• Заманхат
  • 28 Ақпан, 2021

«ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСІ» ҚАЛАЙ «АҚИҚАТ» АТАЛДЫ?

Белгілі жазушы, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері Камал Смайылов сан-салалы қызметінің бір кезеңінде «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына басшылық жасағаны, яғни, бас редактор болғаны белгілі. Өзі айтқандай, 1990 жылдың бірінші нөмірінен ол кездегі «Қазақстан коммунисі» деп аталатын басылымға қол қоя бастаған. Жалпы, салиқалы журналдың «Ақиқат» деп аталуында Кәмекеңнің тікелей қатысы бар. Кезінде Компартияның журналы саналған «Қазақстан коммунисінің» атауы қалай ауысқаны, заты да, мазмұны да соған сай түрлене түскені оқырман қауымға қызық болар деген мақсатпен «Ақиқат» журналының 100 жылдығы аясында «Қазақстан коммунисі» қалай «Ақиқат» аталды?» деген тақырыппен ұсынуды жөн көрдік. 

Мен «Қазақстан коммунисі» журна­лына бас редакторлыққа бекітіліп, 1990 жылғы бірінші нөмірінен қол қоя бастадым. «3иялыларға арналған журнал» деген мақалам да басылды. Онда демократияға бет бұра бастаған уақытқа, өзгерістерге сай жаңа бағыт-бағдар айқындалды. Әрине журнал – Орталық Комитеттікі. Соған қарамастан, ол бұрынғыдай тек партия қызметкерлеріне немесе коммунистерге ғана арналмай, барлық зиялы қауымға, көкірегі ояу, білімге құштар оқырмандарға арналды. Олай дейтін себебім, бізде сол кездері қазақ тілінде тарих, философия, саяси экономика, социология, құқық мәселелерін жазатын журналдар жоқ еді. Сондықтан, ол «Вопросы истории», «Вопросы философии», «Вопросы экономики», «Вопросы социологии» секілді орталық журналдардың жүгін-міндетін мойнына алуы тиіс еді. Ол ой-жоспар нақты жүзеге аса бастады.

1991 жылы Орталық партия комитеті тарап, журнал бұрынғы атпен шығуын тоқтатқанда, соны қалай сақтау керек деген әңгіме, мәселе туды. Содан ойланып-толғанып, телефон соғып, Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Ерік Асанбаевқа бар­дым. Әңгімелестім. Екеуміз Орталық Комитетте қатар қызмет еткенбіз. Ол ғылым бөлімінің, мен мәдениет бөлімінің меңгерушісі болғанбыз. Оған айтып едім, келісе кетті. Екі газеті бар Жоғарғы Кеңес енді екі теориялық-саяси журналды алса да, көптік жасамайды ғой деп ұйғарды. Ендігі саясат –  халықтікі, идеология, теория –  мемлекеттікі дегенге келдік. Оның атын өзгерту керек делінді.

Редакцияда бәріміз жиналып, атын іздедік. «Саясат», «Сана», «Ой көк­жиегі» деген аттар ауызға алынды. Сонда мен «Ақиқат» деп атайық деген ұсыныс жасадым. Бәрі қостады. Сөйтіп журналдың аты өзгерді. Бұл 1991 жылдың 15 қыркүйегі еді. Он мыңнан асқан оқушысын журнал қазақ тарихының ашылмаған, аршылмаған беттерін ақтарып, ұлттық философия, психология мәселелерін қозғап, қазақтануды қолға ала отырып, өзіне тартып қызықтырды. Өзінің жақын да тұрақты оқушыларын тапты. Олар –  негізінен білімге құмар, күрделі мәселелерді ойлауды-талдауды ұнататын зиялылар.

Осыдан бастап журналдың мазмұны мен бағыты өзгеріп, таза партиялық аяда қалмай, нағыз халықтық, ұлттық сипат алды. Мұны журналда сол кезде жарияланған мақала-материалдардан көру киын емес. Мысалы, «Алаштың ақиқатын кім айтады?», «Қазақстан шекарасы қалай анықталған?», «Тыңның күнгейі мен көлеңкесі» сияқты мақалалар, «Тарих тағылымдары», «Архив қазынасын ақтарғанда» атты айдарлар, Абылай, Кенесары, Сырым батыр сияқты тарихи түлғалар туралы толғаулар, қазақтың бұрынғы ойшылдарының жарияланбаған еңбектері. Мұстафа Шоқайұлының естеліктері, орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ даласы жөніндегі жазбалары, қазақтың халықтық философиясы, педагогикасы, рухани байлық бұлақтары жайындағы ой-толғаулар. «Қазақстан әлем деңгейінде», «Қазақстан одақтық басылымдарда», «Нарықты экономика қалтарыстары», «Ауыл және нарық», «Ұлттың әлеуметтік халі» бөлімдері орын алды.

«Ақиқат» –  енді бұрынғыдай пар­тия­лық, теориялық журнал емес, қалың оқушы жұртшылығына арналған білім қосатын, ой қозғайтын журнал болады. «Ақиқат» қазақ халқының тарихы, мәдениеті, рухани дүниесі, әлеуметтік хал-ахуалы төңірегінде мәселелер көтеріп, жалпы халықтың қамын жейтін, жоғын жоқтайтын журнал болмақшы. Соңғы бір жылдың ішінде «Ақиқат» журналында Д.А.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты естелік кітабының екінші бөлімі (қазақ тілінде алғаш рет), Мұстафа Шоқайдың күнделік жазбалары, «Алаштың азаматтары. Олар кімдер?» деген айдармен Алаш партиясы қайраткерлерінің аты-жөндері, «Жазықсыз жапа шеккендер» деп сонау жылдары ұсталып, тәркіленіп кеткен қазақ байларының тізімі, отызыншы жылдары Қазақстанда қанды қимыл-әрекет атқарған «үштіктердің» құрамы сияқты нақтылы да танымдық сипаты мол деректер жарияланды. Қайтсек тәуелсіз мемлекет бола аламыз? Демократия мен бостандықты қалай, қайтіп нығайтамыз? Диктатура оралмай ма? Нарықты экономикаға қалай кіреміз? Мына қиын сәттен қалай өтеміз? Осындай ойландырар тақырыптар орын алды.

Ұлттық ой-сана, ұлттық сезім ұшталған шақта келелі-күрделі мәселелерді жанаша, өзімізше қоямыз. «Қазақстанда феодализм болған ба?», «Қазақтану ғылымының іргесін қалайық» деген ой оятар мәселелер қозғалды. «Қазақта жүз қайдан шыққан?», «Қазақ өз атын қалай қайтарып алған?», «Қазақстан шекарасы қалай анықталды?», «Алаштың ақиқатын кім айтады?», «Үш жүз» партиясы деген не?» –  осындай соны деректі мақалалар жарияланды. «Қазақстанның геосаясаты қандай болуы керек?», «Түркия бағыты деген не?», «Евразия ұғымы нені білдіреді» деген мақалалар шықты. «Адам құпиясы мен құдіреті» –  жаңа айдар. Совет заманындағы тарихтың күнгейі мен көлеңкесі кеңінен көрсетілді. Л.Мирзоянның, Ж.Шаяхметовтың, П.Пономаренконың баяндама-сөздері, естеліктері басылды. Бүгінгімізді ойлай отырып, Қазақстанның болашағына көз салуымыз, ой жүгіртуіміз қажет. «Қазақстан XXI ғасырда», «Қазақстан әлем деңгейінде», «Қазақстан ғылымының көкжиегінде» деген рубрика-бөлімдер осыған арналды. Журналда қаншама соны деректер көрінді. Алғаш рет осы журналда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске жаңа көзқарас, 20-30-жылдардағы жаппай аштықтар жайында, сол кездердегі қазақ көтерілістері туралы ашық, ащы деректерге толы толғамдарға орын берілді. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы кеңінен көрсетілді. Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков секілді тарихшылардың еңбектері, Едіге мен Тәуке, Абылай мен Кенесары, Сырым мен Сыпатай туралы деректер, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Меңдешев, С.Қожанов сияқты саяси қайраткерлердің белгісіз мақала- жазбалары жаңадан жарияланды.

«Ойға – ой, білімге – білім қосамын, бұрын белгісіз тарих, саяси мағлұмат деректерді оқып, сараптап, халқымыздың шынайы тарихын, қарама-қайшы тағды­рын, мына қуанышты да қиын боп тұрған бүгінгі өмірін, әлі де белгісіз болашағын білгім, түсінгім, ұғынғым келеді» деген әрбір ойлы қазақ, зиялы азамат осы «Ақиқат» журналына жазылады, алдырады, оқиды деп үміттенеміз деп соған қарамастан қол қойғандар: «Ақиқат» журналы редакция алқасының мүшелері: Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Досмұхамбет Кішібеков, Сейіт Қасқабасов, Ербол Шаймерденов, Құлбек Ергөбеков, Ғарифолла Есімов, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, журналдың бас редакторы Камал Смайылов.

 

Камал СМАЙЫЛОВ,

журналист,

«Жеті қыр, бір сыр». Естеліктер, публицистика. – Алматы:  Атамұра, 2000. -224 бет

 

3763 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз