• Ұлттану
  • 25 Наурыз, 2020

Экрандағы «Ерке» сөздер немесе сыртта қалған сингармонизм

Берікхан Тайжігіт, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Бүгінде «Интелсат» Халықаралық спутнигімен өз телехабарларымызды төрткүл дүниеге санды қондырғылар арқылы тарата бастаған кезеңдегі туған тіліміздің жай-күйі қандай, жағдайы нешік? Отбасының бір мүшесіне айналған теледидар қай тілде, қалай сөйлейді? Ең бастысы, ұрпақ тәрбиелеуде үлкен роль атқарып келе жатқан осы қобдиша тілімізді қай деңгейге көтерді? Бұл тұрғыдан келгенде, шынын айту керек, «бармақ тістеп, бас шайқар» істер жетерлік.

Сөз барысында орфоэпиялық, сингар-монизм заңдылықтарын сақтай бермейтін әріптестеріміздің орашолақ сөйлемдерінен мезі болғанымызды несін жасырайық. Бір кездердегі Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Бақытжамал Ермановалар, бүгінгі Ғалым Боқаш (рас, қазір басқа қызметте), Ержан Арзықұлов, Зейін Әліпбек сынды жастардың сөз саптауы, тіл безеуі көңілге қонымды, жан жадыратады. Өткенде тікелей эфир арқылы бокстан дүбірлі сайыс болды. Репортаж барысында әріптесім қазақ тіліне едәуір қиянат жасап, белінен басты. Айтпай кетуге болмас. Мәселен: «...Түрік боксшысы өзінің аяғында әдемі жүретіндігін байқатып...», «...Американдық қызыл шлемдегі боксшы...», «...Залдағы көрерменнің көптігінен алма түсер орын жоқ...». Бірінші сөйлемнің орысшадан аударылған нұсқа екендігі белгілі және өте сәтсіз тәржімаланған. Екінші сөйлем туралы: қай қазақ, қай ата-бабамыз о заманда бұ заман «дулығадағы батыр», болмаса «тымақтағы малшы» дер еді. Үшінші сөйлем де орысша құрылған. Әйтпесе, қазақ атам «ине шаншар жер жоқ» демеуші ме еді!? Жалпы, мұндай фразеологизмдерді алмастыру, я аудару еш опа әпермейтіні бесенеден белгілі. Экран – елмен жүздестіретін елші. Сондықтан, ондағы айтылар ой, қозғалар пікірлерді жеткізу барысында кемшіліктер болмауы тиіс. Олай болмаған жағдайда ұрпақ тәрбиесіне де, туған тілімізге де нұқсан келері анық. Кемшілік дегеннен шығады. Сингармонизм деген ұғым мүлде сыртта қалуға айналды. Әйтпесе, телеэкран арқылы жаңалық жеткізуші журналистің (болмаса комментатордың) «...Ақ үй басшыларымен мәмілеге келіп, бірқатар құжаттарға қол қойылды» немесе «...Алматы қаласындағы кәсіпорындар» деген сөйлемдер мен сөз тіркестерін дұрыс жеткізе алмауын немен түсіндіруге болады? Шындығында, бұл орфоэпиялық заңдылық бойынша «...Ағүй башшыларымен мәмілеге геліп бірғатар құжаттарға қолғойылды» немесе «...Алматы ғаласындағы кәсіб-орындар» болып дұрыс оқылуы тиіс. Осылай болып келе ме? Әрине, жоқ. «Ақ алма», «Көк алма» қалай жазылса солай оқылып, нәтижесінде сақау ұрпақ қалыптасып үлгерді. Осының салдарынан бір кездері өзді-өз түсінісе беретін түркі тілдестер ішіндегі оғыз, қарлұқ, қыпшақ тобы бір-бірімен аудармашы арқылы тілдесетін болды. Тілдің ассимиляцияға ұшырауы басталды. Реформатор, әдебиет зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышына» көз жүгіртейікші; «Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың қатарынан бір сөздің ішінде келуі тиісті болмайды. Қатарынан келетін кездері қос сөздерде не екі сөздің бірінің аяғы, бірінің басы дауысты дыбыс болып келетін жерде болады, мәселен, «сары үй», «торы айғыр», «қазба үй», «қара өлең», «ата жолын қуса игі етеді». «Қара маса екен», «бала емес», «баласы еді», «қырдағы үй», «кесе-аяқ», «мосы ағашы» деген сияқты сөздер. Дауысты дыбыстардың бұл сияқты қатарынан келуі айтуға оңтайсыз болып, сөздің әуездігін кемітеді. Бұл кемшілік қазақ тілінде көбінесе екі дыбыстың бірін айтып, бірін айтпауымен ғана сезілмейді, айтқанда «сары үй» демей, «торайғыр» дейді. Басқаларын да солайша бір дыбыспен айтады. Мәселен, «қуса игі еді» деген сөздерді «қусигеді» етіп айтады. «Баласы еді», яғни «бала екен» деп дыбыстарын түгендемей-ақ, «баласекен», «балекен дейді». Осыдан жүз жылға таяу уақыт бұрын жазылған қайран Ахаңның бұл еңбегі ұзақ жылдар «ғалымсымақтарымызға» азық болып келгенімен, әлі де болса кейбір әріптестеріміздің санасына кірмеуі өкінішті-ақ! Ал, қазір, мақаланың басында сөз қылған тележурналист әріптестерімнің тілі туралы тәмсілді тарата айтсақ, тілдің орашолақтығы немесе «майдан қыл суырғандай» шешендігі тікелей репортаждар арқылы берілгенде лезде-ақ анық байқалады. Бұл төңіректе спорт тақырыбына едәуір тер төгіп жүрген бауырым Аманкелді Сейітхан салып келе жатқан соны соқпақтың «әттеген-айы» мен «бәрекелдісі» қатар түсіп жатады. «Бадра туралы бадырайтып айтуға болады», «Желден жүйрік Жазири», «Семшов Жазириды жазалады», болмаса «Допты әріптесіне бермей, өзінің соққаны жөн болар еді, ә!» деп, ассонанс пен аллитерацияны ұтымды пайдаланып, телекөрермендердің «үйіне кіріп кететіні» жағымды-ақ. Рас, Аманкелдінің де артық кететін жерлері бар, әрине. Мәселен, «Мына ойыншы біздің ауылдағы Серік деген қақпашыдан аумайды екен...» деген артық сөздерін, екі команданың біреуіне артық жақтасып кетуін оның «аузын ашса жүрегі көрінетін» ақындығынан деп білеміз бе... Ал, көркем әдебиеттің тілі бір соқпақпен жүрсе, журналистика, оның ішінде тележурналистің тілі нақпа- нақ, басы артық сөздерсіз болғаны жөн. Дей тұрғанымен, Аманкелді тележурналистикада өзіндік қолтаңбасы айқын көрініп келе жатқан азамат. Аударма мәселесіне келсек, көңілге кірбің ұялатар атаулар баршылық. Мәселен, қазір бүкіл қазақ баспасөзі (оның ішінде теледидар, радио да) Американың тұрғынын «американдық» деп әйгілейді. Бір қарағанда дұрыс секілді. Орысша «американец» бізше «американдық». Алдымен, сөздің түбіріне үңілейік. Америка. Хош, енді сөзден сөз тудыратын «лық» жұрнағын қоссақ, «америкалық» болып шықпай ма? Ал, араға қайдан «н» әрпі кірді деген сауалдың жауабы да соншалықты жасырын емес. Ол тағы ұлы көршіміздің ықпалы: орыс «американец» десе «американдық», «итальянец» десе, «итальяндық» (италиялық емес) деумен келеміз. Жалпы, орыс транскрипциясымен жазылған Американы «Әмірике», Моңғолияны «Мұңғұлия» дер күн туар ма екен... Аударма жөнінен әңгіме қозғағаннан кейін мына бір детальдарды ашып айтқым келеді. Кей кезде қыза-қыза сөйлеп кеткен ағайын: «домбырада ойнайды», әйтпесе, «қара пальтодағы жігіт» деген сықылды сөз тіркестерін қолданып қалады. Қазақ ешуақытта «домбырада ойнайды» деген емес. Бұл орысшадан тікелей аударылған сөз тіркестері. «На домбре играет», иә болмаса «Парень в черном пальто» деген сөздердің сөзбе-сөз тәржімелері. Мұндай қасаң аудармалардан әркез аулақ болайық, ағайын. Мен таяуда ақын Серік Тұрғынбековтың сөзіне жазылған «Сұлуым» әнінде «сұлуым» деген сөздің неше рет қайталанатынын санап көрдім. 56 рет! Ол ол ма, ақын Мұқағали Мақатаевтың «Жалаң аяқ қыз» атты өлеңінің сөзіне жазылған тағы бір әнде жалаң аяқ қыз деген сөз 62 рет қайталанып құлағыңның «құрышын қандырады». Сосын, ойға баттым. Тап, осы әндерді ғайыптан тайып Абай, Әсет, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақтар тіріліп келіп тыңдаса, қандай күйде болар екен... «Ұрпағымыз бізден озды», дер ме екен, жоқ, қапа болып: «Азды», дер ме екен... Әй, қайдам, «балық басынан шіриді» деген, тағы бір мысал. 1996 жылы «Рауан» баспасынан 7 сыныпқа арналып шыққан «Әдебиет» оқулығындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Ақын ініме» атты өлеңін 1991 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Ақ жол» атты кітаптағы осы аттас өлеңімен салыстырып байқасақ, жасалған қиянатқа жан ауырарлықтай. Мәселен, өлең «Ақ жолда»: Аз сөзге құлағыңды сал, ақын інім, Ой пікір, рухымыз жақын, інім, – деп басталса, Оқулық: Азырақ құлағыңды сал, ақын інім, Ойымыз, рухымыз жақын інім, – дейді. Ары қарай «Ақ жол». «Өзімді ағаңмын деп» үлкейтемін, – деген жолда төл сөз бен автор сөзінің тыныс белгілерінің өз орнында тұрмағаны белгілі болып тұр. «Ақ жол»: Аузымен орақ орып бәрін де істер, Оқулық: Аузымен орақ орып бәрін де етер. Өлеңнің соңы «Ақ жолда»: Ақылың Аплатондай болса дағы, Еті мен қымызы жоқ – тақыр інім, – болып аяқталса, Оқулық: Ақылың Аплатондай болса-дағы, Қымыз бен еті жоқ құр тақыр білім, – деп тәмамдапты. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін түпнұсқадан оқымағандықтан, әрине, айта алмаймыз. Поэзия проза емес, мәрмар тастан қаланған сәулетті сарайдың құрылысына қол салып, «түзеген» ағайынға болсын обалы. «Жылағанның алдынан бақырған шығады» демекші, Ахаңа істелген қиянатқа күйзеліп жүрсек, Абайды да «өңдейтін» редакторлар барлығын шыққыр көз көрді. Бізге жақсы танымал: Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Қайратың мен ақылың екі жақтап, – деген өлең жолдарының соңғы тармағы «Атамұра» баспасынан 1998 жылы шыққан «Абай» атты энциклопедияның мұқабасының соңында: Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – болып өзгерген. Тағы да түп нұсқаны көрмеген жұрт әрі-сәрі болып қала берді. Әрине, мұндай кемшіліктер тұтастай алғанда жалпы тіліміздің бет-беделін түсіре қоймас. Дегенмен, ұлы тұлғалардың аузынан шыққан сөздердің келер ұрпаққа дәл жеткені кімге де болса абырой болар еді.

616 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз