• Тарих толқынында
  • 28 Қаңтар, 2019

КӨШПЕЛІЛЕР КӨКЖИЕГІ

(қазақ- француз мәдени байланыстарының қайнары)

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, ақын, Қазақстан Жазушылар, Журналистер мен Кинематографистер одақтары сыйлығының иегері

Жан-жағын жалмауыздай жалмап, жайпап келе жатқан жаһандану дәуірінде ұлы үдерістен ешкім де (Шығысың, яки Батысың болсын) қалыс қалмайтындай. Түбі тұңғиық иірім үйіріп барады. Қанша құпия болғанмен астыңғы су ағыстары бәрібір ертелі-кеш ашылады, жұмыр басты адам баласы аман-есен болып тұрса жұмбақ шешіледі. Күштінің дүмі диірмен тартатынын көрсеткендей, санау мұхиттың аржағындағы «демократияшыл» АҚШ Қиыр Шығыстағы Иракты қиратып, құрдымға жіберді. Ливияның түбіне су құйды. Алып қағанат КСРО тұяқ серпе алмай, жаназасы шығарылды. Құйты құйындай ұйытқып Африка көктемі өтті. Бұрынғы бауырлас деп келген республикалардың базбірін қызыл-күлгін-сары төңкерістер жалыны шарпыды.

Осындай аса күрделі жағдайда Қазақстанның бай тарихы ойға оралады. Біздің теріскей көршіміз құдайдың ен-тегін орман-тоғай, жер-су аттарын орыс орманы, орыс қысы, орыс арағы, орыс аязы деп меншіктеп жатқанда ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрадай атқа міну мәдениеті мен жабайы жыл-қыны алғаш қолға үйретіп, адамзат игілігіне айналдырып, аң айшықтарын («звериный стиль») тұтыну бұйымдарына ал-тын, күміс әшекейлермен шекіп, оюлар мен жазуын тасқа қашады, алма мен қызғалдақтың отаны мәңгілік ел болуға ұмтылған Қазақия десек несі әбес? Оның үстіне бұларды дүниежүзінің белгілі-белгілі оқымыстылары дәлелдеп, мойындатып отырса, қандай дау-дамай тууы мүмкін. Басқа елдер (әсіресе, еуроқұлдықшылар) түсі-ністікпен қарап, жатырқамайтын шығар бұны. Өркениет ортақ. Сырт көз сыншы десек те, ұлы даланы кім қалай көрді? Оның досы көп, бірақ, қас дұшпаны да жетіп артылады. Бұл өзі қызық тақырып, Әлімсақтан бастасақ алдымен ауызға Геродот (бергі дәуірге дейінгі 425 жылдар) түседі. Ол көп ұрпақтарды тамсандырған өз еңбегінің «Клио» тарауында бізге байланысты ежелгі тарихты былай тәпсірлеп суыртпақтайды: «Массагеттердің патшайымы марқұм патшаның жұбайы еді. Оның есімі Томирис (Тұмаарыс). Кир (Күріш) оны бейнебір әйелдікке алатындай құдалықты сылтауратып елшілер жіберіп сөз салды. Алайда Томирис оның арам пиғылын түсініп, одан бас тартты. Қулықпен мақсатқа жетпейтінін біліп, массагеттерге ашықтан ашық соғыс ашты. Патша Аракс (Араағыс - А.Н.) өзенінен әскерін өткізу үшін кемелерден көшпелі көпір салып, оларға мұнара тұрғызуды бұйырды». Дерегі жалаң емес сенімді болу үшін тарих атасы патшайым Томиристің де хатын келтіреді: «Қанқұйлы Кир! Өз ерлігіңе шікірейме. Ішіп алғанда сендер, парсылар, жүзімнің суынан бастарың айналып, естен айырылып, ауызға не келсе, соны оттайтындай, менің ұлымды алдарқатып, таза ұрыста қару күшімен емес, зұлымдықпен қолға түсірдің. Енді менің ақылымды тыңда: массагеттер әскерінің үштен бірін көтензорлықпен құртқаныңды малданып, баламды қайтар да есен-сауыңда біздің жерімізден тайып тұр. Егер оны істемесең, массагеттердің иесі Күн құдайы атынан ант етейін, қанша қомағай болсаң да қанға тұншықтырамын» (Геродот «Тарих», «Аст» Мәскеу, 2007ж. 93 б.). Содан бері қанша заман өтсе де халық жанының сұлулығы мен қаһармандығы аз өзгергендей. Көшпелілер көкжиегі кеңейді, парасат пайымы артты. Дала өркениетінің мұрагері көшпелілер көші түзелді. Бұл оқиғалардан көп кейін 1334 жылы мамыр айының басында Бестауда (қазіргі Пятигорск маңы) ордасы тігілген Өзбек хан еліне жеткенше көңіліне түйіп, өз көзімен көргендерін баяндайтын араб жиһанкезі Ибн Баттута: «Шығыстан қаусаған қағанатты Осман түріктері тықсырды. Византия барған сайын Анатолыдағы жерінен айырылып, былғары терідей жиырылып қаңси бастады» десе, орданың сән-салтанатын басқаша сүйіспеншілікпен сипаттайды: «Орасан шатыр (киіз үй) ортасында алтынмен апталып, асыл тастармен безендіріліп, жарқырап көз жауын алатын хан тағы тұрды. Аяқтары да нақыра күмістен жасалыпты. Өзбек хан ортасында, оңында бәйбішесі Тәттигли (Тәттігүл шығар) мен Кебек қатын, солында - Баялун мен Араши (Арша) отырды. Тақ алдында Өзбек ханның балалары тұрды: оң қол жағында сүйіктісі әрі мұрагері Тыныбек, ортада қызы –Иткүшік, солында – шайқы ибн Абд әл Хамидтің шәкірті – Жәнібек». Көшпелілер өмірі ғасырлар бойы үзік-үзік болса да жалғасып, әр қырынан қарастырылып, бұлтартпай Еуропа құлдықшыларының (еуропоцентристер) жүрегі жарылып кетердей қатталыпты. Уақыт желі сонша астаң-кестең еткенмен рулар, тайпалар мен ұлттар, құрылықтар мен елдер, гүлзарлар мен қалалар, патшалықтар мен қағанаттар, тілдер мен халықтар мезгіл шаңының астында көміліпті. Адамзат асыл ойының қайнарындай қос асқар шың арасындағы рухани көпірді шайқалта алған жоқ. Ертеден кеңістікте кіндік кесіп, тел өскен егіздей екеуі: Шығыс пен Батыс бір-біріне қарап бой түзеп есейді, биіктеді, болашаққа жол тартты. Бұл жаһандық құбылыстан сары құрылық Азияның бір бүйрегінде бүлкілдеп жатқан қазақ даласы да сырт қалған жоқ. Алдыңғы ғасырда батыс отарлау саясатының қылышынан қан тамып тұрған кезінде де бұл сайын сахараның ер көңіл халқының жүрек кілтін ашуға сұқтанғандар аз болмағаны аян. Басқа басқа, ал, ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде (бұрынғы 1771 жылы басылған капитан Рычковтың «Қырғыз-қайсақ даласына саяхатын» қоспағанда) кемсітіп қырғыз, қырғыз-қайсақ, қырғыз-қазақ, тіпті қалмақ деп шатастырып, егескенге есе бермеген еркін сүйгіш ел туралы көптеген қызықты деректер мен мағлұматтарға толы саяхатнамалар туып, бірнеше көркем шығармалар жазылды. Бұлардың өзі сол кездегі тарихи жағдай, әлеуметтік-қоғамдық қарым-қатынастарды толық түсінуге септігін тигізеді. Топтап-топтап қарастырғанда 1815 жылы Санкт-Петербургта грузин шонжары Рафаил Данибековтың Үндістан сапарынан туған жазбалары жарыққа шықты. Онда Кашмир-Қашқар-Семейге дейінгі байқап түйіп, бастан кешкен оқиғалар баяндалады. 1823 жылы Берлинде неміс тілінде жаратылыстанушы Э.А.Эверсманның «Орынбордан Бұқараға саяхат» атты кітабы жарияланды. Орыс жағрапия қоғамын құрушылардың бірі А.И.Левшиннің (А.С.Пушкиннің досы) «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының суреттері» 1832 жылы орыс тілінде, ал, содан сегіз жыл өткенде французша басылды. Ал, 1784 жылы Ригада неміс тілінде шыққан «1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы» деген ағылшын суретшісі Джон Кэстлінің күнделігі түздіктер тыныс-тіршілігінен аздап хабардар етеді. Олардың қай-қайсысынан болса да кейбір кемшіліктеріне қарамастан, халқымыздың өткені мен келешекке талпынысы хақында толып жатқан мәліметтер алуға болады. Бірақ, солардың ішінде Е.К.Мейендорфтың «Орынбордан Бұқараға дейін саяхат» атты жолжазбалары мен К.Клермонттың «Владимир мен Зара және қазақтар» поэмасы арнайы айрықша тоқталып өтуді керек ететін маңызы аса жоғары елеулі еңбектер. Одан көшпелілер өмірінің жарқын өрнектері себездейді. Патшалық Ресей өзінің осынау Оңтүстік-Шығыс көршісіне көптен бері аш қызыл көзін тігіп келді. 1742 жылы іргесі қалана бастаған Орынбор отарлау әкімшілігінің, көшпелілер және басқа Шығыс елдерімен қарым-қатынастың ірі орталығына айнала бастаған болатын. Одан қай тараптар мен тораптарға қарай уәкілеттер, елшіліктер аттанып, жарлықтар жіберіліп жататын. 1820 жылы 10 қазанда біраздан бері жасақталып, тастүйін отырған көш түстікті бетке алып сапар шекті. Оны басқарған Бұқарадағы орыс елшілігінің жетекшісі А.Ф.Негри болатын. Топ құрамында орыс армиясы твардиялық бас штабының капитаны Е.К.Мейендорф, сол ұйымның поручигі В.Д.Вольховский (ол Пушкинмен бірге оқып, Царскоселолық лицейді үздік бітірген), жоғарыда аталған жаратылыстанушы Э.А.Эверсман және басқалар бар еді. Сол ауыр да ұзақ жауапты сапардан оралған соң Балтық бойындағы барондардың ұрпағы Е.К.Мейендорф әсер мен кездесу көріністеріне толы аталмыш кітабынан тарауларды 1822 жылы «Солтүстік мұрағат» журналына ұсынды. Ол кейіннен толықтырылып, алғысөзбен 1826 жылы қатарынан Парижде француз, Иенде неміс тіліне аударылып жарық көрді. Сол тұста француз шығыстану ғылымының әлемдегі ең озық болғаны артық дәлелдеуді керек етпесе, онда орыс армиясы бас штабы капитанының «Орынбордан Бұқараға дейін саяхат» атты кітабы басты назарға ілікпеуі мүмкін емес. Қиырдағы қос құм өлкесін құтырған құйындай жалпағынан басып өтіп, асқар тау мен асыр даланың арасын мекен еткен көшпелілердің тылсым тұрмыс тіршілігі, болмыс-бітімі мен дүниетанымы, сөз жоқ, батыс мамандарын қатты қызықтырды. Бір қызығы саяхатшы қуәларды тартып, соңғы ширек ғасырда Арал теңізінің жағалаудан шегініп елу шақырымға айдыны азайып, тартыла бастағанын келтіре кетеді. Ал, Мейендорфтың бұл бірегей кітабында жағрапиялық, этнографиялық және тарихи деректер, нәзік те жіті байқаулар аз емес еді. Әдетте, сырт көз сыншыл да міншіл. Соған қарамастан «...саяхатта» көңілге ыстық табын қалдырған бедерлі жарқын беттер өте-мөте көп. Әсіресе, кітаптың бірінші бөлімі түгел Қазақстан жаратылысына, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі мен адамдарына арналған. Еркебұлан тұмса табиғатты түлеткен таза тәннен таза рух шығады. Екі айдай созылған сапарында Мейендорф соны айқын аңғартып, алғаусыз алға тартады: «Бұл көшпелілер мұңшылдыққа бейім. Сырдария ағынды суының сазы оларға соншама қуаныш сыйлайды. Өйткені, уақыт секілді бірқалыпты ырғақпен жылдам ағатын өзен толқындарындай ешнәрсе арманшылдыққа етене бөлемейді ғой. Олар тасқа отырып, айға қарап, жиі-жиі мұңлы әуез төгеді. Бұл әндерде қазақтардың қаһармандықпен өткен өмірі, халық батырларының даңқты ерліктері жырланады. Алайда бұл шығармаларды дағдыға айналғандай тек қана кәнігі жыраулар орындайды. Мен оларды тыңдаудың сәті түспегеніне өте-мөте өкінемін. Қазақтарға бірнеше мәрте мен оларды сілтідей тұнып, құмарта ынтызарлықпен тыңдайтынымды айттым. Бұрын тыңдаған кезде табанда суырып салатын еді... Бір жолы жолыққан жас қазақ маған төмендегідей қызғалдақ қыздың өжет әнін салып берді: «Мына қарды көрдің бе? Пәлі, онда не тұр. Менің денем одан да әппақ. Қар үстінде қойдың бауыздау қанын көрдің бе? Пәлі, онда не тұр. Менің бетім одан бетер қып-қызыл. Анау тауға шық, одан өрт шалған ағаш діңін көресің. Пәлі, онда не тұр. Менің шашым одан да қою. Сұлтанның көп жазатын молдасы бар. Пәлі, онда не тұр! Менің қасым оның сиясынан да қап-қара». Бәлкім, белгісіз ақын жырлаған бұл жолдар «Ер Тарғындағы» Ақжүніс арудың монологы шығар: Молдаға барсаң қасында, Қиюлы жатқан қалам бар. Қаламды көр де, қасым көр!.. Әр шаһарға қарасаң Құрулы тұрған күзгі бар. Күзгіні көр де көзім көр. Қара жерге қар жауар, Қарды көр де етім көр! Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де бетім көр! Мейендорф елігіп, әлсін-әлсін ауытқып, жер жағдайын, салт-сана сәттерін суреттей отырып, қайта-қайта көшпелілердің рухын танытатын шетін жайларға оралып отырады. «Бұл экспромттар қазақтардың биік болмысын ашады: түз перзенттері, дінді былай қойғанда, олар қайсы бір қадір-қасиеттерінде сыртқы өркениеттің ықпалына шалдықпай, тәуелсіз қалыпты. Осынау көшпелі халық бостандықты құштарлықпен қабылдап, оған қол көтергенді сұмдық жек көреді». Демек, бұл жүрек толғауының сол кездегі көркемдік тарихымызды танудағы бағасы мен бәсі, құндылығы арта түседі. Клер Клермонттың «Владимир мен Зара және қазақтар» поэмасы көңіл көкжиегін кеңейтіп, түсінік, таным иірімдерінің шеңберін шұғылаландырып жоғарғы басылымдардан кейін дүниеге келді. Қалай болғанда да Парижде 1838 жылы жарияланған бұл шығарма өз тұсындағы осы тақылеттес туындылардан оқшау тұр. Ол өзге біраз поэма, өлеңдерде ұшырасатын атүсті, еліктеушілік кемшіліктерді қайталамайды. Сонда бүгінге дейін бізге белгісіз болып кеткен бұл поэманың иесі кім? К.Клермонт ше? Төрт тараудан (Тұтқын. Көшпелілер. Дала. Қашу) тұратын поэманың прелюдиясындағы жолдар алды орайды: Жүрегім толы Сізбен тілсізбін тек, Қаншама толқысам да тереңімнен. Тұрады менің музам үнсіз үндеп, Өзегін бейнеңізбен өремін мен. Осыдан-ақ байқалатындай, ол талай беймағлұм жайлардың сілеміне сілтеп тұспалдатқызады. «Владимир мен Зара...» авторының бүркеншік ат жамылуы қалай және неліктен? Ізденіс жолдары Альбион тұманын түріп шығып, парасатпен жүректегі сезім сәулесін шартарапқа шашқан Байрон мен Шеллиге тіреледі. Клер Клермонт (1798-1879 жж.) – ағылшын философы және жазушысы Вильям Годвиннің өгей қызы. Ол бойжеткеннен кейін Байронға тұрмысқа шығып, одан Алегра атты қыз (1817 ж.) табады. Ал, Клермен түйдей жасты Мери Годвин басқа шешеден туып Шеллиге ұзатылған. Алайда, революциялық рухтың жаршысы болып, өз уақыты мен Отанына симай аластатылған ақындардың біреуі (Шелли) 1822 жылғы 8 шілдеде Жерорта теңізінде суға кетіп, екіншісі (Байрон) 1824 жылғы көкекте Грекияда қаза тапты. Жас жесірлер Мери мен Клер Италияда қала берді. Содан кейін тағдыр айдап, өмір жолы Клер Клермонтты кездейсоқ Ресейден бір-ақ шығарады. Ол бұнда Мәскеуде тәрбиеші бола жүріп, өзі секілді жұмысқа жегілген француз ақыны Германн Гамбспен танысты. Бірақ, тіршіліктің тар жол, тайғақ кешуінде табысқан қос тағдырға көп ұзамай тағы да айырылысуға тура келді. Германн Гамбс ішкі жаққа кетіп, Ертіс бойында мұғалімдікке жалданады. Клерге шет елге қайтып кетуге мәжбүрлік туады. Дегенмен олар қайда жүрсе де екі арадағы хаттасулар үзілмейді. Кейіннен басылған Клер Клермонттың күнделігі беттерінен кездесетін кейбір там-тұмдаған жазбалардан «Владимир мен Зараның» шын иесі кім екендігінің жай-жапсарын ашып көрсететін мағлұматтар ұшырасады. Мәселен, 1825 жылдың өзінде Г.Гамбстың он екі жырдан тұратын «Мойсей» поэмасын саяжайда дауыстап оқығанын К.Клермонттың өзі келтіреді. Одан соңғы оның 1830 жылғы 11 желтоқсандағы Мери Годвин - Шеллиге жолдаған хатында да Гамбстың аталмыш шығармасын бастыруға көмектесуін өтінеді. Бұл басылым жайы соншама ұзаққа созылғанымен, ақыры 1838 жылы «Владимир мен Зара және қазақтар» К.Клермонттың атымен Парижде жарыққа шығып, оқырмандарды бей-жай қалдыра алмады. Оның мұқабасында осы автордың «Мойсей» және «Измайл» поэмалары іле-шала басылатыны хабарланған. Және олар сол тұста жария көрді де. Бұның бәрі қазақтар өмірі хақында тұңғыш тартымды туынды жазған француз ақыны туралы сырға аз да болса сәуле түсіріп, бізге дейінгі белгісіз болып келген тұлғаның құпиясын ашады. Сонымен поэманың авторы Г.Гамбс екенінің басы ашық. Бұл туынды Густав Зелинскийдің «Қазақ», «Даласымен» қандай үндес. Өз кезеңіндегі поэмалардан көркемдік қуаты мен шынайылығы жағынан ерекше тұрған «Владимир мен Зара және қазақтардың» шынында да, осыған дейін назарға ілікпей жүргені, әрине, өкінішті. Бұл біздің ұлттық әдебиеттану ғылымының тым самарқау салғырттығы мен бойкүйез марғаулығын көрсетеді. Шығармада француз ақынының көшпелілер тыныс-тіршілігін едәуір білетінін байқатады. Поэма оқиғасы Есіл мен Алтай, Арал мен Ертіс ортасында өтіп, Ұлы дала өмірінен де сыр шертеді. Орыс офицері Владимир қазақтар қолына тұтқынға түсіп, Аталь (бәлкім, Әділ) ханның қойын бағып жүреді. Бір күні ол қожасының бойжеткен қызы Зараны жыртқыш қасқырдан құтқарып қалады. Екі жас көңіл қосады. Бірақ, жастайынан Ырғыз есімді аңшы жігітке атастырылып қойған хан қызы махаббат жолында басын бәйгеге тігіп, көп қиыншылықтан кейін өз жүрек қалауымен алғы күндерге аттанады. Жайлауға шығарда қыз-жігіттер бастаңғыда ән салып айтысады. Көші-қон, жер-су аттары, өмір, табиғат пен тұрмыс суреттері авторға сыралғы жайлардан тартымды-тартымды елес береді. Сөйтіп, Германн Гамбс итарқасы қияннан келіп, дидарғайып далаға тап болып, өзі қанық білетін қазақ тақырыбына қалам тартқан шетел ақындары алғашқыларының бірі болып шықты. Поэманың жарық көруіне Байрон мен Шелли достарының қол ұшын беруі (Госселон) айрықша қадалып айтуды керек етеді. Г.Гамбс өзі куә болып қана қоймай, жоғарыда аталып, француз тілінде жарық көрген жолжазбаларды және көркем туындыларды қадағалап оқығанына күмәніміз жоқ. Себебі шындық пен щынайылық қатар өріліп, оның қазақтар туралы поэмасына өзгеше өрнек беріп тұр. Реңкі де бөлек бейнеленіп бедерленгендей.

*** «Құдай айтты, ал, мен  жаздым!..»

Күпірлік болса да бұлай ірі кесек айту кез келген уәж бен дуа дарымаған ауызға түсе бермейді. Бұны тек пешенесіне солай жазып, әдебиеттің алтын ғасырында шырқау шың болып қалған жарық шоғыр жұлдыздардың кеудесін ғана жарып шығатын бір лепес ары, бір лепес беріде туған лебіз. Астамшылық па, жоқ шын асқақтық па? Әйтпесе, бірнеше төңкерісті өткеріп, мардымсып, менменсіген монархтардың өзін қылтаңнан алып қылғытып, саудайылар мен шаркездердің, пақырлар мен нақұрыстардың талайын көрген паң Париж жүрегін жаулап алу мүмкін бе? Ол провинциядан жалаңаяқ келіп, құдай ғибадатханалары қаласын бірте-бірте өзіне бас игізді. Жұлдызды сәтті күні марқасқа маңдайы жарқырап туған шығар. Келе-келе көркемдік кілтін іздеп өнер ашты. Кейде сегіз сағат бойы Париж көрермендерін театр ішіне ашқарын қаңтарып қойып, өзіне, сөзіне табындыратын болды. Бұл аздай-ақ Сен-Жерменде қисапсыз ақша шашып, көптен арман болып келе жатқан хан сарайындай «Монте-Кристо» саяжайын тұрғызып, небір ығай мен сығайларды тоқшылық тоғанына тоғытып, ештеңе болмағандай тоғышарлардан тығылып, өзі «Итарқа» атаған жұмыс кабинетіне көтеріліп, дүниеде теңдесі жоқ қиял-ғажайып, арандатушылық романдарын жазып жатты. Құрқылтайдың ұясындай баспананың күншығыс терезесі ғана ашық тұратын. Онда бір темір кереует, жалғыз жазу үстелі мен екі орындық қана бар еді. Таңмен таласа оны Цезарь әтеш оятатын. Алдында жазылмаған қағаз бумалары тұратын еді: көгілдірі роман үшін, қызғылты - мақалаға, сарысы поэмаға арналған. Ол уақыт, күй талғамай жазатын. Романдар, пьесалар, мақалалар, хаттар мен өлеңдер үсті-үстіне туындады. Бірде шаптан түртіп, шаужайына жабысқан көп кещенің біріне ол: «Қайран қолдар! Жиырма жылда төрт жүз роман, отыз бес драма жазған қол - бұл жұмысшы қолы» деп тойтарыс берсе, екінші бір тұста тұқыртып: «Менің көмекшілерім Наполеон маршалдарындай көп» деп масаттанды. Бұл Дюма-әке еді. Оның еншісіне барлық уақыт пен халықтардың әңгімешісі болу бақыты тиген болатын. Француз тарихында үш Дюма есімі алтын әріппен жазылса, Бонапарттың Шығыс қаны араласқан генералы Дюмадан үлкен Дюма жазушы болып туды. Әке қаламының құдіреті келесі Кіші Дюмаға да дарыды. Біздерді осы тұста солардың ішіндегі қазақтар арасында болып, өзінің әсері мен ұмытылмас кездесулерінен жолжазба жазған Дюма-әкенің тағдыры мен бір сапары аса қызықтырады. Серілік сезімге берілген рыцарьлар туралы әлемге әйгілі романдардың атақты авторы сан қырлы суреткер. Әр кезде «Мушкетерлерге» музаны мойындатып, «Ле Муа» («Құдай айтты, мен жаздым») атты газет шығарып, ол оқырмандарды қызықтырып, уысында ұстайтын сөз сиқырын аз білмейтін. Дәйім қиыр кеңістерге қиял қанатын қақтырып, тынымсыз қозғалысқа құмбыл болып өткен Дюма-әке бір күні өзі редактор, өзі автор «Монте-Кристо» журналында мен Азия даласын көктей өтіп, Қап тауындағы Прометей бұғауланған жерге барып қызыққа кенелтіп, қарық етемін деп француздарды елең еткізді. Бұл кенетте ойда жоқта туған күрт шұғыл шешім емес еді. Дюма-әке қанына тартып 1846 жылы әскери жеңіл кеме «Велоспен» Жерорта теңізінде жүзіп, түстік жағалауында болып, Алжир мен Тунисті құмары қанғанша аралады. Сөйтіп, «Тағылар патшалығы очерктерін» жазып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Өзінің даңқты замандастары Бальзак, Гюго сияқты талантына қоса ол да аса алуан гүлдерден шырын іздеген арадай еңбекқор еді. «Менің кен қазушым – ол мақтангершілік пе, жоқ өзімшілдік пе? (қалай десеңіз олай деңіз). Мен жалғыз өзім, әріптес романшылардың бәрін қосқандағыдан да көп жазуым және оның үстіне жақсы жазуым керек. Мен мүлде жалғызбын! Мен ауызша айтып мазаламаймын. Бәрін өз қолыммен жазамын» - деп мұң шақты ол Беранжеге. Жазудан қолы қалт еткен ара-арасында қуыс кеуде пенде ретінде сенатқа депутаттыққа өтуге таласып, академияға мүше болуға әрекеттенген үлкен Дюма мансапқа кет әрі емес, марапатты да тәуір көрді. Ол Бельгия Арыстаны ордені мен Испания католиктік Изабелла Құрметті легионының иегері еді. Енді Ресей патшалығынан да омырауына жарқыратып медаль тағуға дәмеленіп, 1839 жылы «Алхимик» пьесасын бітіріп, Еуропа жандармы, оберполицеймейстр І Николайға жолдады. Әкесі Павел «азамат» деген сөзді өлім жазасына бұйырса, ал, өзі «Прогресс» атауына тыйым салған пәруайсыз патша бұған немкетті нәніпәтір қарап, француз жазушысына тек бриллиант жүзік сыйлап қана шектелді. Бұған іштей шамданған Дюма-әке артынша «Семсерлесу ұстазының жазбалары немесе Санкт-Петербургтегі 18 ай» романын аяқтап, шығарма сол 1840 жылы Брюссельде екі бөлек жарық көрді. Онда желтоқсаншы офицер Анненков пен әйелінің Сібірге жер аударылғаны суреттелетін. 1843 жылы Бальзактың Украинаға Одиссеясы басталды. Санкт-Петербургте Дюманың пьесалары қойылып көрермен көзайымына айналып үлгерді. Қалай болғанда да Ресейге бару ойынан ол айныған жоқ. Сол сапардың сәті біраз соңынан түскендей. Бұл кезде екі Дюма, әке мен баланың атағы алысқа жайылып, даңқтары мен дақпырттары дөңгеленген дүниеге дабырайып кетіп жатты. «Мен өз сюжетімді қиялдан аламын, - дейтін ол. - Ал, ұлым шындықтан табады. Мен көзімді жұмып, ол көзі ашық күйде жұмыс істейді. Мен бейнелеймін, ол небәрі суретке түсіреді. Александр өз пьесаларын тудырмайды, бейне бір нота ойнап отырғандай күй кешеді. Оның көз алдында тұтас әуезе сызықтары». Әуелі пойызбен Кельнге келіп, одан Берлинге соғып, Шецинде кемеге жайғасқан Дюма-әке 1858 жыл маусымының аяғында Петербургте аз күн аялдап, сонан соң Еділ-Анамен жүзіп, Атырау сағасына қарай тартты... Ыңғайы келгендіктен айтып отырған жай. Жер бетіндегі алға үдере тартқан өмір көш-керуеніндегінің барлығы адамзат алақанында болғандықтан ол ешнәрседен кенделік көріп келе жатпағандай. Мәңгілік уақыттың қатал тезінен өткізіп отыратын оны әлдене кәкір-шүкірімен алдарқату мүмкін емес. Саф алтын дүркін-дүркін көшіп жүреді деседі. Адам баласы туады. Өледі. Әрине, бұл орайда Ренессанс дәуірі алабөтен бір төбе. Данте, Фердауси, Сервантес, Шекспир, Гете, Толстой. Олардан кейін ше? Бұл үрдіс жалғаса бере ме? Кейде жаратылыстың жомарт қолын аңдаусыз аша салғандай. Бір кезеңде арасына екі-үш жыл салып, үйме-жүйме ғып, тутұғырдың қасына таутұлғаларды үйе бергендей: Францияда Оноре де Бальзак (1799-1850 жж.) Виктор Гюго (1802-1883 жж.), Александр Дюма (1802-1870 жж.), Жорж Санд (1804-1860 жж.), Жюль Верн (1828-1905 жж.); Ресейде Н.В.Гоголь (1809-1852 жж.), В.Г.Белинский (1811-1848 жж.), А.И.Герцен (1812-1870 жж.), И.А.Гончаров (1812-1891 жж.), И.С.Тургенов (1818-1883 жж.), Ф.М.Достоевский (1821-1881 жж.), М.Е.Салтыков-Шедрин (1826-1889 жж.), Н.Г.Чернышевский (1828-1889 жж.), Л.Н.Толстой (1828-1910 жж.); Қазақияда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров әр түкпірде туса да бір жылдың төлдері, М.Әуезов (1897-1961 жж.), С.Мұқанов (1900-1973 жж.), Ғ.Мүсірепов (1902-1985 жж.). Ал, үш мүшелге жетпей қайтыс болғандар аз ба? С.Рафаэль, А.С.Пушкин, Ван Гог, Д.Байрон, т.б. Бұлардың астарында қандай тылсым күш бар?.. Ғажап ғұмырын ұдайы жаңа жер танып, соны сезім іздеп, шындық шуағына шомылып, тосын тағдырлы адамдармен танысуға арнаған құдіретті қаламгердің жоғарыда біз атаған Е.К.Мейендорф, К.Клермонт, Г.Зелинский және басқа басылымдардың біреуі болмаса біреуі көзге түспеуі мүмкін бе? Дюма-әке өз Отанында жүргенде-ақ қазақтар хақында, сөз жоқ, естіді, білді, оқыды. Қызыққа толы ел оның қиял сезімін оятпауы мүмкін емес. Бұған жиһанкездік кезбелік сапарынан жолдаған хаттары нақты дәлел бола алады: «Қымбатты ұлым менің! Сенің хатың Қажытарханда қуып жетті. Локура: «Қажытарханнан оралмайсың» дейтін. Базбірде Локура пайғамбардың пайғамбары ма деген ой келді. Қыс бойы мен осында қамалып, ішқұса болып қалатындай көрінеді маған. Бірақ, сабыр сақта, ертең жолға шығамын. Менің жасаған саяхатым туралы білгің келе ме? - деп жазды әке баласына. - Төменгі Сібірде отыз жыл болғаннан кейін Ресейге оралған менің романым «Семсерлесу ұстазының» екі кейіпкері - Анненков пен Луизаны кездестірген соң... Қазанға қайрылып, одан «Ана» немесе «Әке» аталған Еділмен төмен қарай жүздім. Сонан соң Камышин. Камышиннен - Назар аудар! - Мен қырғыздарға (қазақтарға -А.Н.) барайын. Картадан көлді, дұрысы үш көлді тап, олардың біріншісі - Елтон. Мен онда даланың қақ ортасында тігілген шатырда түнеп, керемет кісі Қажытархан казактарының атаманы Беклемишев мырзамен той-думан құрдым. Қажытарханнан қыр қойын әкелді, онымен салыстырғанда норман қойлары түк емес... Бізге құйрықты бөлек пісіріп берді - оның салмағы он төрт фунт тартты... Елтон көлімен менімен бірге Басқұншақ көліне қарай ілес. Бұл өзі шалқар айдынының шеңбері екі миль келетін өте көрікті көл. Біз оны айналып өткенде менен есепте тұрған үшінші көлді көрмес пе екенсіз деп сұрады. Алайда, мен бұл сәтте су мен түзге әбден мелдектеп тойған едім. Қайтадан Еділмен жүзіп кеттім... Онда мен Қажытарханға апаратын кемеге отырдым. Онда тыныстап, мен Каспий жағасында дәл бір Сенадағы бықып жататын құрбақалардай жыртылып айырылатын жабайы қаздар, үйректер, қызыл қаздар мен түлендерге (итбалықтар) аңға шықтым». Өстіп әке ұлын ұйытып қызықтырып алады да одан әрі Шығыс халықтарының салт-санасы, әдет-ғұрпы, серілік мінез-құлқы туралы тәптіштеп жеткізеді. Ретсіз тамсанбайды, әсірелеп әшекейлемейді: Кәуәпті (шашлық) жақсы көріп, араққа тәбеті шаппайды. Батыс оқырмандары үшін бәрі қызық, бәрі тосын, бәрі таңсық. Дюма-әке сол әлсіздікті тап басады: «Сол сәтте ғаламат көрініс ашылды: Арқыраған асау аттарды құрықтап ұстау басталды. Жайдақ жылқы шабандоздармен бірге тура Еділге қарай самғап жұлдыздай ақты. Он, жиырма, елу сәйгүлік суда шатқаяқтап, құмда аунап құтырынды, тұяғымен жер тарпып тістесті, оқыранып кісінеді: атшабарлардың сұмдық нөпірі жүйткіді: оны көрмегендер осынау таңғажайып көріністі көзге еш елестете алмаған болар еді. Біз Еділді жүзіп өтіп аққуларға сұңқар салғанға қатыстық. Бұның бәрі – аңшылық, үлде мен бүлдеге оранған сарай ханымдары әлдебір ортағасырдағыдай әсер етіп, сен қанша бір осы заманға құлдық ұрсаң да, қайран қалдырар еді. Сонан соң дастарқанға отырдық. Біздің Сент-Ассиздегі кешкі асымызды еске салатын құс сорпасынан дәм ауыз тидік: ол құзғыннан пісірілсе де, ұқсастығы толық болар еді. Одан басқа тамақтар, тасбақа мен әсіптелген жылқы шекесін қоспағанда, Еуропа асханасынан алыныпты... Сен сенесің бе, мен жасыл жуа қосып, жылқы етін жедім, ол сондай тіл үйіретін дәмді екен. Бұны қымыз туралы айта алмаймын. Келесі күні таңертең біздің әрқайсымызға төсектен тұрмай жатып ашқарынға үлкен саптыаяқпен шұбат әкелді. Өзімді Буддаға тапсырып сіміріп салдым». Бейтаныс кісіге, оның үстіне еуропалыққа дала дастарқаны солай біртүрлі әсер етуі таңқаларлық емес. Қымыз, шұбат, әсіп, бауырсақ. Ал, құдайы қонақ Дюманың аузының суы құрып айтып отырғаны қарта болуы кәдік. Немесе далалықтар сыйлы мейманға ешқашан тасбақа етін (ашаршылықта болмаса) бермеген. Бұжыр-бұжыр, иір-иір болған соң туралған қартаның солай көрінуі де бек мүмкін. Патша жандармериясының жасырын қадағалауында болып, онша еркін жазыла алмаған француз жазушысы аз көріп, көңілге көп түйді. Кеңістікке төселіп, бауыр басып, даланың айнымас досына айналды. Ол Парижге оралысымен тың түз тақырыбына қалам тартып, «Парижден Қажытарханға дейін» атты жеті кітапша жазып, бастырды. Өкінішке орай, оның кейбір тараулары ғана орыс тіліне аударылған. Қазақшасы мүлде жоқ. Сол шамада А.Мицкевичтің «Дзяди» поэмасының бас кейіпкері, поляктың аяулы азаматы, қиыр қазақ даласында айдауда болған саяси тұтқын төңкеріскер Адольф Янушкевич, есіңізде болар, былай деп жазған болатын: «Бұдан бірнеше күн бұрын мен жауласқан екі топ қақтығысының куәсі болып, ешқашан Демосфен мен Цицеронның есімін естімеген айыр көмей, жез таңдай ділмарларға таңқала қол соқтым: ал, бүгін менің алдымда оқи да, жаза да білмейтін, бірақ, өз таланттарымен қайран қалдыратын ақпа ақындар суырылып шықты, өйткені олардың жыры менің жүрегім мен жаныма майдай жағып көп жайды құйды. Және бұларды тағы жабайылар дейміз-ау? Пешенесіне пақыр падашы болып мәңгі жазылған дейтін бұл халық болашақтан тіпті жұрдай ма? О, жоқ! Мүлде! Жасаған құдіретімен осындай қабілеттермен жарылқаған жандар өркениетке тосырқап қарауы мүмкін емес: оның рухы әйтеуір бір кезде қырғыз (қазақ - А.Н.) даласын көктей өтіп, бұнда жарық ұшқындарын лаулатады...». Қандай көріпкелдік, даналық! Бәлкім, үлкен Дюма да осындай тебіренген болар ма еді?! Әйтсе де сол кездегі қысаң уақыт пен түрлі тосын жағдайлар тамаша таланттың қазақ өмірімен терең танысуына мүмкіндік берген жоқ. Оның есесіне оның Отандасы қиялгер қаламгер Жюль Верн көрмесе де, білмесе де «Жансыз» («Патшаның жандайшабы») романын жазып, орыс сарайын дүр сілкіндіріп, тік тұрғызған Кенесары ұлттық-азаттық көтерілісін арқау етті. Ресейде тыйым салынған атышулы шығарманы 1876 жылы И.С.Тургенев басшылық етіп, орысшаға аудартса да қалың оқырман жүрегіне жеткізе алмады. ...Бұл күндері Дюма-әкенің өз еліндегі Мишель Левидің бастырып шығарған толық шығармалар жинағы 301 том. Зерделі кісі зерттесе олардың арасынан біздің халқымыздың өткен өмірінен бағалы да құнды жазбалар табылары анық деп ойлаймыз. Тіпті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» соған міндеттемей ме? Ол «Монте-Кристодағы өзінің «Итарқасы» атаған жұмыс орнынан жұлдызды жырақтағы жұмбақ жазираны құштарлана көрді. Виктор Гюго заңғар замандасы туралы ой толғап, қос Дюмаға былай баға береді: «Әкесі данышпан. Онда дарабоз таланттан гөрі данышпандық көбірек басым... Оның тропикалық болмысының қызуын өзінің тамаша туындыларына сарқып, сарп еткенмен суыған жоқ: ол сүюге құштар болатын, өзін басқаға да үлестіре біледі, оған достарының табысы төл табысындай көрінетін. Анау мүлде бөлек... Әкесі мен ұлы әртүрлі кереғар полюста тұр. Дюма-ұл – ол небәрі талант, адамға қанша керекті талант болса, онда сол бар, одан басқа ешнәрсе жоқ». Әрқашанда бар кезеңдегі барша жастағы оқырмандарын толқыта, тебіренте беретін Дюма-әке: «Тарих деген не? Ол – менің романдарымды іліп қоятын мық шеге!» дер еді ұрпақтарына басқаша үн қатып. Ұланғайыр қазақ даласының батыс шетінде тиіп-қашып жүрсе де аз күнде көкейіне көп түйіп, тіпті оған ғашық бола жаздап бар жан-тәнімен сүйіспеншілікпен терең тебіреністен туған жазбаларымен ұлы жазушы француз-қазақ мәдени байланыстарының бастауында тұрғандай. Одан көп кейін де Сена бойының суреткерлері Азия француздары атанған халықтың тағдырына нем-құрайды қарамағандай әсер қалдырады. Пәтері Париждегі ЮНЕСКО Абай, Мұхтар және басқа тұлғаларымыздың мерейтойларын дүниежүзінде кең көлемде атап өтуге мұрындық болуы бекерден бекер емес. «...Мен оның (Әуезовтың) шығармаларын өз елімде насихатшы болғанымды маған білдірілген үлкен мәртебе санаймын. Кең құлашты «Абай жолы» романы, менің пайымдауымша, – жиырмасыншы ғасырдың ең маңызды романдарының бірі. Ол бойына тұтас бейнелер мен ойлар әлемін әшекейлеп, бізден алыс уақытқа жетелейді. Бұл романды кеңес әдебиетінің ең үздік шығармаларына жатқызу жеткіліксіз, дүниенің басқа бір бөлігінде онымен салыстыратын туындыға теңеу іздеу әурешілік. Маған өз уақытымның шегінен шығуға рұқсат па? Қоғам өзгерген сайын: феодалдық дәуірдің күні батып бара жатқанда - Дон Кихот, ағылшын қаржы-қаражаты жер жүзіне үстемдік құрып, таразы басы ауыр тарта бастағанда Робинзон Крузо тәрізді ұлы туындылар туды, - деді қырдың қоңыр баласынан сол жылғы қарашада жарты айдай бұрын туған Луи Арагон. - Марсель Пруст қоясын ақтарған қоғамды Әуезов кейіпкерлерінің әлемімен салыстыруға бола ма? Қай романнан біз осындай жер бедерін таба аламыз. Бәлкім, біздің прозаға бәрінен бұрын бейнелеуде тікелей өмір мен поэзия жетпейтін шығар. Кітапты көктей өтетін махаббат сезімінен ежелгі шығыс шайырларының тек жұпар иісі аңқымайды, жаңа, осы заманның лебі еседі... Мұхтар Әуезовтың шығармашылығын өтпелі құндылықтарға жатқызуға бекер тырысқандаймын. Мен әдеби анықтамалық жазуды міндетіме алған жоқпын. Құдайға шүкір, біздің өнерімізде сыршырайдай сауда-саттық бәсі жоқ мың Толстой мен Бальзакты Гоген мен Ренуар деңгейінде бағалағандай етуге мүлде болмайды». Және бір отандасы оның сөзіне жан бітіре түскендей. Андре Стиль айтады: «ХІХ ғасыр аяғындағы қазақ ақыны Абай Құнанбаевпен бірге сол кездегі жүгенсіз алпауыттардың алқымынан алып, Қазақстан көшпелілерінің өміріне сапар шеккендейміз. Бұнда айттыру, үйлену тойы, жерлеу рәсімдері, жаза мен тұрмыс, қарлы бұрқасын, барымта, Меккеге қажылыққа бару орасан көріністері есте қалады». О, қасиетіңнен айналайын ұлы дала! Өзгеге өстіп өзегін өртетіп, өзің де ағыл-тегіл бүкпесіз жан сырыңды ақтаратының қандай ғанибет. Тек мәселе сені тырнақ астынан кір іздемей-ақ жүрекпен кім қалай, қайтіп көре біледі?!. Өзінің бекзат болмысын сырт жұртқа осылай танытып келе жатқан халқымыз жол ортада тұрған жоқ. Шапағат шұғыласына бөленетін алар асулар алда екеніне сенгім келеді. Әумин, жүрек сөзі Құдайдың құлағына шалынсын!

1131 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз