• Заманхат
  • 01 Маусым, 2020

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘСКЕРИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісін және әскери білім беру жүйесін 1992 жылдың 7 мамырында тұңғыш Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлықтары шыққаннан кейін бастап кетті [1]. Осы күні еліміздің аумағындағы КСРО әскери күштерінің есебіндегі мекемелер, бөлімдер, құрамалар, ұйымдар, полигондар, сақтау базалары, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер Қазақстан құзыретіне берілді. Тағы бір еске түсіре кетер жайт, дәл сол күні генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылды және ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды.   

Содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмысы мен әскери білім беру ісі жүйелі түрде жүргізілді. Бұл орайда, дәлірегі Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Сондай-ақ әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойылды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жүргізу, Қарулы Күштеріміздің заманауи сипатын анықтау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және басқа да аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды [2]. Оған Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. Бұл құжат әскерімізді заманауи тұрғыда дамытуға жол ашты. Одан кейінгі уақытта, яғни, 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітілді. Ол Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттарын нақтылады. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған Әскери доктринада өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қамтамасыз ету жайы айқындалды. Нақтылай айтқанда, ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Елбасының қорғаныс саласын нығайтуға байланысты белгілеп берген басымдықтары мен міндеттерінің орындалуы арқасында жүзеге асты. Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Бұлардың әлеуеті ұлғайтылды. Стратегиялық тұрғыда дағдарыстық жағдайлар орын алған кезде негізгі міндеттерді шешуге қатысу үшін жоғары деңгейлі әскери топтар, кез келген қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін Арнайы операция тобы, киберкеңістікте қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық күрес компоненті құрылды. Сондай-ақ мемлекеттің аумақтық қорғаныс саласын біріктіру үшін Қарулы Күштер құрамындағы аумақтық әскерлердің басқару органы пайда болды. Құрылымның барлық сатылары қамтыла отырып, еліміздің әскери оқу орындары арқылы мамандар дайындау ісі жолға қойылды. Осы арада сәл шегіне сөйлесек, 1991 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің құрамында жалпы саны 200 мыңдай адам болған екен. Алғашқы кезде, әсіресе маман мәселесін шешу қиын болды. Өйткені, өз әскерімізді жасақтау басталған кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицерлер әскери борыштарын ТМД-ның өзге мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдаған болатын. Дәлірегі, кезінде КСРО-ның ортақ армиясында қызмет еткен офицерлер өз елдеріне жол тартты. Соның себебінен екі жарым жыл көлемінде, яғни, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кету деңгейі тізімдік құрамның 89 пайызын құрады. Осыдан келіп, Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери мамандардың тапшылығы туындады. Бұл түйткілді шешу кезек күттірмейтін шаруа еді. Содан білікті, кәсіби мамандарды даярлауға мемлекеттік деңгейде маңыз берілді. Негізінде заманауи әлеуетті армия жасақтау әскери техникаларды, қару-жарақты жетілдірумен қатар, кәсіби, жаңа әскери буынды тәрбиелеуге тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда 28 жыл ішінде елімізде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі өз деңгейінде қалыптасты. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық технологиялар енгізілді, мамандардың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілді. Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында әскеріміз іс жүзінде жаңадан құрылды, еліміздің генералдары мен офицерлерінің жаңа әрі тұтас буыны өсіп шықты. Білікті, кәсіби әскери мамандар даярлау ісіне аз-кем тоқтала кетер болсақ, ол «Білім беру туралы» заңда көзделген бес деңгейді қамтиды [3]. Олар: орта білім, техникалық және кәсіби білім – магистратура және докторантура, қосымша білім – әскери кафедра, қайта даярлау және біліктілікті көтеру. Орта білімді Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептері береді. Ал техникалық және кәсіптік білімді Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы ұсынады. Бұл оқу орнын бітіріп шыққан кәсіби сержанттар Қарулы Күштердің әртүрлі лауазымдарында қызмет етуде. Сондай-ақ Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрлері мен тектерінің мамандары 3 әскери жоғары оқу орындарында даярлануда. Мәселен, Құрлық әскерлерінің әскери институты кадрлар дайындауда орны ерекше. Қарулы Күштердің кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамы осы оқу орнының түлектері. Тәуелсіздік жылдары бұл институтты 7 мыңнан астам офицер бітірген. Институттың 70-ке жуық түлегі генерал атағын алған. Бұдан бөлек, Әуе қорғанысы күштері, байланыс әскері, автоматтандырылған басқару жүйесі, ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласына кадрлар даярлау мақсатында 2001 жылы құрылған Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының да қызметі мақтауға тұрарлық. Институт 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындады. Сондай-ақ Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының да ерекше орны бар екенін айтпасқа болмайды. Бұл оқу орны Әскери-әуе күштеріне ғана емес, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі үшін де мамандар дайындайды. Мұнда бүгінге дейін 2 мыңға жуық ұшқыш пен инженер өз істеріне маманданды. Сонымен бірге Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз институты да Әскери-теңіз күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдері кемелері мен жағалау бөлімдеріне, теңіз, ішкі жүзу кемелеріне және Қазақстан азаматтық флотының аралас кемелер қызметіне кадрлар даярлауда белсенділік танытуда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де мамандар даярлауда өзіндік зор үлесін қосып отыр. Ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық болып табылатын бұл университетті жыл сайын 100 офицер тәмамдайды. Реті келіп тұрғанда біздің болашақ генералдарымыз осы офицерлер арасынан шығатынын айта кетейік. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, университетте Ұлттық ұлан факультетімен қатар ҰҚК Шекара қызметі факультеті құрылған. Университет әлемдегі үздік жоғары оқу орындары тарапынан лайықты бағасын алып, мойындалған, Оксфорд қауымдастығы мен Еуразия университеттер қауымдастығына мүше. Еліміздің әскери білімінің биік мәртебесін біздің әскери жоғары оқу орындарымызда Армения, Қырғызстан және Тәжікстан сынды елдердің әскери қызметшілерінің білім алуы да айқындайды. Тәжірибе алмасу үшін біздің әскери қызметшілеріміз де шетелдердегі жоғары оқу орындарында шыңдалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар халықаралық әскери ынтымақтастыққа, дәлірегі, басқа елдер әскерлерімен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға баса назар аудары-луының арқасында жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің әскери құрамалар ШЫҰ, ҰҚШҰ аясында өтетін оқу-жаттығуларға да үнемі белсене қатысып, өздерінің жоғары деңгейлерін көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Саланы кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде әскери-оқыту резервін даярлауға баса назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы оқыту ісі азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы 29 әскери кафедрада жүргізіледі. Жыл сайын бұл әскери кафедралар 3700-ден астам офицер даярлайды. Жалпы, Қарулы Күштеріміздің сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін саланы заманауи стандарттарға, әлемдік тәжірибелерге сай дамыту басты мін-деттердің бірі болып саналады. Сондықтан, қазіргі таңда әскери білім беру жүйесі әскери шақыру және келісімшарт бойынша, яғни, аралас тәсілмен жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде сержанттар мен сарбаздар құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер құрап отыр. Қалған 30 пайызын әскери борышын өтеуге міндетті азаматтар құрайды. Әскерді жасақтаудың осы тәсілі өз тиімділігін көрсетуде. Бұл өз кезегінде Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетер жайт, тәуелсіздік жылдарында әскерімізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техникамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жаңа қару-жарақтар мен техникалар сатып алынды. Бұған қоса, бұрыннан қолданыста болған құрал-жабдықтар мен әскери техникалар жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылды. Оның ішінде құрлықтағы әскерлер үшін брондалған машиналар мен бронды транспортерлер, заманауи радиоэлектронды барлау техникалары, ракеталық-артиллерия қару-жарағы, ауыр оқ ату жүйелері, ұялы байланыс кешендері, радиациялық, химиялық және биологиялық қатерлерден қорғайтын отандық машиналар, жанар-жағармай тасымалдайтын техникалар, далалық госпитальдар алынды. Баршаға белгілі, Қазақстанға Каспийдің теңіз шекарасының ең ұзын бөлігі тиесілі. Оны ыждағаттылықпен қорғау мақсатында Әскери-теңіз күштері құрылған. Қазіргі таңда елімізде әскери маңызы зор корабльдер мен кемелер шығару жолға қойылған. Мәселен, Орал қаласындағы «Зенит» зауыты еліміздің теңіздегі шекараларын күзету үшін бүгінге дейін 25-тен астам корабль мен кеме шығарды. Олар бүгінде ел игілігі үшін жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Мұның барлығы Қарулы Күштеріміздің заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықталғанын айғақтайды [4]. Негізінде еліміздің Қарулы Күштері тәуелсіздік жылдарында өз деңгейінде қалыптасты дегенімізбен, оны одан әрі уақыт талабына сай жетілдіре түсу ісі тоқтамайды. Сондықтан, ел әскерінің алдына Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл міндеттер: әскери жоспарлау жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік және әскери басқаруды орталықтандыру, ракеталық ықтимал шабуылдардың алдын алу жүйесін дамытуды жалғастыру, киберқауіпсіздік саласының мүмкіндігін күшейту, автоматтандырылған басқару жүйелеріне Қарулы Күштердегі әскерлер, қару-жарақ пен ресурстарды енгізуді ілгерілету және басқа өзекті мәселелерге бағытталған. Еліміздің қорғаныс жүйесі, оның ішінде әскери білім беру жүйесі дегеніміз – Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігін, аумақтық тұтастығын және оның шекарасына қол сұғылмаушылықты қару-жарақпен қорғау жөніндегі саяси, әскери, экономикалық, әлеуметтік-құқықтық және өзге де сипаттағы мемлекеттік шаралар жүйесі болып табылады. Бүгінде мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жоспарлау жүйесін жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл үдерісі жалғастырылуда. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің құрылымы және оны дамыту кезең-кезеңімен және жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, ол ұдайы әзірліктегі, жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам мен азаматтың, құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңға қарсы қолсұғушылықтан қорғауға арналған ұтқыр, кәсіби даярланған әскерлерді құруға ықпал етеді. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жүйесін жетілдіруде. Бес мынадай өңірлік басқармалар құрылды: «Оңтүстік», «Солтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Жағалық қорғаныс». Кеден одағының жұмыс істеуі мүддесінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының учаскелерін күзетуді күшейту жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жоюдың мемлекеттік жүйесін жетілдіру және нығайту процесі, оның ішінде дүлей зілзалаларға, авариялар мен апаттарға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын және олардың тәуекелдерін басқару жүйесін дамыту, шұғыл ден қою күштерін қажетті авариялық-құтқару техникасымен, жабдықпен жабдықтау, мониторинг пен болжаудың тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жүргізілді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы шеңберінде Ұжымдық жедел ден қою күштерінің (ҰЖДК) бөлімшелері құрылды. Бірлескен жедел және жауынгерлік дайындық іс-шаралары барысында олардың өзара іс-қимыл жасау деңгейін арттыру жүргізілуде. Шанхай ынтымақтастық ұйымы желісі бойынша Қазақстан ұйымының терроризмге қарсы әлеуетін нығайтуға, оның ішінде терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларға қатысу жолымен белсенді қатысады. Ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мүддесінде Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен және басқа да мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық өрісі кеңейтілуде. Алайда, әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуі, техникалық прогресс, қарулы күрес жүргізудің нысандары мен тәсілдерін жетілдіру аясында әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау үшін мемлекеттің әскери ұйымның тиімділігін ұдайы арттыру қажет, ол мемлекеттің әскери саясатын түзетуді және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін одан әрі дамытуды талап етеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әскери жүйесінде түбегейлі өзгеріс және принципті жаңа әскер түрі – дербес Әскери-теңіз күштерінің құрылуы болды. Оның негізгі міндеті Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының шекарасының мызғымастығын, территориялық тұтастығын және экономикалық мүдделерін қорғау. Қазірде бұл күштердің базасы Ақтау қаласында орналасқан. Оның құрамына теңіз жаяу күштері, жағалаулық артиллерия және құрамында ондаған әскери қатерлері бірнеше орташа күзет корабльдері бар Каспий флотилиясы енеді. Бүгінде Әскери-теңіз күштерін жаңа типті корабльдермен жабдықтап, жалпы ондағы әскер санын 5 мыңға жеткізу жөніндегі жұмыстар жүйелі де табанды түрде жүргізілуде [5]. Қазіргі таңда Қарулы Күштеріміздің халықаралық рейтингтегі жағдайы жылдан-жылға оңала түскені жасырын емес. Global Firepower ұйымының рейтингі бойынша 2017 жылы біздің әскеріміз әлемдегі барлық әскерлер арасында 53-орыннан табылды. Бірақ бұған тоқмейілсуге әсте болмайды. Өйткені, әскерімізді жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерді ескере отырып жетілдіре түсу жұмысын үздіксіз жүргізу – уақыт талабы. Отанды қорғау – ең құрметті де абыройлы қызметке жататындықтан, бүкіл қоғам болып әскери білім жүйесінде моральдық-патриоттық рухты көтеру егемендік пен ұлттық қауіпсіздікті, ұлттық мүдделерді қорғаудың маңызды кепілі болып саналады. Қорыта айтқанда, әскери білім беру жүйесін одан әрі дамыту, заман сұранысына сай жетілдіру, әскери дайындықты арттыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға атсалысу үшін мүмкіндіктерді ұлғайту күн тәртібінен түспек емес.

Назым Нұрбосынова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер: 1.«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» ҚР Президентінің 1992 ж. 7 мамырдағы №738 Жарлығы //ҚР ПҮАЖ, 1992, №18, 279-бап. 2.«Қазақстан Республикасының бірінші Әскери доктринасын бекіту туралы» ҚР Президентінің // 1993 ж. 11 ақпандағы №1094 Жарлығы. 3.«Қазақстан Республикасының Білім беру туралы»//1999 жылғы 7 маусымдағы №389-1 Заңы. 4.«Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» ҚР Президентінің //2011 жылғы 11 қазандағы №161 Жарлығы. 5.Храмчихин А. Сильная армия для Казахстана – не роскошь, а необходимость // «АПН Казахстан». - 2006.

1392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз