма, қалай?! Содан былай, шыны керек, ақын, тіптен-ақ, қанаттанып, өзгеше бір әлемнің құшағына еніп кете барды. Бұрын өзінің үздіксіз ізденіп жүріп оқыған дүниелері мен әредік бір қиял әлемінде «осылай болар-ау» деп, сан мәрте өзінің көз алдына дейін елестеткендей болғанмен, Пушкин Орал қаласын дәл сол кезге дейін өмірде әлі бір рет те көріп үлгермеген еді. Білетіндер сан құбылтып: «Ой, Александр Сергеевич, ол дегеніңіз бір жатқан көне қала ғой. Онда әдетте өздерінің иықтарына қару асынған жез мұртты казактардан басқа жан баласын да таппайсыз. Ал, қаланың арғы жағы тек бір қу-медиен дала ғана», - дегенге дейін де айтатын. Ал, ендігі біреулерінің пікірлері алғашқысына қарағанда, мүлдем кереғар еді. Бұл кезде өңірде күн суық, дала тым ызғарлы да болатын. Кешегі өздері Орынбордан шыққалы бері, жағалай Жайықтың бойындағы бірқатар хуторлар мен станицаларда түстеніп, ал, солардың кейбіріне қона жатып, ақынның сондағы жергілікті казактардан алдағы өзі табан тірейтін Оралға қатысты кешегі Орынборда болғандағы естігендерінен де қызықты әңгімелердің талайын тағы құлағы шалған. «Орал біздің губерниямыздың бір айбары ғой. Одан әрі сіз тағысын-тағы сонау атақты Каспий теңізіне дейін барып, бір маңдай тірейсіз! Оралдықтар, бір жағынан, Жайықтың қос қапталындағы далалықтармен әліге дейін де жиі қарым-қатынас жасап тұрады» дейді бұндайда сондағы жергілікті тұрғындар жапатармағай үн қатып. Ал, бұл кездегі бұның бар ойы содан көп жылдар бұрынғы бүлікшілердің дәл осынау өзі жүріп келе жатқан жолды-жолсыз жерлермен өзінің жолындағының бәр-бәрін жайпап өтіп, қашан әлгі Оралға келіп жеткенге дейін асығып, ал, сондағы бүліктің басшысы Пугачевтің соңыра Оралға барған соң, сол жағынан ондағыларға өзін бірінші рет «мен орыс патшасымын» деп жариялағандағы толқулы шақтардың сырына әбден-ақ қаныға түсу еді ғой. «Сол кездің куәгерлері онда әлі де бар ма екен?! Сондағы арыны қатты бүлік басшысы тоқтаған, соның көңілі қалаған үй, шаңырақ иелері ше?!» Ал, енді атақты қалаға біршама жақындаған сайын: «Оқиғаның ең бір шиыршық атқан шағы мен ең соңғы бір нүктесі қойылған жер де дәл осы бір тарихи Орал қаласы еді ғой! Эһ, Орал, Орал!» - дей берді ақынның сондағы аптыққан көңілі өзіне еш тыныштық бермей. Жол ұзақ еді. Бұның да сондағы сол ұзақты жолдағы ішкі толғанысы бір сейілмей-ақ қойды емес пе?! Өзінің көңілдегі сауалдары тіптен-ақ көп еді. Оралдықтардың тарихтағы Пугачев бүлігіне деген өзіндік көзқарастары қандай?! Олар соңыра бұның сол оқиғаның шежіресін тереңнен қазып, өз алдына бір кітап етіп жазбақ болғандығына әлі не дейді?! Жоқ, бәрінен, бұрын, олар соңыра бұны қалайша қарсылар екен?! Әңгімелері бірден жарасып, оралдықтар бұған сондағы өз көкейлеріндегі сырларын толық ашып айта қойса жақсы?! Осылайша өзі тым қатты толғанды. Бірақ, қашан тау жоталарының арасына сұғына енген Оралға келіп жеткенше, ақын өзінің кешегі ұзақты жолдағы әбден шаршағындығы мен азапты ойларының бәрін де ұмытты. Бұл кезде күн ашық, ал, қала халқының тұрмыстары жәйлі, көңілдері тым көтеріңкі еді.

(Жалғасы бар)

531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз