• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2019

СӘКЕН ӨЗБЕКҰЛЫ ТУРАЛЫ СӨЗ

Әр ортаның жарық жұлдыз секілді төңірегіне шұғыла шаша жанып, жарқырап тұратын асыл әрі талантты тұлғалары болады. Осы тұрғыдан біздің қазақ ғылымында, оның ішінде заң саласында да тамаша таланттар тобы – көрнекті ғалымдар шоғыры болған және бола бермек. Солардың бірі ғана емес, бірегейі аса көрнекті заңгер-ғалым, академик С.З.Зимановтың ең талантты шәкірттерінің бірі – заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының мүше корреспонденті, өзі негізін салған Заң ғылымдары академиясының академигі әрі Президенті Сәкен Өзбекұлы еді.

Сәкен Өзбекұлы – Қазақстан ғылы-мындағы, оның ішінде құқықтану мен заң саласындағы орта буын заңгер ғалымдардың арасындағы жұлдыздай жарқыраған талантты ғалым болды, олардың көшбасшысы, әрі кейінгі жас ғалымдарға ұлағатты ұстаз еді. Осы ретте еліміздің құқықтану және заң саласы ғылымында келешек ұрпақтар үшін өлмейтін еңбектер әрі мол рухани мұра қалдырған дара тұлға – Сәкен Өзбекұлының өткен өмір жолын қалың оқырманға қысқаша таныстырып кетуді жөн деп санаймын. Ол 1951 жылы 22 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Самсы ауылында дүниеге келген. Ол 18 жасқа толған кезде әскер қатарына шақырылып, (1969-1971 ж.ж.) сол кездегі КСРО-ның Солтүстік Батыс бөлігіндегі Фин шығанағының жағалауында Ленинград облысының Выборг қаласында, содан кейін Приморье өлкесінде әскери теңіз флотының сапында өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын ойдағыдай атқарады. Әскери қызметін мінсіз атқарғаннан кейін Сәкен сол кездегі Қазақ ССР Ішкі істер министрлігіне қызметке алынады (1971-1974 ж.ж.) 1974 жылы ол 5-жылдық еңбек өтілі бар («стажник») азамат ретінде жеңілдікпен пайдаланып, сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазір – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) заң факультетінің күндізгі бөліміне студент болып қабылданады. Сәкен жасы жағынан толысқан, әрі сақа студент ретінде өзінің таңдаған мамандығының келешек іс тәжірибесінде өте қажеттілігін жақсы түсінді. Алайда, алғашқы курстан бастап өзінің оқуға деген ерекше ынтасымен, еңбекқорлығымен көзге түскен Сәкенді заң саласындағы практикалық жұмыс емес, танымдық және ғылыми шығармашылық іс- әрекетті қамтитын,әрі сол кезеңде ең беделді қызметтердің бірі деп саналатын – оқытушылық жә-не ғылыми шығармашылық қызмет қызықтырады. 1979 жылы университетті бітіргеннен кейін С.Өзбекұлы орта буындағы заң-герлер даярлайтын Талдықорған заң техникумына оқытушылық қызметке жолдама алады. Ол бір жыл өткен соң, яғни, 1980 жылы Алматыдағы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданып,1982 жылы аталған институттың аспирантурасына күндізгі бөліміне оқуға түседі. Оның ғылыми жетекшісі болып әйгілі заңгер-академик, з.ғ.д. С.З.Зиманов тағайындалады, әрі -бұл кісі оның док-торлық диссертациясына да ғылыми кеңесшілік жасаған еді. Осы кезден бастап шәкірті мен ұстазы арасында өмірінің соңына дейін сенімді әрі достық қарым-қатынастарының арасына ешқандай қылау түспеген еді. Оның дәлелі – әйгілі академик С.З.Зиманов оны өз шәкірттерінің арасынан ерекше бөліп көрсетіп, Сәкенді «өте алғыр» деп бағаласа, ол 27 жылдан аса уақыт қызметтес, әрі пікірлес болған ұлы ұстазы академик С.З.Зимановты аса қадір тұтып, оның алдында әрқашан бас иіп, өмірінің соңғы кезеңінде жазған «С.З.Зиманов туралы сөз» деп аталатын еңбегінде кезінде көп жас ғалымдардың ғылымдағы жолын ашып, тағылым әрі тәлім берген, шарапаты тиген (олардың арасында осы жолдардың авторы да бар) ұлы ұстазын айрықша бағалап, Зимановтың ерекше тұлға ретіндегі төмендегідей жеті феноменін анықтап берген еді. 1. Академик С.З.Зиманов әрқашан да батыл сөйлейтін, мінез -құлқымен батырлық таныта білген адам. Ел басына күн туған талай қиын - қыстау кезеңде өзінің азаматттық позициясын басқалар сияқты жоғалтпай, ел намысын қорғауда өлшеусіз ащы тер төкті. 2. С.З.Зиманов әрқашан-да жаңа идеяның жаршысы болды, шәкірттерінің алдына ірі көкейкесті мәселелерді ғылыми тақырып етіп қоя білді. Ұсақ, майда тақырыптарды зерттеуге жан-тәнімен қарсы болды. Осы тұрғыдан Зимановтың көтерген, проблема етіп қойған тақырыптары өзектілігін жоймақ емес. 3. Ғылымда және күнделікті өмірдегі асқан қарапайымдылығы.Бұл оның «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасының аясында өмір сүруі. Соның нәтижесінде болар, оның шәкірттері де сол қасиеттеріне асқан сүйіспеншілікпен қарайды және өнеге ретінде өздерінің бойларына шамалары келгенше сіңіруге тырысады, соған еліктейді. 4. С.З.Зиманов өзінің идеясы үшін, оны орнықтыру мақсатында кіммен болса да күреске дайын, ғылыми пікір-таластың, айтыс-тартыстың болуын барлық болмысымен жақтайды, өзінің шәкірттерін соған баулиды. Оның ойынша, ғылымдағы пікірталас жалпы идеяның дамуының іргетасы ретінде танылады. 5. Оның адамның сөз саптауын байқап, пікірлеріне қарап тез арада жаңылыспай баға беру қасиетінің асқан дамығандығы. Оның қай шәкірттері туралы аспирантурада оқып жүрген кезінде айтқан пікірлері қорғағаннан кейін де расталды. Әр шәкірті туралы өзі дәл пікірін айтқан. 6. С.З.Зимановтың үлкен еңбекқорлығы. Оның құдай берген ақылын, дарынын тереңдеткен және жан-жақты дамытқан, қажымай-талмай істеген еңбегі деп бағалауға болады. Менің білуімше оның оқымаған кітабы жоқ, ғалымға бос уақытты өткізбей кітап оқу еңбекқорлықтың нағыз нышаны. Себебі, көп оқымаған адам жаза да алмайды, жаңа идея да ұсына алмайды. 7. Ол үш мәдениетті бойына сіңірген үлкен тұлға, ірі қайраткер. С.З.Зиманов қазақ мәдениетімен қатар Батыс, Шығыс философиясын, ілім-дерін жетік меңгеріп, әмбебабтық ой -тұжырымдарымен көрегендік пікір білдіру қабілетіне көтерілген ұлы даланың дарынды перзенті. Міне, осындай жеті феномен академик, заң ғылымдарының докторы Салық Зиманұлын ғылымның шыңына шығарды, елі, халқы алдында оны асқақтатты. Осы айтылған салихалы пікірден түйетін ой – халқымызда айтылатын «балықшыны балықшы алыстан таниды» дегендей, ғылымдағы нағыз талантты өзі талантты адам ғана танып және лайықты бағалай алады деп тұжырымдауға болады. Енді, профессор С.Өзбекұлының ғылыми-шығармашылық, ұстаздық өмірінің негізгі кезеңдеріне қайта оралсақ, ол аспирантурада оқыған 1982-1985 жылдар Коммунистік партия мен КСРО-ның көсемдері жыл сайын бірінен кейін бірі дүниеден озып, адамдардың ой-санасында сенімсіздікпен қатар еркін идеялар ұялап, оның соңы көп кешікпей М.С. Горбачевтің «қайта құру» саясатының аясында бұрынғы КСРО-ның аумағында тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына жол ашқан еді. Осы тұрғыдан бұл кезең жас ғалымдардың ғылыми-зерттеушілік пен еркін шығармашылықпен айналысуына жан-жақты мүмкіндік жасаған уақыт еді. Бұл жағдай Сәкеннің де ғылыми – шығармашылық ізденістеріне өзінің ықпалын тигізді. 1985 жылы С. Өзбекұлы академик С.З.Зимановтың ғылыми жетекшілігімен 12.00.01-құқық және мемлекет теориясы мен тарихы; құқықтық және саяси ілімдер тарихы мамандығы бойынша заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғайды. Диссертация орыс тілінде қорғалып, оның тақырыбы: «Петербургский университет в истории политической и правовой мысли Казахстана (XIX-начало XXвв.)» деп аталды. Диссертанттың ресми оппоненттері Ресейдің мемлекет және құқық тарихының белгілі маманы, з.ғ.д., профессор Е.А. Скрипилев және Қазақстандағы жоғары заң білімінің ақсақалдарының бірі, 1938 жылдан қазақ жерінде жұмыс істеген з.ғ.к., доцент Л.В. Дюков болды. Жетекші ұйым ретінде Өзбек ССР Ғылым академиясының философия және право институты бекітілді. Диссертацияны қорғау1985 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР ғылым академиясы Философия және право институтының жанындағы заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі беру жөніндегі Д 08. 05 мамандандырылған кеңесте жүргізілді. Кеңестің сол кездегі төрағасы Қазақ ССР ҒА академигі, з.ғ.д. М.Т.Баймаханов еді. Қорғау өте сәтті өтіп, Сәкеннің диссертациясы 1986 жылы 28 мамырда ресми түрде бекітіліп, ғылым кандидаты дәрежесін алады. С.Ө.Созақбаевтың (сол кездегі аты-жөні) кандидаттық диссертациясы арнайы әдебиеттерді пайдаланумен бірге құнды архивтік материалдарды ғылыми айналымға енгізгендіктен жоғары деңгейде бағаланады. Оны Ресейден шақырылған белгілі маман – ғалым А.Е. Скрипилевтің өзі де растап, жоғарғы баға береді, өйткені ғылыми жетекші ретінде академик С.З. Зимановтың өзі де диссертацияны сын көзбен бағалауға тиісті ірі мамандарды сырттан әркезде шақыра бермейтін еді. Кандидаттық диссертациясын қор-ғағаннан кейін С.Өзбекұлы 1985-1988 жылдары Философия және право институтында аға ғылыми қызметкер лауазымында қызмет етіп, өзінің таңдаған ғылыми бағытындағы ізденістерін жалғастырады. 1988-1997 жылдар аралығында ол ғылыми зерттеушілік қызметімен қоса ҚазМу -де (қазіргі әл- Фараби атындағы Ұлттық университет) аға оқытушы, доцент және Д.А.Қонаев атындағы Гуманитарлық институтының (қазір Д.А.Қонаев Еуразиялық заң академиясы) оқу ісі бойынша проректоры қызметтерін атқарады. 1999 жылы ақпан айында «Әділет» құқық Академиясына проректор қызметіне ауысады. Осы айда, яғни, 1999 жылдың 19 ақпанында көп жылғы талмай ізденген ғылыми зерттеулерінің қорытындысын жариялау үшін өзінің докторлық диссертациясын қорғауға шығады. Диссертация Қазақстан Республикасы ғылым министрлігі – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында қорғалды. Диссертацияның тақырыбы: «XYII ғасырдың соңы – XX ғасырдың бас кезеңінде Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихы және қайраткерлері» деп аталды. Ғылыми кеңесшісі өзінің көп жылдардан бергі сүйікті ұстазы, әрі пікірлес әріптесі, ғұлама заңгер-ғалым Салық Зиманұлы еді. Сәкеннің ресми оппоненттері болып, ҚР ҒА мүше-корреспенденті, з.ғ.д., профессор С.Н. Сәбикенов, з.ғ.д., профессор Н.Өсерұлы (марқұм), т.ғ.д., профессор К.Н.Нұрпейісов (марқұм) болған еді. Жетекші ұйым ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бекітілген еді. Диссертацияны қорғау сәтінде аталған тақырып бойынша көрнекті тарихшы, «Алаш» партиясы мен оның қайраткерлерін зерттеуші ірі, әрі, беделді ғалым Кеңес Нұрпейісұлының қатысуының ерекше маңызы болды. Сәкеннің диссертациясын жоғары бағалап айтқан оның пікірі диссертациялық қорғаудың ең шырқау шегі болды. Жүргізілген зерттеу тақырыбы бойынша ресми оппоненттің Сәкеннің ғылыми ізденістеріндегі жаңалықтарын жоғары бағалап, жылы лебіз білдіруі оны бір сәтте ғылыми ортаға танымал етіп, осы мәселе бойынша басқалардың онымен теңесе алмайтын дәрежеге көтерді. Сәкен өзінің докторлық диссертациясын қорғаудан шамамен он күн бұрын Қазақ мемлекеттік заң университетінің Өңірлік білім беру деканатына мені іздеп келді. Ол кезде декан профессор, з.ғ.к., Р.Орынбаев еді (марқұм) мен оның орынбасары едім. Келген шаруасы, докторлық диссертациясына арнап шығарған авторефератына кафедраның атынан қазақ тілінде салмақты, әрі салиқалы жазылған пікір керектігін, бұл мәселе кафедра меңгерушісі Қ.Жиреншинмен келісілгенін қысқаша түсіндіріп, маған оны жазып беруге өтініш жасады. Сонымен бірге өзімен бірге алып келген авторефератының бір данасын және осыдан бұрын диссертациялық зерттеуіне қатысты басылып шыққан «Арыстары Алаштың» атты монографиялық очерктер кітабын: «Жапар бауырыма! Алаш қайраткерлерінің рухы барлық істеріңді әрқашан демеп жүрсін деген тілекпен, автор С.Өзбекұлы (10.02.1999ж.) деп қолын қойып беріп кеткен еді. Мен көп кешіктірмей оның авторефератына екі беттік тұшымды, әрі тұжырымды пікір жазып ресімдегеннен кейін өзіне тапсырдым және оның докторлық диссертациясының қорғауына қатысып, кафедра атынан дайындаған пікірімді диссертациялық кеңестің назарына ұсынып сөйлеген едім. Ол пікірдегі қорытынды сөз Сәкен Өзбекұлы XVII-XX ғасырлар аралығындағы қазақ зиялыларының, алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастарына, тарихи мұраларына қатысты материалдарды көп жылдар бойы тірнектеп жинап, тиянақты зерттеп, ғылыми айналымға түсіру арқылы олардың ғылыми тұрғыдағы толық «галереясын» жасаған тұңғыш ғалым, сондықтан оның аталған еңбегі өте құнды деп бағалануға тұрарлық деп аяқталған еді. Сондай-ақ, С.Өзбекұлы аса дарынды заңгер-ғалым болумен қатар қарымды қаламгер де еді, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі болды. Қамшының сабындай қысқа өмірінде 18-ғылыми кітаптардың, 300-астам мақалалардың авторы болды.1995 ұлы Абай атамыздың 150 жылдық мерекесін мемлекеттік деңгейде атап өту қарсаңында оның сан қырлы шығармашылық қызметін кеңірек насихаттап, зерттеу мақсатында журналистердің және ғалымдардың арасында жабық конкурс жарияланған еді, осы конкурстың барысында Сәкен оза шауып, «Абай және адам құқы» еңбегі үшін оған белгіленген бас бәйгіні жеңіп алып, Абай сыйлығының лау-реаты атанды. Кейінірек, ғылым саласын дамытудағы ерекше еңбегі ескеріліп, «Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін» және «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді. Әсіресе, ол өмірінің соңғы екі-үш жылында бас көтермей еңбек етті, ғылыми монографиялары бірінен кейін бірі шығып жатты. Шығармашылық шабытының кейбір сәттерінде «жазуға өмір жетпейді, асығу керек» деп айтып қалатыны да бар еді. Өз басым Сәкеннің қайтыс болардан 1-2 жыл бұрын шыққан екі ғылыми зерттеу еңбегіне баспасөз бетінде пікір жазып, қолдау көрсеткенімді оның биік рухының алдындағы парызымның аз болса да өтелгені деп санаймын. Профессор С.Өзбекұлы өз ұлтының патриоты ретінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. Ол 1993 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясы жобасының жеке авторы ретінде саяси-құқықтық тұрғыдағы бірқатар өте маңызды ұсыныстар жасады. 1995 жылы Жамбыл ауданының атынан Қазақстан Республикасының Парламентіне депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, дауысқа түсті, алайда кейбір әкімшілік кедергілердің салдарынан (өзінің айтуынша) депутаттыққа өте алмады. 2007 жылы Сәкеннің Қазақстан мұсылмандары қауымдастығының алдындағы ерекше беделін ескере отырып, оны Қазақстан мұсылмандар Одағының мүшесі және Орталық Азиядағы адам құқығы бойынша Мұсылмандар комитетінің мүшесі етіп сайлады. Ол докторлық диссертациясы бекітілген сәттен өмірінің соңына дейін «Қазақ Гуманитарлық Заң университетінің АҚ жанындағы заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД14.50.11. біріккен диссертациялық кеңесінің мүшесі, ал өмірінің соңғы жылы Қазақстан Республикасы ғылым және білім министрлігінің Білім саласын бақылау комитетінің сараптама кеңесінің мүшесі қызметін де үлкен жауапкершілікпен, әрі абыроймен атқарды. С.Өзбекұлы өзінің сүйікті ұстазы көрнекті заңгер-ғалым С.З.Зимановтың басшылығымен мем-лекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, 2001-2010 жылдары жарыққа шыққан өткен дәуірлердегі Қазақ Елінің саяси-құқықтық өмірінің айнасы іспеттес болған қазақ құқығының қайнар көздері, ескерткіштері, үлкен және кіші заң кодекстері – Қазақтың Ата заңдары атты 10-томдық зерттеулер жинағының материалдарын жинақтауда, оларды редакциялап, ғылыми айналымға түсіруде де өлшеусіз үлес қосып, сол кезде өзім де қатынасқан ғылыми-зерттеу топтарының біріне басшылық жасаған еді. Бұл көп томдық зерттеулер басылып шыққаннан кейін ол өзінің редакциялық алқада мүшелікте жоқтығына наз білдіріп, кейде өкпесін де айтып қалушы еді. С.Өзбекұлы жеке мінез-құлық тұрғысынан қарағанда күрескер-жауынгердің бейнесін сақтап өмір сүрді. Ол өзінің түсінігіндегі шындық, ақиқат үшін, өз мүдделілігіндегі басымдылықтарды қорғау үшін шайқасуға әркіммен қашан болса да дайын болды. Ол өзіне әлемдік тарихта үлгілі кейіпкер ретінде XIII ғасырдағы француз революциясының көсемдерінің бірі – М.Робеспьерді санаушы еді. Тіпті, ол жөнінде кітап жазсам деген де ойы болды, егер, тағдыр оған бірнеше жыл өмір сыйлағанда оны жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар еді. Профессор С.Өзбекұлы ресми ғылыми кеңестерде әркезде өзінің ділмарлығымен, тура айтатын сөзінің өткірлігімен және шешендігімен көзге түсіп, кейбіреулер сияқты бүгежектемей шындықты жарып сөйлейтін қасиеті бар еді. Ол өзінен жасы әлдеқайда үлкен мүйізі қарағайдай академиктердің ғылым саласында байқалған кейбір қателіктерін, жөнсіздіктерін беттеріне басып айта алатын. Оған өз басым бірнеше рет куә болдым. Осы тұрғыдан «тура айтсаң туғаныңа жақпайсың» дегендей оның ашық, әрі жауынгерлік позициясы кейбір адамдарға ұнай қоймайтын. Сәкең қажет кезінде басқаларға да жылы, әрі мақтау сөздерді айтуға да мырзалық танытатын, біреудің істеген әрекетіне сүйсінгенде «Ой азамат!»- деп сүйсінуші еді. Ол өзінің орнын, рөлін солармен қатар қоя білетін, сондықтан, нағыз азаматтығымен ерекшеленген дара тұлға еді. Профессор Сәкен Өзбекұлы өзіне ізбасар шәкірттер тәрбиелеуде де озық шығып, ерекше қасиеттерімен танылды. Атап айтсақ, оның шәкірттерімен қарым-қатынасы ұстаздық беделдік пен қарапайымдылықтың, адамгершіліктің негізінде қалыптасты. Әрбір аспирантымен, ізденушісімен байыпты, тең құқықтық дәрежеде ұғынысып, шәкірттерін өзіне баурап алып және өзімен кездесуді сағындыратын еді. Ол болашақ ғалымдарды студенттік аудиториядан, ынтасы мен зердесіне, ой-санасына, қабілетіне қарай таңдай отыра, тақырып беріп, ғылымның «тар жол тайғақ кешу» жолына сала білді. Сол жолдан өткен шәкірттерінің барлығы қазіргі кезде ұстаз салған ғылыми қасқа жолды ойдағыдай жалғастыруда. Профессор С.Өзбекұлының тікелей ғылыми жетекшілігімен және кеңесшілігімен 1 ғылым докторы, 10-нан аса ғылым кандидаттары даярланып, өздерінің жемісті еңбектерін жалғастыруда. Олардың аттарын атап, түстерін түстесек, Жапар Әлдибеков з.ғ.д.,профессор, заң ғылымдарының кандидаттары, доценттер: Қазиев Оңғарбай, Байгелова Нұргүл, Сақтағанова Индира, Сатанова Лейла, Құлбек Шыңғыс, Өміржанов Есбол, Ауешова Бағдат, Еділ Оспан, Исмайлов Атақожа т.б бар. Осылардың арасында Сәкеннің ұсынысымен О.Қазиев, И.Сақтағанова және А.Исмайловтың кандидаттық диссертацияларын қорғаған кезде екінші ресми опппонет болған едім. Сөз соңында айтатын бір жайт – Сәкен Өзбекұлы сияқты көрнекті заңгер-ғалымды, дара тұлғаны, ұлтымыздың патриотын мәңгі есте қалдырып ұлықтау жағы өте кемшін болып тұрған жайы бар. Сондықтан, Алматы қаласының көшелерінің біріне, өзі туып-өскен Самсы ауылының орта мектебіне оның есімін беру лайықты деп есептеймін және мұны тиісті басқару орындарының есіне салатын уақыт жетті деп санаймын.Міне, дара тұлға Сәкен Өзбекұлы туралы айтылған еске алу сөзімнің негізгі, әрі қысқаша жөн -жобасы осындай еді.

Жапар Әлдибеков, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері.

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз