• Келелі кеңес
  • 30 Қыркүйек, 2020

АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Сурет:diapazon.kz

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елімізде соңғы жылдары ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл – құптарлық жайт. Себебі ауыл өркендемей ел өркендемейді. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі де ауыл шаруашылығына тікелей қатысты екенін жақсы білеміз. Ауыл, сонымен қатар, руханият пен мәдениеттің де алтын бесігі. Ұлттық болмысымыз, ұлттық құндылықтар ең алдымен ауыл топырағында қалыптасатынын ұмытпайық. «Ақиқат» журналының «Келелі кеңес» айдарының кезекті шығарылымын «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбына арнап отырмыз. Осы орайда ауыл әкімдеріне бірқатар сауал қойған едік. Мұндағы негізгі мақсатымыз ауылдардың тыныс-тіршілігінен хабардар болу, рухани-мәдени келбеті жайында мағлұмат алу болатын. Сауалдарға Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінің әкімі, республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауының Жамбыл облысы бойынша жеңімпазы Мұратбек АРЫСТАНБЕКОВ, Батыс Қазақстан облысы Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай ЖҰМАҒАЛИЕВ, Атырау облысы Дамды ауылдық округінің әкімі Ұзақбай БАЙЗУЛИН жауап берді. «Келелі кеңесті» «Ақиқат» журналының Бас редакторы Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ жүргізіп отырды.

 Өзіңіз басқарып отырған ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз.  Ауылыңызда халық саны қанша, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай? Ауыл шаруашылығының бағыты қандай? Ауылдың инфрақұрылымын дамыту жолында қандай жұмыстар атқарылды? Ауыз су мәселесі қалай шешімін табуда? Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты жүзеге асырылуда? Жас мамандардың ауылға келуі қалай? Руханият пен мәдениетті өркендетуге қаншалықты көңіл бөлесіздер? Ақсақалдар мен әжелер институты бар ма?

Мұратбек АРЫСТАНБЕКОВ, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінің әкімі: – Абай ауылы  Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауда-нының орталығы  Құлан ауылына өте жақын орна-ласқан елді мекен.  Еңбекші және Көкарық ауылдарынан тұратын ауылдық округтегі 183 үйде 2137 адам тұрып жатыр. 2003 жылы пайдалануға берілген 500 орындық орта мектепте оқитын 400 оқушыға  57 мұғалім білім беруде. Мектеп  заманауи сапалы құрал- жабдықтармен  қамтамасыз етілген. Орта мектепте 4 компьютер сыныбы, 12 интерактивті тақта орналасқан. Абай ауылы қаймағы бұзылмаған таза қазақы ауыл болып есептеледі.  Басқа ұлттардың 14 өкілі тұрып жатыр. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы дамуда.

Ауыл халқы ерте бастан ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Ауыл-дың жалпы жер көлемі 30044,8 гектар болса, оның 5097,7 гектары егістік, 230 гектар суармалы алқап, 23879,5 гектары жайылым алқаптарын құрайды. 3000 гектарға масақты дақылдар, 50-60 гектар қант қызылшасын, 300 гектардан астам алқапқа майлы дақылдар өсіріледі. Ауыл орналасқан жердің табиғаты мен ауарайы бау-бақша өсіруге өте қолайлы.

Ауылдың ауыл шаруашылығы егіншілік және мал шаруашылығы салаларынан тұрады. Ауылдық округте 45 шаруа қожалығы, 27 шағын және орта кәсіпкерлік  нысан жұмыс істейді.

Ауылдағы халыққа қажет әлеуметтік инфрақұрылымдарға қатысты мәселелер толық шешімін тапқан. 6 шақырымнан асатын орталық көше, 6 шақырым ауыл ішілік жолдар сапалы асфальттанған болса, 23 шақырымдық орталықтандырылған ауыз су жүйесі халыққа таза су береді. Ауыл көшелері табиғи газбен  толық қамтамасыз етілген. Барлық көшелердегі түнгі шамдар диодты түнгі шамдарға ауыстырылуда. Биылғы жылы жергілікті қаражатқа ұзындығы 4250 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Ауыл аумағы 90% ағынды тау суымен қамтамасыз етілгендіктен көгерту жұмыстары жақсы жүргізілуде. Алысқа бармай-ақ айтсақ, биылғы «тәжтажал дерті» ушығып тұрған көктем кезінде ауыл халқын ұйымдастырып, орталық Қ.Сәтбаев көшесі бойына 300-ге жуық қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды. Тұрғындар өз ақшаларына көшет сатып алып қоршап, өздері күтіп-баптауда. Бұл, әрине, ауыл халқының бірлігін көрсетеді.

 Халыққа қолжетімді инфрақұрылым дегенде, ең үлкен проблема –  ауыл аудан орталығына жақын орналасса да, интернет байланысы өте нашар жұмыс істейді. Қарап отырған жоқпыз, «Қазақтелеком» АҚ өз жоспарымен ауылдағы мекемелерге кең жолақты интернет желісін кіргізуге тырысып  жатырмыз. «Транстелеком» АҚ біздің сұранысымыз бен кең жолақты интернет желісін жүргізіп қойды. Бірақ, бұдан пайда шамалы болып тұр, өйткені, ауыл халқы, әсіресе, жастар мен оқушылар  интернетпен толыққанды жұмыс істей алмайды. Бізде бір жұмысты екі істеу деген жаман әдет қалыптасқан. «Қазақтелеком» басшыларының айтуынша, ауыл халқына 2021 жылы  кең жолақты интернет желісі кіргізіледі екен. Теледидардан күнде  «Биыл ел аумағындағы 350 ауылға интернет кіргізіледі» деп күнде айтылады. Сонда кімге сенеміз.

 Ауыл шаруашылығы жайында айтатын болсақ, бүгінгі күні  ауыл бойынша 3000-нан аса мүйізді ірі қара, 2000-ға жуық жылқы, 16000-дай қой-ешкі өсірілуде. Елді мекен аудан орталығына, базарға жақын орналасқандықтан, көптеген тұрғындар мал бордақылап, ет өндірумен айналысады. Мал бордақылауды кәсіп еткен бір ғана отбасылық  (бес ағайындыны біріктірген) «Сүйін» шаруа қожалығында бір мезгілде 300-ге жуық мүйізді ірі қара, 200-ге жуық жылқы, 300-дей қой бордақыланады. Ал қалған 11 мал бордақылау алаңында тұрақты түрде 350 бас мал бордақыланады.  Ауыл халқын біріктіру үшін құрылған, ет өнімдерімен айналысатын «Құлан агрогруп» және сүт өндірумен айналысатын «Бірлік-2» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері мемлекеттен 80 млн-ға жуық қаржы алып, 40-тай шаруа қожалығы мен жеке азаматтарды біріктіріп отыр. 2018-2019 жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 300 млн теңгеден асатын жеке инвестициялар тартылса, 2020-2021 жылдары 700 млн теңгеден асатын инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осы жобалардың ең маңыздысы Елбасымыз Н.Назарбаевтың қарапайым заттар экономикасына негізделген  тапсырмасы негізінде іске асырылып жатқан «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы» болмақ.

Биылғы жылдың қыркүйек-қараша айларында іске асырылатын жоба  іске асқанда, ауылға 450 млн инвестиция тартылып, 372 үй мен 1116 адам жұмыспен қамтылады. 2000-нан аса қой, 1000-нан аса мүйізді ірі қара малдары әкелінді.  Тағы бір ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, қосымша 10 кәсіпкерлік нысан іске қосылады. Ауылдағы техникалар саны 7 данаға артады. Байыппен қарасақ, бұл жобаның халықты қосымша жұмыспен қамтуға, кедейшілікті  азайтуға үлкен үлесі болғандықтан, ауыл халқы үлкен құлшыныс танытып отыр. Ауылымыз кішігірім болса да, ауыл кәсіпкерлері тері-жүн қабылдап, алғашқы өңдеуден өткізілетін арнайы цех-қойма, автокөлікке қызмет көрсететін екі орталық, жол бойғы қонақ үй кешенін, тәулігіне 3000 дана нан пісіретін наубайхана, бір мейрамхана және екі дәмхананы іске қосып, өз тірліктерін жүргізіп жатыр. Сәтін салса, келесі жылы монша-сауна, шаштараз сән салоны кешені іске қосылады. Соңғы екі жылдың ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 кәсіпкер  42 млн теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізсе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы екі кәсіпкердің бизнес жобасы қаржыландырылды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 505-530 мың теңге грант қаражатына 16  ауыл тұрғыны қол жеткізді. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 1 кәсіпкер 93 млн теңгеге 140 бас сүт бағытындағы асыл тұқымды сиыр сатып алды.

Жас мамандарға қатысты сауалыңызға келетін болсам, жалпы, Абай ауылынан соңғы үш жылда көшіп кету үрдісі жоқ десе болады. Керісінше, соңғы екі жылда, қоныстану үрдісі көбейіп тұр. Бұл жастарға да қатысты. Соңғы екі жылдың ішінде ауылдағы әкімдік, мектеп, амбулаторияға 13 жас маман келіп, тұрақты жұмысқа орналасты. Оның үшеуі  «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы тұрғын үй сатып алды. Жалпы ауыл жастары өте белсенді. Менің негізгі арқа сүйейтін қолдаушыларым да жастар.

Биылғы жылдың басынан бері пандемияға байланысты жарияланған карантин кезінде ауыл жастары 2,5 млн теңгеге ауылдық мешіт үйін ағымдағы жөндеуден өткізіп, ауласын абаттандырып, гүлзар жасады, қылқан жапырақты тал-дарақтар отырғызып, түнгі шамдар орнатты. Қосымша қойма орнатып, дәрет бөлмесін соғып берді. Жастар орталығына 1 млн теңгеге спорттық тренажерлар орнатты. Осы жастардың ұйытқы болуымен сәуір айында ауыл тұрғындарының қаржысына құрылысы басталған 250 орындық әлеуметтік асхананың бүгінгі күні шатыры жабылуда. Бұл жұмыстар «Қазақстан-1» және «Қазақстан-Жамбыл» телеарналарында көрсетілді.

Ауыл халқына медициналық қызметті 2018 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория жүзеге асыруда. Амбулатория жаңа болғандықтан, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Алты білікті медицина қызметкері күніне 25-30 адамға ем-дом жасайды. 5 төсектік күндізгі емдеу бөлімі бар.

Алысқа бармай-ақ, коронавирус індеті кезінде ауылдық дәрігерлік амбулатория 1200 адамға тегін медициналық қызмет көрсетіп, 900 мың теңгенің дәрі-дәрмегін берді. Бес айдың ішінде үш ошақ анықталып, оқшауланды. Жалпы ауыл халқы ауылдық амбулатория қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайды. Өзім амбулатория қызметін тұрақты бақылауда ұстап, әр уақытта көмектесіп тұрамын.

Шындап келгенде, қоғамдық өмірдің қай кезеңінде болмасын, руханият пен мәдениетті дамытпай, алға жылжуымыз өте қиын. Дәл қазіргі кезде рухани дамудың басты қайнар көзі – ана тілімізді басты құндылық ретінде дамыту,  ұлт тарихын шынайы оқып-үйрену, озық салт -дәстүрімізді заман көшінен қалдырмау деп түсінемін. Ана тілімізді қоғам дамуының барлық сатыларында басты орынға қоймай көсегеміз көгермейтіндігі анық.

Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ халқы жойылып кету алдында тұрған шақта қазақтың үш жүзі мен қырғызды, қарақалпақты, құрама жұртын біріктіріп, алты алаш деген мемлекетті құра білген Абылай хан екендігін қазіргінің жастары біле ме? XVII  ғасырдың ортасында Абылай ханмен қатар тұрып, жоңғар шапқыншыларымен соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ,  т.б. батырлардың жанқиярлық ерлігін бүкіл мемлекеттік БАҚ кеңістігінде үздіксіз жариялап отыру қалыпты үрдіске айналуы тиіс. Кеңес өкіметі  кезінде мектептерде туған  әкесін соттатқан  «Павел Морозов сыныбы» деген сыныптар болған. Сол  сияқты қазіргі күні мектептер ұжымы үздік сыныптарға ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының атын беріп, оларды өзара білім, тарих сайыстарына қатыстырып отырса, ұлт тарихын дәріптеуге, отансүйгіштікке  қосылар үлкен үлес болар еді.

Мен осы мәселені ауылдағы мектептің оқу-тәрбие үдерісіне енгізуге күш салудамын. Өзім кітапқұмар болғандықтан, мектеп, ауылдық кітапханадан әдеби, тарихи кітап алып тұратын оқушылармен, үлкен кісілермен тұрақты пікірлесіп отырамын, әрі олардың қатарының көбеюіне мүдделімін. Қазіргі кезде рухани саладағы басты қиындық – балалар мен жастарды әдеби кітап оқуға баулу екенін бәріміз білеміз. Бірақ  бірігіп күрескен жағдайда ғана бұған қол жеткізе аламыз. Ауылдық кітапхана мен мектеп кітапханасында ауыл тұрғындары мен жастарды рухани дамытуға арналған шаралар тұрақты өткізіліп тұрады.       Биылғы  жыл ұлы ойшыл, ақын  Абай Құнанбайұлының жылы болып жарияланғанмен,  әлемге келген індет кесірінен жоспарланған шаралар өз деңгейінде өтпеді. Ең өкініштісі сол. Аздаған адамның  басын қосып тақырыптық, онлайн режимінде шаралар өткіздік. Жалпы ауылдық округтегі мәдени-көпшілік шараларды мәнді, мағыналы өткізуге күш саламыз.

Ауылдық округ әкімдігінде ауыл ардагерлері кеңесімен қатар, «Ардақты аталар» және «Ақылшы аналар» кеңестері жұмыс істейді. Бұл екі кеңестің  жұмысы ауылда орын алып отыратын түйткілді мәселелерді қараумен қатар, жастар тәрбиесіне бағыт-бағдар беру, отбасы тәрбиесі, тұрмыстық келіспеушіліктерді талқылап, озық салт-дәстүрді насихаттау болып табылады. Нақты тоқталсақ, бір ғана осы  жылдың өзінде алкогольді ішімдіктерге әуес бес азаматпен жақын-туыстарын қатыстыра пікірлесу өткізілсе, ішімдік ішіп келіп, отбасының шырқын бұзатын екі азаматтың, қоғамдық орында өзара ұрыс-керіске барған екі әйелдің, өрістегі мал ұрлығын жасауға  әрекет жасаған төрт жігіттің мәселесі қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Әрине, осындай талқылаулардан кейін бәрі жақсы болып кетті десек өтірік болар еді. Бірақ, қоғамдық талқылаулардың әсері өте пайдалы болғаны талқылауға түскен азаматтардың дұрыс жүруге талпыныстарынан байқалады. «Ақылшы аналар» кеңесі әйелдің қоғамдағы және отбасындағы орнына, бала тәрбиелеу мен ата-ене күтіміне байланысты шараларды тұрақты өткізіп тұрады. Озық салт-дәстүрді оқып-үйренуге арналған «Шаңырақ», «Сиқырлы қазан», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» атты отбасылық байқаулар, кездесулер тұрақты өткізіліп тұрады.

Ұзақбай БАЙЗУЛИН, Дамбы ауылдық округінің әкімі: – Ауыл – ежелден қазақ-тың алтын бесігі, алтын ұясы. Осы ұядан қаншама саңлақтар ұшып шықты десеңіз-ші! Жалпы, барша өркениет пен мәдениеттің шыңына жеткен жандардың көп-шілігі ауылдан шыққаны бар-шамызға белгілі. Қазіргі ауыл қаламен теңескен, өйткені, қалаға қарасты ауылдарда әлеуметтік мәселелер толықтай шешілген. Халықтың жайлы тұрмыс кешуі үшін қажетті нәрселердің бәрі – табиғи газ, таза ауыз су, жоғары кернеулі электр қуаты, телефон, интернет байланысы желілері тартылып, білім беру, денсаулық сақтау, сауда, мәдениет ошақтары тұрғызылған.

Жалпы, 1948-1950 жылдары Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету мақсатында өзеннің асты қазылып, екі жақ жағалауына биік топырақтар үйілді, яғни қолдан дамбы жасалынды. Сол жылдардан бастап бұл өңірге жергілікті халық көшіп келіп, қоныстана бастады. Дамбы селолық кеңесі 1954 жылдың желтоқсан айында құрылған. 1955 жылдан бастап, Жайық өзенінің бойына Новобогат ауданынан балықшы колхоздары көшіп келді. 1956 жылы Дамбы селолық кеңесінің қарамағына сол кездегі  «Социалистік жол», «Амангелді», «Қызыл балық», «Жаңа талап», «Жамбыл» атындағы колхоздар енген. Бұл ұжымдық шаруашылықтардың негізгі кәсібі  балық аулау болса, бұл балықшы колхоздар өздеріне бекітіліп берілген мемлекеттік тапсырмаларды асыра орындады. Аймақта балық өнеркәсібін дамытуға қажырлы үлес қосқан талай майталман балықшы шықты, олардың көпшілігі мемлекеттік марапаттарға ие болды. Дамбы халқының күнкөріс көзі де балық шаруашылығы болды.

Дамбы ауылдық округіне Дамбы, Амангелді елді мекендері кіреді. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 12 204 гектар, 591 тұрғын үй болса, тұрғындар саны – 3 659. Осы орайда айта кетейік, Дамбы елі – бағалы балығымен аты шыққан өңір.  Біздің округта балық аулаумен, оны өңдеумен айналысатын  Амангелді атындағы және «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Мәселен, Амангелді атындағы серіктестік  өткен жылғы маусымда балық аулау жұмысына 200-ден аса балықшыны тартқан болса, балық өңдеу цехтарында 100-ден аса  адам  еңбек етті. Бұл кәсіпорын бүгінде 28 сауда  павильоны, сондай-ақ супермаркеттер желісі арқылы дайын балық өнімдерін қала халқына  қолжетімді бағамен сатып отыр. Өткен  жылы  3 836 тонна балық аулау лимитін  91%-ға  орындады. Сонымен қатар, «Тілекші» серіктестігі  көктемгі, күзгі  балық аулау маусымында  200-ге жуық адамды, балық өңдеу цехында 20-ға тарта адамды  тұрақты және маусымдық жұмыстарға тартып отыр. Қалада үш сауда нүктесі бар, былтыр  838 тонна балық аулау лимитін 100%-ға  орындады. Бұл кәсіпорын балық аулаумен қатар, жыл сайын  5 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдарын егіп, одан мол өнім жинап отыр.

 Округтегі осы екі кәсіпорын облыс атынан жыл сайын Нұр-Сұлтан  қаласында өтетін жәрмеңке, көрмелерге қатысып, өз өнімдерін астана халқына да ұсынып келеді (Бізде мал, егін шаруашылығы жоқ, өйткені, егін егетін жерлер 1990 жылы су тасығанда су астында қалып, жарамсыз күйге ұшыраған).  Ауылда жеке секторда 253  бас  сиыр, 21 бас  жылқы, 64 бас  қой-ешкі  және 233  бас  құс  бар. Округтың мал жайылатын заңдастырылған 282 гектар екі жайылымдық жері бар.

Ауылымызда шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. Округ бойынша 25 шағын кәсіпкерлік нысан бар болса, олардың қатары «Орын – Ай» көлік жуу және «Жаңа толқын» оқу орталықтарымен толықты.

2019 жылы ірі  инвестициялық жоба – жабайы  өсетін қамысты пайдалану арқылы еуропалық сапамен биоотын өндіру зауытының құрылысын салу үшін «Green Tech CA» ЖШС-не Дамбы ауылы аумағынан 53 гектар жер берілді. Құны 26 млрд. теңге болса, жаңа жұмыс орны – 100 адамға дейін қамтиды. Бұл жоба осы жылдың аяғына дейін басталмақ.    Сондай-ақ, ауыл кәсіпкері Орынғали Ахметов Приморский өзегі бойынан 71  гектар жер телімін алып, балық өсіру тоғаны шаруашылығын жүргізуде. Тоғанда қара балық түрлерімен қатар, қызыл балық та өсіріліп жатыр. Мұнда 10 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.

Инфрақұрылым мәселесіне тоқталатын болсақ, округтегі елді мекендерде бұл мәселе біршама шешілген. Ауылдағы ең өзекті  мәселенің бірі – көшелерді асфальттау. Соңғы жылдары ұзындығы 10 км 445 метр болатын 16 көше асфальттанды. Бүгінгі таңда асфальттанбаған 7 көше мен көшелерді бір-біріне қосатын 5 айналма жол қалып тұр. Көше жарығы туралы айтатын болсақ, жалпы соңғы үш жылда  округтың ұзындығы 5 180  метр басты 8 көшесіне және ұзындығы 16 км болатын  «Балықшы – Дамбы» тас жолы бойына мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде түнгі шамдар орнатылып, іске қосылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Сондай-ақ, 200-ден астам тұрғын үй мен ауылдағы барлық әлеуметтік нысандарға көгалдандыру үшін пластик құбыр арқылы жазғы су беру жұмысы жолға қойылған. Тұрғындар шарбағына көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп, жеміс ағаштарын отырғызып, одан мол өнім алып жүр.  Округ орталығындағы Дамбы ауылдық амбулаториясына қарасты Амангелді фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі өт-кен жылы 4 549   тұрғынды қабылдау ұйымдастырып, халық  денсаулығын сақтауға байланысты шараларды толықтай атқарды (20-29 жас аралығындағы 180 тұрғын қызылшаға қарсы, 116  тұрғын тұмауға қарсы екпе алды).

 Мектеп – білім беретін орта, оның жүрегі — мұғалім десек, округтегі  Амангелді атындағы орта мектепте  осы оқу жылында 702 оқушы   білім алып, оларға 75 мұғалім  ұстаздық етті. Жыл қорытындысымен үш мектеп бітіруші түлек «Алтын медальға» ие болды.  Бастауыш сыныпта оқитын, сондай-ақ, әлеуметтік әлсіз топқа жататын 353 оқушы  ыстық тамақпен қамтылса, кіші Дамбы елді мекенінің 122 оқушысы  автобуспен тегін тасымалданып отыр. Қазір күн тәртібінде өткір тұрған мәселе – оқушылардың  қауіпсіздігі. Сырттағы дәретхана жабылып, оқушылар ғимарат ішіндегісін  пайдалануда.  Жалпы қауіпсіздік мақсатында мектепте 22 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.  Дамбы ауылында жаңадан 300  орындық орта мектеп салынуда. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Бас мердігер - « Техника Рем-Строй » ЖШС.   

Ауылдағы №23 «Ынтымақ» балабақшасы  қазіргі таңда 9 топ бойынша  310 бүлдіршінге мектепке дейінгі тәрбие беру ісін ұтымды ұйымдастырып отыр. Бұл мекемеде 27 тәрбиеші, педагог  қызмет атқарады.

Биылғы жылдан бастап қаладағы Дамбы, Атырау, Еркінқала, Қайыршақты балалар саз мектептері Дамбы өнер мектебі болып біріктірілді. Дамбы балалар саз мектебінің  өзінде 457 оқушы 7 түрлі мамандық бойынша білім алуда.

Ауыл халқына мәдени шаралар ұйымдастыруда Дамбы ауылдық клубы, Амангелді халық театры және кітапхана жұмыс жасайды. Мәдениет қызметкерлері  өздерінің жоспарларына сәйкес, мәдени-көпшілік шаралар өткізеді. Қазір індетке байланысты мәдени шаралар онлайн түрінде ұйымдастырылуда. 2019 жыл  Амангелді халық театры үшін мерейлі жыл болды. Құрылғанына 30 жыл толған театр мерекесі үлкен салтанатпен аталып өтті. Осыған орай, театр ұжымы Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиясын сахналап, гастрольдік сапармен көрші ауылдарға барып, өз өнерлерін көрсетті. Театр ұжымы сондай-ақ жас бүлдіршіндер үшін  ертегілер қойып келеді. Театр ұжымының ауыл халқының рухани байлығын, жас-кәрінің өнерге деген ықыласын арттыруда маңызы зор. Осы орайда талғампаз көрермен көңілінен шығатын түрлі шараларды ұйымдастыруда мәдениет қызметкерлері Қадыржан Мүтиев пен Ерлан Қамзаевтың еңбегін лайықты атап өтуге болады.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы қан майданға аттанып, келер ұрпақтың бақытты өмірі үшін жанын пида еткен майдангерлердің рухына бағышталған ескерткіш ауылдың сәнін келтіріп тұр. Ал, Дамбы ауылдық кітапханасында 10 мың данадан астам кітап қоры бар.

Ауылда бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріледі. Орта мектеп жанындағы ашық спорт алаңында спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Округта үкіметтік емес ұйымдар – ардагерлер алқасы, әйелдер, жастар және қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.  Осы орайда ауылдың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне кеңінен араласып жүрген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратолла Тілекқабыл, әйелдер кеңесінің төрайымы, ақын-сазгер Қайрош Сәуле, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Тілепбергенов Санат сияқты аға-апаларымыздың есімдерін атап өткім келеді.

Округте қайырымдылық шараларына көп көңіл бөлінеді.  Демеушілер арқылы жыл бойы қамқорлықты қажет ететін 125 адамға, 19 бала жасынан мүгедек жандарға материалдық көмек көрсетілді. Округ аумағында орналасқан СКЭБР мекемесі тек қайырымдылық айында емес, жылдың әр айында жағдайлары төмен 3 отбасына ұдайы көмек беріп келеді.  Сондай-ақ,  «Ағатай» дүкенінің иесі Асылан Орынтаев әр жұма сайын тұрмысы нашар  жандарға тегін нан таратса, ауыл кәсіпкерлері Дина Алдиярова, Айнұр   Қуанғалиева, Гүлжан Мұқашева әрқайсысы жеті-сегіз   мүмкіндігі шектеулі жанға әр ай сайын монша, шаштараз қызметтерін тегін ұсынуда. Ауылдық әкімдікте тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, экстремизмнің алдын алу, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бағытында 7 адамнан тұратын ақпараттық-насихаттық топ жұмыс істейді.   

Ауыл болған соң, оның мұң-мұқтажы болады. Жыл өткен сайын ауылымызда көп мәселелер өз шешімін тауып келеді.    Биыл өз бюджетіміз есебінен округте мәдени  демалыс саябағын салуды, Дамбы ауылына жазғы су жүргізу үшін пластик құбырлар сатып алуды, балалар ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, ауылымызға жаңадан дәрігерлік амбулатория, спорт кешенін, ашық спорт алаңын, мәдениет үйін салу жоспарда бар. Әр қазақтың жүрегiнде бойтұмардай жатталған қасиеттi ұғым бар: ол – ауыл.  Дамбы ауылының да болашағы жарқын, ертеңі айқын.

***

Батыс Қазақстан облысы Январцев ауылдық округі әкімінің жауаптары ҚР Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Нұржан Дүзбатырдың әзірлеген мақаласы арқылы беріліп отырғандықтан, мақаланы сол күйі оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Бәйтерек – Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы да-мыған, егін шаруашылығына қолайлы, халқы еңбекке жұмылған іргелі аудан. 1939 жылы Зеленов атауымен құрылған ауданға 1997 жылы бұрынғы Приурал ауданы біріктірілген еді. Осылайша аудан 24 ауылдық округті біріктірген өңірдегі ірі ауданға айналды. 2013 жылы елімізде жүргізілген әкімшілік оңтайландыру нәтижесінде Чувашин, Красноармейск округтері жабылып, жақын орналасқан округтерге қосылды. Бүгінгі күні аудан құрамында 22 ауылдық округ бар. Аудан халқының соңғы 10 жылда белсенді жүргізген бастамасы нәтижесінде 2018 жылғы 28 желтоқсанда Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өкімімен ауданымыздың атауы Бәйтерек болып қайта аталды. Ауданның әлі күнге зерттеліп болмаған бай тарихы бар. Түрлі мақсатпен аудан аумағына келіп орналасқан өзге ұлт өкілдерінің қатары тың игеру жылдары еселеніп арта түскен. Сол тұстағы солақай саясат жергілікті халықты салт-дәстүрден айырып, тарихи санадан ажыратуға мықтап жұмыс жасаған. Жеті атасынан  тектілігімен танылған, елге белгілі әулеттердің ұрпақтарына ата-тегін дұрыс жаздырмай ел есінен жоғалтса, олардың бақилық болған бабаларының басына қойылған құлпытастарын қасақана сындырып, қорымдарды қиратқан. Дегенмен, жіті зерделеудің арқасында аудан аумағы байырғы қазақтардың атажұрты екендігін дәлелдейтін деректер табылды. Батыс Қазақстан облысы аумағынан екі көне балбалтас табылған болса, олар осы Бәйтерек ауданының аумағын мекен еткен тұлғаларға қойылған. Сондай-ақ, көне қорғандар бүккен тарих бұл аймақтың Сарматтар мекені болғандығын да бұлтартпас дәлелдермен айғақтайды.   

Кештеу болса да, тарихи әділдік орнап, аудан атауы ауысқан соң төл тарихты іздеу, хаттау, кәдеге жаратып, халыққа насихаттау ісі енді өзгеше қарқын алмақ. Біз бүгін осынау ауданымыздың ең әлеуетті, болашағы зор Январцев ауылы туралы сөз етпекпіз.

Ауыл әлеуеті, оның бола-шағы туралы айтқанда, іс басындағы әкімінен бас-таған жөн болар. Қазіргі ауылдық округ әкімі Абылай Еспайұлы Жұмағалиев​ 2009 жылдың тамыз айынан бастап осы қызметте.​ Ауылды ұлттың болашағына балайтын азаматтың азаматтық келбетін ауылынан тануға болады.  Ендеше, Январцев ауылының әлеуетін бағамдап, болашағын бірге зерделеп көрелік.

Январцев – ешқандай тарихи дерегі жоқ, тілдік бұрмалаудан қалыптасқан сөз. Көз көргендер бұл ауылдың кешегі 1930 жылдарға дейін Жанбарса аталғанын айтады. Ресеймен шектесетін, шеткері жатқан шағын ауылды байырғы қазақтар Жанбарса атаған деген әңгіменің жаны бар. Нулы, сулы табиғаты төгілген ауылдың бүгінгідей қатқыл табан жол жоқ кезде қашық болғаны рас. Бүгінде ауылдық округ аудан орталығынан 130 шақырым қашықта орналасқан. Округтің жалпы көлемі 966,6​ шаршы шақырым. Халық​ саны​ 2020 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша​ – 2333​ адам. Ауылдық округтің құрамына Январцев, Кирсанов, Чинарев, Петров, Красноармейск, Спартак секілді 6​ елді мекен енеді. 

Ауылдағы 870 аулада 948 отбасы берекелі ғұмыр кешуде. Ұлттық құрамына егжей-тегжейлі тоқталсақ, қазақтар – 1117 адам, орыстар – 1106, украиндер – 13, немістер – 3, беларустар – 25, татарлар – 26, әзербайжандар – 5 адам, шешендер – 2 адам, кәрістер – 2 адам, армяндар – 5 адам, өзбектер – 18 адам,​ басқа ұлттар – 11 адам. Олардың ішінде 390 зейнеткер,​ 80 мүгедек, 50 тыл ардагері бар.

Январцев ауылдық округінің аумағында​ мұнайды алу және зерттеумен айналысатын​ «Чинарев» мұнай-газ конденсат кең орны​ «Жайықмұнай» ЖШС-і орналасқан.​ Жылдан-жылға​ «Жайықмұнай» ЖШС-нің демеушілігімен ауылдағы әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық​ базасы нығайып келеді. Десек те, ауылда әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Ауылдың қоғамдық мәселелерін оңтайлы реттеу мақсатында әр елді мекенде арнайы құрылған кеңестер жұмыс істейді. Одан бөлек ауылда ардагерлер кеңесі, қоғамдық келісім кеңесі, әйелдер мен отбасы ісі жөніндегі кеңес, жастар кеңесі бар. Бұл​ комиссиялар көп ұлтты еңбек ұжымдарында қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік, еңбек таласын конструктивті диалог арқылы шешуге, ұйымдардың қызметін жүйелендіруге өз үлесін қосуда. Әсіресе, комиссия жұмысы коронавирус індетіне орай, төтенше жағдай жарияланған уақытта​ табысын уақытша жоғалтқан 223 адамға 42500 теңге​ көлемінде көмек қаражат тағайындауда,​ 240​ ​адамға​ көмек алуға түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, коммуналдық​ төлемдерге жәрдемдесті.  

Ауылдың инфрақұрылымын дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Округ бойынша Чинарев ауылында ғана орталықтандырылған​ ауыз су құбыры бар, қалған ауылдар жеке құдықтарын​ пайдаланып отыр. Январцев ауылына таза ауыз су жеткізуге жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Ірі өндіріс кешені Чинарев кең орнына тартылған асфальт жол елді мекендердің арасын жалғап жатыр, тек Чинарев, Кирсанов​ ауылдарына​ барар жолға қиыршық​ тас төселген.​

Ауылдың егістік жер​ көлемі – 15000 гектар болса, жайылым, шабындық жер көлемі 32000 гектарды құрайды.​ 2020 жылы 7500 гектар алқапқа дәнді дақыл себілген. Оның ішінде 4300 гектарға майлы дақылдар,  43 гектарға картоп, 10 гектарға бау-бақша егілген.​ Жоғарыда  ауыл халқының ұлттық құрамын жайдан-жай жазған жоқ едік. Әр ұлттың өкілі өзінің қанына сіңген, ата-бабасынан жеткен кәсібін өрістетіп, ауыл әлеуетінің өркендеуіне үлес қосуда. Әр ауылда түрлі шағын кәсіптің іске асуына негіз болуда. Өңірге танымал азаматтар Абай Жанғалиевтің «Заман» ЖШС-і, Бекболат Мұқашевтің «Алтын бидай»​ шаруа қожалықтары талапқа сай техникаларын жаңалап, өз қаражатына​ астық сақтайтын ауқымды қоймаларды іске қосты.​ Өзге де шаруалар ел үкіметінің​ қаржыландыруы​ арқылы асыл тұқымды мал басын өсіруге ерекше ден қоюда. ​ Жалпы мал​ шаруашылығымен ауылда 17 қожалық айналысады. «Перспектива КАН»​ ​ ЖШС-і​ екі жылда​ өз қаражатымен​ осы​ заман талабына сай​ мал бордақылайтын​ алаңдар,​ аналық сиырға арналған үлкен кешендер салып​, мал басын көбейтуде. Бүгінде  округ халқының ​ бағымында 4230​ ​ бас ірі​ қара, 3166 бас қой-ешкі, 794 бас жылқы, 5082 үй құсы бар. Ауыл​ шаруашылығында орта және кіші бизнес субъектілерін дамыту бағытында​​​ мал басын өсіру үшін биыл 7 тұрғын 36 млн 500 мың теңге көлемінде несие алды. Ауылдағы «Baуston» ЖШС-і​ 13 миллиард инвестиция​ тартып​, 32 гектар алқапқа түрлі көкініс егіп,​ жаңа техникалар алып,​ көкөніс​ сақтайтын заманауи қоймалар салды. Кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан ірі жоба толық қуатына шыққанда, тұрғындарға жүздеген тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ. Ауылда 13 жеке ​ тұлға кәсіпкерлікпен​ шұғылдануда. Осы іс басында жүрген азаматтардың тікелей қолдауымен Январцевта​ демалыс саябағы салынып жатыр.

Ауыл шаруашылығы қарыштап, өндірісі өркендеген ауылда еңбек биржасы арқылы тіркелген 24 жұмыссыз жан болса, биыл олардан 10 адам ​ тұрақты жұмысқа кірісіпті. Округте тағы 13 әлеуметтік қызметкер​ 73 жалғызбасты қарияға және мүмкіндігі шектеулі 1 балаға​ көмек көрсетуде. Жыл басынан бері​ 4​ отбасы жаңа форматтағы атаулы​ әлеуметтік көмек алады.​ Елдегі коронавирус індетіне байланысты шектеулі уақытта​ бастамашыл топ жалғызбасты​ ​ зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларға тегін бетперде,  азық-түлік үлестірді. «Салық» шаруа қожалығы​ ақпан айынан бастап жалғызбасты​ қарияларды, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелерін әр аптаның​ бейсенбі күні​ тегін түскі аспен тамақтандырып келеді. Ел болашағын ойлаған, бір-біріне шынайы қамқорлық танытқан ауыл азаматтарының игі істері талайға үлгі болары анық. 

​Ауыл амбулаториясының бас дәрігері Нұрғали  Халелов 1983 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Дәрігерлік амбулатория инфрақұрылымы бар типтік​ ғимаратта орналасқан, санитарлық көлікпен,​ қажетті​ медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.​

Ауылға қарасты​ 4 мектеп бар. Ауыл мектептеріне соңғы 5 жылда​ ​ 6 маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен​ келген.​ 2014 жылдан​ Январцев мектебінің жанынан​​ аудандық​​ «Жас ұлан» жазғы лагері жұмыс істейді.

Ауыл спортына деген ерекше қолдаудан болар,​ қысқы ойындар, шаңғы жарысынан​ Январцевтық оқушылар үлкен додаларда облыс намысын қорғап​ жүр. Шаңғымен жүгіруде Ләззат Төлепбергенова, Наталья Панова сынды жас  таланттар​ спорт шеберлігіне үміткер​ атанып үлгерсе, Жәнібек Төлепбергенов  олимпиадалық​ резерв​ құрамына енген.

Январцев ауылында​ 1949 жылы «Орман және жан-жануар әлемін​ қорғау» мекемесі құрылған. Жайық өзенін бойлай орналасқан мекеменің жер көлемі 20 мың гектар. Мемлекеттік тоғай қорының​ көлемі 24 мың гектардан астам.  Орман шаруашылығы 4 бөлімшеден тұрады. «Дариян» орман шаруашылығы – 6,0 мың га, «Рубежин» орман шаруашылығы – 5,0 мың га, «Кирсанов» орман шаруашылығы – 6,0 мың га және «Январцев» орман шаруашылығы – 7,0 мың гектар. Орман алқабы​ өзінің тал-терегімен және шегіршін, емен, қарағай ағаштарымен танымал. Жануарлар әлемінде ​бұлан, қабан, елік, құндыз, қасқыр, түлкі, қоян, суыр және т.б. жануарлар бар.​ Аталмыш мекемеде​ жаз айларында «Жасыл ел» бағдарламасымен 16-29 жасқа дейінгі жастар​ жұмыспен қамтылған.

 «Бұл,  әрине, бірер жылдың жұмысы емес. Біз мұндай жетістікке жылдар бойғы жүйелі жұмыстың арқасында жетіп отырмыз. Әлі де тоқмейілсуге болмайды. Жоспарымыз бойынша болашақта ауылға көшіп келушілер қатары көбейеді. Өйткені, мұнда қысы-жазы тоқтамайтын жұмыс орындары құрылуда.  Ірі компаниялар орналасқасын ауылға келушілер көп. Осы орайда біз, ауылдың әлеуетімен қатар, тұрғындардың рухани дүниетанымын қалыптастыратын, ой салатын, патриоттыққа шақыратын бастамаларды іске асыруды қолға алдық. Ауылдағы ауқымды ұйымдастырылып жүрген қайырымдылық акциялары осыны көрсетеді», - дейді округ әкімі Абылай Жұмағалиев.   

Міне, шалғайдағы шағын округтің көрген жан сүйсінетін тамаша тірлігі бар. Бұдан халқының саны екі мыңнан сәл асқан шағын округтің болашақта ірі өндіріс орталығына айналатынын бағамдау қиын емес.

26625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз