• Ел мұраты
  • 09 Қараша, 2020

ДАНАЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Серікқали ХАСАН,
жазушы, журналист, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Алматыдағы ұлы Абайдың бар даналығы өз бойына сыйып тұрған, әрдайым көздің жауын алатын алып ескерткіш-мүсінін әр көрген сайын, сенің өзің де оның алдына дейін жүгіріп барып, бас иіп: «Ассалаумағалейкүм, Абай ата!» – деп, онымен осыншама шұрқыраса жүздесіп, сәлемдескің, әрі дәл сол жерде тұрып, өз-өзіңе және өзіңнің айналаңа ой көзімен қарауға да аңсарлана беретіндігің рас. Алматыдағы ұлы Абайға арналған осы бір атақты ескерткіш қай кезде де дәл бір өмірдегі шын Абайдың өзіндей-ақ болып елестейтіндігіне, сірә, енді ешкім де күмән келтіре алмас; соның өзі, тіпті, іргесіндегі жарқыраған алып таудың шың-құздарымен де бір ерекше үндестік тауып, ғажайып бір көркем келісімге еніп, өзіміздің сүйікті қаламыздың Абай атындағы даңғылының ең төргі жағында тұр емес пе?! Ескерткіштің қарсы алдынан төменнен биік тау сілемдеріне қарай өрлей шауып, күнұзақты көліктер мен жаяу жүргіншілерден бір арылмайтын Достық даңғылы өтеді. Сен кейде талайғы көркем шығармаларда өзінің бар бояуымен кестеленген осы бір атақты көшелердің бойымен тәуліктің әр мезгілінде қалай қарай өтіп бара жатсаң да, Абайдың төбесінен күн сүйген осынау тас мүсінді алып тұлғасына бірден көз салып, әр жолы да оған сүйсіне қарамауың еш мүмкін емес! Сіз қалай ойлайсыз, осынау Алатау бөктеріндегі сол қолына жыр кітабын ұстап, бүгінгі тәуелсіздік дәуірімізде, тіпті, дәл осы бір Алматы көшелері мен саялы бақтарындағы алып ағаштардың алақандай-алақандай жапырақтары жылдағыдай қаудырлап, өңін алдырып, бірден сарғаймас бұрын, небір түрлі-түсті өңге бөленіп, маңайдағы ғажайып көрікке ұласып, тамсандыра бастаған осынау алтын күздегі жолығысып отырған Абай атамыз Алматының төріндегі тас-мүсінді Абай емес, шынында да, өмірдегі немесе өткен ғасырларда ғұмыр кешкен және бүгін тағы да өз ортамызды толтырып, күнде қасымызда өзімізбен бірге жүрген алып Абай емес пе?! Жарқын жүзі, жазық маңдайлы, келісті түр-тұлғасы, үстіндегі өткен ғасырлардағы ел зиялылары киіп жүргендей киімдері, көзқарасы... енді бір сәт әлгіден бері бүгінде Алматыдағы ең киелі орындардың біріне айналған тас тұғырда емес, қайта керісінше, тау бөктерінен сәл төмен түсіп, Абай даңғылының төргі жағымен қала ішіне қарай кіріп келе жатқандай да емес пе? Қайран, асыл тұлға! Осынау алып тұлғалы Абайға үңіліп, ұлы адамның кәусар бұлақтай тұнық та, даналық ойларымен нәрленген талантты шығармаларын қайталап оқуға деген ұмтылыс пен құлшыныс та тек осындайда ғана туындап жататындығын қайтерсің?! Қалай десек те, ұлы Абай – бүгінгі біз үшін қастерлі тұлға, ол – мәңгілік рухтың да жалғасы. Абай – қазақ рухы, бүгінгі өскен-өнген, жаңғырған қазақ қоғамындағы мәдени-рухани өрістің де бір жарық айнасы! Абайдай алыпқа қарап ой ойлап, Абайдай кемеңгерге қарап, бой түзейтін дәстүріміз бен талпыныстарымыздың керегесі кең, шаңырағы қашан да биік емес пе?! Алайда, бүгінгі уақыт-заман, оның талап-тілегі мен шырқау биігі жаңа бір бастауларға да толы ғой! Алып ақын, дана, хакім атамызбен оның өзі аңсаған, өзі соншама үміт шырағын жағып өткен тәуелсіздік дәуірінде жаңаша қауышып, жаңаша сырласа білуіміздің ажары мен өрнегі, әні мен сазы, самғауы мен шырқауы да өзгеше екендігі өзінше бір зор қуаныш та емес пе?! Оны, әрине, бүгінгі біздің әрқайсымыз да жақсы-ақ сезінеміз, алайда, бүгінде бүтіндей елімізде абайтану дәрістері, абайтану үрдістері, абайтану тағлымдары, абайтану тұрғысындағы небір үлкенді-кішілі мәдени-рухани және басқа да көпшілік іс-шаралары асқан ұйымшылдықпен және бүгінгі барша Абай ұрпақтарының рухани жаңғыру бағытындағы үлкен бір рухани өрлеу кезеңінде өтіп жатқандығы тарихта алтын әріптермен жазылып қалатындай оқиғалар деуге де лайықты-ақ. Ең бір ғажайыбы, Алматы мен Нұр-Сұлтанда және елдің қай өңіріндегі де Абайға қатысты іргелі шаралар, ұлы ақынның рухы, оның даналығымен сырласудың кезінде де, оның соңында қалған мәңгілік рухани мұраларына ерекше мән беріліп, тәуелсіз елдің жаңа, жас өскіндері де Абайдың даналық қайнарларынан барынша қанып ішіп, өздерін Абайдай дананы өмірге әкелген қастерлі топырақта дүниеге келіп, Абайдың бүгінгі өмірдегі шынайы мұрагерлері, Абайдың адал ұрпақтары атанғандықтары үшін де айрықша бақытты сезінуде! Олардың бірқатары өздері тұратын облыс орталығы, қала, аудан, ауыл-село, олардағы мектеп, мәдениет үйлері мен демалыс саябақтарындағы Абай ескерткіштерінің маңайына кешегі көктемде ағаш көшеттерін отырғызса, ендігі кезекте ол жерлерге құшақ-құшақ гүл шоқтары қойылып, түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіліп, ақынның жырлары мәнерлеп оқылып, бірқатары театрланған көріністер мен сахналық қойылымдарына дейін көрсетіп, ақынның рухын тіптен-ақ асқақтатуда. Жер-жердегі Абай атындағы саябақтар да өзінше құлпырып, сәт сайын жайнай түсіп, бейнебір өздерінің түрленген түстерімен-ақ көз қарықтырып, қаралай мастандырғандай, әрі жұпар иісі аңқыған  гүлзар бақтарға толып, әсіресе, дәл осы жылы, осынау ақын жырлары мен даналық ойларынан нұр жауған күндерде өмірге келген қазақ балаларына Абайдай алыптың есімі беріліп, жырдан ағыл-тегіл шашу шашылып, жарқылы мол, жасыны ерекше небір жақсы тілектер де айтылуда. Осыдан аз ғана уақыт бұрын, Қазақстанның  тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласын жариялап, бүгінгі тәуелсіз қоғамда өмір сүріп жатқан халқымызды рухани жаңғыруға жетелеп, алдағы кезегін күткен небір іргелі бағдарламаларды зор ынта-жігермен іске асыруға жұмылдырғанда да, әрдайым өзінің аузынан тастамай, даналық ойларын үнемі жатқа айтып жүретін ақын, хакім Абайдың аманат-өсиеттеріне көбірек мән бергендігі айқын. Елбасымыз Абайдай алыптың даналық ойларға толы сөздерін күн сайын еске алып, бойтұмардай етіп, санада сақтап жүрудің артық болмайтындығын сан мәрте мұқият еске салудан да бір жалықпаған еді ғой. Осындайда тағы да ұлы Абайдың өз кезінде үлкен даналықпен жазылған талай-талай талантты шығармалары және де, дәл осы бүгінгі күнге, дәл осы бүгінгі тәуелсіздіктің туын желбіреткен жас ұрпақтарына арнап айтқандай, жаңашыл, өршіл рухтағы кемел ойларына дейін сағынышпен еске түседі. Оның үстіне, бүгінгі қазақ қоғамы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы толассыз тәуекелдерге бел байлаған кезеңдегідей емес және уақыт-заманның талайғы өтпелі тұстарынан сүрінбей өтіп, тек бір өз геосаяси аймағында ғана емес, барша әлемдік қауымдастықтың алында да өзінің қазіргі замандағы бар болмыс-бейнесі мен бет-келбетін айқындап, өміршеңдігін барынша танытып келе жатқан қоғам екендігін ескерсек, нағыз Абайдай алыптың соңында қалған аса құнды рухани мұрларына деген сұраныстың жаңа бір өріс алған тұсы да осы тұс екендігін анық көрер едік. «Рухани жаңғыру» халықтың рухани өрлеу, жаңғыру кезеңінде бұрынғы өткен бабаларымызды көбірек еске алып, солардың ғасырлар бойына тәуелсіздікті аңсап, соған қол жеткізу жолындағы тынымсыз тірліктері мен күреске толы өмірлерін қайтара бір еске түсіріп, дана Абай айтқандай, бұрынғылардың бойларындағы өзгеше ірі мінездері бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі замандастарымызды әр қырынан ашып, бұрынғының өнегесін барынша үлгі ете отырып, жаңа кезең, жаңа дәуір ұрпақтарының бойларындағы өзгеше бір жақсы қадір-қасиеттерін де жарқыратып көрсетулеріне молынан мүмкіндік ашып отырғандығын ескермеуге тағы болмас. Шынында да, Абайдай данамен, дананың дархан да, даналық ойларымен жүздесіп, емін-еркін сырласудың жаңа парақтары дәл осы бір күндерде де тың ой, соны серпіліс, бағалы бастамалармен толықтырылып, еңбекте де, өмірде де Абайдың адам жанын жарқыратып, шырағын шырқата түсердей небір талантты дүниелері сені де өзіндік сиқырларымен баурап, әрі бүгінгі күннің адамдарын осыншама ынтықтырып, келер күндер мен келер замандардың игіліктеріне қарай асықтыра түскендей болып жатқандығы да өмірдің өзіндей-ақ ақиқат емес пе?! Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын биыл кең тұрғыда атап өту жөнінде арнайы қаулы шығарып, Абаймен сағыныса көрісу, ұлы ақын, данышпан ойшыл, хакім атаның көркем ойлары мен даналық идеяларын жаңаша тану, Абайдың өршіл тұлғасы мен оның бай шығармашылығындағы жаңа кезең, жаңа дәуірдегі маңдайы жарқыраған өнегелік, тағлымдық, өсиеттік тұрғыдағы қадір-қасиеттерін ашып көрсететін басты жоспар-жобаларда негізінен Абай шығармаларына, алыптың даналығына үңілуге үлкен басымдық беріліп отырылғандығы көңіл қуантып қана қоймай, біздің әрқайсымыз үшін заманауи жауапкершілікті сезінудің де ғажайып бір үлгісі емес пе?! Қасым-Жомарт Кемелұлы осыдан бірнеше ай бұрын ғана өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты терең ойлы және бағдарламалық негіздегі көлемді мақаласын жариялап, қазіргі заманғы Абайтанудың соны сипаттары мен халқымыздың рухани жаңғыру кезеңіндегі өмірінен ерекше орын алар талайғы мүмкіндіктерін алға тартты. Елімізде Абайтанудың жаңа бір кезеңі басталды. Абайды тану арқылы, өзімізді, халқымызды, елімізді әлемге танытудың озық идеялары мен тың бастамалары да бүгінгі күн тәртібіне батыл түрде қойылды.

Осындай бір толғанысқа толы қастерлі сәттер бүгінгі біздің ғана емес, бізден бұрынғы алыптардың, қазақтың небір зиялы тұлғалары мен қайраткер ұл-қыздарының да бастарында қаншама рет кездеспеді десейші?! Сонда олар да ұлы ақынның сонау өздерінің балалық шақтарында-ақ осыншама сүйсініп, талай рет жаттап өскен қаншама жақұт жырларын зор сағынышпен еске алып, Абай әлемі, Абай даналығының тереңдігі мен мәңгілігі, сол жүргенде, арада қаншама жылдар, замандар өтсе де, дәл осы бүгін де алдағы ұлы келешекке қарай жетелеп тұрғандай-ақ сезінбеді ме?! Әйтсе де, өзінің жыр-жауһарларындағы, астары қалың даналық ойларындағы алып Абай, көркемдік құдіреті ерекше шығармаларындағы, бертінгі замандағы майлы бояулы суреттердегі, театр сахналарындағы, әсем әндер мен құдіретті күйлердің рухындағы, жалынды жыр-арнаулардағы, кинолардағы, зерттеулердегі атақты ақын, данышпан тұлға бейнесі, оның болмысы өз алдына, ал, мына өзінің даралығымен-ақ осыншама менмұндалап тұрған тас мүсінді дана пішімді жан сені өзінің даналығы, жылылығы, кемеңгерлігімен-ақ баурап, жүректе бір ерекше әсер қалдырар еді.

Бүгінгі ел Президенті Абайдың тойы той тойлаудың емес, ой ойлаудың мәресіне айналып, кемел ойдың кемел келешегімізге, тәуелсіздігіміздің алдағы асқаралы асулары мен белесті биіктеріне нұр-шапағатын төгілдіртетіндей іргелі іс-шараларға айналуын мұқият тапсырғандығының өзі де нағыз бір бүгінгі өмірдің, заңғар заманның тілегіндей-ақ шындық емес пе?! Абайдай ұлы ақынын, теңдесі жоқ алыбын ардақтай білген ел ғана өзінің заманауи бастамаларымен кең тұрғыда ойлап, осындай кең пішімді тірліктерге де батыл түрде бара алар еді. Ал, біздің еліміздің Абайтану дәстүрінде, Абайтану бағдарында бұндай бағалы тәжірибелер тіптен аз емес қой! Алайда, Абайдай алыптың, Абайдай дананың жан-дүниесіне терең бойлап, онымен өмірдің әрбір кезеңінде осыншама ұдайы шұрқыраса көрісіп, ыстық құшағынан айырылмаудың бірден-бір кілті, әрине, оның бай да, көркемдік құдіреті мен ой тереңдігіне оңайлықпен қол жеткізбестей талантты шығармашылығында жатыр ғой. Абай кім, осы бүгінгі біз үшін Абайтану несімен құнды, онымен сырласуға әрдайым асығып, іштей ерекше құштарланып, өзіміздің өмірдегі, қоғамдағы, заманауи мәселелер тұрғысындағы көптеген сауалдарымызға жауапты Абайдай данадан тауып жататындығымыз неліктен дегенде, біздің ең алдымен ауызға алатындығымыз да оның өз заманынан озып туған ақындық таланты, өзіне дейінгілерден қалған үлгі-өнегелерді өз заманы мен өзінен кейінгі ұрпағына өсиет етіп қалдыра білгендігінен табатындығымызды алға тартатындығымыз да сондықтан емес пе?! Абай кешегі өткен патшалық дәуірдің өзінде-ақ қараңғы қапастағы қазақ қоғамына: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», – деп, сөздің сонылығы, жаңаша сөз саптаудың, ойдан өрнек жасаудың шеберлігі ғана емес, жыр тіліндегі жаңалығымен де танылғандығын ескерсек, өз таңы ерте атқан қазақ жыры, қазақ руханияты, қазақ мәдениеті соның артынша-ақ көркемдігі мен шеберлігі жағынан тек әлемдік әдебиеттегі Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Гете мен Гейне, ал, бұрынғы өткен шығыс поэзиясының алыптары ішінен Низами, Сағди, Хожа Хафиз, Науаи, Физули сынды даналармен ғана теңесе алатындай ондаған поэтикалық інжу-маржандарымен байытылып, ұлттық рухани игіліктер қорымызды да жаңа бір биік шыңдарға қарай биіктете түспеді ме?! Ақын ес біліп, оқу-білім, жыр кәусарына қанығуға бел шеше кіріскен кезеңдерде қалай өмір сүрсе, оның ішкі жан-дүниесінен өріліп шыққан жырлары да солайша табиғи қалыбы мен сұлулығынан бір айныған емес. Абайдың ең атақты және ең алғашқы жырларының бірі «Қансонарда» болса, оның поэзиясына тән, не тек Абайдан ғана табылып, ұлы ақынның әрдайым өзіндік даралығымен ғана ерекшеленіп тұратын шығармашылығынан ғана туындай алатындай сырлы әлем мен өзгенің қолынан келмейтіндей биік шеберліктің қырлары мен сырлары да оның дәл осы бір өлеңінде әбден тұнып-ақ тұр емес пе?! Абай өзінің әр қадамынан да жаңа сөз іздейді, өзі жаңаша ой айтуға ұмтылады. Әрі адам жанына да өзгеше қалыбында әсер етіп, өзге бір шалқар сырларға жетелейді. Ал, одан кейінгі сиқыры тереңде жатқан көркем келісім, сезімі салқар, ақынның өзге жақұттарымен ұштасып жатқан  «Қақтаған ақ күмістейі» ше?!

Жалпы Абайтану – алып ақын, дана тұлғаны сағына еске алу, оның талантты шығармаларына жаңа бір ынта-жігер, зор сүйіспеншілікпен қайтара бір үңілу, әрі әр жолы осылайша шұқшиып үңілген сайын, олардан жаңа бір тылсымы терең сырлар, тағлымдық ой-қайнарлар табу, Абай шығармашылығы, оның асқары биік даналығы арқылы, өз туған халқымыздың байырғы өткені мен бай жан-дүниесі, ұлағаты ерекше салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, рухани жауһарларына шөліңді қандыра сусындау, тіпті, осындай үздіксіз жұмыстар арқылы бүгінгі жас ұрпақты өз туған халқының өткені мен бүгінін жете түсініп, өз туған елінің, әлемге танымал тәуелсіз Қазақстанның адал перзенті, нағыз шынайы бір патриоты болуға жетелеу үрдісі қазіргі кезде де ел ішінде үздіксіз жалғасын тауып отыр емес пе?! Бір сөзбен айтқанда, Абайдың даналығы, Абайдың шығармашылықтағы өсу, өрлеу кезеңдері мен күрескерлік рухы өзі қалың ортасында туып-өскен туған халқының ХІХ ғасырдағы ояну, қараңғылық бұғауынан бұлқынып шығып, келер кезеңдерге қарай құлаш ұру кезеңдерімен қанаттас, тіпті, ұлттың күн санап, өршеленген өршіл рухымен қоса-қабат өріліп отырылғандығы сол заман мен бертінгі дәуір ғана емес, бүгінгі күн және келер ұрпақ үшін оны тым жақыннан танып-біліп, дананың даналығына ерекше құрмет пен сүйіспеншілік рухын туғызатын басты қасиет екендігі қуантады. Абайға, алыптың киелі қаламынан туындаған даналық ойларына ең алғаш айрықша құштарлықпен көңіл аударып, Абайды түсіну, алыптың осыншалықты ақыл-ой маржандарын рухани өмірде шамшырақ, жарық сәуле тұтушылық алғаш рет дана бабамыздың өзінің көзі тірісінде-ақ басталғанмен, ақын, ойшыл, кемел шығармашылық иесінің қалың қазақ қоғамын, қазақ руханиятындағы ойып алардай орны оңайшылықпен қалыптаспағандығы тағы белгілі. Абайды, оның бойындағы қазақ жаны, қазақ рухы сұранып тұрған, өз туған халқы ғасырлар бойына күткен данышпандық ой салқарын бірден танып, оған құшағын кең ашып ұмтылғанмен, араға болаттай берік сына қағып, Абай мен оның қалың ортасы, Абайдың өзі арнап үн қатып, өнбойындағы жалындаған талантты туындыларымен сырласуының жолын бөгеушілер сонау патшалық дәуірде, ақын, дана, ойшыл бабамыздың нағыз бір таным-білігі, өмірден көрген-білген, түйгендері ұлғайып, кәдімгідей шығармашылық кемеліне келген шағының өзінде де бір тоқтамапты-ау. Ең әуелі патшалық өкімет қыр қазақтарына арнап, Омбыда шығарған қазақ тіліндегі «Дала уәлаяты» газеті де әміршіл-өктемшіл әкімшіліктің билігіндегі мерзімдік басылым болған соң, Абай өз поэтикалық туындысын өзінің атынан емес, әлдебір лақап есіммен жолдаған күннің өзінде де, қазақ ақынының жүрегінен шыққан осыншалықты асқақ үндегі еркіндік, ақылдылық, толысқандық және өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы теңсіздік пен сәйкессіздікті астарлап, не өзінше әжуалағандай қылып айтқан тұстарынан шошынып, тіпті, оның өзін де талантты оқырманның, не қалың қазақ оқырманы арасында бүршік атқан талантты жанның өлеңін газет бетінде жариялаған күннің өзінде де, оның өз авторлық үніндегі әуен-ырғақ, асқақ үннің жарқылдары мен бояу-бедеріне әлдеқандай бір өзгеріс енгізіліп, кейбір тұстарын сәл солғындатып барып, жариялағандықтары әсте естен кетер ме?! Жоқ, бұл Абайдың шығармашылық жолындағы маңдайы тасқа тигендігі емес, қайта оның өзіне бұрыннан сыры мәлім патшалық қоғамның қазақ рухы, қазақ үнінің асқақтай естіліп, күш алып кетуінен қорқып, ендігі жерде халық рухы, халық жады, халықтың еркін жыр тілі, онда да өнбойынан от шашып, маңайына шұғыласын молынан шашқалы тұрған талантты жырларымен көрсеткісі келген ақынның соңына шырақ алып түсушіліктің қылаң бергендігін байқап, бірақ, соған қарамастан, жыр болып өрілген, бұрынғы айтылып, естіліп, қалың жұрттың құлағы әбден үйренген, кей жағдайда тіптен жауыр бола жаздаған сөздерден бөлекше, асқақ, жарқын, көп ретте тыңнан түрен салғандай соны сипаттағы ақын сөзі, ақынның поэтикалық ой-маржандары, ақын үнінің өз туған халқының арасындағы қалың оқырмандарына, оқу-ағартушылық, дүниетанушылық, қоғамдағы болып жатқан оқиғалар, сан түрлі құбылыстар, халықтың осыншалықты ауыр өмір, зіл-батпан тіршілік әрекеттерінен қапелімде көз аша алмай отырғандығына өзіндік ой көзімен қарап, қара түнек қоғамның, халықтар түрмесі атанған патшалық жүйенің кереғарлықтары мен алда бұндай қиын заманнан, оның барлық азаптарынан  жол тауып, өрісті өмірге бағыт алу үшін өзіңнің де барынша әрекет етіп, көзің ашылып, қалың көппен иық түйістіріп, бірлесе іс-әрекет етуің қажеттігін ұғынуға жетелейтіндігін анық түсінуге және өзінің шығармашылықтағы күрескерлік рухын әрі қарай да тереңдете түсіп, ендігі жерде өз туған халқының қалың ортасы мен өзінің ақындық жады, ақындық буырқанған ой-сезім, толғанысты да, даналық ойларының арасындағы тығыз да, өміршеңдігі зор шығармашылық байланыстың өнбойына қан жүгіртіп, өзгеше сипаттағы жол-соқпақ табуға белді бекем буады. Патшалық әкімшіліктің үні мен құлағы болып отырған омбылық газеттің редакциясымен арадағы шығармашылық байланысын кейін де тұрақты түрде жалғастырып отырғанмен, Абай өзінің халық жаны, халық рухы, халықтың жүрегіне жол тапқан ақындық ойдың інжу-маржандарын бейнебір өзін қасқырша талап, сәтін салса, аяғына тұсау салғысы келіп отырған қатал да, әділетсіз үкімнің алдына тартып, әзірше қазақтың бір ғана сүйеніші, алданышы болып отырған қайран сөзін, асыл жыр-уызы, жыр-тұнығын ел-жұрттың көз алдында қорлатқысы келмейді. Қайран, Абай дейсің, осындайда! Ол сол кездің өзінде-ақ өз тұсындағы өз туған халқының ендігі жүрер жолы күрескерлік жол, ол қаншалықты азапты, тайғақты жол болса да, одан өзге жолдың жоқтығына көз жеткізіп, қайткен күнде де, ақын, әрі өзінен бұрынғылардың өнегесін бойына молынан сіңірген кемел ойдың иесі ретінде ғасырлар бойғы бұғауда жатқан халқы мен елін, өзінің алдынан құшағын ашып шықпақ болып, жарық сәулесін молырақ түсіре алатындай тұлғаларын аңсап, армандаумен келе жатқан бейнетқор жұртымен жыр тілінде жүздесіп, жанын, рухын жасытпай, қайта ендігі жерде уақыт озған сайын, халқының еңсесін көтеріп, мерейін үстем етудің сара жолын да таба білді емес пе?!

Абай жырларының тереңдігі де осында жатыр ғой. Біле білсек, Абай ауылы, Абай ортасындағы ақынның шығармашылықтағы өрлеу кезеңдеріне жол ашып, ендігі жерде қанатын кеңге салуының айтулы оқиғалары да осы бір жылдардан бастау алмады ма?! Жоқ-ау, Омбыдағы патшалық жүйенің қырағы көздері 1889 жылы «Дала уәлаятына» жолдаған алғашқы «Жаздыкүн шілде болғанда» және «Күлембайға» деген өлеңдерінің біраз жерлерін өзгертіп шығарса да, сол алғашқы өлеңдерімен-ақ ауызға ілігіп, ендігі жерде сол әлгі дүйім қазақтың атынан сөйлеп, қазақтың жанын, рухын сездіргендей болған от жүректі ақын «жаңа бір жырларын тағы қашан жіберер екен, сол өзі өзінің ақындық шабыттың құшағында мастанып жүріп, алда әлі қандайылықты бәлеге ұшырағалы жүргендігін білер ме екен, бәлем» деп, осыншама аңысын аңдып отырғанда, ақылы салқар, кемел ойлы Абай қалың қазақтың ортасындағы өз шынайы оқырмандары, шын жанашырлары мен достарын патшалық биліктің ықпалындағы үнжарияның еш алқауынсыз-ақ тауып, әдетте хат-хабар жетер, не таралым саны көп газет тауып барып, табалдырығынан аттар шаңырақтардағы көзі ашық, көкірегі ояу қазағымен өзіндік қолжазба-газет, қолжазба-кітабы арқылы табысып, кеңінен сырласып, әр жолы олардың ерекше бір ыстық құшақтарына да бөленіп отырмады ма?! Бұл ретте Абайдың өзі тауып, бауырға тартып, өзінің жазған өлеңдері мен өзге де тың туындыларын жинап, қағазға түсіріп жүруді тапсырған семейлік мектеп оқытушысы Мүрсейіт Бікеұлының да көп көмегі болғандығы белгілі. Бұл кезде Абайдың шығармаларын көшіріп алып, көшіріп таратушылар Абайдың өз ауылында, өзінің маңайындағы шәкірттері мен ауыл арасындағы оқығандардың іштерінде де аз емес еді ғой! Ақынның әрбір жаңа шығармасы ең алғаш өмірге келіп, ортасын қуанышқа бөлеген шақтарына куәгер болып, жалма-жан оларды өздері де көшіріп алып, «Абайдың қолынан кеше ғана шыққан, алғашқы тыңдаушылары да осы отырған сендерсіңдер» деп, өзгелерге жеткізіп жүрген ең жақын адамдары Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай болды емес пе?! Олардың қолдары, сөздері жетпеген жерлерге ел ішінен жиі шығатын өзге де ауылішілік көшіргіштер, Абай жырларының шын жанашыр, достары да аз болмаған.  Бірақ, соған қарамастан, Абай Мүрсейіттің әу бастан-ақ өз шығармашылығына деген асқан құрметі мен жазуларының әдемілігін және жазу жағына келгенде, асқан мұқияттылығын да ерекше ұнатып қалған-ау деуге болады. Зерттеушілер кейде Мүрсейіт қолжазбаларындағы Абай шығармаларының жарыққа шығып, оқырмандар қолына жетуін бейнелі түрде «Мүрсейіттің баспаханасы» деп атайтын болыпты. Бұл да дұрыс шығар, алайда, бұл жердегі басты қолжазба күйіндегі баспаның басты ұйымдастырушысы, оның келешегіне үлкен үміт артып, қазақ ортасы, қазақ мәдениетіндегі қолжазба-газет, қолжазба-кітаптың терең тамыр жаюына бірден-бір себепкер болған ақын, дана Абайдың өзі екендігін, көп ретте өз шығармаларын қалайша көшіріп, қалайша ажарлап, өлеңдері мен өзге де шығармаларының мазмұны, көтерген жүгі, көркемдік ерекшеліктері мен оқырмандарға әсер етерліктей кемел де, талайғы көрікті ойларды туғызарлықтай шеберліктер арқылы іске асырудың жолдарын көрсетуге де ұлы автордың үлкен белсенділік танытқандығын тағы ұмыта алмас едік. Оның үстіне, Мүрсейіттің көшіргіштік өнерінің кең қанат жайып, өміршеңдігін, танымалдығын танытып, үлкен сұранысқа ие болғандығы соншалық, Абайдың ақын шәкірттері Көкбай, Мағауия, Ақылбай да, не олардың шығармашылығын жетік білетін жанашыр-оқырмандарына дейін солардың Абайдан дарыған өнерлері, Абай шапағатының бір сәулесі әрдайым жарқылдап тұрғандай болатын поэмаларын Мүрсейітті сағалап жүріп, оның күт деген уақытына дейін күтіп, кел деген уақытында алдына қайта барып, тек бір соған ғана көшірткенді қаламады ма?! Мұхтар Әуезовтың куәлік етуіне қарағанда, Абайдың көзі тірісінде, оның ұзақ уақыт бойына ойланып-толғанып, көз майын тауыса жазған көркем туындыларының қолжазбалары жоғалмай, сөздері шашылмауына, өз қолынан қалай шықса, дәл сол қалпында және дер кезінде тізіліп, жаңа дәптерге төгілдірте жазылып, елге дәл уағында тарап отыруына көп еңбек еткен өзге де шебер көшіргіштері болыпты. Абай ортасын, оның шығармашылық мектебін жақсы білетіндер оларды өздері әртүрлі қызметтер атқарып, бірқатары ауылдарда бала оқытып, өзге де кітаптарды пайдаланып, өзге де ақын-жазушылардың кітаптарынан мысалдар келтіріп жүргендіктеріне қарамастан, Ғабитхан көшіргіш, Кішкене көшіргіш, Махмуд көшіргіш, Самарбай көшіргіш, Ыбырай көшіргіш, Хасен көшіргіш және Дайырбай көшіргіш деп те өзімсіне айтады екен. Олардың әрқайсысының да ауылдары бар, сондықтан, кейде олардың есімдерінің алдына ауылдарының да аттары аталынатын болыпты. Ал, Әуезовтың бертінде өзінің «Абай Құнанбаев» атты ғылыми-монографиялық еңбегінде айтқан Абай мұраларын көздің қарашығындай-ақ етіп сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген қазақ арулары Уәсила, Әсия, Рахиля, Ғалия, Ғабида, Қаныш ше?! Зерттеушілер, алғашқы абайтанушылар олардың ұзатылар кезде, ата-анасы, ағайын-туыстарының өзіне арнап жасақтаған жасауларының қасына ел арасында жиі ауызға алынып, жүректерден жүректерге дейін жетіп жатқан Абайдың рухани жәдігерліктерін тұтас шағындау қолжазба-кітап күйінше арнайы адам жұмсап, не өздері ағайын-туыс, жеңгелерінің қастарына ілесіп барып, Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай көшіргіштерге әдемілеп көшіртіп алғандықтарын анықтамады ма?! Соның бәрін өзге емес, бертінде отбасылы, балалы-шағалы және бүтіндей бір әулеттің құтты келіндері болып отырған солардың өздері айтып бермеді ме?!

ХХ ғасырдың басында ақын мұраларын жинақтап, зерттеп, бір-бірімен салыстыра отырып, Абай шығармаларының текстерін өзінің бастапқы қалпына келтіріп, толықтырар кезде де осындай қолжазба-жәдігерліктердің көп көмегі тимеді ме?! Дей тұрғанмен, Абай шығармашылығының жанашырлары мен достары, қалың оқырмандары үшін де, Абайдың өзі үшін де Мүрсейіт көшіргіштің қадірі тіптен-ақ ерекше жоғары болғандығын Абай шығармашылығының тамаша білгірі, атақты абайтанушы Әуезовтың өзі де айрықша атап өтеді. Мүрсейіттің кейінгі өмірі Абай ауылы, ақындығымен дүйім елді өз аузына қаратқан алып ойшылдың шығармашылық мектебімен өте-мөте тығыз байланыста болыпты. Оның Абайдың өз шығармашылығына зор құрмет сезімімен қарап, өзінің әрбір жаңа туындысына шөліркеп, соның бәрін ылғи да асыға тосып отыратын оқырмандарына деген құрмет сезімін жоғары бағалағандығы соншалық, оның былайғы қарапайым көп көшірушілердің бірі ғана емес, шын мәнінде қазіргі заманның баспалары сынды, әрдайым оқырмандарының көздерін жаулап, көңілдеріне қатты әсер ететіндей өнерін салып, Абай шығармашылығын танытуда және Абайдың қалың елдің арасындағы жанашыр оқырман-достарымен тұрақты байланыста болуына да жан сала еңбек етіпті. Оның бұндай адалдығына Абай да дән разы болыпты. Мүрсейіттің «көшіру өнері», «көшіргіштік мәдениеті» деген де өз уағында өзінше бір өнер мектебіне айналыпты. Өзге көшіргіштердің өнері Мүрсейіттің көшіргіштік шеберлігі деңгейіне дейін жетпесе де, Абай шығармаларының жоғары сапасы, ел арасындағы беделіне орай, әрі Абай шығармаларының шын жанашыры болып отырған оқырман қауымнан артық-ауыс сөз естіп қалмас үшін де үнемі Абайдың өзі және жер-жердегі рухани достары ұнатқан Мүрсейіттің көшірудегі қалам сілтесі, қаріптерінің өрнегі, әдемілігі, «мақамдары», өзге де шеберлік сырларын басты бағытқа алады екен.

Өзінің атақты ақын шығармаларын көшірудегі талайғы жұрттың көзайымына айналған биік өнерімен-ақ атағы шыққан Мүрсейіт кейде Абай ауылының маңайына «бөлек үй тіктіріп, оңаша, тыныштықта тіптен өнімді жұмыс істейді» екен дегендей де деректер бар. Бұның өзі ақын шығармаларына деген тапсырыстың көп болғандығын, қандай тапсырыстың да жоғары  деңгейде  орындалуына автор ретінде Абайдың да үлкен мүдделілік танытып, Мүрсейіттің өз бабымен жұмыстануына қолайлы жағдай жасағандығын байқатпай ма?! Бұндай қолайлы жағдайды сол тұстағы Еуропаның атақты ақындары әдетте өздерінің шығармашылықтарының игілігі  үшін ғана жасайтын еді, ал, біздің алып ақынымыз заманның тарлығынан, қолдың қысқалығынан өзімен бірге, өз шығармаларының қолжазбаларын көшірушіге де өзімен бірдей жағдай жасауға тиісті болғандығын көрмейсің бе?! Мүрсейіт көшірулерінің, әдетте оның ақ қағазға маржандай әріптермен төгілдірткен жыр жолдары мен Абайдың басқа да туындыларының нұсқаларының жоғары эстетикалық талғамының қасында кейінгі заманның дәстүріндегі әдебиеттанушы, сыншы, насихатшылары сынды қосымша көмектің аса көп қажеті бола қоймағандығын аңғару да қиын емес! Мүрсейіт көшірулеріндегі Абай шығармалары қолға тиюінің өзі-ақ оның өз туған халқының рухани өмірі, бүтіндей жан-дүниесіндегі арпалыс, жанталас, келер күндерге деген алаңдаушылақ пен қам-қарекет етудің дара жолдары хақындағы жыр тілімен кестеленіп, көркем безендірілген ой-толғамдары тұтастай халықтың рухани әлеміндегі қызу өмір, тынымсыз тірліктерімен ұштасып, өзінше бір телегей теңіз ойлардың шалқарына айналып жатқандығына сол заманнан жеткен тарихи шындықтардың өзі де куә емес пе?! Ал, осынау қолжазба күйіндегі Абай шығармаларының Шыңғыстау баурайынан асып, бір жағы ерке Есілдің бойы, бір жағы ағысы қатты Ертістің жоғары аңғары, мына жағы Жетісу, Іле бойындағы қалың елдің арасына дейін жетіп жатқандығын ескере отырып, оның қаламынан шыққан туындылары қалың қазақтың арасында қалайша жоғары бағаланып, қандайылықты дәрежедегі сұранысқа ие болды, не Абай шығармаларына деген сол алғашқы әзірдегі қызу өрістеген ынта-ықылас, ыстық махаббат пен сүйіспеншілік рухы қаншаға дейін созылды, өзінің алғашқы үлкен сұранысқа ие болған қарқыны тағы қаншаға дейін жетті дегенге келетін болсақ, бұның бәрі ұлы Абайдың көзі тірісінде, нағыз бір шығармашылық шабыт құшағына беріліп, үлкен шығармашылық өрлеу биіктеріне көтерілген кезеңде-ақ белгілі бола бастамады ма?! Өйткені, Абай шығармаларын жинақтап, көшірудегі Мүрсейіт қолжазбалары сол тұстың өзінде-ақ Абай шығармаларын көшіруші өзге бәсекелестерінің бәрінен асып түсіп, қалың оқырмандар арасындағы үлкен сұранысқа да ие болады. Абай шығармаларына деген зерделі, зиялы, ауқатты оқырмандардың сұраныс, тапсырыстардың көптігі және сапалы, қолға ұстауға қолайлы дәптерге көшіру, не әлгі ақ парақтарға көшірілген дүниелерді түптеп, шағын кітапшаға айналдырудың кезіндегі кеткен шығындарын қосып есептегендегі көшірме-кітаптың бағасын Мүрсейіттің өзі бір қойға дейін бағалайтын болыпты. Онда да, Мүрсейіт сол кездегі үлкен қалалардағы баспалардың тәртібіндей қатаң тәртіп сақтап, көшіруге тапсырыс берушілердің өзін кезекке қойып, өзі де сол тәртіп-талап негізінде ғана жұмыстанады екен. Өзге де шебер, әрі мұқият көшірушілердің бар екендігіне, ешкімнің Абайдың жаңа туындыларын оқуына қолдары жетпей қалмайтындығына қарамастан, әр кезде де Абайдың рухани жәдігерліктеріне деген құштарлығы ерекше оқырмандар тек Мүрсейітті ғана қолқалап, бағасының қанша, не өзінің қанша ақы сұрайтындығына қарамастан, соның көшірулері негізінде ғана Абай шығармаларымен сағыныса жүздескенді қалайтындығының өзі-ақ Абайдың қалың елімен етене араласып, өз шығармалары арқылы халық рухымен біте қайнасып, әрі сол оқырман-жұртшылықтың құштарлығы, тілектері арқасында ғана қанаттанып, шығармашылықтағы келесі бір биіктерді бағындыруға мүмкіндік алып отырғандығынан молынан хабар бергендей емес пе?!

Біздіңше, ғасырдың бас кезінде, алдағы төңкерістердің аз-ақ алдында ұлы Абай өмірден өткенмен, оның өзінің көзі тірісінде-ақ ұйымдастырған қолжазба-баспасы және Абайдың көңілінен шыққан Мүрсейіт баспаханасы өзінің мән-мағынасын жойған жоқ, қайта бертінде Абай шығармалары асқан қызығушылық және ыждағаттылықпен жинақталып, Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбайұғландары бастап, оны мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханов қостап, әрі өзі танымдық тұрғыдағы беташар сөздеріне дейін жазып, «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңдері» деген атпен Санкт-Петербургтегі И.Бораганскийдің баспаханасынан көп таралыммен өз алдына бір кітап етіп шығартқан кезде де әу бастағы Абай негізін қалаған, Мүрсейіт көздің қарашығындай етіп сақтап, әрі асқан мұқияттылықпен көшіріп, көркемдігіне, әрбір сөздері мен сөйлем, тыныс белгілеріне дейін Абайдың көзі тірі кезіндегідей қалпынан айырмауға бар өнерін салған, әрі Абайдың тұңғыш заманауи баспаханадан жарық көрмек кітабының толықтырылған нұсқасын қайта көшіріп жазып шыққан қолжазба-кітабының көптен-көп көмегі болмады ма?! Зерттеушілер сол кезде елге тараған және алдағы кітап үшін пайдаланылған қолжазба-кітаптағы әлдебір ұстай-ұстай ақжемденіп, сиясы кетіңкіреп, көзге анық көрінбей жатқан тұстардағы сөздер мен тұтастай өлең тармақтарын Мүрсейіт жатқа айтыпты дегенді де алға тартады. Бұл ретте Абай еңбектерінің түпнұсқасына негіз болған Мүрсейіт қолжазбаларының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш кітабының құны тіптен де баға жеткісіз-ақ. Қалай дегенмен де, өз туған халқы сонау патша заманында-ақ ақын, дана, кемел қайраткер деп таныған Абайдың өзі өмірден өткеннен кейін де арада қаншама қоғамдық формациялар өтіп, бүгінгі тәуелсіздік заманға жеткенге дейінгі қай кезде де өз туған халқымен табысып, сырласып, бірге мұңдасып, келер күндердің қамын бірге ойласпаған, бірге үміт-сенім шырағын маздатып, алға батыл қадамдар жасамаған кезі болмапты. Абай өмірден өткеннен кейін, төңкерістер дәуіріне дейін-ақ соңына мол рухани мұра қалдырған ақын, дана Абайдың өз халқымен Семейдегі жаңа кезеңдегі алғашқы қазақ ағартушы-қайраткер, әдебиетшілерінің қолдау-көмегі, Абай шығармаларын қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан күнге теңеген ұрпақтарының арқасында қайта табысып, Абай шығармаларына, Абаймен жүздесіп, сырласу, Абай даналығына құлақ асып, келер күндерге қам жасаудың жаңаша бір бағыттары төбе көрсеткендігін өз дәрежесінде ескермеуге де болмас еді. Ұлы лингвист-ғалым, әдебиет теориясының тамаша білгірі, өзі де талантты ақын Ахмет Байтұрсынов Абайды 1913 жылдың өзінде-ақ қазақ даласының кез-келген бұрышына дейін жетіп, әрбір қазақ отбасының қуанышы мен үмітіне айналып отырған әйгілі «Қазақ» газетінде «қазақтың бас ақыны» деп, жоғары баға берсе, кейінгі зерттеушілер, абайтанушылардың да сол биік деңгейден түскен кезі болмапты. Ал, бертінгі дәуірдегі қашан кеңестік билік тақтан түскенге дейінгі ұзақ жылдар бойына біздің ұлы Абаймен табысып, Абайдың даналық ой шалқарына толы шығармаларымен әр таңда да жүздесіп, ақыл-кеңестерін тыңдап, ұдайы сырласып отыруымыздың кезең-кезеңдерге бөлінген қатпар-қырлары тағы баршылық. Әу баста Семейде ұлттық әдебиетіміздің классигі Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп, «Абай» әдеби журналын шығарып, Абайдың бұрынғы қалың оқырмандар арасына белгісіз болып келген рухани мұраларын тың дерек, жаңаша мазмұндарымен байытып, Абай шығармалары, Абайдың ақындығы мен даналығын алдағы рухани өрлеу рухына сәйкес, жаңа бір қырынан танытып, елдегі абайтанушылық ұмтылыстар мен әрекет, іс-қимылдардың өз алдына бір абайтану деген ғылым саласына айналуына Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы іргелі ғылыми монография мен «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған ұлы Әуезов пен оның төл шәкірті, Абайдың ақындық мектебі хақында өз алдына бір үлкен ғылыми еңбек жазған зерттеуші-ғалым Қайым Мұхамедхановтың, солармен бір кезеңде қазақтың талайғы марғасқаларының да атсалысқандығын ескермеу, олардың есімдері ұлттық әдебиетіміздің талай томдық шежіресіне алтын әріптермен жазылып қалғандығын қайтара бір еске түсіріп, абайтану ғылымын да тарихи кезеңдердегі қоғамдық өмірімізбен, елдің өсу, өну, өрлеу жолындағы санасымен бірге қайнасып, бұл бағытта тағы талай әдебиетші-ғалымдар, сыншылар, жазушылар, ақындар, мәдениет және өнер саласының белді өкілдері ғана емес, өз өмірлерін ұлы Абайдың ғажайып сырларға толы талайғы шығармалары мен даналықпен айтылған ақыл-кеңестерінсіз елестете алмайтын әрбір қазақ баласы, тұтастай халықтың тамшыдай болса да, өзіндік үлестерін қосқандықтарына тағы қалайша қуанбассың?! Бұл тұста бір ғана академик-жазушы, профессор Мұхтар Әуезовтың Абай өмірінен жазылған қатпары қалың болашақ роман-эпопеясына материалдар жинау мақсатымен қарт Шыңғыстаудың баурайына сан рет, кей жағдайларда, тіпті, әлгі сондағы бір барған жеріне алыстағы Алматыдан бірде пойызбен, бірде ұшақпен, тағы бірде жеңіл көлікпен тағы қаншама рет қайтара сапар шегіп, өзінің көзінің тірісінде-ақ Абайды сан мәрте көрген, онымен жолығысқан, кезінде істес, сапарлас, дастархандас болған, оның қасында қаншама рет бірге жүріп, небір қызықты әңгімелерін тыңдап, сол кезеңнің тағы талайғы жағдайларына куәгерлік еткен немесе Абай ауылының байырғы тұрғындарымен жиі кездесіп, әр жолы да онымен кең отырып, ақынның туған өлкесіндегі өмір шежіресіне қатысты небір құнды, танымдық тұрғыдағы әңгімелеріне құлақ асып, оныларын кейін өз қолындағы талайғы мұрағат деректерімен салыстырып, өмірде осылай болды-ау дегендей тағы көп жағдайларды қайтара бір жаңғыртып, қайта тірілтіп, өзінің талай жүздеген, мыңдаған беттік тарихи-көркем дүниелеріне айналдырып, кейін онылары мәшіңкеге басылған соң, аталмыш қолжазбасын қайтара бір редакциялап, бертінде дүркін-дүркін елдің әдеби мерзімдік басылымдарында, одан кейін баспалардан өз алдына бір қалың кітап етіп шығартып, одан әрі шебер аудармашылар тауып, роман-эпопеяны орыс тіліне аудартып, Мәскеудегі одақтық баспалардан миллиондаған данамен жариялатып, соның артынша Франциядағы атақты франуз жазушысы Луи Арагонның аударуымен әлем оқырмандарының назарына ұсынғандығын былай қойғанда, оның жас, жаңа тәй-тәй басқан абайтану ғылымын ұлттық әдебиеттану ғылымымызбен де өзінше біте қайнастырып, қазіргі Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғаш өмірге келген 1934 жылдан бастап, өзінің өмірінің ақырғы сәтіне дейін аталмыш университеттің филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасында еліміздің болашақ педагог-филолог, ақын, жазушы, сыншылары мен әдебиеттанушыларына талай жүздеген, мыңдаған даналық дәрістерін оқып, ара-арасында кезінде мәңгі өлмес, өшпес Абай мұраларының қалайша және қандайылықты қиындықтармен жинақталғандығы, оның бергі жағында әлемнің талай шет тілдеріне аударылған өз роман-эпопеясының ең алғаш қалай жазылғандығы хақындағы әңгімелерін қоса айтып, бір ғана өз лекцияларымен тұтастай ұлттық әдебиетіміздің арғы-бергісі мен туған халқымыздың рухани жәдігерліктеріне, халықтық рухани мұраларына деген үлкен бір махаббат, сүйспеншілік сезімін туғызғандығын қайда қоясыз?! Абайды тану, алыптың әр жанрдағы шығармаларын өз үні, өз дауысымен сөйлету, Абайдың рухани жәдігерліктерін қашан да көздің қарашығындай етіп сақтап, ұлттық қадір-қасиетіміздің ең бір асылдарының қатарына қосу деген де осындайда қалыптаспады ма?! Өзінің қысқа ғана ғұмырында осының бәріне атсалысып, Абайтану, ақын, дана тұлғаны әлемге таныту жолына арнап, осыншалықты қыруар істерді тындырып кеткен Мұхтар Омарханұлына деген бүгінгі ұрпақтың да алғысы мен құрметінде шек бар ма?! Оның сыртында, сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері-ақ қоғамда Абай шығармалары қоғамдық дамудың кезең-кезеңі сайын жаңа бір дерек-мәліметтер, жәдігерліктермен толықтырылып, жаңаша ғылыми редакциялары жасалынып, заманауи жетістіктерге сәйкес, сан құбылтылған баспаханалық әдістермен талайғы томдарға дейін ұласып, Алтайдан Атырауға дейінгі аралықтағы әрбір қала, аудан, ауыл-село, әрбір үлкенді-кішілі мекеме, кәсіпорындар, оқу орындары мен әрбір қазақ отбасының жеке кітапханасының төрінен өзіне лайықты орын алғандығын, кезең-кезеңімен Абайға, алып ақын шығармаларының інжу-маржандарына деген құштарлықтың еселеп ұлғайып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғандығын ескерсек, бүгінгі тәуелсіздік заманына дейін жеткен халқымыздың Абайдың өлмес, өшпес рухани мұраларымен қаншалықты дәрежеде уызданып, қаншалықты дәрежеде рухтанып, тағысын-тағы одан қандайылықты күш-қуат, жігер-шабыт алғандығын шамалау да аса көп қиындық туғыза қоймас. Алайда, біздің ұлы Абайды жаңаша танып, Абай даналығы мен шығармаларының баға жеткісіз қүндылықтарын ерекше бір құштарлықпен бойға сіңіруіміз тәуелсіздік дәуірінде соны сипат алғандығына осы жүрген қай-қайсысымыз да куәгер емеспіз бе?! Тәуелсіздік туы желбіреген, тәуелсіздігіміздің іргесін нықтап, мерейін асырып, мәртебесін биіктетуге қатысты небір іргелі іс-шаралардың кездерінде Абайдың даналығы, теңдесі жоқ алыптың өз халқының кемел келешегіне қатысты ақыл-кеңестері, оның бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі ұрпақтарының өздерін қалай ұстап, қалайша халықтың сүйікті ұл-қызына айналып, халқына адал қызмет етуге, әрі өз үлгі-өнегелері арқылы туған елі мен халқының да атағын асақтатып, тәуелсіз және мәңгілік елінің жаңа ғасыр, жаңа дәуірдегі болмысы мен келбетіне өң беріп, көркіне айнала алуына талайғы тың мүмкіндіктер ашатын даналық ойларын жарқырата көрсетпеген шағымыз болды ма екен?! Иә, әрбір ұлы ақынның да өзінің даналығының тереңнен тартып, қылын шертер телегей теңіз сырлары бар емес пе?! Олардың уақыт өткен сайын, өзінше бір жұмбаққа айналып, әр үңілгенде де, жаңа бір қырлары мен сырларын аша беретіндігі де сондықтан ғой! Абайды даналық әлемінің бастау-бұлағы және оны шығармашылықтың шырқау биігіне шығарған қасиет – өзінің бойындағы жарқылдаған жасындай ақындық таланты. Ақындық оның бойындағы табиғи дарын-қабілетімен бірге қайнасып, поэзиядағы өзіндік бір әлемін қалыптастырғандығы тағы шындық. Абай ес білгеннен-ақ өлең тыңдап, өлең оқып, не қолына қалам ұстағанда-ақ бірден қызу түрде жыр жаза бастамағанымен, оның сол өзінің туған Шыңғыстауының баурайында өткен балалық шағынан-ақ қоршаған ортаға, дүниеге деген өзіндік бір бөлекше көзқарасы қалыптаса бастағандығын да жоққа шығаруға болмас еді. Абайды кезінде көп зерттеген, абайтанудың негізін қалаған ұлы Әуезовтың Абай ғұмырбаянына қатысты деректеріне үңіліп қарар болсаң, Абайдың кешегі өткен сол бала күнінде-ақ кәдімгідей бала болып, ауылдағы өзге балалармен қақтығысып, соқтығысқанын, не әлдебір оқыс қылықтарымен ересектердің көздеріне  түсіп, наразылығына ұшырағандығын көрмейсің! Абайдың әдетте үлкендерге, солардың істеріне қараса, үнемі таңырқап, өзінше бір ой кешетіндей қалыбы тым ерте байқалған. Онысын да өзге емес, оның өз әкесі Құнанбай Өскенбайұлы алғаш байқап, дәл сол сәттен бастап, ақылды Абайына өзінің өзге балаларынан гөрі, сәл бөлекше қарап, оның алдағы тәлім-тәрбиесі мен ермегіне көңіл аудара бастағандығы байқалады. Абайдың өскен ортасы, тіпті, өз әулетінде де өлең-жырға деген құмарлық, керек десең, адамдардың бойларындағы мінез-құлық, жүріс-тұрыс, қарым-қатынасқа қатысты әзілдеп, мысқылдап, өзара өлеңге қосып айтушылық әрдайым байқалып, үнемі құлақты елең еткізгендей болғанмен, Абай ондайға да тым қатты әуестенбейді. Мүмкін, өлең ұйқасы, ұйқасқа құрылған қара сөздің өзі де бірден менмұндалап, ойнақтап шыға келетіндігі, кей жағдайда жарқырап, көңілге әлдебір жылы сезім үйіріп, іштей қытықтағандай болғандығына да құлағы үйреніп, іштей соның бәрін көкірегіне түйе де берген шығар, бірақ, Абай өлең деген құдіретті әлемнің ішіне ес біліп, сауат ашып, өзінше кітіп оқып, өлең-жырларға құмарта бастаған шағында ғана ене бастайды.

Болашақ ұлы ақын алғаш Семейге келіп, Ғабүлжаппар деген татардан, артынша Ахмет Ризаның медресесінде оқи бастағанда, бар-жоғы он жаста ғана болыпты. Ауыл емес, бұнда ауылдағыдай «бұл Құнекеңнің баласы ғой», не «бұл өзіміздің Абай ғой» деп, өзімсініп, маңдайынан сипайтындай адамдар да жоқтың қасы. Бірақ, жас Абайдың сол тұстағы қаладағы таныстары, ең жақын деген достары тек кітаптар ғана болыпты. Абай бұрын ауылда, алыс қырдағы өмірде айналасына әрдайым таңырқай қарап, өзіне, көңіліне, іштей өзінің рухына өзгеше әсер етіп, әр жолы да өзінше толғандырып, ағыл-тегіл ойға, сырға жетелейтін құдіреттің әсер-күшін түсіне алмай, тек сол «азаптан» құтылу үшін оңашалықты ғана тілесе, ендігі жерде өзінің бүтіндей жан-дүниесін толғандырған көп сауалдарға жауапты тек сол құдіреті күшті кітаптан ғана іздейді. Кітап болғанда да, оның өзіне қатты ұнайтын, өзі әрдайым өзімсініп, бейнебір жан-серігімен жүздесіп, қуаныса қауышқандай болатын кітаптары шығыс ақындарының рухани жәдігерліктері болып шыққандығын қайтерсің?! Олардың да ішіндегі шығыс поэзиясының классиктері Сағди, Хожа Хафиз, Навои, Фаули поэзиясы өзінің дүниетанымына, ішкі әлеміндегі құштарлықтарына ерекше қатты әсер етіп, дәл сол сәттен бастап, өзін кешегі өткен балалық шақтағы көп әуестіктерінің бәрімен қош айтысып, өзгеше шырайлы, өзіндік терең бір шалқарға құлаш сермей бастағандығы Абайдың бертіндегі балаң қалпынан туындаған «Фаули, Шамси, Сәйхали, Навои, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз – бу һәммәси, Медет бер я шағири фәрияд!» дегендей жыр жолдарынан да байқалмай ма?! Абайды ақын ретінде танытып, оны бірден биікке көтерген шығармалары – оның шалқары шексіз лирикалары. Ол өзінің «Сап, сап, көңілім» деп аталатын алғашқы өлеңдерінің бірін жиырма-жиырма бес жасында жазыпты. Ал, Абайдың өзінің шығармашылық шедеврларының бірінен саналатын «Қақтаған ақ күмістей» атты өлеңі негізінен қазақ бойжеткенінің сұлулығына қатысты болып келеді. Мүмкін, Абайдың бұл жердегі жыр тілі, сырлы сезіммен жүрекке жеткізіп, осыншама айтқысы келіп тұрғандығы қазақтың жас бойжеткенінің сыртқы көркі, пішіні, мүсін-келбеті, не сол арқылы өзге жас атаулының сұлу қызға деген ерекше бір қызығушылығы мен сүйіспеншілігін туғызып, жыр әлемінде оларға соны тамашалатқызу да болмас, бірақ, Абай жыр тіліне айналған сұлу сөз, сиқырлы сезім арқылы «жүрекке жылы тиіп, айналасы жұмыр келген» жырымен тіршілік қайнарын асқақтата түседі және сол үшін басты тақырып ретінде қазақтың жас бойжеткенін таңдауы Абай танымындағы сұлулық пен ғажайып үйлесімділікті де байқатпай ма?!

Сөзге ұсталық, ғасырлар бойғы қазақы өмір үрдісі, тұрмыс-тіршілік, әдеп-ғұрып, салт-сана арқылы қалыптасып, қазақтың таным-түсінігі, дүниеге деген көзқарасын қалыптастырған қазақ сөзін қастерлеп, қазақтың өзі қандай болса, сөзі, сөзі арқылы ішкі рухы, жан-дүниесін де сондайылықты биікке көтеріп, өз қадірін өзіне жеткізу, сол арқылы жырқұмар қазақ жастары, қазақ оқырмандарын рухани биікке көтеру тұрғысындағы әрекеттері ақынның әрбір жаңа жыр шумақтарынан да анық көрінеді. Ақын жырлары шетінен шымыр. Абай өз шығармашылығының қалың шоғыры арасынан қашан да шоқтықты болып көрінетін «Шоқпардай кекілі бар» өлеңінде «Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем, Иек қағып, еліріп жүрсе әсем. Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас, Разы емен осындай ат мінбесем» деп, ал, сондағы өзі таңырқайтын сәйгүлікті «ауыз омыртқа шығыңқы, майда  жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ», «Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, Тояттаған бүркіттей салқы төсті», «Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік, Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ», «Шідерлігі жуандау, бота бейне Жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек» деп, жыр тілімен айшықтай суреттеп, бейнелеудің өз танымы, өз шеберлік, ұсталық ыңғайына келген небір тамаша әдістерін қолданып, көшпенділік өмірде «Ат – ер қанаты» деп білген қазақы танымның өзін жоғары эстетикалық талғамға дейін жеткізіп: «Аяңы тымақты алшы кигізгендей, Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей, шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, Ыза қылдың қолыма бір тигізбей», – деп толғандырады.

Абайдың алғаш ел арасына талантты ақын ретінде таныла бастасымен-ақ, жұрт құлағын оқыс елең еткізіп, бірден өзіне үйіріп ала жөнелген бір ерекше қыры оның сөз сиқырының құдіретін тым ерте түсініп, сөзбен нағыз шынайы өмірдің өзін суреттеп, соның бәрін қазақы тұрмыс, қыр төсіндегі адамдардың жанына ерекше жақындатып, әрі оқырманның көңіліне, ішкі жан-дүниесіне қатты әсер етіп, терең ой салуға жетелейтіндігінде емес пе?! Күні кешегі Жидебайдағы әр нәрсеге бір үңіліп, өз айналасына осыншама таңырқай қарап жүрген әсершіл, аңғал бала енді бір-ақ сәтте Абай-жұмбақ, Абай-сырға да айнала бастайды. Қазақ қыры, қазақ даласында ақын, даналық ойлары шалқыған Абай дәурені осылайша салтанат құрады. Өзінің әрбір жаңа өлеңінде де оның тақырып жағына талғамының зор екендігімен бірге, қай-қай нәрсені болсын, бірден-ақ жанды құбылысқа айналдырып, соның бәрін үлкен мән-мағынаға сыйғызып, шеберлікпен суреттеуі және сондағы сан түрлі бояу-бедермен өзгеше бір әсерге бөлей алатындығы байқалады. «Сұр бұлыт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан, білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан» («Күз»), не «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай Қыстың басы, бірі ерте, біреуі жәй. Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» («Қараша, желтоқсан мен») дегендей жыр шумақтарында сөз зергерінің өрелі өнерімен бірге, Абай танып-білген, Абайды ақындыққа жетелеп, жүрек үні мен табиғат үнін шеберлікпен үйлестіруге жетелеген сан ғасырлардың куәгері – қарт Шыңғыстаудың баурайындағы ғажайып табиғат көріністері және әсем табиғат аясындағы қазақы өмірдің қызу тірліктері де анық көрініс бергендей емес пе?!

Абайдың поэзиялық туындыларына қарап отырып, оны осыншалықты тербетіп, жүрегінен қайталанбастай шеберліктер рухындағы жыр туғызған ғажайып табиғат, өз туған өлкесіне де қызыға қарайсың! Абайдың жанын  түсіну үшін өзіңнің де сол жерде болып, сол жерді шарлай кезіп, көп жағдайды көзбен көруің қажет екендігін де ұғына бастайсың! Дана тұлғаның сондағы өскен ортасы ғана емес, оның өз ата-бабаларының небір өрісті өмірі өткен шежірелі Шыңғыстау баурайы, сол өңірдегі аңызы әріде жатқан кәрі тау, қаншама бел-белес, сай-сала, бұлақ суы, өзендері мен жылдың әр мезгілі де Абай үшін жаңа бір өмірдің бастауындай, не өзінің бүгінгісімен-ақ көшпенді қыр халқының өзіне тән қызу да, сән-салтанатқа толы өмірі тереңнен тамыр тартып, сонау шырқау биіктерге қарай бағыт алатындай өмір үрдісінің бір сәттік көрінісіндей-ақ болып көрінетіндігін қайтерсің?! Бұл далада, сонау көнеден келе жатқан қастерлі ата жұртта қай кезде де Абайды баурайтын, Абай әлемі арқылы жалпақ әлемге тарайтын ғажайыптар тіптен де көп еді. Оның табиғат-анаға арналған көптеген жырларының ішіндегі «Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп, ауылдың жаны – терең сай, Тасыған өзен гүрілдеп» («Желсіз түнде жарық ай») деп келетін өлең жолдары Абайдың сонау бала кезден бергі соншалықты сүйсініп, қызығып, қашан да бір сиқырын табуға ұмтылып, осыншама құштарланып өскен ауыл табиғатының ерекше бір көрікті, қызу да сұлулыққа толы тіршілігінің бір сәттік көрінісі ғана емес, әу баста жыр сиқырын ерте аңдап, жыр әлеміне кең құлаш сермеген талантты Абайдың жастық шағындағы жүрегінің пәктігі мен өмірге деген ерекше бір құштарлығы қандай болса, жыр теңізі, жыр мұхитының тереңінен суырылып, сарқырай гүрілдеп, алыс қиырларға қарай бағыт алғандығы оның өз көркемдік әлеміне қылаудай да селкеу түсірмей, қайта жыр әлемі, асыл жырдың әр жолы да шырқау биіктеріне қарай ұзап, өзі де желсіз түндегі жарық айға ұқсап тұрғандай емес пе?! Ақын Абайдың үні бұл тұста да кәдімгідей-ақ анық және асқақтай естіледі. Мүмкін, қазақ тілінде, қазақ сөзімен төгілдіртілген жырда ғана осылай ма?!. Қайран асыл, текті, маржан сөз! Сен де өз тағдырыңды жарқыратып, құлпыртар кезді ұзақ күткен екенсің ғой! Осы бір сәттерде сен де ақын Абайдың жанынан табылып, оның жүрегінің пәктігі мен сырлы сезімге толы өр кеудесіндегі ой шалқарына да үңіле түскендей емессің бе?! «Қалың ағаш жапырағы, Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі». Абай туып-өскен, оның осыншама тамсанып, әрдайым зор әсерге бөленіп, сүйсінуден бір танбай өткен қастерлі қазақ жері, сен неткен осыншалықты сұлу да, сиқырлы, өз бойыңа талайғы сырлы да, небір ғажайып тірліктерге толы шақтарды сыйғызып жатқан кең дүние едің?! Осының бәрін өз кезінде көкірек көзімен көре білген және сондағы өз жүрек сырын ерекше бір ажар-көркімен паш етуге ұмтылған жыр тіліне айналдырып, тек бір жыр әлемі арқылы ғана өзгеше бір әлемнің төріне қарай шығарып, өмірге деген құштарлықтары зор өзгелердің жүректеріне де жыр гүрі, жыр сыры етіп қондыра білген Абайдай ақын перзентің үшін көңілің толып, кәдімгідей мақтанатын, мерейің шалқып-тасып, шаттанатын кезің де осы емес пе?! Тыныш,  тыныш!.. Жыр әлемі, жыр тілі ғой бұл... Бұл не деген ғажайып еді?! Жо-жоқ, бұл жерде тек Абай жүрегінің сыры, сөз сиқырына айналған Абай талғамы ғана осыншалықты менмұндалап-ақ тұрғандай емес пе?! Ақырындап келіп, өзінің қасына отырып, ендігі кезекті Абайдың өзіне берсекші?! Ақын Абай, дана Абайдың өз сөзі, өз асқақ үні! «Тау жаңғырығып, ән қосып, Үрген ит пен айтаққа, Келмеп пе едің жол тосып, Жолығуға аулаққа?» Бәлкім, сіз енді оңашалықты аңсап, «желсіз түнде» жыр бұлағына ерік берген Абайдың алыстағы ауылын, кешегі жас, бозбала шақтағы Абайдың өз өміріндегі бір үзік сыр және сол кезді қатты сағына еске алып, осылайша мұңайғандай күй кешкен Абайдың өзін де көргендей-ақ болып отырған шығарсыз?! Мүмкін, мүмкін... желсіз түн, жарық айдың астындағы бұндай арманға, сыршылдыққа толы сәттерді де еш жоққа шығара алмаймыз! Ғажайып жыр, ғажайып сырға толы жырдың астарында нендей бір сұлулықтың сымбаты да көрініс беріп жатқан жоқ па?! Бірақ, мынау тек бір сағыныштан ғана емес, осынау өршіл өмірдің, табиғат-ананың ғажайып тірлікке толы көрік-келбетімен бетпе-бет жүздесіп, қапелімде тіл күрмеліп, көз сүрінгендей болған сәттердегі ой, толғаныс, сондағы ақын жүрегінің мұңы мен сырын да әріден-ақ аңдатып-ақ жатыр емес пе?! Сөз жоқ, дәл осы бір сәттерде сыршыл, жыршыл ақынға сенің де сын көзімен қарап, әрі қарайғы жүрек үніне тағы үнсіз аңсарлана құлақ тосып, тым тағатсыздана бастайтындығың да анық қой!

Ақын Абай әр кезде әрқалай көңіл күйде, өзінің әрқалай толғанысты сәттерімен көрінгенмен, оның барлық кезде де өз көркемдік әлемінің биігінде, тіпті, сонау шырқау шыңында тұрғандай-ақ болып елестеп, өзі де жыр-жүрек, жыр-тұлға, жыр-сырға айналып кететіндігін қалай еске алмассың?! Абай ауылы, Абай ортасы, өз тұсында Абайды осыншама таңырқатып, жүрегінің төрінен жырдан шашу шаштырып, сыр толғаттырған Шыңғыстау баурайындағы бұндай қайталанбас күндерде есеп бар ма?! Абай үніне құлақ асып, Абай сырларының шалқарынан табылған жандардың да Абайға тым жақын келіп, жарық айдың астындағы өзгеше бір тірлік, кіршіксіз таза арман-қиялдардың жетегіне ермеске амалы қайсы?! Қазір де солай! Қазір де біз қаншама жерден қыр асып келіп, ұлы Абайға біршама жақындап, тіпті, бір сәт оның өзінің қасында бірге отырып, оның жүректен сарқырай төгілген жырларын сүйсіне тыңдауға тырысқанмен, жоқ-ау, тіпті, біз соның солай болып шыққандығын іштей қаншама рет қиялдасақ та, бұл кезде біздің қасымызда ақын Абайдың өзі жоқ, жыр әлемі, жыр биігіндегі жұмбағымен таңырқатып тұрған Абай ғана әріден өзінің жүрек қылын шертіп, «желсіз түндегі» ғажайыптың сырын әрі қарай тағы: «Таймаңдамай тамылжып, Бір суынып, бір ысып, Дем ала алмай дамыл қып, Елең қағып, бос шошып. Сөз айта алмай бөгеліп, Дүрсіл қағып жүрегі...» – деп, табиғат сырларының өзін де қайталанбас адам өмірі, адам тағдыры, адамның ғажайып тіршілік қарекеттерімен де терең байланыстырғандығына тағы қалайша сүйсініп, бас имессің?! Не деген шалқар шабыт, телегей теңіз сырлы әлем?! Бір қарасаң, Абай табиғат жыршысы, табиғат лирикасының теңдесі жоқ шебері де болып көрінер, бірақ, ол сол табиғаттың өзін адамды әрдайым өз ыстық құшағына баурайтын тіршілікке, тірліктің терең қайнарларына қарай жетелеп, қызу өмірдің бел ортасындағы көңіл-күй, ішкі жан-дүние толғаныстарының қыр-сырын ашуға өте шеберлікпен қолданады. Абай үшін бұл жалғанда жансыз табиғат жоқ, қайда қараса да, қай дүниеге көз тоқтатса да, әлден-ақ жыр әлеміне, жыр тіліне арқау болғысы келіп, осыншама менмұндалаған бір дүние! Жоқ, оның осындайдағы табиғат құбылыстарымен үндесіп, жыр сүйер қауымды табиғат-ананың аясына қарай жетелеп ала жөнелетін қай-қай өлеңінде де басты тақырыбы табиғаттың өзі емес, табиғат Абайдың көркемдік құралы – сырлы бояу мен әсер-сазға бөлейтін бір қуатты құдірет қана, ал, шындап келгенде, ол шынайы өмірді ғана жырлайды. Өмір, өмірдегі сан қилы қызу тірліктердің астарлы сырларын әр қырынан ашудың алтын кілтін де адам өмірі, адамның қызу тірліктеріне куә болып, адамның көңіл-күй, ішкі толғаныстарымен астасып жатқан табиғат көріністерінен, табиғаттың қайталанбас тірліктерінен де тапқандай болады. «Желсіз түнде жарық айда» да, одан кейінгі «Жазғытұры» деп аталатын өлеңінде де табиғат құбылыстары Абайдың басты кейіпкеріне айналып, дәл сол сәттен бастап, олар да адам құсап сөйлеп, адам құсап, сыршыл жүректің сырлы пернелерін ағыта жөнеледі.

Абай танымы, алып ақын, дана тұлғаның ұғымында қазақ жаны, қазақ рухы қашан да табиғат-анамен өте тығыз байланысты. Ақын өлеңдеріндегі адам жанының қашан да бай, сырлы, шынайы болып қөрінетіндігі де сондықтан. «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі», – деп, тек ғасырлар бойына ата-бабалары көшпенділік өмір салтын ұстанып, өздерінен кейінгі ұрпақтарына да Жер-ананың қадір-қасиетін ұмытпауды өсиет еткен халықтың қалың ортасынан шыққан Абайдай жаңашыл ақын, қасиетті қазақ сөзінің жаңа бір құпия сырларын аша білген сезімтал жүрек қана айта алар еді. «Жазғытұры». Бұл қай кез? Көне замандардағы Ұлы Даладағы ата-бабалардың өркенді, өрісті өмір үрдістерінен сыр шашатындай кезеңдердің бірі ме?! Жоқ, әлде Абай сонау бала кезден бері көріп, терең сырын аңдаған көне дәуір куәгері – қарт Шыңғыстаудың о жақ, бұ жағындағы ғажайып жазғытұрғы шақ па?! Естігендері, әлде көзбен көргендері, өз қиялындағы көркемдік өрімдерімен қайта тірілткен бұла шақ та болуы бек мүмкін! Бірақ, «Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен», не «Құс қатарлап байлаған қанжығаға, Қыс бұртаңдап жабысып, қылады наз» деп, табиғат-ананың жазғытұрғы көрсе көз тойғысыз кезеңімен бірге жасанып, бірге тіршілік қайнарын шалқытқан қазақы өмір, қазақы тұрмыс-тіршілікті қылқалам шеберінің өзі қаншама қымбат бағалы бояуларын араластырып, сан мәрте құбылтса да, қапелімде қылқалам ұшымен өз деңгейінде жеткізіп бере алмастай шырайлы көріністерін жыр тілі, жұмбақ сырлы сезіммен өте шебер түрде жеткізеді. Осындағы «көл жағалай мамырлаған қу мен қаз», «жұмыртқа іздеп, жүгірген балалар» ғана емес, қыр төсінде жаңа бұлмен жамыраған саудагерлер», «жер жыртып», «егін еккен» диқаншылардың жүргендігі, кешегі «бір аруананың енді екеу» болып, «жаңа төлмен» дәулеті өніп, тіптен көбейіп, «мал семіріп, ақ пен ас көбейетіндігі», не «тамашалап қарасаң тәңірі ісіне, бойың балқып», іште жігері еритіндігі, соның бәр-бәрі де «кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулап», «мал мазатсып, қуанып, аунап-қунап», «жыршы құстар әуеде өлең айтып», көлдегі қаз бен қулар қиқу салып жатқандығы жазғытұрғы қырдағы қазақ өміріне кім-кімнің де көңілін аудартып, оның табиғат-анамен жарасым тапқан, қазақ қазақ болғалы бері бір рет те шырқы бұзылмаған сән-салтанатына қызықтырмай қоймас еді. Бұның бәрі күндізгі өмір, күндізгі қызу тірліктерге қатысты жәйттер ғана болса, ал, жазғытұрғы қырдағы түнде «Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай, Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай, Таң атқан соң шығарын күннің біліп, Өңі қашар, бола алмас бұрынғыдай»... Абай, тіпті, қазақ қырындағы жазғытұрғы шақтағы «Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты, құмары екеуінің сондай күшті» деп, келер күндердің қиял жетпестей қуанышын да көз алдыңа дейін елестеткендей болатындығын қайтерсің?! Абайдың одан кейінгі жырларының бір парасы «Қансонарда», Лермонтовтан қазақ табиғатына сәйкестендіріп аударған «Бородино» деген өлеңнің үзіндісі болып жалғасады. Ақында шаршау, тыншу деген жоқ, бірақ... бірақ, осыларының өзінің әрқайсысының туындауының өзінде де айтарлықтай бір үлкен үзілістер болыпты. Басы Әуезов болып, барлық абайтанушылар да Абай «Сап, сап, көңілім» өмірге келген 1865-1870 жылдардан кейінгі он бес жыл бойына ештеңе жазбаған ба, жоқ, бұлай болуы тіптен мүмкін емес қой дегендей бір ойға келеді. Олай болатын себебі, Абай кейінгі өлеңдерінде мүлдем өзгеше, тіптен жаңа бір қырынан танылып, шеберліктің биігіне қарай көтерілген ақын ретінде көрінеді. Абай өскен ортада, Абайдың рухани өмірінде өзі кітап арқылы танысып, серік еткен және өзіне үлгі тұтқан өткен замандардағы шығыстың ұлы ақындарынан өзге ақындардың да жыр-мұралары болғандығын және олардың тіптен аз болмағандығын да жоққа шығара алмас едік. Сөз жоқ, ол өз тұсында Шыңғыстау өңірінде жиі айтылатын, көп ретте өмірлері мен өнерлері ағыл-тегіл аңызға айналдырылып жататын Бұхар, Дулат, Шортанбайдың да жырларын жетік білді. Олардың не айтқандарын, неліктен ашынып, жан дауыстарын шырқыратқандықтарын да түсінгендей ыңғай танытқандығын тағы жоққа шығара алмас едік. Абай бәрін де білді, бірақ, олардың заманы бөлек, тыңдаушылары да бөлек еді. Абай өз заманына, өзі өмір сүрген қоғамның адамдарына, солардың жан-дүниесіне әсер етіп, өнер, өмір, өнердегі шеберлік деген ұғымдардың тереңіне үңілдіретіндей ойлар айтып, соған лайықты сөз саптап, соған лайықты, онда да өзіндік танымы, өзіндік шеберлігі биігінен көрінетіндей шырайлы шығармалар тудыртуды ғана мақсат етті. Бұның бәрі де Абайдың дүниетанымы, соған сәйкес, ой пішулері мен сөз маржанын төгілдіру ұғымынан ғана туындап жатқан еді.

Өлең табиғатын шеберлікпен меңгеріп, көркемдік әлеміне құлашын кең сермейтіндігі өз алдына, Абай әдетте өзінің лирикалық жырларында қашан да образдылыққа ерекше мән берді. Образдылық, бұл Абайдың өзіндік бір стихиясы да еді. Әзірге дейін Абайдың көркемдік әлеміне терең бойлап, бәрін түсініп, сырын ақтардым деген адамды кездестірген емеспіз! Оның табиғат лирикасындағы қай-қай өлеңінде де поэзияның інжу-маржанындай-ақ болып жарқырап, оқырманды өз иірім, өз ішкі әлеміне қарай үйіріп әкетіп, өлең табиғатымен бірге тыныстап, бірге өмір сүріп, небір сырлы сезімдерді де бірге бастан кешіп, жан ләззатын табиғаттың небір сырлы әсер-көріністерімен бірге жеткізетіндігі де осынау образдылығында емес пе?! «Жазғытұры»-дағы «Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып, түрленер тоты құстай» деп келетін ғажайып көркем келісім «Қыс» атты өлеңінде образды түрде «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық, басқан ізі сықырлап келіп қалды» болып жалғасады. Осының өзінде-ақ ақын қақаған қысты бірден көркем образға айналдырып, «Дем алысы – үскірік, аяз бен қар, Кәрі құда»-ның ішкі әлеміне үңілуге жол ашады. Кәрі құда, шынында да, Абай өмір сүрген ортада болған, болыстығы, не басқалай жуандығымен өзгелеріне көбірек зәрін төгіп, не барымталап, не жайлауға жұрттан бұрын ерте қонып, өрісін тартып алып, қыста жұтатқан жуандардың да бірі шығар?! Бірақ, бұл жерде оларды көз алдына дейін елестетіп, талайғы өзі білетін, өзгелерге де мәлім жәйттердің сырын еске сала отырып, «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды» дейді. Қысқы ауылда бітіспес жаумен арпалысқан бір үлкен күрес жүріп жатқандығы, «аязбенен қызарып ажарланып», «ұшпадай бөркін оқшырайта киген» кәрі құданың алмай тынбауға бекінгендігі де байқалады. Осы бір арпалыс, осы бір жанталастың үстінде ақынның тыңнан жол іздеп, жан азабына түскендігін де көрмеу мүмкін емес! Кәдімгі кәрі құданың шайпау мінезі, қатыгездігі, қатал үкімі тіптен бет қаратпастай, әу бастағы әуестеніп, оны көргісі келген «жас балалардың беті-қолдары домбығып, үсік шалса», «шидем мен тон қабаттап киген малшыға» дейін кәрі құда болып келген аждаһаның жүзіне қарауға шыдамай, теріс айналады. Ақын образындағы қыс өзгеше қыс, ниеті, пейілі теріс екендігі де анық аңғарылып тұр. Бұндағы кәрі құда жау емес, тіпті, жаудан да бетер жағымсыз тұлға екендігі байқалады. Бәлкім, сол жылғы Абай жыр арнап отырған қыстың өзгеше болып, елді жұтатып кететіндей ыңғайы да болған шығар?! «Қар тепкенге қажымас қайран жылқы, Титығы құруына аз-ақ қалды».

Абай бұл жерде негізінен іштегі өз сезімін ғана жеткізгендей болып отыр. Сіз де солай деп ойлайсыз, бірақ, осындағы ішкі драма, психологиялық арпалыс та ақынның өзінің көз алдында өтіп жатқандай. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау» да өз дегенінен қайтатын түрі жоқ. Кәрі құда – «қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр, малшыларым, қор қылма итке малды». Шұрқыраған үн, не жан алқымға келген сәт қана емес, бұнда кәрі құдамен өліспей беріспеуге бекінген бір үлкен күрескерлік рух та көрініс беріп жатқандай емес пе?! Дәл осы тұстағы «Соныға малды жайып, күзетіңдер, ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз, қамалды!» деген жолдардан жанашыр, өз халқын ешқашан есінен шығармайтын, жыр тілі, сөз құдіретімен қашан да халқының жанынан табылып, сүйеніш-таяныш болуға даяр алып Абайдың өзін де көріп, бойға бір ерекше күш-қуат беріп, жігерге жігер қосқандай болған үнін де естігендей болмаймыз ба?! Көптеген лирикалық өлеңдерінде астарлап, образға айналдырып, суреттеп, тұспалдап, сезімге сәуле түсіріп, шуағын үйіргендей қылып айтқанмен, Абайдың шыбын жаны шырқырап, қорғансыз заманда халқына қорған болып, қаһарлы үнін естіртетін жыры да – осы жыр! Кәрі құданың кесірі, малды ауылды қасіретке ұшыратқалы жатқанында, қасқырлардың да сау етіп келе қалып, қорадағы малға ауыз салғалы тұрғандығы жырдағы көркемдік шиеленістің әбден шырқау шегіне дейін жеткен кезі болса, жырдың соңындағы «Ит жегенше Қондыбай, Қонай жесін, Құр жібер мына антұрған кәрі шалды» деген жолдар ел арасындағы кедей-кепшік, жоқ-жітікті жандарға деген жанашырлық қана емес, елдің тұтастығын, бірлігін бәрінен де артық қойғандық демеске амалың қайсы?! Абай әлемі ақындығымен де әдемі, әрі өзінің ақындығымен де тым биіктерден көрінер еді. Абай бұл тұста да өзінің бойындағы соны сипаттарымен ерекшеленіп отырады. Мәселен, ол өзінің «Қансонарда», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап», «Қараша, желтоқсан мен», «Қыс» өлеңдерінде қазақ поэтикалық сөз өнерін соны сипат, тың өрнек, өзгеше сырлы бояу-бедер, көркемдік сиқырларымен байытып, төбеңді бірден көкке жеткізгендей болса, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлеңдерінде шеберліктің жаңа бір қырларын аша отырып, өз қатарының басым көпшілігі әлі сауатсыз, әлі алдағы үлкен өмір жолындағы күреске түспек тұрмақ, өз бойындағы өздерінің аяқтарынан шалып, адымдарын аштырмай отырған өз кемшіліктерінен арылып болмаған халқының жүрегіндегі шаншуы мен бас қайғысы болып отырған түйткілдерді де дөп басып, ойлануға, толғануға, күрескерлік рухтың өнбойындағы ғаламат күштердің тамырларына да қан жүгірткендей болмай ма?! «Күз» деген өлеңіндегі жыр тілімен, сыршыл жүрек үнімен: «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан. Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан», – деп өрнектеген немесе: «Тау жаңғырығып, ән қосып, Үрген ит пен айтаққа, Келмеп пе едің жол тосып, Жолығуға аулаққа? Таймаңдамай тамылжып, бір суынып, бір ысып, дем ала алмай дамыл қып, Елең қағып, бос шошып. Сөз айта алмай бөгеліп, Дүрсіл қағып жүрегі, Тұрмап па еді сүйеніп, тамаққа кіріп иегі?» («Желсіз түнде жарық ай») дегендей адам жаны мен табиғат-ана рухының астасып, өзінше бір тірліктерді бастан кешкен тұстарындағы суретті жыр тілімен жүрекке ыстық, көңілге өте қонымды, ал, адам рухын билеген құдірет-күшін бүтіндей жан-дүниеңмен сездіртуіндегі шеберлік-өнегесінде шек бар ма?!

Абай өзінің қысқа ғұмырында араға әрқандай уақыт салып, әр жолы да тереңнен толғатып, әрбір өз жазған жыр-мұраларының дер кезінде газет-журнал беттерінде жарқырай шығып, өз туған Шыңғыстауына жақын жерлердегі Омбы, Томск, не Орынбор мен Қазандағы баспалардан өз алдына бір кітап етіп шығартуға қолы жетпесе де, оның патшалық қоғамдағы қалың қазақ оқырмандарымен қолжазба-кітап, қолжазба-жәдігерліктері арқылы да тығыз байланыс орнатып, өзінің көзі тірісінде-ақ талайғы қазақи ортаны жыр-жұлдыздарымен жарқыратып, жыр-игіліктерімен байытқандығы өзін үнемі шығармашылық биіктердің шыңынан ғана табылып, әрі қарай да тек сонау шырқау биіктерде ғана самғауына жол ашпады ма?! Ұлы Абай мен өзінің заманы, қалың елі, оқырмандары мен ақын, дана Абайдың рухани інжу-маржандарының ұдайы рухани биіктерден ғана табысып, тек сондайылықты биік өрлеу рухында ғана сырласып отыруы бертінде оның лирикалық сұлулық сымбатымен талайғы көркемдік шыңдарды бағындыру тұрғысындағы үйлесімдерді қалыптастырып, өз жырларына деген құштарлық пен ғашықтық сезімді өршітумен бірге, өз жыр-қайнарларына сусап отырған қалың жұртқа тақырыптық жағынан әртүрлі, көркемдік үйлесім, соны да сиқырлы сипаттарымен баурайтын және идеялық-мазмұндық, әрі ой тереңдігі жағынан да санқилы «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» атты үш бірдей поэмасын да ұсынбады ма?! Ал, оның әлем әдебиетінен Байрон, Гете (Лермонтов аудармалары арқылы), өзіне таныс, әрі өзі сонылығын, жаңалығын үлгі тұтқан орыс әдебиетінен Крыловтың мысалдарын, Пушкиннің «Евгений Онегин», Лермонтовтың поэтикалық туындыларын қазақ тілінде сөйлеткендігі, әрі соларды осыншама ынтығып оқыған жан қазақтың Абайдай алып ақынының өз қаламынан туындаған дүниелер екен деп ойлап қалғандай болатындығы ше?! Жалпы Абай әдебиеттегі поэзия атты әлемнің өзге өкілдерін де қалың қазағы, сол қазағының жырсүйер жүрегі жылы қабылдап, өзімсіне оқып, бойға сіңіруі үшін қолданған шеберлік әдістері, көркемдік әлеміндегі даралығы мен даналық дәрістері де өз алдына бір тұнып-ақ жатқан көркемдік әлем емес пе?! Бұл реттегі Абайдың аудармашылығы да өзінше бір қастерлі, шоқтығы биік мектеп деуге әбден лайықты-ақ. Абай аудармашылығы өзінің тосын сипаты, қазақ сөздерін өзгеше астармен ойнатып, өзгеше құлпыртып, өзгеше биіктерге көтеруімен ғана емес, жыр әлемі, жыр рухындағы ақын мен ақынның, оқырман мен оқырманның әр қиырлардағы әрқалай ойлайтын, арқалай армандайтын, арқалай бақытты бастан кешетін жандардың ұйысып, табысуы немесе өз шығармашылық өкілдері, олардың талантты көркем туындылары арқылы халықтар мен халықтардың жақындасып, үн қатысып, сырласуларына жол ашқандай ғажайып әсер, өнегелік тағлымдарымен де қызықтырғандай-ақ қой!

 

(Жалғасы келесі санда)

 

681 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз