• Еркін ой мінбері
  • 16 Ақпан, 2021

COVID-19: қалыптасқан құндылықтарды қай бағытқа өзгертпек? 

Нұрболат Нышанбаев,
 Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, PhD,
Болашақ бағдарламасының түлегі, Австралия

 

Адамзат баласының ХХ ғасырда көр­ген жойқын соғыстары мен әлеуметтік дағдарыстардың әсері, «қауіптің негізгі көздері» туралы  түсінікті қалыптастырды. Тарихи тұрғыда «қауіпсіздік» ұғымына біз тек кең, әрі ауқымды мағынада көңіл бөліп келдік. Әрбір мемлекет үшін негізгі қауіпке қарсы тұрар күш – мықты армия, тұрақты экономикалық өсім деп келді. Нәтижесінде, әлемде қару-жарақ, әскери-техника нарығы триллион доллардан асып, ядролық қару әлемдегі бейбітшілікті, күштер арасындағы балансты сақтауда ең негізгі құралға айналды.Сондықтан да, ұлттық, ғаламдық тұрақтылыққа негізгі қауіп көзі симметриялық сипатта түсіндірілді. Мысалы, 2020 жылы әскери қорғанысқа АҚШ $718 млрд (ІЖӨ 3,4%), РФ $65,1  млрд (ІЖӨ 3,9%) Қазақстан 373 миллиард тенге (ІЖӨ 4,4%)  бөлді. Алайда, осындай ауқымды көлемдегі бөлінген қаржы тұтас мемлекеттік қауіпсіздікті «өте кіші вирустан» қорғауға қауқарсыз болып шықты.2019 жылы Қытайдың, Хубей провинциясындағы шағын қалашықтан таралған белгісіз вирустың жаңа түрі (кейін «covid-19» деген атау алды) тез арада әлемнің барлық бөлігіне таралып тұтас әлемді сарсаңға салды. Нәтижесінде, әлем халқы ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі зардабы ең ауыр, экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дағдарысты бастан кешуде. Бұл мақалада, «ковид-19» вирусын емес, керісінше жаһандық пандемиядан кейінгі әлемді және адамзаттың жаһандық пандемияға қаншалықты тиімді жауап қатқанын талқылайтын боламыз. 

Жаһандық пандемия әлі толық аяқталмаса да, әрбіріміз кем дегенде «жаһандық пандемияның» қалай болатынын білдік, сезіндік. Вирустың тез арада бүкіл әлемге таралып, үлкен қауіп алып келуі, әрбір мемлекеттің «өзінше» күресуіне, тіпті әлемдік қауымдастықтан оқшаулануына алып  келді.Тіпті, Times журналы, 2019 ж наурыз айында әрбір мемлекет бірінен кейін бірі жаппай «локдаун» жариялауын «жаһанданудың соңы» деп атады.

«Ковид-19» жаһандық індеті толық жойылған күннің өзінде, алдағы уақытта басқа індет түрінің пайда болмауына ешбір кепіл жоқ. Сол себепті, «ковид 19» жаһандық пандемиясымен күрес кезеңінде әлемдік тәжірибедегі  әрбір сабақ болашақта кезігетін қандай да бір «тосын індетке» қарсы тұруда әдістемелік нұсқау болмақ. Қазірде індеттің негізгі салдары қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Кейбір сарапшылар пікірінше, пост-пандемиялық кезең «жаңа құндылықтар тізбегімен» келетін жаңа өмір сүру жолын алып келеді десе, кейбір сарапшылар пандемиядан кейін әлем өз қалпына ешбір өзгеріссіз қайта оралып, ешбір өзгеріссіз жалғасады деп пайымдайды. Қалайда, экономикалық құлдырау мен әлеуметтік дағдарыс қайта қалпына келгенімен адамзаттың өмір сүру жүйесі «пандемияға дейінгі» кезеңгідей болмауы ақиқат.

«Ковид-19»-дың адамзаттың өмір сүру тәртібі мен құндылықтары жүйесіне әсерін анықтауда тарихи тәжірибені ескеру өте маңызды. Себебі, «ковид-19» бактериологиялық вирустың жаңа түрі болғанымен, адамзат үшін «ғаламдық індет» ретінде алғаш кезігіп тұрған феномен емес. Адамзат тарихы аймақтық, ғаламдық дейгейде орын алған індетке толы болды. Мысалы, тіпті антикалық кезеңде жазылған Фукудидтің классикалық еңбегі «Пелопеннес соғысында», Афина мен Спарта арасындағы қақтығыста «жаппай індеттің таралуы нәтижесінде мыңдаған спарталықтардың қайтыс болғандығын, әрі  спарталықтар үшін індеттің соғыста жеңілуге негізгі себеп болғандығын» жазады. Бертін келе 1330 ж. Орталық Азиядан таралған «бубон сілекейі» індеті де тұтас Еуропаның сауда жолдары арқылы тез таралып мыңдаған адамның өліміне алып келді. Кейбір деректер бойынша індеттің таралуына, «шығыстан батысқа жорыққа шыққан» моңғолдар кінәлі деп көрсетіледі. Алайда, індетті ешқашан толықтай жойылып кетті деп айта алмаймыз. Себебі, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, тіпті қазіргі күннің өзінде жыл сайын «бубон сілекейі» әлем бойынша жүздеген адамнан анықталуда. Тек қажетті вакциналар арқылы ғана індеттің алдын алуға болады.

Орта ғасырларда, ұлы географиялық ашулар мен колония үшін еуропалық «империялар арасындағы жарыс» кезеңінде жаңа территорияларды басып алуда «шешек ауруы» белгілі бір деңгейде биологиялық қару рөлін атқарды. Уиллиам Макнейлдің «Індет және адамдар» атты еңбегінде, испаниялық басқыншылардың өте аз әскермен жаңа территориялардағы жергілікті миллиондаған тұрғындарды басып алуын арнайы кемелерде жеткізілген «шешек ауруы вирусымен» түсіндіреді. Сәйкесінше басқыншы әскерилер арнайы вирустан қорғалатын вакцина салдыру арқылы жаңа жерді игеруде тиімділік көрсетті.

XIV ғасырда Еуропада індеттің жаппай таралуы мыңдаған адамның өліміне алып келіп, қоғамда басымдыққа ие болған католик шіркеуінің үстемдігінің әлсіреуіне де ықпал етті. Мысалы «Неге Құдай әділетті болса, дін ұстанушыларды індеттен алып қалмайды?» деген риторикалық сауалдар, католик шіркеуінің індетке қарсы тұрар ықпалының жоқтығына көз жеткізді. Қандай да бір деңгейде орта ғасырда Еуропада жаппай індеттің салдары қайта өрлеу мен ғылымның нақты мәселелер бойынша дамуына ықпал етті. «Ковид-19» вирусынан келген шығын әрине орта ғасыр кезеңімен салыстарғанда аз болуы мүмкін, алайда, пост- пандемиялық кезең біздің қоғамымызға да жаңа сұрақтар алып келуде. Ол сұрақ қатаң милитаризациялық ұғымға негізделген мемлекеттік қауіпсіздік тұжырымдамасын қайта қарауға негіз болады.

Адамзат баласының жадында жақсы сақталған ең соңғы жаһандық індет осыдан бір ғасыр бұрын орын алған, І дүниежүзілік соғыспен тұспа тұс келген «Испан тұмауы» болды. Испан тұмауы салдарынан,  ДСҰ дерегінше, 550 миллионнан аса адам вирус жұқтырып, 50 миллион адам көз жұмды. Яғни, «испан тұмауы» індетінен І дүниежүзілік соғысқа қарағанда екі есе көп адам қаза тапты. Испан тұмауы аталуы, алғаш тұмаудың Испаниядан анықталғанын білдірмейді. Керісінше, соғыс жағдайы болғандықтан жергілікті үкімет Испанияда вирустың болуын жоққа шығарып келгендіктен, ресми түрде Испания тұмау анықталмаған ел ретінде аталып, сәйкесінше адамдар тұмау биоқару ретінде Испаниядан шыққан деген сенімге келген. Сол себепті, аталмыш тұмау тарихта «испандық тұмау» аталды. Расында,  ХХ ғ. басымен салыстырғанда қазіргі кезде ғылым мен  медицина айтарлықтай дамыды. Алайда, «Испан тұмауы» кезеңінде қолданылған вирусты таратпаудың вакцина пайда болғанға дейінгі «үш алтын ережесі» де еш өзгеріссіз қазіргі күнде қолданылуда. Олар: маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қолды жиі жуу.

Қаншама тәжірибе жинақталғанына қарамастан, тіпті, соңғы жүз жылда адамзатқа биологиялық вирустан төнер қауіптің рөлі өсуде. Мысалы, соңғы жиырма жылда SARS, BVRS, құс тұмауы, шошқа тұмауы және Эбола вирусы сынды аса қауіпті індет ошақтарының анықталып мыңдаған адамды сарсаңға салуы тек аймақтық мәселе ретінде ғана қаралып, тұтас әлемге қауіп көзі ретінде жалпы адамзаттық қадамдар жасалмады. БҰҰ сияқты маңызды халықаралық ұйымдардың ғаламға қауіп төндірер негізгі мәселелер бойынша мемлекет басшыларын бірлесе күресуге шақыра алмауы халықаралық институт рөлінің қырғи-қабақ соғыстан кейінгі кездегі дағдарысын көрсетеді. Ғаламдық індетке алып келу қаупі жоғары болатын вирустың таралуының маңыздылығы туралы жекелеген инфекционист ғалымдар, мемлекеттік емес ұйымдар, филантроп жеке тұлғалар әлем назарын аудару үшін аянбай жұмыс істеді. Мысалы, Бил Гэйтстың 2015 ж. ТЕD платформасындағы баяндамасында, 2017 жылы Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясында «әлемге жаппай вирустың таралуынан» төнетін қауіп туралы дабылы мемлекет басшылары үшін абстрактілі пікір ретінде ғана көрініп келді. В.Лениннің «Кейде кейбір оқиғалар ондаған жылдар бойына орын алмай келіп, бір аптада жүздеген жылдар болмаған оқиғалар болады» деуі «ковид-19» індетінің таралуының айғағы.

Белгілі сарапшы, Америкалық халық­аралық істер кеңесінің басшысы Ричарт Хасстың пікірінше, халықаралық жүйе қырғи-қабақ соғыстан соң ең негізгі геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерісті бастан өткерді дейді. Яғни, АҚШ-тың баламасыз күш орталығына айналуы, ортақ ғаламдық нарықтың орнауы және ақпараттық технологиялық прогрестің серпілісі. Алайда, менің ойымша, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде әлем асимметриялық циклдық дағдарыстарды бастан өткеруде. Яғни, ХХІ ғасырға дейін мемлекеттер үшін негізгі қауіп қандай да бір анық мемлекеттен немесе идеядан болып симметриялық сипатта болса, қазіргі кезеңде әлемді сарсаңға салар қауіп көздері күтілмеген, асимметриялық сипатта өрбуде. Мысалы, 1998 ж. Азиялық экономикалық дағдарыс, 2001 жылы әл-Кайда сарбаздарының террорлық шабуылы, 2008 жылы АҚШ-тан бастау алған ғаламдық қаржы дағдарысы, 2015-2016 жылы босқындар дағдарысынан басталып Британияның ЕО-тан шығуы және АҚШ-та Д.Трамптың билікке келуі жаһандану процесінің бірден-бір қолдаушысы болған АҚШ-ты протекционистік бағытқа бұруы және 2019 жылдың желтоқсан айында Хубей провинциясынан анықталған вирустың екі ай ішінде барлық континентке таралып, тұтас әлемдік қарым-қатынасты шектеуі халықаралық қауымдастыққа төнер қауіптің асимметриялық сипатын көрсетті.

Барлық аталған жаһандық проб­лемалардың қамту аймағы мен салдары әртүрлі болғанымен ортақ тұсы да жетерлік. Барлық мәселеге ортақ қасиет – бұл «жа­һан­дық мәселенің ешкім күтпеген өте қарапайым себептен басталуы».  Мысалы, 9/11 террорлық әрекетте өте қарапайым қаруланған 19 сарбаздың АҚШ-тың стра­тегиялық обьектілеріне шабуыл жасап, Ж.Буш әкімшілігінің жаппай «террорға қарсы соғыс» жариялауына алып келеді деп ешкім күтпеді.  2008 ж. Уолл-стриттегі тұрғын үй нарығындағы ретсіздіктің тұтас ғаламдық дағдарысқа алып барарын, 2015 ж. Қиыр Шығыстағы тұрақсыздық. Еуропалық Одақ елдеріне миллондаған босқын алып барып, босқындар дағдарысын алып келуін немесе Ухан қаласында «экзотикалық тірі жәндіктер» сататын шағын базардан тышқаннан адамға таралды деп болжам жасалған «ковид-19» вирусының жаппай әлемдік экономикалық айналымды тоқтатарын ешбір ел күтпеген болатын. Нәтижесінде, бүгінде тұтас әлем жұрты белгісіздік кезеңін бастан өткеруде. Осы кезеңге дейін орын алған әлемдік проблемалармен салыстырғанда «ковид-19» індетінің салдары бөлек болады.Тіпті, кейбір сарапшылар пікірі бойынша «ковид-19» алып келген экономикалық залал 1929-30 ж. болған «Ұлы депрессия» кезеңімен пара-пар.

Қорытындылай келе, «ковид 19» жаһан­дық пандемиясы қоғамдық өмір, мемлекеттің қалыптасқан құндылықтар жүйесіне ауқымды түрде өзгерістер алып келеді. Біздің пікірімізше, жаһандық індеттің салдары адамзат баласының өміріне келесідей негізгі үш маңызды өзгерістер алып келеді:

Біріншіден, «қауіпсіздік» ұғымы де-милитаризацияланады. Негізгі фронтқа «дәрігерлер бейнесі» шығып, қалыптасқан «әскерлер отанды қорғаудағы негізгі топ» деген нарратив өзгереді. Бұл өз кезегінде әлемде ғылымның маңыздылығын эмпирикалық негізде дәлелдейді. Алайда, бұл дегеніміз толықтай ұлттық армия, әскери милитаристік өндіріс толық маңызын жоғалтады дегенді білдірмейді. Мысалы, 2018 ж. РФ денсаулық саласына ішкі жалпы өнімнің 3,2% бөлді. Бұл 2015-2017 жылдарға қарағанда екі процентке аз еді. 2017 ж. маусымда АҚШ президенті Д.Трамп қоғамдық денсаулық сақтау мен ұлттық медицинаға бөлінетін қаржы көлемінде 2016 жылмен салыстырғанда 9%-ға қысқартты. Қазақстан үкіметі 2018 жылы денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімнің 3,4% бөлді. Әрине бұл көрсеткіштер өзге салаларға бөлінетін қаржы көлемімен салыстырғанда өте аз. «Ковид-19» пандемиясының ең негізгі ықпалы әрбір үкіметтің күн тәртібінде денсаулық сақтау саласын қайта қарауға ықпал етеді. Қазіргі күннің өзінде, әлемдік тәжірибеде қоғамдағы дәрігер статусы қайта айқындалуда. Себебі, жаңа әлемдік жүйе жаңа стратегиялық саяси қадамдарды талап етеді.                    

Екіншіден, тек «ковид-19» індетінен ауыр зардап шеккен елдерде ғана емес, өзге де барлық елдерде саяси популизмнің «қайта өрлеу» кезеңі болады.Тарихтан білетініміздей, әрбір соғыс немесе жаһандық ауыр дағдарыстан кейін саяси аренада «популистік идеялар» кең көлемде қолдау табады. Сондықтан, «ковид-19» жаһандық індетінің бірден-бір қоғамдық әлеуметтік өмірге ықпалы, біздің ойымызша саяси нарықтағы «популист  лидерлердің» көбеюі­не ықпал етеді. Себебі, әлемдік пандемиядан қалжыраған халық үшін «барлығын тез арада қалпына келтіру» сынды кейбір орындалуы мүмкін емес уәделер өтімді болады.

Үшіншіден, адамзат баласының табиғат­пен қарым-қатынасын қайта қарауына себеп болды. Соңғы екі ғасырда ғылыми технологиялық прогресс нәтижесінде адамзаттың орташа өмір сүру жасы өсіп, жер бетіндегі халық санының өсімі бірнеше пайызға ұлғайды. Сәйкесінше, адамзат пен табиғат арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, табиғатқа деген консумерлік, тұтынушылық көзқарас қалыптасты. БҰҰ-ның жариялаған  2019 жылғы баяндамасында, әлемнің 50 елінен жиналған  145 сарап­шылардың біріккен зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес  «табиғат адамзат тарихында бұрын соңды кездеспеген дағдарысты бастан өткеруде». Жер бетінің 75%, мұхиттың  66%  адамзат арқылы әртүрлі мақсатта игерілген. Нәтижесі экологиялық жүйе мен биологиялық саналуандылыққа кері әсерін тигізуде. Миллионнан аса жәндік пен өсімдіктер түріне алдағы онжылдық ішінде тұтас жойылу қаупі тұр. Соңғы жарты ғасыр бойына адамзатқа төнген бактериялық вирустардың барлығы «жәндіктерден/өсімдіктерден адамға трансмиссиялану» арқылы таралғанын ескерсек, «ковид 19» жаһандық пандемиясының салдары тұтас әлемдік қауымдастықты табиғатқа, экологиялық жүйеге деген тұтынушылық көзқарасын өзгертуіне міндетті түрде ықпал етеді деп қорытындылаймыз.

 

1428 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз