• Ұлттану
  • 01 Маусым, 2020

ЛАТЫННЕГІЗДІ ӘЛІПБИДІ ҚҰРУ ПРИНЦИПТЕРІ

Жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады [1]. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Жаңғыру жазудан басталады. Сондықтан, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек.

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Елбасы осы мақаласында былай дейді: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» [2]. Бұл орайда ұлттық санаға, ең алдымен, әсер ететін күш – ана тілі екені белгілі. Тілімізді реформалау – ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеретін қадам. Осыған байланысты Елбасы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау мәселесін көтеріп, халық талқысына ұсынды. Бұл құжаттың қабылданғанына үш жыл болды, осы уақыт арасында ауқымды шаралар атқарылды. Жаңа қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасы жасалып, талқылануда. Әліпби, графика және орфография – лингвистика ғылымының жеке салалары. Көп жағдайда әліпби құру, жазу теориясының, орфография ережелерін біріздендіру мәселелерінің шегі ажыратылмай, аралас қарастырылып жатады. Негізінде орфография қағидалары мен ережелері әліпби қалыптасқаннан кейін, яғни, әріп инвентарі (құрамы) түгенделіп, тәртібі реттелгеннен кейін жасалады. Қазақ ұлттық әліпбиін құрудың негізгі қағидаларын А.Байтұрсынұлы қалыптастырып, кейін оның дамуына латын және кирилл графикасының негізінде қазақ әліпбиін жасаған тілші-ғалымдар, сондай-ақ қазіргі қазақ фонетикасы, фонологиясы мен графикасы, тіл мәдениеті, орфография мен орфоэпиясы, жазу теориясы салаларын зерттеуші ғалымдар елеулі үлес қосты. Олардың тұжырымдары мен зерттеулері қазіргі латын графикасына негізделген ұлттық қазақ әліпбиін құрудың жаңа принциптерін ұсынуда негізге алынды. Принциптердің негізгі типтері: 1. Бұл құжатта ұсынылған әліпби құру принциптерінің бір бөлігі тұрақты, өзгермейтін сипатқа ие. Мысалы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіндегі негізгі латын әріптерін сақтау принципі немесе әліпбиге диграф, полиграфтарды енгізбеу принципі осындай типке жатады. Демек, егер ұсынылған жобада осы принциптердің біреуі қалыс қалып немесе толықтай ескерілмеген болса, онда бұл жобаны жаңа әліпби құру принциптеріне сәйкес келмейді деп есептеу қажет. 2. Жаңа әліпби құру принциптерінің ішінде негізгі, яғни, базалық болып саналатын типі кейбір ауытқуларға жол береді. Мысалы, «бір фонема – бір әріп» принципі әліпби құрылымында ескерілуі тиіс, бірақ бұл жағдайда оңтайлы дыбыстық-әріптік жазудың, жазу теориясының критерийлеріне сәйкес ол толық сақталмауы да мүмкін. Мысалы, әліпбидің жобасында бір негізгі дыбыс – фонеманың екі түрлі реңкіне – вариантына арнап екі әріпті алуға болады немесе керісінше екі фонеманы бір әріппен таңбалауға да жол берілуі мүмкін. Алайда, екіден көп фонеманы бір әріппен таңбалау тиімсіз саналады. 3. Принциптердің үшінші типіне жаңа әліпби құрамын түзуде қолдануға мүмкіндік берілген, рұқсат етілген қағида түрлері жатады. Бұндай принциптің маңыздылығы құрастырушының қолдану мақсатын нақты дәйектейтін дәлелдерін талап етуімен ерекшеленеді. Егер қолданылып отырған принцип жобаның сапасын, тиімділігін, оңтайлылығын арттыратынын құрастырушы дәлелдей алса, бұл принципті қолдануын дұрыс әрі қажет деп санау керек. Мысалы, мұндай принциптерге латын қарпі негізіндегі әліпбиге басқа гомогенді графикадағы әріп таңбаларын пайдалану мүмкіндігі жатады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін құру принциптері: І тип: өзгермейтін, тұрақты принцип. 1. Халықтың ұлттық рухының, ұлттық тілінің өзіндік ерекше дыбыс байлығының әліпбиде көріну принципі. Халықтың ұлттық рухы, ұлттық сөзінің дыбыстық реңкі қарым-қатынас құралы ретінде оның тілінде көрініс табады. Және жаңа әліпбиге дейін қолданылған графика типінде де сақталады. 2. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінде латын негізін сақтау принципі. 3. Латын әріптерін қазақ тілінің үндестік заңындағы ерекшеліктеріне және қазақ тілінің дыбысталуына бейімдеу принципі. 4. Әріп-графикалық таңбалар жиын-тығының принципі (екі баспа Аа, екі көркем жазу Аа). 5. Қосымша графикалық элементтерді (диакритикалық таңбаларды) мүмкіндігінше аз қолдану принципі. 6. Әріп құрылымындағы қосымша элементтерді (нүкте, сызықша, т.б.) әліпбиге жүйелі енгізу (монобағыттылық) принципі. Мысалы, терең тіл арты, көмей дыбыстары үшін бір ғана диакритика, ал кейбір мұрынжолды дауыссыз дыбыстар (ң) үшін бір, сондай-ақ жіңішке дауысты дыбыстар ә, ө, ү, і үшін т.б. бір түрлісін ғана алу, себебі аталғандар факультативті (қосымша) сипатқа ие. 7. Әліпбиге диграфтар мен полиграфтарды енгізбеу принципі. 8. Тілдегі біртұтас әліпби принципі. Қазақтың байырғы төл сөздерін жазу үшін де, кірме сөздерді жазуға да лайықты ортақ әліпби. 9. Әліпби құрудағы тұтастық пен өзгермеу принципі. Ұсынылған принциптер түрлі өзгерістерге ұшырамауы тиіс. 10. Әліпбиде адамның естуі арқылы қабылданған фонема, дыбыстың әріптерін бейнелеу принципі. Яғни, бұл мағына ажыратқыш дыбыстар (фонемалар) адамның есту қабілеті арқылы қалыптасып, бүкіл ұлттық біріккен естілім жүйесі арқылы санада сақталады, сол арқылы сөздер бір-бірінен ажыратылады. Әліпби тіл тұтынушылардың орта деңгейінің есту мүмкіндігіне сүйеніп жасалады. Әліпби дыбыс жазғыш техникалық құралдардан шыққан естілім мүмкіндіктеріне негізделіп жасалмайды. 11. Әліпбидің әдеби тіл нормасына сәйкес болу принципі. Әліпбиде жеке әлеуметтік топтар мен өңірлер тіліне тән дыбыстар көрсетілмейді. 12. Көру арқылы қабылдау, оқу, жазу, ауызша және жазбаша тілде тану, мағынаны айыру мүмкіндігін ескеру үшін әліпби әріптерінің тез жатталғыш, көзшалым мен қолшалымға қарапайым болу принципі. 13. Әліпби – оқыту және үйрету құралы принципі. Әліпби, ең алдымен, оқыту (оқу) үшін қалыптасады. Мектепте оқушылар оқып үйренеді. Олар әліпбиді меңгеру арқылы басқа ғылым салаларын игереді. Әліпби тек қана ересек адамдардың ақыл-ойы мен танымдық мүмкіндігін ескеріп жасалмайды. 14. Орфографиялық ережелерді оңтайландыру және тарылту негізінде графема жүйесін құру принципі. 15. Әліпби мен тілдің дыбыстық құрылымының техникалық құрылғы мүмкіндіктеріне бейімделмей, керісінше: техникалық құрылғылардың тіл ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне, дыбыс құрылымына бейімделу принципі. ІІ тип: өзгермелі принцип 16. Фонологиялық принцип. Жазуда лингвальді моносингармониялық сипатты сөз негізіне жасалған қазақтың дыбысталу тілінің айқын көрінуі. 17. Фонема – дыбыстар (жиынтығы) класы принципі. Фонеманы білдіретін графема оның барлық дыбыстық реңкін, шептік (позициялық) түрленуін, яғни, фонеманың варианттары мен инварианттарын толық бейнелей білуі тиіс. Мысалы, -ып, -іп жұрнақтары бірінші еріндік буыннан кейін екінші буын қатарында тұрып, -ұп, -үп күйінде [көрүп] айтылуы мүмкін. Бірақ әліпбиде бұл жағдай үшін тек бір ғана |і| әрпі қолданылады, себебі қазақ тілінде -ұп, -үп жұрнақтары жоқ. Немесе мысалы, фонемасы әлсіз шепте (позицияда) [м] күйінде дыбысталады: нан-нанба [намба]. Бірақ |н| графемасы сақталады, себебі сөздің түбірі – нан. 18. Қазақ тілін тұтынушылардың санасында жеке психобейнелер ретінде сақталған бірнеше фонемалық жеке әріптердің жазуда және әліпбиде тұтас берілу принципі. 19. Бір мағына ажыратқыш дыбыс – бір әріп принципі. Тілде дыбыстар көп. Бірақ олардың барлығы сөз мағынасы мен грамматикалық формаларын ажырата бермейді. Әріппен мағына ажыратушы дыбыстар, яғни, (инвариант) фонемалар таңбаланады. Егер әліпбидегі әріптер тілдегі фонемалардан көп немесе аз берілетін болса, бұл жағдай тілдің дыбыстық жүйесін тарылтып, орфография мен орфоэпия ережелерін қалыптастыруда күрделі қиындықтар тудырады (Мысалы, ағылшын, өзбек тілдері). Алайда, «жақсы жазудың теориясы» бойынша бұл принципті қасаң ұстанған жазу икемсіз, аморфты келеді. 20. Қазақ сөзінің морфологиялық құрылымын сақтау принципі. 21. Негізгі акустика-артикуляциялық қасиеттеріне қарай оларға тән дәстүрлі графемаларды алу, бір дыбыс кластарын өздеріне дәстүр бойынша телінген графема кластарымен таңбалау принципі. Мысалы, дауысты дыбыстарды таңбалау үшін дауыссыздарды білдіретін дәстүрлі графемаларды қолданудың қажеті жоқ. Сондай-ақ қатаң дауыссыздарды білдіретін графемаларды ұяң дауыссыздарды таңбалау үшін қолданудың қажеті жоқ немесе керісінше де солай. 22. Екі, бірақ одан артық емес тіл дыбыстарын (фонеманы) таңбалау үшін күрделі қосымша элементтері бар (негізгі сызбасы) бір тірек графеманы екі түрлі қолдану принципі. Мысалы, графеманың негізгі элементі |о| дыбысын, одан тыс |ӧ| формасында пайдалануға болады. Бұл жағдайдағы дауысты дыбысты білдіретін қосымша диакритика бір дифференциалды қасиетін (жуан-жіңішке) ажырататын жуан, ашық, еріндік дауысты жұп корреляттарын білдіру үшін қолданылады. 23. Фонеманың коррелятив жұптарын бейнелейтін тірек графемаға сәйкес келуін сақтау принципі. Мысалы фонемаларының коррелятив жұбын таңбалауда |а| тірек графемасы қолданылады, соған сәйкес дыбысы |а| графемасымен таңбаланады, ал оның жіңішке жұбы – |?| графемасымен таңбаланады. 24. Сөздегі әрбір буынның дыбыстық құрамын толық таңбалау принципі. 25. Түркітілдес халықтардың латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбилерінің графемалық жүйесіне сәйкестендіру принципі. ІІІ тип: Ықтимал принциптер Латын графемасы негізіндегі әліпбиге басқа гомогенді графикадағы әріптік таңбаларды пайдалану ықтималдығы принципі. Мысалы, қазақ және украин кирилл әліпбиінде латыннан алынған әріптік таңба қолданылады. Қазіргі әзербайжанның латын әліпбиінде түркіленген кирилше әріптік таңбасы қолданылады. Үш түрлі фонеманы таңбалайтын әртүрлі қосымша элементтері бар бір тірек графеманың үш түрлілігін пайдалану ықтималдығы принципі. Мысалы, |u| графеманың берілген үш нұсқасы |u|, |?|, |ű| үш түрлі фонеманы таныту үшін қолданылуы мүмкін. Олар: (дауыссыз, үнді, еріндік, ызың дыбыс), (дауысты, жуан, қысаң, еріндік дыбыс), (дауысты, жіңішке, қысаң, еріндік дыбыс).

Маржан Тәжіқараева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер: 1.«Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардың қазіргі мәселелері» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - 2019 жылғы 6 желтоқсан, Нұрсұлтан. 2.Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» // «Егемен Қазақстан» газеті. - 2017 ж., 12 сәуір. 3.Нұргелді У., Дәуешев Н., Мелдешов Ғ. «Латын әліпбиі: теория, әдістеме және насихат». - Нұрсұлтан, 2019.

1456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз