• Келелі кеңес
  • 04 Қараша, 2019

«ТӨРКІНДЕТУ» – ТЕРАПИЯНЫҢ ТӨРЕСІ

Күншуақта екі қарт отыр. Біріне-бірі қарап өткен күндер елесінен сыр шертіседі. - Шіркін, біздің бала кезімізде қандай еді? Апамыздың майға езіп берген наны сондай тәтті болатын. Қыраттарға жуа көп бітуші еді ғой. Ауыл-аймақтың татулығы ше? Мұғалімді көрсек, бас киімімізді қолымызға ұстап, қашан ұстаз өтіп кеткенше тыпыр етпей тұрушы едік. Қазіргінің баласы бала емес, пәле, - деп алып, оралмасқа кеткен балдәурен кезеңнен сыр шертті дейсіз бір. «Үлкен кісілер өткенін неге сағынады екен? Ол кезде ғой, барлығы қат, тапшы болды. Қазір ше, не ішемін, не киемін демейсің» деп, мен өзімше ойға шомдым. Бірақ, адам қанша есейгенімен, қарттық деген қастерлі ауылға мысықтабандап жақындап қалғанымен, көңіл шіркін қартаймайды. Адам қанша жасағанымен, өзін жас сезінеді. Ғасыр жаңалықтарының игіліктерін күнделікті пайдаланып отырсақ та, неге екенін кім білсін-ай, өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарының іздері біз үшін тым ыстық. Сол жылдары көрген «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры», «Кавказ тұтқыны», «Ұстатпайтын кекшілдер», «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері», тағы басқа да кинофильмдерді, сол жылдары шыққан әндерді үздіге, құныға, қызыға қайта қарап шығудан, тыңдаудан жалықпаймыз. Неге? Сөйтсек, мұның өзі өткеніңді бағамдау ғана емес екен. Ескілікті дүниені санаңда қайта жаңғыртудың өзі адам психологиясына жайлылық, тыныштық, рахат сияқты сезімдерді сыйлайды деседі ғалымдар. Шетелдік ғалымдар зерттеулеріне жүгінсек, бұрынғы сәттерге қайта оралудың адам психологиясына әсері едәуір. Мәселен, сіз жасырақ кезіңізде спорттың белгілі бір түрімен айналыстыңыз делік. Міне, осы дағдыны қартайғанда да тиімді қайталасаңыз, бұдан ұтпасаңыз, ұтылмайсыз. Осы арқылы да сіз өткен күндерге саяхат жасай аласыз. Сол күндердің елесі сізді алдағы армандарыңызға жетелеуі бек мүмкін. Біз көбіне бұрынғыны аңсау ескіліктен қол үзе алмағандықтан деп санаймыз. Ал, мұны ғалымдар бүгінде басқаша түсіндіріп отыр. Адамдардың бірқатары үйреншікті сүрлеумен жүруді қалайды емес пе? Сондықтан, үсті-үстіне бола берген жаңалықтар мен өзгерістер адам психологиясына кері әсер етеді екен. Мұны ғалымдар кво статусы деген терминмен байланыстырады. Ендігі бір сәтте ғалымдар бұрын оқыған кітабын қайталап оқығандармен, бұрын көрген киносын қайта қарағандармен, тіпті, кеше танысқан интернет парақшасындағы оқиғаны қайтара көргендермен сауалнама жүргізген. Сынақ не көрсетті дейсіз ғой. Сөйтсе, адамдар эмоцияға берілуді ұнатады әрі қалайды екен. Қайта қарау жаныңызға жақын суреттерді жаңғыртады. Өзіңізбен өзіңіз оңаша қалып, өткен күндерге саяхат жасайсыз. Бұдан соң, көңіліңіз өсіп, әлдебір ұмытқан затыңызды қайта тапқандай тоқмейіл күйге түсесіз. Көңіл тоқтығы-жан тыныштығы. Демек, сіздің жүйкеңіз орнына түсе бастады. Адамдар қандай да бір ақпаратты жеңіл қабылдағанда және өңдей алғанда ғана тиімділігін көреді. Ескіні қайта көру адамдарға сол үшін де ауадай қажет. Өйткені, бұрынғысын кім де болсын жеңіл түсінеді. Осы ретте аңсау ұғымы келіп килігеді. Ол тарихи және автобиографиялық болып екіге бөлінеді. Айталық, кеше Кеңес өкіметі тарқағанда, «Коммунизмді сағынып жүрмін» деген тәріздес мақалалар көбейді. Неге? Өйткені, сол кездің игілігін көп көргендер жаңа қоғамға икемделе алмады. Ал, жеке өміріне байланысты өткен күндерді аңсау-тағдырыңның түрлі тарамдарына тікелей қатысты. Біздің қазақта тамаша бір дәстүр бар. Мұны «төркіндету» деп атайды. Қыз болса да жат жұрттық. Сол жақта өсіп, өнеді. Алайда, оның балдәурен балалық шағы қалған төркін жұрты бар емес пе? Бұл жерде тұрмысқа енді шыққан қыздың төркіндеп келуін айтып отырғанымыз жоқ. Мұны «төркіндеу» деп атайды. Жатжұрттық қыз балаларын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, әбден кемеліне келген кезде төркініне салттық жөн-жора бойынша арнайы жасау-жабдығымен қайта барады. Мұны қазақтар жоғарыда айтқанымыздай, ырым етіп «төркіндету» деп әспеттейді. Өйткені, өздігінен бара алмайтыны белгілі. Оның үстіне, бұл жолы сол ауылдың қызы зәузатымен, үрім-бұтағымен барады. Міне, осы кезде әлгі әжеміз өзінің қыздәурен шағы қалған күндерін еске алып, бір жасап қалады. Төлеген Айбергеновше айтсақ, «кемпірлер қыз күнін сағынады». Осыдан соң ауру-сырқауы мен аһілеп-үһілеуі әдәуір кемиді. «Төркініме келіп, қайта қыз болдым ғой» деп отырады сексенге, тоқсанға толған ақ жаулықты әжелеріміз. Бабалар бұл жоралғыны не үшін ойлап тапқан? Өйткені, өткен шаққа саяхат емнің атасы екенін олар бізден жақсы білген. Мұны шетелдік ана дәрігер, мына психолог ойлап тауыпты деп біз бүгінде дабырайтып айтып жүрміз. Бабаларымыздың бағзы әдеп-ғұрыптарында, салт-дәстүрлерінде мұндай тиімді терапия толып жатыр. Тек біз олардың бағасы мен мәнін кеш түсініп отырмыз. Мәселен, үлкендер неге ескілікті дүниелерге әуес. Өйткені, ескіні еске түсіру арқылы адам алдына барлау жасап қана қоймай, сағынышын басады, сол арқылы көңілі жай табады. Ал, жайлылық қашан да пайдалы жағына қызмет етеді. Бүгінгі шетелдік медицинада рухани терапия деген жаңа термин пайда болды. Арнайы тренинг өткізіп, оған қатысушыларды туған үйін, ауласын, достарын, мектебін еске түсіруді сұрайды екен. Осы шара аясында жоғалтып алған адамдармен қайта қауыштырып, екеуара бұрын ренжісіп қалса, қайта татуластырады. Ішкі әлемі әлем-тапырақ, өткенді еске алуға қорқатын адамдарға осы терапия жиі қолданылады деседі. Дәл осы терапия қазақта әлімсақтан бар. Мысалы, қазақ Наурыз мерекесінде құшақтасып қауышады, ренжісіп қалған жайы болса, бір-бірінен кешірім сұрайды. Наурыз-татулық айы, бірлік айы, кешірім айы. Сондықтан, адамдар бір-бірімен қайта қауышқанда, бұрынғы өкпе-наздың барлығын ұмытады. Мұндай дәстүр айт күндері де жалғастық табады. Біздің қасиетті Құран-Кәрімде де бұл мәселе жан-жақты айтылады. Құран-Кәрімде «кешірім» сөзі 234 рет қайталанады екен. Демек, кешірімділікке ерекше мән берілген. Бұл туралы Құранның «Мәйда» сүресінің 39-аятында «Кім де кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубесіне келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді» делінеді. «Әли Имран» сүресінің 134-аятында «Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істегендерді сүйеді» деп кешірімді адамдарға Ұлы Жаратушының ерекше мейірімі бар екенін жеткізеді. Міне, Құран-Кәрімді білетін, Наурыз, айт мерекелерінде өкпелетіп алған адамынан кешірім сұрай білетін мұсылман өзін жеңіл сезініп, өмірге қайта келгендей жақсы көңіл-күйде қалмас па? Адам санасындағы рухани тыныштықты қалпына келтірудің мыңдаған жолдары бар. Мұны қазақтар бұрыннан білген. Халықтық медицинада жүйке тыныштандыратын талай тәсіл бар. Санаңызды сан сұрақ сансыратқанда, тіршіліктің бітіп болмас тауқыметтерінен қажығанда, қиял әлеміне сүңгіп кетудің пайдасы зор екенін қазіргі психологтар тынбай айтып келеді. Мәселен, сіз бала кезіңізде сүйіп тыңдаған немесе өзіңіз орындаған әуенмен қайта қауышсаңыз, қандай көңіл-күйде боласыз? Әрине, балалық шаққа қайта оралғандай желпініп қаласыз. Осы аз ғана сәт сізге жақсы әсер етеді. Бұзылған жүйкеңіз сәл де болса орнына түседі. Бастысы, бір жасарып қаласыз. Енді, базбір адамдар коллекция жинауға әуес. Тіпті, біреулер кинотеатрға кіргендегі, ұшаққа мінгендегі билеттерін де жинап жүреді. Біреулер фотоальбом ақтарғанды жаны сүйеді. Ақысыз демалыстың бұл түрі де сізді жадырау атты жақсылық жағалауына жақындата түседі. Ендеше, өткенге қайта оралып отырудың еш сөкеттігі жоқ екен. Сарытап сағыныштың да ем болатыны осындайдан ғой...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз