• Тарих толқынында
  • 30 Қазан, 2020

«ТАРИХ-И АЛФИ» ШЫҒАРМАСЫ ЖӨНІНДЕ БІР ҮЗІК СЫР

Нұрлан АТЫҒАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы

Қазақ хандығының тарихын зерттеудегі басты қиыншылық нақты тарихи деректердің аздығы екені белгілі. Тәуелсіздік тұсында осы кемшілікті жоюға бағытталған бірталай шаралар атқарылды, қазақ тарихына қатысты шетел кітапқорлары мен мұрағаттарында сақталған бірқатар жаңа деректер белгілі болды. Әсіресе қазіргі күні тарихшылар жүзеге асырып жатқан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында үлкен нәтижелерге қол жеткізгенімізді айту керек. Осы жұмыстардың нәтижесінде ұлттық тарихтың деректік қоры біршама байыды, соларға негізделген жаңа ғылыми зерттеулер жарық көрді.

Елімізде жаңадан ғылыми айналымға енгізілген шығармалардың бірі молла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татавидің «Тарих-и алфи» («Мыңжылдықтар тарихы») шығармасы.  Шығарма Ұлы моғол билеушісі Ақбардың тапсырысымен жазылғандықтан «Тарих-и Акбари» атымен де белгілі. Үлкен көлемді тарихи еңбек Үндістанда исламның 1000 жылдығына орай жазылған, онда мұсылман тарихының ең маңызды оқиғалары хронологиялық жылтізбемен қысқаша баяндалады. «Тарих-и алфидің» қолжазбалары әлемнің бірталай елдерінің кітапханаларының қолжазбалар қорларында сақталған. Иран Ислам Республикасына жасалған ғылыми іссапар барысында осы елде сақталған бірнеше қолжазбаның көшірмелерін алудың сәті түсті. Тегеран қаласындағы Қажы Хусейн Малек атындағы Ұлттық кітапхана мен мұражайындағы қолжазба хижраның XIII ғасырында (= XIX ғ.) көшірілген, 701 парақтан тұрады, насхпен жазылған (№4376). Онда оқиғалар хижраның 982 жылына (1574 ж.) дейін жеткізілген. Мешхед қаласындағы Резави кітапханасында «Тарих-и алфидің» 496 парақтан тұратын хижраның 1261 жылы (= XIX ғ.) көшірілген тағы бір қолжазбасы (№10929) сақталған, жазуы – насх. Исфахан қоғамдық кітапхана қорындағы қолжазба Керманшах қаласында хижраның 1246 жылы (= XIX ғ.) Ахмад б. Абу ал-Фатх Исфаханидің қолымен көшірілген. Екі томдық қолжазбаның жалпы беті – 1406 бет. (№11379, 11380). Бүгінде осы қолжазбалардың көшірмелері Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу бойынша Республикалық ақпараттық орталығында сақталады.

Отандық шығыстанушы Ғ.Ә.Қам-барбекова осы «Тарих-и алфи» шығар-масындағы қазақ тарихына қатысты мәліметтерді елімізде тұңғыш жариялаған [1]. Әрине, жоғарыда айтылған ортағасырлық тарихымыз бойынша нақты тарихи деректердің аздығын ескерсек, бұл жас ғалымның үлкен жетістігі. Сонымен қатар зерттеушінің бұл шығарманың Қазақ хандығы, қазақ тарихы үшін деректік маңызын артық бағалап отырғанын айтпасқа болмайды.

Негізінен «Тарих-и алфи» компи-лятивтік шығармалар қатарына жатады, онда жаңа, белгісіз деректер аз. Оның авторы XV-XVI ғасырдың бірінші жартысындағы оқиғаларды баяндағанда зерттеушілер арасында жақсы белгілі Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасындағы мәліметтерді қайталаумен шектелген. Ал «Тарих-и Рашиди» шығармасының Ұлы Моғол империясы мен Орталық Азия тарихи әдебиетіне әсерін ескерсек, бұл түсінікті.

Айтылған пікіріміздің дәлелді болуы үшін «Тарих-и алфи» және «Тарих-и Рашиди» деректеріне салыстырмалы-сәйкестік талдау жасап көрейік (Шығармалардың мәліметтерінің арасындағы ұқсастықты байқау үшін «Тарих-и Рашидидің» қазақша аудармасын пайдаланамыз. Бұл басылым кіріспесінде көрсетілгендей парсы тілінен қазақ тіліне тікелей аударылмағанын ескеру керек. Басылымның шығуына байланысты рецензия дайындағанда кітаптың орыс тіліндегі аудармаға негізделгенін аңғарғанбыз [3, 129–133 бб.]. Қазіргі күні қазақ  тіліндегі басылымды шығарушыларының өздері 2003 жылы қазақ тілінде жарық көрген басылым «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен қазақшаға тікелей аударатын кәсіби аудармашы маман болмағандықтан, А. Урунбаевтың басшылығымен шыққан кітап орыс тілінен қазақ тіліне аударылғанын мойындап отыр [4].). Мысалы, зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекова «Тарих-и алфи»шығармасынан келесі деректі келтіреді (Зерттеушінің аудармалары толығымен сақталады): «Сұлтан Махмуд ханның бұл соғыстардан кейін елдің алдында басқаша беделі пайда болды. Мирза Сұлтан Ахмад бейбіт келісімге келмес бұрын, Түркістанды Мұхаммад Мурид Тарханнан [Тоғай Мирза Сұлтан Ахмад болып келетін] алып, ол уалайатты Шейбак ханға жақсы қызметі үшін берді. Осы себепті Керей хан мен Жəнібек хан жəне Сұлтан Махмуд хан арасында бұрыннан келе жатқан достастыққа сызат түсті. Шейбак хан мен оның [Сұлтан Махмуд хан] арасында дұшпандық болса да, Сұлтан Махмуд хан мен қазақ арасында соғыс болды жəне екі ретте де Сұлтан Махмуд хан жеңіліс тапты» [1, 64-65 бб.]. Ал мұны «Тарих-и Рашидидегі» келесі мәліметтермен салыстыруға болады: «Түркістанды Сұлтан Ахмет мырзаның атынан билеп тұрған Түркістан әмірі Мұхаммед Мазид тарханды ұстап алып тұтқындады. Бейбітшілік, татулық орнатудың басты себепкері осы Мұхаммед Мазид тархан болатын. Себебі ол мырза Сұлтан Ахметтің нағашы ағасы еді. Хан Түркістанды алғанда Шаһибек хан оның қызметінде болатын. Бұдан бұрын айтылғандай, Чир (Жәр (Неге аудармашылар шығармадағы Шыр (Шыршық) өзенін Жәр деп қосымша бергені түсініксіз. «Тарих-и Рашидиде» мұндай анықтама сөз жоқ) соғысында көрсеткен қызметі үшін оған Түркістанды билеуді берген еді. Қазақ хандары – Керей хан мен Жәнібек хан балалары бір жағынан, Сұлтан Махмұд хан екінші жағынан арасында ежелден келе жатқан достық осының салдарынан дау-дамайға айналды... Сөйтіп осы керістің салдарынан Сұлтан Махмұд хан мен өзбек-қазақ арасында екі рет шайқас болды. Екеуінде де Сұлтан Махмұд хан жеңіліске ұшырады» [2, 142-143 бб.]. Екеуінің ұқсастығы анық көрінеді және алғашқысында Мұхаммед Мазид тарханның атын жазғанда қате кеткен. 

«Тарих-и алфидің» келесі мәліметі де «Тарихи Рашидиден» көрініс табады. Алғашқысында 915/1507 жылдың оқиғалары ретінде келесі мәлімет келтіріледі: «Шейбак хан осы жылы Дештінің [Дешті Қыпшақтың] жəне Жошы ұлысының билеушісі Қасым ханның артынан Сайрам жаққа бет бұрды. Өзінің жанындағы əскерден біраз көп қолды талан-тараж жасап, тонауға аттандырады. Ол кезде Қасым хан алыста деген оймен жіберілген əскер, Қасым ханның беделді əміршілерінің хабар жіберуімен, хабар жібереді. Қасым хан оқиға болған жерге жетіп үлгереді. Ал тонауға келген қол, шыдас бермей қатты шығынға ұшырайды. Əбден əуре болып, əрі түк тындырмай Шейбах ханға келіп, қосылады» [1, 65 б.].

Бұл оқиғалар «Тарих-и Рашидидің» «Шаһибек ханның қазақтарға шабуылы және оның ісінің күйреуі жайында әңгіме» атты тарауын-
да кеңінен баяндалған [2, 270-271 бб.]. «Тарих-и алфи» авторы оған ешқандай жаңалық қоспайды, керісінше үстірт хабарлайды. Осы шығарманың тағы бір мәліметі келесі: «Осы жылдары Дешті Қыпшақ бұрындары айтып өткеніміздей, Қасым ханға қарап тұрды. Осы жылы Қасым хан Дештіден Сайрамға келіп, талқандады да Ташкентке қарай аттанып кетті. Жəне сол жылы Сүйінжік хан (түпнұсқа бойынша берілді) Ташкентті Ахмат Қасым-кухтен тартып алған болатын, бекініске тығылды. Жəне Қасым хан ол уалайаттың айналасын талан-таражға салып, қайтып кетті. Сайид хан Қасым ханның Ташкент уалайатына келгенін естіп, мүмкін оның [Қасым ханның] жəрдемімен Ташкент қаласын Шейбани өзбектерін біржолата қуып шығарамын деген оймен, артынан аттанады. Бірақ Сайид хан жеткенше, Қасым хан қайтып кетеді. Сайид хан Қасым ханның артынан Моғолстан уалайатына, Қасым ханға жетеді. Ол кезде Қасым хан шамамен жетпіс жаста болатын. Сайид ханға жақсы жолдастық жасайды, бірақ, жəрдем жағдайына келгенде, кешірім сұрайды. Сайид хан амалсыз артқа қайтады» [1, 65 б.].

«Тарих-и алфи» шығармасындағы бұл мәліметтер «Тарих-и Рашидидің» «Сұлтан Саид ханның Сүйіншік ханнан жеңілгеннен кейінгі [болған] оқиғалар жайында», «Қазақтар және қазақ сұлтандарының тіршілік ерекшеліктері туралы; бұл атаудың оларға берілу себебі хақында және олардың істерінің салдары жайында әңгіме» және «Сүйіншік ханның шайқасынан кейінгі болған оқиғалар туралы, Сұлтан Саид ханның Қасым ханға, қазақтарға баруы жайында әңгіме» тарауларының қысқаша баяны болып табылады [2, 304-310 бб.].

Зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекова «Тарих-и алфидегі» Қасым ханға байланысты мәліметтерге назар аударып, келесі пікір айтады: «Əрине  (Қасым ханның – Н.А.) хандыққа келгені туралы дерек, яғни «1504 жылдары Дешті Қыпшақта Қасым хан билеуші еді» деген мəлімет, тарихшылар айтып жүрген мəліметке тура келмейді. Ресми деректер бойынша, 1511 жылы билікке келген. Ал, енді дүние салған жылы туралы «Тарих-и алфи» еңбегінде «Қасым хан өз ажалымен 924/1516 жылы дүние салды. Ал, оның орнына ұлы Қамаш (!) ұлыстың билігіне ие болды» деп жазады [Tatauy; Qazvini, 1378, 386 б.]. Қамаш деп Момыш ханды меңзеп, ал дүние салған жылы бізге белгілі жылдан айырмашылығы көрініп тұр. Əрине, бұл тұста хижра жыл есебін қалай есептеп жүрміз, ол мəселе де бар. Десек те, бір-біріне қайшы келетін мəліметтердің болғаны, ешбір мəліметтің кездеспеуіне қарағанда жақсы деген пікірдеміз» [1, 65].

Бұл жерде зерттеушінің «ресми деректер» деп нені айтып отырғаны түсініксіз. Қасым хан 1511 жылы билікке келді деген пікір тарихи әдебиетте ертеден қалыптасқан. Зерттеушілер Қасым билікке келуін Бұрындықтың Самарқандқа қызы Михр-Сұлтан-ханымның (Мұхаммед Шейбанидің ұлы Мұхаммед Тимур-сұлтанның әйелі) қолына кетуімен байланыстырған. Бұл М. Тынышбаевтың жорамалы бойынша 1503 жылы болған оқиға [5, 132], ал мәселемен арнайы айналысқан Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша оқиға 1511 жылдың күзінен кейін болған [6, 115; 7, 164]. Алайда, Бұрындық қызының қолына Самарқандқа 1512 жылдың қараша-желтоқсанынан ерте кетуі екіталай. Сенімді деректер («Бабур-наме», «Тарих-и Рашиди»), 1511 жылдың қазанынан 1512 жылдың қарашасына дейін Самарқанд өзбектер емес, олардың жауы Захир ад-Дин Бабырдың қолында болғанын хабарлайды. Сонымен қатар, «Тарих-и Рашиди» мәліметтері 1512 жылдың күзінде Бұрындық хан әлі Сарайшықта болған деген жорамал жасауға мүмкіндік береді [8, 301]. Онда Қасым 1513 жылдан кейін билікке келді деп айтуымыз керек, ал бұл деректерге қайшы келеді. Осыны ескере Қасымның билікке келуін Бұрындықтың Самарқандқа кетуімен байланыстырмаған дұрыс деп ойлаймыз. Мырза Мұхаммед Хайдардың баяндауынша, 915 хижра жылының қысында (1509 жылдың қараша – 1510 жылдың ақпан айлары) Қазақ хандығының шынайы билеушісі Қасым болған [8, 287; 9, 217]. Осындай пікірді «Хабиб ас-сияр» шығармасының авторы Гияс ад-Дин Хондамир де (XVI ғ.) айтады. Бұл белгілі ортағасырлық тарихшы Мұхаммед Шейбани ханның «915 жылдың соңында (1510 жылдың басында)» болған жорығы туралы жаза келе, Қасым бұл кезеңде «Дешті Қыпшақтың барлық билеушілерінен өжеттілігі мен бағынышты халықтың санымен артық болды» деп жазады [10, 260–261; 11, ص. 392]. Сол себепті Қасым ханның билікке келу уақытын 1509 жылдың соңғы айларымен, 1510 жылдың бас айларымен белгілеу дұрыс деген пікірдеміз. Және де өзбек билеушісінің 1510 жылғы төртінші жорығының Бұрындық ханға қарсы емес, нақты Қасым ханға қарсы бағытталуын кездейсоқтық деп қарауға болмайды [9, 133].

Сонымен қатар, хижра жылдарын қазіргі жыл санауға аударғанда тарихшы мамандар ертеден бері пайдаланып жүрген арнайы кестемелерді (мысалы, И. Орбели кестемесін) қолданған дұрыс. Сонда хижраның
915 жылы 1504 жылға емес, 1509 жылдың 21 сәуірі мен 1510 жылдың 12 наурыз аралығына, 924 жыл 1516 жылға емес, 1518 жылдың
13 қаңтары мен 1519 жылдың 2 қаңтары аралығына сәйкес келеді
[12, 191]. Ал Қасым ханның хижраның 915 жылы Дешті Қыпшақта билегені және оның 924 жылы қайтыс болғаны «Тарих-и Рашидиде» көрсетілген және тарихшыларға жақсы белгілі. Бұл жерде келесіні айта кету керек. Тарихи деректерде Қасым ханның қайтыс болу уақытына байланысты бірнеше мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар, «Тарих-и Рашидидің» аудармаларында осыған байланысты өзгешеліктер де бар. Шығарманың 1969 жылғы Н.Н. Мингулов жасаған аудармасында Қасым хан хижраның 924 жылы қайтыс болды деп нақты көрсетіледі [9, 222]. «Тарих-и Рашидидің» 2003 жылғы қазақша аудармасында да осылай берілген [2, 306]. Ал осы шығарманың А.Урунбаев бастаған өзбек ғалымдары дайындаған орыс тіліндегі басылымында қазақ ханының 924 (1518) жылдан кейін (после) қайтыс болды деп аударылған [8, 324]. Соңғы аударманың дұрыс екенін Британ кітапханасындағы (Лондон) қолжазба негізінде 2004 жылы Иранда тұңғыш рет шыққан «Тарих-и Рашиди» басылымы көрсетеді, онда Қасым ханның қайтыс болуы 924 жылдан кейін («ﺯا ﺪﻌﺒ») деп жазылған (Н.Н. Мингуловтың аудармасы оның пайдаланған қолжазбасындағы қатеден туындауы мүмкін, негізінен нұсқалардың арасында өзгешеліктер байқалады, оларды салыстырғанда кей жерлерде мағыналары бір болғанымен, баяндауы бөлек екенін анықтадық) [13, ص. 405]. Алайда, бүгінгі күні зерттеушілердің бірқатары Қасым ханның 1521 жылдың басында қайтыс болды деген А.И. Исиннің орыс мұрағат деректері негізінде 1985 жылы айтқан пікірін қолдайды [14,  45–49; 15, 50–62; 16, 54–61] (Осы орайда Б.Б. Кәрібаевтың өзінің кандидаттық диссертациясының жаңалығы ретінде «Қасым ханның дәл қай жылы қайтыс болғандығын шығыс авторлары анық жазбайды, ал автор орыс деректеріндегі мәліметтерге сүйене отырып, атақты ханның 1521 жылдың қыс айларының бірінде қайтыс болған деген пікір айтады» деп жазуы мүлдем түсініксіз [17, 20]).

Сонымен қатар, «Тарих-и алфиде» Қасым ханның «мың мыңдаған» əскері болды деп айтылады [1, 65]. Әрине, мұндай көп әскер болуы мүмкін емес, сондықтан «Тарих-и Рашидидегі» «қазақ саны мың мың (миллион) болатын» [2, 306] деген мәлімет дұрыс. Қасым ханның «мың мыңдаған» əскері болды деген мәлімет Ахмад Разидің «Тарих-и Хайдари» шығармасында да кездеседі [18, 215 б. (орысша аудармасы), 274 б. (парсы тіліндегі нұсқа)]. Алайда, мамандар бұл шығарманың авторы Ахмад Рази «Тарих-и алфидегі» көптеген мәліметтерді өз еңбегіне көшіріп, кіргізе салғанын ертеде анықтаған [19, 158], сондықтан «Тарих-и Хайдари» шығармасындағы осы мәліметті дербес дерек ретінде қарастыруға болмайды.

Зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекова «Ары қарай, Қасым ханның ұлы Тахир ханның (Тайырхан) 928/1520 жылы билікке келгендігі жəне Қасым ханның мың мыңдаған қолынан түк қалмай, Тахир ханның нашарлығынан тарап кеткендігі баяндалады» деп жазады [1, 65 б.]. «Тарих-и алфидің» бұл мәліметтері толығымен «Тарих-и Рашидидегі» Тахир хан мен қазақтар жайында келтірілген деректердің қысқаша нұсқасы болып табылады [2, 413, 418-419 бб.].

Сонымен молла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татавидің «Тарих-и алфи» және Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың «Тарих-и Рашиди» шығармаларының деректерін салыстыра келе, бірінші шығарманың екінші шығармадан толық тәуелділігі туралы қорытынды жасауға болады. «Тарих-и алфидің» XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандығы тарихына қатысты мәліметтерінің деректік негізі төмен деген пікірге келдік. Осыған орай бұл шығарманың Алтын Орда тарихына байланысты мәліметтерін В.Г.Тизенгаузен орыс тіліне аударып, өзінің дайындап жатқан жинағына кіргізбекші болғаны белгілі, алайда, оның компилятивтік туынды екенін ескере отырып, А.А.Ромаскевич пен С.Л.Волин бұл үзінділерді кейін жинаққа енгізбегенін де айта кетуге болады [18, 7].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Қамбарбекова Ғ.Ә. «Тарих-и альфи» дереккөзіндегі Орталық Азия мен Дешті қыпшақ билеушілері // Известия Национальной Академии Наук Республики Казахстан, 2013. – №2. – 62-67 бб.
  2. Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди». (Хақ жолындағылар тарихы). Алматы: М.Х.Дулати қоғамдық қоры, 2003. – 616 б.
  3. Пищулина К.А., Атығаев Н.Ә. «Тарих-и Рашидидің» тәржімесі туралы // Қазақ тарихы, 2004. – №4. – 129-133 бб.
  4. Қазыбек М. Дүние таныған Дулати // Айқын апта. 24 сәуір 2014 жыл.
  5. Тынышпаев М. История казахского народа. Составители и авторы преди-
    словия проф. Такенов А.С. и Байгалиев Б. – Алма-Ата, 1993. – 224 с.
  6. Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. (вопросы
    этнической и социальной истории). – Москва, 1982. – 134 с.
  7. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. Алматы, 2001. – 276 с.
  8. Мухаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди». Перевод с персидского
    языка А.Урунбаева, Р.П.Джалиловой, Л.М.Епифановой, 2-е издание дополненное. Алматы: Санат, 1999. – 656 с.
  9. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII вв. (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П.Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.
  10. Вельяминов-Зернов В.В.Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч.2. СПб., 1864. – 498 с.
  11. /ﺮﻴﻤﺍ ﺩﻨﺍﻮﺨﻪﺒﻮﻋﺩﻤﻠﺍ ﻰﺫﻴﺴﺣﻠﺎﻨﻴﺪﻠﺍ ﻡﺎﻤﻫ ﻦﺒ ﻦﻴﺪﻠﺍ ﺲﺎﻴﻏ ﻑﻳﻟﺎﺘ / ﺶﺒ ﺩﺍﺮﻔﺍ ﺮﺎﺒﺨﺍ ﻰﻓ ﺭﻳﺳﻠﺍ ﺐﻳﺑﺤ ﺦﻴﺮﺎﺗ
    ﺢﻴﺣﺼﺘ) ﻮ ﺐﺗﻜ ،ﻞﻴﺎﺒﻘ ،ﻰﻴﻔﺍﺮﻐﺠ ﻭ ﻰﺣﻴﺮﺎﺗ ﻢﻼﻋﺍ ،ﺐﻠﺎﻃﻤ ﺖﺴﺮﻬﻔ / ﻰﻴﺎﻤﻫ ﻦﻴﺪﻠﺍ ﻞﻼﺠ ﺪﺎﺗﺴﺍ ،ﻢﻠﻘﺒ :ﻪﻤﺪﻘﻤ
    1380 :ﻢﺮﺎﻬﭽ :ﭗﺎﭽ ﺖﺒﻮﺬ / ﻢﺎﻴﺧ ﺖﺍ ﺮﺎﺷﺘﺬﺍ :ﺮﺷﺎﺬ / ﻰﻘﺎﻴﺴ ﺮﻴﺒﺩ ﺩﻤﺣﻤ ﺮﺘﻜﺪ :ﺮﻅﻨ ﺮﻴﺬ (ﻦﺘﻤ
  12. Орбели И.А. Синхронистические таблицы хиджры и европейского летоисчисления. – М.-Л.: И-во АН СССР, 1961 г. – 288 с.
  13. ﺚﺍﺮﻴﻤﺮﺸﻧﺯﻜﺮﻤ :ﻦﺍﺮﻬﺘ – ﺩﺮﻓ ﻯﺮﺎﻔﻏ ﻰﻠﻘﺴﺎﺒﻋ ﺮﺘﻜﺩ ﺢﻴﺤﺼﺘ :ﺖﻼﻏﻮﺩﺭﺩﻴﺤ ﺩﻤﺤﻤ ﺍﺯﺮﻴﻤ ﻒﻴﻠﺎﺘ / ﻯﺩﻴﺸﺮ ﺦﻴﺮﺎﺗ
    1383 :ﺐﻭﺘﮑﻤ
  14. Исин А.И. Новые источники по истории Казахстана первой четверти XVI в. // Известия АН Каз ССР. Серия общ. наук. 1985. №3. – С. 45-49.
  15. Атыгаев Н.А. Хронология правления казахских ханов (XV – середина XVI века) / Тюркологический сборник. – 2006. Москва, 2007. – 366 с.
  16. Трепавлов В.В. Казахские ханы XVI в. в Литовской метрике // Отан тарихы, 2013. – №3 (63). – С. 54-61.
  17. Кәрібаев Б.Б. XV ғ. соңы – XVI ғ. I ширегіндегі Қазақ хандығының Мауреннахр мемлекеттерімен саяси қарым-қатынасы. Канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1996. – 24 б.
  18. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Т.II.Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.Л.Волиным. – М.-Л., 1941. – 308 с.
  19. Султанов Т.И. Зерцало минувших столетий. Историческая книга в культуре Средней Азии в XV-XIX вв. – СПб.: Филол. ф-т СПбГУ, 2005. – 304 с.

 

785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз