• Еркін ой мінбері
  • 30 Қазан, 2020

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ДӘРІГЕРЛЕР

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі

Тарихқа жүгінсек, қай мемлекет, қай қоғам болмасын халық денсаулығы, адам өмірі бірінші орында тұр. Адам денсаулығынан, адам өмірінен артық дүние жоқ мына фәниде. Халық денсаулығының сақшылары ақ халатты абзал жандар – дәрігерлердің адам денсаулығын сақтауда, өмірлерін ұзартуда алар орнын, рөлін біз айтпай-ақ көпшілік жақсы біліп, жетік түсініп отыр. Осындай сәтте кең байтақ елімізде ертеде, өткен ғасырларда орын алған, халықты қынадай қырған жұқпалы індеттермен (оба, сүзек, шешек, тырысқақ, көкжөтел, көкала және т.с.с.) күрескен дәрігерлердің қайсар да қажырлы істері еріксіз еске түседі. Олар біздің кең байтақ Ұлы даламыздың әр түкпірінде қиын-қыстау жылдары аянбай еңбек еткендер, әсіресе ұлтымыздың алғашқы дәрігерлері туралы мәліметтер, өкінішке қарай, тым бұлыңғыр, көмескі десек те болады. Өйткені, уақыт бір орында тұрмайды, жылдар өткен сайын тарихи мәліметтер сары сағымға айналып, заманның шаң-тозаңы басып, ұлт тұлғаларының талайының есімдерін естен шығарып, базбірі тіпті, ұмыт болып барады. Олар туралы көп жылдар бойы тірнектеп, там-тұмдап басылымдардан, ғаламтордан жинаған біраз мәліметтерді көпшілікке ұсынуды жөн көрдік. Олардың сонау дүрбелеңге толы, қиын-қыстау жылдағы қайсар да қажырлы, жанқиярлық, жанкешті ауыр еңбектерін бағалап, тағзым ету біздің – қазіргі ұрпақтың парызы.

«Біздің тарихымыз бай. Хандарымыз да, билеріміз де, батырларымыз да, ақындарымыз да жетерлік. Қай-қайсысын да мақтанышпен айта аламыз. Алайда, біздің тарихтан орын алған ұлы дəрігерлер жоқ. Ибн Синадан басқа. Болса да, олар тарихтың көне қойнауында жойылып кетті. Яғни, бұл да біздің тарихшыларымыздың алдындағы үлкен міндет. Ел ішіндегі аңыз-əңгімелерге арқау болған сынықшыларды, бақсы-балгерлерді, ұмытылып бара жатқан есімдерді қайта зерттеуіміз керек. Өз басым, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр елді иемденген халықтың емшілері болмаған дегенге сенбеймін» – деп жазады белгілі режисер Талғат Теменов «Дәрігерге басымды иемін» деген мақаласында («Егемен Қазақстан», 20.04.2020).
Ия. Жарық дүние есігін жаңа ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін дәрігер қызметіне жүгінетініміз рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Ақ халатты абзал жандар өз ісіне шебер, білікті, адал бола жүріп талай жанның жүрегіне өмір гүлін, үміт отын жағып келеді. Өткенді білмей, өткелден өту оңай емес. Тағылымы терең тарихымызды білмей, болашаққа бағдар жасау да жеңіл емес. Сондықтан, үнемі уақыт ағымына ілесіп жүре бермей, кей-кейде өткен тарихымызға зер салып, көңіл бөліп, бір мезет ой таразысына салғанымыз жөн. Өйткені, өткенсіз өмір жоқ. Біз тарих тереңіне үңіліп, қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігерлер туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Әрине, олар туралы мәліметтерді там-тұмдап әртүрлі баспалардан теріп, ғаламторды сүзіп, жүйелеп, ой қосып, аздап болса да толықтырып сіздерге ұсынып отырмыз. Олардың базбірі сіздерге бұрыннан таныс, белгілі дүниелер болуы да ықтимал. Ол үшін бізді айыпқа бұйырмаңыз.
Медицина деген сөз латыннан аударғанда – адамдардың денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқаттарды емдеу, аурудың алдын-алу деген мағынаны білдіреді. «Медицина – тәжірибеден туындаған ілім. Өзіне сай заңдылықтары, аурудың түріне лайықты және оның неден туындайтынын, қалай емдеу керектігін анықтап, адам тәнінің сау болуы үшін күрес жүргізетін сала», – дейді медицинаны кәсіби деңгейге көтерген тұлға Әбу Насыр әл-Фараби ((870-950).
Медицинаның шығу тарихына үңілсек, тарихшы-ғалымдар алғаш медицина қызметі тас дәуірінен бастау алады деп топшылауда. Сол кездегі адамдар жарақаттарына, ауруларына өздіктерімен түрлі шөптерді дәрі-дәрмек ретінде пайдаланған деген тұжырым бар. Дәл осы кезеңде адамдардың бір-біріне қол ұшын созып, ауруына ем-дом қолданған кездері өздігінен медицина қызметінің туындауын алып келген. Әрине, бұл деген медицинаның алғаш дүниеге келгеніне шәк келтірмейді. Олар жан-жануарлар жейтін шөптердің көбін дәрі ретінде қолдануға болатынын түсінген. Тарихшылардың зерттеулерінен алғашқы жеке бас тазалығы (гигиена) осы кезде қалыптасып, тас дәуірінің адамдары сүйек сынығында, шытынағанда алғашқы көмекті көрсете алған.
Ал, біздің еліміз Қазақстандағы медицина қызметі қашан пайда болғанына келсек, археологиялық және этнографиялық зерттеулерден көптеген деректер алуға болады. Мысалға алар болсақ: Павлодар-Ертіс өңіріндегі Қараоба обасынан табылған әйелдің, Батыс Қазақстандағы Сайқын станциясы маңынан табылған ер адамның, Тараз қаласы мен Орал төңірегінен табылған трепанация жасалған жауынгердің бас сүйектері; Орталық Қазақстандағы Қарабие мекенінен табылған адамның қаңқасы жатады. Бұл деректер, яғни, Қазақстандағы емшілер дәрігерлікпен, емдеу ісімен, хирургиялық әдістермен ерте бастан шұғылданғандығын айтады. Ежелгі медицинаның негізін қалаған Ибн Сина (Авицена), әл-Бируни, Клавдия Гален, одан кейінгі әл-Фараби, Әбу-Мансұр, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ірі тұлғалар орта ғасырларда медицина ғылымдарына қомақты үлес қосып, із қалдырған. Ел арасында алғашқы көмекті бақсы-балгерлер, емшілер, сынықшылар, молдалар, кіндік шешелер жүргізгені белгілі. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз кезеңінде шипагерлігімен елге танылған, медицина тақырыбына арнап кітап жазған қазақ емшісі.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) – қазақтың әйгілі шипагер-емшісі, елдің әлеуметтік-саяси өмірінің тарихшысы.Өтейбойдақтың өмір дерегі, туған, өлген жылдары негізінен «Шипагерлік баян» кітабындағы мәліметтер бойынша белгілі. Автор «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастағаны туралы, содан Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған.
Сондай-ақ, Өтейбойдақтың 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де дерек бар. Демек, Тілеуқабылұлы Өтейбойдақты 1388 жылы дүниеге келіп, 1478 жылы дүние салды деп жобалауға болады. Өтейбойдақ «Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді:
«Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім – Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім – Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын».
Емшілік, шипагерлік қасиет Өтейбойдаққа ата-тегінен жұғысты болған. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірген. Сөйтіп, шипагерліктің өз заманындағы биік деңгейіне көтеріле білген. Бұл жолда ол әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрк етіп, бүкіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп еткен.
Қазақтар арасынан дәрігерлер мен фельдшерлер даярлау ісі Қазан төңкерісіне дейінгі жылдары-ақ қолға алына бастады. Қазақстанда жергілікті халықтар арасынан шыққан көптеген дәрігерлер мен фельдшерлердің өмірі мен медициналық қызметі республика медицинасының тарихында жарқын із қалдырды. Қазақ халқының алғашқы маман-фельдшерлері 1841 жылы 9 тамызда (базбір мәліметтерде 1820 жылдары) Орынбор әскери госпиталі жанынан ашылған фельдшерлік мектептен даярланып шықты. Олар (фельдшерлер С.Жәнібеков, Х.Бабаев, А.Бадаев, т.с.с.) сол тұста ел арасында кең тараған шешек ауруына қарсы егу қызметімен айналысты. Батыс өңірде бұл жұмысты фельдшер Хамза Қартжасов жүргізді.
Қазақстан территориясында тырысқақ, сүзек, оба және шешек аурулары талай халықты қырғынға ұшыратты. Ол кезде қазақтарға орта есеппен 1 дәрігерге 22-25 мың адамнан келген. Қазақтан шыққан алғашқы медициналық қызметкерлер осындай қиыншылықтарға қарамастан, елдің кедей топтарына қолдан келгенше дәрігерлік көмек көрсете білді.
ХХ ғасырдың басында қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді зиялы қаумының қатарына енген Барлы­бек­ Сыртанұлы (1866-1914) Жетісудың Ақсу өңірінің азаматы. Верный (қазіргі Алматы) ер балалар гимназиясында орта білім алып, 1886 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Ол студенттік шағында сондағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген М.Сералин, Б.Қаратаев, А.Теміров, Б.Құлманов секілді қазақ жастарымен бірлесіп, «Жерлестер» атты үйірме құруға атсалысты. Бұл үйірме мүшелері студент жастарға көмек көрсетуді ұйымдастырумен бірге саяси-әлеуметтік мәселелерді қызу талқыға салды. Ол – шығыстанушы, араб-түркі, парсы-татар тілдерін игерген еді. Университетті аяқтағаннан кейін Б.Сыртанов 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында қызмет етті. 1894 жылы 29 кыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген қазақ халқының өкілдеріне көмек көрсетуді өз борышы санады.1903-1907 жылдары Б.Сыртанов Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындау, әрі оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ съезін шақыру мәселесін көтерді. Оның мұндай ұсынысы С.Лапин, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин және Б.Қаратаев секілді қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, патша­лық билік жүйесінде ұлық дә­режелі қыз­мет­те 18 жыл болған ол 1909 жылы отставкаға шыққаннан кейін Жетісудағы атамекені Ақсу бекетінің қасында 12 ша­қы­рым жердегі қыс­тауы­на оралады. 1910-1913 жылдар аралығында Б.Сыртанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген Жарғы әзірледі. «...Ол өзі таби­ғатынан бойына дәрігерлік қасиет қонған адам болатын. Петербор­да­ғы Императорлық университетті бітірген соң, туған жеріне келіп, қызметке араласа бастаған тұ­сын­да қазақ даласында өсетін емдік қа­сиеті зор шөп, гүл, т.с.с. зерттеп, орыс тілінде «Дәрілік өсімдіктер» («Травяные растения. Способы их употребления») деп аталған медициналық еңбек жазған», – деп жазады жазушы-зерттеуші Елдос Тоқтарбай.
Бірен-саран болса да алғашқы білімді, озық ойлы ұлт өкілдері сол ауыр кезеңде ел жағдайына барынша көңіл бөліп, титімдей болса да халқыма пайдамды келтірейін деп өмір сүрген, қолынан келген көмекті аямаған.
Дәстүрлі медициналық көмек алғашқы жоғары білімді дәрігерлер арқылы тек ХХ ғасырдан бастап көрсетіле бастады десек қателеспейміз. Қазақтан шыққан алғашқы дипломды дәрігерлерге тоқталсақ, тұңғыш көшбасшыларға Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов, Мұхаметжан Қарабаев, Әміре Айтбақин, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Сейітжапарұлы Асфендияров, Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров, Дәулетшах Жүсіпұлы Көсепқалиев, алғашқы қазақтан шыққан әйел дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Рақия Шагабудинова-Ермекова сынды тұлғаларды айтамыз. Басқа да көптеген қазақ дәрігерлері мен фельдшерлері қоғамдық істерге белсене араласып, еліміздің денсаулық сақтау ісінің қалыптасуына үлкен үлес қосты.
Бұл кісілер туралы бүгінге дейін жетіп отырған деректер жұтаңдау, бірақ соған қарамастан, сол аз деректердің өзінен сонау өткен ғасырдың басында-ақ ел-жұртқа танымал дәрігерлер, қайраткерлер, ұлт жанашыры болған қазақ азаматтарының арасынан шыққан зиялы тұлғаларды көруге болады.
ХХ ғасырдың басында Қазақстан жерінде басқа көрші елдегідей медицина нақты орныға бастады. Жергілікті халық балаларын орысша мектептерге беріп, сауаттарын аштырды. Жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп, біраз білімді азаматтар елге қызмет ете бастады. Олардың арасында медицина мамандығын игергендері де болды.
1877 жылы халықтан жинаған ақшамен 1877-1891 жылдары 8 қазақтың баласы Қазан университетін бітірді. Соның тек біреуі Мұхамеджан Қарабаев медициналық факультетті бітіріп, елге дәрігер болып оралды. Қолда бар құжаттарға зер салсақ, алғашқы жоғары білімді қазақ дәрігері сол Мұхамеджан Қарабаев екен. Оның, қарапайым қазақ ауылының бақташысының біртума жан екендігін көрнекті педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин байқаған және Троицк гимназиясына оқуға түсуге көмектескен. Жас Мұхамеджан Қарабаев 1881 жылы  кәмелеттік аттестат алған кезде Торғай облысында 105 мың шаршы шақырым аумақта орташа есеппен бір дәрігер, бір фельдшер және бір кіндік шешеге 82 мыңнан астам адамнан келді. М.Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жас­тайынан біліп өсті. Аш-жала­ңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы импе­раторлық университеттің медицина факультетіне түсіп, оны 1887 жылы бітірген. Ол 1888 жылы маусымда уез дәрігерінің қызметіне тағайындалып, үнемі сапарда жүріп, шұғыл хирургиялық операциялар жасап, екіқабат әйелдерді босандырды, шешек, бөртпе сүзек, тырысқақ және қышыма қотырмен күресті. Қазақтың алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің емдеуші дәрігері болды деген де мәліметтер бар. Ол қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, байтақ даладағы алғашқы аурухананы сонда ашып, он жылдан астам сол ауруханада қызмет еткен. Бірақ, сол кездегі күн сайынғы  ерлікке толы еңбек оған жеткіліксіз көрінді. 1892-1893 жылдары М.Қарабаев бүкіл Қазақстанды дүрліктірген тырысқақ (холера) індетін жоюға ерен еңбек сіңірген дәрігерлердің алғы қатарында болды. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда 20722 адам қатерлі тырысқақ індетпен ауырып, оның 13197-сі көз жұмды. 1897 жылы Ырғыз өңірін ашаршылық жайлап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен денсаулықтарын нашарлатты, ел арасында жұқпалы дерттер көбейді. 1898 жылы М.Қарабаев Ташкентке немесе Түркістанға уездік дәрігер етіп жіберуді өтініп билік иелеріне өтініш жазды. Көп ұзамай Ташкенттен оның Перовскіге (қазіргі Қызылордаға) баруы туралы ұсыныс түсті. Бірақ, 1907 жылы Қазақстанда жаппай сүзек індеті бас көтеріп, оны Ырғыз уездіне жергілікті тұрғындарға медициналық көмек беруге жолдады.
ХІХ ға­сыр­­дағы дәрігерлердің басты міндет­терінің бірі кең таралатын эпидемиялармен күрес-тін. Сөз болып отырған жүз­жылдықтағы қауіпті індеттердің бірі тырысқақ ауруы еді. Қолда бар ресми мәліметтерге қарағанда тырысқақтың қазақ даласына таралуы алғаш 1829-1830 жылдары тіркелген. Хиуадан келген індет Орталық Азияға Парсыдан енген болатын. Нәтижесінде індет шар­пыған қазақтардың тұтас ауылдары қы­надай қырылады. Араға уақыт салып 1848-1849 жылдары елдің оңтүстік аудан­дарында тырысқақ қайта өріс алады. Жұқпалы ауру 1871 жылы да бой көр­сеткен.1891-1892 жылдары Қазақстанда тырыс­қақтың кезекті таралымы тіркел­ген. Сол ауру эпидемиясы біздің елмен қатар жатқан Ресейде де бірнеше рет тіркелген.
1911 жылы елу үштегі дәрігер Мұхамеджан Қарабаев өз еркімен қауіпті оба ауруымен күресу үшін Якутияға жол тартады. Ол бес жыл Орта Колым және Якутиядағы Верхоянск және Среднеколымск округтарында инфекциялық аурулар тараған колонияларда және жергілікті тұрғындарға арналған емханада жұмыс істеді. Тіпті, лепрозориядағы науқастарға 1912-1913 жылдары ем жүргізді. Сөйтіп, дәрігерлік өмірінің 5 жылын Верхоянск пен Колымада өткізіп, жергілікті халықтың ризашылығын алып, 1916 жылдың жазында қызметін тапсырып, Якутиядан кетті. 1916-1917 жылдары Петроградта Қызыл крест ұйымында жұмыста болды. Одан кейін 1918 жылы елге оралғанда дәрігерлерден тарығып отырған денсаулық сақтау бөліміне келіп, бар күш-қуатын аямай халыққа қызмет етуге дайын екендігін білдірді. Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысты. Дәрігер тапшылығынан ол барлық сыр­қат­тарды аралап, қажетті емін жасап, про­филактикалық шараларды ескертіп отыр­­ды.
1919-1921 жылдары Қостанай аймағына сүзек, безгек, оба, шешек сияқты індет көп таралған кезеңде, медициналық көмек ұйымдастырып, ел-жұртты індеттен қорғауға көп үлес қосты. М.Қарабаев уезд халқының санитарлық мәдениетін көтеруге, оларға тазалық пен гигиенаның қарапайым шарттарын үйретуге ерекше көңіл бөледі. 1921 жылғы тырысқақ індеті елімізде аштықпен тұспа-тұс келді, өліктер (кейде бір түнде 60 адамға дейін өлді) қала көшелерінде ашық-шашық жатты.  Мұхамеджан Қарабаев өзінің ұлғайған жасына қарамастан демалыссыз тынбай жұмыс істеп, алыс ауылдардағы адамдарды  ажалдан құтқару үшін атқа салт мініп аралады.  Қостанай уезінің Семиозер және Боровской ауруханаларын басқарған ауыр жылдарда тек медициналық аспаптар ғана емес, кей кезде тіпті сабын да жетіспеді (e-history.kz. №1 (21) қаңтар-наурыз 2020). 
Ол 1927 жылы денсаулығы сыр бергесін, өмірінің мәніне айналған жұмысын тоқтатады. Оған денсаулық саласындағы зор еңбегі үшін дербес зейнетақы тағайындалды. Бірақ, адамдардың есінде өзі туралы жақсы естелік пен алғыстарын қалдырып, ешбір байлық жинамастан қарт дәрігер 1928 жылы өмірден озды. Ол өзінің 40 жылдық дәрігерлік еңбегімен еліміздің денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға, дамытуға елеулі еңбек сіңірді.
Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде (22.01.2020) Есенгелді Сүйіновтың Мұхамеджан Қарабаев туралы көлемді мақаласы жарияланды. Онда «Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жас­тайынан біліп өсті. Ол аш, жала­ңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы импе­раторлық университеттің медицина факультетіне түсті. Бар ынтасын салып оқыды. Оған қатысты деректерді ақтарып отырып, таң­данарлық жайларға куә боласың. Ол ел ішін­де­гі сүзек, оба сияқты жұқпалы ауруларды жаяу­лап жүріп емдеген, тіпті алғашқы жылы жала­қы ала алмай, адамдарды тегін қараған. Профессор Ишанбай Қарақұловтың айтуына қара­ғанда, 1895 жылы қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, оны жүзеге асыруға ұйытқы бол­ған. Бір шеті Якутия, Орта Колымаға дейін ба­рып, Санкт-Петербург қаласында, жоғарыда айтыл­ған Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе, Түркістан жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысады», – деп мақала авторы дәрігердің еңбегіне зор баға береді.
Шомбалов Мәжит Мұхамеджанұлы бұрынғы Ішкі Орданың Талап бөлімі, 1-старшындық ауылында 1873 жылдың 20 сәуірінде дүниеге келген. Ол обаға қарсы күрескен алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, республикада дәріхана жүйесін қалыптастырудың негізін қалаушы. М.Шомбалов 1899 жылы Қазан университетінің медициналық факультетін тамамдаған. 1899-1903 жылдары Орда стансасында дәрігер, 1903-1917 жылдары Орда ауруханасының меңгерушісі болды. Ол 1906-1910 жылдары екі мәрте «Қырғыз даласының Нарын бөлігі мен оңтүстік округтердегі обамен күрестегі еңбегі үшін» арнайы күміс белгісімен марапатталған. 1911 жылы белгілі орыс ғалымы И.И.Мечников басқарған экспедиция құрамында Қалмақ даласында оба індетін зерттеу жұмыстарына қатысты. Азамат соғысындағы тұрмыстың ауыр кезеңіне қарамастан, Бөкей губерниясында 370 төсектік, оның ішінде Ордада 100 төсектік аурухана ашты. 1923-1929 жылдары денсаулық сақтау халкомының орынбасары, сонымен бірге Қырғыз АКСР Орталық Атқару комитетінің мүшесі және Бүкілресейлік Қызыл крест қоғамының Қазақстандағы өкілі болып тағайындалды. 1929-1938 жылдары Қазақстанның дәріхана басқармасының бастығы болды. Өмірінің соңғы жылдары біраз уақыт Орал қаласында обаға қарсы стансаның меңгерушісі қызметінде болып, 1940 жылы дүние салды. Бүгінде Алматы қаласындағы №4-дәріхана Мәжит Шомбаловтың есімімен аталады.
Халел Досмұхамедов 1883 жылдың 24 сәуірінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған құмында дүниеге келген. Ол – көп қырлы дарын иесі, аса ірі саяси тұлға. Қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. Негізгі мамандығы – дәрігер. Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық сыныбына қабылданып, оны үздік бітіреді. Келесі жылы Санкт-Петербургтағы императорлық әскери-медицина академиясына қабылданады. Оны 1909 жылы алтын медальмен үздік бітіріп, дәрігерлік атақ алып Пермь губерниясында қызметін бастайды. Кейін №2 Түркістан, №2 Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарады. 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады. 1912-1913 және 1915 жылдары таралған оба індетіне қарсы күрес ісіне белсене қатысып, «Темір дәрі хақында», «Сары кезік-сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» атты мақалалар жариялайды. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталады. Кейін бұл еңбектерін толықтырып «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты ғылыми кітап етіп шығарады.
1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімнің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді. Ол қазақ дәрігерлерінің арасында тұңғыш осындай ғылыми атаққа іліккен азамат. 1930 жылы ҚазПИ ректорының көмекшісі болып бекітіледі. Алайда, келесі 1931 жылы Совет өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Ресейдің Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етті. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Жалындап тұрған шағында нақақтан-нақақ уақытынан бұрын өмірі қиылды.
Әміре Айтбақин 1861 жылы Семей облысы Павлодар уезі Ақпеттау болысында дүниеге келген. Алғашында ауыл мектебінен хат танып, кейін Омск гимназиясында білім алады. Ал 1882 жылы Омск мұғалімдер семинариясын аяқтап, Омск әскери гимназиясына мұғалім етіп жіберіледі. 1883 жылдың 13 тамызында Дала генерал-губернаторының бұйрығымен оның кеңсесіне қазақ тілі бойынша тілмәш болып ауыстырылады.
 Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, әр түрлі лауазымдарда қызмет етіп жүрген тұлғаның дәрігерлікке бет бұруы туған халқына деген жанашырлығынан бастау алған екен. Ол заманда қазақтардың денсаулық жағдайы тым төмен екені, балалар көптеп шетінейтіндігі көпке белгілі болатын. Бұл Әміренің жанына ерекше батқандықтан туған халқына көмек көрсету үшін 1889 жылы  Томск университетінің медицина факультетіне түседі. Мемлекет қызметкері – Әміренің бұл қадамына Семей әскери губернаторы Котюхов 1889 жылдың 23 қаңтарындағы бұйрығында оң баға беріп, төмендегідей баяндайды: «Младший чиновник особых поручений при Военном губернаторе коллежский секретарь Айтбакин, – стремясь к получению высшего образования, воспользовался разрешенным ему двухмесячным отпуском для того, чтобы устроить поступление свое в вновь открытый Томский университет. Расставаясь с господином Айтбакиным, объявляю ему благодарность за старательное и добросовестное исполнение служебных поручений, в особенности по управлению хозяйственным отделом областного присутствия».
Томск университетінде Ә.Айтбақин жайлы жазылған «Амре Айтбакин – воспитанник императорского Томского университета, первый дипломированный казахский врач» атты ғылыми еңбекте: «Продолжая службу, он имел полное право рассчитывать на постепенное улучшение своего положения и хорошего материального обеспечения в не далеком будущем. Однако, нужды своих единоплеменников и желая принести им существенную пользу, он решился оставить государственную службу, и из чиновника, занимавшего одно из видных мест в областной администрации, превращается в скромного студента. Тот факт, что молодой инородец променял административную карьеру на скромную долю студента-труженика, нельзя, разумеется, объяснить ничем иным, как проявлением благородного чувства любви и преданности к своему родному гнезду, самопожертвованием для блага родного народа» – деп көрсетілген.
Шындығында, келешектегі өзін күтіп тұрған қызметтік (чиновниктік), шендік өсумен қатар, материалдық жағдайының жақсаруынан бас тартып, дәрігерлікті игеруге ұмтылған тұлғаның қадамын бұдан өзгеше бағалауға негіз жоқ. Оны өз ұлтына деген шынайы сүйіспеншілігі – шағын стипендияға қараған студенттік ортаға әкелді (стипендияны Павлодар уездік басқармасы төлеп отырған).
Облыстық әкімшіліктегі беделді лауазымдағы қызметінен бас тартып, оқуға түскені халқына деген сүйіспеншілігінің белгісі еді.
Орда бұзар жастағы Айтбақин жоғары курсқа көшкен соң, ғылыми жұмыспен айналысуға ден қояды. Ол туралы «На старших курсах А. Айтбакин стал заниматься научно-исследовательской работой. Заинтересовавшись лечебными свойствами хорошо знакомого ему национального напитка кумыса, он пришел в гигиеническую лабораторию, которой заведовал профессор А.Судаков», – деп жазылған.
Сөйтіп, Ә.Айтбақин 1892-1893 жылдар аралығында профессор А.Судаковтың жетекшілігімен «Изменение кумыса при стерилизации и состав стерилизованного кумыса» атты ғылыми-зерттеу жүргізеді (Томск, қор-296901).
Студенттің ғылыми еңбегі жайлы профессор: «Студент Айтбакин, киргиз по своему происхождению, по моему предложению, взял на себя попытку хотя бы в общих чертах выяснить этот вопрос. В 1893 году опыт приготовления стерилизованного кумыса, увенчался полным успехом: 50 бутылок доставленного Айтбакиным в Гигиенический институт Томского универстиета кумыса заключили в себе напиток вполне доброкачественный. После сохранения этого кумыса в течение 8-9 месяцев при температуре 10-15 градусов кумыс представлял приятного кисловатого вкуса, и, по словам приглашенного Айтбакиным для экспертизы одного томского купца из татар, по своему вкусу не отличался от свежеприготовленного кумыса», – деп пікір жазған. Ә.Айтбақиннің бұл еңбегіне сол кездегі университет профессорлары М.Попов және П.Буржинскийлер де жоғары баға берген екен.
Ә.Айтбақин өзінің ғылыми еңбегінің кіріспесінде қымыздың Орта Азияда ерте заманнан кең тарағанын айта келе, тарихқа жүгінеді. Венециялық Марко Полоның ХІІІ ғасырда татар елінде болып, жылқы сүтінен дайындалған «Кемаз» атты сусын ішкенін, оны «ақ виноға» теңегенін жазған. Ал, орыс тілінде «Кумыс» деп жазылғанымен, өз елінде бұл сусынды «Қымыз» деп атайтынын баса айтқан және сабаның, күбінің, піспектің қалай жасалатынына, ол ыдыстардың ысталуына, қымыздың сапырылу ерекшелігіне тоқталып, іс барысын толық суреттеп көрсеткен және мал жайылымының да сүт (саумал, қымыз) сапасына әсерін жазған.
Ә.Айтбақин ғылыми еңбегінде ерекше жайға тоқталып, Общераспрастраненное мнение, что киргизы вовсе не страдают чахоткой неверно, действительно она среди них встречается редко – это факт. Может быть на это влияет климат степи и употребление кумыса, который издавна киргизы считают целебным средством против всевозможных болезней… Годность кумыса к употреблению, киргизы определяют по вкусу…», – деп көрсеткен.
Жас ғалым қымыз құрамын анықтауда Пастер, Сокслет, Вестфаль, Генер, Гейслер атаулы тәжірибелерді, аппараттарын, формулаларын, кестелерін қолданған. Мысалы, қымыз құрамындағы ақуыз мөлшерін анықтау үшін «Konig,a» атты тәжірибені қолданған екен. Атап айтқанда, 10 грамм қымызды колбаға құйып, оған 100 грамм дистилденген су құйған. Алынған қоспаға 4-5 тамшы уксус қышқылын қосқан. Кейін 40 градусқа дейін қыздырылып, казеин мен май тұнбасы алынған. Бұдан әрі жоғарыда айтылған тәжірибелер мен аппараттарды қолданып, сүзгілеу арқылы казеин құрамын анықтаған. Жалпы ғылыми жұмыс барысында қымыз құрамында май, қант, спирт, көмір қышқылы, казеин, альбумин, гемиальбумоз, пептон атаулы элементтердің бар екенін анықтап, 4 бағаннан тұратын кес­те жасаған және балалар ауруханасында тәжірибе өткізген.
Жас ғалым өз ғылыми жұмысын тұжырымдағанда «Считаю при этом необходимым прибавить, что те предварительные опыты – два опыта, – которые я лично произвел над питанием кумысом в детской клиники профессора Бартенова показали, что стерилизованный кумыс больными-хрониками детьми, страдавшими хроническим расстройством желудочно-кишечного аппарата, переносился совершенно удовлетворительно. К сожалению эти опыты, за недостатком стерилизованного кумыса, не могли быть произведены в более широком объеме…», –  деп өкінішін білдірген екен (М. Кәрім, 2018).
Сөйтіп, 1894 жылы оқуын үздік бітірген ол ғылыми жұмыспен айналысып, қымыздың пайдалы емдік қасиеттерін зерттеген алғашқы дәрігер. Осылайша 35 жасында «лекарь» мамандығымен тәмамдап, Семей облысының Қарқаралы уезіне дәрігер болып орналасады. Ерен еңбегімен аз уақыт ішінде білгір, білімді маман ретінде елге танылған. «Қарқаралыда оның қабылдауында болған адамдардың әңгімелеуі бойынша ол өз уезіндегі қазақтар арасында өте беделді, әрі қазақтың арасынан шыққан жоғары білімді алғашқы дәрігер. Қазақтар оның қабылдауына көптеп келеді, себебі ол аурулармен тілмәшсіз қазақ тілінде сөйлеседі. Орыс дәрігерлеріне қазақтар тіл білмегендіктен аз келетін. Күнделікті оның үйінің жанынан сол уездің әр қиырынан келген салт аттылы жүздеген қазақтарды көруге болады, олар тек аурулары үшін ғана емес, әр түрлі өмірлік, отбасылық, тағы да басқа кеңестер алу үшін жиналады. Осы көріністен оның өз елі үшін, оларды Еуропа мәдениетіне үйрету үшін таңдап алған жолының қиындығы мен шынайылығын көруге болады. Айтбақиннің өмірі үлгісінде қазақтар адамдарды туыстығы, байлығы үшін ғана емес, білімі үшін де бағалап, білімнің пайдасын нақты сезіне бастады» – деп жазылған сол кездегі басылымдарда.
1896 жылы Әміре Айтбақин отбасы жағдайына байланысты Павлодар уезіндегі 3-ші участок дәрігері болып ауысып, Қарқаралы уезіндегі 1-ші участок дәрігерлігін қатар алып жүреді. 1898 жылы Өскемен уезінің 3-участок дәрігерлігіне ауысады, сонымен қатар Зайсан уезінің 1-ші және 3-ші участоктарының дәрігерлік міндеттері қоса беріледі.
Губернатордың бұйрығымен 1905 жылдың 8 сәуірінен бастап Ә.Айтбақин және оның дәрігерлік амбулаториясы Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына көшіріледі. Бұл жерде ол Зайсан уезінің 2-участогының меңгерушілігін қатар атқарады. Катонқарағайдағы амбулаторияда екі адам қызмет атқарады: дәрігер – Әміре Айтбақин және фельдшер – Игілік Базаров. Амбулатория жанынан дәріхана ашылып, Өскемен және Семей қалаларынан әкелінген дәрілермен қамтамасыз етіледі. Кейбір дәрілерді Әміре Катонқарағайдың емдік шөптерін пайдаланып, өзі әзірлеген. Катонқарағайда да Айтбақиннің қабылдауына осы маңдағы ауыл халқы тоқтаусыз келіп ем-дом алады. Ә.Айтбақин Катонқарағайда 1917 жылдың соңына дейін еңбек етіп, күрделі революция кезеңінде, яғни, 1917-1919 жылдары Өскемен қаласында қызмет атқарады. Тәжірибесі мол білікті дәрігер осы қалада 1919 жылы қайтыс болған.
Қазақ қыздарының арасында ХХ ғасырдың басында оқу-білімге талпынғандары аз болмаған. Олар өздері сауат ашысымен халық ағарту ісіне араласып, алған білімдерін елге таратуға, дәрігерлер халық денсаулығын жақсартуға атсалысты. Мысалы, қазақ қыздарынан шыққан алғашқы ұстаз-педагог, журналист, аудармашы, қайраткер Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова (1887-1934) дәрігерлік арнайы білімі болмаса да көптеген әдебиеттерді ақтара келе, бала мен ана денсаулығына қатысты пайдалы кеңестерді рет-ретімен оқушысына, қалың көпшілікке ұсынып, қазақ тарихында есімін қалдырған еліміздің көрнекті ұстазы. Н.Құлжанова «Баланы аурудан сақтандыру» атты еңбегінде анамен оның перзентін дерттен сақтандыру жолдары, баланы бағу, күту, тамақтандыру туралы ой толғайды. Бала тәрбиесіне байланысты сындарлы пікірлерін түсінікті, өрнекті кестелі тілмен, айтпақшы ойын жан-жақты түсіндіріп, баяндап береді. 1927 жылы Қызылорда қаласында 5000 данамен басылып шыққан «Ана мен бала тәрбиесі» кітабы да көпке көмек болды. Бұл кітап педагогтарға, тәрбиешілерге, ересектер мен балалар дәрігерлеріне әдістемелік кітап ретінде ұсынылған еді.
Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы дәрігер Гүлсім Асфендиярова (1880-1937) 1880 жылы 12 қарашада Ташкент қаласында дүниеге келген. Шамамен 1892-93 жылдары әкесі Сейітжапар Асфендиарұлы Гүлсімді Ташкент қыздар гимназия­сына оқуға береді. Жер­гілікті халыққа, әсіресе оның кедей әрі тұрмысы нашар бөлігіне медициналық көмектің тиісті дәре­жеде немесе уақытында көрсетілмеуі салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне куә болған Гүлсім, Ташкент қыздар гимназиясында оқып жүрген жыл­дары-ақ медициналық білім алуды алдына мақсат етіп қояды. Гүлсім Асфендиярова Петербор­дағы Қыздар медициналық институ­тына 1900 жылы түсіп, онда 8 жыл оқи­ды. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы тұсында Қыздар меди­ци­налық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, осы себептен Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты. Гүлсім білім алған Петербор Қыздар медициналық институты (қазіргі академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петер­бург Мемлекеттік медициналық универ­ситеті) патша жарлы­ғымен Петропавл ауруханасының негізінде 1897 жылы 15 қазанда ашы­лып, тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада медицина саласы үшін әйел дәрігерлерді, фармацевтерді және кіші медицина қызметкерлерін даярлаумен айна­лыса­тын тұңғыш оқу орны болатын. Гүлсім 1908 жылы дәрігер мамандығын алып, сол жылы 5 маусымда әскери-ме­дициналық ведомство бойынша №86 бұйрыққа сәйкес Гүлсім Асфендиярова Шымкент уезінің Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесіне жіберіліп, Сырдария облысының учаскелік дәрігерлері ретінде қызметке таға­йындалады.
Темірлан дәрігер­лік учаскесінде 4 жылдан аса уақыт еңбек еткен соң, әскери-санитарлық ведомствоның 1912 жылы 15 қаза­нында шыққан бұйрығына сәйкес, Ферғана облысы, Наманған уезінің, Пап ауылдық-дәрігерлік учаскесіне учаскелік дәрігер қызметіне ауыс­тырылады. Бұл уақытта Хиуа хандығында Асфендияр ханның уәзірі Сейіт-Ислам Қожа­ның ерік танытуымен халыққа меди­циналық көмек ұйымдастыру шара­лары қолға алынып, мемлекеттік қазынадан 100 мың сом қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен 1911 жылы Хиуа қаласының ескі бөлігінде 100 орындық аурухананың құрылысы басталып, Гүлсім біраз жыл сол ауруханада қызмет атқарады. Кейінірек Ташкентке ауысып, дәрігер-гинеколог болып еңбек етті. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевик билігі тұсында да білікті маман Гүлсім Асфендиярова дәрігерлік және оқытушылық қызметтерін атқаруды одан ары жалғастырды. 1913 жылдан бері Г.Асфендиярова басқарып кел­ген Ташкент қаласындағы 30 орын­дық акушерлік-гинекологиялық ауру­хана­да және оның жанындағы амб­улаторияда 1920 жылы медици­налық бөлімде 31 адам, ал шаруа­шылық бөлімде 15 адам қызмет етті. Сол жы­лы мамырда Тұрар Рысқұлов басқар­ған Түркістан өлкелік Мұсыл­ман бюросы Ташкент бөлімі­нің өтініш білдіруімен Гүлсім Асфен­диярова перзентхана жанынан жергі­лікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру жұмыстарына жетек­ші­лік етуді қолына алады. Сөйтіп, дәрігерлігімен қоса медбикелер дайындау ісіне де атсалысады. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Гүлсім Сейітжапарқызы Асфендиярова 1937 жылы өмірден озып, Ташкентте жерленген.
Бақтығали Бисенов 1889 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысының 5-ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) туған. 1902-1910 жылдары Орал реалдық әскер училищесінде оқыды. 1910 жылы тамызда Саратов университеті медицина факультетіне оқуға түседі. Алайда соғыстың басталуына байланысты 1917 жылы оқуын мерзімінен бұрын аяқтап, Орал облыстық 13-Қызылкүлгін ауылдық-дәрігерлік учаскесіне дәрігерлік қызметке жіберіледі. Бұл бір халық арасында жұқпалы аурулар таралып, халықтың денсаулығы мүшкіл халге түскен ауыр кезеңдер еді. Бақтығали Бисенов бар күш-жігерін халықтың денсаулық әлеуетін көтеруге, шалдыққан дерттерінен айықтыруға жұмсайды. Базартөбе ауылында 10 орындық емхананың салынуына мұрындық болады. Онымен тынбай оба, шешек, сүзекпен ауырған науқастарға арнап емхана жанынан монша, дәріхана секілді әлеуметтік нысандар салдыртады. Жалпы аумағы бір гектар аумаққа картоп, басқа да көкөніс түрлері егіледі. Науқас балаларға сүт берудің пайдасын дәлелдеп жүріп сауын сиырлар бағу жұмысын қолға алады. Бұл жұмысы әрине нәтижесіз қалмайды. 1924 жылдың басында Орал облысындағы Байғұтты ауруханасына басшылық қызметке жіберіледі. Келесі жылдың қаңтарында Орал қалалық совет-партия мекте­бінің дәрігері, бір жылдан соң Губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профилактика ісі жөніндегі инспекторы болып тағайындалады. Алайда, Бақтығали Бейсеновте өзгелер секілді себепсіз қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылдары сталиндік репрессия тұсында НКВД-ның назарына ілігеді. Жүрген жерінің бәрінде «Алашорда» үкіметінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста болды деген желеумен 1937 жылдың 16 қыркүйегінде 10 жыл­ға еңбекпен түзеу лагеріне ай­да­­лады. Бірақ, кеңестік озбыр­лар алты ай азаптаудан соң, 1938 жылы 19 ақ­­панда «үштіктің» шешімімен атылып кетті.
  Қошке Кемеңгерұлы (Кемеңгеров Қошмұхамбет Дүйсебайұлы) – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. 1896 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы, Омбы уезі, Теке болысы, Қаржас ауылында дүниеге келген.
Алғаш Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан дәріс алған. Мұнан соң Омбы приход школында, ветеринарлық фельдшерлік школда оқиды. 1913 жылы Омбы ауыл шаруашылық училищесіне түседі. Осында жүріп қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» (1914-1918) мүше болып кіреді де оның үні – «Балапан» қолжазба журналына (1916-1918) редакторлық қызметін атқарады. 1917 жылы сәуірде Д.Әділұлы, С.Сейфоллаұлы және т.б. азаматтармен бірігіп, Ақмолада қазақ комитетін құруға атсалысады. Осы жылы Ақмола облысы халық санағын жүргізуге қатысады. 1917 жылы күз-қыс айларында осы облыста Алаш Орда комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. 1918 жылы «Бірлік» ұйымы «Жас азамат» ұйымы ретінде қайта құрылғанда, оның мүшесі және ұйым аттас газеттің редакторы болып сайланады. 1918 жылдың аяғында ауыл шаруашылығы училищесін бітіріп, 1919 жылы Ақмола облыстық (Омбы) халық ағарту бөлімінің саны аз ұлттар ісі жөніндегі бөлімшесіне нұсқаушы болып қызметке кіреді. 1919 жылы желтоқсанда Сібір ауыл шаруашылық және өндіріс институтының медицина бөліміне оқуға түседі. Облыстық «Бостандық туы» (Омбы – Қызылжар) газетіне тілші ретінде қатысып тұрады. 1924 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысады. Ташкентте ол бірден қызметке араласып кетеді. Мұнда «Ақжол» газетінде, «Сана» журналында қызмет етті. Сонымен бірге Орта Азия университетінде, Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен сабақ берді. Оның «Алтын сақина» пьесасымен 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ мемлекеттік ұлттық театрының ресми шымылдығы ашылған. 1924 жылы Мәскеуде басылған «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде бодандық тұсындағы тарих зерделенген. Жазушы проза, драматургия, әдебиеттану, тіл білімі, педагогика саласына елеулі үлес қосты. 1930 жылы ОАМУ (САГУ) аспиранты болып жүрген жерінен М.Әуезовпен бірге тұтқындалды. Екі жыл Алматы абақтысында отырып, 1932 жылы Украинаның Валуйкіне жер аударылып, одан 1935 жылы босанды. Оған Омбының Шарбақ көлінде тұруға рұқсат берілді. Осында аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет етті. 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, жалған айыппен 21 қарашада Омбы қаласында атылған.
Аққағаз Досжанова – Мәскеуде бiлiм алған қазақтың алғашқы дәрiгер қыздарының бiрi. Ол 1893 жылы Ақтөбе уезiне қарасты Бөрте болысының 5-шi ауылында ауқатты шаруа отбасында дүниеге келдi. Анасынан ерте айрылып, ағасы Сағындықтың тәрбиесiнде өстi. Аққағаздың бiлiм алуына, дәрiгер деген қастерлi мамандықты таңдауына сол ағасының ықпалы зор. Ағасының ақылымен ол Орынбор гимназиясына оқуға түсiп, оны 1914 жылы үздiк бағамен бiтiрiп шығады. Бiлiмге құштар, оқуға зерек, зерделi қазақ бойжеткенi Мәскеудегi жоғары әйелдер курсына оқуға түстi. Бірақ, өкінішке қарай, ауырып қалуына байланысты 1918 жылдың күзiнде курстың «қайырымды медбике» бөлiмiн жедел аяқтап, атамекенге оралады. Бiр жылдай ауылда тынығып, денсаулығын түзеп алған ол әрекетсiз отыруды жөн көрмедi. Мәскеуде бiрер жыл оқып келгенi бар, бiлiм нәрiне толық сусындап үлгермеген талапты жас қайтсе де бiлiм алуға, өнер үйренуге құлшынды. Сол жылы бiлiмге iңкәр оның арманы орындалып, Томск дәрiгерлiк институтына оқуға түстi. 1920 жылы тәуекелге бел буып, Ташкентке келiп Орта Азия жастарына арнап ашылған Түркiстан мемлекеттiк университетiнiң дәрiгерлер факультетiнде оқуын жалғастырады. Оқи жүрiп, өз мамандығы бойынша қызмет еттi. Сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстедi. 1922 жылы Аққағаз Досжанова Түркiстан мемлекеттiк университетiн тәмамдады. Дәрiгер мамандығын алған қазақ қызы өз мамандығы бойынша гинеколог және педиатр болып халқына қалтқысыз қызмет еттi. А.Досжанованың өмір сүрген уақыты дәрігер мамандардың тым тапшы кезі еді. Сондықтан, оның терапевт, акушер-гинеколог, дерматолог секілді медицинаның бірнеше саласын қатар алып жүруіне тура келді. Күн демей, түн демей науқастарға көмек беріп, адам жанының арашашысы болды. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде жаралы кеңес әскерлерін емдеуге де атсалысты. Осындай қиын-қыстау күндерде  дәрігер басқа халықтарға қарағанда қазақтардың өкпе ауруына көбірек шалдығатынын байқайды. Аққағаз қауіпті де жұқпалы сырқаттарға шалдыққан жандарды емдеп жүріп өзі де ауыр дертке шалдығады. 1932 жылы 21 қаңтарда небәрі 39 жасында Шымкент қаласында еңбек етіп жүріп көз жұмған. Өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн өзі таңдаған қастерлi мамандықтың туын түсiрмей өткен асыл тұлға қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де артына өшпестей жарық iз қалдырды. Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет етті. Ел жадынан шығып бара жатқан жақсыларымыздың есімін жаңғырту ретінде Аққағаз Досжановаға Ақтөбе қаласының бір көшесіне аты беріліп, медициналық университет жанына ескерткіш қойылған.
Есте болар бір мәселе, Аққағаз Досжанова көп жылдар бойы қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер делініп келді. Шындығында, Түркістан уни­верситетінің медициналық факульте­тін аяқтаған А.Досжанова дәрігер дипломын тек 1922 жылы алған. Бұл маңызды оқиғаға «Тілші» газетінің қызметкерлері 1923 жылы 1 ақпанда «Аймақ ішінде» атты айдарда жұрт­шы­лықтың назарын аударып, үлгі ретінде көрсеткен. Оқуын аяқтаған­нан кейін, Гүлсім Асфен­диярова жетек­шілік еткен Ташкент қаласының пер­­зентханасына жұмыс­қа қабыл­дан­ған А.Досжанова Гүл­сімнің шә­кірті атанып, одан тәлім алған.

(Жалғасы бар)

4378 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз