• Ұлттану
  • 28 Желтоқсан, 2020

«ҮШ ЖҮЗ» ҰҒЫМЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Қазақ халқы тарихының бір тармағы шежіренің өзі де атадан балаға жалғасқан халықтық тарих.

Заманнан-заманға жалғасып келе жатқан халқымыздың ататек шежіресіне зер салар болсақ, оның түп-тамыры тым арыда жатқанын байқауға болады. Мысалы, «Алаш», «Жүз», «Қазақ» деген атау қалай қалыптасты, осы атау туралы тарихшы ғалымдарымыз бен майталман шежірешілер өздерінің түрлі көзқарастарын айтып келеді. Бұл атаулардың шығу тегі туралы көбінесе шежірелік деректер мен  халық арасында айтылып жүрген аңыздар негізінде баяндалады, бірақ бұл туралы дәл басып айтылатын жазба тарихи құжат қалмаған.

Қазақта «Алаш» деген сөз жалпы  «Алты Алаш» деген ұғымды қамтиды. «Алты Алаш» туралы ұлы жүздің Төле биі «Қазақ, Қарақалпақ, Өзбек, Түркімен, Қырғыз, Жәйілхан», – десе, атақты шежіреші Мұқаметжан Тынышбаев «Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз, Қарақалпақ, Қырғыз, қазақтың құрамалары», – деп түсіндірген екен. Соңғы Мұқаметжан Тынышбаевтың көзқарасын көптеген зерттеушілер мен шежірешілер құптайды.

Ғұлама тарихшы Қадырғали Қосынұлы Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» атты еңбегінде «Қатаған қауымы екі сан, Алаш  мыңы үш сан қауым еді.  Қатаған қауымының өз араларында бұл заманға дейін үлкендері белгілі еді. Бірақ, Алаш мыңы арасында үлкені тарақ таңбалы Жалайыр болған» («Шежірешілер», 1-кітап, Шыңжаң халық баспасы, 2008 ж., 127-бет), – дейді. Бұдан ұғарымыз: Алаш мыңы үшке бөлінген болып, үшеуінің ең үлкені тарақ таңбалы Жалайыр болған. Қазіргі қазақтарда ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп үшке бөліп, ұлы жұз аға баласы болып келеді. Ұлы жүздің ішінде Жалайыр ең үлкені – ноқта ағасы деп есептеледі.

Тарихшы Мұхтар Мағауин «Қазақ ордасының құрамына ежелгі үш алаш, яғни, үш жүзбен қоса, Қасымхан заманынан бері бір байрақ астында келе жатқан қырғыздар, сірә, Хақназар заманында, ноғай ордасы ыдыраған кезде келіп жеткен қарақалпақтар, бүкіл оңтүстік өңірді жайлаған, саны мол, қуаты зор екі сан Қатаған қауымы және Мәуреннахр шегіндегі отырықшы, егінші, бірақ, қазаққа бейім құрама руы енген болатын. ХVІ ғасырдың ақыры,  ХVІІ ғасырдың  бас кезіндегі қазақ ордасының туын көтерген ұлыс-тайпалар: ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз, қатаған, құрама, қырғыз, қарақалпақ, бұлардың ішінде қырғыздан басқасының бәрі өздерін қазақ атаса керек. Қатаған қырғыны (1627) Есім ханның жеңісі емес, бүкіл қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіз ұлыстың екі бөлшегі түнекке батты. Содан былай қазақ мемлекетін құраған қауым  алты алаш деп аталды. Келесі бір сілкіністе қырғыз және қарақалпақ пен құрама іргесін бөледі. Қазақ халқы деген атауды ұстап үш алаш – үш жүз ғана қалды» («Қазақ тарихының әліппесі», Шыңжаң Халық баспасы, 1999 жыл, 52-бет) деген ақылға қонымды көзқарасын баяндайды. Қазақ халқының арасында таралған тарихи аңыздарда «Қазақ», «Алаш», «Жүз» деген сөздердің шығу төркіні туралы былай сыр шертіледі.

«Сыр бойын 32 рулы елді билеген Қызыл Арыстан деген хан болыпты. Ханның әйелі үсті-басы түгел ала бір ұл туады. Мұны жаман ырымға жорыған хан баласын Сырдарияның суына тастатып жібереді. Балық аулап жүрген бір кедей қария Сырдарияға ағып бара жатқан баланы құтқарып алып, бағып алады. Бала ержете келе ержүрек батыр болып, елге «Алаш» деген атпен таныла бастайды. Мұны естіген хан оны ордасына әкелмек болады. Бұған ханның қасындағы  қарашылары Қотанбай мен Майқы би  ала баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігітті қосып беріп, өз еркіне қоя  беру керек деген кеңес береді. Хан бұған мақұлдық береді. Сонымен Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігіт Алашқа барып қосылады, келесі жылы Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігіт барып қосылады, үшінші жылы Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіт барып қосылады. Осы үш жүз жігіт ешкімге бағынбай Алашқа еріп, ерлік жорықтар жасап, көрші елдерді  бағындырады. Сонымен «Қазақ» аталады. Кейін  бұлар бас қосып, Алашты ақ киізге отырғызып хан сайлайды. Ел мұны «Алаша хан» деп атайды»(Нығымет Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 1991 жыл, 2-басылуы. 28-бет).

Бұл туралы халық арасында айтылатын:

«Алаш – Алаш болғанда,

Алатай ат болғанда.

Таңбасыз тай,

Енсіз қой болғанда.

Алаш хан  болғанда...» дейтін сөздер  алғашқы қауымдастық қоғамның хан сайлау дәстүрін аңғартса керек.

«Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігітке (Ұлы жүз) Сырдарияның басындағы жерлер, Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігітке (Орта жүз) Сырдарияның орта өңіріндегі жерлер, Қотанбайдың кіші ұлы Алаш бастаған жүз жігітке (Кіші жүз) Сырдарияның төменгі сағасындағы жерлер беріледі. Қазақ қауымы өз еркімен Алашқа барып бас қосқан осы үш жүз жігіттен  таралыпты» («Қазақтың қысқаша тарихы», 29-бет).

Қазақтар арасында қазірге дейін айтылып келе жатқан «Атамыз – Алаш, атымыз – Қазақ, үш жүздің ұрпағымыз» деген сөзі қазақ шежірелерінің басы Алаштан басталғандығын түсіндіреді.

Халықтық шежірелердің басым көп бөлігінде Қазақты Алаштан таратады. Ал жоғарыдағы мысалға алған аңызда Қотанбайдан – Үйсін, Болат, Алшын деп таратып, бұл үшеуін үш жүзге бөлген. Міне бұлар  Шыңғыс хан әулеттері билеген замандарда қазақ шежірелерінің арғы түп таралуын  әдейі өзгертіп жібергенін байқауға болады.

Халық ішінде таралған шежірелерде «Ақарыстан – Жұмабай, Ұзынсақал Ыбырайым. Жұмабайдан – Кейкі би, одан – Төбе би, одан – Майқы би, Қоғам, Мекірейіл, Қойылдыр. Майқы биден – Бақтияр, Бақадір. Қоғамнан – Қаңлы, Шанышқылы. Қойылдырдан – Қатаған. Бақтиярдан – Үйсін, Ойсыл» («Қазақ шежіресі», Шыңжаң жастар – өркендер баспасы, 1996 жыл, 45-бет) бұтарланған.

Қазақтың ататек шежіресінде ұлы жүзге жататын Үйсіннің әкесі Бақтияр болған. Ешқашан аңызда айтылған Қотанбай болған емес. Бұл туралы тарихшы, шежіреші Ақселеу Сейдімбековтің «Шежіре және уақыт» атты мақаласында «Қазақ шежірелеріндегі түркілік-моңғолдық қыртыстан да бірер мысал   келтіруге болады. Бұл мысалдардан моңғол   үстемдігінің салдарынан пайда болған жасанды түзілімдерді аңғару қиын емес. Мәселен, қазақ арасындағы  шежірелердің басым көпшілігі  аңыз-әңгімелерде әрбір жүздің жиынтық атаулары ретінде Ұлы жүзді – үйсін, Орта жүзді – арғын, Кіші жүзді  – алшын деп атаса, бұл үшеуінің  әкесі Қотан (Қодан) еді деп келетін нұсқалар жиі кездеседі. Ал Қотан болса Шыңғыс ханның немересі. Кезінде Қотан  әкесінің қара шаңырағын иемденуден дәмелі болып, ағасы Күйікпен жағаласқан» («Қызай – Аман шежіресі», 2010 жыл, Құлжа. 32-бет) деген   дәлелдерден қазақтың үш жүзге таралуын Қотан (Қотанбай) деген адамнан бастауы  халық шежіресін көп бұрмалағанын байқауға болады.

Ал, ендігі ел аузында айтылатын бір аңыздарда Орманбет би қайтыс болып, он санды  Ноғайлы елі бөлінгенде Майқы қазақ ұлыстарын құрған ел басы ретінде айтылады. Ол Қызыл Арыстанның тоқалынан туған Ахметті (Алаша хан) Ұлытауда үш жүздің ханы етіп сайлайды. Осы ұлыстағы  бірінші туды ұстаған үйсінге «жалау», ортадағы арғынға «көз», жауға ең алдымен шабатын алшынға «найза» таңбасын  жартасқа ойдырып жаздырыпты. Майқы  таңбасы ойылған  таңбалы тас сол заманнан белгі болып  қалып, жер атымен «Нұра таңбасы» деп аталыпты.

Бұл аңызда айтылған Ахмет Қызыл Арыстанның ұлы деген тарихи шындыққа жанаспайды. «Қазақ шежіресінде «Алаша хан» аталған Ахмет хан емес. Өйткені,  Ахмет хан Шағатай Шыңғыс ханның екінші ұлы нәсілінен шыққан Жүніс (Иүніс) ханның ұлы – Ақсақ Темірдің ұрпағы» (Серғалы Толымбеков. «Қазақ шежіресі». 1992  жыл, Алматы, 49-бет).

Қазақ халқы арасында мынандай шежі­релік аңыз кеңінен таралған. Қазы деген адамнан Ақбай, Жанбай, Бекбай туып, еншіге таласыпты. Сонда Қазы жүз жылқыны Күншығысқа, жүз жылқыны Арқаға айдаттырып, Ақбай мен Бекбайдың алдына салып беріпті. Қалған жүзі менің және Жанбайдың үлесі деп алып қалыпты.

Қазыдан – Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) таралып, қазақтың үш жүзге бөлінуі содан таралған деген ауызша айтылған аңыз бар. Бұл аңыз бізге ешқандай дерек бере  алмайды. Мұны тек қазақты үш жүзге бөлу туралы айтылған халық әдебиетіне тән туынды деп қана түсінуге болады.

Қазақ шежірелерінде аңыз негізінде айтылған кейбір деректің тарихи шындыққа жанаспайтын жағы да байқалып жатады. Шежіре тарихтың шикізат  материалы екенін ұмытпағанымыз жөн.

Майқы би ақылды, білгір, шебер ел басы болумен бірге, тілінен сөз асылы ұйыған шешен кісі екен. Сол дәуірде шешендікке келгенде Майқыдан өтетін қазақ болмаған. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз қазірге дейін ел есінде сақталып қалған. Майқы би туралы кейбір ғалымдар тарихи деректерге негіздей отырып «Майқы би Шыңғыс ханмен замандас болуы мүмкін» деген болжау айтса, Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресінде «Шыңғыс хан ұлы қаған болғанда тап басы, бектерге ұран, құс, ағаш таңба беріпті. Сонда ұлы жүздің Майқы биіне: «Ұраның салауат, құсың бүркіт, ағашың қарағаш, таңбаң сүрші болсын», – деп жазылыпты. Ендігі бір деректерде Майқы би ХІІІ ғасырдағы  Шыңғыс  ханның  үлкен ұлы Жошының жорығында моңғол әскерлерінің оң қанатын басқарған делінеді.

Абай Құнанбайұлы «Майқы би Шыңғысты хан көтерген он екі бидің бірі, шежіре деректері бойынша Ақарыстан (Ұлы жүздің арғы атасы) Ұзынсақал Ыбырайым, одан  кейін Он би, одан Төле би, одан Қойылдыр, Қағам, Майқы, Мекрейіл таралады» («Қазақ Совет энциклопедиясы», 7-том, 384-бет) деген.

Ал кей қазақ шежірешілерінің айтуына қарағанда, Ұлы жүз Ақарыстан (Байшора) – Ұзынсақал Ыбырайым (Жұмабай), Ыбырайымнан – Күрті, Күртіден – Кейкі, Кейкіден – Төбе би, Төбе биден – Құйылдыр, Қоғам, Мекрейіл, Майқы қатарлы төрт ұл тарайды. Бұл екі шежіренің таратылуына зер сала қарасақ, кейбір адам аттары ұқсамағанмен негізгі  жақтан бір-біріне жақын келеді. Көптеген шежірелер Майқы биді Ұлы жүз Ақарыстан таратып келеді. Осыған қарағанда Майқы ұлы жүздің Үйсін тайпасынан шыққаны шындыққа жанасымды деп  қарауға болады.

ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың  Орта жүзінен шыққан атақты Естай ақыннан қалған Майқы би туралы айтылған мына  өлеңге назар салайық:

Жол салған өткен күнде Майқы атамыз,

Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз.

Екенбіз бұдан бұрын басқа дінде,

Бұлтарып оның несін тайсатамыз.

«Қазы-ақ» деп хазірет Ешен есім берген,

Емес қой бұл оңай  іс байқасаңыз.

«Қазы» деп атақ беру себебі не?

Мәнісін төменде  айтып тарқатамыз:

Алыпты үш жүз жасақ алты арыстан,

Болжапты елін қорғап жауды алыстан.

«Ақтабан шұбырынды» жаугерлікпен,

Баласы алты арыстың Сырға ауысқан.

Жасағы қаһармандай жауынгер боп,

Ысқырса қалмайды екен бір дауыстан.

Еліне үш жүз жасақ жиған Майқы,

Бұзықты содырымен тиған Майқы.

Шығарып құнға кесік, жесірге жол,

Қазылық осылайша қылған Майқы.

Ұлғайып үш жүз неше мың боп,

Қалмақты кейін қарай  қуған Майқы, – деген шумақтардан Майқы біздің қазақтың қамқор биі, бар қазақ үлгі тұтарлық әйгілі ел иесі екені айтылады.

Деректі аңыздарда айтылуынша, Майқы­ның «Жеті жарғысы» (жарлық) қазақтар Сыр бойына барып ірге тепкеннен кейін, алты арыстан үш жүзге бөліп, ту көтеріп, «Жеті жарғыны» жариялағаны айтылады. Осыған қарағанда Майқы өз дәуірінде қазақтар өміріне елеулі өзгеріс жасаған, қазақты ең алғаш үш жүзге бөлуші, «Жеті жарғының» ең алғашқы негізін қалаушы, сахара мәдениетін көркейтуші, алты арыстың беделді көсемі екенін аңғаруға болады.

Мақаламызда қазақ шежіресінің басы Алаштан басталады дегенді айтқанбыз. Сол «Алаш шежіресінің» бірінде: «Киік хан мөлшермен 530-610 жылдары жасаған, Киік ханнан – Алаш, Алаштан – Жәйіл, Жәйілден – Қазақ, Созақ, Қарақалпақ, Қырғыз» («Нұрлан Сәрсенбаев. «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», 2010 жыл, Құлжа, 381-бет) деп жазылған.

Ғалым Телқожа Жанұзақов қазақ атауы туралы «Кавказдағы түрік тайпалары құра­мында  VІ ғасырдан бастап жалпы есім және ұлт ретінде кездескен» («Қазақ деген сөз қайдан шыққан», «Жұлдыз» журналы, 1983 жыл, №3), – дейді. «Алаш шежіресі» мен Телқожа Жанұзақов баяндауында, Киік ханның баласы Алаштың тарихи сахнадан көрінуі мен қазақтың ұлт ретінде қалыптасуы негізінен VІ ғасырға сәйкес келеді.

1994 жылы Өзбекстанда басылым көрген Зайыр Садыбековтың «Қазақ шежіресі» атты кітабында: «Әлімбай (Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында өткен атақты шежіреші) ақсақалдың  айтуынша, «Алаш» атауы (одағы) Сары үйсіндердің билік құрған дәуірінде пайда болған. Ол «Дешті Қыпшақ» «Қазақ» деген атаудан бұрын шыққан. Ертедегі Сары үйсіндер Іле мен  Шу өзендерінің аралығындағы кең-байтақ жерді мекендеген белді тайпа болатын. «Алаш» солардың бір кездегі билеушісінің аты – ел ұраны, Сары үйсіндер үстемдік дәрежеге көтерілгенде, оған тәуелді болған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Оғыз (Сегіз оғыз, Тоғыз оғыз),  Арғын (Қарлық), Алшын (Қара қырғыз) тайпалары Алаш туы астында бас  қосқан. Алғашында олар «Алты ел алаш», «Алты алаш» деп атанып жүріп, соңында «Алаш» деген  қауымдық атқа ие болған» («Іле» газеті, 2006 жыл, 21 қазан) дегенді айтады. Ол тағы да осы кітабында: «Алты алаш» және оның қазіргі ұрпақтарын былай таратады:

«Үйсін – 10 тайпа (ру): Ошақты, Шапырашты, Ысты, Сіргелі, Шақшам, Сары үйсін, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр.

  1. Қаңлы – 2 тайпа (ру): Қаңлы, Шанышқылы.
  2. Оғыз – 4 тайпалы (ру): Найман, Керей, Уақ, Қоңырат.
  3. Қыпшақ – 1 тайпа (ру): Қыпшақ.
  4. Арғын (Қарлық) – 1 тайпа (ру): Арғын.
  5. Алшын (Қара қырғыз) – 25 тайпа (ру): Адай, Таз, Есентемір, Ыстық, Байпақты, Масқар, Алаша, Тана, Серкеш, Алтын, Жапбас, Беріш, бұлар «12 Ата байұлы» атанды. Кете, Шөмекей, Төртқара, Қарасақал, Қаракесек, Шекті, бұлар «Әлімұлы» атанды. Тама, Табын, Тілеу, Рамадан, Жағалбайлы, Кердері, Керейіт, бұлар «Жеті ру» атанды»(«Іле» газеті, 2006 жыл, 21 қазан). Осы шежірелік таралым бойынша «Алаш» және оның қазіргі ұрпақтары 43 тайпа (ру) екенін көруге болады. Міне, бұл қазіргі жазылған қазақ шежірелері ішінде бір жаңалық деуге болады. Десе де шежіреші «Алты алаш» және оның қазіргі ұрпақтарын 43 тайпа (ру) ретінде алты топқа   қандай ғылыми негізбен бөлді, дәлел, факті келтіріп,  ашалап түсіндірмеген.

Қазіргі ел арасында жиналған қазақ шежірелерінде баяндалған «Алаш», «Жүз», «Қазақ» туралы атаулардың шығу тегі бірден-бірге  жалғасып әр алуан айтылымда бізге жеткені анық. «Алаш», «Жүз», «Қазақ» деген атаулар өзара тығыз байланысты болса да «Алаш» пен «Жүзді»  өзара шатастыруға болмайды. Алаш – қазақ билеушісінің аты, Үш жүз – қазақ халқын құраған, үш өңірдегі бірнеше тайпадан топтасқан жеке-жеке бірлестік деп түсінген жөн.

«Үш жүз» – қазақ халқы сан ғасырлық тар  жол, тайғақ кешулерді, күрделі жолдарды басу барысында қалыптасқан ат деуге болады. Ғалымдар «Жүз» ойрат тілінде тұтас нәрсенің бір бөлігін білдіреді десе, енді біреулер «Жүз» көне түрік тіліндегі «Дүз» (дала) деген сөзден келіп шыққан дегенді айтады.

Қытайдың ертедегі тарихи жазбаларына қарағанда, үйсін елінің билік жүйесі оң қанат, сол қанат және орта деп үш әскери-әкімшілік түзім бойынша басқарылған. Оң қанат пен сол қанатты жеке-жеке екі қонбасы бөліп басқарған екен. Үйсін елінің ең жоғары билеушісі Күнби ортада тұрып барлығына билік жүргізеді. Міне бұл ежелгі қазақтардың алғашқы үшке бөліп, ел басқару дәстүрі осыдан басталған деуге болады.

Кейбір зерттеушілеріміз үш жүздің  келіп шығуын Оғыз хан дәуірімен байланыстырады. Мысалы, «Оғыз хан дәуірінде, Сырдария жағасын қоныстанған Оғыз – Қыпшақтар арасында екі күшті  тайпа жасаған. Қазақтар өзінің арғы тегін Үш оқ деп санайды. Қазақтың үш жүзге бөлінуі де осыдан шыққан» (Бейсенбай Кенжебаев, Мырзатай Жолдасбеков. «Асыл арналар». Ұлттар баспасы. 1990 жыл, 272-бет).

Ендігі бір деректерде «Оғыз ханның алты ұлынан тараған ұрпақтары көп еді. Күн хан оларды 24 тайпаға бөлді. Оларды екі-екіден бір ордаға бағындырып, 12 аймақ ел жасады. Бұл он екісінен тараған тайпаларды «Жүздік» деп атады. Қазақтың «Үш жүзі» осы кезде шыға бастады» («Асыл арналар», 274-бет) дегенді айтады.

Әйгілі әдебиетші Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты кітабында: «Ғалым Бижуриннің айтуынша біздің дәуіріміздің 635 жылында қазіргі қазақ даласында, түрік тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермеген шығыс шапқыншыларына қарсы үш орда құрған:

  1. Үйсін жерінде – Ұлы орда
  2. Ертіс жерінде – Орта орда.
  3. Балқаштан Каспийге дейін – Кіші орда болып топтасқан. Қазақ жүздері осы үш ордадан басталған. Мен осыған бейіммін» («Іле газеті», 2006 жыл, 21 қазан), – дейді.

«Жүз» тарихы қазірге дейін нақты зерттелмеген, көптеген ғалымдар дерек көздері мен тарихи аңыздарға негізделе отырып қазақты үш жүзге  бөлген Майқы би деп қарайды. Бұл көзқарас шындық негізінде шығарылған тұжырым деуге болады. Қазақ халқы арасында таралған тарихи аңыздар мен шежірелік деректердің басым көбінде қазақты үш жүзге бөлген Майқы би ретінде айтылуы осы көзқарастың дәлелі болса керек.

Ертеден бері айтылып келе жатқан халықтық шежірелерде үш жүзді – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп  таратып келеді. Ал қазақтың арғы атасы Алаш, Алаштан қазақ туған деп қарайды. Ақарысты Ұлы жүз деп атаған. Одан – Үйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Сары үйсін (Түркеш), Жалайыр, Шапырашты, Ошақты, Шанышқылы, Қатаған қатарлы тайпаларды таратады. Жанарыстың тұқымы Орта жүз деп аталады, одан – Арғын, Найман, Қыпшақ, Керей, Уақ, Қоңырат қатарлы тайпалар тарайды. Бекарыс тұқымы Кіші жүз деп аталады. Одан – Алшын, Алшыннан – Әлімұлы, Байұлы, Жетіру таралады. Осы үш жүз жалпы қазақ халқын құрап, тарихта қазақ деген ұлт атымен танылған.

ХV ғасырдың басында Алтын орда мемлекеті жойылуына байланысты әр  аймақтарға жеке-жеке  хандықтар құрыла бастады. Солардың бірі Керей мен Жәнібектің бастауында 1456 жылы (кей деректерде 1455 жылы делінеді) құрылған Қазақ хандығы. Содан үш жарым ғасырдан астам қазақ хандығы тұсында өз мәдениетін, әдебиетін, өзінің халықтық әдеби тілін жасаумен бірге әдет-ғұрып, салт-сана, шежіре, тарихын өркендетуге ерекше мән берді. Осы тұстарда «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сияқты эпостық жырлар, «Қыз Жібек», «Еңлік пен Кебек», «Қалқаман мен Мамыр» қатарлы салт-дәстүр жырлар жасалды. Тарихта өткен қазақ хандары арнаулы оқымыстылар арқылы шежіре, тарих жинауға белсене атсалысты. Сан ғасырдағы тарих толқынында Асан қайғы, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри сияқты әйгілі тарихшылар, Сыпыра жырау, Шалкиіз, Қолантайшы, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтанберді, Жиенбет, Тәтіқара, Шал, Бұхар, т.б. шашасына шаң жұқпаған ақын-жыраулар дүниеге келді.

Ендігі ат басын бұра кететін бір әңгіме – 1472 жылы Әз-Жәнібек ханның жарлығымен әл-Ақ ордада жазылған «Шипагерлік баян» атты ірі ғылымнамалық шығарма әрқандай жанды  таңдай қағып, тамсандырады. Ірі ғылыми еңбек «Шипагерлік баянның» авторы ХV ғасырда өмір сүрген қара үзен шипагер, ғұлама ғалым Өтебойдақ Тілеуқабылұлы. Ол Әз-Жәнібек ханның жарлығымен «Шипагерлік баян» атты кітапты ұзақ жыл жаһан кезіп жүріп жазып шыққан. Кітап жазылып біткеннен кейін ханға енді тапсырайын  дегенде жаудың ордаға жасаған шабуылынан Жәнібек хан қайтыс болып, шипагер-ғалым Өтебойдақ Ақ Ордадан әрең қашып құтылып, өз ата-мекені Шәлкөдеге зорға жетеді де жазған кітабын құпия сақтайды. Ғалым қайтыс болғаннан кейін ұрпақтан-ұрпаққа құпия сақталып, сан мәрте көшіріліп, содан бес ғасырдан кейін Қытайда 1994 жылы желтоқсан айында Шыңжаң ғылым-техника, денсаулық баспасы жағынан «Шипагерлік баян» деген атпен жарық көрді.

Осы басылым көрген «Шипагерлік баян» атты кітаптың алғашқы бетінде ғалым өз өмірін қысқаша былай таныстырады: «Менен ұрпақ қалмаса да күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылықтар қадірін  біліп ұстана білсе, қанғысыз бұлақ,  қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ.

Ой, дүние-ай!

Іске аспады арманым қараң қалды,

Шың басына шығарда арандалды.

Өтебойдақ қойыпты атымды әкем,

Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.

Қалмады ұрпақ, Өтебойдақ  аяндалды,

Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды.

Бұл да менің ұрпағым жөн білгенге,

Тілкімменен жалғасқан аян қалды.

Атым – Өтебойдақ, Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім Ұлы жүз, Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім Жетісу».

Өтебойдақ жазған «Шипагерлік баян» атты  бұл кітап қазақ халқының тіл, мәдениет, тарих, шежіре, философия, психология, астрономия, этнография, метрология, әскери ғылым, этика, эстетика қатарлы әралуан ғылымнан мәлімет беретін халқымызға ортақ асыл мұра.

Ал бұл кітапта «Қазақ Күнбидің Созақ Күн биді құлатып орда көтергені, оның шыңғырмасы (ұраны) «Алаш» болғаны, тұңғыш баласының атын «Алаш» қойып, онан кейін «Алаш хан аталғаны» жайында аңыз тұр. Бұл әрине қазақтануға табылмайтын дерек» (Өтебойдақ Тілеуқабылұлы. «Шипагерлік баян», 5-бет), – дейді.

Ғалым кітабының «Шежіре» бөлігінде Қазақ Күнбиге дейінгі 60 атаны бұтарлап таратып, жүйелі түсіндірген. Біз ғалым Өтебойдақ Тілеуқабылұлы жазған ататек шежірелерінен мынаны байқаймыз. Алғашқы Дештіден (Күнби) таратылған үшінші атаның аты Албан, осы  бұрынғы Албан мен Бәйдібектің ұлы Жарықшақтан туылған қазақ Албанымен нендей қатысы бар деген заңды сұрақ туады. Осыларға негіздеп Қазақ Албаны бұрынғы Албанның тіке ұрпағы болуы мүмкін деген меже жасайсың. Мұны айтудағы себеп, түркі халықтарында бұрынғы ықпалды өткен ата-бабаларының тарих бетінен аты өшіп кетпеу үшін қайталап өз баласына сол атты қоятын дәстүр болған. Өйткені, Бәйдібек бидің баласы Жарықшақ жай адам емес, үлкен білім иесі, ел басқарған адам болған. Ұлысбегі Жарықшақ өзінің бір баласының атын арғы бабасын еске алу үшін Албан қойған.

Ал кейбір деректерде жазылуынша, «1419 жылы Бәйдібек 63 жасында қайтыс болған соң, Нұрила ана Ташкентке келіп баяғы Қарша бидің шаңырақ сарайын иемденеді. Нұрила туған нағашысы Уәйіс ханды іздеп барып, Жарықшақты түп нағашысымен таныстырады. Оны Бұхарада  медреседе  оқытып, мол білім алу орайына ие етеді. Жарықшақ оқу бітіргеннен кейін Ташкент мешіт софысы болады.  Моғолстан ханы  Уәйіс Жарықшақтың  Ташкент  кеңесшісі болып тағайындалуына ықпал жасайды. Кейін бүкіл Жетісу өлкесінің ұлысбегі болып тағайындалады. Жетісуды ұзақ билеу барысында Парсы елімен қарым-қатынасты нығайтады. 1429 жылы Уәйіс хан қайтыс болып артында Жүніс және Есенбұға деген екі ұлы қалады. Халық әкесінің орнына Есенбұғаны хандыққа көтереді. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұғаға бас уәзір болып ұлысбектің  қызметін де өзі жүргізеді»» (Даниярбек Дүйсенбаев. «Домалақ ана», 1991 жыл,  Алматы, 33, 34-бет) делінген.

Сол заманда қазақтың уәзір, сұлтан, билері шежіреге өте қанық болған. Көзі ашық, көкірегі ояу, өз заманындағы көрнекті мемлекет қайраткері, ел иесі Жарықшақ бабамыздың өзінің бұрынғы бабасы Албанның атын  өз баласына қойып Албан деп атауы әбден заңды, шындыққа біршама жақын деуге болады.

Өтебойдақ шежіресінде Қазғақ Күнбиден Алашты таратуы қазіргі қазақ шежірелерімен сәйкес шығуы үлкен ғылыми негізбен жазылған деп айтуға болады.

«Алаш» атауымен қазақтың үш жүзге бөлінуі туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» атты кітабында: «Біздің қазақтың үш жүзге бөлінгенін қазақтар былай айтады: Әз-Жәнібек қазақты Қашқардағы Шағатай нәсілін қаратқан соң, кешікпей сол кездегі қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмет деген баласы билеп, оның ағасы Жәнеке (шын аты  Махмұт деген) Ташкентте үлкен хан болыпты. Сонда, Ахмет хан қазақтың әскерге жараулысын үшке бөліп ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп, қалмақты шаба берген соң қалмақтар Ахмет ханды алашы қойыпты. Мұның  мағынасы «жаналғыш» деген екен. Оны естіген Ахмет хан «қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды,  енді қалмақты шапқанда Алаш деп шабыңдар» деген соң қазақтар «Алаш» деп шауыпты. «Алаш-Алаш болғанда, Алашы хан болғанда қалмаққа не қылмадық» деп шауыпты. Сонымен, қазаққа ұран болыпты. 1499 жылы жоғарыдағы Әз-Жәнібек өкпелеген Әбілхайырдың немересі Шайбақ хан деген Әмір Темір нәсілінен Бұхара, Самарқанды тартып алып, 1508 жылы Мәуереннаһрды алып, Ташкентті алмақ болғанда қазақты билеген Ахмет алаша хан мен ағасы Жәнеке (Махмұт) Ұратөбеде Шайбақпен соғысқанда, қазақтар: «Шыңғыс тірі күнінде бізді Жошы ұлысына беріп еді. Шағатай біздің ханымыз емес. Тәжік, Сарт туысқанымыз емес. Өзбек өз ағам, Сарт садағам» деп Шайбақ ханға  қосылды. Сол соғыста Шайбақ жеңіп, Жәнекемен Ахмет алашты өлтірген соң ондағы Шағатай нәсіліне қарап жүрген қазақпен жақын елдер тағы да қазаққа қосылды. Бұл сөздің анықтығы Әбілғазы Баһадүр, Аристов екеуінің кітабында бар. Сол себепті қазақтың бір ауыз сөзі де рас болып шықты. Ол уақытта Әз-Жәнібектің баласы Қасым хан еді. Қол  астындағы халқы да бір миллиондай болды» («Шежірелер», 1-кітап, Шыңжаң халық баспасы, 2008 жыл, 152-153 бет), – деп жазған.

Мұхаммед Хайдар Дулати: «Хан қалмақ­тарды көп рет шапты, қалмақтардың көбін өлтірді. Есен Тайшымен екі рет соғысып, екі ретте де жеңіске жетті. Қалмақтар сұлтан  Ахмет ханға «Алаша» деп лақап қойды, «Алаша» моңғол тілінде «жаналғыш» деген сөз. Сол уақыттан бастап «Алаша» деген сөз лақап болып қалды. Халықтың бәрі Алаша хан  деуші еді» («Тарихи-и Рашиди», ұйғырша, Шыңжаң халық баспасы, 2001 жыл, 264-бет), – дейді.

Қазақтың үш жүзі алғаш саяси мақсатпен  әкімшілік-өңірлік басқару дәстүрі бойынша бөлінсе, замандардың өтумен туысқандықты білдіретін атауға айналып, тұтас қазақ қоғамы Ұлы жүз (Ақарыс), Орта жүз (Жанарыс), Кіші жүз (Бекарыс) деп бөлініп, ең соңында бір атаның баласымыз, яғни, қазақтан тарағанбыз деген ұғым қалыптастырған.

Қытай қазағынан шыққан көрнекті шежіреші Нұрболат Оспанұлы (1928-2006) жинақтаған «Үш жүздің шежіресі» атты шежірелік дастанында:

Түріктен қазақ ұлты бөлінеді,

Тарихта осылайша көрінеді.

Орта Азия Сыр бойын мекен еткен,

Бір тайпа ел болыпты делінеді.

Бұларда қырғыз, қыпшақ, тәжік те бар,

Ұлтқа бөлінбеген жайт те бар.

Сол кезде көшпенді екен ұлы тайпа,

Ішінде қарқалпақ, түрік те бар.

Ішінде болған екен Алаш батыр,

Жауына батырлықпен жалғыз татыр.

Өзі батыр сарынды ел басқарған,

Елі көп әр рудан толып жатыр.

Орнатты ел ішінде ақордасын,

Хандықтың салтанатты бір формасын.

Алаштың ақ ордасы даңқы шыққан,

Алаштың азаматын ел қорғасын.

Алаш сонда екі қатын алған екен,

Бәйбішеден Софияны туған екен.

Өзбек кіші әйелден жалғыз туып,

Хан болып бірнеше жыл үкім сүрген.

Хан болып өзбектің толған кезі,

Атағын талай жерге жайған кезі.

Батыс Уи бір тұтас басқаратын,

Атанып батыс қытай құрған кезі.

Софияның баласы Қасым екен,

Әділетті артық туған асыл екен.

Әділдікпен өзбекке қазы болған,

Атағы ел ішінде басым екен.

Ел аузында: «Қазымыз қазы-ақ» дескен,

Осы барда  көрмейміз азап дескен.

Кім барса да айтатын әділ билік,

Болмаймыз ешбір жанға мазақ дескен.

Қазақ би әділдігін жайыпты енді,

Ұры-қары тентексіз байытты елді.

Сонымен қазақ аты жайылыпты,

Бұл қазақтан тарқатып жазыпты енді.

Бұл қазақтан үш еркек бала туған,

Туралықпен атаның жолын қуған.

Жаншора, Жалменбет, Әлменбет боп,

Жаман істің алдын алып бәрін  тыйған.

Өзбек хан ордасын қорғау үшін,

Халықтан үш жүздей әскер жиған.

Қазақтың үш баласын сенімді деп,

Үш жүзге әскер бастық сайлап қойған.

Қорғау да ордасын батыр болып,

Атағын дүниеге еркін жайған.

Жан-жағына Арыс деп атақ беріп,

Шеп алып үшеуі де «Арыс» болған.

Қазақ ұлты үш арыстан таралады,

Шежіреде солай деп қаралады.

Үш арыс үш жүз әскер басқарған соң,

Сондықтан, үш жүз деп те саналады, – деген өлең шумақтарынан қазақтың арғы тегі Алаштан басталып, оның үш арыс елге таралғандығы айтылады.

Атақты шежіре атасы Шәкәрім Құдайбер­діұлы  өзінің шежіре кітабында:

«Біздің Жошы ұлысындағы аталарымыз Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда барша Жошы Өзбек атанып, одан кейін Әз-Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханнан бөлінгенде Қырғыз-Қазақ атанған елміз. Ол кезде  ол атпен аталған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып, бірталайы Ноғай, Башқұрт атанып, бірталайы Өзбек, Сарт атанып кеткен. Ақырында Қазақ деген ат бізде қалған. Бұл Әз-Жәнібек ханға еріп қазақ атанған елдің қазақ атанбай тұрып бөлінген Арғын, Найман, Керей, Қаңлы, Қыпшақ, Үйсіндегі Дулат деген сықылды туысқандары көп, жер жүзіндегі Түрік нәсілді жұрттардың көбінің ішінде бар және Қазақ атаған соң да көбі бөлініп, Ноғай, Башқұрт, Өзбек атанып кеткен.  Мұндағы үш жүздің қазағы атанып жүрген ел сонан қалған біраз ғана кісінің нәсілі» («Қазақ шежірелері», 1-кітап, Іле халық баспасы, 2009 жыл, 145-147 бет), – деп баяндайды.

Қазақ хандықтарының тұсында, өкілдік сипатқа ие үш ірі заң жарыққа шыққан: Бірі – «Қасым ханның қасқа жолы»; енді бірі – «Есім ханның ескі жолы»; тағы бірі – «Тәуке ханның  жеті жарғысы» деп аталған. Тәуке хан жоғарыдағы екі түрлі заңды толықтап, түзету жасап, кемелді «Тәуке ханның жеті жарғысын» жариялап, қазақтарды басқаруға қолайлы болу үшін қоныс ыңғайына қарай үш жүзге бөлді. Ұлы жүзге – Үйсін Төле биді, Орта жүзге – Қазыбек биді, Кіші жүзге – Алшын Әйтеке биді басшы етіп қойды. Нақтап  айтқанда, бұл бұрынғы қазақтарды жүзге бөлудің заңды жалғасы деуге әбден болады.

6943 рет

көрсетілді

95

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз