• Келелі кеңес
  • 29 Тамыз, 2020

ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨРІСІ

Тұрсын СЫДЫҚОВ,

Қазақстан Педагогика ғылымдары
академиясының академигі,
Заңнама және құқықтық ақпарат
институтының қызметкері

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленген, қараңғыда жол тапқан, қапы жерде сөз тапқан, сайын дала төсінде мал-жан, тіршілік қамымен көшіп-қонып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған берекетті өмірді орнықтыру үшін түнде ұйқысы тоғыз бөлініп, күндіз бес қаруын асынып, Ұлы Далаға жау атының тұяғын бастырмай, «Оның әрбір түйір тасы Алаштың әр азаматының өңіріне түйме болып қадалуы керек, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілу керек» (Ә. Бөкейханов) деген принциптен таймаған ата-бабаларымыз артында қалдырған аңыс пен аңызды ісімен ұрпағының көкірегіне құйып кеткен.

Тумысынан ойшыл, дана, дарынды, көкірегінен жыр-дастан, өлең-ән, ертегі-аңыз төгілген, қалай өмір сүріп, елдігімізді сақтап қалудың сан-алуан амалдарын шешендік нақылдар мен толғауларға арқау етіп Ата заңның баптарын шегелеп, поэтикалық тіл маржанымен кестелеген баба буын Батыс-Шығыс елдеріне қарағанда оны жазу-сызу мәдениеті кенжелеу дамыған ел қатарына қосып, тарихи еңбегін кемсітуге тырысу – көрсоқырлыққа жатады.

Соты, қаралаушысы, ақтаушысы жоқ заманда ел ішіндегі жер, жесір, құн дауын, қазір бірін өшірсең, екіншісі лапылдап жанып, ел арасында өліспей-беріспейтін үлкен дау-жанжалға айналған өртті қазақтың ұлттық иммунитетіне қанық, тума дарын билер екі ауыз сөзбен асқынған дертті емдеп, әділ шешімімен өртті өшірген. Өйткені, Даланың Ұлы заңы – дала Конституциясының бас-ты ұстанымы – адамшылық рахым-қайырды, адамшылық қадір-қасиетті, астамшылық қарым-қатынасты қалпына келтірудің амалын септеп, халқының бірлігін, бүтіндігін көксеген, елді ізгілікке, адалдыққа, адамгершілікке, ынтымаққа, жақсылыққа, бітімге үндеп, халқының мұрат-мүддесін, мұң-мұқтажын көздеген, олқысын толтыруға, сүрінсе қолтығынан демеудің амалымен жанын жеп, ақылы алтыға, ойы онға бөлінген.

Академик С.Зиманов  қазақ сот  жүйе-сіне тән қасиеттерді: «Правосудие по казахскому праву было основано на идеологии справедливости, народности и человечности с конечной целью достижения примирения спорящих и даже враждующих сторон. Широко применялись институты братания и заключения брачного союза» деп қазақтың би-судьялары өз қызметі, сот жүргізу тәсілі жағынан этникалық Орталық Азия би-бектерінен көп артықшылықтарымен озық тұрғанын жасырмайды. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтынын» ескеріп, айыпкер қателігін мойындаса, «әкесінің құны болса да кешіруді» уағыздайтын қазақы, нағыз текті адамгершілік ірілікті құптаған. Ғалым дәл пайымдайтындай, судың алдын шым, өршіген дауды қыз бекітетінін жол-өнеге, жол-жоралғы тұтып, қазақ қазақтан кетіспей, араздықтың соңы мың жылдық құдалыққа ұласып, пышақтасуға жетелеген бұл әрекет енді бір-бірі үшін жан беріскен құшақтасумен тамам болған би-судьялардың дала заңына сүйенген соттық-құқықтық ренессансы ретінде қабылданбақ. Мұнан көңілге түйеріміз, қазақ билері көшпелі дала қауымының, мемлекеттің тұғырын берік өруге өлшеусіз үлес қосқан, ретті жерінде халықтық формадан ауытқымай, сот жүргізуде әділдік пен ынтымақ-бірлікке шақырған. Халықтық кеңқолтық формадан ауытқымай, ел алғысына бөленген, құқықтық негізді жете білетін шешендігі, көшелілігі, өз ісінің нағыз маманы, көсемдігін мойындатып, емірендіретіні – ол екібастан. Лекби, көне дәуірден мәлім, билеріміз өмірлік таным, адамзаттық болмыс, қайраткерлік қуат, тарихи сананы танитын талғам, қоғам өмірінің тынысын сергек қабылдайтын сезік, көпті жоғарыда еске салғанымыздай, балқытатын имани-адамгершілік қасиет иесі. Бұған ұлы ғалым Қ.Сәтбаевтың Ноғай-Қазақ Ордасының биі Едіге жайлы толғана келіп: «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деуі бұлтартпас дәлел. Поляк халқының біртуар перзенті, қазақ өлкесінде айдау-да болған   А. Янушкевич дала билерінің сот жүргізу тәсіліне  құлай жығылып, оларды «Дала Демосфендері мен Цицерондары» атандырған. Көне дәуірден бермен халық билігін қолында бекем ұстаған билердің тарихи тұлғасын Алаштың ұлы перзенті, көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Народный сот дегеніміз қазақтың ғадетіндегі қағидалар бойынша айтылатұғын билік. Бұрынғы әділ билердің қолындағы билік қазақты неше түрлі дертін жазатұғын дәрі еді, бүгін арам билердің қолында дәрі болмақ  түгіл, у болып жұғып тұр» («Жаңа низам». А., 14-б.),-деп қазақ хандығы тұсындағы билер мен орыс отаршылары билеп-төстеген шақтағы сайланбалы билердің айырмашылығын түстеп танытып, арландар мен түлкілердің пиғылына лайық сыбағасын тосады.

Билердің соты, қазақтың құқығы «Жарғы» жайлы ұзақ уақыт қазақ арасында патша өкіметінің әмірін жүргізушілер сапында болған орыс ғалымы, заңгер Л.А.Словохотов: «Народное судопроизводство киргиз (казахов – Т.С.) гласно, публично, несложно, непродолжительное. В течение столетий своей жизни народ выработал своеобразную, но вполне ему понятную структуру судебных процессов, обойдя столь вредный бюрократический элемент, действительная судебная власть» (Словохотов Л.А. «Народный суд обычного права киргиз Малой орды». Оренгбург, 1905 стр.80-81),-деп отаршыл машинаның сойылын соқпай, мұнафықтығы жоқ, білімді, бекзат, парасатты жігіт ғылыми ой шалағайлығынан, тарихи таным таяздығынан, шовинистік өркөкіректіктен балапандап жататын ұшқары пікірлерге бармай, көргені мен түйгенін шындықтың балын тамыза, тамсана жеткізген. Көшпелі, қараңғы жұрт саналғанымен, жүздеген жылдар сот ісін жүргізу тәсіліне әбден кәнігіленіп, оның халықтық мазмұнын байытып, сот процесінің құрылысын жетілдіріп, төрешілдік зиянды элементтерден ада, өркениетті сот билігінің тізгінін қолда нық ұстап отыруға төселгендерін, сот процесі көпшілікке жайлы, ұғынықты әрі көп уақытқа созылмай, дер кезінде мәресіне жететінін тілге тиек еткен. Дос сүйсініп, қас сыйлар дәрежеге жетуіне қазақ билерінің моральдық-мәдени дәрежесінің жоғарылығы, сот шешімінде ешбір жасандылық, ешқандай шарттылық араластырмай, ізгілік пен әділетке сүйенген аппақ көңілмен ақиқатты, шындықтың таразысын өлшеуіш етіп, қара қылды қақ жарған әділ шешім шығаруы себепкер. Қазақ емес, қазаққа сын көзімен, төбесінен қарайтын, үстем ұлттың өкілінің мұндай шілденің аптап ыстығындай пікірінің басты қаһарманы – қазақтың көшпелі өмірінің тал бесігінде тербеліп, ыстық-суығын басынан кешіріп, жақсысы мен жаманын ақыл-парасатымен саралап, халқының күллі асыл қасиеттерін бойына сіңіріп өскен «құдай қалаған адам» - би. Би – табиғи талант, туа біткен интеллект, шешен, ауызекі тілге шебер, халық басынан кешкен тарихты көпті көрген қазына қарттардың аузынан құйма құлағына құйып өскен дана, дала заңына сұңғыла, көшпенділер психологиясына қанық, сұңғыла жаратылыс иесі. Қазақ мемлекетінің іргесін бекемдеу, халықтың әлеуметтік, саяси өмірінің күрмеуі қиын мәселелері де оларсыз шешілмеген. Дала заңының иесі, сақтаушысы, реформаторы, жүзеге асырушылары би, билер тобы, сот жүйесі. Сондықтан да, халықтың тағдырын өз ғұмырына балаған киелі кәсіп иелері – билерге деген ұлт махаббаты мақал-мәтел болып, атадан қалған пейіл, өсиет ретінде көптеп туған. Солардың кейбірі: «Биі жақсының – елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірер би», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»», «Тіл жүйрік емес, билікте шын жүйрік», «Өнер алды – қызыл тіл», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Әділсіз болса би оңбас, әйелсіз болса үй оңбас», «Елге бай құт емес, би құт», «Батырды долы қатынның бәрі табады, биді жүз қатынның бірі ғана табады», «Ағын судай әйгілі шешен», т.б.

Билердің әділдігінен қылмысына қатысты кесілген жазаны өтеу оңайшылыққа түспейтінінен зәрезап болғандықтан ба, қазақ даласында қылмыстың аздығына қатысты ма тұрақты полиция, түрме, зындан дегендер болмаған. Осы құқықтық мекемелер мен олардың қызметкерлеріне  кететін шығындар жайлы мемлекет басшылары басын қатырмады. Римнің атақты ойшылы Марк Тули Цицерон: «Адамдар заңның құлы болғанда ғана нағыз бостандыққа ие болады», - десе сенесіз. Қылмыс жасағанды көркем сөздің ұстасы, моральдық ұстанымы берік, ежелден халыққа мәшһүр заңнамаларды интерпретацияланған деңгейде би сот процесіне қатысып отырған қалың жұртқа жеткізіп, құқық бұзушылық үшін жазаға тартылушының қылмысы ұлттық мұрат пен мүддеге, жас ұрпақты тәрбиелеуде қаншалықты орны толмас өрескелдік, өкініш әкелерін; қазақ халқының индентивтігін құрған компоненттердің қадір-қасиетін түсіретінін байыптаған оның құқық бұзушылығы үшін қылмыскерді қылмыстық жазаға тарту жөніндегі кесімі адамгершілік, имандылық қағидаттарына негізделгендіктен, ешкімнің қарсы қояр уәжі жоқ-ты. Қылмыскердің айыбын ашуда билер соты географиялық, әлеуметтік-саяси, адамгершілік факторларды басшылыққа алуымен ұтқан. Сот процесінде титықтататын тоңмойындыққа, бейдауа парықсыздыққа, жікшілдік, рушылдық, тантыма пенделікке жол жабылып, детерминизмге төрден орын бұйырды. Ежелгі билер сотында өлім жазасына орын берілмеді, қылмыскерді бас еркінен айыру, денеге зақым келтіру, түрме, зынданға тоғыту атаулы ауызға алынбаған. Өлгенге «құн» төледі. «Ер құны» (батырға), сүйек құны (өлтірген адамға), «өнер құны», «ар құны» (намысты таптағаны үшін) төленді. Бір ескерерлік жағдай, қарапайым ер адамды өлтіру 100 жылқымен өтелетін болса, төреден шыққан ер адамға онан он есе артық төлеу міндеттелінді. Демек, ел тізгінін ұстаған Шыңғыс хан ұрпағының «құны» жоғары бағаланған. «Тоғыз» (түйе, арғымақ, сұлу қыз, т.б. жалпы жиыны құнды тоғыздан тұратын айып), «Айып» (ат мінгізіп, шапан жапқан). Қазақ «өлім» мен бас бостандығынан айыру жазаларына адамгершілік, гуманистік тұрғыдан келіп, «құн» төлеу, «айыппен» алмастырғанымен, ол азаматтың ар, намысы, кісілігі, тегіне басылған таңба, бұлдыр болашақ саналды.

Табанының бүрі бар, ел қамын ойлайтын, мойын омыртқа сүйегіндей берік, тұғырлы тұлға, күрескер тұлға билер өз дәуірінде тегеурінді таланттардың рухани ұстазы, ту ұстаушысы ретінде мойындалғандықтан, «құдайдың қалауымен би болған адам, мықты билер», тілін алмаған хандарды бір кезде тақтарынан қуыршақша алып тастап та отырған» (Сәкен Сейфуллин). Ел тағдырынан бұрын өз қара басының қамын күйттеп, қашан тақтан сыпырылып түскенше өз дегенімен жүріп, авторитарлық билігі асқынған, өзі патша, өзі құдай, бірақ мемлекетті ірітіп-шірітіп, күйретуге беттеткенде кәтепті қара нар-би тақта отырған көтере алмаған істі көтеретін заңды тұлғаға  көтертудің амалын қарастырып, кеселдің емін тауып, еліне құт бола алмағанның халқы ала болмай тұрғанда, есі барда жолын табуының легитимдігін ескертуі мүмкін. «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес, ол – халқының бірінші жауы» (Ғ. Мүсірепов) екенін таңғы ауадай таза, періштедей пәк, халық төбесіне көтерген би аңдап, асауға құрық тастары хақ. Тарихқа жүгінсек, билер тілін алмаған хандарды тақтан жұлып алып тастамаса да, оның жамандық, пасықтық, іштарлық, имансыздық, жөнсіздік, өзімшілдік, келеңсіздіктерін, сәті түскенде, көзін бақырайта отырып, цинизмін айтып, есеңгіретіп тастаған шақтарына ортақтастырар оқиғалар жеткілікті. Соның бірі ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, өзі батыр, өзі жоғары сыныпты би, асу бермес дана, қара қылды қақ жарған, қиыннан қиыстырып жол тапқан шешен Сырым мен Алаша Байсал биге қатысты даудың кезінде жонын көрсетіп қалады... Байсал би баласына Сырымның қызын көп мал беріп айттырады. Бірнеше жыл өткен соң Байсалдың баласы Сырымның қызын алмайтындығын әкесіне ескертеді. Байсал Сырымға кісі жіберіп: «Балам қызыңызды алмаймын дейді, менің берген малымды қайтарып берсеңіз екен», - деген сәлемдемесіне Сырым: «Мен Байсалдың малын бағып беруге алғаным жоқ, алса қызымды беремін, алмаса өзі білсін», - деп жауап қайырады. Сонан кейін екеуі Нұралы ханның алдына барып айтысуға бекінеді. Екеуі ханға бет алып келе жатқанда, өзара кеңесіп: «Ханның аулында жақсы да, жаман да жиналған, ел көп болуы керек. Екеуміз барып ханға жүгінуіміз жараспас, біз Атақозы батырға барып, соның үкіміне риза болсақ қайтеді?» - деген байламға тоқтайды. Өйткені, екеуі де қазақ даласына танымал, даңқтылықтарымен хан алдында абыройын лайлауды жөн көрмейді. Атақозы батырлығын былай қойғанда, бұл өңірге әділ билігімен мәшһүр, «қақырығы құйма алтын, түкірігі түйме алтын», от ауызды, орақ тілді шешен би де еді. Бұлар бидің алдына келіп, жай-мәністерін айтқан соң, Атақозы «Сіз екеуіңіз белгілі Сырым мен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай-ақ, екі-үш ауыз сөзбен қысқаша жұмыстарыңызды айтыңыз», - депті. Бірінші боп талап иесі Байсал мына сөзді айтыпты: «Қозеке, мен Сырымға құда болып едім даңқымен, араласып, сыйласуға халқымен. Бес жиырма мал бердім, бұрынғы ата-баба салтымен. Қалы кілем қара нарға жауып бердім, арғымақ жылқының асылын тауып бердім. Алтын дегенім мыс шығып, күміс дегенім жез шығып, сондықтан малымды іздеп келген талапкермін».

Сонда Сырым тіл қатады:

− «Байсалдың менімен құда болғаны рас даңқымменен, араласып сыйласты да халқымменен. Бес жиырма мал бергені рас, бұрынғы ата-баба салтыменен. Мұның баласы үш жыл қалыңдық ойнады, құлындай байлады, тайдай жайлады. Бар мақсаты біткен соң, енді алмаймын деген қиял ойлады. Мен сонысына көнбедім. Сіздей әділ биді іздедім, осы еді алдыңызға келгенім».

Атақозы диуанды (үкімін) Сырымға беріпті, мүлтіксіз әділдігінен жаңылмаған. Мұндай есірік баланың ессіз қылығынан шетсіз-шексіз дүниесі ысырап болған Байсалдың қыжылы өзінің алдында сөз болса, Нұралы ханның абыройы асқақтап, тақтың тегеуріні көп нәрсеге арна тартып берген болар еді. Сырым батыр мен Алшын Байсал бидің ханды айналып өтіп, би әрі батыр Атақозының алдына барып жүгінуі Нұралыны намыс отына шыжғырады. Ел алдындағы беделі асқар таудай Сырым мен Байсалды жазғырудан именіп, Атақозының астамшылығын май шаммен қарауға бекінеді. Қылығы қолға шыққан сүйел, көзге шыққан теріскендей көрінген Атақозы, шақырғанда уақытында жетіп, бас иіп: «Бас тақсыр!» - деп қолын ұсынғанда, «өрт өшіргендей бас терісі аузына түскен» Нұралы, ел тізгінін ұстаған басшы емес пе, табан астында бет-әлпетін өзгертіп, қаһарынан қайтып, сәуірдей шуағын төге қалады. Батыр әрі би Атақозының ұсынған қолын қыса ұстап, бас-аяғын көзімен сүзіп өтіп, улы мысқылмен: «Ойда орысты, қырда қазақты олжалап жүрсең де шыр бітпеген бір қасқа екенсің ғой, үйге жүр», - деп сырт айнала бергенде, Атақозы орнынан қозғалмай, ханға: «Тақсыр, тұра тұрыңыз, үйге әлгі сөзіңіздің жауабын беріп кірейін», - депті. Іштей «шыннан өзге құдай жоқтығына» бекінген би, болаттай ширығып, бойын сәтке жинап алып, байсалды қоңыр үнмен Нұралы ханға: «Бұрынғыдан келе жатқан бір сөз бар еді: «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралысында қатын семіреді, халқының қамын ойламаған хан семіреді». Сіздің семіз болуыңыз халықтың қамын ойламағандығыңыздан болар. Мен қайтсем топтан торғай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын жауға алдырмаймын деп, бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, маған не қылып шыр бітсін» депті. Қазақ мүддесін қорғайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын, жүрген жерінде ақыл-парасаты, ірі мінездерімен халықты төңірегіне иіріп, «ел басы», «топ басы» саналып жүрген Атақозыға Нұралы ханның ішкі қыжылын жеңе алмай, сөйлеп қалған ауызбен шалғы оруы кең ойлап, кең пішетін болмысына еш өзгеріс енгізбейді. Қайта халық тағдыры телулі ханның өз орнынан табылуы үшін ашкөздіктен, құлқынқұмарлықтан, дүниеқоңыздықтан, қызғаныштан арылып, ізгілік, тазалық, парасаттылық, адамгершіліктің шуағын дарытатын Күні болуға үндейді.

Қай жағынан да өзі батыр, өзі би, елдің ұйытқысы, кемел ойлы, абыз Атақозыға атар оғы өтпейтініне жігері құм болған, амалы таусылған Нұралы хан жұмған аузын аша алмай үйіне кіргізіп, қонақ етіп, шығарып салыпты. Жүрегі елім, жұртым деп соққан билер билік пен байлыққа көздерін сатпаған тектіліктері арқасында жұмыртқадан жүн қырқып, жыланның күйсегенін біліп отыратын хандарды жайнамазға жығумен қанағаттанбай, ел ішін ала тайдай бүлдіріп, арам, екіжүзді, дүниеқоңыз, өктем, өзімшіл, арызқой мінез-әрекеттерімен ұяттан кетіп, иманнан безген, әзәзіл байлық, әзәзіл билік көкейін тескендердің айтағына үріп, байлауына мойын ұсынған сөз ұқпас ақпа құлақ, таскереңдердің де құлағын қайта ашып, сана модернизациясын жүзеге асыруға құдіреттері жеткен.

Саяси, экономикалық, әлеуметтік, дипломатиялық, құқықтық, әскери, діни, моральдық, тәрбиелік, тіршіліктің нәрі, тірегі, қоғамның қуат-күші, құдіреті – еңбекке үндейтін қағидаларды жете түсініп, меңгермейінше ешбір мемлекет толыққанды ұлт, тәуелсіз мемлекет бола алмасы аксиома. Сая-си модернизацияның пәрменділігі құқықтық реформаға байланысты. Сондықтан, халық өмір сүрудің ережелері – қазақ заңнамасын жетік білгені  жөн.  Шүкір, Әділет министрлігі, заңнама институтының пәрменді де терең ізденіске негізделген көп салалы көп жылдық маңдай терлеріне малшына еңбек етуінің арқасында академик С.А. Зимановтың басшылығымен 10 томнан тұратын «Қазақтың ата заңдары» атты зерттеу жобасы жарық көріп, заңнама зәрулігін тартқан жұрт қуана қауышты. Басын Майқы биден (ХІІІ ғасыр) алатын қазақ құқығы Шыңғыс ханға Тәңірінің хабаршысы – Алтын бүркітпен жеткен «Жасақ» заңы, «Юань әулетінің тарихы» көне дәуірде-ақ ата-бабаларымыз нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде жетілдіріп, оның демократиялық жолмен өркендеуін қамтамасыз ете білгеніне таңырқап, сүйсінесің. Мәселен, «Юань әулетінің тарихынан»: «Ақылман ұлың – ордалы жұрттың құты, абзал әйел – ошақты үйдің құты»; «Ұлдары әкесінің ырқынан шықпауы керек, әйелдер күйеуіне қарсы келмесін, ерлер заңды әйелдерін кемсітпесін, жасы кіші үлкенді сыйласын, балалардың ересектері кішкентайларына қамқор болсын, бойжеткен қыздар айттырмаған бозбалалармен жұғыспасын» деуі қазіргі жаһандану заманында еркі қолына тигендердің қоғамдық, отбасылық қарым-қатынаста жабайылыққа дейін құлдырағандардың есін жидырып, еміне айналатын-ақ рецепт. Ел көптің ішінен таңдап қойған ұлығы ақылынан алжаспаса, халықтың қамын ойлап басы қатып, күшін сарқып барып ордалы жұрттың құтына айналмақ; семья – шағын мемлекет, абзал әйел ақыл, мінезі, еңбегімен ошағының құты боп, шағын мемлекетін үлкен мемлекеттің қуатты, күре тамыры дәрежесіне жеткізбек. Ал келесі бапта ұлдары әкесімен береке-бірлікте болуы; үй анасы ерін шынайы құрметтеуі; ері әйеліне деген махаббат жалынын әлсіретпеуі; жасы кішілер үлкеннің жолын кесіп өтпеуі; кішкентайларға үлкендер мейірім нұрын төгуден ләззат алуы; бойжеткен қыз ибалылығынан жаңылмай, заңды қосағымен арына дақ түсірмей табысуы талап етілетін адамзаттық мәні бар моральдық кодекстер отбасынан асып, халықтың рухани әлемін заңғар биікке көтеретін қуатқа ие. Шыңғыс ханнан жеткен «Жасақ» («Ясы») жинағындағы баптардан: «Қазына атаулысының ең қастерлісі – адам. Адамдықтың басты шарты еркіндік»; «Қандай қауым, топқа жататынына қарамастан, таза, адал, ғаділ кісілерді, оқымыстылар мен даналарды көтермелеп, құрмет тұту керек, ал мейірімсіз, әділетсіз кісілерді күстаналау қажет», - деген жолдарды оқығанда, мұнда да астар-арналы талаптардың шыңырауына бойлап кетесің. Айталық, кез-келген Конституцияның бабында «Мемлекеттің басты байлығы – адам» деп жазылса, мұнда «Қазына атаулысының ең қастерлісі – адам» деп, қазына болғанда да ол қандай қазына екенін санаға салмақ сала әспеттеп, оған жалғастыра «Адамдықтың басты шарты еркіндік» екенін, асылы, «адам» деген биік те қастерлі, феномен ұғымға «еркіндік» бергенде ғана ол уызына жарып өскен зиялы, бекзат кісі, төрт құбыласы сай азамат, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті Адам деңгейіне көтеріліп, қоғамның тірегіне айналатынына меңзейді. Бап ғалым, интеллект иесінің қаламынан туғанын аңғарамыз. «Жасақтың» келесі бабында «адам» жайлы әлгі  бапта айтылған жұмбақ ойын түстеп-түгендеп, қоғамның тұтқасы, Күні, Айы, Жұлдызы – таза, адал, ғаділ кісілерді, оқымыстылар, даналарды құрметтеп, көтермелеуді міндеттейді. «Мейірімсіз, әділетсіз кісілерді күстаналау қажеттігін» ескертуінің астарында қыжыл, қатыгездікке шақыру жатқан жоқ, таза, адал, ғаділ, оқымысты, даналардың ортасында жүргендердің кір-қоқыстан тазарып, қисығы түзеліп, мешел жандардың мертіккен көзқарасы түлеп, түбегейлі өзгермей қоймайтынын ескертіп тұрғандай. Философ Құңфудзының: «Дүниені түзеткің келсе, алдымен өзіңнен баста», - дейтін тәмсілінің мәні ізгі кісі өзгенің кем-кетігін түзеуден бұрын оған өзі сондай олқылықтан арылу барысындағы амал-әрекеттерін көзбен көрсетіп, көңілге түюіне өзі үлгі болмақ. Есті, зиялы адамдардың кінәмшілдікті жайсаң мінезі, ісімен алмастыратыны аммунициясына үйлес келмек. Ақыл, парасат, мінез, ұят кімде болса, иман сонда. Ел билеушілер төңірегіне игі жақсыларды топтастыруы елде саяси азаматтық қоғамның қалыптасып, демократиялық құндылықтарды нығайтатынын есте ұстағанын аңғартады. От ауызды, орақ тілді шешен, даналар жүрген жерде саяси плюрализмнің қалыптасып, ел бірлігі, мемлекет қуаты арта түсетінін паремиологияға арқа сүйеген текті хандар естен шығармаған. Оны ұлы жазушымыз М.Әуезов: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен сөз тапқыш өткір деген шешеннен, судырлаған ақыннан алған» деп болжамымызды тағалап береді. Ол қазақ хандарының ел билеудегі бұлжымас берік дәстүріне айналғанын ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Майқы би мен Аяз билердің қойшыдан бас уәзірге дейін парлап көтерілуінен оқырман дәлел табады.

Қазір әлем жұрты адамзат өркениетінің таңы  Шығыстан атқанын нақты тарихи зерттеу еңбектерінен оқып, ақиқатты мойындап отыр. Тіл, діл, дін, ата тарих, салт-сана, әдет-ғұрып, мәдениет, дәстүр ортақтығы халықтың басын құрап, ұлтты ұйыстырып, мемлекетінің ірге тасын берік қалататыны заңды құбылыс. Ата тарихты парақтап отырғанда аңғаратынымыз, Орталық Азия, Европа-Азия кеңістігін жайлаған көшпенділер империясының әлеуметтік-саяси жүйесі берік орныққан Шығыс Дешті-Қыпшақ мемлекеті болғаны. Ол Ертіс-Енисей аймағы, Балқаш көлі, Сырдария өзені, Қарақұм, Мойынқұм, жеті өзенді Жетісу, шығыстағы Жоңғар қақпасын қамтыды. Академик Манаш Қозыбаевтың тілімен айтқанда: «...қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ барша түрік әулетінің қара шаңырағы болды. Евразияның қос құрлығында тарихтың құдіретті төріне бірақ шықты» («Ата тарихы туралы сыр» мақаласынан. «Егемен Қазақстан», 30.04.1999 ж.). Шыңғыс хан осы алып өлкені үлкен ұлы Жошыға тарту еткен. Кейін осы алып аймақта «Алтын Орда»; «Ақ Орда» мемлекеттері құрылды. Шыңғыс  ханнан мұра боп қалған «Жарғы» көшпенділер қауымының іргелі ел болып кетуін, тәуелсіз мемлекет құрып, өркениетке ұмтылуына қуатты қанат бітірді. «Жарғы» «Әдет» заңдары», «Билер заңдары» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Оның саяси, демократиялық сипаттары «Шығыс Дешті-Қыпшақ» мемлекетін» тез дамытып, озық елге айналдырғанын біз «Көнетүрік өркениеті: жазба ескерткіштер» (Алматы, 2001. 249-б.) жинағындағы тасқа қашап: «Ей түрік! Жоғарыдағы аспан құламай, төмендегі жер тесілмей Сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады!», - деп асқақ сезіммен аса қуатты, кемел мемлекетке айналғанын мақтанышпен тасқа қашап жазылған жазудан оқып, сезінеміз. Көне дәуірдің өзінде қуатты мемлекет құра білген аса қабілетті қазақ халқына ХІХ ғасырда саяси айып тағылса, айдауда болған поляк журналисі А.Янушкевич: «Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады...» -деп қазақтың мойындалмай жүрген, басқалардан ерек қасиеттерін мойындап, оның жарқын болашағының нұрлы екенін болжап кеткен.

Қазақ құқығы түркілердің бір бұтағы Қазақия жұртының еркін аймағында құлашын жайған өркениет аралы болды. Қазақ құқығы – қазақ халқын, күллі көшпелі өркениеттің мәдени өмірінің асыл қазынасы саналды. Оның мыңдаған жылдық тарихы бар, шыңы - шартты түрде, XIV-XVIII ғасырлар. Қазақ заңнамасының құрамына кешегі ғұндар, түрік қағанаты, қыпшақтар мен Монғол империясы заңдарының нормасы мен баптары балдай батып, судай сіңген. Қазақтың би-судьялары өз қызметі, сот жүргізу тәсілі жағынан Орталық Азия билері, этникалық би-бектерінен көп артықшылықтарымен ерекшеленген. Жасыратыны жоқ, ғылыми- зерттеулердің нәтижесіне үңілсек, Орта Азия хандары мен Ордаларының экономикалық тұрақтылығы мен әскери қуаттылығының тірегі біздің көшпелі өркениетті мемлекетіміз болған. Өйткені, олардың сот жүйесінде адалдық, тазалық, әділдік мығым. Қазақ билерінің түркі туыстас бауырлардың билерінен иығы озып тұруының озықтығының себебін академик С.Зиманов былай түйіндейді: «Усвоение нормативного богатства обычного права и умение гибкого его применения, основанного на разуме и разумных соображениях, владение красноречием, как средством судебной риторики и умение быть вместе с аудиторией в плане выражения ее исторического менталитета, уровня мышления и настроений – являлись главными критериями для «аттестации судей-биев» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». А., «Атамұра», 2008. стр. 178). Ежелгі қазақ би-судьяларының жұртты жұтындырған, емірендірген озық әдіс-тәсілдерін тамаша талант иесі Сәкен Сейфуллин былайша тарқатады: «Елдің ескіліктен екшеліп келе жатқан жол-жоба, салт, дәстүр, заң ережелерінің дәстүр жинақтарын, бұрынғылардың шежіресін, өнегелі үлгілі сөздерін жадына көп тоқып, жатқа айтуға ұстарған, «билігі жүрген» ру басылардан көсем шыққан, өздері де тұрмыстан туған қорытынды сөздерді әдемілеп жұптап, ұйқастырып айта алатындай шешендер – би атанған» (Қызылорда. «Қазақ әдебиеті», 1932 ж. 34-б.).

Би-судья ауызша тарихнама, шежіре, толғаулар, аңыз-әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, ескіден қалған жол-өнеге, жол жоралғы сөз, тарихи-құқықтық білімді меңгерумен шектелмей, Ұлы Далада қазір кеңінен қолданылып жүрген заңдар жүйесін де жетік білмек талап етілген. Осылардың бәрін жете игеру оңайға түспеген. Игергенде ғана елін дауға бермейтін, биі жақсының елі жақсылығына жұртты сендірмек. Дала демократиясына негізделген Қазақ заңының мерейін өсірмек. Би-судьялар қылмысты істі қарағанда «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» (Әйтеке би) деген сертпен, періште пейілмен, таза қолмен кіріскен.

Ежелгі түркі өркениетінің көшпенділер қауымына бедел, абырой сыйлаған тамаша ескерткіші – «Қасым ханның қасқа жолы» заңнамасы. Әз-Жәнібек ханның баласы Қасым Керей ханның ұрпағы Бұрындықтан кейін таққа отырды. Қасым тақта 1511-1518 жылдар аралығында отырған. Қазақ хандығының көлемін ұлғайтып, Орта Азиядағы түркі туыстас халықтардың бірлігін сақтап, ел басқарудың демократиялық принципін бекем ұстаған, халқы шынайы сүйген әділетті билеуші – мемлекетке қауіп төнгенде 300 000  қол жинай алған хан, қолбасшы, ғұлама дипломат, халқы үшін басын бәйгеге тігуге әзір жауынгерліктен де кенде болмаған. Түркі туыстас бауырларына оң саясат ұстауына жарқын мысал, өзбектер 1515 жылы Ер Түріктің бесігі – Түркістанды өз еріктерімен қазақ хандығына сыйлаған. Ол – Қасым  ханның «туыстық сезімге» баса көңіл аударып,  әділдікті ту етуінің қайтарымы. Дана, талантты, көреген, Отанын беріле сүйген аса көрнекті, кемел билеуші Қасым хан мемлекеттік, әскери, дипломатиялық саясатқа сұңғыла реформаторлығымен ерекшеленген. Қазақ хандарының ішінен суырылып шығып, заң жобасын дүниеге әкелген жаңашыл ғұлама да осы тұлға. Сондай-ақ ол қоғамдық, саяси, мәдени реформаларды жүйелі де сәтті жүргізген. Халықпен, ру басы ақсақалдармен хан өткізген шараларда «кеңесу» шешуші роль атқарған. Әйтсе де билер мен ру басыларына талабы жоғары болған. Басқа хандардай емес, сұлтан-шыңғыстықтарды (шыңғысидтерге) жауапты биліктерден шеттетпегенімен, оларға иек артпаған.

Қасым хан өлім жазасына шектеу қойған. Екі жағдайда ғана, біріншісінде біреуді біреу жазықсыз өлтіргенде «қанға – қан», демек кек қайтару; екіншісі халықты керек-жарағымен қамтамасыз етіп отырған сауда керуендерін тонаған дүниеқоңыз, қанішер ұрыларды өрескел әрекеттеріне тыйым салу мақсатымен «керуен соғу» өлім жазасын қолданған. Қасым ханның барынша халықшыл сая-сатты ұстанған нағыз демократияшыл билік иесі екенін оның «Хан өздігінен өлім жазасын қолданбасын, өлім жазасын халық өзі шешетін болсын» деген ұсынысынан байыптаймыз. Прогресшіл идеяны берік тұтынған хан би-судьяларына: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде шындық жоқ», «Қара қылды қақ жару», «Әділ қазы – алтын таразы», «Ел билігін екі ауыз сөзбен шешкен», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешеді», «Би болсаң, би түсетін үй болсын» деп аса жауапты, халық тағдырын шешетін сот ісін жүргізудің жоғары талабын жүктеген. Олардың әлеуметтік-қоғамдық, саяси бітімдерін ашатын қасиеттерді: адамгершіліктің ең биік принциптерінен, гуманизм, әділдіктен таймай, келісімді азаматтық кескін-келбетті болып, жүргізетін сот процесі халықтың мерейін өсіруді қамтамасыз етуі міндеттілігін нақыл сөзбен шегелеп, етінен өткізіп, сүйегіне жеткізген. Мүбәдә, «Қасым ханның – қасқа жолын» даңғылға айналдыратын қызыл тілдің, шешендік өнердің дүлдүлдері, Дала өлкесіндегі сот пен жоғары соттың қызметін ұршықтай үйіретін реформаторлары – би-судьялар хан талабынан шықса ғана «Дала Фемидасы» шыңына көтерілмек. Қасым хан төңірегіндегі би-судьялардың «Дала Фемидасы» шыңына шыққанының айғағы, Ежелгі Түрік өркениетінің ғажайып есерткіші, халықтың «Хан болсын, ханға лайық заң болсын!» деген өзекжарды өтінішіне орай өмірге жолдама алған – «Қасым ханның қасқа жолы» сот ісін жүргізу заңнамасы.

Қазақ хандығының көлемі ұлғайып, ұлт болып ұйысу қарқыны күшейіп, даму биігіне қадам басқан сайын қазақ хандары ел тағдырынан бұрын өз қара басының қамын, өзінің амбициясы, өкпесі мен кегін күшейтетін хан-төренің психологиясынан арылып, ұлт мүддесі үшін қызмет жасау, ұлттың болашағы жолында толғанып, зайырлы қоғамға қол жеткізудің амалдарымен бас ауырта бастаған. «Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбітсүйгіш, толерантты, ашық қоғам» (Н. Назарбаев). Зайырлы қоғам тұғырының берік болуы оны басқарып отырған ханның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, халық тарихына бойлап барған өрістілігі, тірегі сынақтан өткен қылмыстық заңының қуатына қатысты. Қылмыстық заңның міндеті – азаматтардың праволары мен бостандықтарын және бүкіл право тәртібін қылмыстық қиянат жасаудан қорғау. Халықтық сот өндірісі (судопроизводство) жариялылықты басты шарт етіп, халықтық мәніне көлеңке түсірмей, қарапайымдылығынан жаңылмай, уақытты шектеп, қатысушылардың сұрағы мен пікірлеріне өріс ашып, тартымды өткізген.

Шыңғыс ханның «Жасақ» («Яссы»), «Юань әулетінің тарихы», «Қасым ханның қасқа жолы» заңнамаларының ізін баса дүниеге келген Есім ханның (1598-1628) «Есім ханның ескі жолы» - яғни, ол хандық құрған жылдары жинақталған заңдар жинағы заманауи, құқықтық, заңи, реформаторлық мәдениетті бойына дарытқан аса құнды қазына саналды. Орыстың аса көрнекті шығыстанушы профессоры В.В.Григорьев көшпелі дәуірде өмірге келген заң жинақтарын, архив материалдарын салыстыра ғылыми сүзгіден өткізе келе: «В пастушеских еще обществах возникает иногда, как видим у киргизов (казахов – Т.С.) такое превосходное судопроизводство и такие порядки следственного и судебного процесса, каким могут позавидовать многие издавна цивилизовавшиеся народы» (В.В. Григорьев. О скифском народе саках. Алматы, 1998. стр. 43-44), - деп өздерін зор санап, көшпелілерді жабайы, қор санайтын өркениетті жұрттан скиф, сақ елдері ешнәрседен кемдігін көрсетпей, иық теңестіріп келе жатқанын сүйсіне дәріптейді. Қазақ текті, бауырмал, кішіпейіл, батыр, еңбекқор болумен бірге, аса қабілетті, алғыр халықтар қатарына жататынын әлдеқашан дәлелдеп берді. Тіпті сонау ежелгі дәуірде өте дарындылығын мойындатып, өркениетті кешіп жүргеніне де мысал жеткілікті. Бір ғана мысал. Қытайдан табылған «Шипагерлік баян» атты ХV ғасырдың ғажайып ескерткішінің авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – Қасым ханның әкесі Жәнібек ханның замандасы. Хан тапсырмасымен қазақтың медициналық ілімін кітап етіп жазған. Бұл медициналық энциклопедияда қаншама терминдер, атаулар қазақ арасында медицина ғылымы өз дәуірінің талабы деңгейінде дамығанының айғағы. Сондықтан, ғылымнан, білімнен, өндіріс орны, қуатты технологиядан мақұрым, мал бағып, егін еккен елді мемлекеті жоқ, мәдениетсіз, жабайы қауым санайтын нигилистік көзқарастан, деградацияның құлқынына батыруға әзір көркеуделіктен аулақ болған жөн. Сол еңбекқор, момын жұрт уақыт өте келе ғылым, білімі, өндірісі, технологиясы дамыған елдермен байланыс жасау барысында «хомосапиенс» деңгейіне бірден көтеріліп, айды аспанға шығарғанына деректер аз ба?.. Тегі, белгілі бір мәселе төңірегінде ғылыми қорытынды жасарда, оның бар аспектілерін, қыртыс, қойнауларын, беймәлім қабаттарын қопара зерттеп, алғаусыз шындыққа көзіңді жеткізіп, көзқарасыңды орнықтырып, жалпы адамзаттық, иба-ибадаттылық мұраттары деңгейінде салмақты пікір қозғаған абұйыр әпермек. 

Есім ханның «Ескі жолы» жинақталған заң жинағы жайлы әңгімемізді жалғастырсақ, мұнда қоғамдық институттардың пәрменді қызмет етуіне мүмкіндік берген. Жүгініс (сот жүргізу процесі), құрылтай (үлкен халық жиналысы), мәжіліс (кішкене халық жиналысы), кеңсе (ақсақалдар кеңесі), отырыс (жалпы жиын), т.б. терминдер соның айғағы. Халық арасына «Бүтін билікке Төле би, бүкіл хандыққа Есім хан жеткен» деген сүйсініске толы, жүректен шыққан, тұлғалардың құдіреттілігін паш ететін аталы сөз кең тараған. Есімді халық басқа хандардан бөле-жара алып, «бүкіл хандыққа Есім хан жеткен» деуі, біріншіден, ол тақта 1598 жылдан 1628 жылға дейін отырып, қазақ хандығының шекарасы кеңіп, империяға айналуына бар ғұмырын сарп еткен. Онда да ол туыстас халықтарды отарлау, геноцид саясатымен емес, оларды қуатты мемлекеттің қамқорлығына зәру, бауырлас пейіл біріктірген. Екіншіден, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «Кез келген құқықтық мемлекетте барлығы заң аясында жүргені абзал. Заңды реттеп алмайынша, насихатымыздың, жұмысымыздың тиімділігі көрінбейді» («Ана тілі», №8, 2020 ж.) деп жазбақшы, ол феодалдық-патриархалдық тәртіпке негізделген мемлекетті, құқықтық мемлекетке айналдыруға белді бекем буған. Есім жаужүрек батыр, дана қолбасшы, елдің тілін таба білген, жалпы адамзаттың, иба-ибадаттылық мұраттарын пір тұтқан көреген басшы, тақты халыққа қызмет еттірген текті хан.  Есім  хан  Қасым  ханның ісін жалғастырушы. Ханның ұстанған саясаты мен көшпенділер мәдениетін нығайтудағы дәстүрін жаңа биікке көтерді. Оның заңдары ғасырлар бойы көшпелі қазақтар пайдаланып келген қанға сіңісті, асқынған дау-дамайды бықсытпай басатын емі жұғысты, дәстүрлі құқықтар.

Табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам, Есім ханның заңды ізбасары, дәстүрін жаңа мазмұнмен шұрайландырып, қазақ хандығының «Алтын ғасырын» (XVIII ғасырдың соңғы ширегі) өмірге әкелген прогрессивті басшы – Тәуке хан. Салқам Жәңгірдің баласы Тәуке хан болған кезде (1680-1716) хандық өкімет билігі белгілі бір дәрежеде күшейіп, Есім хан кезінде жүзге бөлінгендер бір орталыққа бірікті. Қазақ мемлекетінің іріленіп, іргелі елге айналуына, Шыңғыс хан, Қасым, Есім хандардан жеткен заңдар негізінде қазақ заңдарының алғашқы жинағы әз-Тәукенің «Жеті жарғысының» айналымға шығуы соны жаңалық,  мемлекетке тың тыныс ала келді. Бұл әдет-ғұрып правосы нормаларының жинағы болып табылады, онда қазақ қауымы правосының негізгі принциптері неғұрлым толық және айқын бейнеленген. Бұл заңдарда меншікті қорғауға және меншік туралы дау-жанжалдарды реттеуге баса көңіл аударылған. Жаза құн төлеумен өтелінді. Құн төлеуден бас тартқаны үшін жәбірленген жақ жәбірлеушіні өзінің қалауы бойынша жазалаған. «Жеті жарғы» әйел теңсіздігін шариғатқа сәйкестендіріп, заң жүзінде бекітті. Құдайға тіл тигізгені үшін, егер мұны жеті куә растайтын болса, айыптыны тас лақтырумен жазалаған. Егер әйелінің зинақорлығына күйеуінің көзі жетсе, оған оны өлтіруге дейін право берілді. Әкесіне қарсылық көрсеткен бала қатал жазаланды, баласын өлтіргені үшін әке мүлде жазаланбаған. Басқа жағдайларда «қанға-қан», «көзге-көз» деген принцип, қанды кек алу құқығы құн төлеумен алмастырылған. Еркекті өлтіргені үшін 1000 қой, әйелді өлтіргені үшін 500 қой, екі көзді шығарғаны, екі аяқты сындырғаны үшін толық құн, бір аяқ, бір көз үшін жарты құн төленген. Сұлтанды, қожаны өлтіргендер қара қазақтың құнынан 7 есе артық мөлшерде, жәбірлегені үшін де аса үлкен айып төлеген. Әділетіне жүгінсек, «Жеті жарғы» қазақ хандығының кезінде туғандықтан, феодалдық-патриархалдық қоғамның үстемдігін нығайтуға негізделгендігін, уақыт, заман өз қолтаңбасын, әмірін жүргізбей қоймайтынын ескерген жөн.

«Жеті жарғы» жасалып, заңдардың ретке келтірілуі, сот процесінің ел ішіндегі тәртіпсіздіктерді ауыздықтап, мемлекеттің іргетасын қайтадан ыдырамастай берік өрілгені Тәуке кезінде хандық биліктің күшеюіне мүмкіндік берді. Осындай жойқын күш-қуатқа ие «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» заңнамалар жинағы хандардың  атымен  аталуы  олар  солардың бас-шылығымен құрастырылып, жеке жинақ етіп шығарылып, хандыққа таратылған, өндіріске енгізілген. Бірақ олар құрастырылғанда алдыңғы заңнамаларды көшіріп, өзгеріссіз алмай, уақыт, заман ыңғайына үйлестіріп, өңдеп, жаңартылған, жетілдірілген. Ол қалай жүзеге асқаны Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында әз-Тәукенің «Жеті жарғыны» қалай жаздырғаны жете зерттеліп, жоғары көркемдік деңгейде бейнеленген. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» ұлы билер Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтекелердің Дала өлкесіндегі сот пен жоғарғы соттың қызметіне негізделген, ақыл-парасат академиясының туындысы ретінде халқына ұсынған рухани сыйлығы. Ол халқы төбесіне көтерген «үш данагөйдің өнегелі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігін» танытатын билер сотының барометрі, маздаған шамшырағы.

Қазақ тарихында  «Алтын ғасыр» деп Тәуке хан таққа отырған шақты емірене еске алады. Хан ішкі, сыртқы саясатында бұрынғы хандар ел билеуде Шыңғыс ұрпақтары сұлтандарға ерік берсе, Тәуке билікті билерге беріп, билер съезін шақырып, халық мұратын көздеген. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» халық мұратына мінсіз қызмет атқартуға бастамашы болған сот – жоғарғы құқықтық сот, адамгершілігі, шешендік өнермен суғарылған, халықты емірендірген сот жүргізу дәстүрі. Жалпы адамзаттың құндылығы, өркениетті маңызы бар құбылыс ол – қазақпен бірге жасасып келе жатқан билер соты. Соның ішінде халық жадында өшпес жарығымен қалған «Алтын ғасыр» халықтың қамын жеген, биліктің демократиялық үлгісі. Қазақтың көшпелі қоғамдағы қараңғылықты сейілткен – билер соты.Билер қазіргі билік тұтқасын ұстаған, әлемге танымал тұлғалардың да идеалы болғанын білеміз. Солардың бір айғағы Дінмұхамед Қонаев үйіндегі жұмыс үстелінің үстіне үш адамның: өзінің, Төле бидің және жары Зухра Шәріпқызының портретін қояды екен. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді пір тұтып: «Мүлтіксіз әділ, от ауызды, орақ тілді шешендер» («Пять лет независимости». А., 1996, с. 153), - деп құрметтеген. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Суд биев, несмотря на 50-летие русского влияния, остался таким, каким он был за сотни, может быть за тысячу лет до нас» деп қазақ билерінің сот жүргізу процесіне таңқала, қызыға қалам тербепті.

Жалпы елдің сынына толық, мейірін қандыратын кісілер шамалы. Десе де, қазақ тумысынан ойшыл, дана халық саналатындықтан, ол осы өнерін ел тыныштығын, бірлігін сақтауға, елді дүрліктірген өртті оқиғаларды сөндіріп, оққа кеудесін төсеп, ізгілікке жанын беретін жерлерде орынды пайдалана білген. Тілі қылыштың жүзіндей өткір, ойы сара, салиқалы, терең, елдің еңсесін езген қайғылы шақта, тұманнан жол таппай адасар, т.б. халде, қысылшаңда қиыннан қиыстырып жол тапқан. Жиренше, Тайкелтір, Мөңке, Саққұлақ, Қылышбай тәрізді тума шешендердің төрелігі тасжүректі жібітіп, сараңды жомартқа, тобанаяқты жел жетпес жүйрікке айналдырып, шиеленген түйінді жазып берген.

Қырық кісінің ақылы, қырық кісінің ары мен білімі қонған, сатылмайтын судья, данышпан шешен-билер: Аяз би, Мөңке би, Шорман, Сырым, Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке, Есет, Жетес, Тайкелтір, Бала би, Ақтайлақ, Досбол, Бөлтірік, Байдалы, Бәйдібек, Шоң, Алшағыр, Маман, Шойынбет, Мүшеке, т.б. билер өз идеалының реалды күрескері боп, «арып-ашқан қаріптің жел жағына жота болып, дос сүйсініп, қас сыйлар, асу бермес дана болып» (Төле би), «Жақсылықтың белгісі – қара қылды қақ жарған әділ болып» (Әйтеке би), қазақ біткеннің жүрегінің төріне жайғасып, жұмақтан орнын сайлап алғандар. Ұлы Дала билерінің жұртты жұтындырған үздік қасиеттерін әзірге қазақ заңнамасының теоретигі; құқықтану ғылымының корифейі, академик  С.З.Зимановтай дәл басып түстеп, түгендеп, сұңғылалықпен сараптап бергені жоқ. Ол: «Главными носителями норм казахского права, его хранителями и реформаторами были особая прослойка людей, отвечавших строгим требованиям общественной оценки. Несмотря на то, что по древней традиции их называли биями, они отличались от традиционных на Востоке биев-правителей. Они соединяли в своем лице поэта, оратора, мастера диалога, философа и мудреца, знатока норм обычно-правового законодательства и его реформатора, военного предводителя и правителя, а главное – они в своей деятельности интересы всего народа ставили выше местных интересов и находились под контролем общественного мнения. Морально-правовой статус казахского бия-судьи выражен в требованиях и словах народного «договора» - «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». А., «Атамұра», 2008 г., стр. 190), - деп ақиқатты алқынбай алдыға тосады. Осы ғұлама ғалым әз-Тәуке ханның қазаққа «Алтын ғасырды» сыйлаған «Жеті жарғысының» саяси-әлеуметтік, тарихи, жалпыұлттық құндылығын да жеткізе таразылап беріпті: «Золотой век» правосудия и законности, ставший реальностью и составлявший целую эпоху и полосу в исторических судьбах казахского народа и его государственности, олицетворяет во многом естественное состояние общества, при котором судебно-правовые отношения в своем развитии поднялись до уровня общенациональной ценности» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». А., «Атамұра», 2008 г., стр. 187). Иә, «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Үрім-бұтағы жоқшылық, таршылық, басқаға емінушілікті білмесін деп бабаларымыз асты мен үсті байлыққа тұнған алып жерді еншілетсе, Тәуке хан қуатты, іргесі берік мықты мемлекетке айналудың Темірқазығы – «Жеті жарғысын» қолға ұстатып, билері соның негізінде елдің береке, бірлігін, біртұтастығын сақтап, ұстанымымен дос-дұшпанды таң-тамаша етіп, шетелден келген саяхатшылар, ғалымдарды жері, елі, заңы да таңданысын тудырып жатқанға не жетсін! Поляк халқының Қазақстанға жер аударылып келген тамаша ғалымы А.Янушкевич қазақ билерін әлемге танымал ұлы тұлғалар Демосфен мен Цицеронға, орыстың Шығыстанушы көрнекті ғалымы Л.И. Левшин Салон мен Линургаға теңеп жатса, оларды дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп, дүниетанымын қалыптастырған халық та қалай осал болсын!.. Сөз жоқ, «Биі жақсының – елі жақсы». Қорыта келе айтарымыз, Ұлы Дала билері – табиғи талант, туа интеллект, сөйлер сөзге шешен, ауызекі тілге шебер, тоқығаны көп, дала заңына сұңғыла, оны бойына берік сіңірген біртуар талант. Күллі «өмірін халқына сыйлап, өлімін ғана өздері меншіктенген», ар мен намыс құлы, ұлтының маңдайына жазылған туысы ерек, біртуар, киелі перзенттері.

ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың көрнекті зерттеушісі И.А.Козлов «Бий есть живая летопись народа, юрист или законовед его»  деп қазақ Жарғыларын бастан кешіп отырған дәуір талабына орай жаңартып, дамытып, мазмұнын байытып, жаңа күш-қуат бітірген прогрессивті саясат ұстанған хандарымыз бен билеріміздің еңбегін көре білген. Бұл жай Ш. Уәлихановтың да назарынан тыс қалмағанын да ескертіп өткенбіз. Ал академик С.З.Зиманов болса: «Казахское право, имевшее тысячелетнюю историю, основанное на культурных и демократических традициях обычно-правовой системы, пережило и перешагнуло эпоху, его породившую. Оно продолжало сохранять регулятивную жизнеспособность до ХІХ века, отчасти и до начала ХХ» деп тамыры тереңге кетіп, мыңдаған жылдар ескірмей, жаңарып, жаңа заманды да жатсынбай, жаңалығын бойына сіңіруінің тылсымын санамалап берген. Демек, қазақ заңнамасының ұзақ жасап, халқына мінсіз қызмет атқарып, жаңа мазмұнмен байып, сипаты өзгеріп, қоғамдық-саяси, экономикалық формациялармен үйлесім тауып кетуі «заңгер, құқықтанушы билердің» жанқиярлық еңбегінің арқасы.

«Мың өліп, мың тірілген» қазаққа, әсіресе, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының зардабы ауыр тиді. Ғасырлар бойы билеп келген хандық жүйе жойылды, елді енді отаршылдардың шынжырын мойынға кигізген аға сұлтан, болыс, старшындар биледі. Столыпин реформасынан кейін Ұлы Далаға ішкі Ресейден қара шекпенділер қаптап келіп, ең шұрайлы жерлерге қоныстанып, жергілікті жұрттың несібесін сыпырып алды. Нәсілшіл-шовинистік көзқарас үстемдік құрды. Ай дер ажа, қой дер қожа шықпады. Отар елдің саясатына нигилистік көзқарас берік орнады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың заң жүйесінің күні бұлыңғыр тартты. Россияның отарлау саясаты қазақтың сот жүйесін, ел билеу тәртібін тұралатты, шелін сылып алды. Оның басында тұрған билер еркіндіктен қағылып, сайламалы, үкіметке тәуелді күйді бастан кешті. Дәстүрлі билер мен орыс отаршылдығы кезіндегі билердің айырмашылығы жер мен көктей деңгейге жетті. Жоғары адамгершілік критерийлер шындық, әділдік, ақиқат, адамгершілік сөлінен айырылып, ажары қашып, қоңы тайды. Пәленің бәрі бұрынғыдай би халық сынағынан өтіп барып, жүзден, мыңнан сұрыпталып алынатын тұлпарлар емес, әкім-қаралардың ебін тапқан тұғырлар қатары қалыңдап, сот процесі, биліктің қолжаулығына айналды. Осы белшесінен былыққа батқан, отаршылдар аздырып-тоздырған, ел билеу жағымпаздық, сатқындық, екіжүзділік, парақорлық, зұлымдықты басты қаруына айналдырған, іріп-шіріген қоғамды ұлы Абай осы процестің бел ортасында жүрген замандасы Көжекбайға арналған өлеңінде:

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды.

... Орыс сияз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер

Аз жүрегін жалғайды, -деп «Сырты сұлу сарайдай көрінген қоғамның, іші аяз, ақ қыраулы» екенін, сол күйге дұшар етушілердің атын атап, түсін түстеп береді.

XIX ғасырдың басында Россия отаршылдығы күшейіп, елге ықпалы жоғары болған билердің қадірі, қызметінің мәні кетеді. Олардың орнына патша үкіметінің қазақ даласындағы әкімдері: аға сұлтан, болыс, старшындарының ықпалы күшейеді. Колонизаторлар шексіз билікті жүзеге асырып, барынан жұрдай айырылады. Өз туған жерінде құлға айналған халықтың күйігі, мұңы «ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілген» Абайды орыс отаршылары мен солардың сойылын соққан, қазақтың атын жамылып, нанын жей жүріп ортақ намыс пен ортақ мүддені емес, өз мүдделері өзектерін тескен борсық пиғылды содыр-сотанақтардың халқын титықтатқан тоңмойын, тасыр, бейдауа, парықсыздықтары жанын жегідей жейді. Абай халық мойындаған «Төбе би», өз идеалының күрескері ретінде Шығыстың, Батыстың небір ел билеген көшбасшылары, сөз билеген шешендері, ақыл-парасатымен табындырған көсемдері, жаужүрек батырлары, ел тағдырын әділ шешкен заңгер, философтарын өмірі мен шығармашылығын, олар жайлы жазылған шежіре, кітаптарды оқып, елінің рухани басшысы-піріне айналады. Көп оқып, көпті көңілге түйе келіп, бүгінгі қазақтың ел тізгінін ұстаған басшыларында өркениетті ортада өмір сүре отырып, ежелгі дәуірдегі басшылардың қолына су құя алмайтын бейшаралығына күйініп, намыстанады. Ел басқарудың оңай еместігін ескерте келе Абай: «Бұл билік біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді... Рас, біздің бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десек, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт, жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе халық та оны сынамай, бірден бірге жүгірмек болмайды екен» (Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том А., 1997, 16-17б.), - деп тұжырымдайды. Ел басы, топ басыларын халық «сынамай», ол жөнінде жоғарыға арыз айтып жүгірмейтіні – олар өз ісін жете біледі, біреуді жақын тартып, біреуді сыртқа теуіп қиянат жасау, жолдан таю олардың ар-намысы, азаматтығына сын. Сондықтан, қарауындағы жұрттың бәріне бірдей қарап, солардың қамын жейтіндіктен, былайғы жұрт оларға қапысыз сенеді, айтқандары – заң. Ел басқарған адам конфигурацияға, цинизмге жақын жүрсе, жолы кесіледі.

Абай әлемі шетсіз-шексіз, түпсіз терең тұңғиық. Кейбіреулер Абайды медреседен басқа оқу орнының есігін ашпағандықтан, оны білімі жағынан шектеуге тырысатын нигилистік пікірдің отын көсейді. Білім институт, университеттермен шектелмек емес, бізде бірнеше дипломның иесі бола отырып, соның біреуі сынға түскенде қарын ашыратындары жиі ұшырасатыны шындық қой. Дипломды ғылымның көсеуін тауып емес, есебін тауып алатын пысықтар балапандаған заманда таңқаларлық құбылыс емес. Бізге мәлім, адамзаттың М. Горькийі, Л.Толстойы, өзіміздің Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А. Байтұрсынов, М.Мақатаев, т.б. жоғарғы оқу орнын бітірген дипломы жоқ ұлылар. Бірақ олардың білімі он дипломы бардан асып түсетінін артында қалған мәңгі өлмес мұраларымен дәлелдеді, дәлелдемек те. Білімнің екі түрі бар – оқу ілімі, көкірекке тоқу ілімі. Ғалымдар, ақын-жазушылар 4-5 жыл оқумен қанағаттанбайды, ол көзі жұмылғанша оқудан бір сәт тиылмайды, онсыз топырағы құнарсызданып, бармағын тістемек. Абай орыс, араб, түркі тілдеріне жетік болғандықтан, Семейден Шыңғыстауға қап-қабымен кітаптар алдырып, арманынан шыға оқығанына замандастары, М. Әуезов естеліктерінен мәлім. Соның арқасында Абай Шығыстың мәңгілік шоқжұлдыздары Науаи, Рудаки, Хафиз, Низами; Европалық Аристотель, Цицерон, Платон, Сократ, Кант, Гегель, Л. Толстой, М. Лермонтов, А.Пушкин, В. Скотт, Ж. Руссо, Қытайлық Конфуций, Лаоцзы, т.б. еңбектерін оқып, білім, ғылымы, ақыл-парасаты, азаматтық тұлғасы солармен иық тірестіріп, әлемдік жарық жұлдыз, қайталанбас алып тұлғаға айналды. Оның ұстаз тұтқандары олармен шектелмейді, Данте, Петрарка, Ли-Бай, Ибн-Сина, Әбу Абдолла әл-Хорезми, әл-Бируни, Спенсер, Гете, Шекспирлердің еңбектерін іздеп жүріп тауып, қайталап оқып, адамзат маңдайына біткен бақытқа балаған көрінеді. Осыншама ұлылардың мұхитында жүзіп, бақшасының жемісін жеп, әлемдік руханияттың шырынын бойына жинаған Абайдың осалдық көрсетуге хақы да жоқ. Оның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен діл, әдебиет пен мәдениет, салт пен сана, әдет пен ғұрып, қазақ тарихы жайлы поэзия тілі, қара сөз, публицистикалық ой-тұжырымдары мәңгі мәнін жоғалтпайтын адамзаттың асыл қазынасы. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», - деп Абайдың үш түрлі қасиетін бөле-жара көрсетіп, ұлылығының тың қырларын, жаңа сырларын тануға мүмкіндік тудырған. Ал қаламгер Несіпбек Дәутайұлының Абайтанудағы қазіргі таңдағы асыл мұрат жөніндегі пікірі салмақты да ойлы: «Батыс пен Шығыстың ақыл-ойға, көркемдік қуатқа толы інжу-маржандарын, философиялық пайымдарын оқып-біліп, зерделеп, тамырына дейін тереңдеп танып-талдаған, тіпті ұлы Құран ілімінің өзін ғылыми негіздей алған Абайдың жан-дүниесіндегі жаңа жанартауларды сол қалпында өзге жұрттың жетесіне жеткізу әл-әзір ең бір асыл мұраттың бірі». Несіпбектің  Абай Құран іліміне ғылыми-талдау жасайтын «Отыз сегізінші» қара сөзіне екпін түсіруі бізді риза етті, өйткені, бұл – ұлы ақынның білімі энциклопедиялық деңгейде екенінің айғағы. «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтың өзі де хақлық һәм адамдық дүр» дей келіп, ол молдалар тұрмақ дінтанушы, теологтардың аяғы жетпейтін асуларды араб, парсы тілдері арқылы асып, солармен жазылған ғылыми еңбектер мен ислам діні тарихын қат-қабатын зерттеп, Құранның тек діни құрал емес, жұмыр жерде бақытты ғұмыр сүрудің бар ережелері тоғысқан, Ұлы Жаратушының «махаббатпен жаратқан адамзатты» адастырмайтын Темірқазығы, аздырмайтын иманы, қарнын аштырмайтын сарқылмас қазынасы, қайғы-қасіретсіз ғұмыр кешуінің емін бойына сыйдырып тұрған құдіреттілігін мәтіндерге риясыз талдау жүргізе отырып жетеңізге жеткізеді. Абайдың трактаттары, тағлымдары әрқашанда заманауи, өткенді бүгінмен, бүгінгіні өткенмен салыстыра отырып, нақты фактілермен қапысыз дәлелдейтіндіктен, дегені деміңдей бойыңа сіңеді. Даналығымен, кемеңгер ғұламалығымен ол ұлттың ұлы болу шеңберінен асып, адамзаттың ұлы, ғаламдық тұлғаға айналғанын ғажап ақынымыз Мағжан Жұмабаев:

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес! – деп өлеңмен ескерткіш тұрғыза отырып, «қарадан хакім болған» құдіреттің күшіне бас идіреді. Демек, Абай хакім өз заманының ғана рухани көсемі емес, қазіргі өркениетті, ғылыми-технологиялық мысы басқан, төрт құбыласы тең кезеңде де тосылғанда топтан оздырар, қатер төнгенде қозы жаурын оқ болып, жарысқанда қанат сыйлар, алқалы кеңесте тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Абай сөзі, даналығының шарапаты тиіп, төбемізді көкке жеткізіп жүргені айдан-анық. Абай қаншама қайталанбас қасиеттер бітсе де непотизм дертін жұқтырмаған, қарапайымдылықты адамның ең жоғарғы қасиеті санаған. Сондықтан, досыңа да, жауыңа да нағыз қазақ кім дегенде, Абайды атап, онымен мақтануымыз Құдай ауызға салған сөз. Біздің бұл тұжырымымыз халықтың да көкейіндегі ойымен күрмеп байланып жатқанын ақын, жазушы марқұм Аманхан Әлімұлының: «Сөйтіп, гректер өздерін Гомерсіз, ағылшындар өздерін Шекспирсіз, немістер  өздерін Гётесіз, орыстар  өздерін Пушкинсіз көз алдына елестете алмайтындай, Абай да қазақтардың өздерін, өзінсіз көз алдына келтіре алмайтындай жағдайға жеткізді» («Ана тілі», 13-19.02.2020). – деген қазы-қартадай сіңімді пікірінен ұшыратамыз.

 (Жалғасы келесі санда)

 

24628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз