• Еркін ой мінбері
  • 28 Желтоқсан, 2020

КӘСІБИ ДЕҢГЕЙДІ АРТТЫРУ – ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАҢА ТАЛАП

Ерғали МЕРЗАДИНОВ,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары
академиясының ректоры

Биылғы жылдың басынан бастап құқық қорғау органдарына кандидаттарды іріктеу тәртібі жетілдіріліп, қызметке алғаш рет кіретін адамдар үшін бастапқы кәсіптік даярлау институты енгізілгені белгілі. Осы орайда құқық қорғау органдарына орналасудың жаңа тәртібі жайында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Серікбайұлы Мерзадинов әңгімелейді.

Ерғали Серікбайұлы, құқық қорғау органдарына іріктеудің жаңа тәртібін енгізудің себебі неде? Бұрын қалай болды және енді не өзгерді? Толығырақ айтып берсеңіз.

– Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау блогына кадрларды іріктеу және даярлау тәртібін жетілдіруді тапсырды. Тапсырманы орындау шеңберінде біз халықаралық тәжірибені зерделедік және прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне  қабылдаудың бірыңғай тәсілін әзірледік. Бұрын қызметке үміткерлерді іріктеуді әр орган дербес жүргізді және әртүрлі талаптар қойылды. Енді қызметке кіру үшін Құқық қорғау органдары академиясында алғашқы кәсіби даярлықтан өту міндетті шарт болып табылады.

Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты қандай?

– Жаңа білім беру институтын енгізу уақыттың объективті талабы болды. Студенттік орындықтан қызметке келген көптеген түлектер толыққанды жұмысқа әрдайым дайын бола бермейтініне бүгінгі күнде куә болып отырмыз. Олар көп нәрсені үйреніп, маңызды практикалық білім алуы керек.

Бастапқы кәсіби дайындық бағдар­ламасы осы мәселелерді шешуге бағыт­талған. Жобаны әзірлеу алдында елеулі дайындық жұмыстары, прогрессивті шетелдік тәжірибені зерттеу жүргізілді. Ұсынылып отырған білім беру моделі – кадрларды даярлаудың жаңа тәсілі. Оның басты ерекшелігі – оқытуды практикаға бағдарландыра отырып, білім алушыларға тереңдетілген білім беру.

Академияда сабақ беретін оқы­тушыларға, білім алатын шәкірттерге қойылар талаптар қандай?

– Академия оқытушыларынан басқа, оқуға практиктер, шетелдік сарапшылар, құқық қорғау органдарының ардагерлері тартылатын болады. Шетелдік мамандарды тарту үшін жақын және алыс шетелдердің бейіндік жоғары оқу орындарымен келісімдер жасалды. Оқуға қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет түсетін және қойылатын талаптарға сәйкес келетін заң жоғары оқу орындарының түлектері қабылданады. Жасы бойынша шектеу – 35 жастан аспау керек. Сондай-ақ қазіргі таңда үміткерлер іріктеудің негізгі кезеңдерінен өтіп жатыр: тестілеу, әңгімелесу, медициналық және психофизиологиялық куәландыру, полиграфологиялық зерттеу, емтихан тапсыру. Түлектердің құқық қорғау органдарында кемінде үш жыл қызмет ету міндетті шарттардың бірі. Тыңдаушыларға құқық қорғау органдары қызметкерінің барлық міндеттері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтау жөніндегі талаптар қойылады. Келісімшарт талаптары бұзылған немесе қызмет өткеруден бас тартылған не үлгерімі аз болып, оқудан шығарылған жағдайларда білім алушы мемлекетке жұмсалған барлық бюджет қаражатын өтеуге міндетті болады.

Сондай-ақ, прокуратура органдарына орналасуға үміткерлер үшін оқу мерзімі 1 жылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне 6 айды құрайтынын атап өту қажет.

Жас заңгерлерді тәрбиелеудің ма­ңыз­­ды бағыты тыңдаушылардың өз білімдерін үнемі кеңейту және тиімді пайдалану қабілетін дамытуға бағытталған. Сондықтан, біз тыңдаушыларымызға өз бетінше ойлау дағдыларын, өзгеру және жетілу қабілеттерін үйретуге тырысамыз.

Әртүрлі құқық қорғау органдарының қызметшілерін дайындайсыздар. Демек, барлығына шарт біреу. Ал оқу мерзімі жағынан неліктен прокуратура органдарына қызметке орналасу үшін 1 жыл оқу қарастырылған?

– Өздеріңіз білетіндей, қадағалау қызметі кез-келген басқа құқық қорғау қызметіне қарағанда кең және қоғамның барлық салаларына әсер етеді. Сондықтан, болашақ прокурорлар үшін оқу мерзімі мен әдістемесі анағұрлым көлемді. Оқу бағдарламасы қадағалаудың барлық салалары бойынша білім мен дағдылардың үлкен көлемін алуды және игеруді көздейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін оқыту кезінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен алдын-алудың қазіргі заманғы әдістеріне басты назар аударылатын болады. Экономикалық тергеу қызметінде жұмыс істеуге үміткерлерге келетін болсақ, олар жедел-тергеу жұмысын тереңдетіп зерттеп, экономикалық саладағы қылмыстарды анықтау және тергеу әдістерін меңгеретін болады.

Содан кейін тыңдаушылар өздерінің салалық ұйымдарында бейінді тағылым­дамадан өтеді. Қорытынды кезең мемле­кеттік емтихан тапсыру болады. Оқуды сәтті аяқтау кандидатқа бірінші атақ беріле отырып, қызметке тағайындалуға кепілдік береді. Маңызды артықшылығы – оқу уақыты құқық қорғау қызметіндегі өтіліне есептеледі. Жалпы, жыл сайын академияда 450 қызметкерді оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ тыңдаушыларды оқыту, оларды стипендиямен, тамақпен және тұрғынмен қамтамасыз ету бойынша барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алатынын атап өткен жөн.

Жаңа кадрларды даярлау мәсе­лесінде оқу орны қандай бағытты ұстанады?

– Жаңа кадрларды даярлау мақсатында Академия білім беруді екі бағытта қамтиды. Біріншісі – ғылым мен практиканың инновацияларына сәйкес келетін кәсіби білімді толықтыру және жетілдіру. Оқыту процесі тренингтер, кейстер, имитацияларға негізделген білім беру модульдеріне бөлінетін болады.

Екіншісі – жеке тұлғалық құзыреттілікті дамыту, коммуникативтік дағдыларды, шешендік шеберлікті дамыту, озық ақпараттық технологияларды пайдалану. Талдау жұмысы дағдыларын және оны тану әдістерін дамыту бойынша арнайы курстар енгізіледі. Тыңдаушылардың мәдени-эстетикалық тәрбиесіне ерекше назар аударылатын болады. Жалпы, адамзат тарихында қоғам уақыт өткен сайын түбегейлі өзгерістерге ұшырап, өз құндылықтарын ой елегінен қайта өткізіп, рухани жаңғыруға бейім екендігі өзіңізге белгілі. Бүгінгі таңда өркендеп келе жатқан мәдениеттану бағытындағы өзекті мәселелерді, әсіресе, ертеден қалыптасқан мәдени құндылықтар жүйесін жаңа заман тұрғысынан қайта қарап, жас білім алушылардың бойына сіңіру қажеттілігі туындап отыр.

Сондықтан, ағымдағы жылдың 20 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Академияда білім алушыларының бойында қазіргі заманғы мәдени құзыреттерді қалыптастыру мақсатында «Мәдениет университеті» оқу курсының ашылуы өтті.

Осы орайда «Мәдениет университеті» курсы жайында толықтыра айтып берсеңіз.

– «Мәдениет университеті» курсы 36 сағатқа жоспарланған. Бағдарламада мынадай тақырыптар қарастырылады:  «Жалпы азаматтық этикет: тарих және қазіргі жайы», «Қазіргі іскерлік этикет», «Қарым-қатынаста және қызметтегі сәлемдесу этикасы», «Азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынастағы сыйластық этикасы», «Іскерлік қарым-қатынастағы қонақжайлылық этикасы». «Жеке және іскерлік қарым-қатынастағы сөйлеу этикасы», «Эстетика, тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің маңызы, оның нормалары», «Іскерлік және нысанды киім кию мәдениеті», «Отбасындағы, іскерлік қарым-қатынастағы үстел этикеті», «Отбасылық өмір мен тұрмыстық мәдениет негіздері», «Бейнелеу өнері», «Мүсін», «Әдебиет», «Классикалық музыка», «Кинематограф», «Театр», «Хореография».

Ал бұл курстарда сабақты кімдер береді?

– Мәдениет тақырыбын талқылау үшін Қазақ ұлттық өнер университеті, Назарбаев Университеті, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театры сияқты беделді жоғары оқу орындары және мәдениет орталықтарынан танымал профессорлар мен білікті мамандар шақыру жоспарланып отыр.

Курс адам өмірінің, құндылықтарының мәнін ашып, үнемі дамуға, жетілуге, рухани әлемін байытуға мүмкіндік береді. Білім алушыларды адамзат баласының мәдени жетістіктерін игеруге, мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының әмбебаптық заңдылықтары мен негізгі түрлерін меңгеруге және әлемдік мәдениеттің інжу-маржанын өз беттерімен түсініп-білуге, кәсіби деңгейлерін одан әрі арттыруға бағдарлау еліміздегі бүгінгі құқық қорғау органдарының алдына қойып отырған жаңа талаптарының негізі.

Сұхбатыңызға рахмет!                      

Сұхбаттасқан

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз