• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2019

БІЛІМ АЛУ СЫРЛАРЫ

Досым Омаров, философ, абайтанушы, теолог-ғалым

Әрненің ақиқатына тек қана білім арқылы жетуге болады. Ақиқат жан құмары. Ендеше, білім алудың қажеттілігі мен маңызы жаннан шығады. Жан мәңгілікті ғана емес, сонымен бірге, білімге және ләззатқа толы. Фәни әлемде жан материямен қапталып, былғанғандықтан, ол өзінің алғашқы табиғи қасиетіне ұмтылады. Сондықтан, әркім ұзақ, білімі мол және бақытты өмірді армандайды. Бұлардың барлығы жан құмары. Білімге ұмтылудың жан құмары екенін Абай жиі жазады. Жетінші сөзінде ол «Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» деп анық жазады. Жан құмарын қанағаттандыруы үшін білім алу керек. Білім алу екі дүние үшін де маңызды. Мұны ойшыл оныншы қара сөзiнде былай деп түсіндіреді: «Сол малды сарп қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң балаң тапсын, ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды». Ғылымсыз екі дүниеде де ешқандай жетістікке жетуге болмайды. Ғылым, білім әр істің мән-мәнісін біліп, дұрыс ойлау, дұрыс сөйлеу және дұрыс әрекет етуге мүмкіндік беріп, жетілуге жол ашады. Абай осылай екі дүниеде де ғылымның маңызы зор екенін ескертіп отыр. Дәулетке жету үшін ғана емес, рухани жаңғыру да білімсіз болмайды. Рухани жаңғырудың негізгі жолы – Құдайға құлшылық. Бұл туралы Абай жиырма жетінші сөзінде жазады: «Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе? – деді. Аристодим айтты: «Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем?» – деді. «Жә, олай болса һәмма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге де беріпті». Әрі қарай ойшыл Жаратушының адамды басқа жан иелерінен артық жаратқаны туралы дәлел келтіріп, «Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? – депті». Абай, осылай, Алла тағаланың адамды басқа хайуанаттардан артық және махаббатпенен жаратқанына дәлел келтіру арқылы адамның парызы – Жаратушы Иеге құлшылық жасау екенін көрсетеді. Жан Алла тағалаға құлшылық жасау үшін өзінің материалдық болмысын және қоршаған ортаны пайдаланады. Пайдалану үшін олар туралы білім керек. Дұрыс құлшылық жасау білімсіз болмайды. Сонымен, Құдайға дұрыс құлшылық жасау үшін де, өмірдің қызығын көру үшін де білім керек екен. Білім іс-әрекеттің мән-мәнісін ғана түсіндіріп қоймайды, ол ой-өрісті өсіріп, жүректі тазартып, адам болмысын өзгертеді. Осылай жүрек көзі ашылып, адам жаңа өмірге аяқ басады. Білімнің түрлері заттық және рухани болып екіге бөлінеді. Заттық болмысты қамтитын бөлігі материалдық білім деп аталады. Абай ілімі бойынша, бүкіл болмыстың жаратушысы бір Алла тағала. Бірақ, материалдық білім табиғатты оның Жаратушысынан бөліп қарастырады. Ал, рухани білім – Алла тағала мен болмысты бөлмей, біртұтас ретінде қарастырады. Рухани білім Жаратушы мен болмысты түгелдей қамтиды. Төменгі заттық әлемді жоғарғы рухани әлем басқарады. Рухани білім заттық әлемді ғана емес, рухани әлемді де қамтиды. Осылай рухани білім толық білім болып табылады. Ал, заттық білім толық емес – ол рухани білімнің бөлігі ғана. Рухани жаңғыру толық біліммен болады. Ендеше, рухани жаңғыру үшін әуелі рухани білім мен заттық білімді айыра білу керек. Материалдық әлемді зерттейтін ғылымдар заттық болып табылады. Бірақ, оны Жаратушысымен байланыстырып зерттесе – ол рухани білімге айналады. Өмірдегі құбылыстың қандайын болса да, осылай Алла тағаламен байланыстырып, руханиға айналдыруға болады. Мысалы, табиғат көріністерін Алла тағаладан бөліп қарастырсақ – ол материалдық білім. Ал, егер, оны Алла тағаланың қуатын, мейірімділігін, жаратқандарының көркемдігін, үйлесімділігін көрсету үшін, не болмаса Оның разылығы үшін қарастырсақ – ол рухани деңгейге көтеріліп, осы бағыттағы әрбір ой, әрбір сөз, әрбір іс рухтанып, адам рухани жаңғырады. Ол ештеңе де жоғалтпайды, керісінше рухани күш алып, ісі сәттілікке аяқ басады. Тән құмары мен жан құмары үнемі таласта, қарама-қарсы. Жан құмары – адамның рухани болмысы. Қазіргі заманда радио-теледидар, газет-журнал басылымдарының барлығын көпшілік руханиятқа, руханилыққа жатқызады. Рухани құндылықты заттық құндылықтан айыру қиындап кетті. Екеуін айыра білу керек. Рухани байлыққа тек қана жан құмары жатады. Рух – адамның кеудесіндегі Алланың нұры. Сол нұрды ашып, жарқыратуға арналған әрекеттердің барлығы рухани құндылықтар. Рухани байлық – тек қана жан азығы, рухани болмысқа бағытталғандықтан, адамның жүрегін тазартып, кеудесіне сәуле түсіретін, өзінің рухани болмысын тануға бағытталған білім-ғылым. Қазіргі замандағы етек алған көріністер: әділетсіздік, зорлық-зомбылық, қырғын-соғыс, парнография тәрізділерді дәріптейтін ақпарат-хабарлар, не болмаса пайда табуға арналған білім руханиятқа, рухани білімге жатпайды. Абайдың айтып отырған біліммен біздің бүгінгі күндердегі біліміміздің айырмашылығы үлкен. Біз мұғалімді, не болмаса дәрігерді көрсек, ол институт бітірген, оның жоғары дәрежелі білімі бар деп ойлаймыз. Бірақ, төрт жыл педагогика ғылымынан дәріс алып, өзінің баласын дұрыс тәрбиелей алмайтын мұғалімдер бар. Алты жыл медицина білімін алып, өздері аурудан арыла алмай жүрген дәрігерлер бар. Осыларды жоғары дәрежелі білімі бар мамандар – мұғалім, не болмаса дәрігер деп атауға бола ма? Абай ілімі бойынша, әрине, болмайды. Олардың алған білімі заттық деңгейде, оның өзінде де ақпарат деңгейінде ғана. Мұндай білім адамның рухани дәрежесін көтеріп, болмысына айналмайды. Оларда нағыз білім жоқ. Қазіргі заманда білім алудың маңызы төмендегені соншалықты – оның ішкі мәнін ұмытып, тек қана сыртқы көрінісіне ұмтылатын болдық. Мақсатымыз – диплом алу болып, оның түпкі мәніне көңіл бөлмейміз. Абай мұндай білімге қарсы және пайдасы шамалы екенін түсіндіреді. Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы – Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы. Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы, Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы. Орыс тілі, жазуы – Білсем деген таласы. Прошение жазуға, Тырысар келсе шамасы – деп білімнің законды ашатын сыртқы көрінісінен басқа, шариғатпен байланысқан ішкі рухани мәні барын түсіндіреді. Бүгіндегі білім алу саласының құлдырау себебінің негізі де осы білімнің ішкі мәнін ұмытудан болып отыр. Білім алудың мақсаты прошение (өтініш) жазу деп түсінген Абай заманындағы қазақ әлі де сол оймен жүр. Білім мақсаты күн көріс үшін диплом алу деп ойлаймыз. Білімді оның киген ақ халаты мен қолындағы дипломымен бағалаймыз. Нәтижесі – бүгінгі көріп отырған өмір сергелдеңдері. Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме. Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Онан тапқан – шын асыл, тастай көрме. Ойшыл білім алудың мақсатын және оның жолын осылай деп көрсетеді. Білімнің мақсаты – адамның ой-өрісін кеңітіп, тіршілік көріністерін дұрыс қабылдау арқылы үйлесімді өмір сүру. Қайғы келсе оған берілмей, қызық келсе оған салынып кетпей, әрненің мөлшерін біліп, сабырлы болу керек. «Сабыр түбі- сары алтын» деген сөз әр істі дұрыс қабылдап, оның байыбына баруды білдіреді. Өмірдің қуаныш-қайғысына берілмей, сабырмен қарағанда ой тынышталады. Ой тынышталса, жүрекке сүңгіп, түбін көздеуге мүмкіндік туады. Жүрек түбінде жан жатыр. Жаннан алған дүние барлық байлықтың көзі. Сондықтан, Абай «Онан тапқан – шын асыл, тастай көрме» дейді. Яғни, рухани байлық шын асыл екен. Оны дұрыс бағалап, жүректе бекіте білу керек. Адам осылай өзінің рухани болмысын танып, жаңа өмір жолында рухани жаңғырудың шыңына көтеріледі. Өкінішке орай, бүгінгі күндері данышпанымыздың осы ғибратын ұмытып, дүние-мүлкімізді өмірдің сыртқы жылтырағына арнап, рухани білім алуға емес, тән құмарынан шығатын ойын-сауыққа, рәсуәлыққа жұмсап жүрміз. Өмірдің қызығын осылай көргіміз келеді. Білім алу сырлары өте күрделі. Білім алу әдісі. Білім дегеніміз болмыс көрінісі болса, ал, білім алу дегеніміз – жанның сол болмысты қабылдауы. Адам қоршаған ортаны өзінің материалдық болмысымен қабылдайды. Неғұрлым көп қабылдаса, оның білімі де солғұрлым көп. Абайдың «Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз» деген сөзі осыны білдіреді. «Қош, сүйтiп жүрiп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарп қылып, ғылым табу керек» деп Абай білімнің ішкі мәнін түсініп, қолдануды айтып отыр. Рухани жаңғыру үшін осындай білім керек. Ғылымды мал табу үшін жұмсамау керек, керісінше, малды ғылым табу үшін жұмсау керек. Білімді жадқа бекіту. Білімді болудың маңызды шарты – білімді адамның жадында бекіту. Жаратылыс көріністері неғұрлым санаға тереңірек бойласа, солғұрлым білім адамның жадында ұзақ сақталады. Абай отыз бірінші сөзінде алған білімді жадқа бекітіп, бойға сіңірудің төрт жолын көрсетеді. «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану (үлгі, өнеге, сабақ алу) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Абай осылай білім алудың әдісін, методикасын береді. Бұл әдіс алған білімді жадқа бекітіп, естің жоғары деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді. Ес дегеніміз білім мен оны жадқа бекіту болғандықтан, бұл жол – данышпандық жол. Естің жоғары деңгейі данышпандарда болады. Абайдың бұл ғибратын толық меңгерген адам данышпандық жолға түсіп, білімнің шыңына көтеріледі. Сөзіміздің дәлелді болуы үшін бұл даналық сөздерге толығырақ тоқталайық. Білімді игеру үшін төрт нәрсе керек екен. Біріншісі – көкірегі байлаулы берік дегеніміз қайратты білдіреді. Білім алу «инемен құдық қазғандай», оған әуелі ниет, сонан кейін қайрат-жігер керек. Бұл әркімге де түсінікті шындық. Екіншісі – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибрәтлану (үлгі, өнеге, сабақ алу) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек. Бұл сөздердің бүкіл адам болмысын қамтитын терең мағынасы бар. Жоғарыда көрсетілгендей, адам болмысы өте күрделі. Білімді толық игеру үшін, Абай сөзімен айтқанда, ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек, яғни, табиғат көрінісін өзіміздің ой-өрісімізден өткізу керек. Сонда сырттан түскен ақпаратты сезім деңгейінде қалдырмай, ақыл-ес арқылы ойға салып тұшынамыз. Осылай өмір көрінісі сана-сезімнің терең қабатына бойлап, терең сырларын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Абай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінде аңшылық қызығын суреттей келіп былай дейді: Ұқпассың үстірт қарап, бұлғақтасаң, Суретін көре алмассың көп бақпасаң. Көлеңкесі түседі көкейіңе, Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң. Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң. Осылай көңілденіп, тұшынып, ынтамен дәмін татып ұғу арқылы өмір көрінісін санаға терең енгізіп, адам болмысына айналдыруға болады. Үшіншісі – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек деген сөз қайталаудың маңызын көрсетеді. «Қайталау – білім анасы» деген сөз бекер емес. Қайталанған сайын ақпарат санаға тереңірек бойлап, беки түседі. Сезім арқылы қабылданып, ақылға түсетін ақпарат білімге айналады. Ес әрі қарай оны талқыға салып, санада бекітеді. Әлем мен адамның құрылысы ұқсас болғандықтан, қайталаған сайын адамның көңілі тереңірек бойлап, әлемнің жоғары қабаттарымен байланыс пайда болады. Осылай жоғары қабаттардан ақпарат-хабар алуға оның мүмкіндігі туады. Ақпараттың мөлшері көңілдің қуатына байланысты. Таланттың құпиясы осында жатыр. Көңіл аударып, әлемнің жоғары деңгейлеріне ене алатын қасиет кейбір адамдарда туғанынан болады. Композиторлар Бетховен, Моцарт тәрізді ұлылар және Шәкәрім мен Абайдың өздері де осындай адамдар болған. Сондықтан, олардың шығармалары мінсіз кемелді, мәңгілікті шындық үлгісі. Төртіншісі – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұлар жүректі былғап, надандықпен шырмайды. Құмарлық дегеніміз – бір сезімге байланып, сана-сезімнің төменгі деңгейінен шыға алмау. Қатты қуанған, не болмаса қайғырған кезде адамды сезімдер билеп кетеді. Құмарлық қанағат таппағанда ашу-ыза пайда болады. Ашу-ыза адамның есін алып, түрлі қателіктер жіберуге итереді. Ашу үстінде жіберілген қателіктер күнәға батырып, адамның келешегін бұзады. Ол осылай құлдырау жолына қалай түскенін өзі де байқамай қалады. Уайымсыз салғырт өмір мен ойын-күлкіге салыну адамның қайратын алып, енжар-жалқаулыққа итереді. Қайрат тек қана қиындықта шыңдалады. Қайғы-мұң немесе ойыншы-күлкішілдік адамды сезім деңгейіне түсіріп, еркін алып, надандыққа тартады. Надандық басқарған жерде ақыл-ес пен білімге орын жоқ.

406 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз