• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2020

«ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – МІНЕЗДЕН»

Әлемді шарпыған коронавирус індетімен күресте дәрігерлердің жанкешті еңбегі, жалпы медицина қызметкерлерінің қызметі алдыңғы шептен көрінгені сөзсіз. Пандемия дәрігер мамандардың мемлекеттегі рөлі қаншалықты жоғары екенін де көрсетті. Олай болса, дәрігерлер қауымына қанша жерден алғыс айтып, есімдерін әспеттесек те артық емес. Бүгінгі мақаламыз өз ісінің нағыз маманы жайында болмақ...
Он сегіз мың ғаламның бір кереметі – күн. Бозала таңнан жалпақ дүниенің сәнін келтіреді. Арайлап атқан таңнан қызылшырайланып батқан күнге дейінгі аралық – өмір. Өмірдің сәулелі сәттері көп болса, адам баласының тірлігі баянды болмақ.
Біздің кейіпкеріміздің есімі – Арай. Мұсылман баласының бір парызы – өмірге келген сәбиге әдемі ат беру. Осы тұрғыдан алғанда, бір ауыз сөзде үлкен мағына жатқан көркем есімді иеленген кісінің кісілік келбеті бірден танылады. Арай Мағауияқызы – қаршадай ғана қазақтың дәрігер қызы. Ата-әжесінің еркесі, әкесі мен анасының тұңғышы, елінің аяулы перзенті. Оны шыңдаған – өмірінде кездескен қиындықтар. Сүрінген шығар, бірақ құлаған жоқ. Еңсесін тіктей білді. Әрбір кемшілігінен сабақ ала отырып, осындай биікке жетті.

Әлқисса, әңгімені әріден бастасақ. Он балалы үлкен әулеттің тұңғышынан туған тұңғыш немерені ата мен әже бауырына басты. Кенжеғазы ата мен Зейнеп әже 7 жасында біздің кейіпкерімізді әке-шешесіне қайтарып береді. Саналы ғұмырында әке-шешенің бауырында өссе де, өзін әлі күнге «кемпір-шалдың баласымын» деп санайды. Бала кезінен білімге құштар болып өсті. «Жасым жетпесе де, мектепке барамын деп жылайтын едім. Апам мектепке ертіп баратын. Әлі есімде, бір көзі жоқ мектеп директоры Смағұлов деген бойы ұзын кісі алдымыздан шығып, еңкейіп тұрып, құлағыма сыбырлағандай болып, «балақай, саған мектепке келуге әлі ерте, әлі кішкентайсың» дегеніне ызаланып, көзіне қолымды тақап, «екінші көзіңді шұқып алайын ба» деген екенмін. Балалық қой. Оның үстіне, «мектепке келме» деген сөзіне ренжіген түрім», – деп бала кезін жиі еске алады.

Оның бірінші сыныпқа барған кезі де қызық. Нағашы апасының әпкесі бірінші сыныпқа сабақ беретін. Сол кісі алдап-сулап, өз сыныбына алып барады. Мектепті үздік бітірді. Мектептегі ұстазы Майра Сыздыққызының өнегесін көрді. Майра апайдың әкесі мен шешесі тұңғыш түлегі болса, Арай ең соңғы бітірген түлегі болды. Керемет математик мұғалімнен дәріс алғанын мақтан тұтады. «Мектепте математикаға ерекше бейім болдым. Олимпиадаларға жиі қатысатын болғандықтан, ұстазым тіпті сырттан қосымша кітаптар әкеліп, оқытатын еді. 9-10 сыныпқа келгенде, мектепте математиканы тереңдетіп оқытатын арнайы сыныпта оқыдым. Әкем көрші ауылға қызмет бабымен совхоздың директоры болып ауысты. Мектебімді де ауыстырды. Математика сабағы кезінде үнемі ерігіп отыратын едім. Өйткені, мұғалім түсіндіретін сабақтың бәрін дайындық кезінде оқып алғанмын. Кейде мұғалім мені зерікпесін дейтін болуы керек, «мына есепті оқушыларға қалай түсіндірер едің» деп, тақтаға шығарып қоятын. Ол мектепте бір тоқсан оқыған соң, аудан орталығына қайта ауысып кеттік. 10 сыныпта математикадан аудандық олимпиададан бірінші орын алып, облысқа жолдама берді. Облыста да үздіктер қатарынан көріндім. Республикалық олимпиадаға дайындалып жүргенімде, ауырып қалып, бара алмадым. Әйтпегенде, ол олимпиаданы да бағындыру жеңіл болар ма еді деп, кейде ойлап қоямын», – дейді ол балалық шаққа саяхат жасағанда.

120 қоян – 120 ұя

Мектепті күміс медальмен бітіріп шықты. Әкесінің үш бауыры – медицина қызметкерлері. Олар салған соқпақ мұны да өзіне жетелеп әкетті. Таңдаған мамандығы – санитарлық гигиена бағытында оқытатын медициналық оқу орны. Осы оймен Семейде емтихан тапсырып, Санкт-Петербордағы медицина институтына оқуға түседі. Қолында жолдамасы бола тұра, тіл білмейтініне тайсақтап, ақырында 1987 жылы Қарағанды қаласындағы Мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Оқу орнында қазақ тілді топ жоқ. Тіл білмейтіндігі ол жерде де біраз кедергі туғызады.

«Медицина бағытындағы қазақ тілді оқулықтар жоқ кездер еді. Орыс тіліндегі оқулықтарды жата-жастана оқуыма тура келді. Тіпті, оқу орнының қарсы бетінде кинотеатр бар екенін де білмеппін. Таңертең ерте қараңғылықта сабаққа барамын, кеш қарая жатақханаға қайтамын. Бөлмеге келген соң, асығып-үсігіп тамақ жеп аламын да, жатақхананың төменгі қабатындағы кітапханаға тартамын. Кейде қатты шаршағандықтан, сол кітапханада ұйықтап қалған кездерім де болды. Кейбір терминдік атауларды латынша жаттап алғаныммен, орысшаға тілім келмейтіні үшін «3» қоятын. Мектепте өмірі алып көрмеген бағаны оқу орнында алғаныма, оның өзінде орыс тіліне тілім келмегені үшін үш қойғанына күйініп, кітаптан бас алмай, сабақ оқи беретін едім», – дейді өткен күндер еске түскенде.

Студент кезінен бастап, жалықпай-шаршамай, портативті клиникада санитар болып жұмыс істеді. 1994 жылы Санитария және жалпы гигиена факультетін Гигиена-эпидемиолог дәрігер мамандығы бойынша бітірген соң, оқу орнында қалып, стажер-ассистент ретінде еңбек жолын бастайды. Сабақ бере жүріп, жарты жылдан кейін ассистенттікке көтеріліп, бір жылдан кейін қазақ бөлімінің кафедра меңгерушісі, одан кейін бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Сол жылдары қазақ бөлімі жаңа ашылып жатқан кез. Оқу орнындағы құжаттардың қазақылануына, қазақ бөлімдерінің ашылуына белсене кірісіп кетті. Бір жыл толмай жатып, жас қыздың іскерлігіне ризашылық сезімін білдіріп, ректор оны жазғы қабылдау комиссиясына емтихан қабылдау үшін Арқалыққа жібереді. Ұлттық тестің жаңа басталған уақыты. Қолында тест жауаптары бар конвертті басына жастап ұйықтайтын кезі де есінде. Тіпті прокурорларды тест болып жатқан аудиторияға кіргізбей, ешкіммен сөйлеспей қойғаны бар. Сол адалдығының арқасы шығар, ректордың өзі жақсы қарсы алып, оны бірден ауылына демалысқа жібереді.

«Үйге келе жатып, жолдан Алматыдан түсіп, аспирантураға құжат тапсырып көргім келді. Құжат қабылдап отырған кісі «барлық орындар алдын-ала белгіленіп қойған, бос емес, иелері белгілі, бірақ қатысып көрем десең, өзің біл» деді. Құжаттарымды тапсырып, Үржарға қайттым. Демалысым бітіп, қайтар жолда Алматы арқылы қайтып, академияға келсем, емтихан тапсыртып жатыр екен. Еш дайындықсыз, емтиханға кіріп кеттім. 15 профессор қатар отырып, сұрақ қоя бастады. Менің тақылдап жауап бергенім қызық көрінген болуы керек: «Бір сүрінсе, осыдан сүрінеді, осыны сұрайық», – дегендей, жан-жақтан қаумалап, қайта-қайта сұрақ қоя бастады. Емтихан біткен соң, шақырып алып, аспирантураға түскенімді айтты. Ғылыми жетекшім – Анатолий Лукашев. Мен ол кісінің алғашқы қазақ аспиранты екенмін. Экс-министр Елжан Біртановтың да жетекшісі осы кісі болды», – дейді өткенді еске алып.

Аспирантурадағы күндер тіптен бөлек еді. Өндірістік саладағы металдардың адам ағзасына әсері мен зияны жөнінде эксперименттік зерттеулер жүргізе бастады. Тіпті 120 қоян алып, оларға арнайы ағаштан 120 ұя жасатып, ғылыми жұмысын тәжірибе жүзінде сынап көруге тырысады. 120 қоянды сегіз ай бойы тамақтандырып, қан талдауын жасау үшін құлақтарынан қан алып, ішкі ағзаларында қандай өзгерістер болғанын көру үшін сойып та көрді. Үздіксіз зерттеу еңбегінің арқасында «Өлкелік патология» ғылыми-зерттеу институтында Гигиена мамандығы бойынша медицина ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғап шығады. 2000 жылы доценттік дипломын алды.

Тұрмысқа шығып, жолдасының қызмет бабымен Атырауға кетті. Онда Мұнай-газ институтында экология және адам өмірі қауіпсіздігі кафедрасында сабақ берді. Сонда жүргенінде «Безопасность жизнь деятельность», «Қоршаған орта және экология», «Өмір сүру қауіпсіздігі» атты 3 оқу құралын жазып шығады. Осы еңбектері үшін Атырау мұнай және газ институтының «Құрметті профессоры» атағы берілді. 2003 жылы Алматыға қайтып келіп, С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина институтында Жалпы гигиена кафедрасында оқытушы болады. 2007 жылы «Жасөспірімдердің дене бітімінің дамуы және оған қоршаған ортаның әсері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

«Осы зерттеу жұмысымның барысында еліміздің әр өңіріндегі 5-6 мектептен 19 мың оқушыны бақылауға алып, 20 жыл бұрын жазылған стандартпен салыстыра отырып, алғаш рет Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы балалар мен жасөспірімдердің дене бітімінің өсуі стандартын жасап шықтым. Сондай-ақ, балалар дене бітімінің дамуына баға беру мен деректерді компьютермен өңдеу әдісін енгіздім. Докторлық диссертациям Білім және ғылым министрлігінің «жылдың ең үздік жұмысы» сертификатымен марапатталды. 2010 жылы медицина ғылымдарының профессоры дәрежесін алдым. Ал 2010-2012 жылдары институттың оқу-әдістемелік іс жөніндегі проректоры болып қызмет еттім. Қысқасы, сол оқу орнына ассистент болып кіріп, проректор болып шықтым», – дейді Арай Төлемісова.

Кейіпкеріміздің бизнеске келу тарихы да қызық. Профессор деген дардай аты болса да, бір жұмыстың жалақысы ештеңеге жете бермейтіні тағы бар. Тапқаны тірлігіне жетпегендіктен, арасында Дубайға барып, тауар әкеліп, Қарқарада бутик ашып, сата бастады. Сол тұста оқу орнындағы бір профессор оны Түркияға семинарға алып барады. Бұл семинар Арай Мағауияқызының санасына төңкеріс жасайды. Сол семинардың талаптарын орындай жүріп, Австрияға жолдама ұтып алады. Венада өткен тренингке қатысқандардың көпшілігі кәсіпкерлер еді. Жалғыз бұл ғана оқытушы. Гарвардтан келген психолог тренинг жүргізіп тұрып, «Кім өзін ақылды деп санайды, сол қол көтерсін» деген сауал тастайды. Он адам отыр. Арасында жалғыз біздің кейіпкеріміз ғана қол көтереді. Жүргізуші «осында отырғандардың бәрі өзін баймын деп санай ма?» деп тағы сауал тастайды. Осы тұста бұл сауалға жауап қайтара алмайтыны анық. Өзін «бай» санайтындай, артық ақшасы да болмаған. Сол сапардан келісімен өз еркімен университеттен шығып кетеді. Несиеге үй алып, ақысын бөліп төлеуге жиһаздар сатып алады. Айына төлейтін несиесі – 600 мың теңге. Ештеңеден қорыққан жоқ. Мықтап тәуекелге бел буды. Бес компанияға кеңесші болып, жұмыс істеді. Несиесін де алты айдың ішінде өтеп шықты. Алайда, кеңесшілік жұмыста олар оның идеясын пайдаланады, бірақ басшылық өз қолдарында. Содан «неге өз компаниямды ашып, өз идеямды өзіме пайдаланбасқа» деген ой келеді. Сөйтіп Халықаралық дипломнан кейінгі білім жетілдіру институтын ашады. Бұл – оның алғашқы кәсібі еді. Орталықта 39 мамандық бойынша 4050 дәрігер біліктілігін арттырса, 28 мамандық 132 тыңдаушыны қайта дайындықтан өткізеді.

«Бір ісім екінші ісіме түрткі болып, шетелдік диагностикалық қондырғыларды елге әкелуді бастап кеттім. Оларды елімізге әкеліп, оны жай ғана алып келіп сату мақсат емес еді. Ғылыми тұрғыда зерттеп, нәтижесін көрсету арқылы дәлелдеу керек болды. Сөйтіп, ғылыми жоба жасап шықтым. Сол жобам үш жылға созылып, жақсы нәтижемен аяқталды. Еліміздің 10 облысында ғылыми жобамның негізінде алынған қондырғыларды апарып орнаттық. Дәрігерлерін де оқытып, қондырғыны қалай пайдалануды үйреттік. Қондырғыны әкелген соң, дәрі-дәрмектерін де тасымалдай бастадық», – дейді кейіпкеріміз.

Осылайша LifeMed Holding компаниясы өмірге келді. Компания бүгінде еліміздің 16 облысындағы мемлекеттік медициналық ұйымдармен, жекелеген компаниялармен және ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.

Тура айтқан туғанына да жақпайды

Оның негізгі мамандығы – гигиенист-эпидемиолог. Санитарлық эпидемиология саласы оған жақсы таныс. Соңғы жылдары санитарлық қызметті жойып жібергеніне қапалы. «Соның зардабы бүгін тиіп жатыр», – дейді. Елдегі пандемия жағдайына да алаңдайды. Күз айлары – вирустың күшейетін кезі.

«Күз кезінде маусымдық аурудың бәрі қозатын уақыт. Коронавирус болмай тұрғанда да сол кезеңде ауру-сырқау ушығатын. Мысалы, балаларда менингит, қызылша, грип секілді аурулар қозып, иммунитеттің төмендеуіне әкеледі. Осындай шақта COVID-19 жұғуы ықтимал. Вирус ешқайда жойылып кеткен жоқ. Ол суда, ауада, топырақта болуы мүмкін. Қанша залалсыздандыру жұмыстары жасалса да, зат алмасу барысында басқа жерге көшіп кетеді. Жағдайға қарай, ол да түрлі мутацияға ұшырап, бәсеңдеуі мүмкін. Алайда, түбегейлі жойылмайды. Бүкіл күшімізді тек коронавируспен күресуге жұмылдырып жатырмыз. Ал басқа ауруларға мән бермей кеттік. Мәселен, туберкулез – көз жұмып қарайтын дүние емес. Олар қазір арамызда ашық түрде жүр. Оның да қозатын кезі – күз. Бұл дерт тез арада таралып кетсе ше?! Тіпті туберкулезді жұқтырып алғанды білмей қалуымыз ықтимал. Оның көбеюінен бұл дерт бізге ауыр қалыпта тиюі мүмкін. Сол себепті сақтық шараларын қадағалап, қажет жерінде қаталдық танытқан дұрыс», – дейді Арай Мағауияқызы.

«Тура айтқан туғанына да жақпайды» дейді. Біздің кейіпкеріміздің де ең басты қасиеті – турашылдығы. «Әкем кезінде совхоздың директоры болып жұмыс істеді. Бірде балабақшаға барса, балалардың сыймай жатқанын көреді. «Балалар дәлізде жатқанда, мен неге даңғарадай үйде тұруым керек» деп, біздің үйге балабақшаны көшіріп, өзіміз балабақшаға көшіп бардық. Сондай да қызық кездер болған. Не анам, не балалары «мынауыңыз не» деген бірауыз сөз айтпадық. Ол кісінің мұндай әрекеттері өте көп. Сондықтан, турашылдығым әкемнен дарыған болуы керек. Қазір де өзімнен бұрын қызметкерлерімнің жай-күйін ойлап тұрамын. Біреуінің несиесі бар-ау, екіншісінің бала-шағасы осының қолына қарап отыр-ау деген ой мазалайды. Бірінің баласы ақылы оқу оқыса, екіншісінің мойнында тағы бір жауапкершілік бар дегендей. «Өмірде қиындықтарды жеңіп шыққаннан ләззат аламын. Оқушы кезден қалған әдет бар: ешқашан саннан қателеспеймін. Блокнот ұстаған емеспін. Цифрларды бір шолып шыққаннан қатесін көріп қоямын», – дейді кейіпкеріміз.

Бала көтере алмай, 9 рет ЭКО жасатса да, мойыған жоқ. Қазір жанындағы жанашыры, кішкентай қолғанаты – қызына тәубе дейді. «Алла өзіме бір ғана бала берді. Соған шүкір деймін», – дейді ол. «Қазір бізде аты бар да заты жоқ институттар көп. Солардың жұмысын жандандырған дұрыс. Өйткені, ғылыми институт арқылы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай белгілі болар еді. Мысалы, микробиология, эпидемиология, қоршаған ортаның гигиенасы институты болғанда, бірнеше лаборатория жұмыс істер еді. Олар ауаның, судың, топырақтың құрамын ғана емес, эпидемиологиялық аурулардың таралуын зерттеп, қадағалап, қандай дәрежеде екенін анықтап, статистиканың бәрін жүргізер еді. Тым болмағанда, бәрін біріктіріп, референт лаборатория жасап, бұл ахуалды қадағалауға мүмкіндік беруі тиіс.  Соның көмегімен алдын-ала болжам жасауға болады. Мәселен, гигиенист-эпидемиологтың міндеті аурудың алдын алу немесе профилактика жасау. Ал ол оны неге негіздеп жасайды. Егер, ғылыми институт болмаса, оны қадағаламаса, бұл күресіміз –  бос әурешілік», – деген уайымын алға тартады. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Ахмет Байтұрсынұлы осылай дейді. Арай Мағауияқызының да бойында осы қасиет бар. Ол өзінің турашылдығы, білімі, мінезі арқасында осындай биікке қол жеткізіп отыр. Әлі де атқарсам деген арман-мақсаттары жоқ емес. Бастысы – елін сүйеді, елдік қызметтерге күш-қайратын жұмсасам дейді. Ел аман болса деген тілеуі зор.

Қалың қара түнек күн сәулесінен ыдырайды. Әуелі алтын шапақ сыналап келіп, бозамық сәулеге ұласады. Артынша бүкіл жер-жаһанды таң нұры нұрландырады. Осы сәт – арай. Әрбір арайлы таңнан адам баласы үлкен үміт күтеді: арманы мен мақсатын келер таңға жалғайды; үміт сәулесі талай жүректі жылытады; күнделікті тірлігін жаңа арайға қарай арналы еткісі келетіндер жетерлік. Біздің Арай да таң нұры секілді, жүрген жерін жан шуағына бөлеп, төңірегін нұрландырып жүреді. Осындай жандар болмаса, бұл өмір бұлт басқан, кілең сүреңсіз және реңсіз жағдайда қалар ма еді, деген де ой келеді. Жаныңыз жамандық көрмесін, жақсы АДАМ!

Дина ИМАМБАЕВА

1040 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз