• Келелі кеңес
  • 28 Желтоқсан, 2019

ОРМАН ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Аян-Сейітхан Нысаналин, Қазақстанның құрметті журналисі

Бауырым Есенғали! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын байқұт заманда өмір сүріп жатқандай көкірегіне нан пісіп, төбесімен көк тіреп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүрген кеуек бастар (Ақыл азабын тартудың керегі не? Көп адам алды-артына көз жіберіп ойлағысы келмейді. Біреуден ілгері, енді біреуден кейін тышқан тіршілік етсе болғаны емес пе?) мекендейтін жер бетінде еңбегі еш, тұзы сор халықтар аз ба? Күн жүйесіндегі адамзат ата қонысының тұрғындары сынаптай сырғып өткен уақыт сайын көбейіп 6 миллиардтан асып жығылғанын менен артық білетініңе еш күмәнім жоқ (Егер, олар1000 жылы 275 миллион болса, 1900 ж. – 1,6 миллиард, 1988 ж. басында – 5 миллиард, 1994 жылы 5,5 миллиардқа жетті). Сол жұмыр басты пенделердің рухы, тұрмыстық және басқалай қат қажетін өтеу оңай ма? Бұл әр елде әрқалай шешіліп келеді. Туған топырақты абаттандырып, гүлдендіру әр түлектің перзенттік парызы десек, Бейнеуге барып, 6000 көшет отырғызып қайтқаның құптарлық қадам. Бірақ, дарбазасына жергілікті әкімшілік «Есенғали орманы» деп жазыпты, бәлкім болашақта оны Есенғали тоғайы, бағы не гүлзары десе әлдеқайда жарасымды болмай ма? Қазақ әу бастан орман-тоғайға жарыған емес. Аумақ-көлемі жағынан орасан, үсті де бай, асты да бай жеріміз дүниежүзінде тоғызыншы орын алса (11,5 миллион га), оның 4% астамына ағаш, бұта, тағы басқа тал-дарақтар өседі екен. Соның өзін ұқсата алып жүрміз бе? Бұл жағынан мырза Құдай сәл сараңдық жасағандай (Мені кешірсін!). Қаншама онда өсімдіктердің кез келген түрі тамыр тартпайды, қалың жапырақ жайылмайды дегенге өз басым сенбеймін онша. Ұрпақтарға «мал қалғанша тал қалсын» дейтін асыл ұғымды ұстанған ата-бабаларымыз қоршаған орта мен табиғатты көз қарашығындай күтіп, сақтап отырғаны үлкен тәлім түйгізеді. Ұлы даланың кейбір пұшпағы шөл мен шөлейт екеніне қарамастан, оны көгалдандыру мәселесі қай кезде де өзекті болғаны аян. Басқасын айтпағанның өзінде, «Гүлстан» жорналының бас сарашысы, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Гөзел Құлжабаева ханым Алматы облысындағы Басшиде Абай бағында (!) 2 га қарағай, 7 га көктерек тоғайын мәпелеп, осы ауылда халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 5 га алма бағын, 10 га «Батыр ана» саябағын отырғызуға мұрындық болып, қамқорлық жасап жүргені үздік үлгі. Бәрекелде! Ана бір жылы байшыкештер Медеу шатқалына жақын жерде есепсіз дөңкиген ғимараттар сала берген соң, жер көшіп, қаншама шыршалар, тал-дарақтар набыт болып, кесілді, отқа жағылды, қалдығы қоқысқа тасталды. Обал-ай! Басқалар бүйтпес еді. Құлаған ағаштарды дегдітіп, көзін тауып, кәдеге жарататындар да бар екен. Жанашыр қамқорлық пен іскерліктің шегі жоқ. Италияның Терентано уәлаятында дауылдан құлаған ағаштарды кәсіпкер Ф.Оньибени 230 мың еуро жұмсап, оларды сақтап, өңдетіп 15 мың сазсандық, 2 мың арфа, 18 мың гитара мен скрипка жасатуға белбайлап, бастама көтеріпті. Қызығарлық қарекет. Тіпті бұндай іске таңқалуға бола ма? Бұл елден саз аспаптарын жақсылап жасайтын қаншама ісмер зергерлер шықты. Даңқты шебер Антонио Страдивари мұрагерлерінің әлі де көп екеніне түк күмән келтірмеймін. Ал, адамдардың ашкөзді әрекетінен Алатау баурайындағы құлаған ағаштарға жаны ашып, шұғыл шара қолданудың орнына, олардың тағдырына алаңдаған жұртқа жауапкершіліктен қашқақтап, тымпи ойнағандай біздің ауылшаруашылық жөніндегі бұрынғы уәзір А.Мамытбеков «Тимеңіздер, өздері шіріп, топырақты тыңайтады» деп ақылсиды. Қайткенде де бүкіл Ұлы даланың қай пұшпағын абаттандырып, гүлдерден үлде мен бүлдеге орандырып, жасыл желекке бөлеймін десең де артықтық етпейді еш. Қасым Аманжолов Қиыр Шығыстағы майданға кетіп, не қайтып келе жатқанда, Байкөлдің ақ балтырлы қайыңдарына би билетіп, Т.Жароков «Жапанды орман жаңғыртты», Ә.Тәжібаев «Жалғыз ағаш орман емес» деп бәйек болса да, қазақтар бірнеше тал-дарақтар өскен өлкені орманды дей бермеген. Әсте шексіздікті шектеп, көкжиек кенерені көлегейлегенді қолай көрмегендей. Кеген мен Жалағаш орман шаруашылығы орналасқан атырапты Тартоғай дей салды. Бұл неге ескерілмейді? Әрине, жай мақтан үшін айтылып отырған жоқ. Менің Долан өзенінің (туған жерім Досан) бойындағы алақандай саяжайымда екі: ақындар мен гүлдер аллеясы бар. Онда Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Жұмекен мен Бекен аталатын алмаағаштар өсіп тұр. Құдай қаласа, Аманхан мен Есенғали алмұрты егілетіні ойда жүр. Атамзаманнан әлемде орманды табиғаттың өкпесі деп қарап келді. Небір мәуе көшеттері егіліп, өсіріліп, мәпеленіп жүр. Азия жолбарыстары қатарына кірмесе де, кішкентай Филиппины жұртының орманы жерінің 46 % алып жатса да, әр оқушы мектепті бітіргенше бір шыбық шаншуға міндеттеп, арнайы заң қабылдағаны тамаша тәлім емес пе? Бұнда жылына 17 миллион түлек оқу бітіреді екен. Аталмыш құжатты қабылдатуға бір парламентарий бастамашы болыпты. Халық қамын ойлау осындай-ақ болсын. Ал, біздің шалажансар депутаттардың біреуі өсті ме? Әйтеуір бір әлдекім құлаққа кірмейтін ұсыныс айтып, Амур жолбарыстарын Балқаш өңіріне әкеліп жерсіндірсек деген күмәнді ой тастапты. Одан не өнеді?.. Мен Орталық Ресейді түгел армансыз аралап, Ясная Поляна (Ақсәуле Алаңқай), Спасское-Лутовиново, Шахматово, Константиново және Мелиховомен етене жақын танысып, төтеннен тиген тілсіз жау ешкімді де аямайды. Ол Қазақстанды айналып өтпей, қау шөппен бірге ағаш, сексеуіл тоғайларды тып-типыл етіп өртеп, табиғатқа недәуір нұқсан келтіргені мәлім. Қарағанды облысында 2,7 мың гектар жер, Жамбыл уәлаятында – 37 мың гектар жер, Ақтөбенің Хромтау, Мәртөк, Ойыл, Шалқар, Қарғалы аудандарындағы 2 мың 800 гектар аумақ жалын құшағында қалып, зардабы тұрғындарға да тиді. Ақмола облысындағы бір ғана Масақбай жайылымында 280 гектар жерді өрт жалмаса, Алматы облысының Талғар, Панфилов аудандары тартқан зияны аз емес. Салғырттық салдарынан кісі қазасы да бар. Әрине, от өздігінен өзі тұтанбайды. Аранын ашқан апат артында жаратылысқа жаны ашымайтын адамдар тұр. Оның үстіне, қайнар көзі мүлде аз жерімізде көктем сайын мұз жүргенде тоқымдай орман-тоғай мен мекен-жайларды өзендер арнасынан асып, тасып, су басып әлек-шәлек болып, жататыны қалай? Онсыз да ауыз суға жарымай отырған ауылдар көп емес пе? Боркемік билік алдын ала қам жеп, бұған дер кезінде дайындық жасап, неге араласпайды? Усть-Куттан (Үстіқұт) бастап, Тынық мұхиттағы Аян қаласына дейін Бүкілодақтық екпінді құрылыс БАМ күретамыр жолы бойымен ұшақ, вертолетпен ұшып, көлік мініп, жаяу-жалпы жүріп өтіп, кітап жазып, іздерім қалды. Байкөлдің маңайында ежелгі түркілердің жер бедеріне қарай, Енесай, Ақтоғай, Қолтық, Тыңда деп ат қойғанына қайран қалдым. Ата-бабаларымыз қандай әулие. Табиғатқа қылдай қиянат жасамаған тіпті. Өнеге ме? Әлбетте. Ібір-Сібірде емін-еркін жүріп, ормандар мен тайганың көкесін көрдім. Теміржолға төсенішке жолдағы қарағайлар, самырсындар, жөкелер, емендер, үйеңкілер мен қайыңдарды қыста белуардан кесіп тастағанын аяп, көзіме жас үйірілді. Мүгедек күйген ағаштар аяныш туғызды. Доғал, оғаш, атүсті іс-қимылдарымыз қанша? Шаян, Бөген, Арыстанды бойындағы сәмбіталдар мен жыңғыл тоғайлары қараусыздан тып-типыл болып, өзен арналары тартылып, тайыз тарта бастағаны ешкімді ойландырар емес. Әлі де жиі-жиі ауылдағының аузы сасық деп жатамыз. Ол ескіргелі қашан. Небір жақсылар мен жайсаңдар содан шыққан жоқ па? Бәріне төрелік беріп, қара қылды қақ жаратын уақыт алдияр. Жақсы ма, жаман ба ойымыз тайғанақтай береді. Бізде әлі күнге дейін Әбілқайырдың ұрпағы Жәңгір ханға лайықты баға берілмей келеді. Оны мүлде ақтайын деп отырғанымыз жоқ (Қит етсе, Исатай Махамбет көтерілісін басты деп шығамыз бетіне салық қылып). Теңіз бен өзен жағалауындағы шүрәтті жерлерді тартып алып, патшаның кеңсе-күшіктері тізе батырса, қалған жемтіктерін хан мен билер бөксесіне басса, бұқара көтерілмегенде не қылады. Ол Бөкей Ордасын құрып, Нарын құмындағы шөлейтті гүлзарға айналдырып, түрлі ағаш-тоғайын тұрғызып, алма бағын жайқалтқан жоқ па? Бала-шағаны оқытты. Жиып-терген кітаптар мен қолжазбаларды Лев Толстой оқыған Қазан университетінің қорына тапсырды. Қазақтағы тұңғыш генералды тәрбиелеген де сол. Ұлт мәдениетін өркендетіп, дамытуға ұрпақтары қаншама үлес қосты. Дала өркениетін өрбітті. Отбасынан бастап, айналасындағылардың біразын еуропаша білімге сусындатты. Түлкі заманда тазы болып шалды. Біз ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан сол азғантай орман-тоғайларымызды иеленіп, күтіп, сары майдай сақтап, қадыр-қасиетіне жете алып жүрміз бе? Жәңгір Нарын құмының ішіне бау-бақша егіп, Иранбағына айналдырса, балдызы, қазақтың тұңғыш табиғаттанушыларының бірі, Орынбор кадет корпусын бітіріп, еліне ағартушылық жасаған Салық Мұхамбет Бабажанов (1831-1871 жж.) орыстың «Русский вестник», «Северная пчела» және «Охота» жорналдарына қыр өмірі, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүр жөнінде жаза жүріп, «Егінді құдықта» 1700 түп алмағаш, 300 түп шие және 517 түп басқа да жеміс көшеттерін отырғызса (Дәулеткерей Шығайұлының «Салық өлгені» күйі соның жоқтауы), інісі Мұхаммед Қанапия Бабажанов (1832-1898 жж.) орыс шығыстанушысы В.В.Григорьевтен «қабілетті, тамаша білімпаз адам» деген жоғары баға алып, қазақ мүддесін қорғап, бірнеше этнографиялық мақалалар жазған (мәселен, «Қазақтардың Ішкі Ордада жылқы бағуының жай-жапсары»). Қазір бұл аймақ Ресейдің Капустин Яр сынақжайы (полигон) болып отырса, іш қазандай қалайша қайнамайды. Не шара? Әлдебір бақай есеппен олардың тез ұмытылатыны қалай? Өкінішті. Азғыр, Байқоңыр, Сарышаған мен Возрождение тұрғанда, Қазақстан экологиясы жуғарамда оңала қоймас. Ауызды қу шөппен сүрте бермеген абзал. Биылғы тамызда Алматы атырабындағы айшықты Аюсай шатқалында өткен «Бірге – Таза Қазақстан!» шарасына отандастарымызбен қатар Қырғызстан, Қытай, Айастан, Оңтүстік Корея, Иран, Индия, Македония, Алмания, Литва, Латвия, Чехия мен Сенегал елшіліктері қызметкерлері қатысқаны қатты қуантты. Олар 9 тонна кір-қоқыс жинаса, игі бастаманың басы-қасында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, министр Бейбіт Атамқұлов, Алматы қаласының су жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев және басқа лауазым иелерінің болуы оған аса үлкен мән берілгенін көрсетеді. Артынша осындай ұйымдастыру шарасына 1,5 мың кісі қатысып, Көкжайлау үстіртінен 6 тонна қоқысты тазартты. Алайда, бұл алапат өртке қарсы қарлығаштың қанатымен су сепкендей мардымсыз іс-қимыл. Сыңсыған сәмбіталдар мен жыңғыл тоғайлары тып-типыл жойылып, бұлақтар мен өзендердің арнасы тартылып жатыр. Арыс пен Ақсу жағасындағы Жиделер жидіп, сиреп, сидиып қалды. Бұған кімдер кінәлі? Бұл да табиғатқа тұтынушылықпен қараудың кесірі. Әйтеуір, одан-бұдан үміт шоғы жылт-жылт етеді. Жазға салым Алматы облысы мектептерінің бірталайында «Этосағат» өткізіліп, көзбояушылық болмаса, түптің түбінде шынарға айналатын 30 мың түп шыбық шаншылды. Кішігірім орман өсіру өстіп басталмай ма? Гимназия, лицей мен түрлі жоғарғы оқу орындарында туған табиғатты түлетіп, қоршаған ортаға қамқорлық пен жанашырлық жасау мәдениетінен жиі дәріс беріп, жақсы жүйені одан әрі дамыту жұмысы жалғаса берсе дейтін тілек туады. Қай салада болмасын, жауапкершілік тетігі табылса, игі емес пе? Көп күттірмейтін зор мәселенің кезегі әлдеқашан жеткендей. Қайта-қайта қайталап айтайын, елімізде жалпы көгалдандырып, жасыл желекке бөлеуге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Ол өзі неден басталады? 1976 жылы әупіріммен жарық көрген Қазақ Кеңес анықтамалығында орманға мынандай сипаттама береді: «Орман – жер бетіндегі өсімдіктердің негізгі типі. О-да ағаш, бұта, шөптесін өсімдіктер, мүк, қына, т.б. өседі. Бұлар бір-біріне әсер етіп қоймай, сыртқы ортамен де тығыз байланыста болады». 2005 жылы шыққан «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» оған былай орайлас үн қосады: «Орман – жер бетіндегі табиғи қорлардың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі. О-да ағаш, бұта, шөптесін өсімдіктер, мүк, қына, т.б. өседі. О қорлары бүкіл биосфераға тіршілік үшін, оның ішінде адамзат қоғамы үшін аса маңызды. Тиімді пайдаланған жағдайда өз-өзінен қайта қалпына келіп тұратын таусылмайтын табиғи қор. О ағаштарынан үйлер, тұрмысқа қажетті заттар, қағаз, т.б. алынады. О-дағы ағаштардың арасында жидектер мен саңырауқұлақтар өсіп, өнім береді. Содан нәр табатын жан-жануарлар мен өсімдіктер көп». Немқұрайды. Салғырт. Гәп кім кімнен көшіргенінде емес. Бұл тақырыпқа неге солай немкеттілікпен қараймыз? Сонан соң ба, біздің әкім-қаралар оған атүсті, бей-жай күйі, ешнәрсе болмағандай, мардымсыз мән береді. Жалпы ағаш кім үшін және не үшін егіледі? Жаратылыс өзіне жабайы қарым-қатынас жасағанды ешкімге де кешірмейді. Таяқ тастам жерде іргеде тиіп тұрған Алматыдағы Баум тоғайының мүшкіл халі неге тиісті орындарды ойландырмайды. Оңтүстік астананың солтүстігін тұтас нәрлендіріп тұрған Д.А.Қонаев атындағы Үлкен каналдағы елімізде қырықтан аса қала салдырып, оның өркендеуіне үлес қосқан мемлекет пен қоғамның ірі қайраткерінен оны да қызғанғандай, есімі өшірілгені дұрыс па? Жұрттың азды-көпті әжетін ашып, кәдесіне жарап тұрған Жосалы, Индербор және өзге мекендердегі ескі саябақтарды мүкам бара етіп, тоздырып, әбден түбіне жетіп, олардың жаңасын жасаудың қажеті бар ма еді? 164 миллион теңгені желге ұшырғандай, Өскеменде Ертістің сол жағалауында адамдарға қызмет етуге арналған этнобақтың тағдыры тәлкекке ұшырады. Жоғарыға жағыну үшін Құлсары кентінде елу түптен аса қураған шыршаны отырғызып, көзбояушылық жасау ақылға сия ма? Айта берсе, бұндай-бұндай сорақылықтар аз ба? Базбір БАҚ-тардың мәліметінше, Ақтөбеден ондағы әуежайға апаратын жол жиегіне бір мың түп көшет отырғызылып, күтім мен баптауы жоқтықтан, көп ұзамай, қурап кетіпті. Ақтау қаласын көріктендіріп, көгалдандыруға бөлінген недәуір қаржы рәсуа болып, соншама жас шыбықтар көктей солып, тамыр тарта алмай, қатігездікке ұшырапты. Теңіз жағалауына әдейі егілген жасанды пальмалар да тақсіретке тап болғандай. Сонымен бұл мақсатқа жұмсалған 700 миллион теңге зая кетті деген сөз. Шымкенттегі жақсы ниеттен туған «Шатқал» бағдарламасы да көп шу туғызып, ақыры бастама облыстың бұрынғы әкімі ауысып кеткен соң, шатқаяқтап, сиырқұймышақтанып тынды. Сиреген сексеуіл хикаясы өршіп барады. Арал жағасындағы Ақеспе, Аралқұм, Қаратерең ауылдарын құм басып қалды. Созақ, Мойынқұм, Сарытауқұм түздеріндегі жағдай мәз емес. Халық әзелден шөлейттегі көшкінге қарсы барынша сексеуілді пайдаланып келді, өйткені, оның бір түбі 4 тонна құмға тосқауыл болып тоқтата алады. Сол себепті тартылған теңіздің табанындағы 6 мың гектар аумаққа сексеуіл отырғызылыпты. Жаңа қайта құрылған Түркістан облысындағы 43 тонна сексеуіл тұқымы 7000 гектар жерге себіліпті. Енді оның қаншасы көктеп, Бетпақдала мен Жетіқоңырдың қай ойрандалған орманы, түпкілікті титықтап тозып тамтығы қалған тоғайларының жыртығына жамау бола алады? Қызылқұм мен Қызылқұм керімсалы, ақикөс ақ бораны өтіндегі ел-жұрттың мүшкіл қал-жайы не болар екен? Академик Қ.Сәтбаев «Қазақстан – табиғаттың бай қоры» дегенмен, мен ғажап ғұмырларды көрген зәулім шынарларға қимастықпен ұзақ қарадым. Жаныммен жарасым тапқандай. Республика түпкір-түпкірін аралап, бәрін көріп, біліп жүрген саясаткер М.Тайжанның айтуынша, жеріміз тұтас тозып барады. Солай бола тұрса да, Алматыдағы апорт бағы аяусыз оталып, орнына далиған үйлер салынғанын билік білмейді емес. Біртүрлі SOS алдында тұрғандаймыз. Есенғалижан! Бізде экологиялық мәдениет жоқтың қасы. Қаскөйлер (броконьерлер) қорқаулық пиғылмен онсыз да азайып бара жатқан орман-тоғайды тағылықпен таптап, аң мен құстарын атып, қоршаған ортаға қырғидай тиеді. Тұмса табиғатқа тек тұтынушыдай тоқмейілси қарау тиылмай келеді әлі. Жәмиғатқа қатігездік жасайтындар енді табиғатқа ауыз сала бастапты. Бұның бәрін ойлағанда жан ауырады. Әріптестерді әдебиеттің көкейкесті мәселелері көп толғандырып отырғанда, орман-тоғайды тілге тиек еткеніме ғафу ет. Биыл өзі өрт жылы ма? Ресейде 4 миллионға тарта гектар орманды жалын жалмап жатыр. Теріскей көршімізде үстіміздегі жылғы тамыз айының басындағы өршіген орман өртіндегі 122046 гектар аумақтағы 160 от ошағы тіркелгені мәлім. Олардың зардабы Еуропа елдері ғана емес, Қазақстан мен алыс жатқан Америка құрлығына да тиіп жатқандай. Бразилиядағы Амазон алқабындағы ну жыныс джунгли де тілсіз жаудың құшағына оранды. От ошағы басылмай, одан сайын өрши түскендей. Африка құрлығындағы жағдай да әлем жұртшылығын алаңдата бастағандай. Антолгада 6902, Конго Демократиялық Республикасында 3395 өрт болғаны белгілі. Жер шарының әр тұсындағы болып жатқан өрт кесірі біртұтас табиғаттың өзгеруіне әсер етпей қоймайды. Құдай сақтасын!!!

725 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз