• Еркін ой мінбері
  • 30 Қазан, 2020

ҚОС АЗАМАТТЫҚ – ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫС

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы түрлі жаңа бастамалар мен ұсыныстарға толы болды. Осылардың ішінде бірқатарының мазмұнына үніліп көрсек, Жолдаудағы екі мәселені талдап, ой жүгіртудің қажеттігін көрер едік. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару мен қос азаматтыққа қатысты жайттар. Президент Жолдауда: «Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ алдағы жоспарларды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сондықтан, мен тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым» – деді. Мұндай жоспарлау және реформалар агенттігі сияқты мекеме туралы бірнеше жылдан бері саясаттанушылар ішінде айтылып келе жатқан болатын. Яғни, сарапшылар үшін көптен күткен шешім еді. Мұны көпшілікке салсақ, «кезекті көп мемлекеттік мекеме» деп қабылдап жатқандар да аз емес. Дегенмен, осынау агенттіктің не себепті керектігіне тоқтала өтсек.  Тәуелсіздік алғалы мемлекетімізде түрлі бағдарламалар мен түрлі ірі жобалар іске  асты. Оның біразы іске асты, кейбірі орта жолда қалды. «Бұған кім жауап береді?» – дейміз де қоямыз. Негізінде проблема мемлекеттік басқару, оны іске асыру механизмдерінде. Мәселен, бір ірі жоба іске асты делік. Оны заңға сәйкес    «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» тексереді. Ол нені тексереді?! Атауы айтып тұрғандай, «сыбайлас жемқорлық фактісі болды ма, болмады ма?» деген сауалға жауап іздейді. Бар болса соны анықтайды, жоқ болса тексеруді тоқтатады. Екінші тағы тексеретін мекеме – «Есеп комитеті». Қаншалықты ақшаны уақытында игерді, қаншалықты игере алмады дегеннен әріге бармайды. Ал біз бағдарламалар мен стратегиялық жобалардың іске аспауы «жемқорлық»     пен «тиімсіз ақшаны игеруде» деп ойлаймыз. Ал, расында солай ма?  Мәселен,  осыдан 7-8 жыл бұрын елімізде «30 корпоративті көшбасшы» деген жоба аясында 30 ірі кәсіпорын ашылған еді. Олардың көбісінің ашылу салтанаты мен жабылуының арасындағы уақыт аралығы көпке созылмады. Тек санаулысы ғана   жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын  салынды, бірақ, өміршеңдік болмады. Демек, мәселені тек «жемқорлық» пен «ақшаны игеруден» іздеудің өзі объективті нәрсе емес екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан, «Бізде бағдарламалар қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр?» деген сауалға ғылыми тұрғыдан жауап іздеу керек. Кемшілік мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігі мен тиімсіздігінде және аталған мәселелерді іске асырудағы жиі кететін қателіктерді ескермеуде жатыр. Яғни, осы тұста мемлекеттік басқаруға ғылым мен сараптаманы тарта білу – өзекті дүние. Елдегі іске асырылып жатқан реформаларға, бағдарламаларға, жобаларға ғылыми тұрғыдан сараптамалық бағалау жасау қажет. Яғни, аталған мекеме ойдағыдай жұмыс істей білсе, жиі кететін қателіктерді түзеуге мүмкіндік береді. Мұндай мекемелер әрісін алғанда, АҚШ-та, берісін алғанда, Еуропа елдерінде жұмыс істейді. Мемлекеттік басқару тек аппараттан ғана емес, ғылыми саланың мүмкіндіктерін өзіне тарта білуден тұратынын қазіргі қоғамның даму барысы бізге анық көрсетіп отыр. Егер де, аталған агенттік тиімді жұмыс істей білсе, әр салаға жаңа басшы келгенде «жаңа реформа» ауруынан құтылып, сабақтастықты сақтау сияқты құндылықтардың мемлекеттік басқару саласына енуіне ықпалын тигізер еді деген үміттеміз. 

Жолдауда еліміздің ұлттық қауіп-сіздігіне қатысты: «Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады» деп айтылды. Қос азаматтыққа қатысты Ата заңымызда «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп нақты көрсетілген. Қос азаматтық деген тікелей конституция бабына қарсы келеді. Бұл ұлттық қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды мәселеге жатады. 

Теріскейдегі көршіміз еңбек миг-ранттарына қос азаматтық беру арқылы халқының санын жасанды, механикалық жолмен өсіруге, екінші жағынан ТМД елдерінің азаматтарына азаматтық беру арқылы, Ресей ТМД-ның «ортақ үйі», «орталығы» деген сияқты идеологияны, әрі оны нақты іске асыруды жолға қойып жатыр. Алатаудың күнгей бетіндегі көршіміз, өзімен көршілес емес мемлекеттердің азаматтығын алған бұрынғы азаматтарының үш ұрпағына дейін айырқалпақты елдің азаматы ретінде саналатын заңды қабылдауда. Олар біздің теріскейіміздегі елде еңбек мигранттары болып жүріп, сол елдің азаматтығын алуын ескере отырып, азаматтарынан айырылып қалмау үшін осындай «гумандық» заң қабылдап жатқан сияқты. Бірақ, Қазақстан мемлекеті үшін аталған екі үлгінің екеуі де сәйкес келмейді. Біз үшін қос азаматтық деген  қауіпті құбылыс. Сондықтан, алдымен  мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордан бастап анықтау мәселесі өте орынды. Алдымен, осы салалардағы қос азаматтығы барларды анықтап жатса, кейін басқа да салалар мен тұтастай мемлекет азаматтарының қос азаматтығын анықтау және оларға тиісті мемлекет тарапынан шара қолдану – заң мен ұлттық қауіпсіздігіміздің талабы. Себебі, еліміздің іргесінің бүтіндігі мен ертеңі үшін бүгіннен бастап жұмыс істемесек, ертең кеш болуы мүмкін. Сонымен, Президенттің бұл Жолдауында елдігіміз бен мемлекетіміздің негізіне қатысты құптарлық ұсыныстар мен мемлекеттік саясатты іске асыруда нақтылы тапсырмалар берілді. Енді сол тапсырмаларды орындау міндет.

  Руслан АХМАҒАНБЕТОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің оқытушысы, PhD  докторант    

 

1237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз