• Тарих толқынында
  • 22 Қаңтар, 2020

АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЭТНОГЕНЕЗІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Берекет Кәрібаев, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Отандық тарихнамада қазақ этногенезінің басталуы кем дегенде қола дәуірінен басталады деген тұжырым берік орныққан. Сол дәуірден қазақ этносының тарих төріне көтерілген XV ғасырға дейінгі үш мың жылдық дәуірі – қазақ этносының қалыптасу жолы делініп, ол өз ішінде бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Олар – қола, скиф-сақ, ғұн-үйсін, түрік, оғыз-қыпшақ, Алтын Орда мен Ақ Орда дәуірлеріндегі этникалық кезеңдер болып саналады. Соңғы кезең уақыт жағынан алғанда ХІV ғасырдың ортасы мен ХV ғасырдың ортасы аралықтарын қамтиды. Алтын Орда дәуіріндегі этникалық дамулардың заңды қорытындысына моңғолдық этноэлементтердің қыпшақтану процесінің аяқталуы, соның нәтижесінде жаңа этноқауымдастықтың дүниеге келуі жатады. Ол этноқауымдастықтың «өзбек» деп аталғандығын жазба дерек мәліметтері дәлелдейді.

Дешті Қыпшақ аумағында ХІV-ХV ғасырлардағы болған этносаяси дамулар барысы өзбек этноқауымдастығынан «көшпелі өзбектер» атты этнобірлестіктің дүниеге келгенін көрсетсе, ал, одан өз кезегінде ХV ғасырдың ортасында жеке халық ретінде қазақ этносы бөлініп шығады. Қазақ этносының тарих мінберіне көтерілуі Қазақстан аумағындағы бірнеше мың жылға созылған этногенездің өз мәресіне жеткендігін көрсетеді. Біз төменде осы қазақ халқының этногенезіндегі соңғы кезеңге талдаулар жасаймыз. Алтын Орда тарихында Өзбек ханның билігі тұсы саяси тарих тұрғысынан алып қарағанда бір орталыққа бағындырылған мемлекеттік жүйенің құрылуымен, Жошы Ұлысы – Алтын Орданың орта ғасырлардағы ірі мемлекетке айналуымен ерекшеленсе, ал, этникалық даму тұрғысынан қарағанда, ХІV ғасырдың алғашқы жартысы мен ортасы, жалпы этногенез барысындағы кезекті бір этникалық кезеңнің аяқталып, жаңа этникалық кезеңнің басталғандығын көрсетеді. Жошы Ұлысы құрылған тұста оның аумағындағы жергілікті қыпшақ тайпалары және жаулап алу барысында Моңғолия аумағынан қоныс аударған түрік тілдес, моңғол тектес тайпалар Дешті Қыпшақтың этникалық келбеті мен бет-бейнесіне біршама өзгерістер әкеледі. Бірақ та қыпшақтану үдерісі сырттан енген этноэлементтерді бір ғасырдан астам уақыт бойы бойына сіңіріп, этникалық негізі қыпшақтық болған жаңа этноқауымдастықты дүниеге келтіреді. Ол этноқауымдастық – «өзбек» деген атауға ие. Жалпы алғанда, өзбек атауының шығуына байланысты зерттеушілер арасында ортақ пікір жоқ. Бұл жөнінде пікір айтқандардың бір тобы «өзбек» атауының шығуын Алтын Орда ханы Өзбектің есімімен байланыстырса, екінші бір тобы бұл пікірге қарсылық білдіріп, атаудың пайда болуын «өзі» немесе «өз» сөзі мен «бек» сөздерінің қосылуынан шыққан деп көрсетеді. Ал, Г.Вамбери, А.А.Семенов, Б.А. Ахмедов, З.Қинаятұлы секілді зерттеушілер өз тұжырымдарын дерек мәліметтері арқылы негіздесе де, бір-біріне қарама-қайшы келетін пікірлерге тоқтайды. Мысалы, Г.Вамбери өз ойын: «Түрік халықтарында мынадай бір ерекшелік бар: олар өз билеушілері ішіндегі атағы кең тараған билеушінің немесе жалпыға ортақ мекемелерді енгізгеннің есімін мәңгі сақтау үшін оның есімін қабылдап отырған. Сол есімді олар өздерінің екінші түп атасы етіп, сол арқылы өз мемлекеттілігінің гүлденгендігін және әлемдік тарихтың аренасына көтерілгендігін көрсетуге паш еткен», – деп негіздеуге тырысады да, одан әрі ол өз ойына дәлел ретінде Византия империясының орнына келген түріктердің өз көсемі Османның есімімен османдар деп аталғандығын дәйек етіп, дәл сол сияқты Көк Орданың шығыс бөлігіндегі, яғни, Еділ мен Арал теңізінің аралығындағы түрік-моңғол тайпалары Жошы әулетіндегі тоғызыншы хан – Өзбектің есімі бойынша саяси жинақтаушы өзбек атауын қабылдады», – дейді. Қазіргі кездегі тарихшылар арасында бұл мәселеге тереңірек барып, өз ойын білдірген тарихшы – З.Қинаятұлы. Ол Низам ад-дин Шамидың, Шереф ад-дин Иездидің мәліметтеріндегі «өзбек» сөзінің қолданысына, мәні мен мағынасына талдау жасайды да: «Сөйтіп, Өзібек атауы Әмір Темірдің тұсында дала көшпенділерін отырықшы батыс Қыпшақ бөлімдерінен ажырату мағынасында, орталыққа басыбайлы емес, өз елі бар, өз билігі өзіндегі көшпенділердің билеуші Бектеріне қолданылған атау. Осылайша, Өзібек атанғандар негізінен жергілікті Түркі және ХІІ-ХІІІ ғасырларда Моңғол үстіртінен ауып келген соңғы түркі тайпалары болатын», – деген қорытындыға келеді. Осылайша, жоғарыда келтірілген авторлардың тұжырымдары өзбек сөзінің шығуы мен мәні жөніндегі мәселеде бір-біріне қарсы. Бірі – өзбек атауын Алтын Орда ханы Өзбек ханның есімімен байланыстырса, екінші бірі – «өзі» және «бек» сөздерінен шығарады. Біз де осыған байланысты өзіндік ой-пікірлерімізді осы жерде білдірелік. Алдымен, өзбек сөзінің түп-төркіні мен мәніне тоқталсақ. Атаудың «өз» және «бек» деген қос сөзден құралып тұрғандығы және ол екеуінің де түрік сөзі екендігі ешкімге дау тудырмайды. Г.Вамбери өзбек сөзінің тікелей мағынасын «дербес», «өзіне-өзі қожайын» деп аударады. «Бұл сөз ежелгі венгерлерде дәреже немесе атақ мағынасында қолданылады. Және ол 1150 жылға жататын құжаттарда кездеседі», – деп түсініктеме береді Г.Вамбери. Соған қарап біз, өзбек сөзінің түп-төркіні түріктік және әлеуметтік мәні болып, ал, мағынасы бойынша өз дербестігін белгілі бір дәрежеде сақтаған, әлеуметтік жіктелістің жоғарғы деңгейіндегі адамдарға қатысты қолданылған деп есептейміз. Біздің ойымызша, бұл – өзбек сөзінің ең алғашқы мәні мен мағынасы. Өзбек сөзінің келесі мәні мен мағынасы оның ер адамға берілетін есім екендігін білдіреді. Жазба деректерден Алтын Орда ханы Өзбекке дейін де, одан кейін де Өзбек есімді кісі есімдерін кездестіреміз. Ибн ал-Асир, Ан-Нисави, Рашид ад-дин еңбектерінде 1210-1225 жылдары Әзербайжан атабегі Өзбек ибн Мұхаммед, 1197-1198 жылғы Балх қаласының билеушісі Узбех, Мұхаммед Хорезмшахтың қолбасшыларының бірі Өзбек (Өзбектай), Жошының немересі, Мингкадардың ұлы – Өзбек атты есімдер жиі ұшырасады. ХV-ХVІ ғасырда өмір сүрген тұлғалар арасында да Өзбек есімді кісі есімдері кездеседі. Кез келген атау белгілі бір ұғымды білдірсе, ұғымның өзі объектілердің ішкі және сыртқы қасиеттерінен тұрады. Ұғымды қалыптастыратын қасиеттердің бірі немесе бірнешеуі өзгерсе, жойылса, онда ұғым да өзгеріске ұшырап, мәні мен мазмұнға әсер етеді, ал, атау сақталынып қала беруі мүмкін. Біз осындай мән мен мазмұндағы өзгерістерді Өзбек атауынан байқаймыз. Оның алғашқы әлеуметтік мәні өзгеріп, кісі есімін білдіретін мәнге ауысса, Алтын Орда ханы Өзбектің жүргізген саясатына, оның жеке басындағы қасиеттеріне байланысты, Алтын Орданың рухани өмірінде ол жүргізген түбегейлі өзгерістерге байланысты Өзбек есімі басқа мәнге, жинақтаушы саяси-этникалық мәнге ауыса бастайды. Өзбек ханның Алтын Ордадағы 30 жылдық билігі тұсында ірі-ірі, терең мәні бар бірнеше түбегейлі өзгеріс жүзеге асырылады. Оның біріншісіне – мемлекетті басқару жүйесінің реттеліп, бір орталықтан басқарылатын құрылымның пайда болуы жатады. Өзбек ханның саясатына қорытынды берген М.Г. Сафаргалиев ол туралы: «Өзбек хан тұсында мемлекеттік басқарудың орталықтануына байланысты жергілікті жерлердегі билік органдары да ретке келтіріледі. Алғашында Алтын Орданың қалыптасуы кезеңінде биліктің орталықсыздануы жүрді, мемлекетті Батыйдың інілері бөліп алып, әрбір ұлысты басқарған адам өздерін жартылай мемлекет басшысы ретінде дербес сезініп, өз ұлысын жеке дара басқарды. Енді бір орталықтан басқару жүйесі енгізілгеннен кейін бұрынғы ұлыстар облыстарға айналдырылып, оларды әмірлер басқарды... Алтын Орданың саяси дамуының алғашқы жүз жылын қорытындылай келе, Батый тұсындағы қарапайым ғана мемлекеттік құрылым Өзбек хан тұсында орта ғасырлық ірі мемлекетке айналды деп айтуға болады», – деп жазады. Тарихшының бұл айтқан қоры-тындысы Жошы Ұлысының оң және сол қанаттарына бірдей қатысты. Парсы тарихшысы Муин ад-дин Натанзи Жошы Ұлысының сол қанаттағы билеушісі Ерзен хан туралы «Өзбек ханның жарлығы бойынша ол әкесінен кейін оның орнына келді, ...ол Өзбек ханға бағынуды, оған құлақ асуды қатты ұстады», – деген мәліметі осыны дәлелдейді. Биліктің орталықтанып, жергілікті билік органдарының ретке келтірілуі – Алтын Ордада да ортақ саяси-құқықтық кеңістікті қалыптастырады. Бұл Өзбек ханның Алтын Орданың саяси өміріндегі бірінші жүзеге асырған ірі көлемдегі реформасы болса, екіншісіне – оның рухани өмірінде жасаған түбегейлі өзгерісі жатты. Басқаша айтқанда, Өзбек ханның ислам дінінің қарсыластарын жойып, оны мемлекеттің ресми дініне айналдыруы – қалың көпшілік тарапынан қолдау табады да, бүкіл Алтын Орда аумағында саяси-құқықтық кеңістік секілді ортақ рухани кеңістікті қалыптастырады. Бұл жолда Өзбек ханды қолдаушылар – әмірлер, бектер, дін басылары, қолбасылар және тағы басқалары ру-тайпасына, әлеуметтік орнына, кәсібіне қарамастан, Өзбек ханның жақтастары, қолдаушылары болды да, олардың бәрі ортақ атаумен «өзбектер» деп атала бастаған. Осылайша, өзбек атауы жаңа мәнге ие бола бастайды. Ол – жинақтаушы саяси мән болатын. Осы жинақтаушы саяси мәнде өзбек атауы ең алғаш рет 1336 жылғы оқиғаларға байланысты жазба деректе қолданылады. Парсы тарихшысы Хамдаллах Казвини (1281 жылы шамасында туылып, 1350 жылы қайтыс болған) Өзбек хан бастаған Алтын Орда әскерінің Иранға қарсы жорығын жаза отырып, бір жерде Өзбек ханның әскерлерін өзбектер (узбекиян) деп, ал, мемлекетін Мамлякат-и-узбеки – Өзбек мемлекеті деп атайды. Ал, оның ұлы Зайн ад-дин Казвини әкесінің шығармасын жалғастыру барысында Алтын Ордаға қатысты Өзбек ұлысы (улус-и Узбеки) деген терминді қолданады. Терминнің қағаз бетіне түскен жылы – 1336 жыл, Өзбек ханның Алтын Орда тағында отырғанына – 23, исламды ресми дін етіп жариялағанына – 15 жыл болған кез. Осы жылдар ішінде Өзбек ханның барлық бағыттағы жүргізіп отырған саясаты өз нәтижесін беріп, оның атақ-даңқы мен абырой-беделі ең шарықтау шегіне жетеді. Бұл жағдай Алтын Орданың көршілеріне де белгілі болады. Әсіресе, ол Алтын Орданың басты қарсыласы Иранға өте белгілі болса керек. Ирандықтар Алтын Орданың күшеюі мен нығаюын, ондағы барлық оң өзгерістердің бәрін Өзбек ханның есімімен байланыстырып, Алтын Орданы – Өзбектің елі, мемлекеті деп, ал, Алтын Орда тұрғындарын жалпылама жиынтық атаумен – өзбектер деп атай бастайды. Тарихта қарапайым ғана мәні бар сөздердің белгілі бір жағдайларға байланысты жинақтаушы саяси-этникалық мәнге ие болып, көршілес елдерге сол этнониммен белгілі болғаны жөнінде мысалдар көп кездеседі. Олардың бір-екеуін атап көрсетелік. Ирандықтардың ХVІ ғасырдан бастап «қызылбастар» деп атала бастағаны белгілі, жаңа атаудың «қызыл» және «бас» деген сын есім мен зат есімді білдіретін қос сөзден құралғаны бірден байқалып тұр. Осман және Ноғай атты кісі есімдерінен османдар, ноғайлар атты этнонимдердің пайда болғанын дәлелдеп жатудың өзі бұл жерде артықтау. Тіпті, кеңесу, кеңес қылу деген етістіктен, кеңес атты зат есім, ал, одан кеңес халқы деген этникалық мәндегі жаңа сөз шығып тұр. Адам есімін білдіретін Өзбек сөзі де дәл жоғарыдағыдай, жиынтық саяси-этникалық мәнге ие болып, Казвини дерегінде «өзбектер» деген жаңа сөзді қалыптастырып тұр. Ол алғашында Алтын Орда әскерлеріне қатысты айтылса, кейіннен оның барлық тұрғындарына да қатысы болады. Өзбек ханның тұсында саяси-құқықтық және рухани кеңістіктің бүкіл Алтын Ордаға ортақ болуы «өзбек» атауын да оның барлық тұрғындарына ортақ етеді. Жошы Ұлысының шығыс бөлігіндегі немесе сол қанатындағы Ақ Орданың тайпалары да жиынтық саяси-этникалық мәндегі өзбек атауымен аталады. Парсы авторлары өзбек атауын енгізгеннен кейін «бұрынғы қыпшақ атауы жойылып кеткен» деген ой тумауы керек. ХІV ғасырдың ортасында, екінші жартысында және соңында араб авторлары Алтын Орда тұрғындарына қатысты қыпшақ терминін өзбек атауымен қатар қолдануды жалғастыра береді. Ибн ал-Форат (1334-1404) Тоқтамыс ханды «Солтүстік дала» елінің билеушісі, «Қыпшақтар жеріндегі Берке хан тағын иеленуші» десе, ал, Макризи (1364/1365-1441/1442) «833 және одан кейінгі жылдарда (1428-1430) Сарай мен Дешті жерлерінде және Қыпшақ далаларында қатты құрғақшылық болды», әл-Асади (1377-1447) 1394 жылы Дамаскіге Қыпшақ жерінен Өзбек ханның орнында отырған Тоқтамыс ханның елшілері келгенін баяндайды. Ал, ибн-Дукмак (1308-1388) болса, «786 жылы (24.02.1384-11.02.1385) Өзбек елінің билеушісі Тоқтамыс ханның елшілері келді», «796 жылы (06.11.1393-26.10.1394) Дамаскідегі сұлтанға Қыпшақ патшасы Тоқтамыс ханның елшілері келді», – деп Тоқтамысты бірде қыпшақтардың, бірде өзбектердің билеушісі ретінде көрсетеді. Келесі бір араб авторы Абулаббас Ахмед Шихабеддин әл-Мысри әл-Калкашанди (1417/1418 ж. қайтыс болған) Тоқтамыс ханды «Өзбектер елінің билеушісі» деп нақтылап жазады. Осы келтірілген дерек мәліметтері көрсетіп отырғанындай, «өзбек» атауы этникалық мән ретінде қыпшақ атауымен синоним болып тұр. Әрбір араб авторларының шығармаларында Алтын Орданы «Солтүстіктегі дала елі», «Дешті мен Сарай жері» деп атағанымен, ол жердің тұрғындарын қыпшақтар немесе өзбектер деп атап көрсетуі – өзбек атауының жиынтық саяси-этникалық мәннен таза этникалық мәнге ауысқанын және оның осы мәнде кең тарап кеткендігін көрсетеді. Егер де, араб авторларының шығармаларында Алтын Орданың тұрғындары ХV ғасырдың басына дейін, қыпшақтар, өзбектер деп қатар айтылып келсе, ирандық авторлар Жошы Ұлысының сол қанатындағы Ақ Орданың тұрғындарына қатысты тек өзбек атауын қолданады. Низам ад-дин Шами өзінің «Зафар-наме» еңбегінің «Тоқтамыс ханзаданың Сахибқыран әмірге (Әмір Темірге – Б.К.) келуі», – деп аталатын бөлімінде ХІV ғасырдың 70-жж. оқиғалар туралы айта келіп, «Ол (Темір) оған (Тоқтамысқа) Отырар мен Сауран өңірін беріп, сол жаққа жібереді. Біршама уақыттан кейін өзбек Орыс ханның ұлы Кутлун-Бұқа әскер шығарып Тоқтамыс оғланмен көп соғысты», – деп баяндайды. Автор осы еңбегінің «Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы жорығы туралы әңгіме» атты тарауында этникалық мәндегі өзбек атауы бірнеше рет кездеседі, ол деректе мынадай жағдайға байланысты қолданылады. 1389/1390 жылы Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорыққа шығып, Ходжент өзенінен (Сырдария) өтеді де, әскерінің алдыңғы легі бірнеше рет қарсыластарын жеңіліске ұшыратады. Темір Сарыг өзен мен Курчуннен өтіп, Ал-кушун деген жерге аялдайды. Осы кезде оған Хорасандағы көтеріліс туралы хабар келеді. «Ойлана келе Темір Хорасанға Мираншах мырзаны әскерімен жібереді де, өзі өзбектер аймағына аттануды жоспарлайды. Нояндар мен әмірлер бас қосып, оған алдымен, Еңке-Төреге қарсы шығып, оны жойған дұрыс, сосын, өзбектер еліне аттанайық деп кеңес береді. Темір олармен келісіп, Бөрібасы арқылы Еңке-Төреге аттанып кетті», – деп жазады Низам ад-дин Шами. Шамидың бұл дерегі Ақ Орда тұрғындарының жиынтық атаумен өзбектер деп аталғандығын көрсетеді. Келесі бір тарихшы Абдараззак Самарқанди (1413-1482) өз еңбегінде Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық тұрғындарын жалпылама атаумен «өзбектер», елін – «өзбектер елі», «Өзбек ұлысы», ал, билеушілерін –«Өзбек елінің патшасы» деп жиі атайды. 1409-1410 жылы Шахрухқа «Дешті Қыпшақ пен өзбек еліндегі билікті иеленуші Болат ханның, Едіге әмірдің және Иса әмірдің елшілері келді», 1410-1411 жылы «Өзбек елі мен Дешті Қыпшақтан әмір Едіге-баһадүр келді...», 1410 жылы «өзбектер аймағындағы әмір Едігеге барған тавачи Абан қайтып оралды», 1416 жылы «Шахрух Фарс өңірінен Хорасанға оралды... Өзбек ұлысынан Ходжа-Лаканың ұлдары қашып кетіп, Өзбек ұлысында бүліншіліктердің болып жатқандығын жеткізді», 1420 жылы «Өзбек Ұлысынан қашқан Барақ оғлан, Ұлықбек мырзаның сарайына келіп пана тұтты», 1421/1422 жылы «Дешті Қыпшақтан Өзбек елінің патшасы Мұхаммед ханнан Әлім шейх оғлан мен Болат келді...», 1422/1423 жылы «осы кезде Хорезмнен әмір Шахмеликтің нөкері келіп, Барақ оғланның Мұхаммед хан ордасын басып алғандығын және Өзбек ұлысының көп бөлігінің оған бағынғандығын жеткізді», 1430/1431 жылы – «өзбек әскерінің Хорезмді тонаушылыққа ұшыратқандығы» және «Хорезм әмірлерінің Өзбек ұлысы мен халқына жорық жасағандығы», 1451/1452 жылы «Өзбек ханы Әбілхайыр ханның Әбу Саид мырзамен одақтасуы туралы ойын сарай қызметкері жеткізеді» және тағы осындай сипаттағы мәліметтер Самарканди еңбегінде жиі кездесіп отырады. Самарқандидың өзбектер жөніндегі мәліметтері 1467/1468 жылғы оқиғаларға дейін созылады және оның мәліметтерінен байқағанымыз, ол – Мәуереннахрдың солтүстігінде орналасқан Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық тұрғындарын жалпылама жиынтық атаумен – «өзбек» деп атауы жатады. ХVІ ғасырда өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулати мен Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани «өзбектер», «Өзбектер елі» жөнінде, біздің ойымызша, басқа авторларға қарағанда өте дәл және өте анықтау сипаттама береді. Дулати өз еңбегінің көптеген жерінде өзбек атауын Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарына қатысты қолдана отырып, олардың өмір сүрген аумағын Өзбекстан деп атайды. «Тарих-и Рашидидың» І кітабындағы 39-тарауда Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсетуі туралы әңгімесінде «Шорас (Чурас) пен барин тайпаларының әмірлері Исан Тайшының баласы Амасанжы Тайшы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ калучи (қалушы), бұлғашы (булгачи) және басқа да бірнеше тайпалар Өзбекстанға Әбілхайырдың қоластына кеткен еді», – деп жазса, осы тараудың соңында Қазақ хандығының құрылуы туралы айта келе, «940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді», – деп баяндайды. Осы еңбектің екінші кітабындағы 68-тарауда автор Моғолстанға кеңірек географиялық сипаттама беріп: «Моғолстанда Жейһун сияқты, не соған жақын үлкен өзендер көп болған. Мысалы, Іле, Еміл, Ертіс, Шолақ және Нарын сияқты. Бұл өзендердің Жейһун мен Сейхуннан еш кемдігі жоқ. Олардың көпшілігі Көкше теңізге құяды. Көкше теңіз Моғолстан мен Өзбекстан арасын бөліп тұрған көл... ...Қыс мезгілінде Көкше теңізде мұз қататын. Өзбектер мұздың үстінен өтіп, Моғолстанға баратын... Көкше теңізге құятын өзендер көп те, одан ағатын өзен аз. Ағатын өзеннің мөлшері оған құйылатын судың бір бөлігіндей ғана. Ағатын өзен Өзбекстан аумағынан ағып өтіп, Құлзумға (Каспий теңізі – Б.К.) құяды. Бұл өзеннің аты Атил деп аталады. Тарихи кітаптарда [Атил, ал өзбектер арасында Идил деген атпен белгілі]», – деп суреттейді. Бұлардан басқа 73-тарауда Моғол ханы Жүніс ханның Сұлтан Нигар ханым атты қызының қазақ ханы Тахирға: «...Менде Өзбекстанның даласында көшіп-қонып жүретін әл-қуат жоқ», «...Қазір сенің Өзбекстандағы маңғыттардың кесірінен ісің алға баспай тұр», – деген сөзінде, «Ал, Тахир хан Өзбекстанда болатын», – деген дерегінде Өзбекстанның қазіргі Қазақстан аумағы екенін аңғару қиын емес. Ал, Ибн Рузбихан болса, өзбектердің қандай аймақтармен шекараласатынын: «Өзбектер иелігінің бір шеті мұхитпен шектеседі (автор бұл жерде мұхит деп Каспий теңізін айтып отыр); екінші шеті Түркістанмен (ХІV-ХVІ ғасырларда Түркістан деп Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы өңірлер мен қалаларды осылай атаған. – Б.К.); үшіншісі Дербентпен; төртіншісі Хорезммен және бесіншісі – Астрабадпен шектеседі (Астрабад – Ирандағы провинция және қала атауы). Бұл [жерлердің] бәрі түгелімен өзбектердің жазғы және қысқы жайылымдары болып есептеледі», – деп нақты көрсетіп жазады. Жоғарыда келтірген дерек мәліметтеріне талдау жасай келе біз, мынадай қорытындыларға келеміз. Біріншіден, араб тіліндегі авторлар өз шығармаларында ХІV ғасырдың 30- жылдарынан бастап Алтын Орданың халқын бұрынғы қыпшақтар атауына қоса жалпылама жиынтық атаумен өзбектер деп атай бастайды да, бұл екі атау олардың еңбектерінде синоним ретінде қолданыла береді. Екіншіден, парсы тіліндегі авторлар болса, өзбек атауын жалпы Алтын Орда тұрғындарына қатысты қолданса да, нақтырақ келгенде, өзбектерге олар Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларын немесе Ақ Орда тұрғындарын жатқызды. Үшіншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати Ташкентте туып-өсіп, саналы өмірін Дешті Қыпшаққа іргелес Моғолстанда өткізгендіктен, көршілес елдің халқы жөнінде бай материалдарға ие болған да, өз еңбегінде Шығыс Дешті Қыпшақ халқын өзбектер деп, ал, территориясын Өзбекстан деп атап көрсетеді. Осылайша, Қазақстан атауы қалыптасқанға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ халқы өзбектер, ал, олардың жері Өзбекстан деп парсы тіліндегі деректерде қолданыста болады. Б.А. Ахмедов «Дешті Қыпшақтың далалық бөлігі өзбек даласы деп аталып, олар Сырдариядан солтүстікке қарай орналасқан бірталай жерді алып жатты», – деп түсіндіреді. Біздің ойымызша, бұл түсіндіру дұрыс, бірақ толық емес. Жоғарыда келтірген дерек мәліметтерінде Тоқтамысты, Едігені, Барақ ханды, Әбілхайыр ханды өзбектердің билеушісі деп көрсетуі, Балқаш көлі Өзбекстан мен Моғолстанның шекарасындағы көл делінуі – Өзбекстанның шекарасы шығыста Ертіс өзенінен, батыста Еділ, Жайыққа дейін Сырдың орта, төменгі ағысы бойынан, Арал теңізінен солтүстікте Сібірге дейінгі жерлерді алып жатқандығы дәлелдейді. Енді, Жошы ұлысының шығыс бөлігіндегі этникалық процестерге тоқталып өтелік. Орда Ежен ұлысының негізінде құрылып, Алтын Орданың құрамында болған Ақ Орда хандығының аумағы шамамен алғанда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына сай келеді. ХІV ғасырдың ортасына дейінгі Алтын Орда тұрғындарына қатысты айтылған қыпшақ атауының Ақ Орда тұрғындарына да қатысы бар. Одан кейінгі өзбек атауының да сол қанат тұрғындарына қатыстылығын жоғарыдағы дерек мәліметтері дәлелдейді. Жошы ұлысы құрылғаннан ХV ғасырға дейінгі аралық Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында салыстырмалы түрде саяси тұрақтылықтың ұзақ уақыт бойы сақталынуы, қыпшақтану процесінің аяқталуы, дәстүрлі шаруашылық түрлерінің сақталуы, жергілікті тайпалардың бәрінің исламды қабылдауы, осылардың бәрі осы аймақта біртұтас саяси, рухани, этникалық, экономикалық кеңістіктің қалыптасып, дамуына әкеледі. Ал, ол өз кезегінде этникалық процестерге оң ықпал жасап, олардың өзара жақындасуына, бірігуіне, сол арқылы ортақ халықтық сана-сезімді туғызды. Ақ Орда аумағының Өзбекстан деп аталуы, оның тұрғындарының жалпылама атаумен өзбек делінуі соның дәлелі. Өзбек атауы біз қарастырып отыр-ған кезең ішінде жиынтық мәнде болғандықтан, оның құрамына енген ру-тайпаларды анықтаудың маңызы ерекше. Біз сол арқылы қандай тайпалардың жергілікті, қандай тайпалардың түрік, моңғол тілдес екендігін анықтай аламыз. «Маджму ат-таварих» дерегіндегі 92 тайпаның тізіміне назар аударалық. Тайпалар атауының реттік орналасуы дерек мәліметі бойынша берілді. 92 тайпаның атаулары кездесетін жазба деректердің әртүрлі нұсқалары мен тізімдерін бір-бірімен салыстырып, оларға талдау жасаған Т.И. Сұлтанов тізімдегі тайпалардың реттік жағынан орналасуында мынадай үш принциптің бар екендігін анықтайды: 1) Саяси жүйеде бірге болған немесе шығуы жағынан туыс келетін рулар мен тайпалар атауларының тізімде бірге тұру принципі; 2) Бұл принцип бойынша тізімдегі ру немесе тайпаның реттік нөмірі сол ру немесе тайпаның жергілікті жердегі әскери-саяси өміріндегі алатын маңызына байланысты, ру немесе тайпа атауы тізімнің бас жағында тұрса, автор оның маңыздылығын көрсетеді және керісінше болады; 3) Айтылуы жағынан ұқсас келетін ру-тайпалар атауларының есте жеңіл сақтау үшін қатар берілу принципі. Тізімде Жалайыр тайпасы – 4-ші, Қоңырат – 6-шы, Алшын – 7-шы, Арғын – 8-ші, Найман – 9-шы, Қыпшақ – 10-шы болып тұр. Бұл тайпалардың алғашқы 10 тайпа арасында берілуі Т.И. Сұлтанов атап көрсеткен үш принциптің біріншісі мен екіншісіне сәйкес келіп тұрғандығын көрсетеді. Оның ішінде белгілі бір саяси құрылымда болған ру-тайпалар тізімде қатар айтылады деген тұп-тура осы алты ірі тайпаға айтылған секілді. ХVІ ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүретін тұрғындардың бәрін өзбектер дей келе, «Өзбектерге үш тайпа жатқан, олардың бәрі Шыңғыс ханның иеліктеріндегі ең мықтылары болып саналады. Қазіргі кезде [олардың] бірі – шибаниттер, бірнеше аталарынан кейін оларды мәртебелі хан (Мұхаммед Шайбани ханды айтып отыр. – Б.К.) басқарып отыр. Екінші тайпа – қазақтар, олар бүкіл әлемге күштерімен және ержүректіліктерімен даңқы шыққан, үшінші тайпа – маңғыттар, олардан астрахандық хандар шығады», – деп «көшпелі өзбектер» қауымдастығын үшке жіктеп береді. Рузбиханның осы мәліметіне қатысты алдын ала мынадай ескертпе мен түсініктеме беруді жөн деп есептейміз. Оның тайпа деп айтып отырғаны, қазіргі біздің түсінігіміздегі тайпа емес, одан жоғары және кең мағынадағы ұғым. Қазіргі түсініктер бойынша Рузбихан жазып отырған өзбектерді этноқауымдастық деп санасақ, онда оның тайпа деп отырғанына тайпалық одақтар сай келеді. Сонда біз автордың жоғарыдағы мәліметін өзбектер үш үлкен тайпалар тобынан немесе бірлестігінен тұрады деп қабылдауымыз керек. Келесі бір түсіндірмеге мынау жатады. Автор өз шығармасын 1509 жылы жазып, ХV ғасырдың оқиғаларын өткен шақ тұрғысынан баяндап тұр. Қазақ хандығы құрылып, қазақ атауы халықтың атауына берілгенге дейін, яғни ХV ғасырдың 50-70-жылдарына дейін қазақ сөзінің этникалық мәні болған жоқ. Сол себепті де «өзбектердің екінші тайпасы – қазақтар» деген мәліметті дұрыс түсінген жөн. Ибн Рузбихан айтқан өзбектер этноқауымдастығындағы үш тайпалар тобының әрқайсысына талдау жасайық. Алдымен, өзбектер құрамындағы бірінші тайпалық одақ – шибанилерге тоқталалық. Шибанилер атауының Жошының бесінші ұлы – Шибан, Шейбан есімімен байланысты екендігін ешбір зерттеуші жоққа шығармайды. Рашид ад-дин, Плано Карпини, «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегінің белгісіз авторы, Әбілғазы, Қадырғали Жалайри, Махмұд бен Уәли секілді өте сенімді деректердің авторлары Шыңғыс ханның және Жошы ұрпақтарының шежіресін таратқан мәліметтерінде Жошы ханның бесінші ұлын – Шейбан, Сейбан, Шайбан, Шабан, Шибан деп атайды. Жошы ұлысы өз ішінде ұлыстарға бөлінгенде Шибан да ағалары Орда Ежен, Батый секілді жеке ұлысты иеленеді. Өтеміс қажының «Шыңғыс-намасында» Жошы хан қайтыс болғаннан кейін Шыңғыс ханның оның үш ұлы Орда Еженге, Батыйға және Шибанға үш киіз тіккізіп, Алтын босағалы Ақ Орданы Батыйға, Күміс босағалы Көк Орданы Орда Еженге, Болат босағалы Боз Орданы Шибанға бергендігі баяндалады». Дерек авторы шибанилық бағыттағы авторлардың бірі болып, Шибанды және оның ұрпақтарын жоғары көтермелеп мадақтағаны деректе қатты байқалады. Дегенмен де, Шибанның ұлы атасы Шыңғыс ханнан иелік алып, онда ұлыс басқарғандығын тәуелсіз басқа деректер де мақұлдайды. Шибанның алғашқы кездегі алған Ұлысының қай жерде екендігін деректер нақты көрсетпесе де, Батыйдың жеті жылдық жорығынан кейін, оған бөлінген территорияны Әбілғазы нақтылай көрсетіп береді. Онда «Батый ханның жорықта жеңіске жетуге көп күш салған ағасы Орда Ежен мен інісі Шибанға жер бөліп бергендігі айтыла келе, Шибанға Корел өңірі мен Құсшы, Найман, Қарлық және Бұйрық атты төрт халықты бөліп бергендігін және Батыйдың Шибанға: «Сенің жұртың менің жұртым мен үлкен ағам Иченнің жұрты арасында болсын. Жазда сен Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Ор, Елек өзендері мен Орал тауы аралығында бол, қыста Аралқұм, Қарақұм мен Сырдың, Шу, Сарысу өзендерінің бойы аралығында бол», - деп айтқандығын баяндайды». Бұл аймақтың аумағын басқаша айтсақ, Шибан ұлысына батыста Жайықтан, шығыста Сарысуға дейінгі, оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойынан, солтүстікте башқұрттардың жеріне дейінгі территорияның енгендігін білеміз. Шибан ұлысының орналасуы жөніндегі Әбілғазының дерегін Плано Карпини мәліметі қуаттайды. 1246 жылы осы өңір арқылы өткен ол: «...Бұл жерде бір үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз; онда Янкинт деген бір қала бар, тағы бірі Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және аттары белгісіз тағы көп қалалар бар. Бұл жерде Алтисолданус (Ала ад-дин Мұхаммед Хорезмшах. – Б.К.) деген билеуші болған, оны татарлар бүкіл үрім-бұтағымен жойып жіберді. ...Оңтүстікте ол жерде Иерусалиммен, Балдахпен (Бағдад) және Саррацин жерлерімен (бұл жерде Плано Карпини Саррацин деп Иранды айтып отыр. – Б.К.) шектеседі; солтүстікте бұл жерге қарақытайлар жері мен Мұхит түйіседі. Онда Батудың інісі Сыбан өмір сүреді»,-деп жазады. Бұл жерде итальяндық монах Сырдың төменгі ағысы бойынан солтүстікке дейінгі жерлердің бәрі Сыбанға немесе Шибанға қарайтындығын айтып отыр. Орта ғасырлық тарихшы Махмұд бен Уәли де Батый ханның Шибанға төрт омақ бергендігін, ал, оның ұлы Бахадүр жазғы, қысқы жайылымға Ақ Орданы алғандығын хабарлайды. Махмұд бен Уәли Шибан ұлысында биліктің Шибан ханнан бастап Әбілхайыр ханның әкесі Дәулет-шайх оғланға дейін үзілмей келгендігін және Шибан әулетіне бағынышты территорияны «ел», «ұлыс» деп аталатындығын баяндап береді. Жошының 1227 жылы қайтыс болып, сол жылы Шибан осы өңірді иеленсе, ал, Әбілхайыр ханның осы аймаққа 1428 жылы күреспен билікке келгенін есептесек, онда Шибан ұрпақтары Әбілхайырға дейін 200 жыл бойы осы ұлыста тыныш билік құрады. Осыншама ұзақ уақыт бойы Шибан ұлысында өмір сүріп, бір-біріне жақын болған ру-тайпаларды Шибан ұлысының тайпалары немесе қысқаша атаумен шибанилар деп атап кеткен. Шибан ұлысының аумағы Шығыс Дешті Қыпшақтың құрамдас бір бөлігі болғандықтан, ал, Шығыс Дешті Қыпшақтың тұрғындары ХІV ғасырдың екінші жартысынан бастап жалпылама атаумен өзбектер деп аталғандығын, шибанилар, яғни, Шибан ұлысының тайпалары өзбек этноқауымдастығының заңды түрдегі құрамдас бір бөлігі болып есептеледі. Енді жазба деректерге сүйеніп, шибанилықтардың ру-тайпалық құрамын анықтап көрелік. Алғаш рет жазба дерек мәліметтеріне сүйеніп, өзбектер құрамындағы шибанилардың ру-тайпалық құрамын анықтауға А.А. Семенов күш салады. Бұл мәселеге Б.А. Ахмедов, Т.И.Сұлтанов өз зерттеулерінде арнайы тоқталған. Бұл үш зерттеуші Масуд ибн Осман Кухистанидың дерегіндегі мәліметтерге сүйеніп, 1428 жылы жап-жас шибанилық сұлтан Әбілхайырды хан тағына отырғызған және де оны кейінгі жылдары қолдаған тайпаларды шибанилық тайпалар деп атайды да, оған: «қият, маңғыт, қаанбайлы (байлы), чинбай, қоңырат, тангут, иджан, дурман, кушчи, утарчи, найман, украш-найман, тубай, таймас, джат, китай, барак, уйгур, карлук, кенегес, уйшун, курлаут, имчи (ички), туман, минг, буркут, нукуз, шадбаклы, шункарлы, ойрат, мажар және кипчак» тайпаларын жатқызады. Бұл тайпалардың жалпы саны – 32. Мүмкін, «отыз екі баулы өзбек» деп аталатын тайпалар тобы – осы шибанилық тайпалар шығар. Мұны әлі де болса терең қарастыру қажет. А.Вамбери еңбегінде берілген 32 баулы өзбек тайпаларын жоғарыдағы 32 тайпа атауларымен салыстырғанымызда, қият, маңғыт, қоңырат, дурман, найман, қытай, ұйғыр, кенегес, уйшун, ички, минг, нукуз, кипчак секілді тайпа атауларына екі нұсқа да сәйкес келетінін аңғардық. Бұл тайпалардың шығу тегі мәселесіне келсек, біз олардың көбісінің моңғол жаулап алушылығына байланысты ХІІІ ғасыр басында Моңғолия аумағынан келгендігіне көз жеткіземіз. Рашид ад-диннің дерегіндегі тайпалар негізінен үш топқа бөлініп, олардың біріншісіне – түрік тайпалары, екіншісіне – түрік, бірақ қазіргі кезде моңғол деп аталатын тайпалар, ал, үшіншісіне – тегі түрік, бірақ бұрыннан моңғол деп аталған тайпалар жатады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, шибанилық тайпалардың бәрінің арғы тегі түркілік, моңғол деген атауға ие болып, Қазақстан аумағына ХІІІ ғасырдың басында келген. Осы жерде қыпшақ, найман, қоңырат, үйсін(уйшун) тайпаларына қатысты мынадай түсіндірме бере кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл тайпалар сан жағынан өте көп болып, олардың жекелеген бөлімдері мен бөлімшелері, тармақтары әртүрлі ұлыстардың құрамында болғандықтан, олардың ортақ атаулары тек жекелеген ұлыстардағы тайпалар тобында ғана емес, сондай-ақ түгелге жуық түрік тілдес халықтардың құрамында кездеседі. Қыпшақ, найман, қоңырат, уйшун атауларының шибанилық топтан кездесуін біз, осы аталған тайпалардың жекелеген рулары сол топта болған деп түсінуіміз керек. Осылайша, өзбек этноқауымдастығының құрамындағы шибанилық топтың құрамын анықтай келе, біз, олардың басым бөлігінің ХІІІ ғасыр басында моңғол жаулап алушылығына байланысты Моңғолия аумағынан келген арғы тегі түріктік, жалпылама моңғол атауымен аталған тайпалар деген қорытындыға келеміз. Ибн Рузбихан атап көрсеткеніндей, өзбектер құрамындағы келесі бір тайпалар тобына – маңғыт тайпалар тобы жатады. ХІV ғасырдың соңында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында, кейіннен Ембіге дейінгі жерлерде мекендеген үлкенді-кішілі тайпалар маңғыт деген ортақ атаумен аталғаны белгілі. Бұл тайпалар Ноғай Ордасының этникалық негізі болып табылады. ХІV ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл аймақтағы тайпалар да өзбек этноқауымдастығының құрамында болып, Ноғай ұлысының өзіне тән ерекшелігіне, тарихи-географиялық жағдайларына байланысты бұл өңірдегі тайпалар да өз бетінше топтасады. Бұларға маңғыт деген ортақ атау бірнеше себепке сай берілген. Біріншісі, ол атау осы топтағы жетекші тайпаның атауы болса, екіншісіне – ұлыстың билеушілері маңғыт тайпасынан шыққан билер болған. В.В. Трепавлов құрастырған «Ноғай ру-тайпалары» деген кестедегі 70 ірі ру-тайпа атауын 92 баулы «көшпелі өзбектер» тайпаларымен салыстырғанымызда, біз бұл топтағы тайпалардың да түбі түріктік екендігіне көзімізді жеткіздік. Мұндағы тайпалардың ішінде де шибанилықтар секілді Моңғолия аумағынан келгендер бар. Бірақ та шибанилықтардан бір ерекшелігі мұнда аз, аксюрют (деректе осылай жазылған. – Б.К.), алшын, байұлы, қаңлы, қыпшақ, киргиз, құла-аян, тама, тоғай, түркмен, уйшун, шөмішті, телеу секілді жергілікті тайпалардың саны басымдау келеді. Ал, енді, өзбек этноқауымдас-тығындағы үшінші тайпалар тобына тереңірек тоқталалық. Рузбихан бұл топтағы тайпаларды қазақтар деп атағанын жоғарыда айттық. Қазақ атауы ол тайпаларға Қазақ хандығы құрылғаннан кейін, яғни, ХV ғасырдың 60- жылдарынан кейін берілгені белгілі. Қазақ атауы этникалық мәнге ие болмай тұрып-ақ «көшпелі өзбектер» құрамында бұл тайпалар бірлестігі болған. Алдымен, 92 тайпа ішінде қандай тайпалар үшінші тайпалар тобын құраған екен, соны анықталық. Т.И.Сұлтанов анықтаған тізімдегі тайпалардың берілу принциптерінің алғашқы екеуі осы алты тайпаның бір-бірімен қатар тұру себептерін көрсетеді. Бірінші принцип бойынша тізімде бір-біріне жақын тұрған тайпалар – белгілі бір мемлекетте, саяси жүйеде ұзақ уақыт бойы бірге болған тайпалар болып келеді. Олай болса, алғашқы ондықтағы алты тайпа – Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман және Қыпшақ тайпаларын біз бір аймақтан, бір ұлыстан, бір мемлекеттен іздестіруіміз қажет. Жазба дерек мәліметтерін талдау, саралау барысында біз бұл тайпалардың ХІІІ ғасырдың басынан бері Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен ұлысында өмір сүргендігіне көзімізді жеткіздік. Алшын, Арғын, Қыпшақ тайпалары моңғол жаулап алушылығына дейінгі кезеңде осы аймақтарда мекендеген жергілікті тайпалар болса, ХІІІ ғасырдың басында оларға Моңғолия аумағынан түрік тілдес Жалайыр, Қоңырат, Найман тайпалары келіп қосылады. Бұл тайпалардың Жошы ұлысы аумағында, оның ішінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұлысында болғандығын жазба деректер тікелей айтпаса да, біз, ол туралы жанама деректер арқылы біле аламыз. Орда Ежен ұлысындағы билеуші әулет өкілдерінің ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында алған әйелдері жергілікті ру-тайпалардың өкілдері екендігін Рашид ад-дин жазады. Оның мәліметінде Орда Еженнің ең кіші ұлы Хұлағудың алған екі әйелінің бірі – Турбарчин-хатун қыпшақ тайпасының қызы болса, осы Хұлағудың Темір-Бұқа атты ұлының әйелдері Қоңырат, Арғын тайпасынан, Орда Еженге немере болып келетін Куинджи (Қоныша), Тумакан, Мұсылман секілді ұлдарының әйелдері Қоңырат, Меркіт, Жаджират, Татар, Найман тайпаларының, ал, ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың І жартысында өмір сүрген Куйнджидың (Қонышаның) ұлдарының әйелдері – Керайт (Керей), Қоңырат және Огунан (Уақ) тайпасынан болған. Деректе көптеген ру-тайпалар атауының берілмей қалуына қарамастан, бұл мәліметтер Орда Ежен ұлысында қандай тайпалардың болғандығын хабардар етеді. Бұл тайпалар Орда Ежен ұлысының басты этникалық негізін құрап, ХV ғасырдың ортасына дейін біртұтас этникалық жүйеде болады. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де Орда Ежен ұлысындағы Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ тайпаларын қазақ халқының құрамындағы Орта жүзден кездестіреміз. Бұл тайпалардың Орта жүз құрамында болуының негізі, осылайша Орда Ежен ұлысы кезінен бастау алады. Ұзақ уақыт бойы бір саяси-әкімшілік құрылымда болған, бір-біріне өте жақын тайпаларды кейін келе қазақ шежіресінің кең тараған бір нұсқасында Болат қожа атты кісіден тараған деп баяндайды. Ал, Жалайыр тайпасы атауының 92 тайпаның ішінде жоғарғы қатардан орын алуын – оның Жошы ұлысы аумағында алатын мәртебелік орнымен байланыстырамыз. Қадырғали Жалайыри Жалайыр тайпасының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қандай рөл атқарғандығын: «Ұрыс ханның (Ақ Орда ханы Орыс хан) оңы (маймене) мен солы (майсара) мынадай... Майсара Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған қауымының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал, Алаш мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы Жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (ұлықтық) Тебре бекке тиді. Одан Шайх Софы бекке тиді, одан Итбаға бекке тиді. Одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының ағасы болып келген осылар еді. Олар Өзбекия арасында мәлім, мәшһүр», – десе, тағы бір жерде «Шыңғыс хан заманында Сартақ ноян болған. Оның ұлы Жалайыр Саба еді. Оның ұрпағы Жалайыр Тебре бек. Оның ұрпағы Айтөле бек еді. Ол белгілі мәлім-мәшһүр болған адам. Ұрыс ханның ұрпағында ұлы әмір болған»,– деп түсіндіреді. Бұл мәлімет Жалайыр тайпасы ХІІІ ғасырдан Қадырғали Жалайыр заманына дейін Орда Ежен ұлысы мен Ақ Орда мемлекетінде, одан кейін Қазақ хандығында билеуші әулеттен кейінгі мәртебелі орында болып, тайпа өкілдерінің «ұлы әмір» немесе «Алаш мыңының ағасы» лауазымы болғандығын дәлелдейді. Автордың «Өзбекия» деп айтып отырғаны Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Өзбекстаны», парсы авторларының «Өзбектер елі», Рузбиханның «өзбектердің жазғы және қысқы жайылымдары». Яғни, Шығыс Дешті Қыпшақ территориясы. Ал, Алаш мыңын біз, қазақ халқының өзіндік атауы (самоназвание) деп түсінеміз. Алшындардың шибанилық тайпалар тобында болмағанын Масуд ибн Осман Кухистанидың дерегі дәлелдейді. Ноғай ру-тайпаларының құрамында алшындар Байұлынан бөлек ХVІ ғасырдан бастап кездеседі. Соған қарағанда, Алшындар ХІІІ ғасырда Орда Ежен ұлысының құрамында болып, ұлыстың Ақ Ордаға айналуына, сондай-ақ Ақ Орда хандарының билігі бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына таралуына байланысты жауынгер тайпа ретінде хандықтың аумағындағы Сыр, Арал, Каспий өңірлеріне қоныстандырылған секілді. Санының көп болуы да оларды мал шаруашылығына қолайлы жайылымдар қарастыруға мәжбүрлеген болуы керек. Тек қана ХVІ ғасырда Батыс Қазақстан өңірінің Ноғай Ордасы құрамында болуына байланысты ондағы алшындар ноғайлар құрамында айтылған. Міне, осындай жағдайларға сай, Алшындардың Орда Ежен ұлысындағы тайпаларға жақын болуы және тайпаның әскери-экономикалық қуатының күштілігі – оларды 92 тайпаның алдыңғы жағына шығарды деп есептейміз. Рузбихан бұл алты тайпаны Қазақ хандығы құрылғаннан кейін қазақтар деп жазса, ал, оған дейінгі атауын, біз шартты түрде ордаежендік тайпалар деп атаймыз. Өйткені, оның Шибан ұлысындағы тайпаларды – шибанилықтар, Маңғыт ұлысындағы тайпаларды - маңғыттар деп атағанын жоғарыда атап өттік. Олай болса, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Орда Ежен ұлысының этникалық негізі болған бұл тайпаларды – ордаежендіктер деп атау өте орынды. Осылайша, біз «көшпелі өзбектер» құрамындағы үш үлкен тайпалар тобына талдау жасай келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Біріншіден, ХІV ғасырдың орта-сынан ХVІ ғасырдың басына дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығын қалыптастырған 92 көшпелі тайпа өз ішінде аумақтағы үш әкімшілік құрылымға байланысты үш топқа бөлінген де, сол әкімшілік атаулармен: маңғыттар, шайбанилар және қазақтар (ордаежендіктер) деп аталған. Екін-шіден, әр топтағы тайпалардың құрамын тексеру барысында шибанилық тайпалардың тегі түріктік, көбісінің ХІІІ ғасыр басында моңғол жаулап алушылығына байланысты Моңғолия аумағынан көшіп келгендігі анықталды. Маңғыт тобындағы тайпалардың жартысы жергілікті, жартысы Моң-ғолия аумағынан келген түрік тілдес тайпалар екендігі дәлелденді. Ал, ордаежендік тайпалардың да басым бөлігі дештіқыпшақтық және түріктік екендігі анықталды. Үшіншіден, ХІІІ-ХV ғасырлардағы әртүрлі саяси жағдайларға байланысты әр топтағы тайпалардың жекелеген рулары мен тармақтары басқа топтың құрамында кездесіп отырғандығын анықтап, біз мұндай жағдайдың себебін ХІІІ ғасыр басындағы ұлыстардың құрылуы мен жаңа әкімшілік-басқару жүйесінде әскери-әкімшілік принциптің негізге алынуымен байланыстырамыз. Төртін-шіден, ордаежендік тайпалар құрамында тек қазақ халқын құраған ру-тайпалар кездесетіндіктен, біз бұл тайпаларды, қазақ этносының негізгі ұйтқысы болған тайпалар деп есептейміз. Осылайша жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы Алтын Орда мен Ақ Орда дәуірлеріндегі этносаяси үдерістер барысында жүзеге асып, алтынордалық кезеңде - «өзбек» этноқауымдастығы, ақордалық кезеңде – «көшпелі өзбектер» деп аталады да, оның ыдырауы ордаежендік тайпалар тобының одан бөлініп шығуына әкеледі. Сөйтіп олар«қазақ» деген этникалық мәнге ие болып, жеке саяси құрылымға – Қазақ хандығына этникалық негіз болады.

2820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз