• Келелі кеңес
  • 02 Тамыз, 2019

ТӘРБИЕСІМЕН ТАНЫМАЛ

Қазақ халқы ежелден-ақ бала, ел-жұрт тәрбиесіне үлкен көңіл бөледі. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, білім-ғылым секілді тақырыптар күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болған. Бала тәрбиесіне аса мән беріп, оның болашағына, өсіп өркендеуіне жіті назар аударды. Келешек ұрпаққа өз білгенін үйретіп, ел тағдырын, жер тағдырын аманат етіп, үлкен азамат етіп өсірген. Елдің келешегі, ұйытқысы осылар деп ел басқару ісінен бастап, отбасы тәрбиесіне дейін үйреткен. Ертедегі данышпандарымыз айтпақшы, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», иә, расымен де, отбасында алған білім біздің тұлға болып қалыптасуымызға ерекше әсер етеді. Бүгінде отбасы құндылықтарын, маңызын ұғындыру мақсатында елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісін «Отбасы күні» деп жариялаған. Елбасымыз Н.Назарбаев «Біз қиын қыстау замандарда да жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» дегендей, ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз ел тәрбиесіне үлкен септігін тигізеді.

«Отан отбасынан бастау алады» мәтелі негізінде біз елді-гіміздің, тұрақтылығымыз бен бейбітшілігіміздің өзегі осы отбасымыз екендігін ұғынамыз. Ежелде оқу ордалары, мектептер болмаған кезде де ата-әжелері, үй үлкендері ауыздан ауызға тараған аңыз әңгіме, ертегілер, жаңылтпаштар мен түрлі мысал-әңгімелерді балаларына үйретіп, оларды көреген етіп тәрбиелеген. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Осы сөздердің өзі бойымыздағы патриотизмді оятатын, жан-дүни-емізге рухани азық іспеттес. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, үлкендердің батасын алу, оларды сыйлау, ұлтымыздың дәстүр-өнеріне, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, әсемпаздыққа баулу баяғыдан атадан балаға жалғасып келе жатқан, қанымызға сіңіп кеткен дәстүр. Ұл мен қыздың тәрбиесіне жеке-жеке көңіл бөлген ата-баба-ларымыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Қызын анасынан тон піштіріп, ұлын өздері секілді аңшы, құсбегі, малсақ, ер мінезді жауынгер, бесаспап етіп тәрбиелеген. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» демекші, қыздарын ұзатып шығарғанша, көз қарашығындай сақтап, қазақтың бар қадір-қасиетін, әдеп-ғұрыптарын бойына сіңдіріп, әулетінің жүзін жерге қаратпайтын асыл жар, болашақ ана ретінде аялап, мәпелеп өсірген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп әрдайым төрден орын беріп, ешқашан бетін қайтармаған, бар асылын қызына жапқан. Ұлдарын ел қорғаны болар батыр етіп, жау шапқанда, қайрылмастан қасқайып тұрар, елдің бірлігін ұстап тұратын азамат еткен. Осындай тәрбиені көріп, сусындап келген қазақтың белді, сауатты, ең бастысы тәрбиесімен танымал адамдарымыз қазір де арамызда аз емес. Бүгінгі қозғағым келіп отырған тақырып ел ұстазы, еңбек және қоғам қайраткері, қайталанбас тұлға Төлеген Көкетаев атам жайлы болмақ. Елінің ардақтысы, халқының салмақтысы болып жүрген Төлеген атам 1950 жылы 2 қаңтар күні ОҚО Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Сарыағаш қаласындағы Ильич атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Ташкент қаласындағы Низами атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының филология фа-культетіне қабылданады. 1972 жылы аталмыш институтты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі  мамандығы бойынша бітіріп, Еңбек жолын М.Лермонтов (қазіргі Төле би) атындағы жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастайды. 1973-1974 жылдары Кеңес Армиясы қатарында Германияда әскери қызмет етті. 1975 жылы Сарыағаш аудандық білім бөлімінің әдіскері, 1983-1985 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-интернаты директорының оқу ісі орынбасары болып істейді. 1985 жылдан 1988 жылдың қараша айына дейін Сарыағаш ауданының білім бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады. 1988 жылы Мичурин (қазіргі Алыбай батыр) атындағы орта мектебінің  директоры, 1990 жылдан 2008 жылға дейін қазіргі Төле би атындағы орта мектебінің директоры, 2008 жылдан 2013 жылдың қаңтар айына дейін М.Өтемісұлы атындағы жалпы орта мектебінің директоры қызметінде жұмыс атқарды. Өзінің ұзақ жылғы мектепті басқару тәжірибесінде балаға деген шынайы махаббат сезімін, оқушылар мен мұғалімдер және ата-аналар ұжымына сенім білдіруді, ізгілік және демократизм принциптерін, педагогикалық ынтымақтастық идеясын басшылыққа алды. 2013 жылдан бері зейнеткер. Сарыағаш аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің маманы. Ақылшы ұстаз әрқашан да өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес. Міне, осындай бар саналы өмірін өзі сүйген қызметке арнап, баршаның ардақтысына айналған мектеп басшысының қол жеткізген жетістіктері де жоқ емес. Ол жақсы ұстаз ғана емес, білікті маман және оның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық, аудандық білім бөлімдерінің, аудан әкімінің, облыстық кәсіподақ комитетінің көптеген грамоталарымен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің үздігі, Сарыағаш ауданы білім беру ісінің құрметті ұстазы, ОҚО білім және ғылым мекемелері кәсіподақ комитетіне еңбегі сіңген қызметкер. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, сондай-ақ 2017 жылы «Еңбек  ардагері» медалімен марапатталған. Ардақты ұстаздың жұбайы – Рыскүл Махамбетиярова. Рыскүл анамыз да өмір жолын мұғалімдікке арнап, бастауыш сыныптарына сабақ берген педагог. 5 перзент тәрбиелеп, ұл-қыздарын үйлендіріп, қазіргі таңда үбірлі-шүбірлі болып немерелерін тәрбиелеп отыр. Отбасындағы балалары да педагог мамандығын алып, бірі Қарағанды қаласында, бірі ОҚО Абай ауданында, енді бірі, менің анам Ғазиза Көкетаева, атам ұстаздық жолын бастаған Төле би атындағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен жоғарғы сыныптарға сабақ береді. «Тәрбиесіз алған білім, білім емес» демекші, отбасымен ұстаздық жолды ұстанған азаматтар бала тәрбиесіне де, оның біліміне де аса көңіл бөліп, шәкірттерін сауатты, көзі ашық, көреген тұлға етіп шығаруда. Ұстаздық жол үлкен сабыр мен қайраттылықты, қайсарлықты талап ететін қиын жол. Осы жолда баланың өсіп-өнуі ұстазға байланысты. Атам әрдайым сыпайы, қарапайым болыңдар дейді, ол кісінің айтқан өсиеттері, нақыл сөздері барлығымызға әрдайым дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Отбасы құндылықтарын басты орынға қоятын атам барлық мерекелерде біздерді жинап, дастарқанын жайып, сыйлықтар береді, әрдайым шаңырақтың ұйытқысын ұстап отырады. Елімізде менің атам секілді азаматтар аз емес. Бұл кісілердің тәрбиесін көріп, батасын алған балалар салиқалы, сауатты тұлға болып шығуы айдан- анық. Тәрбиесімен танымал деп осындай кісілерді айтса керек...

Балжан СМАНОВА, Қазақ-Америка университетінің студенті

872 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз