• Ұлттану
  • 01 Маусым, 2020

«ОТЫРАР» КІТАПХАНАСЫ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

Кеткенім жоқ, елім, сенен Атақ, бақыт, тақ іздеп. Шықтым, жұртым, шалғай шетке Ғылым атты шам іздеп. Әл-Фараби

Есімі әлемге танылып, ғылыми төл мұралары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлы дана Әбу-Нәсір әл-Фарабидің шығыс ғылымы тарихында алар орны бөлек. Орта ғасырдағы ғылым ордасының іргесін көтерген ойшыл Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың өмір жолы мен рухани мұрасы бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге. Қазіргі кезде жаһандану үрдісіндегі әртүрлі көзқарастар тоғысында жастардың дұрыс бағытта өсіп-жетілуіне негізгі арқау болар – осындай ұлы даналарымыздың ғылыми шығармалары деп түсінемін. Ислам діні тарамай тұрған кезде Отырар өңірінің, Тұранның-Сарматтың көне мәдениеті жоғары болған. Ертедегі мәліметтерде Отырар жоғары мәдениетті, оның кітапханасы дүниежүзіндегі кітапқа бай орын болған. Осы жағынан ол Александриядан кейінгі екінші орын алады» деп жазған Александрия ғалымы Птоломей. Оның алғашқы ұстаздары Александриядан, Византиядан ығысып келген ғалымдар болған. Әл-Фарабиді қазаққа алғаш танытқан тұлға, тарихи Отанына оралуына көп еңбегін сіңірген ғалым ол – Ақжан Машани. Әл-Фарабидің қыпшақ перзенті екендігін замандастар арасында алғаш әйгілеген құжат А.Машанидың Қазақ ҚСР ҒА президенті Қаныш Сәтбаевқа жазған хаты демекпіз. Ақжан әл-Машани әл-Фараби жөніндегі өз ойын былай деп тұжырымдайды: «Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ, олардың ішінде дәл әл-Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш ғылым саласына бірдей ұлы үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымды табу қиын. Платон, Аристотель, Птоломей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен. Көне заманда әйгілі ғұлама Птоломей мұны нақты жазып, карта жасап, Отырарды әл-Фарабидің туған жері деп бұлтартпай кеңінен дәлелдегені мәлім болады. Фарабитануға үлес қосқан ғалымдардың бірегейі Ағын Қасымжановтың ұйымдастыруымен 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу – Алматы – Бағдад» қалаларында болып өтті. А.Қасымжановтың жанкешті еңбегінің арқасында 1970 жылдан бастап әл-Фарабидің философиялық мұралары қазақ даласына кеңінен таныла бастады. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г.Ғафуров пен А.Х. Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «Әл-Фараби мәдениет тарихында» атты кітабы араб-мұсылман философиясымен шұғылданушы ғалымдар арасында тың серпіліс туғызды. Фарабитанушы-ғалым Әбсаттар Дербісәлі Испанияның Эскурила кітапханасынан Әбу Насыр әл-Фарабидің бұзау терісіне жазылған 10 трактатын тауып, Фарабидың ғылыми мұрасы жолында өзіндік үлесін қосты. Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын зерттеу, насихаттау жұмыстарымен айналысып жүрген ғалымдардың бірі Жақыпбек Алтаев бүгінде ғұламаны бренд ретінде әлемге таныту мақсатында қызмет атқарып келеді. Болашақ ұлы данышпан Фарабидің туған қаласы Отырар – сол кездегі дүниежүзіндегі ең ірі қалалардың бірі болған. Ерте заманда бүкіл дүниежүзінің кітабын жинаған ең ірі кітапхана Египетте, ертедегі грек мәдениетінің орталығы – Александрия қаласында болған екен. Отырар қаласының кітапханасы әлгі Александриядағыдан кейінгі ең ірі кітапхана екен. Фарабидің ғылымға деген алғашқы ынтасы, терең ғылыми ойының алғашқы ұшқындары, туған елінде, осы Отырар мектебінде, оның тамаша кітапханасында пайда болды деп білеміз [1, 50]. «Өкінішке қарай: «Александрия кітапханасынан кейінгі екінші кітапхана Отырарда болған» - деген сөзді нақты кім жазып кеткені әлі де анықталмай келеді. Бізге мәлім пікірлердің барлығы да тек аңыздық сипатта баяндалған. Ал соған қарамастан да Александрия мен Отырар кітапханаларының арасындағы «даналық жолын» жалғастырып тұрған екі түрлі негіз бар. Біріншісі, олардың екеуі де бір-біріне беймәлім әрі жат екі өркениеттің арасына парасат көпірі болды. Екінші, екеуі де жаугершіліктің отына өртеніп, күлтөбеге айналды» - делінеді. [2, 95-б.]. Орта ғасырлардағы Қазақстанның ең ірі мәдениет орталықтарының бірі Сырдария алқабы болды. 300 шаршы км ауданды қамтып жатқан осы алқапта елуден астам ескі қалалардың, елді-мекендердің орны бар. Бұл өңір магистральдық каналдар мен арықтардың ізіне лық толы. Осы қалалардың ішінде ең ірісі – Отырар (арабтар «Фараб» деп атаған) тек Оңтүстік Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азияның мәдени, ғылыми және сая-си ірі орталықтарының бірі болған. Өз заманының бейбіт кездерінде Отырарда Шығыстағы аса бай кітапханалардың бірі болған [1, 23]. Қазақстан тарихында, әсіресе қазақ халқының шыққан тегін, өмір тынысын, тұрмыс-салтын, өзіне тән мәдениетін қалыптастыруда, қазір біздің көз алдымызда үйіндісі жиырма гектардай жерге көсіліп жатқан ежелгі Отырар өркениетінің алатын орны ерекше. Археологтардың айтуынша, Отырардың берік қамалы, айнала қазылған сулы ор үстіндегі аспалы көпірмен жабдықталған үш қақпасы болған. Олар арқылы жұрт мұқият орналастырылған көшелермен қала алаңына шығатын болған. Қазір ғылым тарапынан толық қолдау тауып отырған Отырар өркениетін Отырар мен оның өзінен кем түсе қоймайтын іргелестері Көкмардан, Кедер, Оқсыз, Қарақоныс, Шілік, Отырардың тікелей ықпалында болған Иасы (Түркістан), Сауран, Сығанақ, Шорнақ, Қарнақ, Хұзақ (Созақ), Баба Ата, Құмкент, Қараспан, Хұрлық (Шымкент), Сайрам, Сүткент секілді орта ғасырлық қоныстар қалыптастырған. Отырар көгалды алқабы әлемге Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950), Ғаббас Саид әл-Жауһари (790-860), Ахмет Иасауи (1094-1166), Ысмайл әл-Отрари (т.ж.б.-1489) сияқты энциклопедист-ғалымдар, ал олар шыққан түркі-қыпшақ ортасынан кейінірек Дәуіт Әділбақи Түркістани, Қадырғали Жалайыри, қазақ арасынан Ақтамберді, Майлықожа, Құлыншақ, Шәді төре секілді ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің өрбуі Отырар өркениетінің кезінде шарықтап дамып, Қазақстан тарихында өшпес із қалдырғанының белгісі [3,176-177-бб.]. «Отырар» кітапханасы туралы зерттеулер қатарынан «Вокруг света» атты ғылыми-көпшілік журналда жарық көрген Д.Досжанов пен В.Маловтың мақаласына назар аударсақ. «Сол дәуірде «Отырар» кітапхана-сындағы кітаптарды сақтаушы көріпкел әрі сәуегей Сунақ руынан шыққан Хисамуддин туралы аңыздар бар. Туылған жылы мен өмірден озған уақыты белгісіз Хисамуддин «Хакая» поэмасында Отырар билеушілері жайында жазады. Бір аңызда Хисамуддин бірден жүз кітапты оқып, мазмұнын терең меңгеріп алады екен. Жыл өтсе де ұмытпай жатқа айтып бере алатын дарыны болыпты. «Отырар» кітапханасы Хисамуддин ғана оқи алатын сиқырлы кітаптың парағы таусылғанша өмір сүрді деген фантастикалық болжам кездеседі. Сығанақ қаласында туылған Хисамуддин ақын Отырардың тағдыры туралы алдын ала білген делінеді аңыздарда[4]. «Отырар» кітапханасы хақында алғашқы хабарды Ә.Х.Марғұланның 1961 ж. «Отырар қаласының орнында» атты мақаласынан кездестірдік. «...хат жазушылардың айтуынша, Отырар қаласы білімнің, ғылымның ордасы болып, мұнда ол кездегі дүниеде сирек кездесетін үлкен кітапхана болған. Отырар қаласында кітапхана болғанын қазақ халқының қариялары да ұмытпаған. Бұл аңызды әлі күнге дейін есіне сақтаған кісінің бірі 82 жасқа келген Бұйрабай қарт. Ол кісі Отырар қаласының орнында туып-өсіп, бұл әңгімені бала күнінде ХІХ ғасырда жасаған білгіш қарттардан естіген. Бұйрабай қазір Шәуілдірде тұрады. Д.Досжановтың 1967 ж. кітабында: «Осы күндері қалада Фараби дәуірінен қалған аса үлкен кітапхана қалдығы бар деп батыл жорамалдар жасалынып жүр», - десе, К.Ақышевтың 1976 ж. кітабында: «Отырар-Фараб – Шығыстың ұлы оқымыстысы Мұхаммед әл-Фарабидің Отаны. Аңыздарға қарағанда, Отырарда кітап саны жағынан тек Александриядағы кітапханадан кейінгі орынды алатын кітапхана болған» делінеді [5, 328-б.]. Арабтар үшін Отырар жұмақтың шәрісі болатын, олар өздерінің бұйымдарын сол арада Қытай саудагерлерімен, Хорезм және Саманид мемлекетінің саудагерлерімен айырбас жасайтын. Мұның туған шаһары аса даңқты да сәулетті еді, түстіктен, батыс пен шығыстан шыққан керуендер осында көп тоғысатын. Бір сөзбен айтқанда «Фараба» – дарқан жатқан, сәулетті, жасыл баулы, молшылық шаһары – көне араб сөзінің мағынасы осынша кең еді. Әбу Нәсір де өзінің трактаттарында туған Отырарын «Фараба» деп дәріптеді. Ғұлама сонау жас шағында, заманның тынышында Отырардағы ғаламат бай кітапхананың ішін емін-еркін жайлап, сол уақытта музыкант болуды армандайтын [6, 5-б.]. Әбунасыр бастауыш білімді туған қаласы Отырарда, сосын Хорасанда алады. Кейінірек сол кездегі мәдени орталық Бағдатқа кетеді. Ғылым мен білімге құмартқан зерек Фараби мұсылман екендігіне қарамастан, басқа дін өкілдерінен де сабақ алудан тайсалмайды. Мәселен (тәуіптік өнер) медицина мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренді. Бір жазбада Әбунасыр шәкірт шағында атақты оқымысты Абу-бакр ибн Сиражға логиканы үйретіп, одан астрономияны үйреніпті деген сөз бар [7, 122-123-бб.]. Фараби өзінен кейінгілерге бай шығармашылық мұра қалдырды. Әл-Фарабидің еңбектерін дүниежүзінің ең ірі кітапханаларынан табуға болады. Мәскеудің, Петербургтің, Ташкенттің, Бейруттың, Душанбенің, Бакудің, Қазанның, Дамаскінің, Стамбұлдың, Берлиннің, Лондонның, Париждің, Мадридтің, Нью-Иорктың мемлекеттік қорларында сақталған [8, 30 б.]. Қорыта келгенде, Фарабидей ұлы ғұламаны дүниеге алып келген Отырар жерінің қасиетінің бір айғағы ондағы жас ғұламаны білім нәрімен сусындатқан «Отырар» кітапханасының болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Фарабидің ғұмыры мен артында қалдырған ғажайып құпияға толы ғылыми мұралары әлі де зерттеп-зерделеп, ғылыми айналымға енуді күтеді. Елімізде фарабитану ғылымын әрі қарай дамытар, өркендетер ғалымдардың қатары арта берсін дегіміз келеді.

Ақнұр Оралова, тарих ғылымдарының магистрі

3762 рет

көрсетілді

45

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз