• Заманхат
  • 01 Маусым, 2020

ҚАЛАМГЕР ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ

Экологиялық проблема – ұлтқа ортақ проблема. Мемлекеттің өркендеуі халықтың денсаулығына тікелей тәуелді. Мемлекет экологиялық жағдайды жақсартуды ұлттың денсаулығын жақсартудың негізгі талабы ретінде қарастырған және осы мақсаттарға жетудегі іс-әрекеттің барлығы ұйымдастырыла, белгілі жүйемен жүруі қажет. Саламатты қоршаған орта – ұрпақ саулығының негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. ХХІ ғасырда адамзаттың алдында тұрған ғаламдық проблемалардың бірі – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемасы екені әртүрлі деңгейде мінбелерден айтылып, мойындалып жүр. Яғни, қазіргі кезеңді адам баласын түгелдей алаңдатқан ауқымды проблемаларымен айшықталған уақыт деуімізге болады. Себебі ізгі ниетті барша адамды елеңдетіп отырған ең өзекті мәселелердің бірі – адам баласының ғасырлар бойы тірнектеп жинақтаған алуан текті рухани байлығының құнсыздана бастауы мен адамның өзі болып отыр.  

Экология мәселесі – ел дамуының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевті қабылдауында министрге қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу, соның ішінде сынақ алаңдарын экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және қайта өңдеу саласының инвестициялық тартымдылығын күшейту қажеттігін айтқан болатын. Су және өсімдік әлемін қорғау, браконьерлікпен және орманды заңсыз отаумен күрес жүргізу мәселелері айрықша бақылауда болуы тиіс екеніне тоқталып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тартуға шақырған еді. Қазіргі кезде осындай экологиялық мәселелердің туындауы, соның ішінде адамның табиғи ортаға тигізетін іс-әрекетінің шексіз өсуі және оның келеңсіз көріністері айқын байқалуда. Оған себеп – экологиялық саналы көзқарастың болмауы, қоршаған ортаға жауапсыз қараудың, яғни, адамзаттың табиғатқа бей-жай қарауының нәтижесі. Қазіргі дүние жүзінде болып жатқан жер сілкіну, су тасқыны, сел, жаңбыр сияқты әртүрлі табиғат апаттары табиғат-ананың, адамзаттың шектен шыққан әрекетіне жауабы іспетті... Ғұлама ғалым К.Циолковскийдің «Адамдар табиғатқа шабуыл жасап болды, ендігі шабуылды адамдар табиғаттан күтеді» деген сөзі шындыққа айналып жатқандай. Экология мәселесі ең өзекті тақырыптардың біріне айналған қазіргі кезеңде, әсіресе, Қазақстан үшін бұл аса маңызды. Себебі қазіргі замандағы экологиялық тауқіметтер адам қолымен жасалып, бүкіл тіршілікке қауіп төндіріп келеді. Арал теңізі мен Балқаш көлі, Семей полигонының қасіретін айта-айта зиялы қауымның аузы шаршады. Арал маңындағы экологиялық апат аймағында, әсіресе, әйелдер мен балалардың арасында асқазан-ішек аурулары мен қан аздық, сәби өлімі мен туа біткен ауытқулар жиі кездесуде. Осы мәселелердің барлығын дерлік әдеби көркем дүниеге айналдыра білген жазушылардың бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Бүкіл шығармашылық жолын Арал теңізі мен сондағы халықтың өмірін жырлауға арнаған жазушының келелі екі туындысы әлі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Есімі бүгінде қалың оқырманға кеңінен танылған кемел жазушының әдебиеттегі алғашқы адымы 1950 жылдардан басталды десек, сол тұстағы тұңғыш шығармасының өзі «Курляндия» атты романы болатын. «Курляндиядан» кейін шығармашылық сапарының ізін суытпай Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясын жазды. Үш кітабын 15 жылда жазып бітірген тарихи эпопеяда Арал балықшыларының тағдыры мен талайын шыншылдықпен көркем кестелеп шықты. «Қан мен тер» қазір дүниежүзі халықтарының бірнеше тіліне аударылып, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолынан» кейінгі классикалық туындыға айналды. Нағыз шынайы шығарма «мазмұны жағынан жаңалық ашу, пішін жағынан өнер табу» деп Леонид Леонов айтқандай, «Қан мен терде» автордың тұрақты тақырыбына жазыла тұра, мұнда да өз шеберлігін танытады. Ондағы баяндалатын оқиғалар осы кезге дейін қаламның құрығына ілінбей жүрген Аралдың терістік жағында өтеді. Осы өлкенің тұрмысы мен табиғаты романда кестелі, келісті суреттеледі. «Қан мен тер» трилогиясы түп-түгел Арал балықшыларының өміріне арналғаны белгілі. Мұнда тек санаулы адамдардың тағдыры ғана емес, халық тағдырын көрсетіп отырып жазады. Сондықтан да, бұл романда революцияға дейінгі қазақ ауылының тұрмысының мол суреті бар. Біздегі кесек шығарманың көбі ескі ауылдың салтанатты тұрмысын мол қамтиды, ал автор халықтың езілген бөлігінің, жарлы ауылдың тұрмысын ерекше ыждағатпен суреттейді. Сонымен қатар, Ә.Нұрпейісов бұрынғылардың ізін шиырламай, олар көрмей кеткен жәйттерді байқауға тырысқан. Автор адам бойындағы қарапайым да өміршең қасиеттерді талғап ала біледі. Соларға қатысты штрих, детальдарды орынды қолданады. Сол үшінде кейіпкерлері оқырман жадында ұзақ сақтала алады. Адам баласының дүниетанымы да заманына қарай өзгеріп отыратыны мәлім. Алайда, «Қан мен тер» кейіпкерлері бүгінгі біздің арамызда жоқ деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз, әрине. Еламан мен Мөңкенің ауыр да азапты тұрмысын қолымызға шам алып іздесек те таппауымыз мүмкін емес, бірақ олардың бойындағы биік қасиеттерді бүгінгі замандастар бойынан да көреміз. Мұндай өміршең кейіпкерлер суреткердің мінсіз шеберлігінен туғаны анық. Ал үшінші кесек туындысы – «Сең» романы. Бұл автордың ой-жоспарынша екі кітаптан тұратын дилогия болуға тиіс еді. Бірінші кітабы 1983 жылы басылып шықты. Екінші кітабы 1994 жылы «Жалын» журналында жарияланды. Кейін 1998 жылы «Соңғы парыз» атауымен қайта өзгертілді. «Қан мен терде» шалқып жатқан Ұлы теңіздің бүгінде жағасы батпаққа, айдыны үзім-үзім көлшіктерге айналып барады. Бұл қалпымен кете берсе, тек Қызылорда облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан, қала берді жалпы жер беті алапат апатқа ұшырайды. Арал проблемасы осындай. Міне, осынау ауыр хал-жағдай Арал жыршысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қолына еріксіз қалам алғызады. «Нағыз суреткердің тұрақты тақырыбы болуы керек» деп Успенский айтқандай, Ә.Нұрпейісов тұрақты тақырыбы бар жазушы. Ол – теңіз жыршысы. Өзінің бар шығармашылық өмірін Арал теңізі мен Арал балықшыларын жырлауға арнады. Тағы бір жұртшылыққа белгілі жай, жазушының творчествосы оның биографиясымен тығыз байланысты. Бұл ретте Арал және Арал балықшыларының тағдыры – Ә.Нұрпейісовтің бүкіл творчествосының үзілмес арқауы. «Соңғы парыз» романы өз ары алдындағы адамның есеп беруі, тағдыр талқысынан өтуін егжей-тегжейлі өрнектеген қаламгердің жүрегінде, ойында қайнап пісіп, жігер-қайрат, адам қоғамының өсе беруіне, еселей беруіне үн қоса алатын жанды бір дүниесі. Оқып отырсаң романдағы күнәсі шектен асып кетіп, опат болған кемедей телегейге батып бара жатқан пенделердің жанайқайы жүрегіңді мұздатып, төбе құйқаңды шымырлатып, үрей мен аянышты сезімге бөлейді. Сондай-ақ романды әйгілі трилогияның заңды жалғасы деуімізге де болады. Былайша айтқанда, «Соңғы парыз» өзінің бастауын сол «Қан мен терден» алатын сияқты. Олай дейтініміз, «Қан мен тер» осы аймақтың өткен өміріне ой жүгіртіп, тарихының қыртыс-қыртыс қатпарына байыптап барса, «Соңғы парыз» осы өлкенің дәл бүгінгі таңдағы қам-қарекетін арқау етеді. Әйткенмен, екеуіндегі жан азасы, жан айқайы, ішкі күйзелістер мен толғамдары ұқсас, титімдей жүректің туған жердің түтіні түзу шығып, түлігі бүтін сақталса екен деген тілегі ортақ. «Қан мен терде» болашаққа деген үмітті көзқарас, сол болашаққа ерекше жігермен ұмтылу менмұндалап көрінсе, одан өрілген тарихи зерде мотиві «Соңғы парызда» қазіргі ұрпақтың рухани өресі, азаматтық мұраты арқылы, яғни, жаңа кейіпкерлердің жиынтығымен, олардың ой-толғамдарымен басқаша қырынан көрінеді. Қала берді, бүгінгі «Соңғы парыздағы» кейіпкерлер – кешегі «Қан мен тердегі» Мөңке мен Қаленнің ұрпақтары. Айырмашылығы – бұлардың көздеген мақсат-мұраттары әртүрлі, психологиясы мезгіл мен ортаға сай өзгерген. Ал оның басты себебі – олар өмір сүріп отырған қоғамда жатыр. Жазушы бүгіннің көкейтесті мәселесіне айналып отырған Арал проблемасын жанды, бастысы, нақты кейіпкерлер дүниесі арқылы суреттейді, сөйтіп адамдар арасындағы әрқилы ниет-мұрат қақтығыстарын жаңа алаңға, жаңа тарихи кеңістікке шығарады. Жазушы Дулат Исабеков: «Ә.Нұрпейісовті қазақ қауымына ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістікке, қала берді дүниежүзі оқушыларына таныстырып жатудың қажеті жоқ. Шығармаларының құндылығы мен танымалдығы жөнінен Ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қайраткері», – деп құнды бағасын айтады. Ә.Нұрпейісовтің творчествосы жайында қалам тартып, еңбек жазған бірқатар ғалымдар бар. Мәселен, С.Қирабаев «Шындық және шығарма», М.Атымов, Ш.Елеукенов, М.Қаратаев «Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының тарихы мен зерттелуі», Ермек Қаныкейұлы «Әбдіжәміл әлемі», Ә.Кекілбаев «Сең соққандай сергелдең», сондай-ақ жазушы еңбегіне құнды пікірлер айтылып, сыни мақалалар да жазылды. Айтатын болсақ, С.Елубаев, Д.Исабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Сағат Әшімбаев, Д.Досжанов, Бақыт Кәрібаева, З.Қабдолов, т.б. отандық ғалымдармен қатар, Ә.Нұрпейісов шығармаларына көршілес Ресейдің көрнекті қаламгерлерінің де назары ауды. Оның дәлелі ретінде филология ғылымдарының докторы, Мәскеу университетінің профессоры Николай Анастасьевтің «Небо в чашечке цветка /А.Нурпеисов и его книги в мировом литературном пейзаже» деген еңбегін айтсақ болады. Автор бұл еңбегінде Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романына аса мән берген. Романға мынадай баға беріп өтеді: «Ә.Нұрпейісовтің роман, көсемсөз, тақырыбынан шығып, оның өмірлік тақырыбына айналған бір тақырып бар. Ол – экология. Иә, экология дегеніміздің ең үлкен мағынасы – адам тіршілігінің басты көзі табиғатты аман сақтау дегенді білдіреді. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» бүтін бір ғасырдың сұмдық зұлматымен жекпе-жек шығып, онымен есеп айырысуға кіріскен. Бұл – нағыз лирикалық эпопея. «Соңғы парыз» ажал аузында жатқан теңіздің азалы жоқтау жыры ретінде де өте тартымды оқылады. Бұл – романның ең басты сюжеттік арнасы. Арал теңізі жойылып барады. Ауа уланған. Халықтың күнкөрісі қиындап кетті. Олар соған қарамастан ата-бабасының сүйегі жатқан, өздері жар құшып, ұрпақ сүйген туған жерінен табан аударып, басқа жақтағы ешбір жұмаққа барғысы келмейді. Жаратқанның осынау керемет көркем де ақылды ұрпағы мұндай қорлық жағдайда өмір сүрмеуі керек еді ғой. Жаны да, тәні де қансыраған оларды сор мен тұз жегідей жеп, кеміріп жатқан осынау қасіретті өңірге құрбандық қылуға болмайды ғой!», – дейді. Бұлайша жазушы шығырмаларының бағалануы, әдеби сында талқылануы, ол туралы пікірдің дүниеге келуі – жазушының шеберлігін, шығармаларының құндылығын көрсетеді. Ә.Нұрпейісов бүкіл адамзат тағдыры мен Арал теңізінің тағдыры туралы шынайы, көлеңкелі жақтарының небір бетпердесін сыпырып тастап, ақ дидар ақиқатты әлем сахнасына алып шықты. Сонымен қатар, автор өмірдің өзінде болып жатқан дүниелерді шындықпен, ақиқатпен бейнелейді. Арал балықшыларының, жалпы осы өңір тұрғындарының осы дәуірдегі тағдыры, тұрмысы, күнкөрісі көркем шығармаға шынайы арқау болған. Арал теңізіне нәр беріп, тұла-бойына өмір нәрін құйып отырған үлкен-үлкен өзендер қатарынан саналатын Әмудария мен Сырдарияны бөгеп, ұланғайыр даланы гүлдендірмек болған Кеңес үкіметінің қитұрқы саясаты еді. Біле білген адамға бұл – қасіреттің қасіреті, трагедияның трагедиясы. Романның алғашқы жолдарынан бастап-ақ автордың адамгершілік парасаты, бағы басында тұрғанда жалпы көлемі мың шаршы километр болатын Арал теңізінің мынадай бейшара күйге түсуіне себеп болған жайларға, оның ішінде осы кесапатқа себеп болған қоршаған ортаға, жалпы дүниеге деген кешегі қоғамның көзқарасына қарсы сол кезде-ақ ашынған жанайқайы анық аңғарылады. Және осының барлығы өте сұлу, өте сыршыл да көркем дүние түрінде берілген. Белгілі сөз зергерінің бұл романы қалың елге, оқырман қауымға тек көкейтесті проблемаларды көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын, теңіз өңірінің бүгінгі аянышты халін көрсетумен ғана емес, сонымен бірге өте шебер жазылуымен де ұлттық өнеріміздің, әдебиетіміздің көкжиегін едәуір көтеріп тастады десек қателеспейміз. Ә.Нұрпейісовтің қай шығармасын алсаңыз да оның осы бір ар алдындағы кіршіксіз ақ пейілі, тазалығы көз алдыңызға келеді де тұрады. Бірақ, тұтас бір теңіздің осылайша кеуіп қалғанын, сірә, еш кітаптан, еш шығармадан оқып көрген жан жоқ шығар және бұл қасірет – табиғаттың құрамдас әр мүшесімен яғни, әлемдегі биологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына байланысты болып отыр. Автор Аралдың жойылуы, оның осынау аянышты тағдыры туралы әңгімелей отырып, адамдардағы «экологиялық сана» дегеннің бұл заманда басты орынның бірінде болуы керек екендігін меңзейді. Меңземейді, жан даусымен жар салады. Ол – бүгінде, ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп отырған әр адамға арналған азамат үні.

Нұржамал Үсенова, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты

4728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз