• Заманхат
  • 01 Маусым, 2020

ҰЛТТЫҚ МҰРАҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН

Халифа Алтай Ғақыпұлы 1917 жылы Шығыс Түркістанның Алтай өлкесіндегі Шіңгіл ауданының Жарынты өзенінің бойында  дүниеге келген. Сауатын әкесі Ғақып Қаракеленұлынан, кейін ауыл молдасынан ашқан ол өмірінің алғашқы ширегінде қуғын-сүргін мен көші-қон қиындықтарынан өтті. Ол 1933-1938  жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты  18 мың адамды қамтыған ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысқан. Ел-жұртымен бірге Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударған. 1940 жылы Халифа Алтай Елесхан батыр, Зайып тәйжінің бастауымен бес мың адамдық топпен бірге Тибет арқылы Үндістанға барып, 1941 жылы  Кашмир өлкесінде тұрақтады. Үндістан және Пәкістан жерінде 12 жыл тұрып, араб және урду тілін меңгеріп, фикһ, хадия  және Құран тәпсірі саласындағы екі бірдей медресені тәмамдады (Ескендірұлы Ә. «Халифа Алтайдың өнегелі өмір жолы» // «Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: Елдік іс пен имани құндылықтар» атты халықаралық  ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Алматы, 2008. - 31 б.).

Халифа Алтай  Ғақыпұлы өз уақытында еліне елеулі еңбек сіңірген қайраткердің бірі. Ол тек қазақ жұртына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне әйгілі тұлға. Оның ерен еңбегінің арқасында Пәкістаннан Түркияға көшкен жұрт екінші Отанын тауып, сол жерде тұрақтап өсіп-өнді. Өз ғұмырын халқына арнаған Халифа Алтай «Құран-Кәрімді» қазақ тіліне аударып, жұртына жеткізді. Кеңес өкіметінің дінге деген теріс саясаты дүрілдеп тұрған кезде де Қазақстанға бірнеше рет  келіп, халықтың ислам  дініне деген ықыласын жаңғыртуға көп күш жұмсады. Сондықтан да, жұртшылық  қазақ халқының арасынан шыққан ірі діни қайраткер ретінде танып, жоғары бағалайды.

Зерттеуші Ә.Қара ол кісіні мұсылман әлемінде ерекше орны бар адам, дін табиғатын терең білетін ғалым ғана емес, мұсылманшылықтың мойымас жаршысы деп баға берген (Қара Ә. Қазақ халқының рухани өмірінде өшпес із қалдырған Халифа Алтай // «Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: Елдік іс пен имани құндылықтар» атты халықаралық  ғылыми-практикалық конференция материалдары. -  Алматы, 2008. - 56-бет.). 1951 жылы Пешавар қаласында Қытайдан көшіп келген қазақтар қоғамы құрылып, сонда жауапты хатшы болды. Ол 1953 жылы Түркияға қоныс аударған кезден бергі кезеңде діни, тарихи еңбектер жазумен айналысқан. Ғалымның «Алтайдан ауған ел», «Атажұрттан Анадолыға дейін», «Қазақ түріктерінің шежіресі» кітаптары 1977 жылы, 1980 жылы «Естеліктерім» атты еңбегі жарық көріп, ұлт тарихын тануға үлкен үлесін қосты. Бұл еңбектер мыңдаған туыс-бауырымыздың басынан өткен қиын күндерінің қаламмен емес, қанмен жазылған шежіресі. Сонымен қатар, оның көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры Түркия қазақтарының мәдени өміріне байланысты. Өйткені ол тек дін ғалымы емес, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, ақын, тіпті ағартушы да еді (Нуриден Р. «Халифа Алтай – халықтың рухани ұстазы» // «Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: Елдік іс пен имани құндылықтар» атты халықаралық  ғылыми-практикалық конференция материалдары.- Алматы, 2008. - 77-бет.)

Халифа Алтайдың ізденісінің ең үлкен жемісі Құран аудармасы болып табылады. Яғни, қазақ тіліндегі алғашқы Құран аудармасының Түркия қазақтарынан шығуы тектен тек емес. Өйткені, Түркия қазақтарының аталары сонау 1930 жылдары Шығыс Түркістанда жергілікті биліктен діни және ұлттық қысым көріп, қуғын-сүргінге ұшырап, елден елге көшу кезеңінде алты мың адамнан айырылған. Ол осы ауыр жолда көш бастап, Пәкістан мен Кашмирдегі қазақтардың Түркияға қабылдануына дәнекер болған. Түркия Республикасы Министрлер кабинетінің  1952 жылғы 13-наурыз күнгі қаулысында Пәкістан және Кашмир қазақтарының түрік еліне қабылданғаны жөнінде шешім шығарылады. 1952 жылдың қыркүйегінен бастап Түркияға қоныс аударған қазақтардың көшбасшысы дайындаған, бостандық үшін арпа-лысының символы ретінде көрініс тапқан Құран аудармасы – қазақтарды имандылыққа шақырған бірден-бір еңбек.

Қайраткер азаматтың 1977 жылы жарық көрген «Түркия қазақтарының шежіресі» деген түрік тіліндегі шағын еңбегі кейінгі ұрпақ ататегін ұмытпай жүрсін деген мақсатпен жарияланады. 1980 жылы «Естеліктерім» деген кітабын қазақ тілінде латын әліпбиімен жариялайды. Өлеңмен өрнектелген бұл еңбегінде ол өзінің көрген-білгендерін баяндай отырып, марқұм Елісхан батырдың құрметіне арнаған.

Ұлы көшті бастаған батырлардың бірі – Елісхан Әліпұлы 1943 жылы 35 жаста Жандуыл (Пәкістан) деген жерде қайтыс болды.  Шығыс Түркістан қазақтары Түркияға ХХ ғасырдың ортасында көшіп келген қазақтардың тарихы жайлы осы «Естеліктерім» атты кітаптан білген еді.

ХХ ғасырдың 70 жылдары Алматыдан шығатын «Біздің отан» газетінде «Ел босқанда» деген атпен  қазақтардың Қытай мен Тибет шекарасындағы жауға шабылған аянышты жағдайы туралы «Естеліктерім» кітабынан үзінді жарияланды, бірақ мұнда ол 1938 жылы қазақтарды Баркөлден босқан кезде Моңғолия шекарасындағы «Іңіз» тауына дейін 11 күндей Совет ұшақтарының аяусыз бомбалағанын әдейі жазбай кеткен. Себебі бұл саяси тұрғыдан сол кездегі түсінікке кереғар еді.

«Атажұрттан Анатолияға» деп аталатын қомақты еңбегі Түркия Республикасы Мәдениет министрлігі тарапынан Анкарада 1981 жылы түрікше жарыққа шықты, 1998 жылы Алматыда жарық көрді. Екінші басылымының алғысөзін сол кездегі мәдение министрі Істемихан Палай жазды. Ол бұл кітабында тек Түркия қазақтарының тарихы туралы ғана емес, сонымен қатар  түрік халқын қазақтың салт-дәстүрі жайында да көптеген мәліметтермен таныстырды. Яғни, Х.Алтай тек дінтанушы ғалым ғана емес, сонымен қатар этнограф, тарихшы және ақын деп айтуымызға болады.

Көрнекті тұлғаны дін ғұламасы ретінде сырттағы қазақтар танып-білсе, Кеңес Одағында өмір сүрген мұсылмандар ол кісі жайында бейхабар болды. Себебі айтпаса да түсінікті. Дегенмен сол кездегі «Отан» қоғамының «Біздің Отан», кейіннен «Шалқар» аталған газеті төте жазумен сырттағы қазақтар жайлы жазып тұрды. Екі жақты байланыс пен барыс-келіске ықпал етіп, кітаптармен қамтамасыз етті. Осындай қамқорлықтың арқасында Халифа  Алтай 1978, 1984, 1990 жылдары Қазақстанға келу мүмкіншілігіне ие болды. Жасы отыз алтыға жеткенде тұяғы Түркияға ілініп, есін жиғаннан кейін ілім-білім жинауға кіріседі. Қолына қалам алып, көргендерін өлеңмен де, қара сөзбен де қағаз бетіне түсіреді. Кітапханалардан Алаштың ардақтыларын тауып, олардың аттарын түрікке таныстырған еді. Сыртта жүріп, жат бауыр болмай, үнемі өз ұлтының абыройын сақтап, келешегіне үміт етіп жүргенде, тәуелсіздіктің ақ таңы атқанының да куәсі болды. Бірінші болып тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия елі болса, ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған қазақтардың атынан сол күні Халифа Алтай Президентімізге құттықтау хат жөнелткен еді (Марат Тоқашбаев  «Ұлтымыздың ұстазы» // «Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: Елдік іс пен имани құндылықтар» атты халықаралық  ғылыми-практикалық конференция материалдары.- Алматы, 2008. - 77-бет.).

Ол ата жұртымен алғаш рет 1978 жылы қауышты. Шетелдердегі қазақтармен байланыс жасайтын «Отан» қоғамының шақыруымен Қазақстан топырағына қадам басты. Осы сапарында ел жазушылары мен қадірлі азаматтарымен кездеседі. 1984 жылы зайыбымен бірге атамекенге тағы атбасын бұрды. 1990 жылы Қазақстанның құрылуының 70 жылдық салтанатына шетелдердегі қазақтардың көрнекті өкілі ретінде шақырылды. Сол жылы тамыз айында Алматыдағы Достық үйінде өткен үлкен салтанат соңында Қазақ Кеңестік республикасының тарихында тұңғыш рет ресми деңгейдегі жиналыстан соң Құран оқыды. 1991 жылы Қазақстан азаттығын жариялаған соң, Республика сарайында өткен Тәуелсіздіктің тұңғыш салтанатына қатысты. Туған Отанның тәуелсіздігі өмір бақи жат жұртта ғұмыр кешіп келе жатқан Халифа Алтайдың ата жұртқа біржолата оралуына себеп болды (Балғабаев С. «Алтын бесік». - 2003. - № 2.).

Ата жұртта имандылықты насихаттау, 70 жыл бойы атеистік насихат жүргізілген жерде дінге шақыру оның негізгі мұраты еді. Он жасынан үзбей намаз оқып келе жатқан көзі ашық адам үшін бұл заңды құбылыс. Сондықтан, ол «Құран жолы. Иманның шарттары», «Құран әліппесі» сияқты кітаптар жазды. Бұл шығармалар төте жазумен, кириллицамен, араб әрпімен Стамбұлда, Қашқарда, Баян Өлгейде, Мәдине қалаларында бірнеше рет басылып шықты.

1986 жылы Түркияның Стамбұл қаласында «Қазақ түркілерінің уакфы», яғни, қоры ашылады. Сонда Халифа Алтай сөз сөйлеп, өзінің екі жылдан бері құранды қазақшаға аударып жатқандығын мәлім етеді. «Құран Шариф. Қазақша мағына және түсінігі» деп аталған бұл аударма араб әрпімен 1988 және 1990 жылдары Стамбұлда басылды. Төте жазумен бес мың дана болып басылған қасиетті кітап Қытайдағы Шыңжаң қазақтарына таратылды. 1991 жылы бұл кітап Сауд Арабиясының Мәдине қаласында жарық көрді (Қазақстан жазушылары: XX ғасыр. Анықтамалық. - Алматы, 2004.).

Кеңес Одағындағы жағдайды, Қазақстандағы халықтың дінге сусап отырғандығын ескере келе, Халифа Алтай Құранның төте жазудағы аудармасын кириллицаға көшіруге ұйғарды. Кириллицаға көшірілген «Құран Шариф» Сауд Арабиясының королі Фаһдтың қолдауымен Мәдине қаласындағы Құран басып шығару комбинатында алдымен 500 мың, кейін тағы 500 мың, барлығы миллион данамен басылды.

Бұл таралым  Қазақстанға, Моңғолия, Қырғыз, Ресейдегі қазақтар мен татарларға жеткізілді.

Халифа Алтай өмірінің соңғы кезеңінде шығармашылық  жұмысқа біржолата бет бұрады. «Сияри Нәби» (Хазірет пайғамбар Ғалаһиссаламның өмірбаяны) еңбегін шығарып, 1911 жылы Қазан қаласында «Ел-Итқан» деген атпен татар тілінде шыққан кітапты қайта қарап қалыпқа келтіріп,1984 жылы Стамбулда басылып шығарды. Бұл кітап тек Татарстанға ғана емес, Филиппин мен Жапонияда тұратын татарларға да таратылды. Аударма саласында жасаған еңбектері де ауқымды. Осы діни, имани кітаптардың қазақ оқырмандарына да жетуіне себеп болды (Алтай Х.Естеліктерім.- Стамбул, 1980. -  260 б.).

Түрік тілінен «Қысқаша ислам тарихын» аударуға атсалысуы мен діни қағидаға байланысты  «Бір жылдың 48 жұмасы мен екі мейрамы құтпасы», «Ғибадатұл ислам», «Құран әліппесі және иманның шарттары», «Иманшарт», «Ғылымхал» (Діни қағидалар), «Құтпалар», «Таңдаулы хадистер» т.б.11 діни кітап жазып, дінге сусап қалған елінің рухани-діни кеңістігіндегі білімін толықтыруға бар күшін сарқа жұмсады. «Иманшарт» кітабы Алматыда 1991 жылы «Сөзстан» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Ал «Ғылымхал» (Діни қағидалар) атты кітабы 1992 жылы Стамбұл мүфтилігінің көмегімен қазақ тілінде басылып, Алматыдағы орталық мешітте халыққа таратылды.

1992 жылы ақпан айында Қазақстан діни басқармасының шақыруымен Алматыға Халифа Алтай әйелі Бибәтішпен келеді. Бұл оқиғаны Қазақстанның дін саласындағы ірі оқиғалардың бірі деп атасақ болады. Тұғырлы тұлғаны қарсы алуға 19 облыстың діни адамдары толық жиналып, қарсы алады. Атажұртқа оралуды мақсат еткен  Халифа Алтай 19 облысты аралауды басты назарда ұстап, алғашқы сапарын Қызылорда облысынан бастайды. Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтында студенттермен кездесуге қатысады. Қызылордадан қайтар жолында қасиетті Түркістанға аялдап, хазірет Ахмет Яссауи және Арыстан баб мазарларына зиярат етеді. Түркістан мешітіне барып, уағыз айтады. Наурыз айының 20-сында Тараз қаласындағы Әбдуқадыр мешітінде болады. Бұл мешіт осы ғасыр басында салынған.

Алайда, Кеңес үкіметі кезінде сырахана ретінде қолданылады. Сонымен бірге, Айша бибі мазарында болып зиярат етеді. Халифа Алтай үшін ерекше оқиғаның бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен кездесуі еді. Дінмұхамет Ахметұлымен екі рет кездескеннен кейін ол туралы көзқарасын өзінің «Алтайдан ауған ел» атты кітабында былай деп суреттеп кетеді: «Димекең аса кішіпейіл, иманды, аса білімдар, байсалды, болжамды ұлт көсемі ретінде әсер қалдырды» дейді (Қазақстан.  Ұлттық энциклопедия. - Алматы, 1998.).

Сонымен Х.Алтай 1992 жылы Алматыға біржолата оралады. Қазақстанға келісімен Қызылорда, Шымкент, Жамбыл,  Ақмола, Семей, Көкшетау, Жезқазған, т.б. жерлерді аралап, барған жерінде 70 жылдай атеистік сананы  мықтап ұстап, дінге сусап қалған халыққа діни уағыз айтып, имандылық ұрығын себе жүруді өзінің азаматтық парызы ретінде санады. 1995 жылдан бастап Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Ол қазақ теледидары мен әртүрлі басылымдарда ислам діні туралы мазмұнды да тартымды әңгімелер өткізуге атсалысты.

Дін ғұламасы исламның бес парызына (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық) байланысты ең қажетті деген мәселелерді қамтыған «Ғибадат-ул ислам» атты қазақша еңбек жазып, жарыққа шығарды. Сондай-ақ, осы тақырыпқа арналған қазақша «Құран әліппесі және иманның шарттары» атты еңбегі жеке кітап болып, 1989 және 1992 жылдары Стамбұлда, 1993 жылы Катарда басылып Қазақстанға жеткізілді. Кейін бұл шығарма Қазақстанның үлкенді-кішілі әртүрлі баспаларында оншақты рет басылды. 1993 жылы бұл шығарма Моңғолияда «Шариғат» деген атпен жарық көрді. 1994 жылы оқымыстының аудармасымен «Таңдаулы хадистер» Алматыда елу мың данамен жарық көріп, оқырман қауымның қолына тиді.

Ол 1995-2000 жылдары «Қазақ радиосынан» әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Сонымен бірге, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған «Инабат» имандылық тәрбие орталығының төрағасы болды. 2000 жылы Халифа Алтай Халықаралық қайырымдылық қорын құрып, қайтыс болғанға дейін қорды өзі басқарды. Еліне шапағатшыл болған, ақыл-парасатымен халқына қадірлі болған асыл азамат 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өтті.

Түркиядағы қазақ диаспорасынан шыққан танымал қайраткер әлем қазақтарының рухани тарихында алар орны ерекше. Себебі ол бар ғұмырын халықты имандылыққа шақыруға арнады. Осы жолда қажымай еңбек етті, ислам дінінің асыл мұраларын халыққа жеткізуде ұшан-теңіз еңбек еткен қайраткер болды. Әдебиет тарихында халықаралық «Алаш» сыйлығын алғаш иеленген қаламгерді түркітілдес бауырларымыз «Түркі әлемінің ғұламасы» деп жоғары бағалаған. Қазақстандағы Ислам дінінің таралуына баға жетпес еңбек сіңірген тұлға есімі Өскемен қаласындағы үлкен мешіт пен Алматы облысындағы Қырғауылды ауылындағы жаңа мешітке, сондай-ақ Алматы қаласы Алатау ауданындағы басты көшеге берілді.  Қайраткердің баға жетпес шығармалары өзін қадірлеп, құрметтеген халқына қашан да қалтқысыз қызмет ете бермек.

Г.ЧАБДЕНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология  және этнография факультетінің магистранты

   

710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз