• Тарих толқынында
  • 30 Қыркүйек, 2020

ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨРІСІ

Тұрсын СЫДЫҚОВ,
филология ғылымының докторы, профессор

Жоғарыда біз адамның білімділігі дипломның санымен емес, қажеттіні өз бетімен талмай ізденіп, тауып, соның нәтижесін нақты еңбегімен халқына сыйлап, мойындатуымен есептелетінін тілге тиек еткенбіз. Оны өзі де: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен озам ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп сол «озатындарды» өзі пірі тұтып, басты қаруы етті. Сонысымен ол интеллект, ақыл-парасат иесі, ұлы ақын, кемел қоғам қайраткері, өз дәуірінің интеллигенті, Алатаудай алып тұлға ретінде Ұлы Далаға даңқы жайылды. Жеке индивидке ауыр жүктің бұйыруына қандай тылсым күштің ықпалы болды дегенде, жазушы А.Жағанова: «Бірде Луначарскийден біреу: «Менің үш дипло-мым бар. Мен интеллигенция қата-рына жатамын ба?» – деп сұрапты. Сонда ол: «Жоқ. Егер Сіздің әкеңіз, атаңыз дипломы бар, оқыған адам болса, Сіз интеллигенцияға жатар едіңіз» («Қазақ әдебиеті», 20.05.2011), – деп жауап бергенін ескерткен-ді. Әрине, ұлы ағартушы Луначарский орыс империясында өмір сүріп отырғандықтан, интеллигент атанғысы келген азаматтың әкесі, атасы оқыған, дипломды болуын талап етуі орынды. Көзі ашық, білімді, қоғамда өз орнын тапқан, ақ пен қараны ажыратып жүрген интеллигенция отбасынан шыққан бала көптің қамын жейтін күрескер, озық ойлы, халықтың мүддесі жолында өзін құрбандыққа шалудан да қашпайтын, жоғары мәдениетті, жоғары идеяны ұстанған интеллигент сапынан көрінері хақ. Алланың бұйрығы шығар, Абайдың дүниеге келген, тәрбие алған ортасы, династиялық тәрбиесінің орны Луначарский ойлағаннан да ерекше. Арғы атасы Ырғызбай – қызыл тілдің дүлдүлі, ірі би. Оның баласы Кеңгірбай да әкесінің туын жықпаған, Тобықтының атағын шығарған қабырғалы би саналған. Текті би Кеңгірбай қартайған шағында би титулын інісінің баласы Өскенбайға өсиет еткен. Орнын басар баласы Ералыны аттап өтіп, өз мүддесін қабілеті өзгеше інісінің перзентіне қиған. Қатар ержеткен Өскенбай мен Ералының туысы бір болғанымен, ділінде айырмашылық байқалып қалған. Істі болғанда жұрт айыпкерге: «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар», – деп кімнің-кім екенін бес саусағындай білген. Кеңгірбайдың да билік титулын өз ұлына жолатпауын оның бойына жұққан жексұрын әдеттен арылуға қабілетсіздігінен сақтанғанына жорыған жөн. Жұрттың оң көзіне іліккен, іскер де әділетті Өскенбайдың баласы Құнанбай – Абайдың әкесі ғана емес, қазақтың философы, саясаткер. Би, болыс, аға сұлтан қызметін мінсіз атқарған әрі қажы. Мұсылман шариғатын жетік білумен бірге, ірі қызметтер атқарғандықтан, үстемдік еткен орыстың заңдарын жатқа білген және екеуін ұштастырып, ел бірлігін, билік алауыздығын болдырмау жолын ұстанған, зиялы, беделді басшы. Поляк саяхатшы-ғалымы А.Янушкеевич: «...бий Кунанбай, это тоже большая знаменитость в степи. Сын простого киргиза, одаренный природой здравым рассудком, удивительной памятью и даром речи, дельный, заботливый о благе своих соплеменников, большой знаток степного права, российских уставов, касающихся киргизов, судья неподкупной честности и примерный мусульманин, плебей Кунанбай стяжал себе славу пророка, к которому из самых дальних аулов спешат за советом молодые и старые, бедные и богатые» (Дневники и письма из путешествия по казахским степям. Алматы. «Казахстан», 1996. с. 61-62), – деп Абайға қаны дарыған туған әкесінің шыққан тегі, әділ басшылығы, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын зиялылығы, ақыл-парасаты жоғарылығы, мұсылман, қазақ, орыс заңнамаларына жетік, қабілеті, дүниетанымы, әділдігі, қарапайымдылығы сырт көз адамының сыншыл көзімен барынша дәл байыпталып, асқан құрметпен кескінделген. Янушкеевич сондай-ақ «қазақтың байларының бәрі жиылып Құнанбайдың кебісін киюге жарамайтынын» ашына айтып, олардың қараңғы, надан, тек қарнын тойдырып, бір күннің қамымен күнін өткізіп жүрген дүниеқоңыз, тоғышарлығын бетіне басқан.

Міне, осы Құнанбайдың отбасында туып, династиялық, аристократтық тәрбиенің тал бесігінен шыққан Абай, бесіктен белі шықпай, халық аңыздары мен ертегілерін тыңдап өсті, қазақ қоғамындағы қызыл тіл, сөз құдіретін жанымен ұқты. Кемеңгер әкесі 13 жасында медреседегі оқуынан шығарып алып, Ұлы Дала билеушілері, дана, ақпа тілді, дариядай түпсіз шежіре қарттардың сөзін тыңдатып, би мектебінен дәріс алуға баулыды. Абай «барлық билердің атасы ХІІІ ғасырда жасаған Мөңке бидің адамгершілік-құқықтық мұрасын меңгерді. Майқы биден қалған мизам: даналық ойлар мен шешендік сөздер, әділ шешімдер халықтың тұтасып, ел болуына өлшеусіз үлес қосқанына көзін жеткізді. Халық әулиеге балайтын көне билердің жалтару мен бұлтаруды білмейтін турашылдық, көлгірсу мен көңіл жықпастықты жаны сүймейтін тазалық, әділеттілік, ақылдылық пен құйма құлақтылығы оның қызығушылығын, құмарлығын оятты. Тұрағұл әкесі Абай туралы естелігінде: «Жасында қайралған қылыш секілді қылпыған, кісінің бет-жүзіне қарамай ойын тура сөйлеп, батыл білдіретін, әрі шапшаң, әрі өжет, ашуы аузындағы кісі», – деп психологиялық портретін ұсынса, біз онан үрікпейміз, ол оған көне – «әулие билерден» дарыған қасиет ретінде қуана қабылдаймыз. Сондай-ақ, ол әулие билердің мұрасын қанағат етіп қалмай, «Қасым ханның қасқа жолы» (ХVI ғ.), «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» (ХVІІІ ғасырдың басы) заңнамалар жинағын, оны шығаруға ықылас білдіріп, халық қамын жеген хандарға алғыс сезімін білдіре отырып, терең зерделеді. Абай осы «көне», «дәстүрлі» мектептердің нәрін бойына дарытып, уызын жұтты. Ол өз дәуіріндегі құқықтық, сот және ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жасаған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің заманауи, құқықтық, заңи, реформаторлық мәдениетін бойына дарытты. Арғы-бергі заңнамаларды миына қотарып алып, ақылында қорыта келе: «Мен егер закон қуаты қолында бар кісі болсам, адам мінезін түзетіп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп заңның бастауынан ауызданып, бұлағының нәрімен шөлін қандырған Абай жастайынан баурап, ынта-ықыласы ауған саланың көсегесін көгертіп, апогейіне жеткізетін күнді аңсайды. Ауқатты отбасында туып, жасынан озық тәрбие мектебінен өткен дарынды бала, ұрпақтар дәстүрі, кодексі мойындататындай өз ортасының бірінші адамы болуды армандайтынына мысалдар баршылық. Шорман би (Орта жүз), Есет би (Көтібардың баласы) 20 жасында қалың жұртқа би ретінде мәлім болған. Төле би 15 жасында атақты би дәрежесіне көтеріліпті (әкесі Әлібек те би),  Абай 13 жасында көптің жуан ортасына сіңіп кетсе, 20 жасында көпке мәшһүр би болып, аузымен құс тістеген ақпа даугер, алмас тілді ақын, әділ билік иесі атанады. Ұлттық тілдің байлығын бойына жиған, қызыл тілдің тарланы, сөйлеу мәдениеті жанды ұйытқан, уәжі қарсыласын қара тастай балқытқан бидің жаңа буынын ел емірене қарсы алған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» («Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан). Осы мақсатпен Абай халықтың қалауымен 4 рет болыс, 2 мәрте би болып тағайындалған. Алғаш рет 30 жасында Қоңыр-Көкшеге болыстыққа сайланады. Халық арасында: «Абайға жүгініске барсаң, билігіне құлдық», «Абайдың бітімі – арман шегі» дейтін қарапайым жұрттың егіле айтқан сөзі Абайдың болыстыққа зәрулік сезімі болмағанымен, «қалың елі қазағының» екі жақты езгіден езілуі әділеттілікті аңсаған жанды жайлы өмірден бездірген. Мұндай мәжбүрлікті немістің классик ақыны Гёте де басынан кешіп, қатарынан 5 рет министр тағына отырыпты. Әр минуты мәңгі өлмес туындыларына қажет алтын уақытын шен-шекпеннің жетегінде жүріп өлтіру ұлы ақынның мұраты емес. Басты мұраты шығармаларының кейіпкері – халқының жуан ортасында жүріп, оларға иісі сіңіп, олардың иісі өз бойына дарып, шынайы өмірдің тынысымен дем алып, шырылдаған шындықты жаңа туындыларына арқау ету; тек қаламмен емес, өздеріне де мінсіз қызмет ету қолынан келетінін көрсету, азаматтық парызын өтеу, күллі өмірі халқына бағышталғанына көздерін жеткізу.

Ұлы Абай заң ережелерін жасай отырып, ол заңдардың қазақ қоғамының топырағына терең сіңіп, еркін қызмет етуінің құнарлы салт-сана, әдет-ғұрып, текті қылық, өркениетті дәстүрге тікелей тәуелділігін үнемі қуатты, терең философиялық поэзиясы, қарасөздері арқылы тыңдаушыларының құлағына құюдан жалықпаған. Мәселен, Абай артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайтынын, әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміздің қажеттігін санамызға құюы – өмір сүрудің бимәлім шешуі қиын жұмбақтарының кілтін қолға ұстатады емес пе? Ақылы кемшін адам мақтаншақ, ұрыншақ, қуыс кеуде, популистік тенденцияның бықсыған отын көсеуден әріге қолы жетпейтін мешеу. Ондай адам отбасы, мемлекет тізгінін ұстаса, күйретеді. Сондықтан, ғұлама Абай қазақ азаматының отбасы, қоғам, халықтың көсегесін тек ақыл, білім, қайрат, мінез бірлігін бойына дарытқанда ғана көгертетінін есіне салады.

Сосынғы жерде теңдесі жоқ Төбе би қоғамдағы елді ығыр ететін ұрлық-қарлық, дау-дамайдың отын өршітетін қауіпті вирусты да дәл танып, оны тұншықтыратын емін де ұсынады. 42-қарасөзінде ол: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» – деп жұмысы жоқтық аздыратынын тап басып айтып, қайран елі қазағын надандықтың торынан құтқарудың қаруы орыстың білімін, отырықшы жұрттың егін егіп, саудамен шұғылданатын кәсібін жаппай меңгеруге шақырады. Сонда жаманшылықтың жолы кесіліп, қылмысты құрықтау тиылып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманмен қауышамыз. Адамгершілік, ізгілік, әділеттің ауылын аңсаған Абай, «адамзаттың бәрін сүйе отырып», сол адамзаттың тәрбиесінде кінәрат жібермеуге, сәби тал бесіктен жақсы мінез-құлықтың уызына жарып өсуін мұрат тұтады.

«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі виноват», – деп адамзат қоғамын ізгілендіруге бағытталған заңнама жобасын ұсынады. Сәби өмірге жаман болып келмейді, оны бұзатын отбасы тәрбиесіндегі оғаштық, ортасындағы олқылық, замандастарының басқаның тәрбиесіне немқұрайлылығы, жүрген жеріндегі жүгенсіздіктер бойында жақ-сылықтың иммунитеті тапшы жасты жамандықтың аулына қоңсы қондырмақ. Сондықтан, Абай жастардың тәрбиесіне біреу емес, барша замандастары немқұрайлы қарамай, бірігіп мән берсе, болашақтың іргетасы берік қаланатынын ескертеді. Тұжырымның құндылығы, өміршеңдігі – адамзатқа мәшһүр ұлы педагогтар, философтар мен ұлы заңгерлердің адам баласының тәрбиесіне аса жауапкершілікпен, ізгі тілек, биік мұратпен, таза қолмен араласу қажеттігін ғибрат еткен тағлымдарымен бір арнада тоғысып жатуы.

Ұлы далада XIX ғасырдың басында Россия империясының отаршылдығы күшейіп, хандық билік жойылып, халық билерінің қызметі әлсіреп, патша өкіметінің әкімдері: ағасұлтан, болыс, старшындардың ықпалы нығая түсті. Ал, XIX ғасырдың екінші жартысында патшалық Россия қазақ даласын толық отарлап, жер де, билік те солардың қолына көшті. Патша өкіметінің әкімшілдік басқару орындарындағы сот, тергеу мекемелеріндегі кеңесшілдік, төрешілдік әрекеттер уезд начальнигінің пәрменінде болды. Болыстар билерді өздері таңдап, тағайындап, әмірін жүргізді.

Қарамола съезінен кейін «төбе биліктен» де, биліктен де іргесін аулақ қондыра бастағанмен, феодальдық-рушылдық, ескі әдет-ғұрып салтына жетік, патша өкіметінің сот, тергеу жүйесінің заңнамасына мәтіби, орыс тілінде орыстың өзін жаңылдыратын Абай, уезд начальнигімен сұхбаттасу барысында шапшаң тіл табысып, ұсынысын өткізіп, өздерін жер қаптыратыны Тобықтының төрт болысы, ірі ру басыларына ұнамады. Съездерде Абай төбе көрсетпесе екен деп тіледі. Мұның бәрін жете сезінетін Абай, абұйыр әпермейтін былықты оқиғаның иісі сезіліп тұрған маңға жоламауға тырысты. Алайда, қазаққа ақыл беремін, түзеймін деп қамын жейтін күш-қуаттан адалдығын сезініп, тыныш жатуға бет бұрса да, халық ұлы ақын, ұлы биінен қол үзгісі келмеді, кемел ақылымен аяқтан кісенін сыпырып, беделімен белдінің омыртқасын опыруды көздеді. Абайдың басына бұлт төндіріп, абройын төгуді көздеген қитұрқы әрекет осылайша тұтанған еді. 1898 жылы, Семей уезіне қарайтын елдің болыс, билерін сайлау өтетін боп, оған уезд начальнигі Данилов басшылық ететіні хабарланды. Съез жақындап қалғанда, бір кезде Абай болыс болғаннан жаһаттас аз ел Қоңыр Көкшенің ахуалы төмендеп, берекесі кеткенін басынан кешіп жүрген елдің қамы қабырғасын қайыстырған азаматтары Абайдың үйіне келіп, оған мұңдарып шағады. Олар: «Мұқыр болысындағы алты старшын көкшені Оразбай келіп еңсеріп барады. Біз Тобықты ішіндегі аз ауыл едік. Мына Оразбай елімізді бұзып, ішімізге бүлік салып, тоздыруға айналды. Оразбай жағындағы Жөкең, Кішекең, не Бөбеңнен болыс болса, бізді бұл Шыңғыста мүлдем отырғызбайды, жерімізден қуып, мал басымызға билік болмайды», – деп жыларман халде бұл тиюсыз зорлықтың соңы немен бітетінін ашына айтқандарында, Абай «ел ортасының партия, тартыс сөздерінен бас тартқанын» қоя тұрып, съезде Көкшенің сөзін сөйлеуге бел буады. Абайдың Көкшенің мүддесін жоқтап, ағайын жұрттың көз жасын құрғатуға бағытталған ізгі ниеті Тобықты ішіндегі Есболат руының басшысы Оразбай (ежелгі жауы), Жөкең-Наз деген атаның ірі ру басы Әбен Бітімбаевтардың ұлы ақынның өміріне қастық жасау үшін қол жұмсайтын жауыздығына әкеп соғады. Оразбай сұм қасына ерткен елірген желөкпе қанішерлеріне: «Ей, қауым, менің 3500 жылқым бар. Ол Абайдың құнына жетеді!», – деп есіреді. Көрер жарығы бар Абайды қасындағы жалынды жас жігіт Уәйістер шапандарын жауып, арқаларын төсеп ақ өлімнен аман алып қалады. Ел ішіндегі бетімен, тиюсыз кеткен жуан жұдырық жуандардың халыққа көрсеткен көпе-көрнеу зорлығын, елге істеген ұрлық-қиянатын тиямын деп күрескен, ел жамайтын Абай өлімнен әупіріммен аман қалып, намысы тапталып, жүрекке қамшы, етке кетпейтін таңба соқтырған күйзелісті басынан кешеді.

Ақымақтықтың апофеозын дүлей ашуымен халықтың Абайына бағыттаған Оразбай бұл жолы күллі дәулетін, басын да тігіп, ел жамайтын ер, қазақтың маңдайына біткен жұлдызын сөндіруге барын салады. Орыс халқының ойшыл ғалымы Николай Бердяев: «Барлық халықтарға тән бір тоқтаусыз әдет бар, ол – өз пайғамбарларын, ұстаздарын және ұлы адамдарын тепкіге салу. Пайғамбарларға қай кезде де, қай жерде де тас атқан», – деп өзінің жеке басының мүддесі, пендешілік есептерінің былығынан бойы аспай, пайғамбарлар мен ұлы адамдар қатар жүргенде, қоғамның езі мен сұмпайысы екені сезіліп, төрден орын тимей, босағада өмірі өкситінін білетін пысықайлар, қай халықта болса да, ұшыраспай қоймайтынына күйінген. Олар Оразбай тәрізді сөзі, айласы өтпеген жерде күллі дәулетін тігіп, дүниеге ар-иманын сатқан күншіл қанышерлердің қолымен «пайғамбарлар, ұстаздар, ұлы адамдардың» жанын жаһанамға жібертіп, өзі тәрізді пысықайлардың бағы жанған қоғамда еркін «ақтырмайтын бөгетінен» құтылып, төрт құбылаға жол ашылмақ.

Н.Бердяевтың «пайғамбарлары, ұстаз-дары, ұлы адамдарындай» емес, маңындағы халық өкілдерінің ұлы адамға махаббаты жеңіп, өз өмірлерін жауыздарға ұсынып, соққыны солар жеп, Абай тірі қалады. Қан дәметкен Тобықтының тоңмойын, доңыз, кеппекеуделілері тығылар жер таппай: «Абайды ұрдық, енді ұлымыз ұяға, қызымыз қияға кетеді», – деп қатты сасады. Бірақ ғұламаның аты – ғұлама. «Жатқан жыланның құйрығын бастым», күні кеше ел тізгінін төрт рет қатарынан ұстағанда, «мен жасымда, қарғағанымды жер қыламын, алғанымды зор қыламын деп – ашуға да, айлаға да түнегендей болғанмын», әрі туған ағасы Тәкежан, інісі Оспан, болыстық қызметтерін атқарған кездері туысы бірге ағайын-тобықтылықтарға «тақымдары батыңқырап», кегін қоздырған тұстар ұмытылмай, шоғы қайта қоздауына себепкер болған шығармыз» деп, өртті тұншықтырып тастайды. «Барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды, туысы бірге ағайын осымен кегі бітіп, бір-бірімен аралас-құралас күн кешсін, аты-сауыны жоқ ағайындардың қолы малыма бос болсын» деген Атымтай жомарттықтықтың даңғылын ұсынады. Бұл жерде де оның асқан әділетшіл, «Төбе билігі» адам ғұмырын жалмамақ болған жеті қабат тоңды жібітіп, Тобықтыны тұншықтырған қара бұлттан арылтады.

Абай халықтың Абайы емес пе? Тобықтының «Көшбикеде» Абайға жасаған қастандығын ол өзі кешіргенімен, Орта жүздің ру басылары кешпей, Тобықтының болыстары, ру басыларымен теке-тіреске түспей-ақ, қазақтың құнарлы тілімен бәдізделген ойларын шегелеп жеткізеді. Абайдың жазықсыздығын, іштарлықпен оның дара тұлға, патриарх, толағай ақыл иесі болғандығын кешпей, өлімін қалап, бірақ жағдай оны сақтап қалғанын мойындарына қояды. Қарапайым қазақ емес, біртуарлығын ескертіп, 100 түйе (екі адамның құны) құн төлеуге мәжбүрлейді. Өзінің атақ-абыройын, намысын таптатпай, кегін жібермей, сойылын соғып, Тобықтының ісінген кеудесін басып, тәубесіне келтіріп, ел бірлігін септеген Орта жүз ру басыларының адамгершілік, ізгілікке негізделген бастамаларын Абай қолдағанымен, өміріне құн талап етуіне қарсы болады. Олар еліне қайтқаннан кейін тобықтының игі жақсылары Абайдың үйіне келіп, аяғына жығылып, кешірім сұрайды, құны кесілген түйелерін ұсынады. Ұлы ақын, апостол, дана би Абай, өз өмірін малға сатпайтынын, мұнан былай ағайын арасындағы алауыздыққа жол бермей, бір әкенің баласындай ұйымшылдық, бауырмашылдыққа жетулерін өтінеді, әкелген малдарын елдеріне қайтарып әкетіп, тұрмысы төмен отбасыларына үлестіріп берулерін сұрайды. Өмірдің түбін ойлап, адамгершілік тұрғысынан қайырымдылық көрсетудің үлгісін танытады. Алакөзбен қараудың орнына, шуағын төккен дала көзбен қарсы алып, қойын сойып, қолын қусырып қабылдаған, әрі әкелген малдарын алмай, қайтарып бергеніне таң-тамаша сезімге бөленген, асқан әділеттілігін мойынсұнған. Кешірім сұрап келген Жігітек пен Бөкеншінің адамдары: «Абай шын данышпан, шын туысқан екен ғой, құзғынша төніп, құрқұлдап жүріп, қолдағы алтынның қадірін білмейді екенбіз ғой», – деп өздерін ел тұтқасына балап жүрген игі жақсылар бастарын шайқап, тілдерін тістейді. Бұған қосарымыз, Абай – «Өзі атып, өзі түзелетін үйірімді мылтық» (Керей Бегеш би), ел-жұртты, тіпті қоғамды қатерлі дерттен арылтушы милети шипагер, өз өмірін халқының жарқын болашағына құрбан етуден жаңылмайтын «Төбе би», Алатаудың биік шыңдарының болат тұяқ мұзбалағындай өмір биігіне шығып алып, мәңгі өлмейтін, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» озық туындыларымен тіршіліктің тегершігін қолда берік ұстаудың алгоритмін ұсынған теңдесі жоқ философ, кемеңгер ақын. Мұндай бағаны олқысынған Алаштың жалынды ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайдың поэзиясын «Пайғамбардың жүрегінен құйылған Құрандай» десе, ондай парасатты пайымға ол қайнаған қанның, қиналған жанның, толқыған көңілдің, толғанған жүректің сығындысын өз жүрегінің сүзгісінен өткізіп, бойына сіңіріп, идентификациялау барысында келгеніне күмән жоқ. Өзі де қазақ әдебиетінің қанатты тұлпары Сұлтанмахмұттың классикалық Абай поэзиясына жоғары методологиялық талғаммен телепортациялық қорытынды жасауы, әдебиеттану ғылымында көріне бастаған жаңаша зерттеу парадигмалары асқақтатып асыра мақтау емес, Гималайды көзбен көріп тұрып алыптығын шүбәсіз мойындайтындай ақиқат.

Абай – «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез» және талант деген нәрселермен озатынын құлаққа құйып, соны өзі мүлтіксіз жүзеге асырып, рухани сілкініс жасаған ренессанстық тұлға. Оның өмірі де, тарихи, саяси, моральдық, шығармашылық, адамгершілік, мәдени ұстанымдары да сол рухани кемелділіктің жарқын көрінісі. Рухы мықтыларға арқа сүйеу – айың оңынан, жұлдызың соңыңнан туып, өмірің мәнді де мазмұнды болуының себепкері. Жазушы, марқұм Дүкенбай Досжановша тігісін сөксек, биік таулардың биіктігіне шын құмартып қараған сайын кеудеңе тыныс толатыны секілді, рухы берік кісілердің күнделікті күресіне, сөзіне, нарқына бой салып қарау да бойға жігер құйып, өмірге құштарлығыңды оятып, өзін Гималайға айналдырған қасиеттердің қадіріне жетуіңді, жеткеніңнің қызығын халқың көруін талап етуі кәміл. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ халқының рухани әлемін мұндай биікке көтерген ақын болған емес», – деуі оның қазақ қоғамын «жақсы мен жаманды айырып», «өнер, білімі бар жұрттардың» қатарына қосылуына бар ғұмырын арнап, бар салада реформаторлық қызмет атқаруы, соның бірі – қазақ заңнамасын жазып, би, «Төбе би» міндеттерін қапысыз орындап, «Заңы дамыған елдің – өзі де дамитындығын» (Публилий Сир) сөзімен де, ісімен де, ғылыми ізденісімен дәлелдеп өткені.

Шешендік нақылда айтылатын:

          Қанша жуан болса да,

          Жалғыз ағаш үй болмас.

          Қанша жақсы болса да,

          Жалғыз адам би болмас, – дейтін күн келіп жетті. Әлемдік өнер, білім дариясынан еркін сусындаған сегіз қырлы, бір сырлы ғұлама өмірден кеткеннен кейін қазақтың жоғын жоқтайтын, жылағанды жұбатып, есесін ұттырғанның еңсесін тіктеп, отарлық езгіден ел болудан қалып бара жатқан, басын қара түнек жайлаған халқының ауыр тағдырын Алаштықтар мойнына алды. Демек, «қанша жақсы болса да, жалғыз адам би болмастың» кебін киген, тағдыршешті мәселелерді ұлыдержавалық шовинистік саясат жайлаған ол кезде жалғыздың үні шықпасы, жаяудың шаңы шықпасы анық еді. Кешегі киелі жер киесінен айырылып, Столыпин реформасынан кейін жаппай қазақ даласына ағылған қара шекпенділердің көмейіне жұтылды. Қасиетті ел ұлтшыл, ұлтшыл еместер болып жіктеліп, ұлтшылдар титулдық ұлттардың мүддесін көздеп, геноцидтің жолын кесіп, қайтсек тәуелсіздікке қолымыз жететініне шашы ағарып, мамыражай тірлік, ұйқыдан қағылды. Алаштықтар күллі қазақ даласынан өсіп-өнген, әр жерде тәрбие алып, көрнекті қалалардағы жоғары, арнайы оқу орындарынан білім нәріне сусындап, көзге түскен, үлкен қызметтердің тізгінін ұстаған оқымысты азаматтар еді. Алаштықтарға қазыналы, жалынды жүрек, қасиетті рух, қуатты талант, нәзік сыр, кемел парасат, ақ ниет, шалқар пейіл, ақыл, ғылым, күрескер мінез қонған, тасқа салса тасырқамайтұғын, мұзға салса таймайтұғын, жеке бас мүддесін елінің мүддесіне құрбан еткен ерекше туысты азаматтар еді. Соның бірі, бірегейі – Сыртанов Барлыбек. Ол 1866 жылы Жетісу өлкесіндегі Қапал уезі, Арасан болысы, Қарашоқы аулында дүниеге келген. Тегі Найман руы Матай тармағының Қаптағай атасынан. Еске сала кетейік, атақты қобызшы шал Малықбай, ұлы ақынымыз Ілияс Жансүгіров те осы Қаптағайдан шыққан. Әкесі Сыртан елге сыйлы, әділетті, батыл адам, әділетсіздік қиянатқа төзбейтін, қайсар мінезіне сүйсінген Жамбыл ақын оған 1881 жылы Верный қаласындағы жиында кездесіп, «Сыртанға» атты өлеңін шығарыпты.

Барлыбек 1876 жылы Верныйдағы ер балалар гимназиясына оқуға түседі, үздік оқиды. Ол гимназияны тамамдар шақта оқу орнының директоры Д. Новак Жетісу облыстық әскери губернаторына құзау хат жазып, Ресей қалаларының біріндегі жоғарғы оқу орнында оқуына оған қаражат бөлуін талап еткен. Қазақ жастарының дарын, қабілет қуаты өзге ұлт өкілдерінің прогрессивті тұлғаларының жүрегін ауыртпай қоймаған. 1890 жылы Сыртанов Санкт-Петербург университетінің Шығыстану факультетін араб, парсы, түрік тілдерін меңгеріп, бірінші дәрежелі үздік дипломмен бітірген. Оның азаматтық тұлғасы, саяси көзқарасының қалыптасуына 1886-1887 жылдардағы Россиядағы қозғалыстар мен революциялық толқулардың игі ықпалы тиеді. Университет қабырғасында оқып жүргенде, ол сондағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан, болашақ Алаш қозғалысының көшбасшылары Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мәмбетәлі Сердалин, Абдолла Теміровтармен,  ертеңгі ұлт зиялыларымен пікірлес болып, болашағы жар үстінде тұрған халқына қатысты мәселелерді талқылаған.

Ол кейін еліне оралып, жауапты қызметтер атқара жүріп, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының зардабынан тұрғылықты жұрт ел тізгінінен қағылып, жерінен айырыла бастауын, Столыпин реформасынан кейін Жетісу жеріне қоныстанып, құнарлы, шұрайлы, көрікті жер-суды зорлықпен ала бастаған «қарашекпенділер» тасқынын тоқтатуды ұлы державалық шовинизмі асқынған билікке жан-жақты, құлашы кең, ойлы-пікірлі талаптарын жібереді. Онымен шектеліп қалмай, халықты «Ресей үкіметінің отаршылдық шараларына» қарсы үндейді. 1910-1913 жылдар аралығында Барлыбек Қазақ елін Ресейдің ішкі колониясынан шығару, оны тәуелсіз статусы бар мемлекет ретінде құру жөнінде Устав жазады. Бұл құжат демократиялық даму жолын құқықтық тұрғыдан белгілеген Қазақстанның тұңғыш Конституциясы саналады. Ол қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды, ұлттар теңсіздігін, саяси шиеленісті революциялық жолмен, қару-қақтығыс емес, құқықтық-демократиялық реформа көмегімен шешуді жақтады. Онда өз саясатың, анық әлеуметтік-қоғамдық, экономикалық бағытың, әскери доктринаң, ұлттық ұстанымың берік болуын көздеген. Мұнда сепаратистік идеяға басымдық беруі де сыйымды. Алаш ардагерлерінің бәрінің ізгі арманы орыс империясынан, кейін Кеңес өкіметінен бөлініп, өз мемлекетін құруды армандап, «контрреволюциялық – Алашорда», «буржуазиялық Алашорда», «буржуазиялық ұлтшылдар» деген қаралайтын, регрессивті атауларды маңдайына кетпейтін ластаңба етіп бастырғаны мәлім. Алашордашылардың бәрі – ұлтжанды, ұлтшыл. Олардың қаны тамып тұрған ұлтшыл болуының заңдылығын Міржақып Дулатов жеткізе байыптап беріпті: «Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сатқан соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық. Бірақ біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргеніміз еді». Сол «кемдікте, қорлықта жүру» Алаштықтарды Россиядағы 1917 жылғы ақпан, қазан революциясы кезіндегі мүмкіндікті пайдаланып, 1917 жылы желтоқсанда Алашорда Қазақ автономиялық республикасын құрғаны мәлім. Міне, сонда Барлыбек Сыртановтың құқықтық-демократиялық реформасы тәуелсіз мемлекеттің ірге тасын берік өру, дамуының алғышартына айналды. Қазақ заңнамасына отаршылдар тіземен басып енгізген қасаң қағидалардың иегінің астында жүрмес үшін Алашорда қайраткері Халел Досмұхамедов Алаш үкіметін өмірге әкелгенде, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет етіп құруды ұсынады. Онда мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі, құқығы үстем болуы шарт. Адамды түзеу үшін әуелі пиғылды, ниетті түзеу керек. Тарихтан мәлім, ұлтының ақылы мен ойының, парасаты мен білігінің анасы – билер; ел арасында әулие саналған сопылар, бақсылар, йогтар, аватарлар, монахтар адамзат қауымын жақсылыққа, рухани тазалыққа, мейірімге, иманға үндеушілер, жүрген жерін қатыгездіктен, қаныпезерліктен, ашкөздіктен, қылмыстан тазартқан. Совет өкіметі кезінде мәдени құндылықтарымыз құнсыз, советке керағар санаған. Олардың басты аргументі саяси көзқарасы қаналушы таптың сойылын соғатындықтан, бай, болыс, би, молда, сопы, қажы, ел билеушілердің бәрі қанаушыларға, дін – апиынға баланған. Жұртты Құдайды мойынсынудан бездірді; имандылықты берік тұтынуды ескіліктің қалдығы санап, жұртты имансыздыққа мәжбүрледі. Ал, имандылық – салауаттылық, парасаттылық, ізгілік, сопылық, дін мен ділдің тазалығы, руханилық. Адамға ауадай, судай, ауқаттай қажет, оның адамдық, азаматтық болмысын қалыптастыратын имандылықтан без-діру – Кеңестік өкіметті әлеуметтік конгломераттық мемлекет ретінде азғындап, күйреуін жеделдетті. Жаратушының Жерге түсірген 4 қасиетті кітабының бірі – Мұса пайғамбарға жіберген «Таурат», иврит тілінде «Заң» деген мағынаға ие. Патша өкіметін құлатып, өкімет басына қолы жеткен большевиктердің көсемдері өздерінің бағасын асырып, қол жетпеске қол жеткізген құдіретті етіп көрсету үшін тірі Құдай, Пайғамбарлар өздері екені, ал, аңыздағылар жалғандығына риясыз сендіру үшін  қоғамнан дінді күшпен аластатқан. Алаштың ұлы перзенті Мұстафа Шоқай: «Жаман халық жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады», – деп репрезантивтік деңгейде мемлекеттің мәңгі өмір сүруінің рецептін ұсынған. «Адамгершілігі мол адамдар» мемлекет басқаруда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман орнатып, халқының төрт құбыласы сай болуы жолында, ел билеудің ең озық заңдарына өріс ашып, «Махаббатпен жаратқан адамзатты» – «Алланы сүйіп», жер бетінде жұмақ орнатуды армандаған. «Таурат» – «Заңдарын» пір тұтып, бақытқа жетудің коды етпек. Көктен түскен қасиетті кітаптардың бәрінде де: «Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек заң һәм Құдай алдында жауап береді» деп үмбетіне жер бетіндегі сүйенер екі тірегін атын атап, санап санасына сіңіреді. «Сомсынғанға Алла бар, Сом темірге балға бар» (Н. Орманбетұлы). 

(Басы өткен санда. Жалғасы бар)

 

703 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз