• Еркін ой мінбері
  • 04 Ақпан, 2021

ТАБЫСТЫ БОЛУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Нұр-Алтай ӨМІРЗАҚ,

Халықаралық ақпараттық технологиялары университеті журналистика мамандығының 3-курс студенті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады» деген болатын. Осы орайда Елбасының пікірін негізге ала отырып, жалпы, табысқа жетудің жолдары қандай, бәсекелік қабілетін қалай арттыруға болады деген мәселе төңірегінде ой жүгіртіп көрдік. 

Бәсекелік қабілет – жеке тұлғаның, ұлттың, аймақтық немесе жаһандық      нарықтағы бағасы, не болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүниені қоғамға ұсына алуы. Бұл дегеніміз материалдық өнім ғана емес, сонымен қатар, білім, сапалы қызмет, зияткерлік не жаңа техникалық өнім мен қоғамға қажетті табысты еңбек ресурстары болуы мүмкін. Ал бұл қабілет – табысты болудың негізгі құралы.

Ел мен бірегей ұлт не халық құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес. Ол үнемі дамып, жетіліп отыратын тірі ағза іспеттес. Иә, ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмасы анық. Өз уақытында, өз мезгілінде нәтижелі жұмыстар жасап қалу керек.

Адам нәтижелі жұмыс жасау үшін кез-келген өзгеріске дайын болу керек. Онсыз табысқа жету деген құр әурешілік. Бүгінгі тіршілік, бүгінгі қоғам, бүгінгі замана – көптеген өзгерістер жүруі арқылы ғана дәл бүгінгідей дәрежеге жетіп отыр. Егер, бұл үдеріс тоқтап қалғанда, не өзгерістерге бейімделе алмағанда, бүгінгідей нәтижелі табыстарға жете алмас едік. Қарапайым тірі ағза – табиғи құбылыстарға, мекен ортасына, өмір сүру заңдылықтарына, сол ортаға сәйкес қабілеттіліктерді өн бойына бейімдей алмаса, – онда ол өмір сүре алмайды. Біз мұны әрине жаратылыстану ғылымдарынан білеміз. Демек, жеке адам да, ұлт та, қоғам да, мемлекет те өмір сүру үшін замана өзгерістеріне бейімделуі керек. Ол бейімділік – бәсекелік қабілет. Ал бәсекелік қабілет табысқа жеткізеді. Табыс деген – бұл өмір сүру үшін қажеттілік. Бұл қажеттілік орындалмай, алға қойған мақсат-мұраттарға жету мүмкін емес. Ол мұратымыз не дегенде бұл тіршілік, ол адам болып өмір сүру дер едім. Жаһан қалтарысынан қалып қоймай, не оның өзгерістеріне бейімделе алмай жойылып кетпеу. Жойылмас үшін тынымсыз еңбек ету керек. Жаныңды жадырататын, нәтижесі сені қуантатын, табысы сондай тәтті болатын жарқын еңбек. Әлемде миллиардтаған табысты еңбек қолдары болашақтың іргетасын қалап жатыр. Бұл бәрімізді шабыттандыруы, қанаттандыруы тіпті асықтыруы тиіс. Неге асықпасқа?! Әлемдік үлеске өз үлесімізді неге қоспасқа?! Есімімізді тарих беттерінде неге қалдырмасқа...

«Табысқа жету – бұл материалдық жағынан ғана пайдаға кенелу емес, сонымен қатар, рухани жағынан да өз қабілетіңе тағы да үстеме қабілеттіктерді бейімдеу» деген екен шығыс даналығы. Демек, табысқа жетудің, яғни, табыстың екі түрлі бағдарлы жолы бар. Оның бірі материалдық табыс, бірі рухани табыс. Бұлай топтауымыздың себебі: барлық табыс түрлеріне талдау жасай отырып, ол табыстар тікелей мәдениетке әсер етуін ескере отырып жасауымызда. Мен мұны жаратылыстану ғылымдарымен байланыстырғым келеді. Материалдық табыстарды модификациялық өзгеріске теңеуге болады. Өйткені, қаржылық табысқа жету үшін қолайлылық, жақсы жоспар, нәтижелі жұмыстар тиянақты жүргізілуі керек. Жаңашылдық, сол жаңашылдыққа бейімділік болу керек. Әрбір өзгеріске, қиыншылықтарға төтеп бере алатын бейімділік керек. Егер ондайға бейімде-ле алмайды екенсің, онда сен қаржылай табысқа жетем деп ойлама. Материалдық байланыстар әрқашан ауытқып, өзгеріп, жаңарып отырады. Тек соны  парасатпен пайымдап, пайдасы мен зиянын асқан шеберлікпен білу керек. Кез-келген орта жағдайларына асқан бәсекелік қабілетінің арқасында ғана бейімделіп кетуге болады. Демек, біз мұны материалдық табысты модификациялау дейміз (Модификациялық өзгеріс – бұл тіршілік иесінің жаңа ортаға сол орта жағдайларына қарай тіршілік ету үшін өз қабілеттіліктерін арттыра отырып бейімделуін айтамыз. F.S: жарат. ғылымдарынан). Рухани жағынан табысқа жету үшін арғы ата тегіңнен берілетін қасиет-қабілет болуы керек. Тек сол қасиет-қабілетіңнің қай бағытта сені табысқа жеткізетінін білсең болғаны.  Ол үшін сен өз тарихыңды (бұрынғылардың табысқа жету тарихын) білуің керек. Ол үшін рухани жаңғыру керек. Адамның ойлау, іскерлік, танымдық, ізденімпаздық қабілеттері жаңғырған кезде, тоқырау не тоқтау процестеріне ұшырамаған кезде ғана рухани табысқа жету мүмкін. Жалпы рухани табыс деген – ойлау қабілеті арқылы жаңа дүниелерді өмірге әкелу, іскерлік қабілеті арқылы табысты жоспарларды құра білу, танымдық қабілеті арқылы кез-келген жақсы жаңа қабілеттерге бейімделе алу, ізденімпаздық қабілеті арқылы оқу, білім-ғылымда жоғарғы нәтижеге жету.

Біз осы табыстың екі жолының бірін ғана таңдап, екіншісіне мән бермесек, онда мутагенеценоздық өзгеріске түсеміз. Бұл өте қауіпті. Біз рухани табысты – мутациялық өзгеріске теңейміз. Мутациялық өзгеріс тірі ағза генінің жаңа бір бағытта жаңаруы не өзгеру қабілеті. Демек, бізге материалдық табыстан көрі рухани табыстан айрылу өте қауіптірек. Тек рухани табыстар болған жерде ғана материалдық табыстар болады. Бірақ қоғамда рухани табыстан көрі материалдық табыс бейнесі айқын көрінеді. Өйткені, ол заттай келіп жатқан табыс. Заттай табыстар жанама көзге көрінбейтін, бірақ маңызы зор адамның ішкі қабілеттіліктерінде ғана табысқа жету нәтижесінде болады. Менің мутациялық және модификациялық өзгерістерін негізге алуым бұл екі құбылыс та тіршілік етуде маңызы бар табысты құбылыстар болуында. Жаратушы иеміз ерте кезден-ақ мына жаратылыс дүниесін бізге мысал ретінде келтірген. Біз табысты болудың жолын тікелей жаратылыс түсініктерінен, тіршілік танымдарынан көріп, үйреніп келеміз.  Солай бола береді де. Бұл табиғи құбылыс. Демек, біз өмір заңдылықтарын дүниені тану, тіршілік құпияларын ашу арқылы ғана біліп жүрміз. Ал өмір заңдылықтарын білу – бұл табысты болу деген сөз. Табысты болу бұл әрқашан да қуанышты. Қуаныш – өмірді ұзартады дейді кейбір ғалымдар. Бұл рас та шығар.

Әкемнің өз ұлдарына қалдырған өсиеттерінің бірі осы. Иә, бұл айнымас шындық. Адам болып, ұлт болып, халық болып біріккенде ғана ауқымды жетістіктерге жетеміз. Ендеше, мол табыс жолында, жарқын еңбек жолында, мызғымас бірлік жолында, болашаққа деген жарқын сенім жолында, татулық жолында бірігіңдер! Миллиондаған табысты қолдар, миллиондаған рухты жүректер! Жаңа дәуірлерде табысты шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі бүгінгі күнде біздерге беріліп отыр. Мен барша достарым, замандастарым осынау ойымның маңызын жақсы әрі терең түсінеді деп ойлаймын. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қана қала бермек. Ал табысқа жету жолында тарих парақтарында шаңға көмілгендердің жолы ескерілмейді. Ешкім ескерусіз, естеліксіз қалғысы келмейді. Естеліксіз, ескерусіз қалған адамдарға неткен өкініш. Естелігі мол, өмірінде табысы мен игі істері көп болу адамдарға нендей сүйініш, неткен бақыт, неткен қуаныш десеңізші!..

 

1053 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз