• Келелі кеңес
  • 31 Шілде, 2020

ЕЛОРДА – ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ЖАҢА БЕТБҰРЫС

Елорда жайында қанша айтып, қанша толғасақ та артық емес. Өйткені, ол – Тәуелсіз еліміздің жаңа астанасы! Халқымызға серпін берген, биік мақсат пен асқақ арманға қол создырған сәулетті шаһар. Әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыдан да Елордамыздың мемлекет өміріндегі орны бөлек, айрықша. Былтырдан бері бас қаламыздың атауы еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілді. Иә, арқа төсінде тарих үшін қас-қағым уақытта пайда болып, айбынды, әлеуетті қалаға айналған Елордамыздың гүлденуі Елбасының есімімен тікелей байланысты. «Ақиқат» журналының «Келелі кеңес» айдарының кезекті шығарылымын «Елорда» және «Елбасы» деген екі ұғымға арнай отырып, ой бөлісуге жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Толымбек Әбдірайымды, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбайды, алаштанушы ғалым Қайрат Сақты, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының кандидаты Бүркіт Нұрмағамбетовты шақырған едік. «Ақиқат» журналының Бас редакторы Дәуіржан Төлебаев жүргізіп отырған «Келелі кеңес» барысында ортаға салынған ойларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Елбасының тарихи шешімімен Сарыарқа төрінде бой көтерген жаңа астанамыздың Тәуелсіз еліміздің өмірінде алатын орны қандай деп ойлайсыз?

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері: – Бұл енді үлкен тарихи шешім. Тәуелсіздік ал-ған алғашқы жылдары еліміз үшін оңай болған жоқ. Экономикалық тұрғыдан да, басқа жағдайдан да қиын жағдай қалыптасқаны жасырын емес. Осындай кезде ел астанасын Алматыдан арқа төсі – Ақмолаға көшіруге біреулер сенді, енді біреулер күдік келтірді. Елбасының бұл идеяны алғаш рет көпшілікке Жоғарғы Кеңестің 1994 жылғы 6 шілдеде өткен пленарлық мәжілісте жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі батылдығына, ой-тұжырымдарына қарасаңыз, ата жұрт, туған жері үшін қабырғасы қайысқан, жанын шүберекке түйген перзенттің шешіміне айрықша тебіренесіз.

Соның нәтижесінде, айналасы 22-23 жыл мұғдарында ел астанасы адам танымастай жайнап, жасарып, көздің жауын алатын ақ шаңқан ғимараттар, кең даңғылдар мен әсем көшелер бой көтерді. Жаңа астанамызды қазір жарты әлем біледі десем, артық айтқандық болмас. Елорда десек – Қазақстан деп білеміз. Елорда десек – жаңарған, өркениетке қадам басқан әдемі қала деп білеміз.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы: – Мемлекет ұғымының өзі ең алдымен астанамен астасып жатады. Қай елді атасаңыз да ә дегеннен санаңызға бірден ол елдің астанасының аты түсетіні сондықтан. Біздің қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты қалаларда ордалы жұрттың туы тігілген. Нұр-Сұлтан қаласының дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласы да үлкен орталықтың бірі болғанын ғалымдар дәлелдеді де. Ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі осы Есіл бойында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек.

Ал бүгінгі жағдайға келсек, біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Бұл біз үшін өте дер кезінде, өз тағдырымызды белгілейтін сын сағатта істелген сәтті қадам болды. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кірістік. Сол арқылы іс жүзінде жаңа мемлекет құруға кірістік. Жалпы, тақыр жерден жаңа көтерілген әлсіз елдің астанасын салу айтуға ғана оңай іс. Дей тұрғанмен, халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әрбір көшеге, әрбір үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Нұр-Сұлтан қаласы осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да, бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы. Нұр-Сұлтан – елдің болашаққа салған алтын көпірі, жаңа қоғамның символы.

Қайрат САҚ:  – Ел астанасын еліміз тәуелсіздігіне жаңа қол жеткізген, КСРО атты алып империя ыдырап, өндіріс орындарының байланысы үзілуінің себебінен экономика құлдыраған қиын-қыстау тұста ару Алматыдан қараусыз қалған шағын қаланы Ақмолаға ауыстыру туралы Елбасы идеясы мен оны қысқа мерзімде жүзеге асырған бас құрылысшы-архитектордың жанкешті еңбегін елдік мүдде тұрғысынан өте орынды, ерлікпен пара-пар іс деп бағалауға тиіспіз. Әуелі патшалық Ресейдің, кейіннен кеңестік қызыл империяның отарлық саясатының салдарынан қолымыздан шығып кеткен қазақтың құйқалы жері жаңа астанамызды тұрғызу арқылы ешқандай қантөгіссіз, стратегиялық саясат пен дипломатиялық әбжілдіктің нәтижесінде халқымызға шығынсыз қайтарылғанын дұрыс бағалап, ұрпақ санасына сіңіру парызымыз. Егер сол стратегиялық саясат жүзеге аспаған болса, онда Сарыарқа өңірі қазір Қырым секілді қантөгіс алаңы болып тұрар еді. Кешегі кеңес одағының соңғы билеушісі М.Горбачевтан бастап, бүгінгі Ресейдің саяси тұлғаларының аузынан талай рет Қазақстанның солтүстіктегі облыстары Ресей территориясына қарайды деген сөз шыққанын естеріңізге салсақ, ондай қысыл-таяң күндер басымызға бұлт болып үйірілгенін ешқашан ұмытуымызға болмайды.

Қазір елордамыз – Тәуелсіз қазақ елінің жүрегі. Тотыдайын таранған, сәулеті мен дәулеті көздің жауын алатын жаңа қаланың бар игілігі қазақтың қажетіне қызмет етуде. Жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындарына негізінен қызметке тұрушылар – қазақ туғандар. Үй алып, қоныс тойын тойлаушылардың да басым көпшілігі өз туыстарымыз. Ол заңдылық та. Қазақ елінің астанасы жергілікті жұртқа қызмет етпегенде, енді кімге қызмет етуі керек? Статистикаға сенсек, Ақмола кезінде жергілікті ұлттың үлес салмағы небәрі 17-ақ пайыз болса, қазір 100 астаналықтың 73-і қазақ. Қуанбай көріңіз осыдан кейін. Бұл алысты ойлаған, көреген саясаттың жемісі. Біз жақсылықтың қадірін білмей, жаманшылықты ғана көріп, соған өкпе артып, жақсылықты ұмытып кететін халық болмауымыз керек. Жерімізді жаулап алып, жергілікті жұртты қырғынға ұшыратқаннан басқа пайдасы тимеген отарлаушы елдің итаршылары есіміне қалаларымыздың атын бергенде үн қатпағанымызды ұмытып, ел басқарған ерлеріміздің есімімен жер-су атауларын атағанда қызғаныш танытуымыз уланған сананың салдары демеске лажымыз қалмайды осындайда.

Кезінде Алаш зиялылары Қараөткелде қала тұрғызсақ, сол қаладан университет ашсақ деп армандағанын екінің бірі біле бермейді. Сол арманды  еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  шындыққа айналдырды. Қиын уақытқа қарамастан қысқа мерзімде бой көтерген Нұр-Сұлтан қаласының сәулеті мен дәулеті Қазақ елінің рухын биіктетіп, даңқын әлемге паш етті. Қазақтың қолынан іс келетінін төрткүл дүниеге танытты. Ал Елорданың жүрегі – Елбасы негізін қалаған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті  Еуразия кеңістігінде әйгілі білім ордасына айналды. Тәйірі, ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта әлем таныған, тарихы жүз жылдықтарға тамыр тартатын әйгілі университеттермен бәсекелесе алатын білім ордасы болып қалыптасты. Алаш арманының орындалғаны осы емес пе?

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саяси ғылымдарының кандидаты, доцент, аға әділет кеңесшісі: – Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясын көтерді. Оның Еуразия құрлығының ор-тасында қолайлы орналасуы Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық тұрғы-дан, жан-жаққа көлік қатынасы үшін де тиімді болатындығын болжады. Азияның солтүстігінде орналасқан жаңа астананың жазық, жайылма жер бедерін, Есіл өзені елорданың басты су көзі болатынын дәлелдеп мамандар іріктей бастады. Көптеген саясаткерлер, қоғам белсенділері сенімсіздікпен қарағандықтарын қазір әңгімелеп айтуда. 1997 жылы 6 шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі шешім қабылдады. 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. 1998 жылы Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылғы 10 маусымда жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Қазір Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалар халықаралық ассамблеясының мүшесі екенін білеміз. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Өте әсем қала. Қарасаң көз тоймайтын алуан түрлі ғимараттары басқа қалалардан ерекше әдемі, сәнді заманауи талаптарға сай. Қазір еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан 4 ауданды құрайды. Олар «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл», «Байқоңыр». 2020 жылы жаңа астанамызда қайнаған тіршілік, жан-жағына кеңейіп тамаша зәулім үйлер салынған. Жаңа үйде тұрып, ауладағы, жақын жердегі балабақшалар мен мектептерге сыймай жатқан бүлдіршіндер көз қуантады. Бүгінде халық ескі үйде тұрып, бұрынғы ескі үйде оқығысы келмейтін деңгейге жеттік. Шет тілін меңгеріп шетелден баспана ала бастады. Елбасының көрегендігімен, білімділігінің нәтижесінде халық осындай бейбіт, рахат өмірге жетіп отыр. Сарыарқа төрінде бой көтерген осынау тамаша керемет қаланың біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Нұр-Сұлтан қаласының барлық демалыс орындары, саябақтарында балалар тегін, жайлы демалуға ыңғайлы жерлер өте көп. Субұрқақтар, ойын алаңдары өте тамаша жасалған. Елордада балаларымызбен демалуға қайда барсақ та қуанып, шабыттанып қайтамыз. Балаларымыздың осындай баршылық, тыныштықта өмір сүретініне қуаныштымын.

Нұр-Сұлтан қаласының тарихи-әлеуметтік, философиялық, руханият тұрғысынан қандай артықшылықтарын атап бере алар едіңіз?

Қайрат САҚ: – Бүгінгі астанамыз байтақ даламыздың қақ ортасынан түлеп, түрленіп, алыстан көз тарта, мен мұндалап қарсы алады қонақтарын. Қазақстанның кіндігінде орналасуы – басты артықшылығы. Тәуелсіз еліміздің жасампаздануының бастауы да – Елорда. Қысқа уақытта тақыр жерден астана тұрғызу еліміздің ертеңге деген күдігін сейілтіп, сенімін арттырды. Нұр-Сұлтан қаласына бой түзеп, өңірлеріміздің барлық шаһарлары мен елді мекендер жаңа құрылыстармен көмкерілуде. Кезінде қала тұрмақ, үй тұрғызудан қорқатын қазақ қазір құрылыстың түр-түрін құлпыртып салу қолынан келетін халыққа айналды. Осылайша Елорда ел экономикасының локомотивіне айналып шыға келді. Қазір Қазақстанның қай өңіріне барсаңыз да қайнаған құрылыс алаңдарын, жайнаған шаһарларды көріп, көз қуанады.

Тағдыр тәлкегін көп көрген, қиын-қыстау күндерді бастан өткеріп, тарыдай шашылып, өз ата жұртына өгейсіне қарауға дейін жеткізген қаймана қазақтың басын қосқан бас қалаға айналды бүгінгі астанамыз. Еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын біріктірген, барлық өңірдің өкілдері қоныс тепкен, шетелдердегі туыстарымыз көштің басын бұрған Елорда ұлтымыздың ұйтқысына айналды. Ырыс алды – ынтымағымызды арттыруға қызмет етуде Нұр-Сұлтан қаласы.

Астана болғасын бар қазақ, әсіресе ұлт жастары осы шаһарға қарап ағылуда. Заңды құбылыс жақсылығымен жалғасуда. Қазақтың көп шоғырлануымен байланысты қала тілі қазақыланып келеді. Кезінде қазақша сөйлейтін жан ұшыратудың өзі арман болған елді мекен болғанын айтсаңыз, бүгін оған ешкім сенбейді. Кеңес дәуірінде екі қазақ өз ана тілінде еркін көсіліп сөйлесуіне шектеу қойылған қалада бүгінде мемлекеттік тілге ешқандай тұсау жоқ, кең өріс ашылуда. Бәрі керемет демесек те, ілгерілеушілік бар екенін ел көріп отыр. Дегенмен, кейде ауру қалса да, әдет қалмайдыға басып, мәртебелі жиындар бірыңғай ресми тілде өтіп, жанымызды жаралап жататын кездер де кездесіп қалатынын жасыра алмаймыз. Құдайы көршіміз өзбек халқында «бәрі әсте-әсте болады» деген қанатты сөз бар. Біртіндеп ана тіліміздің ахуалы бұдан да жақсарып, мемлекеттік мәртебесі өсетін шығар деп үміт етеміз.

Аз уақытта астанамыздың тұрғындар саны бес есе өсіп, миллионнан асты. Жағымды цифрдың тереңіне бойласаңыз, көңіл өсіретін жақсылығымен қоса, көптеген әлеуметтік мәселелерді де туындатып отырғанын көресіз. Қаншама тұрғын үйлер салынып, қаншама қазақ баспаналы болып жатқаны жан қуантады. Кеңес заманында басымдыққа ие болып кетеді деп, астанаға жуытпайтын қазақ ел тәуелсіздігінің арқасында елордалық болу бақытына бөленуде. Қоныс тойын тойлап, ұрпағымен қоса қызметін өсіріп жатқандардың басым бөлігі өз жастарымыз. Көңілге қуаныш ұялататын осындай жақсылықтарды айта отырып, әлі де толық шешімін таппай жатқан, түйткілді мәселелер де жоқ емес екенін тілге тиек етуге тиістіміз. Баспанаға жуық арада қол жеткізе алмай, аз жалақымен шықпа жаным шықпа деп, ауыздан жырып, содан денсаулықтарын бұзып, қиыншылықтан отбасын құра алмай, ұрпақ көбейтуге жағдайы жар бермей жүрген жастарымыз да баршылық екенін жасыра алмаймыз. Қала халқы тез өскендіктен балабақша мен мектептен орын ала алмай қиналып жүрген жас отбасылар мәселесі де шұғыл шешуді қажет етеді. Әсіресе, білім мен ғылым, медицина және БАҚ қызметкерлеріне қатысты өзекті мәселе осы болып тұр қазір.

Ел астанасы болғандықтан Елорда рухани басымдыққа ие болуы – заңды құбылыс. Бұл орайда, Астана опера театрының орны айрықша. Әлемнің ең үздік бес театрының қатарынан орын тапқан рухани орда – еліміздің мақтанышы. Қазақ театрының сәулетті сарайы бой көтеріп, заманауи технологиямен өнер көрсетуге лайықты салынып жатқанына қанықпыз. Ел болып оның есігін айқара ашып, қуанышқа бөленетін күн де алыс емес. Әлемнің озық елдерінің музейлерінен бір де кем емес, Ұлттық музейіміз қандай ғажап! Ұлттық академиялық кітапхана мен Тұңғыш Президентіміздің кітапханасы ел игілігіне қызмет ететін рухани ордаға айналғанының куәгеріміз. Тәуелсіздік сарайы мен жұрт аузында «Пирамида» аталып кеткен кешеннің, «Қазақстан» концерт залының сән-салтанаты көздің жауын алады. Айта берсек, мұндай қала мерейін асырған рухани орталықтар жетіп артылады. Хазірет-Сұлтан мешітінің өзі неге тұрады?! Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген Құдай үйін қызықтаушы шетелдіктер көп екенін көрген сайын көңілім асып-тасатынын жасыра алман.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ: – Алдымен, астананы ауыстырудың саяси астарына үңілсек. Бұл жөнінде 1995 жылы ағылшынның беделді басы-лымдары-ның бірі саналатын «Finan-cial Times» газеті былай деп жазды: «Нұрсұлтан Назарбаев мырза Қазақстанның астанасын Алма-тыдан Орталық Қазақстандағы өндірістік қала – Ақмолаға ауыстыру туралы жарлық шығарды. Көптен күткен бұл заң Орталық Азиядағы батыс дипломаттарының ренішін туғызса, Ресей ұлтшылдарының ашу-ызасын келтірді. Бақылаушылардың есебінше, Назарбаев мырзаның астананы елеусіз провинциялық қалаға көшірудің бірден бір себебі, ол – Қазақстанның солтүстік аймағына көз алартып жүрген орыс ұлтшылдарын қапы қалдыру». Негізі, бұл астананы көшірудегі үлкен саясаттың бір ғана жағы болатын.

Иә, астана таңдауды қай кезде болмасын мемлекеттің асқақ мүдделері айқындаған. Бізде де астананы көшіру ұлттың стратегиялық мүдделерінен туындады, онда геосаяси да, әлеуметтік-экономикалық та, рухани-тарихи астарлар болды. Алайда, көшірудің мерзімі мен жағдайын есептей келгенде Астана феномені бүгінгі әлемде өзіне ұқсас белгі табу қиынға түсетін бірегей тарихи оқиға болып табылады. Елдегі экономикалық ахуал едәуір күрделі болып тұрған 90-шы жылдардың басында бізге бәрінен бұрын өзіміздің күшімізге сенімді орнықтыру қажет еді. Қазақстанды қуатты да өркендеген мемлекетке айналдыра аламыз деген сенім керек еді.

Астана    ел ортасында   орналасқан-дықтан жақын маңайға да, әлемнің әр қиырына да бірдей ашық, сонысы арқылы біздің сыртқы саясатымыздың бейбітсүйгіштік сипатын танытып тұрады. Астананы тоғыз жолдың торабында тұрған қалаға ауыстыру Қазақстан экономикасын сауықтыру қажеттігінен, бүкіл экономиканың өсуі үшін керекті мультипликативті тиімділікті қамтамасыз етуге ұмтылудан да туындаған еді. Елорданы құрамы жағынан көпұлтты өңірге көшіре отырып, біз тұрақты полиэтностық мемлекет құруға және ұлтаралық келісімге басымдық беруге бағыт ұстағанымызды таныттық. Сайып келгенде, жаңа астана көшпелі ордадан бүгінгі заманғы республикаға дейінгі дамудың көп ғасырлық жолын жүріп өткен қазақ ұлтын өзін-өзі танып-білудің аса маңызды белесіне шығарды. Қазақ этносы қалыптасқан Дешті Қыпшақтың ежелгі жерінің қақ жүрегінде орналасқан ел астанасы бүгінде номадтардың санғасырлық тарихи көшінің діттеген жеріне келіп тоқтауы, ұлттың кеңістік-тарихи ұйытқысының орнықты өлшемдерін анықтау сынды әсер етеді. Астана біздің ұлттық санамызды нағыз егемендік деңгейіне жеткізіп, қазақ этносын ұйыстырған идеялық символға айналды.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ: – Әлбетте, бас қаламыздың тарихи-әлеуметтік, философиялық, руханият тұрғысынан алғанда артықшылықтары сол – небір халықаралық деңгейдегі қадау-қадау, ауқымды форумдар, конференциялар, түрлі деңгейдегі іс-шаралар жиі өткізілетіні белгілі. Мәселен, былтырғы 2019 жылы ғана Еуразия жазушыларының одан соң қыркүйек айында Азия жазушыларының үлкен форумы өтті. Маңызы зор мұндай іс-шараларды тізбелей берсек, сөзіміз ұзап кетеді...

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ: – Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалғасын табуда. Бұл бағдарламада терең көрегенділікпен жан-жақты тектілікті мақсат етеді деп түсінемін. Нұр-Сұлтан қаласында тарихи-әлеуметтік, философиялық мәні зор рухани құныдылықтарды дәріптеу жұмыстары өте жоғары деңгейде қамтылып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында келер ұрпаққа, оқитын, іздейтін адамға барлығы жасалып қарастырылған. Бүгінгі егемендігіміздің тәуелсіз мемле-кетіміздің, Елбасымыздың өмір бойғы армандарын іске асыру барысындағы еңбегінің қадірін білуге, бағалауға түсіндіруге бағытталған жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Ел астанасы толыққанды қалыптасты.

Менің  алғашқы  мамандығым – философ. Қарағанды мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіргенмін. Астанаға рухани-фило-софиялық тұрғыда қарау керек екенін түсіндім. Өз басымнан өткендей Астана қызмет бабымен не басқа жағдаймен қоныс аударып келген адамды бірден қабылдамайды. Қинайды, сынайды. Ниетіңе қарайды. Астанаға келіп, біраз адамдар қайтадан елдеріне оралғандарды да көрдім. Менің түсінгенім Астана ниетіңе, пейіліңе, оған деген сүйіспеншілігіңе қарайды екен. Астананы сүймесең, Астана сені қабылдамайды. Сондықтан да, астанамыз Нұр-Сұлтанды киелі, рухани қала деп түсінсек те болады.

Енді Н.Ә.Назарбаевтың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жоспарын іске асыру керек деп ойлаймын және өзім сол бағытта қызмет жасап, өз үлесімді қосамын. Латын әліпбиіне көшіп, қазақ тілді мектептерді ғана қалдыруды қолдаймын. Басқа ұлттар Қазақстанда тұрғандықтан қазақ мектебіне барып, тілін үйренуі керек. Басқа тілдегі мектептерді жабу қажет деп ойлаймын және талап мемлекет тарапынан нақты болса тез шешілетін еді.

Шешілмей тұрған үлкен мәселе осы шұбарланған орыс тілі мәселесі деп түсінемін. Мемлекеттік тілде еркін жұмыс жасай алмайтын тұлғаларға қызметте шектеу қойылса, қазақтар қазақша сайрап кетер еді, себебі олардың қанында бар. Мемлекеттік тілді қажет болмаған соң қолданбайды.

Қазақстанда халыққа жағдай жасалып жатыр, мүмкіндігінше әр саладағы мамандарға да жыл сайын еңбекақысы көбеюде. Дегенмен құқық қорғау органдарының жұмыс уақыттары нормамен, сағатпен шектелмейтіндіктен жағдай жасалу керек деп есептеймін.

Құқық қорғау органдарының қызме-тінде таңертең үйіңнен ерте кетсең, қашан, сағат нешеде үйге қайтатының белгісіз. Тағы бір мәселе баспана болу қажет. Үйіне балаларына қарасатын ата-анасы немесе жақынын көмекке шақыру жалдамалы пәтерде көшіп жүретіндер үшін ауыр келеді. Мемлекет тарапынан баспана мәселесін құқық қорғау органдары саласында үздіксіз қызмет жасап жүрген тұлғалар үшін түбегейлі шешу керек деп ойлаймын. Мысалы: пандемияға байланысты төтенше жағдай уақытында бала-шағасына қарайтын уақыты болмай, үй бетін көрмей, аяқ киімдерін 20 сағат шешпей жұмыс атқарған осы құқық қорғау органдары қызметкерлері, білген адамға. Бұзақылардан таяқ жеп, сөз естіген, қарғыс еститіндер де, халықпен бетпе-бет күнде жұмыс жасайтындар солар.

Нұр-Сұлтан қаласы – ел астанасы болып жарияланған күннен бастап бүгінге дейін өзінің астана ретіндегі миссиясын қаншалықты атқарып келеді? Ел астанасы болып толыққанды қалыптасты ма? Қандай мәселелерді әлі де шешу керек, дамыту керек деп ойлайсыз?

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ: – Әрине, тарих үшін 22 жыл дегеніңіз уақыттың қысқа ғана кезеңі. Дей тұрғанмен, Нұр- Сұлтанда бұл кезең бүкіл Қазақстанның және оның көпұлтты халқының өмірін түбегейлі өзгеріске түсірген терең үдерістерге толы болды. Бүгінде Нұр-Сұлтан өмір сүріп, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы, ыңғайлы болып бара жатқан мегаполиске айналды. Осы жылдар ішінде денсаулық сақтауға бөлінген қаржы – 32 еседен астам, білімге бөлінген қаржы – 22 есе, әлеуметтік қамсыздандыру мүддесіне бөлінген қаржы алты есе артты. Мұнда Лев Гумилев атындағы жаңа Еуразия ұлттық университеті ашылып ол өңірдегі күшті оқу орындарының қатарына қосылды.

Астаналық медициналық кластер жайы да көңіл толарлықтай. Ол осы заманғы алты медицина институттарынан құралған. Қазір мұнда Ана мен бала орталығы, Балалардың сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бүгінде Диагностикалық орталық, Нейрохирургия орталығы, Жедел медициналық жәрдемнің ғылыми-зерттеу институты іске қосылды. Осы орталықтардың негізінде біртұтас холдинг ретінде басқарылатын бірегей «Денсаулық қалашығы» құрылды. Заманауи озық медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мұндай кешен көптеген Еуропа елдерінде де жоқ. Қазірдің өзінде мұнда ауыр науқастарды емдеуге, бұрын тек шетелде ғана жасалатын аса күрделі операцияларды атқаруға болады. Барынша сапалы ем алу үшін бүкіл Қазақстаннан және көршілес елдерден адамдар Нұр-Сұлтан қаласына келуде.

Нұр-Сұлтан экологиялық мәселелерді шешуде осы заманғы көзқарастың үлгісіне айналуда. Елбасының тікелей өзі бастамашы болған астананың айналасынан «жасыл белдеу» жасау жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Осы жылдарда Елорда маңайында 71 мың гектар жерге орман отырғызылды, ол орман қала климатын едәуір өзгертіп, даланың желінен қорғап тұр. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағы 722 шаршы километрден астам, ал халқының саны 2020 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 1136 008 адам.

Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Нұр-Сұлтан атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, астананы асқақтату арқылы дүниежүзіне өзімізді келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Осы жылдар ішінде Нұр-Сұлтан әлемдегі ең жас та танымал астаналардың бірі ретінде нақты елордалық ауқымға ие болып қана қоймай, бүгінгі күні мейлінше үздік дамып келе жатқан әлемдегі 30 мемлекеттер астаналарының ортасынан ойып тұрып орын алып отырған астананың біріне айналды. 1999 жылы ЮНЕСКО Нұр-Сұлтанды «Бейбітшілік қаласы» деп жариялады. 2008 жылдың сәуірінде Мәскеуде өткен «ТМД-ның таңдаулы қаласы» атты байқау-конкурста Нұр-Сұлтан 16 жүлденің 9-ын алды! 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясының мүшесі болып табылады.

Сөйтіп, Елордамыздың аты халық-аралық сөздік қорына тез-ақ енді, әлем картасында өзіне-өзі сенімді мемлекет пайда болғанын аңғартатын маңызды мағынаны ала келді. Және біздің Елорда өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиіс көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды. Нұр-Сұлтан қазір жай ғана Елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның елордасы ретінде өңірлік даму бойынша жаңа идеялардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда. Қала әлемдік конфессияаралық үнқатысудың астанасына айналды. 2003 жылдан бері мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезі өтті. Біз әлемге діндер арасындағы үнқатысу мүмкін екендігін көрсеттік, өйткені, олардың бәрі жасампаздық пен адамзаттың игілігі идеясына негізделеді. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, 2011 жылы VІІ қысқы Азия ойындары, Ислам Конференциясы Ұйымы жиналысы, 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесі өткізілді. Бұл орасан зор сенімнің, дамудың «қазақстандық жолының» тиімділігін, қазақстандықтар толеранттылығының жоғары деңгейін танудың белгісі.

«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Дегенмен, халқы миллионнан асқан астанада билік тарапынан баспанамен қамтамасыз ету, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді салу, қала шетіндегі мекендерді сумен, жарықпен қамту, сапалы жол салу, Абу Даби плаза сияқты құрылысы, Мемлекет басшысы Тоқаевтың тарапынан қатты сынға іліккен LRT мәселелері, ең бастысы, қазақ ұлты басым қаладағы қазақ тілінің аянышты халы тәрізді ірілі-ұсақты кемшіліктерден құр алақан емеспіз. Бірақ, дүрбелең дүние бүгінгідей дүбірлеп жатқан тұста бізде шүкіршілік десек әсте қателесе қоймаспыз. Қаншама қиын да күрделі, күрмеуі  қиыр-шиыр істердің түптің түбінде өзінің оң шешімін табары анық. Бәрі де тек уақыт еншісінде. Күте білгенге ол күндер де алыс емес.     

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ: – Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы болашақ қаласы. Нұр-Сұлтан қаласы ғылым мен білім ордасы. Астанамыздың әдемілігіне көз тоймайды, оны осы қалада тұрып жатқан адамдар анық сезінеді. Мәдениет сарайлары, спорт кешендері, алуан түрлі су бұрқақтары, саябақтар, театрлар, түрлі ғимараттар, зәулім әдемі тұрғын үйлер, гүлзарлар, демалыс орындары, әр аулада орналасқан жаңа мектептер, балабақшалар бәрі тамаша. Тек халық үшін жасалып жатқан жақсылықтар. Бұл біздің білетіндеріміз ғана. Бүгінгі күні Елорданың қазақ елі, халқы үшін алатын орны ерекше, әрине. Елбасымыздың идеясымен жаңа астана Нұр-Сұлтан қаласы тұрғызылмағанда келер ұрпақ та, алдыңғы буын да осынша дамып, өзгергенімізді, жетістіктерімізді айқын сезіне алмас па еді. Менің ойымша, бұл қала Нұрсұлтан Әбішұлының өз ішінен шыққан перзентіндей. Себебі ол қала болса деп армандады, жоспарлады, барлық мүмкіндіктерді пайдаланып өмірге әкелді. Тәй-тәйлаған баладай тұрғызып, жетілдіріп, дамытып, гүлдендіріп берді. Әлі де жүргізіліп, іске қосылып жатқан құрылыс нысандарына көз ілеспейді. Оның бәрі халық игілігі болғандықтан Нұр-Сұлтан қаласында өмір сүрудің, ұрпақ тәрбиелеудің маңызы өте зор және ерекше. Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде Қазақстан мемлекетінің бас қаласы деп мақтанышпен айта алатындай керемет әсем қала болып қалыптасты. Қаланың қай шетіне шықсаң да  қайнаған тіршілік, халықаралық стандарттарға сай жаңа сапаржай, әуежай, өндіріс орындары, оқу орындары. Қала ішіндегі көшелерге, даңғылдарға барлығы дерлік ата-бабамыздан қалған тарихи маңызы бар атаулар берілген. Ұлы тұлғалар мен халыққа еңбегі сіңген адамдардың атында және олар туралы мәлімет беретін көрнекіліктермен жабдықталғандығы қуантады. Суреттер ілініп, аялдамаларда электронды мәлімет алатын нұсқаулықтармен қамтамасыз етілген.

Қайрат САҚ: – Бұл сауалға жоғарыда ішінара жауап бердім ғой деп ойлаймын. Бір ауыз сөзбен тоқ етерін айтсам, Елордамыз ел астанасы ретіндегі миссиясын абыроймен атқарып келеді. Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның бас шаһары – астанасына айналды десек, ауа жайылып, әсіре айтқандық болмайды. Еуропа қауіпсіздік кеңесі секілді әлем саясатына ықпалы мол ұйымның саммиті, дүниежүзі діндарларының құрылтайлары мен медиа форумдар, «Экспо-2017» көрмесі мен халықаралық спорт сайыстарының  өтуі астанамыздың мәртебесін асырып, төрткүл дүниге танымал етті. Қысқа уақытта Елордамыз ел астанасы ретінде қалыптасып қана қоймай, еліміздің даму болашағының локомативі екенін жұмыр жерге паш етті. Астанасын ауыстыруға экономикасы қуатты елдердің өзі батылы жетпей, қорқақтап отырғанда Қазақ елі «тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де шығасың» деген бабалар сөзінің даналық екенін дәлелдеп, абыройын асырды. Ең бастысы, кешегі қызыл империяның Целиноград деп айдар тағып, стратегиялық мақсатпен қазығын қаққан қала көрші елдің құрығынан бір жола құтылып, у-шусыз, дау-дамайсыз қазақ игілігіне көшті. Бұл түсінген адамға ұлы жеңіс! Оны байыбына жетіп, бағалай білсек – бағымыз!

Жетістігіміз – өз олжамыз. Оны ешкім алып кетпейді. Ал олқылықтың орнын толтырмасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, кемшін тұстарымызды да бағамдап, түзету жағын ойласақ, ел қамын жегендік болады. Мені мына мәселе қинайды. Астана көшелеріне Ұлы даланың кешегі киелі қалаларының, дана бабаларымыз бен ер жүрек батырларымыздың, ел тұтқасы болған тұлғаларымыздың атын беріп, ұлылыққа қадам басқанымыз қуантқанын қайтейін, қала тұрғындары мекен-жайларын көше аттарымен емес, толып жатқан құрылыс компанияларының атымен, не болмаса «7 бочка», «Зажигалка», т.б. толып жатқан жасанды атаулармен тауып барып жатады. Осылайша көңілімізді көркейткен көше атаулары атаусыз, қолданыстан тыс қалып барады. Кейде осыны әлде біреулер әдейі жасап жатқан жоқ па екен деген де ой келеді маған. Қалай болғанда да, бұл астаналықтардың бір міні болып тұрғаны рас. Сонымен бірге, әлгі құрылыс компанияларының, астанамыздағы мегамаркеттер мен дүкендердің, ел көптеп шоғырланатын демалыс орындарының атаулары шетінен шетелше қойылып, тілімізді бұзып, санамызды тас-талқан етіп жатқанын айтпасқа болмайды. Бұл ел астанасына жараспайтын, рухымызды тұншықтыратын, шетелдіктердің алдында ұлтымызды ұятқа қалдыратын, құлдық санадан арыла алмай жүрген халқымызды адастыратын кемшілік, қауіпті кесел. Одан шұғыл арылмасақ, дерт дендеп кетіп, мерт қылуы бек мүмкін.

Астанамыз күн санап көркейіп өсіп келеді. Қазірдің өзінде қала көшелерінде көлік кептелістері жолаушыларды қинай бастады. Жаңа қаланың жобасы жасалғанда бұл неге ескерілмеген деп күңкілдейтін болды көп. Осыны да ойлау керек ертерек, шұғыл шара қолданбаса, күні ертең кеш болуы ғажап емес. Өткен жылы алып шаһар Шанхайға жолым түсіп, іссапармен барғанда көшелерінен кептеліс көрмей, ерекше сүйсінгенім бар. Олардың елу жыл бұрын ойлап, ел қамымен еңбек етіп жатқанынан үйренуіміз керек. Біз екі қабатты көше сала алмай, ұятқа қалудамыз. Ал олар 6 қабатты көшелерін місе тұтпай, 9 қабатқа жеткізу жоспарымен жұмыс істеуде. Осы жерде 2 қабатты көшенің үстіне болашақта тағы бірнеше қабат көше салынуы мүмкін, сонда іргетасы оларды көтере алуы тиіс дегенді ойлаған маман бар ма екен бізде деген ой келеді кейде маған.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ: – Бұл сұраққа жоғарыда  азды-көпті жауап бердім деп ойлаймын. Әлбетте, адам өмірі сияқты, әр шаһардың да өзіндік тағдыр-талайы, өсу-өркендеу жолдары болады. Менің байқауымда, Елордамызда бүгінге дейін салынған ғимараттарда ұлттық нақыш аз. Ендігі тұрғызылатын құрылыс барысында осы жағы басты назарда болу керек сияқты. Әйтпесе, ана елден бір көшірме, мына елден бір көшірме қаптап кетті. Және Бас қаламыз, Жапония елі сияқты арал үстінде салынған жоқ қой. Тым-тым биік түрғын үйлердің, тым-тым зәулім ғимараттардың қажеті бар ма, өзі?!

Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды орнықтырудағы, жаңарған, өзгерген, мақсаты биік мемлекет ретінде дамытудағы тарихи рөліне тоқталсаңыз. 

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ: – Өз басым жаңарған тәуелсіз Қазақстанда сауат ашып, білім алып, 20 жылдан аса уақыт құқық қорғау саласында қызмет жасап жүрген маман ретінде білетінім Н.Ә.Назарбаев елі үшін, халқы үшін, жері үшін, бір адамның қолынан келетін барлық жақсылықтарды жасап, жанын аямай еңбек етіп келеді. Қазаққа осындай ұл бергені үшін, осындай баршылық заманға жеткізгені үшін «тәубә» деу керек деп ойлаймын. Н.Ә.Назарбаев өте дарынды, көреген, білімді саясаткер деп білемін. «Болашақ» бағдарламасының өзі жастардың дамыған мемлекеттердің деңгейін көріп, білуге, оқуға мүмкіндік берді. Елбасы болашақта жаңарған мемлекетті ұстап тұратын жастар тәрбиелеп шығаруды көздейді.

Қазір жаңарған Қазақстан халқы әлемнің түкпір-түкпіріне барып оқуға, дем алуға, спорттық жарыстарға қатысуға, мәдени, рухани білімдерімен таңқалдырып ешкімнен кем болып жатқан жоқ. Шекаралас немесе басқа алыс мемлекеттерден елге оралған қандастарымызға арнап қалаға жақын жерден бүтіндей бір ауылдар салдырып, жаңа үйлерге орналастыруын Елбасының қамқор саясатының арқасында жүзеге асып келеді. Жетімдер үйлерінен шыққан балаларға арналған тұрғын үй бағдарламасымен қаншама жаңа үйлер салынып, қолданысқа берілгенін көзімізбен көріп жүреміз. Сонымен қатар, мемлекет басшысы ретінде аса зиялылықпен, білімділікпен өз ісін жалғастыратын саясаткер, адал мемлекет қайраткерін дайындай білді деп есептеймін. Оның дәлелі өз ісін атқаратын, халық қолдайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты өз орнына Президенттікке ұсынуы деп ойлаймын.

Ең бастысы Н.Ә.Назарбаев басшы-лық жасаған жылдарда әр жыл сайын тұрмыс-тіршілігіміз жақсарып, дүкендеріміз тамаққа, дүниеге толып, су жаңа салоннан машина мініп, ескі үйлерден жарқыраған жаңа үйлерге көшіп, балаларымыз қалада өз үйлерінен оқуға бара алатын күйге жеттік. Алыс ауылдан  шыға алмай жатқан қарапайым қазаққа жасалған өте үлкен жақсылық.  Ұлт көшбасшысы басшылық жасаған жылдарда өскелең ұрпақ ағылшынша тіл меңгерді. Оқиын деген жастарға бөлек жағдай жасалды. Интернат, лицей, гимназиялар ауыл балаларын пән бойынша тереңдетіп оқыта бастады. Назарбаев зияткерлік мектептерінде қазақ балалары ағылшын тілінде өз ана тілінде сөйлегендей еркін сөйлейтінін көріп жүрміз. Олар халықаралық білім сайыстарынан өте жоғары білім деңгейін көрсетіп еліміздің намысын қорғауда. Н.Ә.Назарбаевты басқа мемлекеттер басшылары өте көреген саясаткер деп ақыл сұрауы, сыйластығы, мойындап, дәріптеуінің өзі ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін керемет дәреже, еңбек нәтижесі деп түсіну керек деп ойлаймын.

Елбасы өміршең бастамасымен латын әліпбиін енгізудің өзі болашақта нағыз қазақ тілді зиялыларын дайындауды мақсат етеді деп ойлаймын. Ғылым, әдебиет таза қазақша жазылатын еді. Аудармамен жұмыс жасамай ғылым ана тілімізде дамитын еді. Біздің дарынды жастарымыз орыс тілінде орыстардан сауатты жазады қазір, ағылшын тілін де тез меңгеріп алатынына сенеміз.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ: – «Ағылшындардың мәңгілік досы жоқ, ағылшындардың мәңгілік қасы жоқ. Ағылшындардың мәңгілік мүддесі бар» деген сөз бар. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте, ұлтты ұшпаққа шығаратын азамат, ұлтқа тым тереңнен ойлайтын, тым қияннан болжайтын тұлға қажет десек әсте қателеспейміз. Бірер мысал. Алып Қытай жол айрығында абдырап тұрғанда ұлтын Дэн Сяопинь бастап, халқын қазір АҚШ-пен иық тірестіріп, Жапонияны және Германияны экономика жағынан көп артқа қалдырып отыр. Үндістан Ұлыбританияға жалтақтап қалғанда Махатма Ганди басын бәйгеге тігіп шықты. Ең демократияшыл деп саналатын Америкада Франклин Делано Рузвельт президенттікке қатарынан төрт мерзімге сайланса, Шарль де Голь есімі Франция тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Түркия елінде Мұстафа Кемаль Ататүрік, Сингапурда Ли Куан Ю болып, әлемде осындай біртуар ұлт тұлғаларының есімдері жалғасып кете береді.

Қазақ қамы үшін де бабаларымыздың қаны аз төгілмеді, батырларымыз бүкіл өмірін ат үстінде өткізді. Ақтамберді жырау былай жырлапты: «Жауға шап-тым, ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан, жылады жүрек, қан қайнап, елді, жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап». Яғни, ата-бабаларымыздың ұлы мақ-саты тәуелсіздікті алу болды. Сол Тәуелсіздікті ХХ ғасырдың соңғы жылдарында алдық. Біз Тәуелсіздікті көшбасшымыз, ұлтымыздың ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Ал астананың тарихы біздің Тәуелсіз-дігіміздің тарихынан ажырамайды. Яғни, Елбасы мен Астана – егіз ұғым. Сондықтан, астананың Нұр-Сұлтан аталуы мейлінше әділетті шешім. Көзі ашық қазақ ұлты, Қазақстан елі мұны анық біліп, өз ұлтының тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлын мақтан тұтады.

Негізі, нағыз мақтанатын нәрсеге мақтана, қуанатын нәрсеге қуана білген абзал. Бұл көңілдің ақтығын, жүректің тазалығын білдіреді. Бірақ, ел болғасын әртүрлі адамдар бар. Қайсыбір басылымдарда, әлеуметтік желілерде, адамдар арасындағы ауызекі әңгімелерде Елбасы да сынға ілініп жатады. Бұл түсінікті де. Жұрттың бәріне жағыну қиын. Осыған орай Конфуцийдің бір әңгімесін келтірейін. Бірде Конфуцийден шәкірттері сұрайды: «Әміршіні жұрттың бәрі жақсы көрсе не болады?» деп. «Жақсы болмайды» деп жауап береді қытай ғұламасы.

- Әміршіні жұрттың бәрі жек көрсе ше?

- Әрине, жақсы емес.

Сосын Конфуцийдің өзі:

- Әміршіні жақсы адамдар жақсы көріп, жаман адамдар жек көрсе дұрыс болады, - дейді. Жалпы, ел билеген адамдардың абыройы туралы сөз болғанда Ыбырай Алтынсариннің мына шумағы еске түседі:

Жақсыны көзден салмаңыздар,

Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.

Өзі болған ерлердің,

Аяғынан алмаңыздар.

Қайрат САҚ: – Қолдағы алтынның қадірін біле бермейтін халық екенімізді өмір дәлелдеп келеді. Сонда да тарихтан сабақ алатын түріміз байқалмайды. Хакім Абайдың өзін таяқтаған қазақ қашан түзелерін кесіп айту қиын. «Бас-басына би болған өңшең қиқым, Кетірген жоқ па елдің сиқын» дегенді айтқан ақын Абайдың қырқыншы қара сөзінде: «Осы, біздің қазақтың, өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп, жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай?» деп жазғанын ойға алсақ игі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды орнықтырудағы орнын айшықтау – ұлт зиялыларына артылған салмақты жүк, үлкен сын деп ойлаймын. Украинаның астанасы Киев қаласында болған іссапарымда сол елдің зиялыларының аузынан: «Назарбаевтай Президенттерің бар, сендер бақыттысыңдар!» дегенді өз құлағыммен           естіген жанмын. Тұңғыш Президентіміз туралы  шетелдіктердің тамсана айтқан сөздерінде еш жасандылық жоқ, шынайылық басым деген ой келеді маған.

КСРО қолтығының астынан шыққан Республикалардың көпшілігінде азамат соғысынан бастап, түрлі қантөгістер болғанын көз алдымыздан өткердік. Бейбіт дамып келе жатқан елдің бірі – Қазақстан. Ал, шындығында, КСРО тарағанда соғыс оты тұтануға шақ тұрған ел Қазақстан болатын. Содан елді аман алып шығу – Елбасының бірден-бір ерлігі, салиқалы саясатының жемісі. Ел қауіпсіздігі мәселесін алыстан ойлап, қазақ жерінің тұтастығы мен халық бірлігінің қамын жеп, астанамызды өзі туып өскен ару қала Алматыдан батпағы мен масасына қарамай Ақмолаға ауыстырып, өзі алғашқылардың қатарында қоныс теуіп, елмен бірге қиындықты тең бөліскен ерлігі туралы жоғарыда айттық. Өзгесін айтпай-ақ қояйық, осы екі ерлігі Елбасының Тәуелсіз Қазақстан дамуындағы тарихи рөлін паш етіп тұрған жоқ па? Оған ешкімнің таласы болмауы тиіс.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ: – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды орнықтырудағы тарихи рөлі ұшан-теңіз. Оған Н.Назарбаевтың төмендегі сөздері дәлелді деп ойлаймын. «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын. Ары үшін жанын садаға ететін қазақтай қасиетті халықтың, осы елдегі сан түрлі ұлттың баласының басын қосып басшылығына жүру тұрмақ, қосын тігіп, қосшылығында жүрудің өзі жаныңды тербейтін бақыт емес пе? Артымда асқар Алатаудай, алып Арқадай, айдыны Атыраудай айналайын Алашым тұрғанда... қандай қиындықтан қайтармын...». Бұл сөздерге түсінік беру міндет емес деп есептеймін...

Елордамызда заманауи үлгіде салынған әсем ғимараттар аз емес. Келбеті  -сұлу, ажарлы. Ал рухани жағы қалай? Зиялы қауым, әдеби және ғылыми қаншалықты деңгейде қалыптасты?

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ: – Нұр-сұлтан Әбішұлы алғашқы күннен бастап астананың мәдениетін қатар алып жүруге бетбұрыс жасады. Елбасының пәрменімен Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры ашылып, оған Алматыдан көптеген өнер қайраткерлері тартылды. Аталмыш театр елдегі ең жас музыкалық театр, классикалық мұраны түсінетін және жаңарып жатқан қазақстандық қоғамның рухани қажеттіліктерін іске асыратын, сондай-ақ қазақ және әлемдік музыкалық дәстүрін жалғастырушысы болып саналады. Астана Опера театры да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған театр. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Заманауи өнер мұражайы, Орта Азиядағы ең үлкен мұражай – Қазақстан Республикасының ұлттық мұражайы, әлемдік және отандық жұлдыздардың концерттері, мерекелік және ресми кездесулер, көрмелер, конференциялар ұйымдастыруға арнал-ған жас астананың ерекше кешені – «Қазақстан» орталық  концерт залы, Қазақстанның үлкейтілген картасындағы табиғат, архитектура және өмір сүру этно-мемориалды Атамекен кешені, «Ұшатын табақ» түріндегі ғимарат –астаналық цирк ойын-сауық мекемесі, «Назарбаев орталығы» көпфункциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі аясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітап-ханасы» мемлекеттік мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 27 кітапхана, 8 мемлекеттік мұражай, 10 демалыс және көңіл көтеру саябақтары, 6 кинотеатр бар.

Әлем әртісі атанған скрипкашы Айман Мұсақожаеваға Қазақ ұлттық музыка академиясын өмірге әкелуге зор қамқорлық көрсетіліп, Академия музыка саласынан классикалық тәрбие мен білім беретін үлкен бір ошаққа айналды. Әзірбайжан Мәмбетовті алдырып Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрын астаналық деңгейге көтеруге барлық жағдайлар жасалды. Таяуда оның жаңа ғимараты пайдалануға берілмекші. Дәл сол жылдары Астана қаласының филармониясы ұл-ғайтылды. Ұлттық аспаптар оркестрі және симфониялық оркестр құрылды. Алматыдан, республиканың өзге де аймақтарынан танымал әншілер мен домбырашылар жиналды. Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.

Мұнда ұлттық әдебиетіміздің қай-мағы саналатын классик ақындар мен жазушылар келді. Олардың барлығына да ресми билік барлық мүмкіндіктер туғызды. Үй-жай, қызмет жағынан қамтамасыз етілген. Бұл қамқорлық әлі де жалғасуда. Әрине, астананың мәдени ортаға айналуы ақын-жазушылар мен сазгерлерге, олардың шығармашылық өнімділігіне тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде ешкімге тұсау салынып жатқан жоқ. Осында келген ақын-жазушылардың кітаптары жа-рыққа шығып отыр, астана туралы поэмалар жазылып, әндер де орындалуда, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында, Астана Операда, Опера және балет театрында Елордаға арналған керемет драмалар, музыкалық опералар, пьесалар көптеп қойылуда.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ: –  «Көш жүре түзеледі» емес пе? Мәселен осыдан он-он бес жыл бұрын, шынында Бас қаламыздың рухани-мәдени жағынан кемшін түскен жері болды. Бірақ келе-келе ол олқылықтың орны толды. Жаңадан салынған опера және балет театры, 21 ғасыр талабына толыққанды жауап беретін өте сұлу, өте ғажап ғимарат. Жақын арада Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының сәулетті, жаңа ғимараты ашылмақ. Былтыр Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалына қаламыздың дәл ортасынан әдемі ғимарат берілді. Яғни, жүз отыздай Жазушылар одағының мүшелері кездесетін, әртүрлі деңгейдегі кештер мен жиналыстар өткізетін өз ғимараты бар. Ал, сол жағалауда «Бәйтерек» кешені қасына орын тепкен Академиялық ұлттық кітапхана ғимараты қандай әдемі. Оның дәл қасынан 2018 жылы Балалар кітапханасы ашылды. Мұнымен қоса, біртіндеп зиялы қауым, әдеби және ғылыми орта да қалыптасып келеді деп есептеймін.

Астана сіздің шығармашылы-ғыңызға қандай үлесін тигізді? Өміріңіздегі орны қандай? Өзіңіздің қандай жетістіктеріңіздің осы қаламен байланыстырар едіңіз?

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ: – 1998 жылдан Елордамен бірге жасасып келемін. Былайша айтқанда, қала менің көз алдымда бой көтерді. Астанамен бірге мен де есейдім. Осында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газетінің бас редакторының орынбасары, «Заң» АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігі бас директоры, «Еуразия +ОРТ» ЖШС бас директорының кеңесшісі тәрізді қызметтерді атқардым. Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті болдым. Мұндағы орта маған бірқатар маңызды саяси-әлеуметтік жобаларды іске асыруға молынан мүмкіндік берді. Атап айтқанда, жас Астананың имиджін қалыптастыру, сондай-ақ жастарды қолдау мақсатында «Астана – жастар көзімен» байқауы ұйымдастырылып, кейіннен бұл жоба «Еуразия сақинасы» халықаралық жастар ақпараттық форумына айналды. Қазақстан та-рихында алғаш рет Қазақстан Республикасы журналисінің этика Кодексі қабылданды. Отандық БАҚ-ты қолдау мақсатында «Қаз-ақстандық БАҚ - EXPO» көрмесі ұйымдастырылды.«Казахстанская правда» республикалық газетінің акциясы аясында Алатаудың Өгем сілемінде 4034 м биіктіктегі шың бағындырылып, ол «Казахстанская правда» шыңы» ретінде ресми геогра-фия картасына тіркелді.

Күнделікті жұмыстармен қатар шығармашылықпен де айналыстым. «Бұл жылдардың мен де бір куәсі» (2001 ж), «Мұратымыз: жер, ниет, ар тазалығы» (2002 ж), «Время жить и творить» (2006 ж), «Қазақстан 2030: Болашақтың бағдаршамы» (2006 ж), «Притяжение Родины» (2010 ж), «Өткен күнде белгі бар» (2011 ж) атты публицистикалық жанрдағы кітаптар жазудың сәті түсті. Бұл кітаптар ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың электрондық нұсқасында сақталған.

Бір сөзбен айтқанда, Елорда мен үшін жаһандық тарихтың толқынында қазақстандық жолдың басталғанын байқатып тұратын аса маңызды мәреге айналды. Соны сезінген тұста жүрегің бұлқына соға бастайды, ал жаныңды өрлік пен мақтаныш кернейді.

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ: – Аста-наның менің шығармашылығымдағы рөлі зор деп есептеймін. 16 жылдай ІІМ Қарағанды академиясында қызмет атқарып, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау академиясында қызмет атқарудамын. Отбасыммен Астанаға арман қуып келдік. Астанада қызмет жасасам, балаларым осы қалада білім алса екен деп армандаушы едім. Ол арманым орындалды. Астанада қызмет барысында белгілі отандық және шет елдік ғалымдармен таныстым. Бірнеше дөңгелек үстелдер, ғылыми конференцияларға, кездесулерге қатысып, өз ғылыми-шығармашылық білімімді жетілдірдім. Сонымен қатар, аға әділет кеңесшісі (полковник) шеніне ие болдым. Аллаға шүкір жақсы қызметім, отбасым бар. Бұдан артық не жетістік керек.

Қайрат САҚ: – Алматыда 25 жыл тұрып, әбден бауыр басқан қаладан Астанаға қоныс аудару оңай болмағанын айтуға тиістімін. 2008 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жаңадан ректор болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай, студент кезден етене танитын, әскерде бірге қызмет еткен досым Бақытжан Жарылқасынұлы күтпеген жерден осындағы «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырған кезде алғашында шоршып түсіп, бірден келіспегенім рас. Артынан ойлана келе, қызметім керек болып тұрса, неге бұлданамын, оның үстіне, үй-жай беремін деп тұрғасын келісімімді бердім. Содан бері зу етіп, 12 жыл қалай өте шыққанын сезбей де қалыптық. Шындығын айтайын, үйренісе алмай, әсіресе қыста болатын аязы мен боранына тоңып жүріп, бірте-бірте бауыр бастық астанаға. Қазір Алматыға, не туған жерім Түркістан өңіріне бара қалсам, Сарыарқаның ерке самалын сағынатын күйге жеттік. Әсем қала астананың сұлулығы мен таза ауасы, тыныштығы мен тазалығы жанымызды баурап алғаны қашан?!              

Елордадағы жылдарым өмірімнің мәнді де мазмұнды кезеңі болды деп ауыз толтырып айта аламын. Астана болғасын республикалық жетекші БАҚ осында шоғырлануы заңдылық та. Ал оларды білікті маманмен қамтамасыз ету ­­­–  уақыт талабы. Осы аса мәртебелі міндетті атқару біздің иығымызға артылған жүк болды. Сала мамандарын даярлау сапасын көтеру үшін әуелі «Журналистика» кафедрасын факультетке айналдыру талабын қойдық. Ол үшін өзім басқаратын кафедраны қылдай етіп екіге бөлуге тура келді. Сөйтіп қайта бекітілген «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының жетекшілік тізгінін өзім ұстадым да, «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасына меңгерушілікке елімізге ғана емес, ТМД елдеріне әйгілі тележурналист Һәм телепублицист, кезінде Қазақстан теле-радио комитетін басқарған, Тұңғыш Президентіміздің тұңғыш баспасөз хатшысы болған, халықаралық «Мир» телеарнасының негізін қалап, алғашқы президенті қызметін абыроймен атқарған Ғаділбек Шалахметовты шақырдық. Қазақ журналистикасының тарихында алғаш рет ғылыми-зерттеу институтын аштық, оның директоры қызметіне  ұстазымыз Намазалы Омашұлы тағайындалды. Кафедрамда алаштың ақтаңгері Ақселеу Сланұлы профессор болып қызмет етті. Осы үш ағамды алдыға тарта жүріп, 2010 жылдың 5 мамырында астанадағы БАҚ мамандарының орталығы ­ – Журналистика және саясаттану факультетінің ашылуына               еңбегімізді аямай сіңірдік. Он жыл ішінде факультетіміз күрделі кезеңдерді бастан кешіп, бүгінде еліміз бойынша әлеуеті жоғары білім ордасына айналды. Сала бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңесіне жетекшілік етуді ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің университетімізге сеніммен тапсыруы ­– соның бір дәлелі.

О баста 200-ге жетер-жетпес студенті болған факультетіміз бүгінде төрт есе ұлғайып, журналистика және саясаттану мамандықтары бойынша үш деңгейде толық: бакалавр, магистр, PhD докторлар, қоғаммен байланыс мамандығы бойынша екі деңгейде, баспа ісі мамандығының бакалаврларын, сонымен бірге ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Цифрлы медиа менеджменті» экперименттік білім бағдарламасы бойынша жаңа медиа мамандарын дайындауда. Үстіміздегі жылы тағы екі білім бағдарламасын жаңадан енгізіп отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет «Спорттық  журналистика» білім бағдарламасымен маман дайындауға рұқсат алып, министрлік реестріне тіркедік. Бұл деген сөз – салалық журналистер дайындауға алғаш болып кіріскеніміздің айғағы. Сонымен бірге, «Халықаралық журналистика» білім бағдарламасымен магистрлар дайындау мәртебесіне ие болуымыз да үлкен  жетістік. Мұның бәрі үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбегіміздің жемісі һәм жеңісі.

Факультетіміздің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы жылдан-жылға ұлғайып келеді. ҚР Президенті теле-радио кешені сыйға тартқан оқу телестудиясы, «Хабар» агенттігінің 20 жылдық, қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы аясында сәйкесінше «Хабар» телеарнасы мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы салтанатты түрде ашқан арнайы аудиториялар білім алушыларымыздың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра жүргізуге мүмкіндік туғызуда. Кафедра филиалдары «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясынан және «Фолиант» баспасынан ашылуы – дуальді білім беру бағытындағы ізденісіміздің жемісі. Бүгінде республикалық  «Айқын» газеті өзінің арнайы аудиториясын жабдықтау үстінде. Сонымен бірге, қазақ тележурналистикасының негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және көрнекті қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы атындағы аудитория мен университетіміздің бас ғимаратындағы телестудия мен радиостудия да  білім алушыларымыздың        білігін жетілдіруге қызмет етуде. Бұл орайда, ісіміздің осыншалықты жемісті болуына қазіргі ректорымыз, академик Ерлан Бәтташұлының қолдауы, ағалық қамқорлығы  айрықша ықпал еткенін айтуға тиіспіз.

Ғылымның жаңа жетістіктері білім мазмұнын байытатыны әлімсақтан белгілі. Бұл бағытта да ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жоқ емес.

Екінші жыл болды «ЕҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы» атты ғылыми журнал шығарып келеміз. Ғылым комитетінде тіркелген басылымның болашағы зор. Әлемнің көптеген елдері университеттеріндегі есімдері әйгілі ғалымдардың редакция алқасында болуы және шетел ғалымдарының мақалалары тұрақты жарияланып келе жатуы – журналымыздың ғылыми әлеуеті күшті екенінің айғағы. Таза журналистика шифрымен ашылған диссертациялық кеңестің бізде болуы да         біраз жайдан сыр шертеді. Айта берсек, табыстарымыз қомақты. Осының бәрі астанадағы жұмысымыздың жемісі.

Жеке шығармашылығыма аз-кем тоқталсам, алаш көсемсөзі бағытындағы зерттеуімнің нәтижесінде «Алаш мұрасы» атты оқу құралым, «Елу деген бір белес» атты ғұмырнамалық кітабым және «Алаш көсемсөзі: жер мәселесі», «Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі», «Алаш көсемсөзі: дін мәселесі», «Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі» атты төрт томдық жинақ ­ – астанадағы шығармашылық ізденісімнің нәтижесі. Күн-түн демей еңбек етуді талап ететін декандық қызметте жүріп, қалт еткен уақытты пайдаланған еңбегімнің жемісі. Алда Қазан қаласы архивінен тапқан алаш көсемсөзіне қатысты алтыннан да қымбат қазыналарды ғылыми айналымға қосу жоспарымда бар. Қорыта айтқанда, астана мен үшін еліміздің білімі мен ғылымына елеулі еңбек сіңіруіме мүмкіндік туғызуымен қымбат.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ: – Мен 1997-2003 жылдары, қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – «Қазақ әдебиеті» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болып жұмыс істедім. Яғни, Елордасын сонау Ақмола кезінен жақсы білемін.

Бас қаламыз, менің жеке шығар-машылығыма тиісті деңгейде өз үлесін қосты. Осында, 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Бүгінге дейін мемлекеттік тапсырыспен он жинағым жарық көрсе, соның тоғызы Елордамызда жазылды. 2004 жылы, Алланың қалауымен мұсылмандық парызым – қажылық тәуәпті атқарып қайттым. 2005 жылы жеке меншік үй салып кірдік. Осының бәрі, менің өмірімнің үлкен белесі, үлкен жетістігі деп есептеймін. Аллаға шүкір!

– Саликалы да мазмұнды, әңгімелеріңізге рахмет!

25506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз