• Ұлттану
  • 01 Маусым, 2020

АБАЙҒА АПАРАР ЖОЛ

(Бейкәсіби абайтанушының ой-толғауы)

Орақ АЛИЕВ, «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, «Тұран-Астана» университетінің профессоры

Осы шағын шығармада дәстүрлі абайтанудан тысқары, өзінің кәсіби болмы-сымен ғылымға берілген адамның «Абай құбылысы» хақын-дағы өзекті ойтолғауы келтірілген. Автордың бүкіл ойтүйсігі, тұжырымдары мен нақты ұсыныстары Ұлы Абайды құр қиялда  емес, іс жүзінде барша қазақ ұлты мен дүйім Қазақ Елінің  рухани  ақыл-ойының шынайы Символы ретінде оны бүкіл әлемге танытуға және мойындатуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл еңбек Хакім Абайдың үшінші мыңжылдықтағы ұлағатты тағдырына бейжай қарамайтын барша оқырманға арналған. 

Мәселенің мән-жайы

Абай: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деп өзіне-өзі сұрақ қояды («Абайдың қара сөздері». Тоғызыншы сөз). Осы сырттай қарағанда қарапайым да қайшылықты, ал ақиқатында мәні өте терең пәлсәпалық үн осыдан мың жылдай бұрын өмір сүрген тағы бір ғаламат ой иесі Омар Хайямның: «Сен өзіңе өзің қара да кім екеніңді, қайда екендігіңді және қайда бара жатқаныңды ойла», деген мәңгілік тәмсілімен үндесіп жатыр.

Этнос (халық) ретінде қазақ (қазақтар) дегеніміз кім? Оның өзіндік дербестігін (өз-өзіне тақылеттестігін) айқындайтын белгілері мен  өлшемдері қандай? Басқаша айтқанда, мәселе түйіні мынада: «қазақтану» (қазақты танып-білу туралы ілім) мен «қазақтаным» (қазақ туралы білім) ұғымдарының мән-жайы қандай деңгейде? Қазақстан (Қазақ Елі) дегеніміз әлеуметтік субъект ретінде кім? Оның  әлеумет және ұлт ретінде қалыптасу белгілері мен өлшемдері қандай?

Мысалы, француздар өздерін Наполеонмен, Вольтермен, Бальзакпен, Луврмен, Эйфель мұнарасымен тақылеттестіреді, өздерінің корольдерімен мақтанады; орыстар – Александр Невскиймен, православиесімен, І Петрмен, Ломоносовпен, Пушкинмен, Мәскеу университетімен, Эрмитажымен; американдықтар – Еркіндік Мүсінімен, «демократиясымен», долларымен, экономикалық және әскери қуатымен, АҚШ мемлекетінің негізін қалағандармен; жапондар ‒ Фудзиямасымен, сумосымен, сакурасымен, танкасымен («қысқаша өлең»), «Рёандзи бағымен», ғылым және әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегерлерімен  тақылеттестіреді, мақтанады. Ал бізде қалай? Осы орайда «қазақстантану», «қазақстантаным» (Қазақстан туралы білім) ұғымдарының мазмұны қандай деңгейде? Біз, қазақтар, өзімізді өзіміз қалай, немен, ең алдымен, кім арқылы тануымыз керек, кіммен тақылеттестіруіміз керек  және бүкіл әлемде халқымыздың қай өкілімен, тұлғасымен шынайы мақтануымызға  болады? Бұл ретте бір нәрсе айқын: қазақтың ежелгі этнос (болашақта толыққанды мемлекет құрушы ұлт) ретінде және Қазақстанның  әлеумет (социум) ретінде өзін-өзі тануы, яғни, өзінің әлеуметтік болмысына ой жіберіп терең бойлауы, өз-өзіне тақылеттестігін айқындауы, өзіндік сана-сезімін қалыптастыруы, өзіндік әлеуетін пәрменді іске асыруы, өз-өзін әлемге толыққанды танытуы, мойындатуы – заманауи Қазақ Елінің, ең алдымен, оның өркениеттік-рухани, мәдениеттік-ғылыми қауымдастықтарының әр өкілінің ең жоғары парызы және міндеті деп санаймын.

Сондықтан да, бұл мәселе, менің соңғы 15 жыл ішінде көптеген отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектерім мен зерттеулерімнің, сондай-ақ 2005 жылы өзім ғылыми атау (термин) ретінде енгізіп, «Тұран-Астана» университетінде ұйымдастырған «Қазақстантану»  («Казахстановедение») атты Ғылыми орталық пен жалпы республикалық теориялық-әдіснамалық семинардың басты зерттеу нысаны мен тақырыбы болып келеді. Бұрынғы «қазақтану», оның ішінде «тұлғатану», «абайтану» мәселелерін  жоғарыда аталған «Қазақстантану» аясында қарастырып, содан туындатқан жөн.

«Қазақстантану» және оның құрылымы

Демек, ең алдымен таным мен зерт-теудің жаңа саласы (мүмкін, болашақта айрықша ғылыми және оқу пәні) ретінде қарастыруға болатын және қарастырылуы тиіс «Қазақстантанудың» басын ашып алған жөн. Оның зерттеу  нысаны, зерзаты (пәні), субъектісі, логикасы  (қисыны) мен құрылымы қандай? Олар, меніңше, мынадай.

Қазақстан (Қазақ Елі) қазіргі болмысы күйінде, яғни, қоғамдық құрылыс, қоғамдық құбылыс (феномен) ретінде, аталмыш зерттеу саласының – «Қазақстантанудың» тікелей зерттеу нысаны болып табылады. «Қазақстантанудың» зерзаты (пәні) – әлеумет (социум) ретінде өмір сүрген және өмір сүріп отырған Қазақ Елінің  бірегей ұлттық-өркениеттік-имандылық Рухы және оны пәрменді жүзеге асыратын халықтың мақсаттылық (мақсаткерлік, мақсатқа талпынушылық) қозғаушы да белсенді Күш Жігері (грек тілінде Энтелехия).

«Қазақстантанудың» субъектісі қызметін өзіндік сана-сезімін, өзіндік танымы мен түсінігін айқындаушы, өзін-өзі танытушы және өзін-өзі қайта жаңғыртушы Қазақстан қоғамы, оның ішінде, бәрінен бұрын, отанымыздың қазақстантану мәселелерімен арнайы айналысатын шығармашылық тұрғыда «ойлайтын азшылық» түріндегі топтар мен қауымдастықтар атқарады.

Қазақстанның осы Рухын және Күш-жігерін (Энтелехиясын) бойына сіңірген  халқы қаншалықты мол болса – болашақта Қазақ Елі де  соншалықты салтанат құра бермекші!

 Ал, енді, «Қазақстантанудың» негізгі құрылымы мен нақты бағыттарына  келсек, олар төмендегіше тарқатылады:

  1. «Қазақстантанудың» жаңа ғылыми бағыт (ғылыми және оқу пәні) ретінде өзіндік ерекшелігі.
  2. Қазақстантануды философиялық-дүниетанымдық (онтологиялық, гно-сеологиялық, методологиялық (әдіснамалық) эпистемологиялық, аксиологиялық, праксиологиялық) тұрғыда пайымдау.
  3. Қазақстантанудағы ғылым, өнер және дін.
  4. Теориялық және отандық тарих ғылымы жетістіктері аясындағы қазақстантану.
  5. Қазақстантанудың социологиялық (әлеуметтану) қырлары.
  6. Қазақстантанудың этнологиялық-этнографиялық қыры және қазақтану (қазақтаным) оның құрамдас негізі ретінде.
  7. Қазақстантанудың шаруашылық-экономикалық және экологиялық бағыттары.
  8. Саясаттану ғылымының қазақстан-танудағы пәндік ерекшелігі.
  9. Педагогика-психология ғылымының қазақстантанудағы пәндік аясы.
  10. Адамзаттың өркениеттік және мәдениеттік кеңістігіндегі қазақстантану.
  11. Қазақстантанудың әдеби-линг-вистикалық бағыты.
  12. Қазақстантанудағы ақпараттық, жаратылыстану және техникалық ғылым-дардың орны.
  13. Құқықтану ғылымындағы қазақстан-тану.
  14. Ұлттық тәрбие ісі мен білім беру бағы-тындағы қазақстантану.
  15. Туризмнің қазақстантанудағы орны мен рөлі.
  16. Қазақстантану, ресейтану, украинтану, белорустану, моңғолтану, қытайтану, жапон-тану және т.б. заманауи тәжірибесі және салыстырмалы талдау.
  17. Шетелдік қазақстантану: өткені мен қазіргісі.
  18. ҚР «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – қазақстантану идеясын нақты жүзеге асыру құралы.

Демек, бұл жерден «Қазақстантанудың» Қазақ Елін біртұтас әлеумет  ретінде танып-білуде өзіндік теориялық-әдіснамалық қызмет атқаратындығын көреміз. Сонымен қатар, «абайтану» мәселесінің, ең алдымен «Қазақстантанудың этнологиялық-этнографиялық қыры және қазақтану (қазақтаным) оның құрамдас негізі ретінде» айдарына логикалық және құрылымдық тұрғыдан сіңісетіндігіне көз жеткіземіз.

Жол-жөнекей айта кетейін: 2006-2020 жылдары «Тұран-Астана» университеті өткізген оннан астам халықаралық ғылыми-конференциялар қазақстантану тақырыбына арналды, олардың материалдары дер кезінде тиісті жинақтарда жарияланды. Сондай-ақ,  аталмыш мәселелер 2005 жылдан бастап қазіргі кезге дейін осы еңбектің авторы құрған және жетекшілік ететін «Қазақстантану» теориялық-әдіснамалық семинарда тұрақты түрде талқыланып келеді. Оның ішінде, атап айтқанда, Абай тақырыбына бірнеше семинар және «Қазақстантану-5» деген атаумен Хакім Абайдың 165-жылдығына арналған (2010 жыл 20 қараша) бір халықаралық  және  Абайдың 175 жылдығына арналған ХI жас ғалымдар (студенттер, магистранттар, докторанттар) арасында жалпы республикалық  ғылыми-тәжірибелік конференция   (2020 жыл 28 ақпан) өткізілді.

Сонымен бірге, біздің зерттеулеріміздің нәтижелері  Қазақстан Халқы ассамблеясы «Қазақтану» Тұжырымдамасын әзірлеген кезде пайдаланылды.  

Адамтанудан қазақтану арқылы абайтануға дейін

Қазақтану, соның аясында абайтану, өз кезегінде «адамтанудан» туындап, содан бастау алады, өйткені, адам тұтастай алғанда – әлеуметтің алғашқы қайнар көз субъектісі, әрі аралық субъектісі, әрі соңғы, түпкілікті субъектісі. Сөйтіп, пайымдаудың одан арғы тақырыптық қисыны мынаған келіп саяды: 1) Адамтану. 2) Қауымтану. 3) Қоғамтану. 4). Тұрантану. 5) Түркітану. 6) Алаштану («Алты Алаш»). 7) Қазақтану  (Қазақтаным). 8) Тұлғатану. 9) Абайтану.

Сонымен бірге, біз осы еңбекте «кері байланыс» қағидасы бойынша,  «қазақтанудың» да, «қазақстантанудың» да рухани негізі болып табылатын  «абайтануға» ден қойдық. Бірақ, жоғарыда аталған қазақстантанудың барлық  құрамдас бөліктері және оның  өзіндік субъектілік қырлары біркелкі эпистемологиялық (білімтанушылық) деңгейде және ғылыми пайымдау мен бейнелеу тұрғысынан әлде де болса ойдағыдай ашылмай жатқандығын сөз арасында айрықша атап өткен жөн. Олардың қайсыбір жекелеген мәселелері зерттеудің дербес нысаны мен зерзаты (пәні) ретінде айшықталмады, тіпті «абайтанудың» өзі айтарлықтай біржақты, яғни, оның негізінен көркем-әдеби құрамдас қырына бойұра қалыптасып, дамыды. Бұл тарихи абайтану (әсіресе М.Әуезовтің ықпалы) тұрғысынан дұрыс та шығар, бірақ бүгінгі мен ертеңгі күннің талабына таршылық етеді.

Оның үстіне жаңа ғылыми-зерттеу бағыты ретіндегі «қазақстантанудың»  метаэпистемологиялық (әсіребілімдік), гносеологиялық (жалпытанымдық) және ғылымтанушылық «құралдары» (әдіснамалары мен әдістемелері) әлде де болса жеткіліксіз зерттелген. Автордың бұрынырақ жарық көрген бірқатар еңбектерінде олар ішінара көрініс тапты (Казахстановедение: познавательные, оценочные и прикладные проблемы. Астана, 2006). Аталған олқылықтар белгілі бір мөлшерде «қазақтануға» да және негізінен төменде сөз болатын «абайтануға» да тән.

 

Абайтану немесе Абайға апарар жолбасы

Абай (абайтану, абайтаным) қазақ халқының  рухани мұрасына терең із қалдырған және халқымыздың Ел болып қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан басқа да аса көрнекті өкілдері сияқты, тұтас алғанда,  еліміздің, қазақ халқының өзін-өзі түсінуге, өз-өзіне тақылеттестігін айшықтауға, өзінің өткенін, бүгіні мен мүмкін болашағын терең зерделеуге, нығайтуға жол ашады. Қысқасы, Қазақ Елінің, қазақ халқының айрықша болмысын, ең алдымен, Абай арқылы танып, Абай арқылы түсініп ұғынамыз. Онда да танығымыз келсе, түсінгіміз келсе. Осыған орай, кезінде А.Эйнштейн: «Тарихты зерттеген кезде тәуелсіз мінезі мен ой-пікірі арқасында адамзатқа пайда келтіретін адамдар туралы егжей-тегжейлі талқылау керек» деген болатын. Мәселе мынада, әңгіме болып отырған адамдар, тақырыпқа орай Абай, әдетте, өзгелерге ұқсамайтын, өз ойлары, өмірлік құндылықтары мен ұстанымдары, мінез-құлықтары мен ой-пікірлері айқын белгіленген, айтарлықтай  қарама-қайшылықты және пассионарлы (белсенді-қуатты) айрықша адам болып табылады. Сонымен бірге, мен өзім адамзат әлемін осы тәріздес, мейлінше қарама-қайшылықты және пассионарлы, тарихи тұлғалар қиратады және/немесе үдемелі дамытады деп ойлаймын және соған сенімдімін. Осындай тұлғалардың қарама-қайшылықтылығы мен  белсенді-қуаттылығы неғұрлым жоғары болған сайын,  олардың, сәйкесінше, қиратушы күші және/немесе жасампаздық ісі де соғұрлым жойқын, зор болады. Осы ретте, дәуірдің және тарихи тұлғалардың қарама-қайшылықтылық пен белсенді-қуаттылық деңгейіне сәйкес олардың тарихтағы орны мен рөлін бағалауда қайшылықтылық қағидасын қолдану кажет-ақ. Сонда ғана оларды  шынайы тану мен әділ бағалау да соншалықты тереңдей түседі.

«Қарапайым заттарды (адамдарды – О.А.) талдау үшін ерекше ақыл керек» деген болатын Альфред Уайтхед. «Ал, егер біздің алдымызда «қарапайым» емес, «ерекше» тарихи заттар мен адамдар тұрса, онда оларды талдау үшін қандай ақыл керек?» деп сұраймын мен. «Әсіре ерекше» ақыл керек болар деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, біздің Абай Құнанбайұлы, адамзаттың міне нақ осындай санаттағы адамдарының қатарына жататын Дара Тұлға. Ол Диоген Синопскийдің «Мен жынды емеспін. Тек, менің ақылым сенің ақылыңдай емес» деген жүрекжарды сөзі арқылы өз-өзін сипаттауына ұқсайды. Сондықтан да, басқасы басқа, ал Абайды, оның айрықша қарама-қайшылықты болмысын ескермей, сыңаржақ, үстірт, жеңіл-желдірмелік, оған қоса жалаң-жылтырақ тәсілмен танып қабылдауға тіпті де болмайды.

 Көпқырлы да бір сырлы Абай

Құнанбайұлы Абай, менің түсінігімде, ерекше этнос (болашақта толыққанды ұлт) ретіндегі қазақ халқының және кезінде Абай өзі ерекше мән берген (дегенмен, өкінішке орай, кәдімгі можантопай надандықтан, сондай-ақ  «оқыған» және «сауатты» отандастарының оған  біржақты жүйесіз және жеңіл, қалқыма көзқарастарынан әлі күнге дейін қазақтардың өздері толық бағаламаған), өзінің дербес өркениеттік-дүниетанымдық және рухани-имандылық тұрғысынан қайталанбас Қазақ Елінің өзін-өзі сынауының, өзін-өзі тануының, өзін-өзі пайымдауының, өз-өзіне тақылеттестігінің, өзіндік санасының қайнар  көзі, кілті,  бұлтартпас өлшемі,  белгілі бір деңгейдегі «ақ парағы» болып келді және солай болып қала береді де. Қысқасы, «Қазақты (ал қазаққа өзіңді) білгің келсе, алдымен Абайды таны, Абайды біл»  дер едім.

Демек, Абай дегеніміз кім, ол Тұлға ретінде  қандай адам болды, оның өмірлік мұрасы қандай? Осы шығарма авторының мақсатына сәйкес – абайтанудың теориялық-әдіснамалық тұғыры мен тәсіліне қатысты өз ойымды қысқаша тезистік түрде негіздеу – қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ, мен Абайдың: философ, ұлы ақын, ғалым, педагог, ағартушы, сөз зергері, әлеуметтанушы (социолог), гуманист, отаншыл (патриот), интернационалист, адамтанушы, шығыстанушы, ислам-танушы, қазақтанушы, заңтанушы, экономист, психолог, этик, эстетик, аудармашы, шешен, болыс, би (сот, мәмлегер), сазгер, музыкалық шығар-маларды орындаушы сияқты басты қырларын көрсетер ем.

Байқап отырғаныңыздай, қазақтың «Сегіз қырлы адам» деп асқақтата берген салиқалы мінездеменің өзі біздің Абайымызды толық сипаттай алмайды. Мұндай бағаның «Бір сырлы адам» деген мінездемемен жалғасатыны белгілі; Абайдың «бір сыры»  – ол  жоғарыда аталған және  әлі де аталмаған көптеген қырлары негізінде – өзінің бүкіл адами болмысын табиғи түрде үйлесімді біріктіретін  ерекше синкретик (біртұтас) ОЙШЫЛ – ХӘКІМ екендігі.

Жалғастыра айтайын, Абай хәкімді (дана, данагөй) ғалымнан, мысалы хәкім ретіндегі Сократты  ғалым Аристотельден айқын айырып, былай деді: әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Бұл әділ тұжырым. Сонымен бірге, Абайдың жоғарыда аталған (аталмаған) қырлары, данышпандығы мен кемеңгерлігі әлде де толық зерттеліп зерделенген жоқ. ХХ ғасырдың бірінші ширегінен бастап, негізінен, оның көркемдік-әдеби және лингвистикалық мұралары  әжептәуір зерттелді.

Абаймен «таныса» келе мен әрбір қазақтың (қазақтың ғана емес-ау деп ойлаймын), жапондықтардың «Фудзидің жүз көрінісі» қағидасына ұқсағандай, «өз Абайы» бар (әрине, егер онымен «таныс» болса), алайда тағы да сол жапондықтардың «Фудзияма тауы жұмыр жердегі жалғыз ғана тау ғой» дегеніндей, біздің бәрімізге  ортақ, мәңгілік жалғыз «бір Абайымыз» бар  деген  тұжырымға келдім.

Сонымен бірге, бөліп алары жоқ, бәріміз де «абайтанушы» (ал кейбірі тіпті «абайсүюші») екенімізді естен шығаруға болмайды. Алайда, біреулер (азшылық): жекелеген әдебиетшілер, лингвистер, философтар, социологтар, экономистер, заңтанушылар, музыка зерттеушілер және т.б. кәсіби абайтанушылар да, ал қалған көпшілік және соның ішінде осы материалдың авторы да, әрі кеткенде ақ ниетті, «оң қабақты дилетанттар», яғни, бейкәсіби абайтанушылар, тиісінше,  алғашқыларға қойылатын қатал талап (Абайды түсіндіру тұрғысынан алғанда) оларға, яғни, соңғысына қойылмайды. Дегенмен де...

Ойтолғаудың осы бөлімін мынадай тұжырыммен аяқтағым келеді. Әңгіме бұдан бұрын жапондықтардың Абайға қатысы болатындай сарыны төңірегінде қозғалып кетті ғой, енді соны аздап әрі қарай жалғастырайын. Әрбір этникалық жапондықтың өз өмірінде бір-ақ рет болса да (міндеті емес, парызы), Фудзияма тауына көтерілуі тиіс екен.  Және, сонау есте жоқ заманнан бері өмірге қаншама жапондық келсе, олардың бір тауды көрсе де сол тауға деген сонша «көзқарасы»,  бір-бірімен сәйкеспейтін жеке пікірі болатыны табиғи нәрсе. Өзінің қайталанбайтын Ақыл-Зердесімен, Рухымен және Даналығымен Фудзияма тауының немесе біздің қасиетті Ұлытауымыздың жалғыздығы сияқты, Абайдың Дара Тұлғасы, әрқайсысымыздың жеке қабылдауымызбен жасалған «Абай бейнесінің», «Абай образының» жиынтық-синергиялық  нәтижесі ретінде Ұлы Дала кеңістігінде асқақтайды! (Бұл – тау халықтары ақсақалдарының (Дағыстан) «Бәрін бір адам айта алмайды, бәрін тек барша жұрт айтар болар» деген қанатты сөзінің дәлелі де растығы).

Бірақ былай болуы да, яғни, жол азабын тартып, Фудзияма төбесіне көтерілген кейбір жапондықтардың өздері  мойындағандай, бәрібір «түк көрмедік» деуінің орын алуы мүмкін ғой. Олардың осындай «түк көрмеуі» дегеніміздің өзі  «Фудзидің жүз көрінісінің» ішінен «Фудзиді  тануы» да болар деп ойлаймын, рас, мұны тіпті де қаламас едім.  Бұдан шығатын ғибрат-қорытынды: Абайды рухани-даналық, ақыл-зерделік, адами-имандылық, шығармашылық-жасампаздық тұрғыдан «көру» үшін, тану үшін, «Абай Шыңына» өрмелеп көтерілу үшін, бәлкім, кейін соқпаққа, жолға, даңғылға, Ақжолға (Дао) ұласар өз ізіңіз бен сүрлеуіңізді салуға, сонымен  шығуға ұмтылыңыз!

Осы ретте әркімнің осы ұмтылысы, ол кәсіби абайтанушы ма, әлде бейкәсіби абайтанушы ма, бәрібір, белгілі бір қағидаға  сүйенуі тиіс. Ол – дана қазағымның «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» деген, өкінішке орай, қалтарыста қала беретін, керемет таным қағидасы. Бұл таным ұстанымын саналы түрде іс жүзінде қолданатындар кемде-кем, ал Абайға қатысты осы беймәлім 99-ды, меніңше, 999-ға дейін, тіпті одан да шексіз көбейтсе артық болмас еді, өйткені, бұл Абайдың қайталанбас Тұлғалық болмысымен тікелей байланысты.

 «Абай құбылысының» күрделілігі және түйткілді мәселелері

Бұдан әрі, абайтану мен абайтанымға қатысты оның «күрделілігі және түйткілді мәселелері» бойынша өзімнің кейбір ойларыммен және тұжырымдарыммен бөліскім және бұрын айтылған ойларымды одан әрі дамытқым келеді.

Абай шын мәнінде түпсіз терең, айтарлықтай күрделі, өзі айтқандай,  жұмбақ («Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла»), керек десең, құпия да тылсым – метафизик-эзотерик тұлға. Сондықтан да, алдағы әрбір дәуір және оның өкілдері (субъектілері) «Абай құбылысын» («Абай феноменін») оның жоғарыда аталған және аталмаған жарқын қырларын қоса, іс жүзінде өзіндік танымымен қабылдап түсінеді, «көреді», ой сарабына салады, өзінше  «таниды», бейнелейді, бағалайды. Кезінде (1913 ж.) Ахмет Байтұрсынов Абайдың күрделілігі туралы: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық – Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда» деген болатын. Асыра айта алмайсың!

 Ол осы жерде Абайды оқу және меңгеру «тәсілін» де ашып көрсетеді. Және бұл «Абайды кім оқыған жоқ», «Абайды кім білмейді» деген қарадүрсін жеңіл пікірлер  жайлаған қазіргі кезде қаншалықты өзекті десеңізші! Басқаша айтқанда, жүз рет оқы, мейлі, мың рет оқы, алайда, терең ойланып, толғанбайынша Абайға қол жеткізу ешқашан мүмкін емес. Сонымен бірге, Ф.Ницшенің қанмен жазу керек, өйткені, қан жазушының рухы ғой деген пікіріне мен «қанмен» де оқу керек, тек сонда ғана адам оқушы ретінде жазушының Рухына бойлай ене алады дегенді қосар едім.

Осы ретте, данагөй аталарымыз (оның ішінде Абайдың өзі) «Айтушыдан (жазушыдан – О.А.) тыңдаушы (оқушы – О.А.) зор болсын» деп қалай шын мәнінде тауып айтқан. Қалай болғанда да, біздің ұлы Абай «қанмен» жазғанның нақ өзі! Ал, біз, заманауи оқушылар, жаңа ғана келтірілген тыңдаушы-оқушыға қойылар талапқа сәйкеспіз бе?  Ай,  қайдам! Осы жерде Абайдың «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан» дегенін жазушы мен оқушыға, басшы мен қосшыға теліп, оны еш естен шығармай, оның «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенін бәріміз (әсіресе лауазымды билік жағы) басшылыққа алсақ-қой, шіркін!

Адамзаттың Ұлы Лао-цзыды (3500 жыл бойы), Ұлы Сократты (3300 жыл бойы), Ұлы әл-Фарабиді (1150 жыл бойы), Ұлы Омар Хайямды (мың жыл бойы дерлік) әлі де толық тани алмай келе жатқаны сияқты, дәл осылай, бүгін Ұлы Абайды да толық танып болған жоқпыз. Керек десең, «Тау  алыстаған сайын биіктей түседі» қағидасына сәйкес соңғы бірғасырлық ұрпақ өкілдері Абайды танудың, «абайтанудың» бастауында ғана тұр. Өзінің қайталанбас тұлғалық болмысымен, ерекше құндылығымен, аса тереңдігімен, ойлау мәнерінің, сөзінің және сезімінің өзгешелігімен (ауқымымен,  деңгейімен, жұмбақтығымен, құпиялығымен, тылсымдығымен), өзіне дейінгі ойшылдар ұлылығынан еш кем болмаса да, Абайды әлем олардан әлдеқайда аз біледі. Неге? Оның себептері қандай, мен кейінірек осыған тоқталмақпын.

«Әркім өз әкесінің ұлы болмас бұрын, алдымен өз заманының ұлы» деген Аристотельдің ойынан Абайдың айырмашылығы,  біз оны біруақытта әрі өзінің әкесінің де (құрметтеуге әбден лайық Құнанбайдың), өзі өмір сүрген өзгермелі кезеңінің де,  қазіргі аумалы-төкпелі кезеңнің де, сондай-ақ болашақ заманның да лайықты Ұлы деп түсінуіміз керек және солай қабылдайтынымызға сенімдімін.

 Өзінің тап осындай айтарлықтай ерекше-тұлғалық, яғни үш дәуірдің: өткен, қазіргі және болашақ дәуірдің, оның үстіне тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзат әлемінің лайықты ҰЛЫ АДАМЫ мәртебесімен біздің Абай, – менің зерттеулерім мен пайымдауым бойынша, Лао-цзы, Сократ, әл-Фараби, Омар Хайям, Ә. Навои, Д. Махтұмқұлы, И.В. Гёте, О. Бальзак, А. Линкольн, К. Маркс, Л.Н. Толстой, М. Ганди, А. Эйнштейн тәріздес, ең жоғары (13-ші) деңгейдегі өз-өзіне тақылеттестік субъект.

Мен неге мұндай тұжырымға келдім? Мынадай бірнеше мысал-дерек келтірейін, қалай қабылдау өз еріктеріңізде. Лао-цзы: «Менің қымбат санайтын үш қазынам бар: біріншісі ол –  адамсүйгіштік (адамды сүю – О.А.)...»; Сократ философияны табиғатты зерттеуден адамды зерттеуге қарай бұрды, сондықтан да оның ең сүйікті тәмсілдерінің бірі «Өзіңді өзің таны» осының айғағы; К.Маркс: «егер де мал болғың келсе, әрине, адамзаттың азабына арқа-жоныңды тосып, теріс айналуыңа болады»; Л.Н.Толстой: «мен – адамның ұлымын (тап солай болса да, «мен Николайдың ұлымын» демейді – О.А.) және «Менің енді өмірден тілейтінім біреу ғана – ол ешкімді өкпелетпеу, ешкімді сөкпеу, ешкімге ... жайсыз ештеңе істемеу, оның орнына оларды сүю»; Абай: «Адамның баласы бол», «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»; А.Эйнштейн Израиль елінің жеті жылдығына байланысты баяндамасының қолжазбасын «Мен бүгін АҚШ азаматы ретінде емес, еврей ретінде емес, адам ретінде сөйлеп тұрмын» деп бастайды. Көрдіңіз бе, олардың бәрінде де – Адам, Адам,  Адамзат!

Сонымен қатар, олардың бәрі және аты аталмаған тұлғалар да өзінің шығу тегін (қытай ма, грек пе, орыс па, қазақ па, еврей ме, үндіс пе, неміс пе, иран ба және т.б.) еш жасырмастан және құрметтей отыра өз халқын, өз мемлекетін «сын түзелмей, мін түзелмейді» қағидасы бойынша аямастай сынай отыра,  жалпы адамзаттық рухани мұраттарды, құндылықтарды, имандылық-өнегелілік тұғырларды, өздері айтарлықтай зиян шексе де, барынша асқақтата шырқауға, қорғауға, іске асыруға тырысты. Мысалы, «Жол тапқанды алдымен таптап өтеді» дегендей, Лао-цзы өзінің отанын тастап кетуге мәжбүр болды, оның кейінгі тағдыры белгісіз қалды, Сократ Афина сотының шешімімен у ішті, А.Линкольн атылды, Л.Н.Толстой  шіркеуден аластатылып, өмірінің соңын оқшау жерде өткізді, К.Маркс елден қуылып, жеті баласының төртеуі аштық-жоқтықтан көз жұмды, М.Ганди түрмеге қамалып, атылды, Абайды өзінің ағайындары соққыға жықты және т.б.

Жоғарыда айтылғандай, әлемде әлде де болса Абай есімінің аз аталуы мен  белгісіздігіне себепкер «Абайтанудың басты мәселесі», менің пікірімше, мынаған келіп саяды. Қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын мейлінше көп білетін және терең бағалайтындардың бірі де бірегейі Герольд Бельгер (тегі неміс, халық арасында «Білгір қазақ», «Соңғы қазақ» аталып кеткен) кезінде үлкен толғаныспен: Абай шығармалары өзінің аса терең мән-мағынасымен және философиялық байлығымен, көркем ойларымен және бояуларымен басқа тілдерге (тіпті орыс тіліне де) әлі де аударылған жоқ деп бірнеше қайтара айтып та, жазып та кетті. Демек, бұл ретте, менің ойымша, жолы болған осындай басқа да тұлғаларға қарағанда Абай есімінің әлемде аз танылу сыры да осында.

Турасын айтқанда, осы кезге дейін шет елдердің 116 тіліне аударылды делініп келген Абай шығармалары аудармаларының сапа деңгейінің қандай екенін біз қайдан білеміз? Тап осы сұраққа иланарлықтай жауап бере алатын, осы тілдер бойынша кәсіби білімі жоғары мамандар бізде не шетелде бар ма екен? Жоқ-ау деп ойлаймын. Айтпақшы, болған, ол қазақ, орыс, неміс тілдерін жоғары кәсіби деңгейде бірдей игерген Герольд Бельгердің өзі (өзім ол кісімен өмірінің соңғы төрт жыл бойына біршама араласқанымды, әдебиет пен ғылым адамының шығармашылық әлемі, сонымен қатар өзіміздің қайсыбір еңбектеріміз туралы  жазбаша да, ауызша да өзара пікір алмасқанымызды ерекше ризашылықпен еске аламын).

Алдымен, Абайдың осынау «шетел тілдеріндегі аудармасы» деп аталатын шығармалары әу баста қазақ тіліндегі түпнұсқасынан аударылды ма екен деген орынды сұрақ туады. Әй, қайдам! Оның үстіне, олар (аудармашылардың оң ықыласынан тыс), Г. Бельгер көрсеткендей, «бұрмаланып», қарабайырланған мазмұнымен және пішінімен, ашық болмаса да, өзіндік «теріс жарнамаға» айналып, «мақтаған Абайың осы болса...» деген тұрғыдан Абайдың өзі, демек бүкіл қазақ халқы туралы бұрыс пікір тудырмаса игі етті деген күдігім де жоқ емес. Мен, міне, осыдан қорқамын. Бұдан шығатын өзекті қорытынды: Абай шығармаларын өте жоғары сапада жасалған жаңа аудармаға біз қазір қаншалықты құштармыз, зәруміз десеңізші?! Бүл ретте, «Жеті рет ойланып, бір рет кес» қағидасы бойынша, «бас жоқ, көз жоқ» аударуға асығуға болмайды. Ол үшін Абай шығармаларын жанр-жанр бойынша шет тілдерге аударатын аудармашылар арасында қомақты сыйақылы конкурстар (мүшәйра) жариялап, кейін барынша сапалы аудармаларды мұқият іріктеу қажет деп ойлаймын.

 

«Абайтану мәселесін» шешу жолдары

«Абайтанудың басты мәселесін» және одан туынды мәселелерді  түбегейлі шешу үшін, яғни, «Абай феноменінің», Абай данышпандығының барлық қырларын жан-жақты да кешенді,  жүйелі де синергиялық түрде зерттеумен, оның ішінде әсіресе  аталмыш сапалы аудармаларды ұйымдастырумен айналысатын, мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын арнайы «АБАЙ ИНСТИТУТЫН» (қатардағы оқу орны емес) құратын (ашатын) кез келді. Қазіргі миллиардтаған қаражат оңды-солды жұмсалып жатқан жағдайда, оның үстіне  бірнеше Конфуций институты бар Қазақстанда, өз мемлекетіміз (Абайды қастерлейтін отаны) бір ғана Бас Институттың қызметіне қажетті қаржыны неге таппайды?

Мынаған назар аударыңыз: елімізде Конфуций институттары бар да, ал жоғарыда  бейнеленген санаттағыдай  бір де бір Абай институты жоқ! Бұны қалай түсінуге болады? Бұл ретте, осы аталған жайттар, данагөй қарттарымыздың ежелден айтылып келе жатқан «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» және «Ауылдастың аузы сасық» деген ұлағатты нақылын амалсыз еске түсіреді. Сөз арасында айталық, Қытайда осыған ұқсас Абай институты бар ма екен? Ай, жоқ-ау!

Негізінен ғылыми-зерттеу  жұмысымен түбегейлі және сапалы аудармашылық істі ұйымдастырумен айналысатын «Абай институтымен» қоса, елордада және еліміздің облыс орталықтарында (келе-келе шағын қалаларда және аудан орталықтарында) есігі ашық, еркін пайдалануға болатын «АБАЙ ҮЙІН» (музей емес) ашу қажет-ақ. Ескерте кетейін: осыдан мың жылдар бұрын Бағдад қаласында «Даналар Үйі» болған, қазіргі кезде Германияда «Гёте  Үйі» бар екенін білеміз. Тіпті Абай Үйі Лондонда  (отандасымыз Р. Сейсенбаев құрған),   Қытайда   (Ухань қ.),   Ресейде  (Санкт-Петербург қ.)  бар. Ал бізде ше?

Абай Үйлерінде мыңжылдықтың әлемдік әлеуметтік өзгерістер аясында отанымыздың көпғасырлық бүкіл өркениеті мен мәдениетін қайта жаңғырту бағытындағы тәрбиелік, ағартушылық, рухани-имандылық, ақпараттық  және насихаттық сипаттағы  жан-жақты іс-шаралар мен форумдар (конгрестер, симпозиумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, тұсаукесерлер, таныстырымдар, пікірсайыстар, талқылаулар, өнегелі адамдармен кездесулер, көрмелер, шығармашылық кештер, айтыстар мен күй тартыстар, бір реттік немесе циклды баяндамалар мен лекциялар, ғылыми хабарламалар, жәй ғана шағын кездесулер, ауыр шығармашылық жұмыс арасында тынығу түріндегі еркін отырыстар) өткізуге болар еді. Шыны керек, осындай кең ауқымды сипаттағы «Руханият отауы» елімізде әлі күнге жоқ. Неге?

«Абай институты» мен «Абай Үйі» менің көптен келе жатқан көкейкесті арманым және олардың қажеттігі туралы өзімнің философиялық-ғылыми лекцияларымда, баяндамаларымда, басқа да руханияттық отырыстарда және ауызекі сөздерімде ылғи қайталаумен келемін. Және де, егер, оларды өзімнің фәни өмірімде көре алмайтын болсам (сұрағандарға «мен Абайдан «бар болғаны» 100-ақ жас кішімін» деп айтатыным бар), оларды кейінгі толқын өкілдері, бәрінен бұрын ойшыл Абайға деген оң ықыласты ұрпақтары, көрер, пайдаланар, асқақ та жасампаз сезімге бөленер деген үміттемін.

Әрбір жоғары оқу орнында және ғылыми мекемелерде Абайдың және басқа да дара тұлғалардың шығармашылығымен таныстыратын және оларды насихаттайтын, сонымен бірге ішінара «Абай Үйінің» қызметін атқаратын не институт, не орталық, ал колледждерде, мектептер (гимназиялар, лицейлер) мен  мектеп жасына дейінгі мекемелерде, бірақ, сәйкесінше, жергілікті ауқымдағы және балалардың жастық психологиясы ескерілетін, мамандандырылған Абай бөлмелері (кабинеттері) болуы тиіс.

Сонымен бірге, қандай екеніне қарамастан, барлық жоғарыда аталған оқу орындарында  «Абайтану» деп аталатын оқу пәні жүргізілуі қажет-ақ. Бастапқы кезеңде   (көзделген Абай институты құрылғанға және әртүрлі деңгейдегі оқу орындарында Абай мұраларын зерттеу бағдарламалары жасалып, тиісті оқу әдебиеттері дайындалғанға дейін) қазіргі кездегі Абайға арналған қолда бар әртүрлі әдебиеттерді пайдалануға болады.

Қазақ тілінде «Абайтануға» (2015-2019 ж.ж.) (Абайтану. Таңдамалы еңбектер.Алматы, 2015), негізінен оның көркем-әдеби мұраларына арналған қазіргі көптомдықтың (бүгінгі күні 40 том) жариялануын толықтай құптай отырып, отандық және шетелдік авторлардың Абай шығармаларында көрініс тапқан  басқа да қоғамдық өмір мәселелеріне арналған сан қырлы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін жариялауды жалғастырған жөн және олар қазақ тіліне (шет тілдерден), сондай-ақ басқа тілдерге (қазақ тілінен) сапалы түрде аударылуы қажет.

Ол үшін бастапқыда (Абай институты ашылғанға дейін) Үкімет деңгейінде білімнің әртүрлі саласында – жаратылыстану, техникалық, гуманитарлық ғылымдарда, сонымен қатар, философиялық, өнер-танушылық, діни және тіпті эзотерикалық  салаларда жұмыс істейтін ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, тек ұсынылған әдебиеттерді ғана емес, басқа да басылымдарды дайындау бойынша (пәнаралық не ғылымаралық қана емес) кең ауқымды Білімаралық Редакциялық Кеңес құру керек. Сөйтіп, осы «көптомдық» арқылы Абай мұраларының басты, одан туынды жекепәндік,  пәнаралық, ғылымаралық, тіпті білімаралық тақырыптары мен мәселелерін,  тиісінше, жалпы абайтану зерттеулері мен оқуларын (Абай дәрістерін) жүйелі қалыптастыруға болады.

Тек, сонда ғана біз болашақта ұлы отандасымыз Абайдың көпқырлы шығармашылық мұрасының мүмкіндігінше толық және нақты бейнесін  жасай аламыз. Соның нәтижесінде «абайтану» және «абайтаным» барынша жүйелі де қисынды, ауқымды да терең, жұмыр да шымыр түрде тұтасқан, әмбебап-энциклопедиялық деңгейге көтеріледі және  сонымен бірге «Абай феномені»  өз нысанына, зерзаты (пәні) мен субъектісіне, дәлірек айтқанда, Абайдың өзіне, өзі армандаған «толық адам» тұлғасы мен болмысына лайық деңгейде сәйкестендіріледі:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Міне, басқа-басқа, нақ Абай бірінші кезекте түбегейлі зерттеуімізге, тануымызға, қабылдауымызға, сөйтіп оны (өзі қолданған «толық адам» ұғымына сәйкес)  нағыз толық, барынша үйлесімді адам ретінде бүкіл әлемге насихаттауымызға, дәріптеуімізге, мойындатуымызға әбден лайықты. Ал, ол үшін  жоғарыда айтылғандарға қоса, тағы да өте маңызды мынадай бірнеше қосымша ұсыныстарды  енгізген жөн:

– Абайдың «Қара сөздері» (шын мәнінде «Даналық сөздер» немесе «Хикмет кітабы»), кейбір қайнаркөздер сияқты  (оның ішінде діни, мысалы, 30-40 томдық тәпсірлерден – түсініктемеден  тұратын Қасиетті Құран Кәрім де бар) іргелі де әмбебап сөздік, мәтіндік, эпистемологиялық (білімтанулық), энциклопедиялық көптомдық түсініктеме түзуді қажет етеді. ­

Басқа да мысал келтірейін: Бронислав Виногродскийдің Лао-цзы, Конфуций және Чжуан-цзы ілімдері туралы кең ауқымды жеке-жеке энциклопедиялық түсініктемелері бар. Біздің Абайдың, оның аталмыш «Хикмет кітабының» олардан несі кем, неге осы тұрғыдан талданбайды? Зер салып көріңізші: тек 45 «Сөзден» тұратын Абайдың «Қара сөздерінде» бүгінгі күнгі жекелеген гуманитарлық ғылымдар қолданатын атаулар мен ұғымдарды айтпағанда, менің есебім бойынша, «ғылым» атауы 86 рет, «ғалым» – 11 рет, «білім» және одан туынды сөздер –  64 рет, «хакім» (ойшыл, данагөй) – бірнеше рет кездеседі. Құрметті оқырманым менің, Абайдың басқа жанрлардағы шығармаларын былай қойғанда, Энциклопедиялық білім дегенің, міне, осы емес пе!

Сөз арасында тағы да өзімнің «құпия» арманым жайында ой бөліскім келеді: Абайдың осы «Қара сөздері» («Даналық сөздері», «Хикмет кітабы») әрбір қазақтың, қазақстандықтың және де біздің отанымыздан тыс жерлердегі Абайды сүйіп оқитындардың қойын кітапшасы, ал оның көзделіп отырған көптомдық «Түсініктемесі» үстел үсті кітабы болса ғой, шіркін! Осы көкейкесті ойды, ойтолғауды барша жұртқа, әсіресе, ізімізге ерген жас толқынға, болашақ ұрпаққа жеткізе білсек, еге білсек құба-құп болар еді!

«Еге білу» демекші, халқымыздың «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» деген нақылын мен ұстаздық қызметіме байланысты бірталай уақыттан бері  былай деп толықтырып айтып жүрмін: «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі, көпті көрген білмейді, көпті түйген біледі, көпті түйген білмейді, түйгенін өзгеге берген біледі, беріп қана қоймай, түйгенін өзгеге еккен біледі». Өйткені, «Интернатта оқып жүр/Талай қазақ баласы» деп Абай айтпақшы, көптен бері дүниенің төрт бұрышын аралап, оқып жүрген «талай қазақ баласы» (мыңдаған) баршылық. Ал олар нені көрді екен, нені түйді екен? Түйгені болса, елімізге не берді екен? Менің пайымдауымша, ілуде біреуі болмаса, олардың барлығы дерлік жақындарына, әріптестеріне, замандастарына, туған еліне айтарлықтай  бірдеңе бермегені былай тұрсын, тұщымды етіп ештеңе айта алмайтындығы, жеткізе алмайтындығы мені қатты ойландырады. Олардың бірдеңе «айта алғандығының», «жеткізе алғандығының» өзін өз басым бізге, елімізге азды-көпті «бергені» деп қабылдар ем.

Абайдың 150 жылдығы қарсаңында (1995 жыл) Алматыда шығарылған біртомдық Абай энциклопедиясы абайтанудың басты қайнар көздерінің бірі бола тұра, көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да: бағыттары, тақырыбы, нысаны, зерзаты, субъектісі (жеке-дара), мәселелері, атаулары, ұғымдары, категориялары, тағы басқалары, оның ішінде бұрынырақ қаралған және бүгінгі күнге дейін қаралмаған тұстары айтарлықтай толықтыруды, барынша кеңейтуді қажет етеді. Және, мүмкін, ол болашақта біртомдыққа сыймайтын  да шығар.

–  Елімізде қоғамдық мекемелер мен жоғары оқу орындары тағайындаған айтулы тұлғаларымыздың атындағы медальдер, көп болмаса да, баршылық. Мысалы Күлтегін, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, Л.Н. Гумилев және т.б. атындағы. Осыған орай  өзгелермен бірге қарт журналист  М.М. Гольдбергтің «Абай» медалін тағайындау керек» деген орынды пікірін  қолдай отыра, ол бекітілетін жағдайда оның мәртебесі мен сипаты кандай болмақ деген сұрақ тууы заңды. Осыған байланысты өзімнің ойларымды ортаға салмақпын.

Шынын айтсам, бұрын мені ресми және бейресми, ғылыми және бейғылыми атақтар мен марапаттар айналасында болып жататын орынсыз әуре-сарсаңдар, алып-қашты әңгімелер еш қызықтырмайтын. Ал бұл жолғы жағдай тіпті басқаша. Біріншіден, ол кезінде, дәстүрлі ислам тұрғысынан теріс болса да, атақты М. Жүсіп Көпеев айтқандай, ол «біздің соңғы пайғамбарымыз» деген теңдессіз теңеуге ие болған, қазақ халқының да, дүйім Қазақ Елінің де Символына айналған Абайдың өзіне тікелей байланысты. Олай болса, бұл жерде ел ішінде де, әлемдік аяда да «Абай атын еш кемсітпей, керісінше, оны өзінің қайталанбас тұлғалық болмысына сәйкес дәріптеу»  қағидасын басшылыққа алу ләзім. Екіншіден, ол елімізде мемлекеттік және қоғамдық сыйлықтармен марапаттау ісінде, өкінішке орай, пендешілікпен әділетсіздікке бой ұратын келеңсіз жайттарға байланысты. Сондықтан да, бекітілген жағдайда, «Абай медаліне» қатысты төменде айтылатын ойларым мен ұсыныстарым осы екі бірдей жағдаяттардан туындайды. Нақты айтсам, олар мынаған саяды:

а)  «Абай» медалінің мәртебесі жағынан мемлекеттік емес, қоғамдық, ал ауқымы жағынан  халықаралық сипатта болуы шарт, өйткені, елімізде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық бар, бірақ әдебиет, өнер, архитектура салалары бойынша ғана. Бұл Абайдың көпқырлы да орасан бай шығармашылық мұрасына деген көзқарастың әлде де болса тар шеңберде екендігінің айғағы;

б)«Абай» медалінің мәртебесі еліміздегі коғамдық сипаттағы басқа медальдердің бәрінен жоғары болуы шарт. Бұл Абайдың тәніне біткен генетикалық, жаны мен арына, ақылы мен зердесіне өркениеттік және мәдени жолмен қонған (егілген) меметикалық қасиеттерімен, яғни, барынша адамилық-адамзаттық, ойшылдық-данышпандық, әмбебаптық-кемеңгерлік тұрғысынан қайталанбас тұлғалық болмысымен тікелей байланысты;

в) «Абай» медалі жеті сала бойынша тағайындалуы шарт: дүниетанымдық-философиялық және эпистемологиялық (жалпы білімтану) саласы, тіл білімі және әдебиет саласы, өнер жене архитектура саласы, тәлім-тәрбие, өнегелілік және  білім беру саласы, қоғамның  әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, саяси, технологиялық даму саласы, мемлекеттік ұйымдарды, кәсіпорын ұжымдары мен қоғамдық құрылымдарды  әділетті де тиімді ұйымдастыру мен басқару саласы, Абайды әлемге танытуға айрықша үлес қосу саласы.  Әрине, қажет деп тапқан жағдайда жеті саланы бес номинацияға топтауға болады, бірақ оны өз басым құптамаймын. Қалай болғанда да Абай медаліне үміткер жұмыстардың барлығы да Абайдың көпқырлы бай шығармашылық мұрасымен тығыз байланыста болуы шарт;

г)«Абай» медалімен марапаттау міндетті түрде медальге үміткерлердің  «мерейжастары»  мен «мерейтойларына» не басқа да маңызды жайттарына қатысты болмауы шарт, бірақ олар медальге лайықты болған жағдайда ескерілуі де мүмкін;

д) «Абай» медалімен марапаттау рәсімі әр 2 не 3 жыл сайын жүргізілуі шарт, өйткені, осы аралықта үміткерлердің еңбектерін саралап таңдауға уақыт жеткілікті болады;

е) «Абай» медалімен марапаттаудың әр саласы бойынша үміткер жұмыстарды іріктеу комиссиясы құрылып, оларға әділеттілікті «ту» ғып ұстайтын білікті  де қоғамның оң көзіне іліккен тұлғаларды тарту қажет-ақ. Әр «салалық комиссия» мүшелерінің саны бес (5) адамнан аспауы тиіс. Осы жеті комиссияның негізінде жеңімпаздарды марапаттайтын Жоғарғы (Шоң, Төбе) комиссия құру керек. Бұл комиссия құрамы 9 адамнан аспауы тиіс: жетеуі «салалық» комиссияларынан да, қалған екеуі ‒ сырттан. Осы екеуінің біреуі комиссия төрағасы (төрайымы), ал екіншісі комиссияның атқарушы директоры болуы шарт;

ж) аталмыш салалық комиссиялар да, Жоғарғы комиссия да қоғамдық сипатта болуына қарамастан автор ұсынып отырған болашақтағы АБАЙ ИНСТИТУТЫНЫҢ жанында  құрылып, олардың жұмысына осы Институт жауапты болса құба-құп болар еді. Жоғарғы комиссия Абай Институтымен бірлесе отырып, «Абай атындағы медаль» туралы Жалпы Ережені даярлайды. Ал медальмен марапаттау рәсімі не осы Институтта, не ашылған жағдайда,  елордалық Абай Үйінде өткізілуі тиіс.

‒ Сөз соңында айтарым –  әділетті түрде еріксіз Абай есімімен тығыз байланысты Семей қаласының мәртебесі туралы. Президент Қ.Тоқаевтың Семей қаласына «тарихи орталық» мәртебесін  беру туралы идеясын қолдай келе, оны жеткіліксіз және жартыкеш ұсыныс деп есептеймін, өйткені, ондай қатардағы «тарихи орталықтар» бізде баршылық. Менің пікірімше, Семей қаласы еліміздің тарихи құндылықтарының барлық өлшемдері бойынша  «Республикалық маңызы бар қала» мәртебесіне толық лайықты.

Енді негізгі білімім экономика ғылымына қатысты болғандықтан мынадай маңызды мәселені айналып кете алмаймын: мұның бәрі ненің есебінен, қандай қаржы көздерімен жүзеге аспақ? Саяси экономия маманы ретінде «Абай феномені» болып табылатын  осы «алып істі» қаржыландырудың бірнеше нақты көздерін атағым келеді.

Біріншіден, Абай халқымыздың ортақ рухани қазынасы болғандықтан, жекелеген субъектілерге емес, бәрімізге бірдей тиесілі табиғи ресурстардан түсетін Қазақстанның Ұлттық Қорының белгілі бір бөлігі «Абай феномені» деген кодтық (шартты) атаумен аталатын Мемлекеттік бағдарламаның қаржылық қорының бастапқы қайнар көзі болып табылады.

Екіншіден, Қытайдың символы Конфуций, Индияның символы Махатма Ганди сияқты Абай Қазақ Елінің ерекше де басты интеллектуалдық-рухани Символы (тіпті де қазір модаға айналдырып, кейбіреулер жиі пайдаланып, Абайға теліп жүрген «бренді» емес, өйткені, қымыз болса бір сәрі, естіген құлаққа түрпідей тиер, арақ-шарап та қайсыбір елдердің бренді екені белгілі) болғандықтан, тап осы өте айшықты да ерекше орны бар жалпы мемелекеттік рухани іс-шарамызды қаржыландырудың келесі бір қайнар көзі өзіміздің туған республикамыздың Мемлекеттік бюджеті болуы тиіс.   

Үшіншіден, әрбір отандық, шетелдік, бірлескен кәсіпорындар мен ұйымдар (мекемелер), меншік нышанына қарамастан, біздің еліміздің аумағына орналасып және жұмыс істей отырып, өздерін Қазақстанмен, оның салт-дәстүрлерімен, мұраттарымен және құндылықтарымен (бәрінен бұрын өркениеттік-мәдени және интеллектуалдық-рухани) байланыстыруына, тақылеттестіруіне, оларды мойындауына қарай, жасанды емес шынайы патриоттық сезімін немесе жәй игі көңілін Абай есімі және оның алдағы мерейтойымен ғана байланыстырып қоймай, ұзақ мерзімді руханияттық амалдарды да жүзеге асыруға  мүмкіндігінше белгілі бір мөлшерде қаражат бөле алады деген ойдамын.       

Төртіншіден, бұрын да айтып кеткенімдей, біздің бәріміз, жекелеген пенделер – Қазақстан азаматтары (және шет елдердегі қазақ диаспоралары) әрқилы деңгейде «абайтанушымыз» (біріміз кәсіби, біріміз бейкәсіби), ал тіпті қайсы біреулеріміз «абайсүюшілерміз», сондықтан да, ұлы Абай есімімен байланысты осы бір санқилы, өнбойы игілік-имандылыққа толы ерекше іс-шараларға қолдан келгенше үлес қосу бәріміздің де қасиетті парызымыз. Мысалға, басқасы басқа, болашақта осы жұмысымды кітапша етіп басып шығару және жұртқа тегін тарату  – өз қаражатымның есебінен болмақшы және оны бүгінгі күнгі «Абай асарына»  мысқалдай болса да қосқан өз үлесім деп есептеймін

Бесіншіден, біздің елде көптеген әртүрлі отандық, шет елдік және бірлескен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Олар іс жүзінде игілікті де ізгілікті, гуманитарлық-гуманистік сипаттағы  аталмыш іс-шараларға қаржылық қолдау көрсетуден қалыс қала қояр ма екен? Қалыс қалмайды деп ойлаймын.

Алтыншыдан, бізде, өзімізде отандық миллионерлер, мультимиллионерлер, тіпті миллиардерлер (теңгемен, сондай-ақ доллармен есептегенде) баршылық. Немене, осындай әлемдік  руханияттық-шығармашылық саладағы Ұлы Тұлғаны – өзінің отандасы Абайды ұлықтау, дәріптеу, асқақтату, бүкіл әлемге таныту мен мойындату үшін өріс алған «бүкілхалықтық жорық» жайында сөз болғанда, олар «ұсақталып», бұғып қалуы мүмкін деп ойлайсыз ба? Егер, солай ойласаңыз, қателесесіз, олар тіпті де мұндай  жандар емес. Олар жоғарыда аталған Абайға қатысты әділеттілік (тегі, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың астары терең, негізгі термині) бағыттағы рухани жаңғыру, яғни, бәріміздің ортақ жарқын болашағымыз жолындағы «бүкілхалықтық жорық» пен бел шешіп кіріскен «рухани күреске», өз үлестерін (жинағандарынан), сөз жоқ, оң ықыласпен қосатынына сенімдімін.

Жоғарыда аталған басты қаржылық қайнар көздер «Әркімнен бір-бір жіп – жалаңашқа көйлек» деген орыс халқының нақылын тағы да еске түсіреді. Демек, өзіміздің Ұлы Абайымызды шырайын шығарып «киіндіретін», оның өшпес мұрасын жан-жақты да терең таразылап, өзінің жоғары деңгейінде бүкіл әлемге таныстыратын, ұлықтайтын,  дәріптейтін, мойындататын кез келді, ОЛ мұндай бағаға лайықты болғалы қашан?!

Қорытынды орнына

Құрметті оқырман, сіздерге «Абай күндерінің», «Абай жылының» елең-алаңында, дәлірек айтқанда ұзақ мерзімді «Абай дәуірінің» бастауында өзімнің жүрекжарды эпистемологиялық-ғылымтанушылық және теориялық-әдіснамалық ойтолғауымды жолдап отырмын! Қабыл алу-алмау – өз еріктеріңізде. Абай айтқандай, «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқып алсын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...» дер едім.

Баяндалған материалдың нысаналы-мақсатты және теориялық-қолданбалы бағытын, сондай-ақ ондағы Абайды бүкіл әлемге таныту мен мойындату жолындағы  бірқатар нақты ұсыныстарымды оқушы қауым «Абай феноменін» одан әрі зерттеп-зерделеу ісінде авторға да берілген «әлеуметтік тапсырыс» ретінде қабылдайды деп сенемін.  Сонымен бірге ол ұсыныстар еліміздің, мемлекетіміздің және Қазақстан қоғамының әртүрлі құрылымдарының ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына,  сондай-ақ оның (және басқа да лайықты тұлғалардың) есіміне қатысты болашақта ойға алатын, көзделетін, жүзеге асырылатын бағдарламалармен және іс-шаралармен  үйлесімді түрде ұштасады деп ойлаймын. Және солай болғай деп тілеймін!

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз