• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2019

СӨЗДІК ТҮЗУ АМАЛЫ– ҒЫЛЫМНЫҢ ҒЫЛЫМЫ

Шерәлі Біләл, профессор

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Байынқол Қалиұлы Қалиев ғылым мен білім беру, оқыту салаларында үзбестен 55 жыл еңбек етіп, жазып бастырған еңбектерінің жалпы саны 475-ке жетіпті. Олардың 11-і монография, 6 -ы оқулық, 25-і сөздік, мақалалар жинағы – 5, кітапша – 18, ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалардың саны – 365. Бұларға қоса оның басқа да публицистикалық шығармалары тағы бар: кітаптары – 7, кітапшалары – 3, мақалалары – 40. Осы жерде Баекеңнің алғашқы 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» сіңірген еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол 10 томдықтың әр томына жеке қатысуымен қатар, оның 8 томына өзі редакторлық етті. Оған берілген Мемлекеттік сыйлық осындай ерен еңбегінің жемісі.

Біздің білуімізше, тіл білімінде, оның ішінде ұлттық тіл білімінде саны мен сапасы жағынан Баекеңнің еңбектеріне тең келетін еңбек әлі жазылған жоқ. Яғни, бұл – Байынқол Қалиұлының қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегі ұшаң-теңіз деген сөз. Оның тағы бір ерекшелігі, Баекең еңбектері тіл білімінің жеке бір саласына ғана бағышталған емес, онда ғылымның барлық саласы қамтылған және де ондағы мәселелер түбегейлі қарастырылған, дәйекті шешімін тапқан деуге болады. Әсіресе, сөздік жасау, оның ішінде түсіндірме сөздік түзу істерінің бұл қатардағы орны ерекше. Біз өзіміздің бұл мақаламызда Баекеңнің 2014 жылдары жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдық «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігіне» қосымша) және 2015 жылы шыққан «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы» атты еңбектеріне үңіліп, оны тіл жанашырларына танытуды мақсат тұттық. Байынқұл Қалиұлының «сөздік-терде жоқ» деп, 35 жыл бойы тыным таппай жинап жүрген сөздері болған екен. Солардың біразы 15 томдықта бар болғанымен, көпшілігі онда жоқ болып шығыпты. Сол жоқ сөздерді реттеп, жүйелеп, өз алдына жеке сөздік етіп жасайды. Алдыңғы еңбекті жазуға ғалым барлығы 660 түрлі әдебиет пайдаланған. Оның 530-ы көркем әдебиет, ғылыми-техникалық әдебиет, 130-ы жинақтар мен жеке кітаптар, оқулықтар, газет-журналда (Б.Қалиев. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.А.,2014.726 бет.59,1 баспа табақ, 701-725 б.). Осыдан-ақ ғалым ағамыздың кім екенін білуге болады. Яғни, мұнда шынайы ғалымның ғылымға деген адалдығы, сүйіспеншілігі, қала берді, зор адамшылық қасиеті көрініс береді. Сырт қарағанда, сөздік жасау ісі қарапайым да, жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ, шынтуайтына келгенде, ол – аса күрделі және әмбебап интеллектуалдықты талап ететін ғылым. Түсіндірме сөздік жасаушының міндеті – тіліміздегі сөздер мен тұрақты тіркестерді түгел жинап, реттеп, жүйелеп, олардың мағынасын ашу. Сөз, сөз тіркесі дегеніміз тілдің реалды элементтері болғандықтан, дәлірек айтқанда, ішмағыналық бейне, бейнелеуіш тұлғалықтары hәм сыртбейнелік пішін үйлесімдігінің белгісі болғандықтан, сөздің, сөз тіркестерінің адекваттылығы, яғни, өзі белгілеген мағынаға сәйкестік мөлшері, оның сыртпішімінің көркемдік сипатын келтіруі аса маңызды ғылыми проблема болып табылады. Баекеңнің сөздігінде бұл мәселелер түбегейлі шешімін тапқан десе болады. Қараңыз: «Ұлттық тілдің сөздік құрамы түгел жиналып, әліпбилік жүйеге түсіріледі. Әр сөзге грамматикалық, стильдік белгілер қойылып, олардың мағыналары айқындалады. Тұрақты тіркестері жинақталып, олардың да мағыналары ашылады. Сол арқылы ұлт тілінің құрамы, лексика-грамматикалық, фразеологиялық, семантикалық, стильдік ерекшеліктері көрсетіліп, оларға лингвистикалық тұрғыдан талдау жасалынады, ғылыми сипаттама беріледі», - деп түсіндіреді автор (Б.Қалиев.Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы.А.,2015.214 бет.13,5 баспа табақ.). Еңбекте, түсіндірме сөздік түзу (жасау) ісінде анықтамалық рөл атқарарлық жоғарыда айтылған ғылыми-танымдық тұжырымдар бүге-шігесіне дейін асқан дәлдікпен, білімділікпен түгенделген. Құрылым-құрылысы, жүйесі жағынан Баекең сөздігінің 15 томдықтан бәлендей үлкен айырмашылығы жоқ. Оның құрылым-құрылысы қандай болса, бұл сөздіктің де құрылым-құрылысы сондай. 15 томдықта қандай сөз тұлғалары (түбір сөз, туынды сөз, етіс формалары, қимыл атауы, тұрақты тіркестер т.б.) қамтылса, Байекең сөздігінде де сондай сөз тұлғалар қамтылған. 15 томдықта қандай грамматикалық, стильдік шартты белгілер көрсетілсе, Баекең сөздігінде де негізінен сондай шартты белгілер көрсетілген. Бұл айтылғандарға қарап, Баекең сөздігінің 15 томдықтан ешқандай айырмашылығы жоқ екен деп ойлап қалуға болмайды. Онда азды-көпті айырмашылықтар бар. Мәселен, 15 томдықта шет тілдерден келген атау сөздерге латын, грек, ағылшын, француз, араб дегендер сияқты шартты белгілер қойылып, содан кейін ол сөздердің түпнұсқа тілдегі тұлғасы (жазылуы) көрсетілген. Мысалы: ұлпа<грек. histos; textum>, ұлтабар<лат. diodent>, ығысылған буын<ағыл. biased integer>, інжугүл< лат. conzallazia> т.б. «Бұл тәсілден саналы түрде бас тарттық» – дейді автор (Б.Қалиев.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.А.,2014.726 бет.59,1 баспа табақ,5 б.). Өйткені, жоғарыдағыдай латын, грек, ағылшын, араб сөздерін қарапайым халық оқи алмайды, оқыса да олардың мән-мағынасын түсінбейді. Түсінбеген соң әлгі сөздер оқырмандар қауымына ешқандай ұғым-түсінік, танымдық мағлұмат бермейді. Оның үстіне, түсіндірме сөздік терминологиялық немесе энциклопедиялық сөздік емес, ол – жалпыхалықтық, жалпыұлттық сөздік. Сөздердің қай тілде қалай айтылатындығын, қалай жазылатындығын көрсету – энциклопедиялық, терминологиялық сөздіктерге ғана тән нәрсе. Сондай-ақ, 15 томдықтағыдай, бір сөзге екі түрлі: бірі – жалпыхалықтық, екіншісі ғылыми, терминологиялық анықтама Байынқол Қалиұлында берілмеген. Оның себебі, ғылыми анықтама жалпыхалықтық сөздіктерде емес, жоғарыда айтылғандай, терминологиялық немесе энциклопедиялық сөздіктерде берілуі тиісті. Етістіктің етіс тұлғалары мен қимыл-атау тұлғалары 15 томдықта түбір етістіктердегідей әртүрлі мағыналарға сараланып беріліпті (Мәселен, шапқылас сөзі – екі мағынаға, шапқылат сөзі – екі мағынаға бөлінген). Ол мағыналарды оқып көрсек, түбір етістіктегі (шапқыла) мағыналар осы жерде де қайталаныпты. Тек, әлгі мағыналарға етістік, қимыл атаулық реңктер ғана үстелген. Сондықтан, ғылым сөздігінде мұндай тұлғаларды мағыналарға бөлмей, «Бәлен етістіктен жасалған түген етіс», «Бәлен етістіктің қимыл атауы» деген тәрізді тек грамматикалық қана мағына берумен шектелген. 15 томдықта жоқ тұрақты тіркестер мен атау сөздерді бас әріптермен, ірі етіп теріп алып, оған қос нүкте қойылып, одан кейін әлгі тілдік бірліктерді (тұрақты тіркестерді) әліпбилік жүйе бойынша орналастырып, әрқайсына жеке-жеке анықтама және мысал берілген. Тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) мен күрделі сөздер өздері қанша сөзден құралса, 15 томдықта олар сонша рет қайталанып алынған. Мәселен, ақ ши тіркесі онда «аққа» да, «шиге» де алынған. Ауызға алды тіркесі «ауыз» сөзіне бір рет, «ал» сөзіне екінші рет алынған. Аяқ алып жүргісіз тұрақты тіркесі әр сөзі бойынша – үш рет, төбе шашы тік тұрды тұрақты тіркесі – төрт рет қайталанған. Басқа тұрақты тіркестер мен күрделі сөздердің көпшілігі де дәл осылар тәріздес. Байынқол Қалиұлы сөздігінде тұрақты тіркестер мен күрделі сөздер бірінші сөзі бойынша ғана бір-ақ рет алынған. Сонда, тұрақты тіркестер бір сөздікте бірнеше рет қайталанбайды және тіліміздегі тұрақты тіркестердің саны 15 томдықтағыдай шамадан тыс көбейіп кетпейді. Дегенмен, бұл тәсіл тұрақты сөз тіркестері үшін дұрыс болғанымен, күрделі сөздер үшін жөнді бола бермейді. Себебі, күрделі сөздердің көпшілігі бір заттың немесе бір ғана туыстық ұғымның түрлері болып табылады. Мұндай сөздер сөздікке бірінші сөздері бойынша алынса, әлгі түрлік ұғымдар әр жерге шашырап кетеді де, олар өздерінің туыстық ұғымдарға тән мағыналық қарым-қатынастарын жоғалтып алады. Сондықтан, түрлік ұғымдарды білдіретін күрделі сөздердің барлығын туыстық ұғымды білдіретін сөздерден соң, әліпбилік реті бойынша берген дұрыс болады. Айталық, халқымыздың қонақтарға табақ тарту дәстүрінде кездесетін бас табақ, сый табақ, орта табақ, құдағи табақ, күйеу табақ, келін табақ, аяқ табақ дегендерді бірінші сөздері бойынша әр жерге бөліп жібермей, олардың бәрін «табақ» сөзінен кейін, топтап бір жерге берсек, дұрысы сол болмақ,– дейді автор. Бірақ, ғалымның жағдайы оған келіңкіремейді. Өйткені, ғалымның істегені қазақ тілінің барлық сөздерінің сөздігі емес, 15 томдықтан қалып қойған сөздер мен сөз тіркестерінің ғана сөздігі. Ғылыми еңбектерде ТС атауларына байланысты академиялық сөздік, әдеби тілдің сөздігі, нормативтік сөздік, анықтамалық сөздік, ғылыми сөздік, толық сөздік, үлкен сөздік, тезаурус сөздік деген сөздік түрлері баяғыдан-ақ айтылып келеді. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық ТС осылардың қайсысы? Академиялық сөздік пе? Жоқ. Әдеби тілдің сөздігі ме? Жоқ. (Аты солай, бірақ ол да емес). Толық сөздік пе? Жоқ. (Егер, ол толық сөздік болса, 15 томдықтан қалып қойған сөздер мен сөз тіркестеріне арналған тағы бір том қосымша сөздік жасалып, әуре болудың қажеті жоқ еді ғой). 15 томдық сөздікті үлкен сөздік десек, дұрыс болғандай. Бірақ, сол үлкендік неде? Гәп сонда. Енді, осы мәселеге келелік. Әдеби тіл деп белгілі бір қалыпқа (нормаға) түскен, өңделген, қолданылу ауқымы мен аясы кең, жалпыға бірдей ортақ, стильдік салалары айқындалған тілді айтады. Әдеби тіл жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасады. Ол (әдеби тіл) толықтығымен, өңделгендігімен, көп қызметтілігі-мен, стилистикалық, мағыналық, қолданыстық жағынан диф-ференцияланғандығымен, жүйеленгендігімен, нақты-ланғандығымен ерекшеленеді. Ғылымда әдеби тіл сөздері жат-жұрттық сөздер (варваризмдер) мен жергілікті сөздерге, кітаби тіл мен жаргондарға, ауызекі сөйлеу тілі мен қарапайым тілге қарсы қойылады. Бұл пікір І.Кеңесбаев пен Т.Жанұзақовтың «Лингвистика терминдерінің сөздігіне» (1966), Р.Сыздықованың (1979. 1984), С.Исаевтың (1989) еңбектеріне, «Тіл білімі сөздігі» (1989) мен «Қазақ тілі энциклопедиясына» (1998), Ғ.Қалиевтің «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздіктеріне» (2005) сүйеніліп айтылған. Осы тұрғыдан қарағанда «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» (1974-1986 жж.) атына заты сай емес. Аты – әдеби тіл, заты – қойыртпақ. Онда әдеби тіл сөздерімен бірге әдеби тілге жатпайтын, әдеби тіл нормасына қайшы келетін, жатжұрттық сөздер мен тек арнаулы мамандар ғана түсінетін, түп-төркіні латын, грек, қала берді еуропа сөздері болып келетін ғылыми терминдер, кітаби лексика мен диалекті сөздер, ауызекі сөйлеу тілі (фонетикалық варианттар) мен жазушылардың бірқолданым (оккозионализм) сөздері қаптап жүр. Егер, ол әдеби тілдің сөздігі болса, бұлар сияқты әдеби тілден тыс элементтер сөздікке алынбаған болар еді. Ал, енді, Академиялық сөздік пен ғылыми сөздік және нормативті сөздік дегендер бір-біріне жақын ұғымдар. Әдетте Академиялық сөздік деп (Байынқол Қалиұлының ұғымынша) – Ғылым Академиясы сияқты ғылыми мекеме, академик, мүше-корреспондент, ғылым докторлары деген ғылыми атақтары мен дәрежелері бар, ұлт тілін жетік меңгерген ғалымдар жазған сөздікті айтады. Ғалымдар жазғаннан кейін ондай сөздіктің ғылыми болуы заңды. Бірақ, бұл оның бір жағы ғана. «Ғылыми сөздік» ұғымының екінші жағы тағы бар. Егер, ТС жасауға кіріскенге дейін оған алынатын тілдік бірліктердің барлығы алдын ала лингвистикалық зерттеуден өтіп, олардың шығу тегі (этимологиясы), мағыналары, әдеби тілге қатысы, қолданылу аймағы, стильдік мағынасы деген сияқты ерекшеліктерді айқындап алып, содан кейін ғана сөздік жасалынса, сонда ғана ол ғылыми сөздік болып шығады. Ал, 15 томдықты жасаушылар оған алынуға тиісті тілдік бірліктерді алдын ала лингвистикалық зерттеуден, талдаудан, сүзгіден өткізіп, даярлық жұмыстарын жасамаған. Тек, Тіл білімі институтының картотекалық қорында бұрын-соңды жиналған сөздер мен сөз тіркестеріне ғана сүйенген. Сондықтан, болар, 15 томдықтың атау сөздер қатарына алынуға тиісті сөздермен бірге оған алынбайтын, кезінде 10 томдыққа саналы түрде ендірілмеген сөздердің барлығы да алынып, оларға долбармен, жобамен, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген ұстаныммен анықтамалар берілген. Яғни, 15 томдық сөздік Ғылым Академиясының құрамындағы ғылыми-зерттеу институтында істелсе де, оны «академиялық сөздік» немесе «ғылыми сөздік» деуге келмейді. Себебі, ондағы олқылықтардың көбі – тілдік бірліктердің алдын ала лингвистикалық зерттеуден, талдаудан өтпегендігінің, сұрыпталмағандығының, саралан-бағандығының салдарынан болған кемшіліктер. Қазақ әдеби тілінің ТС-і, егер, таза әдеби тілдің сөздігі болса, оған салааралық ғылыми терминдердің көпшілігі алынбауға тиісті. Ал, ол жалпыхалықтық тілдің ТС-і болса, ғылыми терминдер молынан алынады. Бірақ, олардың барлығы емес. Тек тілімізде жиі қолданылатын, жалпыхалықтық мәнге ие болған, орта және жоғары мектеп оқулықтарында ұшырасатын, көпшілікке кең тараған терминдер ғана алынады. ТС-терге алынған мұндай терминдерге ғылыми анықтама берудің жөні жоқ. Оларға жалпы халықтық ұғым тұрғысынан анықтама берген жеткілікті еді. Жеке ғылым салаларындағы тар ауқымды терминдер жалпыхалықтық сөздіктерге алынбайды.15 томдық сөздік академиялық сөздік те емес, әдеби тілдің сөздігі де емес, ол –ауыз екі сөйлеу тілімізде кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінің бәрін, түгін қалдырмай, ешбір шектеусіз, түгел алған тезаурус (гр. сокровище, запас) сөздік. Кітапта (Баекеңнің кітабында) сөз мағыналарының түрлері мен типтерінің дәлме-дәл анықталғандығы авторлық мысалдармен айқындала түседі. Байынқол Қалиұлының өз еңбегінде семаларды, мағынаның ең кіші бөлшектерін, мынадай бірнеше топқа бөліп қарастыруы: 1) жалпылаушы және нақтылаушы (даралаушы) семалар; 2) негізгі (басты) және қосымша (шеткері) семалар; 3) анық, айқын және көмескі семалар; 4) жақын (жалпыхалықтық, таяз) және алыс (ғылыми, терең) семалар; 5) мәнді (маңызды) және мәнсіз (ықтимал) семалар; 6) ақиқат және жалған семалар – мағынаны терең де толық түсінуге бірден-бір себепші екендігін пайымдауы – алғырлық белгісі. Соның дәлелі ретінде тағы бір мысалын келтіре кетейік: барыс септікті зат есімдермен тіркесіп келгендегі «шық» етістігінің мағыналары. Біз бұл мақаламызда профессор Байынқол Қалиұлының бір томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» мен «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы» атты еңбектері мен бірлі-жарым мақалалары негізінде, оларды талдай отырып, 15 томдық сөздіктің қателіктерін, оның көптеген кемшіліктерін ашып көрсеттік. Осыдан келіп, алда «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» толықтырып, түзетіп, қайта жасау қажеттігі туындайды. Қателікті түзеу арқылы 15 томдық сөздік жасауда кеткен орны толмас олқылықтың жөнге келтірілуі ықтимал. Байынқол Қалиұлының 15 томдыққа бағытталған шынайы ғылыми сын-ескертпелерін қорытындылай келе, енді ол кісінің өзінің ТС-не сын айтып көрейік. Баекеңнің ТС-де мынадай түсініксіз сөздер кездеседі: абаттандырылу – абаттандырыл етістігінің қимыл атауы; Абызсыну – абызсын етістігінің қимыл атауы; Абыржыңқырау – абыржыңқыра етістігінің қимыл атауы т.б. Сөздікте мұндай сөздер аз емес көрінеді. Біздіңше, бұл сөздерді сөздікке енгізу артық. Олардың мағынасы айтпаса да түсінікті. Бірақ, бұл мәселеге ғалымның өз уәжі бар. Біз ол уәжбен келіспейміз. Автордың пайымдауынша, он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» Байынқол Қалиұлын екі нәрсеге үйретіпті: Біріншісі, тіл байлығымыздың қайнар көзі – сөз екендігі, екіншісі, сөздің қадір-қасиеті, құндылығы оның мағынасында екендігі. Осы бір бұлжымас ақиқатты ғалым бұған дейін білмеген-ау, шамасы. Дегенмен, сөздік түзушілердің еңбегіндегі көңіл тоқтарлық тұсты дәл танып, оны байыпты да парасатты тарқата білген. Сонымен, автор осы бір аса күрделі мәселені қозғай отырып,өзінің біліктілігі арқасында, тақырып сырын толық ашып, оқушысына түсінікті тілмен жеткізе білген.

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз