• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2019

ПУШКИНДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚАЗАҚТАР

Серікқали ХАСАН, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Александр Сергеевич сондағы Оралда болған үш тәуліктей уақыттың ішінде Орал Казак әскерінің әскери атаманы Покатиловтың қала орталығындағы қос қабатты сәулетті үйінде жатқан болатын. Ол да бұның бұрынғы кездесіп, талайғы шүйіркелесіп жүрген жоғары шенді әскерилерінің біріндей-ақ ақжарқын, адаммен жұғысқыш жан екен. Оның үстіне, Василий Осиповичтің өзі атақты ақын Александр Сергеевичке де мүлдем бөтен адам емес-ті. Ол кезінде жастай әскери адам болуды армандап, бертінде Екінші Петербург кадет корпусында оқыған еді. Ал, ол бертінде оны сәтімен бітірген соң, Неваның жағалауындағы бір әскери горнизонның артиллерияшылар бөлімшесінде біраз жыл қызмет атқарды. Оның ғасырдың басындағы Отан соғысы кезінде айрықша көзге түсіп, шенді, шекпенді болғандығы тағы бар. Түптеп келгенде, атаманның бұл кездегі Пушкиннің шығармашылығына деген өзіндік бір құрметі де ерекше еді. Покатилов ертеректе Петербургтегі зиялы қауым бас қосқан кештерде Александр Сергеевичтің сондағы қалың көпшіліктің қолқалауымен ортаға шығып, жаңа бір лирикалық жырларын шабыттана оқып, сондағы өзінің отырған ортасының ажары мен көркіне айналғандығына дейін де талай рет көзбен көрді. Па, шіркін, атақты Пушкинмен бір сәт қол берісіп амандасып, өзімен қайтара бір жүздесіп, оңашада бір тіл қатысу оның да көптен бергі іште жатқан бір асыл арманы еді ғой. Сол арманы өзін алдамағандығына шүкір десейші! Орал, шынында да, көне де, сұлу қала екен. Сол жылдың күзінде Орал Казак әскерінің наказной атаманы болып тағайындалатын Орал Казак әскерінің атаманы Покатилов Оралда ұлы ақынды өзі алдынан шығып, тиісінше қарсы алады. Бұндағы қауышу да Пушкиннің Оралға жеткенге дейінгі қауышуларының ешқайсысынан да еш кем болған жоқ. Сол жылдың 2-ші қазанында Пушкиннің өзінің әйеліне «...ондағы атаман мен казактар мені жақсы қарсалады, менің құрметіме екі мәрте қонақасы берді, олар менің денсаулығым үшін тост та көтерді...» деп үлкен толғаныс үстінде хат жазуының бір сыры да осында жатқан еді. Атаман бұл кезде өзінің қала сыртындағы саяжайынан қаладағы үйіне баруға енді ғана жинала бастаған болатын. Соған қарамастан, ол Пушкинді өзінің Шағанның етегіндегі орман-тоғайлы, бір шеті дариямен шектесіп жатқан саяжайына апарып, тиісінше сән-салтанатымен қонақ етті. Иә, сонда ғой, оның Пушкинге осыдан біраз жылдар бұрын ғана аң-құстар ғана мекен еткен бұл жабайы бақтың Орал казачествосы әскерінің саябағына айналдырылып, бұнда әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылып, гүлзар баққа айналдырылғандығын айта келіп, бұл бақтың бертінде оралдықтардың арасында қарапайым ғана Хан тоғайы деп аталынып кеткендігін сөз ете қалғандығы! –Хан тоғайы? – Пушкинге сондағы атаманның әлгі сөздері тым тосын болып та естілген еді. –Иә-иә, Александр Сергеевич! – деді атаман өзінің сондағы қонақжай дастарханның басындағы әңгімесін әрі қарай да қызу түрде жалғастыра түсіп: – Бұл жәйден-жәй қойыла салған атау емес, бұл саялы бақтың ішінде кезінде Еділ мен Жайықтың аралығындағы ұланасыр сардалаға дейін келіп, Бөкей Ордасының негізін қалаған сұлтан Бөкей Нұралыұлы ақ патшаның құзырымен қазақ халқының сонау көне замандардан бергі салт-дәстүрлеріне сай, ақ киізге оралып, хан көтерілген. Бұл – бір, екіншіден, әлгі Бөкей хан өмірден өткен соң, оның орнына Астрахан қаласында, сондағы азаматтық губернатор Андреевскийдің үйінде жатып, орысша білім алған ұлы Жәңгір Бөкейұлы ресми түрде хан тағына отырғанда, әлі күнге дейін Ішкі (Бөкей) Орданы хан лауазымымен басқарып отырған ол да осы тоғайдың арасында тиісінше ақ киізге оралып, қалың елдің алдында хан көтерілген! Бір қарасаң, дәл сол кезде, яғни, осыдан тура он жылға жуық уақыт бұрын, дәл осы қазіргі сіз бен біз тұрған саябақта, бір жағынан, Жәңгір Бөкейұлы, бір жағынан, сондағы жас Жәңгірді хан сайламақ болып, сонау Орынбордан Оралға арнайы келген генерал-губернатор Эссеннің көздерінше, ала таңнан қала көгінен үш дүркін зеңбіректен сан рет оқ атылды. Иә, Александр Сергеевич, бұл тек сондағы Жәңгірді хан сайлау салтанатының тек алғашқы бір бастамасы ғана еді. Соның артынша-ақ, осы саябақтың ішінде халайықтың көз алдында Жәңгір Бөкеев ақ киізге оралып, оған Ішкі (Бөкей) Орданың ханы болып ресми түрде сайланғандығы туралы императордың Грамотасы салтанатты түрде табыс етіліп, үстіне сонау астаналық қаладағы ақ патшаның алтын сарайынан әкелінген бұлғын ішік жабылып, астына ақбоз ат мінгізілді. Александр Сергеевич сонда атаман Покатилов бұның бәрін өзіне әлгіден бері неге осыншама бүге-шігесіне дейін айтып отыр десе, жо-жоқ, бұнда да бір үлкен сыр жатыр. Мәселен, дәл сол бүгінде өзінше бір алып орманға айналып үлгерген Хан тоғайының ішінде кезінде ақ киізге оралып, хан сайланған Бөкей хан да, оның заңды мұрагері Жәңгір Бөкейұлы да сонау 1775 жылы өзін Ресей империясының Ш-ші Петрымын деп жариялап, жолындағының бәрін өзінің соңынан ертіп, Оралға дейін осыншама дабыралатып келген шаруалар көтерілісінің көсемі Емельян Пугачевті қолдаған Жайықтың арғы бетіндегі бір қазақ ханының ұрпақтары көрінеді. Ха-ха!!! Міне, саған, керемет?! «Менің осындағы аспаннан тілегенімнің бәрі жерден-ақ табыла кеткендей-ақ па, қалай?! Сөйтсе, бүлікшіл Пугачевтің бұл жақта да өзінің бір қалың қолдаушылары табыла кеткен екен ғой!» - дейді бір ойы. Бұл өзі Ресей тарихындағы бір үлкен ақтаңдақ, бүгінде тек шекаралық губерниялардағы шаң басқан мұрағат қоймаларында ғана болмаса, жалпы қарапайым қалың жұрттың қолына тиіп, өз елі тарихының арғы-бергі шежіресімен жан-жақты танысып, рухани ләззат алатындай ештеңелері болмағандықтан, бұл өз басы кеше ғана өзінше бір нар тәуекелге бел буып, әрі қаншама уақыттан бері өзінің Төменгі Жәрмеңке-қаласының маңайындағы Болдино атты имениесіндегі жергілікті жандармдардың бақылауында жүргенмен, бір кездегі дәл сол бүлікшіл топтың басшысы Пугачевтің өзі құсап, Төменгі Жәрмеңке-қаладан бергі талайғы іргелі орталықтардан бастап, одан әрі Орынбор арқылы баяғыдағы бас бүлікші Пугачевтің ең соңғы маңдай тіреп барған, әрі өзі сол жүргенде, ұлы империяның алтын тағына дейін біршама жақындап қалдым-ау деп түсінген тарихи Оралға келіп отырғанда, дәл осындай тосын сыйға тап боламын деп еш ойлады ма екен десейші?! Оның үстіне, әйгілі Пугачев баяғыда Оралға келіп, осында әбден мұқият бекініп алған соң, Жайықтың арғы бетіндегі қазақтарға да өзінің біршама тісін батырып, сондағы бүлікшілдіктерімен аты шыққан өздері туралы естіп, көптен бері қапелімде не істерге білмей, қаралай қалт-құлт етіп, шаққа шыдап отырған қазақ ханы Нұралыдан кепілдікке өзінің бір ұлын беріп, жо-жоқ, ол онымен де қоймай, өзіне тағысын-тағы асай-мүсейілерімен бірге әскер қосуын да қатаң түрде талап етіпті ғой. Ал, әлгі Нұралы хан не істеді десейші, сонда?! Шекаралық аймақта тұрып, патшалық биліктің қысымынан әбден шаршап-қалжырағандықтан, ол сонда бүлікшіл әскербасының барлық айтқандарына да үнсіз бас шұлғып, көне берген екен ғой! «Неге?! Ол сонда Пугачевтің жалған патша екендігін сезбеген бе, жоқ, әлде сондағы оның да бір өзіндік көздегендері болған ба?!» - деуге де бұның шамасы жоқ, айтпақшы, сол әлгі Нұралы хан кезінде Ресей императоры Екатерина Екіншімен дипломатиялық тұрғыда келісімге келіп, алдағы уақытта тату-тәтті қарым-қатынас жасауға уәделескен атақты қазақ ханы Әбілқайырдың құрсағынан өрбіген саңлақ ұлдарының бірі болса, бұл енді кеше ғана осыншама ұзақ жол жүріп, тәмам енді ару Жайыққа дейін келіп, алдағы «Пугачев бүлігі шежіресінің» жалпы тұтасқан бір сұлбасын көріп, түйсінгендей-ақ болып отырғанда, бұның бірі өзі үшін тағы бір үлкен қуаныш та болмады ма?! Түптеп келгенде, Пугачев бүлігінің ішкі драмалары дәл осы тұстан кеп, әрі қарай тарам-тарам болып, өз-өзінен-ақ ашыла түскендей ме, қалай?! Бүлікшіл көсем Жайықтың арғы бетіндегі көшпенді жұртты қарусыздандырып, тек соңыра олардың өздерінің алдарындағы барын жиып әкеліп беруді ғана бұйырмайды, олардың сондағы өздерінің ат-көлігі бар, қолдарына қару-жарақ ұстанған зіңгіттей жігіттерін де өздерінің бүлікшіл қолдарына бірден қосып алғысы келеді. Кейін бұның бәрі солай болған да ғой! Ол ол ма, кезінде өзін патшалық империяның Ш-ші Петрымын деп жариялаған Пугачев енді әбден Оралға келіп алған соң, әрі қарай Жайықтағы жергілікті қазақтармен осыншама ауыз жаласып жатыр екен дегенді естігенде, астаналық қаладағы императордың өзінің де зәресі ұшып, бірден шұғыл бір шешімдер қабылдауға көшпеп пе еді?! Былайынша айтқанда, ақылға да сыймайтын жағдай ғой бұл өзі! Ақ патша қаншама ондаған жылдардан бері сол әлгі шекаралық аймақтарға өзінің бекініс қалаларын тұрғызып, ондаған, жүздеген пушкілерінің дүмін тура сол далаға қарай бағыттап, қаншама рет алысып, арпалысып келсе де, өздеріне басыбайлы бағындыра алмаған көшпенділердің ұрпағын сондағы хан әулетімен бірге өз дегендеріне көндіріп, бүлікшіл Пугачев енді соларды ақ патшаның тура өзіне қарсы пайдаланып жатыр десе, бұл дегенің, шынында да, бір тықырдың төрде отырған алтын тақ иесінің өзіне де таянғандығы емес пе?! Бірақ, империяның аты қашан да империя ғой! Ұлы империяның басшысы қаншама уақыттан бері өздеріне тізгіндеуге мұрша бермей, әрі өздері «алда әлі бұл бүлікшіл топ не істер екен, өздерінің тағы қандай бұзық, қиқар ойлары бар» деп, сырттай ғана бақылап отырғанмен, олар үшін нағыз бір жамбасқа салар кез де енді ғана келгендей еді. Сондағы бүлікшіл пақыр, тым құрыса, өз күш-қуатын пайдаланып, сол көшпенділерді әрі қарай ығыстырып, не солардың көмегі арқасында, алып империяның иелігін әрі қарай тағы біршама жерге дейін кеңейте түссе, бір сәрі-ау, ал, оның өз әскерінің құрамын көшпенділер арқылы толықтыра отырып, оларды бері қарай айдап салуы нағыз бір көрсоқырлық пен ешқашан кешірге келмейтін қателік қана еді! Ақ патшаның қаны қыж-қыж қайнап, бірден қатты күш алған тұсы да осы тұс еді. Қысқасы, сондағы ақ патшаның өз көздегендері межеге дөп тиіп, Пугачев бүлігіне қарсы ең соңғы нүкте де дәл осы Жайықта, дәл сондағы Пушкин іргесіндегі қалың ағаштар көмкерген атаманның саяжайында отырған Оралда ғана қойылыпты! Түптеп келгенде, мәселенің бұл жағына атақты ақынның өзі де біршама қанық еді. Бүлікшіл көсемнің сонда қыңқ деуге де еш шамасы келмейді. Ол Оралдан қашып бара жатқан жолда біржола тұтқындалып, аяқ-қолына бірден кісен салынады. Онымен бірге, оған дәл осы Оралдағы сәл де болса, жақындығы, ниеттестігі бар тағы қаншама жазықсыз адамдар да жапа шекті десейші?! Оның бәрін тізбелеп айтып жатуға қапелімде ауыз да бармайды-ау! Бұл көне Орал соның бәріне де куәгер еді. Ал, басқа басқа, осыдан тура он жылға жуық уақыт бұрын, дәл осы жерде ақ киізге оралып, хан көтерілген Жәңгір Бөкеев болса, Жайық пен Еділдің аралығындағы Бөкей Ордасын әлі күнге дейін басқарып, хан тағында осыншама шырқап отыр дейді?! Жо-жоқ, бұл жердегі басты мәселе онда да емес-ті, бұндағы ең қызығы, сол Жәңгір хан өзінен бұрынғылардың жөн-жоралғыларына адалдық танытып, әрі өзі әкімшілік қызметке жетік бола тұра, ғылым-білім, өнер мен мәдениетке де біршама жақындау жүреді екен дей ме, осы?! Бұның Оралдағы атаманның қала сыртындағы саяжайында, яғни, сондағы оның өзі айтқандай, Хан тоғайында отырып, Жәңгір хан және оның өзінен бұрынғы әмірші ата-бабаларының Пугачев бүлігіне қатыстылығы хақындағы естіген әңгімелері өзінің сол кезге дейінгі бар тірнектеп жинап үлгерген том-том материалдарын мазмұндық жағынан тағы біршама байытып, тынысын да біршама кеңейте түскендей болмады ма?! Одан бері арада тағы қаншама уақыт өтті, бірақ, бұның дәл қазір де көз алдында, атаман Покатилов сонда бұның өзінің әлгіндей әңгімелеріне ерекше разы болып, бірқатар жәйттерді әлсін-әлсін өзінің қойын дәптеріне түртіп алып, көңілі кәдімгідей-ақ тасып отырғандығын байқап, сосын бір сәт өзі оқыс ойланып қалды да, жалма-жан өзінің маңайындағылардың бірін жұмсап, қалаға кеше ғана келіп, осындағы жер-жерде концерт қойып жүрген бөкейлік өнерпаздарды да оқыс шақырта қалған. «Бөкейліктер, әрі олар сол Жәңгір ханның Ордасынан, өздері осы кезге дейін талай рет Орда әміршісі мен Орынбордағы жоғары мәртебелі ұлықтардың алдарында да өнер көрсетіп, талайларды тәнті еткен өнерпаздар еді» дегенде, несін айтасың, бұл сонда қапелімде өз құлағына өзі сене алмай, іштей бір ерекше толғанысқа да берілген еді-ау. Шыны керек, бұл сонда олардың өнерін ғана емес, қашан өздерін де тездетіп көргенше асықты емес пе?! Мазасызданып, әлсін-әлсін маңдайынан шып-шып етіп, ыстық тер шықты. Енді ше?! Ордалықтар?! Олар баяғыдағы бүлікшіл жалған патшаның жорығына қатысуға ықылас білдірген далалықтардың бүгінгі күнге дейін жеткен бір ұрпақтары емес пе?! Солар сол кездің оқиғаларына қатысты қатпары қалың орыс тарихы, бүгінгі орыс жұрты білмейтін бірдеңелерді айта алар ма екен дегендей де бір ойы болды. Осындай сәттілік болар ма еді, тәйірі?! Түптеп келгенде, сен үшін нағыз бір оқпен екі қоянды қатар ату деген де осы емес пе?! Сонда ғой, ақынның «бұның бәрі, бір жағынан, атаманның сондағы менің көңілімді көтеріп, бір уақ кешегі әбден жолсоқты болып, шаршағандығын ұмытып, демалсын деген ниеті де шығар» деп, баяғыдағы жалған патшаның жорығына қатысты дүниелердің бәрін ақырын бір жағына қарай ысырып қойып, кеш бойғы ойын-сауыққа зор ынтамен көңіл қойғандығы. Бас-айналасы бір кештің үстінде ғана болған еді ғой, осының бәрі! Атаман Василий Осипович өз ретінде бұның бәрін алдын-ала өте бір шеберлікпен де ұйымдастырыпты. «Сәл асығыстау болды. Біз сіздің Оралға келетіндігіңізді тым кештеу естідік қой, әйтпесе...» - деп, қаралай қысылып-қымтырылғандай болғанмен, жасыратын несі бар, атаман сондағы бұл кешке де өзінің барын салып-ақ бағыпты. Оралдық казактардың өздеріне тән билері мен әндеріне дейін әбден көңілден шығарлықтай-ақ еді. Әрі, сәні, әуен-ырғақтарына дейін де жүректі тербеп, сенің жаныңды әп сәтте-ақ әрқилы сезімдерге бөлейді! «Баяғыда Пугачев Оралға келгенде, оралдықтар оны да осылай қарсылап, осылайша көңілін көтерген еді!» - дейді кейде атаманның өзі де кешегі өткен көнеліктен сөз қозғамақ болып. Расымен де солай екен. Атаманға кезінде осындағы байырғы оралдықтардың өздері-ақ солай депті. «Неткен ғажайып әндер?! Жайық казактарының өзге өңірлердегі казактардан басты бір ерекшелігі де осында ма, қалай?! Тасжүрек Пугачевтің жүрегі де ару Жайықтың жағалауындағы осындай көңілді ортада ғана жібіп, бірден от болып жана бастамады ма?! Байғұстың осындайда Устиньяға көңілі құлай кететіндей де жөні бар екен ғой!» - дейді бір ойы өзіне тағы маза бермей. Ал, әлгі көптен күтілген ордалық өнерпаздар жергілікті өнерпаздардың қатарына сәл кештеу келіп қосылды. Өздері бірнеше адамнан құралған шағын бір өнер ұжымы дерліктей-ақ еді. Олар да бұларды бірден-ақ еліктіріп әкетті. Бірақ, сондағы үстіне ою-өрнегі мол жасыл шапан, басына түлкі тымақ іспетті жұқа бөрік киген, қолына аққудың беліне ұқсайтын музыкалық аспабы – қос шекті кішкене қоңыр домбырасын ұстаған өнерпаз бұған бірден-ақ қатты назар аудартқан, және де, бұл сонда еш қателеспепті. Ол өз Ордасында өте-мөте танымал да екен. Хан Жәңгірдің өзі Ордада қандай жиын-той болса да, оны бірден ортаға алдыртып, домбырадағы жырларын тыңдатуды ерекше ұнататын көрінеді. Ал, кешегі күндері Орынборда болғанда, ондағы талайлар оның өнеріне әбден-ақ разы болып, ұзақ қол шапалақтапты. Кейін кезегі келіп, ол өзінің домбырасын қолына алып, өз халқының арасында даланың өзіндік бір Ромеосы мен Джулеттасы атанып кеткен Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ғашықтық дастандары хақындағы бір ұзақ жырды әнге қосып, төгілдірте бастағанда, әредік бір аудармашылардың сөздерінен-ақ бұл ондағы бір керемет көркем қасиетті аңғарып, өзі де мұқият ұйып тыңдаған. Неткен ғажайып сыр еді?! Осындай аңызы, жыр, дастаны бар қазақ халқына сен енді қалайша ғашық болмассың?! Бұл өзінің сондағы бұл таңданысын жалма-жан өзінің қасында отырған атаманға да айтып үлгерген еді. Ал, атаман болса: «Біз бүгінде далалықтармен осылайша жақсы қарым-қатынас жасап, тату тұруға ұмтыламыз!» - дейді бұны одан сайын да қызықтыра түсіп. Жоқ, бұның көз алдынан сондағы жырдағы халықтық тұлғаға айналған кейіпкерлер тіптен кетпей-ақ қойды. Соның артынша-ақ бұл әлгі жыршы-домбырашымен атаманның саяжайында-ақ жеке жолығысып, оның манағы қызықты концерттің кезіндегі өз домбырасының сүйемелдеуімен жырлаған махаббат дастанын қайтара бір жырлатып, соның бәрін тағы да құныға тыңдаған. Жырдың өнбойында жүректі баурайтындай бір керемет көркем келісімдер де бар еді. Сондағы Қозы мен Баянның ғашықтық сырлары. Соның бәр-бәрі осынау сахара сардалада болыпты. Мына қыр-төбелердің арғы жағында, не Жайықтың жоғарғы сағасында ма екен?! Қанша дегенмен, соның бәрін дала халқы ғасырлар бойына өздерінің жадында ғана сақтапты. Түптеп келгенде, бұл дегенің Қозы мен Баянға деген бір үлкен аңсар ғана емес, олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат-өсиет, сырлары да емес пе?! Сондағы халықтың өмірі, тұрмыс-тіршілік, әдеп-ғұрып, дала сырлары да қоса-қабат өріліп жатқан жоқ па?! Бұнда бұның өзінің осыдан біраз уақыт бұрынғы Евгений мен Онегиннің ғашықтық өмірлеріне арнап, жырмен жазған романымен әуендес мұңды да, сырлы үн де жатқандай ма, қалай?! – Бұ не деген ғажайып хикая еді?! Жо-жоқ, қайдағы хикая?! Бұл дегенің нағыз бір жоғары пафостағы бір үлкен поэтикалық сыр да еді ғой! Қапелімде сенің құлашың мен жүйрік қиялың да жетпестей бір ерекше көркемдік шешімдер де емес пе еді бұл?! Қыр еліндегі қос ғашық!.. Сондағы ғашықтықтың сонау шырқау биіктері қандай әсем, әуезді, әрі қандайылықты үлкен шеберлікпен келістіріле берілген десейші?! Араларында махаббат заңына көнгісі келмейтін қара ниет, қарақшылары тағы баршылық! Өздері неткен үрейлі, әрі неткен дүлей күш иелері еді?! Махаббаттың жолын кесіп, сұлулықтың парша-паршасын шығарғылары-ақ келеді. Бірақ, бұндағы махаббаттың мәңгілік заңына сәйкес, соңғы нүктені жырдағы нәзік жан – Баян сұлу өз өмірі, өз тағдырымен-ақ бір өзі ғана қояды! Соның бәрін әлгіндей көркем сөз, сазды әуен, үлкен шеберлікпен жеткізе білген жыршы-өнерпаздың талантына сен енді қалайша бас имессің?! –Жо-жоқ, Александр Сергеевич, бізде бұл дастанның ешқандай бір қолжазбасы жоқ, ол бүгінге дейін ешбір кітапқа да енбеген. Біз тек бұны қаншама жылдардан бері ел жадынан ұмыттырмай, өз өнерімізбен келер ұрпаққа дейін жеткізіп келеміз. Бізге дейінгілер де сөйткен екен, бәлкім, соңыра бізден кейінгілер де сөйтетін шығар?! - дейді жыршының өзі. Ақын осының бәріне тіптен-ақ таң қалды. Осы сәт бұның өзінің байырғы досы және қыр қазақтарының өмірі мен рухани әлемін бір кісідей-ақ жетік білетін, әрі өзі кезінде сол Бөкейлікте ұзақ жылдар бойына тұрып, өмір сүрген Владимир Даль айтқан бір тәмсіл де есіне сап етіп түсе кеткендігін қайтерсің?! Ол кеше ғана бұл бері қарай сапарлап келе жатып, жолай Орынборда болғанда, бұған сол жағынан Орынборды біршама аралатып, ара-арасында қаланы айнала қоршаған далалықтар – қазақтар туралы да егжей-тегжейлі сөз ете келіп: – Александр Сергеевич, мен бұл қазақтарды көптен бері жақсы білемін, әрі өзім олар туралы әріден зерттеп, там-тұмдап жазып та жүрмін ғой! Мүмкін, соңыра Оралда болғанда, сондағы жергілікті қазақтармен сенің де кездесіп, бір армансыз шүйіркелесіп қалуыңның сәті түсер! Бірақ, әлден-ақ есіңде болсын, оларда мұрағат, мұражай, кітапхана дегендер ешқашан болмаған, ал, олардың біздің әлгі үлкенді-кішілі қалаларымыздағы зәулім ғимараттарға шоғырланған мұрағаттарымыз бен кітапханаларымыздан бір де кемдігі жоқ рухани әлемі бар! Бұны, бәлкім, рухани жады дейтінде шығар?! Бұл тұрғыдан келгенде, олардың өздеріне тән ғажайып сырлары тағы жетерлік! Сен соңыра олардың көңілдеріндегі кілтін тауып, бір жақсылап сөйлете алсаң, олар саған өздерінің өмірлерінен талайғы небір қызықты әңгімелерін айтып, қапелімде қарапайым ғана сөзбен айтып жеткізе алмаған дүниелерін келер бір сәттерде жыр тілі және өздерінің ұлттық музыкалық аспаптары – қос шекті домбырада ойналатын күймен де айтып жеткізер еді, - деген болатын. Бұның Даль досы теңдесі жоқ сұңғыла да еді ғой! Сондағы оның: – Мен кезінде Бөкейлікте болғанда, сондағы Хан Ордасында, Жәңгір ханның ұйымдастырған кештерінде ордалық әнші, биші, домбырашы, күйшілерді көп көрдім. Олар өз өнерлерімен ұлттық өнердің уызына жарыған өздерін ғана емес, өзгелерді де тіптеп қатты таң қалдырып, әрі зор сүйіспеншілікке бөлей отырып, сұлулық пен сымбаттан кереметтей бір күмбез де тұрғыза алады! – дегендігіне дейін де құлағының түбінде әліге дейін тұнып-ақ тұр емес пе?! Дальдың сондағы сол айтқандары бұл Оралда жүргенде-ақ еш айнымай-ақ келе қалғандығын қайтерсің?! Ертесіне ақын әбден өзінің ұйқысын қандырып, төсегінен сәл кештеу тұрғанмен, атаманның үйінің ауласында бұларды Орынборға қарай алып жүретін көліктеріне дейін де даяр тұрған еді. Неге екендігі қайдан, осы кезде бұл өзінің Оралға жасаған осынау сапары тым қысқа, бар-жоғы екі-ақ тәулікке дейін жеткендігі есіне түсіп, іштей бір өкінішке де берілгендей болды. Жоқ-ау, әу баста осы бір суыт сапарға шығу туралы нақтылы бір шешімге келгенде, бұның көкейінде тек бір осы Орал қаласы ғана тұрмады ма?! Пугачев бүлігінің шырқау шегі мен күйреуінің бар сыры, бар құпиясы да тек бір осы Оралда ғана жатқандай-ақ болып көрінген еді ғой! Өзі де соңыра осы сапарда Оралға сәл ұзақтау кідіретіндігіне кәміл сенген болатын! Жоқ, әлде бұл кешегі күндері әлі Жайықтың төменгі сағасына дейін жетіп үлгермей жатып-ақ бүлікшілер жорығы мен іс-әрекеттеріне қатысты талайғы сырларға қанығып, сәл кібіртіктеп қалғандай да болды ма?! Бұның осы сапардағы көп уақыты, әрине, кешегі күндері жолға кетті! Жо-жоқ, бәлкім, бұл кешегі күндері баяғыдағы бүлікшілер жүрген жолмен жүріп отырып, бүлікшілерге қатысты барлық сырларға әбден қанығып, осынау бүлікшілер көсемі өзін енді ғана тапқандай болған тарихи Оралды бір сәт көзбен көру үшін ғана келген шығар?! Бұлар енді жуынып-шәйініп, өздерінің тамақтарын ішіп, далаға қарай шықса, кешегі өздеріне арнап, кереметтей бір концерт қойып, соңынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын әлденеше рет қайталап айтып, қашан бұл соның бәрін төгілдіртіп жазып болғанша, өзін айнала қоршап, еш қымс етпестен қасында отырған ордалық өнерпаздар қақпаның алдына дейін қайта келіп: «Біз кеше аса мәртебелі Александр Сергеевичтің бүгін Орынборға қайта жүргелі жатқандығын білмей қалған едік. Онымен тағы бір мезет көрісіп, қоштасып қалуымызға болар ма екен?» - деп айтады дейді. – Ие, неге болмасын?! Кәне, қайда, өздері?! – деді бұл өзінің жүзіне сәл күлкі үйіріп. Сөйте тұрса да, алдымен, сондағы бұның есіне түскені не десейші, сен?! Кешегі кеште «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының жалпы сұлбасын қағазға түсіріп, көңілі біршама көншіп, сондағы олжасына өзі де бір мәз болып қалғанмен, енді мына бөкейлік өнерпаздардың өзінің соңынан қайта жеткендіктерін естігенде, кешегі ерінбей-жалықпай, осыншама жазып алғандарының ішінде тағы бірдеңелері ұмыт қалып, бұлар енді бұған тездетіп соны ескерту үшін, болмаса қосымша тағы бір шумақ, толғауларын жаздырту үшін де келген шығар-ау деп, көңілі тағы өрекпіп сала бермесі бар ма?! Бұл кезде атаман үйінің әулеті, атаманның маңайындағы тағы талай атқосшылары бар, солардың бәрі бұлармен бірге шарбақтың ішіне шығып, ал, бұл өз ретінде олардың бірқатарымен әлгі жерде тиісінше төс қағыстырып, ендігі бірқатарымен тек жәй қол берісіп қана қоштасып, енді іргедегі қос рессорлы, күнқағары бар арбаға отыра бергенде, алдағы айқара ашылған қақпаның арғы жағынан кешегі жүзтаныс ордалық музыканттар сау етіп, келе қалсын!.. – Аса мәртебелі Александр Сергеевич!.. – Александр Сергеевич?! – дейді бәрі анадай жерден бұған жапатармағай үн қатып. – Әу, достар?! Арба сәл алға қарай жүре беріп, көшірдің «дыр-дыр-р» деген қатқылдау бір үнінен соң, жеккідегі торыала мен қоңыртөбел ат қайта тоқтаған. Бірақ, сонда да тұяқтары тың, әбден тыныққан қос жануар тек жортақтап жүруді ғана аңсап, әлсін-әлсін өздерінің алдыңғы аяқтарын жоғары қарай көтеріп, тұяқтарымен қара жерді ақырын «тық-тық» еткізе берді. Ақын: – Әу, достар!.. Қош болыңыздар... Көріс-кен-ше-е!.. – деп, арбаның қос қапталынан өзіне қарай жақындап келіп қалған өнерпаздарға кезек-кезек қолдарын созса, дәл кешегі қос шекті домбырамен концертте «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын әндете жырлап, соңынан өзіне орысшаға сөзбе-сөз аударысқан домбырашы-жыршы айтады: – Александр Сергеевич, сіздің бұлайша аяқ астынан жолға шығып бара жатқандығыңыз қалай?! Біз кеше сізге тек «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын ғана жырлап үлгерген едік қой!.. Ал, бүгін... бүгін... Пушкин тағы да оқыс елең ете қалды: – Иә, достар, құлағым сіздерде?!. Осы кезде арба орнынан сәл қозғалды да, домбырашы-жыршы енді арбамен қатарласа жүріп: – Александр Сергеевич, сіздің Оралдан кетіп бар жатқандығыңыз қандай өкінішті?! Біз сізге бүгін тура осы кеше ғана сіз алыстан ат арытып келген Оралдың, дәл мына қаланың іргесіндегі ирелеңдей созылып, еркелей ағып жатқан ару Жайықтың өз өткен тарихымен тікелей байланысы бар тағы бір махаббат жыры, махаббат, сұлулық, ғашықтық жырын әнге салып, қос шекті домбыра үнімен бірге айтып, жырлап бергіміз-ақ келген еді ғой! Ақын осы сәт оларға біртүрлі таңырқай қарады: – Тағы бір махаббат дастаны дейсіздер ме?! – Иә, Александр Сергеевич, бұл өзі кезінде дәл осы Ақ Жайықтың бойында болып өткен шым-шытырық оқиғалардың сюжетіне құрылған ұзақ жыр-дастан еді ғой. Оның басты кейіпкері ару Жайықтың теңдесі жоқ аруы, ақылды да, сұлу мүсінді Қыз Жібек еді... – Қыз Жібек?!. – Иә-иә, Александр Сергеевич... Ақын жүрегі елп етіп, іштей қатты ойланып қалды. Бұның осы жолғы Оралдан көне тарихтың шежіресін мұқият жинастырып, көне қала мен қала маңындағы көптеген көзі тірі куәгерлермен жүздесіп, солармен шүйіркелесе жүріп, мүлдем ойламаған жерден тапқан бір олжасы кешегі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастаны еді ғой! Ақын өзінің сондағы бұл олжасын қапелімде өз уысынан еш шығарғысы келмеді. Ақын емес пе?! Суреткер емес пе?! Бұның бұл өмірде бүлікшіл Пугачевтан басқа да жазарлары әлі аз емес қой! Аһ, кешегі түнде бұл қалайша рахаттанып ұйықтады десейші?! Ал, бүгін алдынан кесе-көлденең тартылған мына жағдай! «Қыз Жібек?! Бұл да ғашықтық, махаббат туралы дастан еді дейді?! Ха-ха! Бұл халықтың жүрегі неткен поэтикалық сезімге толы еді десейші?! Ғашықтық, махаббат хақындағы дастан болса, өзі дәл осы өзі қаншама күндерден бері аунап-қунап жатып, Пугачев тарихына қатысты тағы қаншама шежірелі әңгімелер мен естеліктерді өзінің талайғы қойын дәптерлеріне төгілдірте жазып алған, әрі тағы қаншама жерлерде болып, сондағы тарихи орындарды аралап көрген өңірмен тікелей байланысты болса... Мен қайтып ол туралы ести алмай кетіп бара жатырмын, осы?! Аһ-аһ!..» Александр Сергеевич сәл басын шайқап, қасындағы көшіріне: –Күймені тоқтат!.. Тоқтата көргейсің, жарқыным! Бәлкім, біз жолға шығуды бүгінше сәл қоя тұрармыз?! – деуге шақ қалды да, сосын өзі қайтадан тез-тез есін жиып, өзіне-өзі: «Жо-жоқ, бұның бәрі алдын-ала келісілген жағдайлар еді ғой!.. Ендігі жерде сапар бағытын өзгертуге де, одан әрі кешіктіруге де болмайды!.. Солай!.. Солай!..» - деді ақырын үн қатқандай болып. (Жалғасы. Басы №1 санда)

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз