• Заманхат
  • 02 Наурыз, 2020

ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҚ ФЕНОМЕНДЕРІ (тарихи эссе)

Абай  МАУҚАРАҰЛЫ, жазушы-журналист

Қазақ қауымы бодандыққа түсіп, отаршылдардан қанша қорлық көрсе, азаттыққа жету жолында да сонша күш-қайрат көрсетумен келе жатқан жанкешті халық. Сөйтіп, азаттық жолында қайталанбайтын ғаламат оқиға-құбылыстар мен ғажайып тұлғаларды тудырды. Қоғамтану тілінде оны «феномен» деп атайтындықтан, соның ең айтулыларын «ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҚ ФЕНОМЕНДЕРІ» деп атап еске алып, азаттыққа ұмтылған санамызды бір аспандатып алсақ дейміз.

1916 жыл! Қазақтың соңғы тари-хындағы айтулы жылнама. Қазақ сахарасын түгел жайлаған алапат көтеріліс өрті! Бұл бір ғасырдан астам уақыттан бері жарты әлемді жамбасына басып, жайбарақат жатқан Патшалық Ресейді қатты састырған тосын құбылыс. «Махамбет-Исатай, Кенесарыдан кейін, енді, бас көтере алмас» деп, әбден сенген «киргиздердің» оқыс мінез көрсетуі – патшаның империялық саясатында еш қарастырылмағаны қатты таңданарлық, әрі аса ашу тудырарлық оқиға саналды. Өйткені, бұған дейін қазақ жерін ақ патшаның меншігі деп жариялағанда, одан кейін шұрайлы жерлеріне қара шекпен орыс шаруаларын қаптатқанда, осыған дейін қазақ даласының шығыс бөлігін Манжурялық-қытаймен сырттай бөліске салғанда, үнсіз қалған «жабайы киргизге» не бола қалды!? Осы жолғы патшаның жарлығы бұларға қарағанда ештеңе емес еді ғой. Бар болғаны, патша «Киргиз еркектерін соғыс тылындағы қара жұмыстарға жегу» деген ғана жарлық шығарған жоқ па еді? Мұнда олардың шамына сонша тие қоятындай не бар? Бар еді, залым патшаның білмеген нәрсесі жалғыз сол еді, ол – дала көшпенділерінің «намыс» деп аталатын ең жанды жері болатын. Содан да, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы»... дейтін далалық пәлсапалары олардың әрбірінің жүрегіне жазылған бұлжымас заңы болатын... Өйткені, еркін далалықтар үшін елі-жері жауға тапталса да, оны қайтарып алуға, кегін қайтаруға да болады, бірақ намыс тапталса бәрі бітетінін олар жақсы білетін-ді. Ал, дала көшпенділерінің осындай «ердің намысы» деген ерекше рухани жігерін «ұлт намысы» дейтін дәрежеге көтерген тарихи оқиғалар осылай басталған-ды. Атақты ОН АЛТЫНШЫ жылғы халық көтерілісі қазақтың бодандықта мүлде басыбайлы қалмайтындығын, Ресейдің құрамына кірген басқа бодан халықтар секілді (саха, буряд, хахас т.б.) ұлт ретінде жойылып кетуге жол бермейтіндігін көрсетті. Оны сонда ғана нақты түсінген патшаның каретель қосындағы өз бодан қауымын айуандықпен жазалады. Атаусыз әдейі ұмыттырылған көп көтерілістің бірі «Созақ көтерілісін» суреттейтін Асқар Сүлейменовтың «Бесатар» хикаятында, жазалау отрядының офицері бір атаның бес жігітін «оқ қаншасын тесіп өтер екен?» деп, қабаттап тұрғызып қойып бердеңкемен атады. Тірі қалып жараланып жатқан біреуін жерошақта маздап жатқан шоққа лақтырады... Бұл жазалаушылардың жасаған мыңдаған жауыздықтарының бір көрінісі ғана. Өзін бұл кезде бодан халықтан әлдеқайда мәдениетті санайтын орыстардың осындай адамшылықтан жұрдай әрекетке баруы, «басбұзарларды» қайта баскөтерместей етіп жаншып тастау деген зымиян пиғылдан шыққан саналы түрдегі зұлымдық еді. Алайда, сексеуілдей терең тамырлы елдің бұтағын қанша отаса да, тамырын суырып тастауға, жойып жіберуге олардың шамасы жетпеді. Өйткені, тамыр терең болған сайын, оның жемісі де сонша өміршең, феникс құстай өртенген күлден тірі шығатын жанкешті болатынын жаужүрек қазақтар дәлелдеген сәтте ғана «хозяйындар» іштей есі шыға таңданып, сырттай ашуға мінетінін тарихи оқиғалар әшкерелеумен келеді. Мың жылдық бай тарихы бар, дала өркениеті кемелденген, сахара мәдениеті әбден бойына сіңген қазақ деген халық та ақыры отырықшы, от қарулы өркениеттің алдында тізе бүгуге мәжбүр болған кез еді. Қоғамы да құлдырап, құлауға бет алған... 1816-дан 1916 жылға дейінгі жүз жыл Ресей отаршылығының қазақ даласын халқымен қоса күйзеліске ұшыратқан, елдің тұрмыстық та, рухани жағынан да ең жүдеген жүз жылдық деп саналады. Мәселен, Қазақтың алып даласы қанша кең болса да, ешқандай босқа жатқан жер жоқ көшпенді өмірге сәйкескен, төрт түлік малдың қыстау, көктеу, жайлау, күзеуі дейтін ғажап бөлінісіне сай келетін байтақ өлкесін отаршылар өз білермендігімен меншіктеп, шұрайлы жерлерді орыс шаруаларына үлестіріп, қолайлы мекендерге әскери бекіністер салып, байырғы халықтың шырқын кетірді. Ауылдық, туыстық, рулық, жүздік деп аталатын жер бөлінісі мен хандық, төрелік, билер, ақсақалдық дейтін далалық басқару жүйесін бұзып, болыстық-әкімшілдік дейтін бүтін халықты алауыздыққа ұшыратып, іштей ірітетін жаңа басқару жүйесіне көшірді. Хақ дінді халықтың дәстүріне сіңіріп жіберген төл мұсылмандықты, молдалық-миссионерлік тәсілмен бүлдіріп, қауымның біртұтас діни сеніміне селкеу түсірді. Міне, осындай отаршылдық ұзақ жылдық жоспар іске асқан сайын, «қазақтың азаттық феномендері» де қатар жарысып, күрестің керемет әдісі іске жегіліп отырды. Солардың халық жадында еш ұмытылмайтындары: Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісі, қара бастың қамынан ел қамы артық екенін, басыңды берсең де, елдікті бермеудің шарт екенін, ел басшыларының мансап үшін халқын сатуы тарих алдында қара әріппен жазылатын масқара екенін,қалың қауымның санасына ісімен де, алмас қылыштай өткір сөзімен де өшпестей етіп жазып кеткен қайталанбас құбылыс («Еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай ерлердің ісі бітер ме!»). Одан кейінгі Кенесары ханның қарулы күресі де, Ресейдің аристократ билеушілерін қатты ойландырды. Кенесарының асқан білімдарлықпен ел иесіміз деп отырған отаршылардың ресми ісіндегі заңсыз-әділетсіздігін әшкерелеуі, көтерілісшілердің ізіне түскен жазалаушы отрядтарды оқ шығармай-ақ иен түзге қаңғыртып кететін тәсілқойлығы, бетпе-бет шайқастарда ерекше соғыс тәсілдерімен дұшпанын жер соқтырып кететін кемел қолбасшылығы, елді артынан ерте білетін ақсүйек дегдарлығы, досына да, жауына да арамза қулық жасамай, адалдықпен қатынасатын дана ақылмандығы, қазақтың келешегінен үміт үзбеген көрегендігі... қалың елінің терең санасында гауһар тастай жарқырап жататын сахара еркіндігінің бірегей ескерткішін салып кетті. Бұл феномендер, басынған дұшпанымен қылыш жүзімен қалай сөйлесудің жолын көрсетіп, келешек ұрпаққа ерлікті аманаттап кеткен кереметтер болатын. Ал, жаны мен тәнін тең ұстайтын сахара сайыпқырандары үшін рухын шар болаттай шыңдайтын рухани ғаламаттар да қатар жасалып жатты. Соның ең бірегейі қазақтың күй өнері. Төгілген шешен тіл айтып жеткізе алмайтын рухтың тылсым тілін тудырған қос шекті домбыра, өлсе де дұшпанына берілмейтін өршіл ерлерінің асыл аруағын сағым қуған сахара төсінде үздіксіз еске салып тұратын дауылпаз күйлерді қалдырып кетті. Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Кісен ашқан», Тәттімбеттің «Саржайлау, Дәулеткерейдің «Әсем қоңыр» күйлерін тыңдағанда, жер бетінде рухтанбайтын қазақ жоқ. Әрбір қазақы отбасының домбыраны төріне іліп, өзінің рухани байрағы етіп қоюы содан. Келесі кезекте, бүкіл түркі текті халықтардан ән-әуен өнерінде шырқау биікке көтерілген қазақтар рухани күресте сезімді асқақтатып, көңілді көлдей толқытатын ғажайып әндер тудырды. Біржан Сал мен Ақан Серінің қозы көш жерден естіліп, белес-белес жайлауларда жаймашуақ жатқан ауылдарды дүр сілкіндіретін асқақ әндері – «Жонып алды», «Ләйлім», «Көкшетау», «Маңмаңкер». Балуан Шолақ пен Жаяу Мұсаның, Мәдидің әділдікті ту еткен әрбір қазақтың көкейінен орын алған өршіл әуендері – «Ғалия», «Ақсиса», «Қарқаралы». Осы даңқтылардың артынан қатар тұрған Мұхит, Естай, Үкілі Ыбырай, Әсет... әндері қазақ даласын қайғы тұманынан айықтырушы рухани дауыл іспетті болды. Өз халқына қарсы қызмет етуден бас тартқаны үшін патша жарлығымен қудаланып, аты-жөні аталмай қалса да, Сегіз Сері деген лақап атымен «Гауһар тастай» теңдессіз ән қалдырған қазақ күрескерінің әні, әлемге мәшһүр Париж «Марселлезасынан» кем емес, азаттыққа үндеуші, әрі ән эстетикасындағы қайталанбас туынды еді. Міне, бұл аталған «азаттық феномендері» бүкіл қазақ жұртына әйгілілері ғана, әйтпегенде әр ауылдың, әр өлкенің біртуар осындай өз-өз күрескерлерін атай берсек, қастерлі тізім аяқталмайды... Қазақ қауымы отаршылық қамытына түскеннен кейін, бодандыққа қарсы Сөз өнері арқылы күресу де тоқтамай, бірінен бірі асып түсіп отырды. Зар Заман жырауларының атамекеннің бүтіндігі үшін зар еңіреген ескертпе жырларын («Жайықты келіп алғаны жағаға қолды салғаны...») өршіл терме жырымен жалғастырған Махамбеттен кейін, Абай хакимнің жаңа сыпаттағы өлеңдері мен ғақылия сөздері жаңа буын қазақ жастарын жаңаша күреске, білім-ғылым арқылы отаршылдармен күресуге шақырды. Осы рухани үндеуді іс жүзіне асырған, отаршылдардың аристократ билеушілерімен тең дәрежеде білім салыстырып, олардан артық болмаса бір де кем емес ғылым жолында да, саяси күресте де көктегі жарық жұлдыздардай жарқырап шыққан Алаш ардагерлері «қазақтың азаттық феномендерінің» жемісі, әрі жеңісі деуге болады. Кейінгі қазақтың ғұлама көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш», «Тіл ұстартқышы», «Маса» сынды әдеби-ғылыми туындылары бүкіл түркі жұртының қоғамтану ғылымын жаңа сатыға көтерді. Қазақтың жаңа заманғы мемлекеттігінің негізін салушы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның энциклопедиялық терең білімі, саяси көрегендігін патшаның отаршыл билігі де мойындап, Дума депутаты етіп сайлағаны... (Қызыл төңкерістен кейін, большевиктер көсемі Лениннің Әлиханмен тең дәрежеде сөйлесіп, Қазақтың автономиялық құқығын мойындап, қазақтың ежелгі жерінің шекарасын қалпына келтіруге мәжбүр болуы, Совет Империясының тираны Сталиннің Алаштық идеологиядан қорқып, жалған жала жауып оны жазалауы...) Және, Алаш арыстары Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міражақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Шәкәрім Құдайбердиев, Халел Досмұхамедов, Сәкен, Ілияс, Бейімбет...әлі есім-сойлары анықталмай жатқан, аттары әдейі ұмыттырылған көптеген Алаш белсенділерінің қазақ даласына арнап шығарған «Қазақ» гәзеті, «Дала уәлаяты» журналы, т.б. басылымдарға жариялаған азаттыққа шақырған, білім-ғылымды насихаттаған құнды еңбектері, мақалалары көкірегі ояу, көзі ашық қазақ қауымының ой-санасын жаңа биікке көтергені айдан-анық. Міне, қазақтың 1916 жылғы ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ патша билігіне қарсы аяқастынан шыққан бүлік емес, бір ғасыр бойы жоғарыдағы аталған «азаттық феномендері» арқылы дайындалған тарихи оқиға болатын. Алайда, ОН АЛТЫНШЫ жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ даласына қоғамдық-әлеуметтік тұрғыда қаншама шығын әкелсе де, Алаш елінің рухын көтеріп кетті. Отаршыл патшаға ешқашан басыбайлы құл болмайтынын көрсетіп кеткен керемет көрініс болды. «Ежелгі дұшпан ел болмас» деп, Зар заман жыраулары ескертіп кеткен, Ресей патшалығының өз бодан халқына ешқашан жанашырлық жақсылық жасамайтынын әшкерелеген оқиға болды. Сөйтіп, алғаш рет өз жерінен еріксіз түрде бас сауғалап, көрші елдерге үдере көшкен қазақ босқындары тарих сахнасына шықты. Бұлар келешекте Қазақ елін қайта толықтыратын «донор» болатынын сол кезде Алаш арыстары пайымдаған болуы да мүмкін... Ал, дәл осы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегі қазақ қауымы үшін азаттық үміті мен мүмкіндігін қатар әкелген жылдар деуге болады. Өйткені, Ресейге үш жүз жыл бойы үстемдік еткен Романовтар әулетінің монархиялық билігіне қарсы шыққан орыстың республикашыл күштерінің қоғамдық-әлеуметтік бағадарламалары Патшалықтың құрамындағы бодан елдерге пайдалы көрінген. Содан да, Алаш көсемдері Ресейде етек алған бұл саяси қозғалыстан кейін қалмай, жедел ұйымдастырған Алғашқы бүкіл қазақ құрылтайы, Бүкіл қазақ кеңесі, Алаш Түркістан үкіметі, Алаш партиясы... сынды қозғалыстар мен ұйымдарды құруы соның дәлелі. Алайда, Ресейдің социал-демократ күштері ықпал еткен Ақпан төңкерісінің оңды нәтижелерін большевиктер басымдыққа ие болған Қазан төңкерісі өз пайдасына шешіп кетті. Патша иелік еткен монархиялық империя, енді, әскери-диктатор басқарған Коммунистік деп аталатын бір партияның бірбеткей ұстанымынан басқаны қабылдамайтын Қызыл империяға айналып шыға келді. Ресми түрдегі бұл Совет Одағы деп танылған империя сөз жүзінде құрамындағы бодан елдерге автономия, республика тағайындаса да, іс жүзінде оларды одан әрі ассимиляцияға ұшыратып, халық ретінде жойып, «бір тұтас совет халқы» деген ат тағынған бүтіндей орыстанған жаңа империяның халқын қалыптастыратын саясат ұстанды. Одақ құрамындағы басқа елдерге қарағанда, осы саясаттың аяусыз құрбандығына шалынған тағы да қазақтар болды. 1916 жылдан 1956 жылға дейін жалғасқан «қырық жылғы қырғын» қазақ даласын түгел жайлады. Он алтыншы жылы басталған патшаның жазалаушы каратель қосындарының жасаған қырғыны, он жетідегі төңкерістен кейінгі ақ пен қызыл армия отрядтарының тонаушылығына қатар ұшыраған қаншама ауылдар, жиырмасыншы жылдары басталған қулак, молда-қожаларды жер аудару, байларды тәркілеу әлеметімен басшы иелерінен жұрдай айырылған ел... Жиырмасыншы жылдардың аяғында зорлықпен ұжымдастыру науқаны болып, көшпенді мал шаруашылығы толық күйреп, қазақ даласын жайлаған жасанды аштықтан халықтың үштен бірі қырылып, үштен бірі босқындыққа ұшыраған сұмдық геноцид... Келесі кезекте дала халқының аман қалған үштен бірінің тағдырын арқалап, қалған елді аман алып қалу мен азаттық үмітін сөндірмеуге жанталасқан Алаш ардагерлері мен ұлт зиялыларының аяусыз репрессияға ұшырауы... Осынша қастандықтан, сексеуілдей берік сахара халқының белі қанша бүгіліп, әлсіресе де, елдік үміті өшпей орнынан тұрып, енді ғана ес жия бастағанда, екінші дүние жүзілік соғыс деп аталған Германия мен Совет империясының қырғын жаулаушылығынан жарты миллионға таяу қазақтың жас түлектері тағы да опат болып, артта қалған қазақ еліне қайсар аналар мен жесір келіншектер, жетім жеткіншектер ғана ие болып қалған жанкешті жылдарды да қазақ қауымы бастан кешті. Советтік империя адамзат қауымын пролетар және буржуазия деп екі тапқа бөліп, бүкіл адамды материалдық тең дәрежеге жеткіземіз деген қияли коммунизм арқылы өз халқын да, өзге алпауыт елдерді де коммунистік идеология арқылы қанша алдаусыратса да, Ресейдің бұрынғы отаршылдық пиғылы еш өзгермегендігін, Қазақ ССР-ы деген тамаша атауға ие болған елде, іс жүзінде байырғы халықты тарихи жерінде азшылыққа ұшыратып, ұлттық негіздерін біртіндеп жоюдың қаншама жымысқы жоспары іске қалай асырылғанынан-ақ нақты көрініп жатты. «Қырық жылғы қырғын» деп аталған қазақ халқы геноцидке ұшыраған жылдардың соңғы он жылы, яғни, 1946-шы жылғы соғыстан кейінгі қайта ес жию кезеңінен 1956-жылға дейінгі уақыт қазақ қауымы үшін алдыңғы жылдардан да ауыр болды десек тарихи шындық болады (Қарны тойып, иіні бүтінделгенін айтпай-ақ қояйық). Өйткені, «тың игеру» деген атпен қазақ даласын жаппай жыртып, егістікке айналдыру үшін басталған алапат науқанда Одақ көлемінен ағылған басқа ұлттардың басым саны өз-өз атамекеніне аз санды болса да ие болып отырған қазақты мүлде сансыратып кетті. Жергілікті қазақтың тілден, ділден айырылуы, яғни, рухани күйреуге бет алу кезеңі туды. Ұлттық тілін ұмытқан, діні тәрк етілген, ділі бұзылған социализм дейтін казармалық қоғамның «Совет халқы» деп аталған жалшы тобыры қалыптасса, отаршылдардың көзінің құрты болған қазақ сахарасы уыстарына толық түсудің тарихи сәті таяп қалған еді. Оның үстіне, капитализм мен коммунизм деп екі дүниеге бөлінген алпауыт империялардың арасында қырып-жоюдың жаңа қаруы саналған атом сынақтары қазақ халқының қайнаған ортасында жасала бастады. Қазақтың даналары шыққан Семей өлкесі мен батырлары үзілмеген батыста, радиация арқылы жергілікті халықтың ұрпағына кесір келтіретін атом сынақтарының жасалуын қастандықтың қандай түріне жатқызуға болады?! Бірақ, сахараның сексеуіліндей тамыры терең, жаны сірі, рухы биік қазақ қауымы отаршыл қастандықтың қанша түрі жасалса да, жер бетінде халық ретінде аман қалудың мүлде жаңаша «азаттық феномендерін» жаңғыртып жасаумен болды. Соның ең айтулысы, «қырық жылғы қырғын» аяқталып, бүкіл жағынан сансыраған қазақты орнынан тік тұрғызған Алаш ардагерлерінің аманатын мойнына алып қалған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы! Бұл роман мәжбүрліктен қанша тап күресі идеологиясымен жазылса да, бүкіл қазақтың ғажайып өмірін қайта тірілткендей, ұлт данышпаны Абай хакімнің даналығын барлық халыққа қайта қауыштырғандай рухани серпіліс тудырды. Оның үстіне, жаңа заманғы сөз өнерінің шыңы саналатын роман жанрында дүниежүзілік әйгілі жазушылармен қазақтың тайталаса алатынын дәлелдеген ұлт мерейін асырған туынды өмірге келді. Алпысыншы жыл дегенде, қазақ әуен өнерінде бұрын-соңды болмаған, басқа түркі тектес халықтар әлі жете қоймаған жаңа әндердің тууы – қамкөңіл халықтың жан жарасын жазып, уайымын ұмыттырған, келешек өмірге ерекше құштарлықпен қарауға шақырған керемет құбылыс болды. Вальс королі деген дара даңққа жеткен Шәмшінің біртуар әйдік әндерінен бастап, ұлы сазгердің алдыңғы және артқы буыны саналатын Бекен Жамақаевтың «Сен ғана», Әбілахат Еспаевтың «Әлі есімде», Әсет Бейсеуовтың «Алтыным», Ескендір Хасанғалиевтің «Елігім Еркем», «Ауылым әнім», Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері», Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтқанда», «Өз елім», Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры», Бәкір Тәжібаевтің «Ақбұлағы», Ә.Телғозиевтің «Алатау қызы», Ә.Молдағайыновтың «Аяулым, арманымдай асылым ең», Ш.Әбілтаевтың «Бір ауыз сөз»... осындай әуені ғажап, қайталанбайтын біртуар...тағы қаншама әндер соғыстан кейінгі қамкөңіл қазақ қауымын уатқан, өмірге құштарлығын оятқан ғажап рухани дәрумен бола білді. Тағы да он жыл өтіп, жетпісінші жылдар дегенде, қазақтың сөз өнерінде айтулы туындылар өмірге келіп, сырттай «совет жастары» деп аталса да, қазақ жастарының ұлттық рухын тәрбиелеген Ильяс Есенберлиннің «Көшпенділер» сынды әйгілі романы жазылып, бүкіл одақ тілдерінде аударылып, баяғы қазақтың даңқты кезеңдерін еске салып жатты. Мұхтар Мағауиннің жанкештілікпен құрастырған «Қобыз сарыны» терең тегімізді ұмытпауды ескерткен ерлік еді. Осы кезеңдермен тұспа-тұс әзір болған «Қыз Жібек» көркем-фильмі қазақ халқының даңқын тағы бір асырды. Баяғы салт-дәстүр ұмытылып, советтеніп бара жатқан халқымыз, бұл көркем-фильм арқылы өзінің дегдар мәдениетті, салиқалы тұрмыс құрған, өзгеше сән салтанатты қоғамы болғанына көзі жетті, әрі Одақтағы басқа халықтардың да құрметіне бөленді. Фильмнің бас актерлері Құман мен Меруерт сол кездегі жастардың үлгісіне айналды. Осылайша, өзінің терең тамырлы, асқан өнерпаз халық екенін көрсетіп жатқан жемісті жылдарда қазақтың бүкіл саладағы өнері жарқырай көрінгені – отаршыл биліктің байқай алмай қалған «азаттық феноменінің» ғажабы десе болады. Мәселен, «Отырар сазы» әйгілі ансамблінің өмірге келуі – Нұрғиса Тілендиев сынды біртуар дарынның жемісі десек те, сол кезде шетелдерден келетін делегацияларға «Міне, біздегі қазақ деген халық» деп, көрсететіндей бір нысанның сол кездегі билікке қажет болуы түрткі болғаны да тегіннен тегін емес еді. Сахараның байырғы халқының даладай кең тыныстылығымен қоса, желдің суылы, судың сылдыры, шөптің сыбдыры, орманның шуылы, торғайдың шырылы...секілді алуан әуенді саз аспаптары қазақтардың қалғи бастаған ұлттық санасы мен әсем әуендік эстетикасын оятса, басқа халықтардың қазаққа деген сүйінішін туғызды. Онымен қатар, жетпісінші жылдары жарық жұлдыздай жарқ етіп шығып келген «Дос-Мұқасан» вокальдық ансамблі қазақтың халық әндерінің жаңа мүмкіндігін ашып, қазақ жастарының асқан дарынды екенін тағы да дәлелдеп берді. Ансамбль тобы ол кезде біздің адамдар капиталистік жүйе деп жақтырмайтын Батыс Еуропа мен Америка елдерін гастрольмен аралап, бері айтсақ, Совет Одағының абыройын асырып, ары айтсақ, оларға әйгілі әнші Әміреден кейін қазақ деген халықтың бар екенін тағы бір таныстырып өтті. Олардың көптеген әндерін соның ішінде «Той жырын» сол кездегі шетел жастары жатқа білуі – қазақ әндерінің кез-келген халықты еліктіріп әкететіндей табиғи, шынайы екендігін паш еткен ерекше құбылыс болды дей аламыз. Роза Рымбаеваның Болгарияда өткен халықаралық жастар фестивалінде «Алтын Орфей» бас жүлдесін иеленуі Советтік ұлтсыздандыру идеологиясына улана бастаған қазақ қыздарының өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырып, намысын шыңдады. Өз халқының намысын қорғау бәрінен артық екенін ұғынып, алдағы болатын даңқты «ЖЕЛТОҚСАН ЖАНКЕШТІЛЕРІНІҢ» жалынды қыздарын осындай «азаттық феномендері» дайындап жатқанын ол кезде ешкім де пайымдай алған жоқ болатын. Міне, осындай қазақ халқының азаттық санасын оятатын ондаған «азаттық феномендері» Совет империясының бодан халқын сөзбен алдап, іс жүзінде рухани құлдыққа әкеле жатқанын Одақта алғаш әшкерелеп, дүниежүзінің алдында «Лениндік ұлт саясатын ұстанушы ел» деген өтірік бет пердесін сыпырып берді. Яғни, «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы» деп, өз елімізде мүлде жұмсартылып әшейін айтылып жүрген Алматыда және басқа облыс орталықтарында болған қазақ жастарының әйгілі «Желтоқсан көтерілісі» Совет Одағының іргесін шайқалтқан, әлемдік дәрежедегі саяси құбылыс екендігін сол кездегі санасы ашық адамзат қоғамы әлдеқашан тарихқа қашап жазып қойған-ды. Былайша айтқанда, 1991 жылы Одақ құрамында болған бодан елдердің тәуелсіздік алуы, соның ішінде, Қазақ елінің тәуелсіздікке жетуі – өз елінде 1956 жылдан 1986 жылға дейін отыз жыл бойы дайындалған «азаттық феномендері», Желтоқсан қаһармандары арқылы іске асқан тарихи оқиға екендігі бүгінде білгір қоғамтанушылар арқылы жан-жақты зерттелуде. Қазақтың «азаттық феномендерінің» үшінші кезеңі 1986 жылдан немесе тәуелсіздік алған 1991 жылдан қайта басталды деуімізге болады. Өйткені, постсоветтік кезең деп аталған осы тәуелсіздік жылдарында Қазақ елін советтік жүйеде тәрбиеленген, коммунистік басқару тәсіліне үйренген, интернационалистік моральдағы азаматтардың басқаруы – осы елдің тарихи иесі саналатын қазақ халқының рухани, әлеуметтік жағынан толық азаттыққа жетуіне кедергі келтіргенін көптеген қоғамдық көріністердің өзі дәлелдеп берді. Мәселен, қазақты қазақ етіп тұрған әрі оның мыңдаған жылғы ұлттық мәдениетін сақтап тұратын тілінің толық қолданысқа кірмей мемлекеттік басқару жүйесінде әлі де отаршыл тілдің үстемдік етуі (Тәуелсіздіктің осынша жылы өткенде, бір-екі ғана мемлекеттік заңның түпнұсқасы қазақ тілінде жазылуы, басқа дәлелді қажет етпейді). Екінші, мың жылдықтан бері осы елдегі нағыз жер-судың иесі қазақ халқы сол елдің моноұлты ретінде бодандық жылдарда отарланған көптеген рухани, мәдени, әлеуметтік жағдайларын қалпына келтіріп, деколонизациялық үдерістің жүргізілмей аяқсыз қалуы. Үшінші, қоғамтану ғылымында «егер, саны аз-көп болса да, өзінің тарихи жер-суы бар халықтар бір мемлекеттің құрамында болған жағдайда жеке ұлт ретінде саналып, ондай ел көп ұлтты деп аталады» деген ғылыми негізге сәл-пәл болса да қайшы үрдістің қалыптасуы.

«Қазақстандық ұлт» болашағына болжам

Біз, бәріміз мына бір әдепкі жағдайды бір ауыздан мойындаймыз: Шетелге Қазақстаннан барған қай ұлт өкілі болсын, өзін «қазақстандықпын» («казахстанец») деп, таныстырады. Ешкім де бірден «қазақпын», «орыспын», яки, «кәріспін», т.б.-мын деп жатпайды. Олай деудің жөні де жоқ. Баяғыдан қалыптасқан үрдіс солай. Қай елдің, қай жердің адамысың, соның атауы сенің де жалпы атың болады. Мысалы, «ресейлік», «қытайлық», «семейлік», «ирандық», «түркиялық» деген секілді. Мақсат – оны дәлелдеу емес еді, тек соның мәнісін ашудың жөні келіп тұр. Елімізде «Қазақстандық ұлт боламыз» деген сөз шығуы мұң екен, осы сөздің төңірегінде айтыс-тартыс бұрқ ете түсті. Пікір таластырушылардың көбі атаудың мәнін емес, атын сынап жатыр. Газет беттерінде «...дық,... дік», деген ұлт болмайды» деген тақырыптарда мақалалар шықты, сауалнамаларда елге белгілі адамдар, біреу келіп қазір-ақ төл ұлттық атауын тартып алғалы жатқандай, «мен өз ұлтымның атында қаламын» деп, шегелеп тұрып айтып жатты. Бірақ, осындай эмоцияға түскен кезде ең негізгі нәрсені бәрі ұмытып кете береді. Төлқұжатында «қазақ» деп жазыла тұра, бірауыз қазақша білмейтін қандастарымыз аз емес қой. Сонда мәселе атында емес, затында екені, егер, орыс отандасымыз «қазақстандық» деп жазыла тұра, қазақша судай сөйлейтін болса, ондай атаудың қандай айыбы бар!? Бірақ, қаласақ та, қаламасақ та, біз тіпті өз-өзімізге де «қазақстандықпыз» деп айтып жүр емеспіз бе?! Оның еш сөкеттігі жоқ табиғи жағдай. Еліміздің жалпы атауымен аталғанымызға шамдану емес, қуануымыз керек. Ал, сол «қазақстандық» деген сөзге «ұлт» деген анықтама қосылса, әрине, басқаша мағына туады. Ондай атау біртұтас ұлт, яғни, бір ұлт деген ұғым береді. Бізде ондай ұлт болудың жөні бар ма? Әбден мүмкін! Себебі, ол жеке адамдардың яки Елбасының қалауымен болатын нәрсе емес. Қоғамның өз заңы. Яғни, ел болу деген сөз – ұлт болудың алғы шарты. Елді дамыту деген сөз – ұлтты жетілдіру деген сөз. Мемлекет құрудағы мақсаттың өзі жаңа ұлт қалыптастыру емес пе? Мемлекет – қоғамдық жүйенің ең жоғарғы көрінісі болса, ұлт – оның жемісі. Ендеше, Қазақстан атты ел тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ, «жаңа ұлттың» тұқымы ел «топырағына» егілгені шүбәсіз. Міне, ол 13-14 жылдан (бұл сараптама осыдан он бес жыл шамасы бұрын жазылған екен) бері көктеп те келеді. Бірақ, әлі оның түр-түсі белгісіз. Себебі, себілген «тұқымның» түрі көп. Жарыса өсіп келеді. Қайсысы гүл жарып, бой түзейді, қайсысы тамырын тереңге жіберуге бейім, қайбірі көктей солып, табанға тапталып қалады? Ол әлі мәлім емес. Әрине, бұл бейнелей салыстыру ғана. Ауа райына, топырақтың құнарына қарап, көктемгі себілген тұқымның күзгі дәнінің қандай боларына болжам жасауға болады емес пе? Сол сықылды Қазақстанды – егіс даласына, ондағы ұлт өкілдерін – тұқым түрлеріне, халықтың әлеуетін – құнарлы топыраққа, әлеуметтік жағдайларды (ақпарат кеңістігін, құқық жағдайын, тұрмыс деңгейін т.б.) – ауа райына салыстырып көрейік. Ықтималдық қисыны бойынша 3 тұрпаттағы үлгі байқалады: Басым, Орташа, Әлсіз. Қазіргі қалыптасқан үрдістегі Басым үлгі мынау: Тілі орысша, әрекет-іс қимылы – батысша, американша, діні – алақұла, түр-әлпеті – еуразиялық. Орташа үлгі: Тілі – қазақша, салт-дәстүрі – далалық мәдениеттен тамырланған жаңаша, діні – мұсылман, түр-әлпеті – азиялық. Әлсіз үлгі: Тілі – негізгісі орысша, қосалқысы қазақша қос тілді және аздап басқа тілдер, дәстүр-әрекеті – әдетке айналған советтік тұрмыс салты, діні – коммунистік мораль, материалистік атеизм және тәуелсіздіктен кейінгі шала мұсылмандық, басқа алақұла сенімдер, түр-пішіні қазіргідей әр түрлі. Басым үлгінің қазір қандай белгілері бар? Ұлттың басты нышаны тілі десек, орыс тілі барынша үстем, кең қолданыста тұр. Мәртебесі – базардан бастап, билікке дейін тең дәрежеде. Ауқымы – ауылдан қалаға дейін кең таралған. Қолданылуы – көшеде, кеңседе, көпшілік көлік ішінде және әркімнің өз үй-ішінде де іске жегілген (Себебі, советтік ассимиляциядан мәңгүрттенген қазақтар орысша сөйлеуді әлі мәртебе көретін бейшаралық пиғылда, өзінің ғажап шешен тілін менсінбейтін рухани сырқатқа ұшыраған). Осы үш межеден қарағанда, орысша бірауыз сөз білмейтін қазақстандықты, тіпті, осы елде тұрып жатқан шетелдікті кезіктіре алмайсыз, бәрінің де орысша «шәйішерлігі» бар. Ал, қазақша «қақпайтын» қазақстандықтар басқару жүйесінде отырғандардан бастап, балабақша бақташысына дейін қаптап жүр... Ал, ұлттың санасын жетілдіретін, идеологиясын қалыптастыратын басты құрал БАҚ, ол да осы басым үлгіге қызмет етеді. Мәселен, газет дүңгіршегінде орысша нөпір басылымдар арасынан қазақша басылымның көзі әрең жылтырайды, ал, теледидар орысша, қазақша елу де елу болады деген «ертегімен» әлі келеді... Ұлттың келбетін келістіретін екінші әсерлі күш – салт-дәстүр. Басым үлгіні ұстанатындарда американдық, яки, батыстық өмір салты етек алуда. Көшедегі адамдарға көз салыңыз. Киім киіс, жүріс-тұрыс, ойын-күлкісі, той-тойланысы... тұрмыстағы тағы не қилы іс-әрекет түгел «жаңаша жаhанданған» – еуроамерикандық кейіпкерлерден айырмасы аз. Осыны дәлелдегісі келгендей, жуық жылдары жасалып, теледидарда көрерменмен қауышқан «Саранча», «Перекресток» секілді отандық телесериалдардағы өмір кешіп жүрген кейіпкерлер осы біз айтып отырған басым үлгінің жанды туындылары десек кім дау айтады? Тілі – орысша, ділі – батыстанған нағыз жаңа «қазақстандықтар» емес пе? Енді, осы БАСЫМ ҮЛГІНІҢ түрі мен діні қалай қалыптасады? Тілі мен ділі қауышып кеткен бір мемлекеттің ішіндегі алақұла ұлт өкілдері бір-бірімен өзара үйленбей тұрмайды. Орыс пен қазақ, кәріс пен орыс, түрік пен дүнген... Мұндай некеден туғандардың түрі қандай болмақ? Талассыз еуразиялық кескін шағады: көзі көк, өңі қоңыр, не өңі сары, шашы қара... Жүз түрлі ұлттың жүз мыңдаған некесінен сомдалған жаңа еуразиялық қазақстандықтар ұрпағын елестетіп көріңіз! Ал, бұлардың діні ше? Әрине, неке араласқан соң, дін араласпай тұра алмайды. Қазақстандағы не түрлі діндер бір отбасында тоғысады. Осындай болып, мидай араласуға біздің елде құқықтық жағынан еш бөгет жоқ. Жеке адам құқы – ұлт мүддесінен жоғары. Демократиялық еркіндік – халықтың тағдырынан әлдеқайда құнды. Елімізде қалыптасқан осындай жан-жақты қолайлы жағдайдың нәтижесінде басым үлгінің өмірге келуі күмәнсіз. Оның нәтижеге жетпей қалуы шүбәлі. Міне, оның басым үлгі болуы да осыдан. Басым үлгінің формуласын еске салайық:

«Тілі – орысша, іс-әрекеті – батыстық, түрі – еуразиялық, діні – алақұла»

Осындай халық өзін «нация казахстанец» деп атауы айдан-анық. Енді, орташа үлгіні саралап көрейік. Олардың басты беделі – қазақ тілі. Бірақ, ол Қазақстанда, яғни, өзінің төл топырағында адам түсінбейтін кереғарлыққа ұшыраған. Мемлекеттік тіл бола тұра мәртебеден жұрдай. Елдегі ауқымы соншама кең бола тұра, қазақ тілі ауылдан қалаға аттаса болды, бірден ауызға ұрылады. Оқу орындарында оқулық түгел қазақша болса да, оқушылар арасынан орысша сөйлесу әдетке айналған. Қалың қазақтың ішінде жүрген қазақ емес, қазақстандықтар тым құрығанда қазақша «бар, жоқ» деген ең қарапайым екі сөзді де білмейді. Яғни, Қазақстанда қазақша білмеудің еш әбестігі де, еш айыбы да жоқ. Қазақтың өзі қазақша білмеуі де ұят емес. Және қазақ тілінің БАҚ-та да бағы да тайған. Орыс тілінен кейін сөз алу – заңдылыққа ұқсайды. Оны өзгерту заңсыздыққа саналады. Осындай заңсыз заңдылықтардың кесірінен қазіргі күнгі қазақ тілі, Қазақстанда тек қазақы (қазақтанған басқа ұлт өкілдері де бар) отбасыларында қолданылуы ғана - табиғи жағдай деп қабылданған. Ол ауқымнан асу қажет болса, тек айтыс өнерінде ғана еркіндік берілген. Одан өзге ауқымды жиындарда жаппай қазақша сөйлеу мәдениетсіздік, тіпті, оғаштық, қиғаштық болып саналады. Алайда, Қазақстанда осыншалық шеттетілген тілдің әлеуеті өте жоғарғы деңгейде. Тек «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Алтын сандық» секілді бірнеше телебағдарламадан-ақ, қазақ тілінің күшін, шешендігін, тереңдігін, қарт буын мен жас буын арасындағы нық жалғастығын аңдамау мүмкін емес. Қазақстанда кемінде 7 млн қазақ жетік білетін, тағы да әлденеше мың басқа қазақстандықтар толық және біршама білетін, ғасырлар бойы қордаланған бай тіл – күндердің күнінде желек жайып жеңіске жетпей қоймайды, үміт зор. Қазақтың салт-дәстүрінің тамыры тіпті тереңде. Ғұн, сақтан, көне түріктен жалғасып, мұсылмандық мәдениетпен кемелденген далалық сан-қырлы ұлттық үрдістер топырақ астында жазғытұрғы ақжауынды күтіп жатқан асыл текті тұқымға ұқсайды. Уақыты келгенде көзі барды түгел таң-тамаша етіп, құлпырып жаңаша түлемейді дегенге сенбеу парықсыздық дер едік. Ал, дінге келсек, өзі ғұмыр сүріп жатқан елінің тілі мен діліне адал ұл-қыздары мұсылманшылықты жан-тәнімен қабылдауы хақ. Олар өзара адал некемен ұрпақ өрбітуі сөзсіз. Алайда, осы табиғи заңды жолға бөгет көп. Ұлттық жетілуді – ұлтшылдық деп, хақ жолды таңдауды – фундаменталдық деп, іш-сырттан қатар аяқтан шалатындар аз емес. Осындай өз топырағымызда өзіміз өгей болудың қырсығынан Орташа үлгіні толық жеңіске жетеді деу шүбәлі. Мүлде жеңіледі деу де күмәнді. Міне, оның орташа үлгі болуы да осыдан. Формуласын еске түсірейік:

«Тілі – қазақша, салт-дәстүрі далалық мәдениеттен тамырланған жаңаша, діні – мұсылман, түр-әлпеті азиялық»

Осы бағытты таңдаған қарасы мол, өсімі жоғары халықтың өзін-өзі «қазақпын» деуден танбасы да анық. Үшінші аталған әлсіз үлгіні Қазақстандағы «советтік халықтың» соңғы қалдығы десе болады. Яғни, бұрынғы гүлдену дәурені өткен, болашағы бұлдыр тұманға бет алған бимағұлым халге түскен қауым. Өтпелі кезеңде Қазақстанда бұларды алдап-сулап қанша құрметтесе де, олардың келер елу жылда келмеске кетері сөзсіз. Келесі жүз жылдыққа осы қалпымен жетеді деу өте шүбәлі. Олар не басым үлгіге, не орташа үлгіге айналып тынады. Олардың әлсіз үлгі болуы да осыдан. Формуласына көз қырын салып байқайық:

«Тілі – орысша-қазақша қос тілді, дәстүр-салты – интернационалдық, коммунистік құрама әдеттер, діні – атеистік, коммунистік мораль, түр-әлпеті қазіргідей әр-қилы»

Осы үш үлгінің салтанат құруына заманның әсері қандай? Заман олардың алдына талас пен бәсекені, ақылдылық пен алғырлықты қатар ұсынып тұр. Үшеуінің алдынан да не жеңіс, не жеңіліс күтеді. Біреуі жеңбей қоймайды. Үшеуі қатар өмір сүретін үшінші жол жоқ. Мәміле жоқ, өйткені, таңдалған заманның заңы солай. Тағдыр адамға екібасты болуды жазбаған (Шерағаң Шерхан ағаша айтсақ, «Жыланда ғана айыр тіл болады»). Егер, «қазақстандық ұлт» жеңіске жетсе, оны ұлт деп атаудың өзі алжасқандық. Олардың табиғатында тобырлық басым. Өйткені, онда тамыр жоқ, тек жоқ. Қазір осыған бүйрегі бұратындар болса, келешек ұрпағының тобыр болып кететініне ой жүгіртпей, осы пиғылдағылардың қолындағы уақытша билік пен байлыққа ғана сатылып жүр. Әйтпесе, ұлттық санасы бар, иманы бар адам өз ұрпағының адам емес, азғын болуын қалай ма?! Мұндай тобыр Қазақстанды ел етіп ұстайды деп сенудің өзі ессіздік болар. Тобырлық санада қашан да ұлттық ұғым болмаған, құлқынның құлы болатындар осылар...

Азаттық феноменінің жалғасы

Алайда, рухы тек азаттықты аңсайтын қазақтар сырт көріністе сабыр сақтап, жүздеген жылға жалғасқан отаршылдықтың жаңа түрінің жалғасуына тағы да «азаттықтың жаңа феномендерімен» күреске шықты. Соның ең айтулысы шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көш бастауы. «Дүниежүзі қазақтарының басын қосу» деген идеяның алғашқы авторы моңғолиядағы қазақтар екеніне сол кездегі «Азаттық» радиосында мәтіндері оқылған Уланбатырдағы қазақ жастары шығарған «Рух» журналы тарихи куә бола алады. Және олар мұны алғаш рет іс жүзіне де асыра білді. Қазақстан әлі тәуелсіздік алмаған тоқсан бірінші жылдың мамыр айында «Еңбек шарты» деген атпен моңғолиялық қазақтардың Қазақ жеріне тікелей көшіп келуі, олардың Ресей федерациясының өлкесімен өтіп келуі шетелдегі этникалық қазақтардың нақтылы Отаны Қазақстан екендігін дүниежүзіне әйгілеген оқиға болғандығы шетелдегі қандастарымыздың да тәуелсіздікті аңсайтындығын көрсеткен бірегей «азаттық феномені» дейміз. Бұл тарихи үдеріс кешікпей дүниежүзі елдерінде тұратын қазақ диаспораларының ата жұртқа тоқтаусыз ағыла бастауымен, әрі тәуелсіздік жылдарында бұл үдерістің одан ары үдеуімен ерекшеленуі – Алаш жұртының елдік рухын әлемге паш ете білді. Бүкіл Алаш жұртының рухын оятып, елдік мүддесі үшін жұмыла күресетіндей тарихи сәттің туғанын бұл кезде Мюнхенде қызмет ететін «Азаттық» халықаралық радиосының Қазақ редакциясы дүние елдеріне тынымсыз жариялап жатты. Осы радиохабарда ұзақ жыл журналист болып қызмет еткен Хасен Оралтай бауырымыздың жеке күресі мен жанкешті ерлігін Алаш ардагерлерінің ісін жалғаған ерекше тарихи құбылыс деп атауға тиіспіз... Бірақ, постсоветтік кезең біз армандаған ұлттың азаттығына қарай қарыштап кете қоймады. Тарихи қолайлы кезең туып, Қазақ елінің тәуелсіздікке жетуі, осы тәуелсіздікті нағыз ұлттық кемелдікке келтіруге мүмкіндіктің болуы, Алаш ардагерлерінің дайындап кеткен бірегей бағдарламаларын іске асырудың сәтінің келуі, бөтен елдерге амалсыздықтан ауып кеткен қазақ диаспораларын және өзінің тарихи мекенінде отырса да, бөгде елдің құрамында қалып қойған этникалық қазақтарды азаттық алған Атажұртына қабылдаудың кезі келіп тұрғаны... секілді көптеген оңтайлы қоғамдық-саяси шаралардың созбұйдаға салынып іске аспауы – қоғамдық көріністерде анық көріне бастады. Бұл тұста қазақ зиялылары байыптылық танытты: Баяғыдай Мәскеу төбесінен қарап тұрған жоқ, Президент өзінен, Үкімет өзінікі, Парламент те өздері сайлаған өз адамдары... Сондықтан, жоғарыда аталған ұлттық ділгір мәселелер жайлы қаншама ұсыныстар, бағдарламалар, пікірлер... жазылумен, айтылумен болды, алайда, іс жүзінде басқаша көріністер, яғни, қазақ ұлттық мүддесіне тікелей қайшы істер іске асумен болды. Мәселен, Алаш арыстарының идеялары ескерусіз қалды, бөтен елдегі қазақ диаспораларының Қазақстанға келуі, тіркелуі, азаматтық алуына неше түрлі қитұрқы амалдармен, қағазбастылықпен бөгеттер қойылды. Соңғы ондаған жылда көші-қонның жалған бағдарламаларымен алдаусыратып, еліміздің демографиялық саясатына бірден-бір дем беруші осы негізгі фактор елеусіз қалды. Әрі, шеттен келетін қандастармызды жеккөрінішті көрсететін жымысқы идеология да жүргізіліп жатты. Қазақ елін ұлттық бірегей ел етуге тиісті негізгі фактор саналатын Қазақ тілінің беделін, мәртебесін түсіретін қаншама амалдар да қатар жүріп жатты. Басқару жүйесінде отырған биік лауазымдылардың өз тілін білмеуі кемшілік емес, бөтен елдің тілінде сайрауы кереметтей мәдениеттілік саналатын сұрқай саясат әлі ақылы қалыптаспаған тәуелсіздік кезеңінің жастарының миын улай бастады. Көпшілікке қызмет көрсету орындары саналатын банк, дүкен, әкімшілікте... отырған қазақ жастары беттері бүлк етпей, отаршыл тілде жауап беруі әдеттегі көрініске айналды... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ермахан, Бекзаттар бастаған қазақ боксшыларының даңқы соңғы үш жылда, яғни, «азаттықтың жаңа феномендері» бас көтерген кезеңде Геннадий Головкин, Қанат Ислам... деген даңқты есімдер дүниежүзінің спорт ареналарында Қазақстанның көк туын желбіретіп, бізді білмейтін халықтарға «О, мынау қандай елдің жігіттері!» дегізіп, еліміздегі жастардың ерлік, елдік рухын аспандата көтерді. Ал, Димаш Құдайбергеннің ән-әуен әлеміне шығып келуі алпысыншы жылдарғы «ғарышқа Гагарин ұшты!» деп, дүниежүзін дүрліктірген жер шары деңгейіндегі оқиғадан бір де кем болмағанын көзбен көріп отырмыз. Өздерін өнер мен мәдениеттің шыңына шықтық дейтін әлемдік алып державалардың көрермендері, яғни, Қытай, Америка, Жапония, Франция... Димаштың табиғи асқақ тамағы ғана емес, оның сахна өнеріндегі ең жоғарғы талғамдағы мәдениеттілігіне, туған халқының әндеріндегі бұлтқа жететін шырқау әуезділігі мен сан құбылған әуенділігіне көздерінен сүйіспеншілік жасын ағыза тыңдап, тамсана таңданды! Димаштың дарындылығының сыртында сонша жас жігіт бола тұра сабырлы ұстамдылығы, қарапайым кішпейілділігі, елігіп-еліріп кетпейтін бір мінезділігі оның туған халқының айнасы бола білгендігін, мұндай біртуар әншіні тек қана терең мәдениеті бар, рухани ұлы халық қана туғыза алатындығын дәл қазіргі сәтте әлем еліне мойындату үстінде... Қазақстан деген Орта Азиядағы күні жарқырап, көк аспанында қыраны шүйілген елдің көк туы жарнамасыз түрде танылғаны өз ұлтын қораш санап, отаршыл тілде шүлдірлеуді мәртебе көретін мәңгүрттерді де тәубесіне келтіре бастады. Әрине, бұл біздің халқымыздың даңғой құр мақтанышы емес, нағызында азат рухты аңсайтын халқымыздың тағы бір «азаттық феноменінің» жарқырап көрінуі деп, түсінуіміз керек-ті. Енді, халқымыз сөз өнерінде де алдыңғы өткен «Абай жолы», «Көшпенділер», «Шақан шері», «Бесатар» сынды жаңа буынды жан-жақты шыңдай алатын феномен-кітаптарды күтуде...

686 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз