• Еркін ой мінбері
  • 29 Желтоқсан, 2020

УРАН ӨНДІРІСІ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР ҚАТАРЫНДАМЫЗ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
журналист

Адамзат баласы өзінің өмір сүру тарихында әртүрлі энергия көздерін пайдаланып келе жатқаны белгілі. Энергия көздерінің зерттелуі, олардың қолданысқа енуі ғылым мен білімнің, осы саладағы мол тәжірибелердің жинақталғандығынан бастау алғаны сөзсіз. Ғылыми-техникалық прогресс қарқын ала бастаған сайын энергия көздеріне деген сұраныс та жыл санап арта түсті.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Көмірсутегі эконо­микасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр. Қазақстан  жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады. Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынты­мақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады. Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады. Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек» деп орынды атап өткен болатын.
Елбасы атап өткен мәселе – уақыттың алдымызға тосып отырған сындарлы сипатын көрсетіп отыр. Шын мәнінде, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесі ХХІ ғасырдағы адамзат баласының алдынан туындап, бұл күрделі сауалға барша әлем мемлекеттері жауаптар іздеп, түрлі шешімдер табуда.
Иә, көптеген елдер әлемдік электр энергиясының шамамен 10 пайызын өндіретін атом электр станцияларына (АЭС) қажетті отынды жасау үшін қолданылатын уран өндірісіне көңіл бөле бастағаны да жайдан-жай емес. Ғалымдардың айтуынша, уранның көмір, мұнай және табиғи газ сияқты отынның басқа түрлерінен айырмашылығы сол, энергияның өте тиімді және тұрақты көзі саналатын ядролық энергия парниктік газдарды немесе атмосфераға түрлі зиянды заттарды шығармайды екен. Яғни, қоршаған ортаны ластамайды. Мәселен, 1 кг. уранды өндіру 15 т. көмірді жаққандағы қуат көзін беретін көрінеді. Уран кендері өзге де радиоактивті элементтерді алудың шикізат көзі болып табылады.
Әлем бойынша ең үлкен уран қорларына ие елдердің қатарына – Австралия – 466 мың т. (жаһандық қордың 20 пайыздан астамы), өз еліміз – Қазақстан (18%), Канада (12%), Өзбекстан (7,5%), Бразилия мен Нигерия (әрқайсысы 7 пайыздан), ОАР (6,5%), АҚШ (5%), Намибия (3%), Украина (3%), Үндістан (2 %-дай) жатады. Шинколобве уранитінің ірі кен орны Конго Демократиялық Республикасында шоғырланған. Уран қоры едәуір елдердің қатарында Қытай (Гуандун мен Цзянси провинциялары), Германия және Чехия мемлекеттері саналады. Канадада уран­ның бай кен орындары ашылған соң бұл ел уранит қоры бойынша әлемде алғашқы орынға шықты. Көршілес Ресей еліндегі өндірістік уран қорлары Шығыс Забайкальеде шоғырланса, осыдан 5-6 жыл бұрын Бурятиядан ірі кен орны табылды.
Еліміз бүгінгі таңда әлемдік табиғи уран өндіруші мемлекеттердің ішінде көшбасшыларының қатарында екенін айта кетуіміз керек. Әрине, мұндай жетістікке отандық сала бірден қол жеткізе қоймағаны белгілі. Бұл бағытта қаншама іс-шаралар қабылданып, қыруар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде 1997 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрылды. Бүгінде аталған компанияға қарасты өндіруші кәсіпорындардың негізгі бөлігі дүниежүзіне танымал компаниялардың – уран нарығындағы жетекші ойыншылардың қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындар болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Еліміз, ядролық мәртебесінен бас тарта отырып, ядролық энергетика мен ядролық отын өндірісін қоса алғанда, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Ұлттық ядролық орталық пен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылып, жұмыс істеуде» деп «Қазатомөнеркәсібін» айрықша атап өткен болатын.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан әлемдік уран өндірудің шамамен 42%-ын өндіреді. 2019 жылы уран өндіру көлемі 22 761 тоннаны құраған. Мамандардың айтуы бойынша, еліміздегі уран өндіру барысы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және ең аз шығынды әдісі болып келеді екен. Қазақстанда өндірілген барлық уран әлемдік нарыққа, бірінші кезекте Қытайға, Францияға, Ресейге, Үндістанға, АҚШ пен Канадаға экспортталады.
Уран өндірісі саласында Қазақстанның сыртқы елдермен әріптестік байланысы жақсы дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 14 ақпанда қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесіп, келіссөз жүргізген еді. Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмаса отырып, еліміз Канадамен тығыз қарым-қатынас орнатқанын, ынтымақтастығымыздың қазіргі деңгейін жоғары бағалайтынын, екі мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың аясын одан әрі кеңейте түсеміз деп үміттенетінін айта келіп, Президент уран саласындағы канадалық «Cameco» компаниясының жұмысына оң баға беріп, Канада бизнесіне қажетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра беруге дайын екенін тілге тиек етті.
Уран өндірісі бойынша Қазақстан мен АҚШ елдерінің де өзара тиімді әріптестік байланысы орнаған. Мәселен, «Ақорда» сайтында 2018 жылдың 17 қаңтарында жарияланған «Қазақстан мен АҚШ – ХХІ ғасырдағы экономикалық әріптестік» деп аталатын ақпараттық бюллетенінде Қазақстан пен АҚШ арасындағы кең ауқымды әріптестік қарым-қатынастардың басым бағыттары белгіленгені атап көрсетілген. Солардың қатарында екі ел арасындағы уран өндірісі бағытындағы жұмыстар да тілге тиек етілген. Аталған құжаттың «Стратегиялық энергетикалық диалог» деп аталатын бөлімінде: «2017 жылы Құрама Штаттар мен Қазақстан бұрынғы екіжақты энергетикалық әріптестікті Стратегиялық энергетикалық диалог деңгейіне көтерді. Диалог аясындағы практикалық талқылаулар 2018 жылы басталады. Бұл кеңейтілген формат бейбіт атом өнеркәсібін дамыту, көміртегіні ұстау, сақтау және утилизациялау технологиялары мен энергия тораптарының тұрақтылығы, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік пен қаруды таратпау салаларындағы ынты­мақтастықтың негізін қалайды» деп жазылған.  Қазақстан және Құрама Штаттар қауіпсіз атом энергетикасын ілгерілету үшін ынтымақтасуға ниетті екені де атап көрсетілген. Сонымен қатар, 2016 жылы 24 мың тонна ядролық отын өндірген Қазақстан жетекші уран жеткізуші болып саналатыны, 2017 жылы Қазақстан Құрама Штаттармен бірлесе отырып, МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) ашты. ТБУБ таза атом энергиясына көшетін елдер үшін отынның сенімді көзін ұсынады және байыту технологияларының таралу қаупін азайтатыны жазылған. Осы жайттардың барлығы Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделі мен басқа елдермен өзара сенім мен әріптестік байланысқа негізделген жақсы қарым-қатынастардың орнағанын байқатады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметінің дамуына, компания алдындағы жаңа міндеттердің табысты жүзеге асырылуына әрдайым назар аударып келеді. Мысалы, 2018 жылдың 21 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдап, Қазақ­стандағы ірі ұлттық компаниялардың бірі саналатын «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы әлемдік атом өнеркәсібі саласында маңызды орын алатынын атап өткен болатын. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ғалымжан Олжаұлы Елбасына компания жұмысының негізгі қорытындылары мен перспективалары жөнінде баяндай келе: «Біз әлемдік атом саласындағы жағдайды мұқият саралап, дамудың жаңа стратегиясын қабылдадық. 2017 жылы және биылғы 8 айда компания өндірістік және қаржылық жоспарларының бәрін орындады. Осы жылы төленетін дивидендтер былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе артады деп болжап отырмыз» деп атап өтті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында  «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасын қабылдау кезінде Ғалымжан Пірматов Мемлекет басшысына уран өндіруші компанияның 2019 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары және оны дамытуға арналған алдағы жоспарлары туралы баяндаған болатын.
Кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы ұжымдық басқару, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелері компания жұмысының басым бағыты екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына компания өзінің өндірістік және қаржылық мақсаттарын табысты жүзеге асыруының арқасында әлемде уран сату бойынша қатарынан екінші жыл көшбасшылық орнын сақтап қалғаны жайында мәлімет берілді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында уран өндірісі нарығындағы бүгінгі ахуалды тілге тиек етіпті. Айтуынша, 2001 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі кезеңде әлемдік уран өндірісінің қарқынды өсуі байқалыпты, алайда, Жапония тарихындағы ең күшті жер сілкінісі және одан кейін болған цунами салдарынан туындаған «Фукусима» атом электр станциясындағы апат уран нарығын дамытудың орта мерзімді перспективаларын түбегейлі қайта қарауға мәжбүр еткен. Осының нәтижесінде, әлемдік тұтыну нарығының 12%-ын құрап отырған Жапониядағы 54 реактордың барлығы жұмысын тоқтатқан.
– Германия 2022 жылға қарай өзінің бүкіл ядролық реакторлар паркін пайдаланудан шығаратындығын хабарлады. АҚШ-тағы атом станцияларының біразы біртіндеп жабылып, атом энергетикасы дамыған бірқатар елдерде, соның ішінде Франция, Бельгия мен Кореяда антиядролық пікірталас үкіметтік деңгейде көрініс бере бастады. Осының бәрі тұтынудың айтарлықтай төмендеп, табиғи уран қорының өсуіне әкеп соқтырды. Соған қарамастан Қазақстан өндірісті ұлғайтуды жалғастырып, 2016 жылы елімізде өндірілген өнім көлемі ең жоғары деңгейге жетіп, 24,6 мың тоннаны құрады.Тұтыну көлемі едәуір төмендеп, керісінше ұсыныс өсе түсті. Сол себепті 2015-2017 жылдары толық қаныққан нарықта Қазатомөнеркәсіп өндірген уран өнімдерінің шамамен 25%-ы сұранысқа ие болмай қалды. Әлемдегі негізгі уран өндірушілер де сұраныстың төмендеуіне ықпал ете алмады. Бұл өнім бағасына кері әсерін тигізді. 2016 жылы Қазақстандағы уран өндіру көлемі ең жоғары деңгейге жеткен кезде, 2007 жылдағы 138 доллармен салыстырғанда уранның бір фунты үшін 18 АҚШ доллар деңгейіндегі ең төменгі баға тіркелді. Сонымен бірге, қоймалардағы дайын өнімнің қалдығы 2015 жылдың соңындағы 3 мың тоннадан 2017 жылдың соңында үш есеге, 9 мың тоннаға дейін өсті. Осылайша, Компания көрсеткіштеріне бағаның төмендеуімен қатар сату көлемінің де төмендеуі әсер етті, – дейді Ғалымжан Пірматов.
Айта кетейік, бұдан бес жыл бұрын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясын қабылдаған еді. Аталған Стратегияда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның миссиясы, жоспарлары және таяу жылдардағы жалпы даму бағыттары нақты айқындалған. Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметінің тиімділігін арттырудың, құнын ұлғайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық мақсаттары белгіленген. Стратегияны жүзеге асыру Қазатомөнеркәсіп пен еліміздің уран өндіру бойынша қол жеткен әлемдік көшбасшылық шебін сақтап қалуға ықпал етпек. Бұл үшін Компания жұмыс істеп тұрған кеніштерді дамытып, жаңаларын салатын және тиімділікті арттырып, уран өндірудің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған озық технологияларды енгізетіні, Қазатомөнеркәсіптің страте­гиялық бағыттарының бірі – реакторға дейінгі ядролық отын циклының барлық сатыларында бизнесті әртарап­тандыратыны, сондай-ақ компания конверсия, байыту және АЭС-ке арналған ядролық отынды жинақтау бойынша қызметтерге қол жеткізуді жоспарлап отырғаны атап көрсетілген.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қабылдаған стратегия шеңберінде корпора­тивтік басқару жүйесін жетілдіруге, бизнес үдерістерді оңтайландыруға баса көңіл бөліп келе жатқаны да компания жұмысының тиімділігін көрсетіп отырғаны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, стратегиялық құжатта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ны дамытудың барлық сатылары жан-жақты тұрғыдан зерделеніп, басым бағыттар мен алдағы атқарылар маңызды жұмыстардың, оның ішінде кадрлық саясатты жетілдіру, қызметкерлерді тарту, сақтау және олардың кәсіби өсуіне барлық жағдайды жасау; Қазатомөнеркәсіп гранты есебінен дарынды мектеп түлектерін салалық мамандықтар бойынша оқыту; Холдинг ішінде қызметкерлерді алмастыру, қызметкерді жұмысқа қабылдау және басшылық қызметке тағайындауда кәсіби сапасын бағалау жүйесін енгізу және т.б. маңызды мақсат-міндеттер айқындалған. Осылайша еліміздегі бірегей «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өз қызметін жетілдіріп әрі заманауи талаптармен ұштастыра дамыта отырып, уран өндірісінің көшбасшысы ретінде еліміздің халықаралық имиджінің ары қарай да жоғары дәрежеден көрінуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Қазақстанның уран саласындағы соңғы жаңалықтарына тоқтала кететін болсақ, бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 10 434 тонна уран өндірілгені  ресми хабарланды. Үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Түркістан облысының Созақ ауданындағы уран өндірісімен айналысатын «КАТКО» БК» ЖШС кәсіпорнына келіп, жұмыстардың орындалу барысымен танысты.
Компания еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдарымен бірге 13 уран өндіретін кәсіпорынға біріктірілген 24 кен орнын игеруде.  Нұрлан Ноғаев кәсіпорынның өндірістік циклімен танысып, қызметкерлермен кездесіп, жауапты тұлғалармен уран өндіруші кәсіпорындарды одан әрі дамыту, індеттің салаға әсерін, сондай-ақ өндірістерде COVID-19 вирусының таралуын болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды өткізу мәселесін талқылады. 2020 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 10 434 тонна уран өндірілді, ал «КАТКО» БК» ЖШС 1 554 тонна уран өндірген. Әрине, мұның барлығы аз жетістік емес. Еліміздің уран өндірісі саласындағы көшбасшылығына негіз болып отырған үлкен әрі қомақты жетістіктер екені сөзсіз.
Қазіргі уақытта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясы Қытай әріптесі China General Nuclear Power Company-мен бірге Қытайдың атом электр станциялары үшін «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ базасында дайын ядролық отын (жылу бөлетін құрастырмалар) шығару жөніндегі зауыт құрылысының жобасын іске асыруда.
Айта кетейік, «КАТКО» Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі 1996 жылы құрылған. Компания №1 (Оңтүстік) учаскенің солтүстік бөлігінде уран өндіру бойынша, Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан Мойынқұм кен орнының №2 учаскесінде (Төртқұдық) уранды барлау және өндіру жұмыстарын жүзеге асырумен айналысады. Жерасты-ұңғымалық шаймалау (ЖҰШ) әдісімен уранды өндіру тәсілі алғаш рет 1960-шы жылдары қолданылған және 2017 жылы уран әлемдік өндірісінің 50% құрады, «КАТКО» уран өндірудің 100%-ын ЖҰШ әдісімен жүзеге асырып келеді.
Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан табиғи уранның барланған қорлары бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың шамамен 14 % Қазақстан Республикасының жер қойнауында шоғырланған. Елдің жалпы барланған қорлары 700 мың тоннадан астам уран болып бағаланады. 2009 жылы еліміздің әлемдегі уран өндіру бойынша бірінші орынға шыққаны, әлемдік нарықта жетекші позицияларды сақтауды жалғастыра түскені де бұл саладағы жетістіктеріміздің қомақты екенін байқатып отыр.
Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, ең озық ESG (экологиялық, әлеуметтік жауапкершілік, корпоративтік басқару) халықаралық тәжірибесін және жария компания ретінде ашықтықты қолдануда екені айтылған. Сонымен қатар, Компанияның барлық шешімдері, ең алдымен, еліміз үшін ұзақ мерзімді пайда алу үшін стратегиялық активтерді тиімді басқаруға бағытталғаны да атап көрсетілген болатын. Осының негізінде «Қазатомөнеркәсіп» өз қызметінің қоршаған ортаға тигізетін экологиялық әсерін үнемі төмендетіп отыруға дайын екендігін байқатып келеді.Әрине, ел тұрғындарын уран өндірісі айналасындағы экологиялық ахуал алаңда­тарлығы белгілі. Бұл орайда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов «Қазатомөнеркәсіп» өз қызметінің қоршаған ортаға тигізетін экологиялық әсерін үнемі төмендетіп отыруға дайын екендігін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Мәселен, үстіміздегі жылы экологиялық жобаларды қаржыландыру Кеңес Одағы дәуірінен бері «ҮМЗ» АҚ жұмысы кезінде пайдалануға жарамсыз болып қалған және ерекше өңдеуді қажет ететін ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу мен көмуден басталды» дейді.
Сонымен қатар, қызметтің тиімділігін арттыру үшін өндіріске цифрландыру жобаларын белсенді түрде ендіріп жат­қан­дарын да тілге тиек етіпті. Бұл бізге деректерді талдау арқасында тау-кен дайындық жұмыстарын тиімді әрі нақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өндіріс процестерін және қаржы-шаруашылық қызметін автомат­тандыруға ерекше көңіл бөлeміз. Түйіндей келе, «уран қорлары – Қазатомөнеркәсіпке сеніп тапсырылған елiміздің ұзақ мерзімді активі екенін атап өткім келеді. Біз бұл активті қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпақтарының игілігі үшін лайықты басқаруға қызмет етудеміз» дейді Басқарма төрағасы.
Ғалымжан Олжаұлының айтуынша, 2017 жылдың соңында компанияның алдағы 10 жылдағы дамуының жаңа стратегиясы жасалыпты.  Стратегияның басты бағыты болып – негізгі бизнестің тұрақты дамуы, Компанияның барлық стейкхолдерлері үшін ұзақ мерзімді құндылықтар құру белгіленіпті. Мұндай стратегиялық құжаттың қабылдануы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уақыт ағымына сай дамып келетінін, компанияның табыстылығын арттыру жолында өте көп жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетіп отыр. Басқарма төрағасының: «Біз өз философиямызды өзгертіп, уран қорларын ресурс ретінде ойлауды тоқтаттық. Енді біз оларды қазіргі және болашақ ұрпақ үшін еліміздің құнды активі деп қарастырамыз. Сондықтан, уақыты келгенше және нарық қосымша жеткізілімді қажет етпейінше, өндірісті ұлғайтуға асықпаймыз» деген пікірі де компания саясатында сарабдалдық ұстанымның барын байқатады. Демек, Қазақстанның уран өндірісі кезең-кезеңімен дамып, уран өндірісіндегі әлемдік нарықтың да талап-тілектерін молынан ескере отырып, уақыт ағымындағы кедергілер мен тосқауылдардың күрделі шешімдерін сауатты таба отырып, әлемдегі көшбасшылық позицияларды жоғалтпастан ілгері де нық қадамдармен өркендей бермек. Лайым, еліміздің бұл саладағы жетістіктері мемлекетіміздің игіліктерін де арттырып, экономикалық гүлденуіне, тұрақты дамуымыздың жолын мықтап қалыптастыруға сенімді серпіліс қоса берсін деген тілектестігімізді білдіреміз.

3369 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз