• Еркін ой мінбері
  • 28 Ақпан, 2021

БАҚЫРШАДАҒЫ КОММУНИЗМНІҢ КҮЙРЕУІ

Нұрғали  ОРАЗ,
«Ақиқат» журналының шолушысы

 

Жиырмасыншы ғасырда коммунизм елесі кең байтақ қазақ даласын кезіп жүрді. Қаладағы басты-басты көшелерде, ауылдағы кеңселерде қызыл матаға жазылған батыл-батыл ұрандар желбіреп тұрды. Ондағы «Біздің бағытымыз – коммунизм!», «Ленин өсиеттеріне адал­мыз!», «Коммунизм – келешегіміз!» деген сияқты сөздер күнде-күнде көріп жүргендіктен жалпақ жұртқа үйреншікті, жаттанды ұғымға айналып кетті.

Бүкіл дүниеден жырақта, маң дала­ның қиян бір түкпірінде отырған біздің Бақыршаның тұрғындары үшін бұл ұрандардың барлығы да: «Коммунизмге жетсек, біздің ауылда бәрі болады. Кем-кетігіміз толады!» деген бір ғана мағынаны білдіретіндей көрінетін-ді.

Ал енді, бақыршалықтарға не керек екенін еш бүкпесіз, түгел тізіп жазар болсақ, әй, қайдам, бірер күнде тауыса алмас едік-ау.

Сөзіміз түсінікті болуы үшін сіздерді аз да болса біздің өлкенің табиғатымен, тыныс-тіршілігімен таныстырып өтудің еш артықшылығы жоқ деп білемін. Сонымен...

Бақырша дегеніміз, еліміздің оңтүс­тігіндегі киелі Қазығұрт тауы мен ежелден-ақ ән-жырға арқау болған Арыс өзенінің аралығындағы екі жүз шақырымға созы­латын шөлейт даланың бір түкпіріндегі кішкентай ғана ауыл. Шындығында, мұнда не жоқ екенін тізіп жатудан гөрі не бар екенін бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізе салу әлдеқайда жеңіл.

Айналаға қарасаңыз, көз ұшында бұл­дырап көрінетін көкжиекке дейін керілген адырлы даладан басқа ештеңе жоқ. Тізеден келетін қара от – ұшына мизам ілінген жусан мен дермене. Жазда әбден қурап, қол тигізе қалсаңыз, шытыр-шытыр етіп сынып, үгітіліп жатады.

Азанда ауылдан ұзап шығатын бір қора қой мен бір табын сиыр. Бірді-екілі жылқы да көзіңізге түсіп қалуы мүмкін. Міне, біздің ауылдың бар шаруашылығы осы.

Елуінші жылдардың басында тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына байланысты Бақырша осыдан отыз шақырым жердегі Жданов атындағы кеңшардың бір бөлімшесі болып тіркелді. Біраз барак-үйлер салынды. Маң даланың төсіне егін егілді.

Ықылым заманнан бері қыртысына түрен тимей, тың жатқан топыраққа түскен дән ерте көктемде екі-үш рет селдетіп құйып өткен жаңбыр суынан нәр алып, көктеп шығып, жаз ортасына таман сап-сары боп жайқалып, пісетін болды.

Жалпы, еліміздегі ауыл шаруашы­лығынан азды-көпті хабары бар кісілер мұндай жерлердің «бағара» деп атала­тынын жақсы біледі. Бұл шет тілінен енген «богарные земли», яғни, «шөлейт аймақтағы егістік жер» деген ұғымның қазақшаланған түрі.

Міне, сол бағараға егін егіп, алыстағы кеңшарға жаңа бөлімше болып қосылған Бақыршада су жоқ. Су болмаған соң ағаш та, бау-бақша да, тіпті, ұяттау болса да айтуға тура келеді, кір-қоңымызды жуатын монша да жоқ.

Есесіне екі-үш күнде шаңдатып келіп тұратын «водовоз» деген машина бар. Соның әкелген суын үнемдеп малға да береміз, өзіміз де ішеміз. Қанша дегенмен, машинаның сүйегі – темір-терсек емес пе. Сондықтан, оның кей күндері сынып, бұзылып қалатын кездері болады. Ондайда бүкіл ауыл малмен бірге улап-шулап, басымыз ауған жаққа безіп кете жаздаймыз.

Алғаш осы Бақыршаға көшіп келгенде біздің бір көк сиырымыз бар еді. Сол түс әлетінде өрістен мөңіреп қайтты. Таңдайы кеуіп, танауы делдиіп кеткен. Екі көзі бұлдырап, есік алдына шыққан кісіге мөлие қарап, су сұрайды.

Өзіміз кеше ғана көшіп келгендіктен бұл ауылдың әлі ой-шұқырын да, күнделікті тіршілігінің қыр-сырын да білмейміз. Бірақ, оны түсінетін көк сиыр ма. Есікті жапсақ, терезеден қарап, әбден мазамызды алды. «Әй, бұларың не? Сендерде мүлде мейірім-шапағат қалмаған ба?» деп мөңірегенде екі көзінен бармақтай-бармақтай жас тырс-тырс тамады.

Әй, сол күні көк сиырдан ұялып, жерге қарағанымыз-ай!..

Байғұс жануар содан кейін ауылдан ұзап ешқайда шықпайтын болды. Егер тағы да анау Жапатас жаққа барып жайылсам, мұндағылар суды тауысып қойып, шөлден қатыра ма деп ойлай ма, кім білсін.

Көп ұзамай-ақ ол осы ауылдағы ең бір сұғанақ, ұятсыз, ұры сиырға айналып шыға келді. Қай үйдің есігі ашық қалса, сонда кіріп барып, дастарханға орап қойған нандарын жеп, шелектегі суын ішіп, кілеттегі ұнын ақтарып кете беретін болды.

***

Міне, өстіп, шаңға бөгіп, таңдайы кеуіп, сусап жатқан Бақыршаға бір-ақ жылда «коммунизм» орнады. Оны орнатуға бастамашы болған да, барлық күш-жігерін соған жұмсаған да біздің ең жақын адамымыз – әкеміз еді. Өйткені, ол кісі осы жаңадан ашылған бөлімшеге меңгеруші болып тағайындалды.

Жаңылмасам, қыркүйек-қазан айлары­ның бірінде ауылдың күншығыс жақ бетіндегі жайпақ төбенің басынан бір биік мұнара бой көтере бастады. Сонсоң жер түбіндегі Бақыршаға жан-жақтан әр түрлі машиналар ағылып, әлгі жерге ұзынды-қысқалы құбыр, бөшке, қаңылтыр, вагон, кран секілді темір-терсек пен үлкенді-кішілі техникаларды тасыды.

Бір күні кешкілік қырдағы биік мұнара­ның басынан бірнеше шам жарқырап, айналаға сәуле шашты. Соның артынша тұп-тұнық ауаны дірілдете шыңылдаған болат бұрғының даусы естілді.

Есіктерінің алдындағы ағаш тапшанда кешкі ауқаттарын енді алдарына ала берген бақыршалықтар қыр жаққа жалт қарап: «Құдай өзі берекесін берсін, біздің ауылға жаңа көшіп келген жас бастық шөл даладан су шығарамын деп жанталасып жатыр,» деп таңғалысып отырды. Өйткені, біздің әкеміз ол кезде орда бұзар отыз жаста ғана еді.

Су, әрине, бір күнде шыға қоймайды. Ол тіпті, бір айда да шықпауы мүмкін. Мұны жұрт жақсы біледі. Ал енді, Бақыршадағы артезиан құдық, сіздерге өтірік, бізге шын – тұп-тура бір жыл қазылды.

Міне, осы бір жылдың ішінде: «Құдық­шылардың бұрғысы тасқа тіреліпті. Енді су шықпайтынға ұқсайды. Ертең асай-мүсейлерін жинап, Арысқа қайтады екен», «Жо-жоқ! Тасты снарядпен жаратын көрінеді. Ол жарылған кезде жер астындағы өзен шапшып сыртқа атылады», «Су астында қалмасын деп Бақыршаны мүлде басқа жаққа көшіреді екен», деген сияқты алып-қашпа әңгімелердің неше түрі айтылды.

***

Күндердің бір күнінде қыр жақта тұ­ра­тын Момын ақсақал үнемі көкпарға дайындап жүретін қарагер атына қарғып мініп, шағын ауылды айнала шауып, сүйінші сұрады.

«Е-е-ей, халайық! Су шықты! Су шықты! Сүйінші-і-і!!!»

Қапырық ыстықтан бой тасалап, есік-терзелерін қараңғылап алып, үйлерінде қыбыр етпей жатқан бақыршалықтар тосын айқайдан селк етіп, мәйкішең, трусишең сыртқа атып шығып, қырға қарап ауыздары аңқиып, көздері бақырайып қалысты.

Себебі, бүгін биік мұнарадан да асып, көк аспанға шапшып, қыр басында таңғажайып субұрқақ атқылап жатқан болатын.

Міне, коммунизм!Шөл даладан су шыққан күнгі елдің қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын. Оны тек көзбен көру керек! Шындығында, мұның өзі де кез-келген кісінің маңдайына жазыла бермейтін бақ қой дейсіз еріксіз.

Иә, сөйтіп, әлімсақтан бері су сұрап, шөлдеп жатқан аймақтың тынысы бір күнде ашылып, мал да, жан да суға қарық болды.Күндегідей аптап ыстық басталғанда қыр жақтан бу көтеріліп, дымқыл леп есіп жатты.

Мың жеті жүз елу бес метр тереңдіктен қатты қысыммен атқылап шыққан судың оқпанына құдықшы мамандар дәу-дәу екі құбыр орнатты. Осыдан кейін төмен қарап сарылдап аққан судың өзі-ақ бірнеше арық жасап алды.

Бақыршалықтар жас бастық деп атап кеткен біздің әкеміз Балтақара Оразұлы бұдан кейін де қыр басындағы қызу жұмысты тоқтатқан жоқ. Күнбатыстағы сайдан бөгет салдырып, шағын көл жасауға кірісті. Тас, топырақ сүретін үлкен қалағы бар «К-100» деп аталатын алып тракторды қаладан жалдап әкеліп, құм үйгізіп, шынжыр табан «ДТ -75» тракторларымен мықтап таптатты.

Сол бір күндері кішкентай ғана Бақыр­шада кішігірім ГЭС салынып жатқандай ауылдағы жұрттың құлағы тұнып, кешкі шайдың үстінде бір-бірінің айтқан сөздерін естімей қалып жүрді. Кейін ол көлге жас бастық алыстан арнайы әкеліп, кіп-кішкентай балықтар жіберді.

***

Ол енді шөлейт далада бау-бақша өсіру­ді ойластыра бастады. Құдыққа жақын беткейді трактормен жыртып, екі гектар жерді темір тормен қоршатты. Сосын өзі бас болып, таулы өңірден бір машина жас талдың көшетін алғызды. Және оларды бөлімшенің бауына ғана егіп қоймай, бүкіл ауылға таратып берді. Жас көшеттердің көп болғаны сондай, Біліс ағай сабақ беретін бастауыш мектептің оқушылары бір ай бойы ағаш егумен болдық.

Бұдан былай Бақыршаны баяғыдай «шөл дала» деп айта алмайсыз. Ықылым заманнан бері түрен тимеген тың өлкеде жер қойнауына түскен дән атаулының бәрі тегіс өніп, өсіп, гүлдеп, мезгілінен бұрын пісіп жатты.

Сол жылдары құс қанаты талатын маң далада басынан күн өтіп, көңілі жабырқап, шөлдеп келе жатқан жолаушылар алыстан сағым сияқты бұлдырап, көзді арбайтын жап-жасыл арал секілді шағын ауылға қарап, өз көздеріне өздері сене алмай, қолымен күн салып ұзақ үңілуші еді. Сонсоң барып, қалғып кетіп оянғандай астындағы атын қайта-қайта тебініп, Бақыршаға жеткенше асығатын-ды.

Пай-пай, шіркін, сіз мынау жарық дүние – дүние болып жаратылғалы бері егін егілмеген тың жерде өскен алғашқы бақшаны көріп пе едіңіз?!

Ой-хой, сол жылдары бақырша­лықтар­дың бақшасындағы қызанақ асқабақтай, қияр қауындай болып пісіп еді-ау. Үй маңындағы жерді күрекпен шұқып, кеше  ғана тастаған дән бірер күнде көктеп шығып, жапырақ жайып жатты. Тағы біраз күннен кейін гүлдеп, түйіндей бастады.

Жаздыгүні түнде есік алдындағы тапшан­ға төсек салып, аспандағы жапырлаған жұлдыздарға қарап жататынбыз. Олар бізге көзін қысып, жымыңдап тұратын.

 Бірде түн ортасында гүрс ете түскен оқыс дыбыстан шошып ояндық. Қора жақтан арпылдап Таймас деген итіміз  үрді. Сөйткенше болған жоқ, үй мен қораның арасындағы бақшаның ішінен тағы да бірдеме гүрс етіп жарылды. Сол кезде әкем оянып, жан-жағына қарап отырды да, бақша жаққа қарай кетті. Сәлден соң бір-екі қарбызды көтеріп қайтып келді.

Сөйтсек, бақшадағы теңкиген дәу-дәу қарбыздар әбден пісіп, үзіп алатын уақыты өте бастағанда гүрс-гүрс етіп, өз-өзінен жарылады екен. О тоба, бұрын-соңды мұндай қызықты кім көрген?!

***

Қыр басынан шыққан су сылдырап құйылып, сайдағы тоған шүпілдеп толған кезде майда шабақ балықтар кешкілік су бетіне секіріп, шыбын-шіркей аулайтын болды. 

Бұрын маң даланың бір шетінен екінші шетіне ұшып жеткенше қанаты талып, таңдайы кебетін құстар да енді осы тоғанның жағасына келіп қонып, бақшадағы шашылып жатқан жеміс-жидектерді қорек етіп жүрді.

Шөп жинау, егін ору, мемлекетке астық тапсыру, мал төлдету, ет, жүн өткізу сияқты науқандық жұмыстарды артығымен орындап, ауыспалы қызыл туды жеңіп алған бақыршалықтар ақшалай және заттай сыйлықтар алып, жыл сайын қарық болып жатты.

Кейде сондай мол игіліктердің қадіріне жете алмай қалған күндер де өтті.  Бірде жыл аяғына таман алған жеті мың сом (бір машинаның құны) сыйлығын газетке орап, терезенің алдына қойып кеткен «передовик» көкеміздің үйіндегі аңқау жеңгеміз ошаққа тамақ пісіремін деп жүріп байқамай, газетпен бірге отқа тамызық қылып жағып жіберіпті...

***

Бұл даланың да күні бұлттанып, қабағын түйіп, тұнжырай қалатын кездері болады. Қоңыр күздің артынан суық қыс келетінін сездіріп, солтүстік жақтан ызғарлы жел еседі. Міне, осындай көңілсіз мезгілде жас бастықтың үйі басқа ауылға көшетін болды. Себебі, оған орталықтағылар: «Бақыршаның шаруашылығын біраз көтердің. Сол да жетер. Үкімет пен партия бұдан былай саған одан да зор міндет жүктейді», депті.

Бұл жаңалық ауылды қуантудың орнына қатты жабырқатып кетті. Бірақ,  өзара күңкілдесіп, көңілдері босап, көздеріне жас алғандары болмаса, бұл шешімге қарсы тұра алмады. Өйткені, кеңес заманының заңы қатал еді. Үкімет пен партияның айтқанын орындамауға ешкімнің де хақы жоқ-ты.

Көз ұшында бұлдыраған Бақыршамен қоштасып барамыз.

Күзгі даланың желі ызыңдап, жусан мен дермененің жұпар иісін әкеледі. Шөлейт аймақтың қақ ортасындағы жасыл арал секілді шағын ауылды қимаймыз.

***

Бір қызығы, әкем сол Бақыршаға көп жылдар бойы ат ізін салмай кетті. Кім білсін, үкімет пен партия қайда жұмсаса, сонда барып, жан аямай еңбек еткен Балтекеңнің сона-а-ау бір қиырдағы кішкентай ауылға жолы түспеген шығар. Әйткенмен, балалық шағымыздың ізі қалған Бақыршаны, көз алдымызда қазылған құдықты, өзіміз еккен бау-бақшаны,  жалпақ сайдағы тоғанды біз көпке дейін сағынып жүрдік.

1988 жылы республикалық «Жалын» баспасынан менің «Бақыршаның балалары» атты шағын кітабым жарық көрді. Міне, сол кітабымда  баяғы ауылдың тұрмыс-тіршілігін, айналасындағы табиғат суреттерін көркем тілмен жеткізгім келді. Оған әрине, қамба-қамба астық жинап, еңбек көрігін қыздырып жатқан елді, аптапқа қақталған адырлы даланы, қырдағы құдықты, тіпті, қаталап шөлдеп өліп қала жаздаған көк сиырды да қосуды ұмытқаным жоқ. Бірақ, менің қазіргі айтайын деп отырғаным ол емес, мүлде басқа... иә, мүлде басқа нәрсе.

Әлгі кітап шыққан жылы шөлейт аймақтағы достарымның  шақыруымен балалық шағымның ізі қалған Бақыршаға барып қайттым. Алыстан бұлдырап көрінген қырдағы құдыққа қашан жеткенше тағатым қалмай, қадалып қарадым да отырдым.

Бірақ Бақыршаға жеткенде өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Қап, әттеген-ай! Бекер-ақ келген екенмін. Су шыққан жылы егілген бау-бақша да, жүздеген ағаштар да, тіпті, сайдағы үлкен тоған да жоқ. Тып-типыл. Орны да қалмаған. Есесіне үй айнала көлеңкелеп жатқан малдың қалың құмалағынан аяқ алып жүре алмайсыз. Тек қырдағы артезиан құдықтан шыққан су ғана сол баяғы ескі күндерді есіңе салып, сылдырап ағып жатыр. Құдық басына тоқтағанымызды көріп, «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген ежелгі дәстүрді сақтап, қырға көтерілген Исақан көкем: «Бау-бақшаның қоршауын сенің әкең көшіп кеткен күннің ертеңіне-ақ бұзып, жан-жаққа тасып алып кеткен бұл жұрт, – деді басын шайқап. – Тым болмаса, анау сайдағы тоғанды бұзбаңдар деп қанша айттым... Бірақ, ешкім тыңдамады сөзімді. Түбі ұйық боп кетіпті, малымыз түссе, батып қалады деп, ағытты да жіберді. Содан ана-а-ау төмендегі жазық даланы біраз күнге дейін су басып, әр жусанның түбінде бір-бір балық тулап жатты. Әй, бұл түсінбестік дегенді қойсаңшы!..»

Сол жолы мен Бақыршаға барып қайт­қанымды әкеме айтпай, жасырып қалдым. Бірақ, кейін оның шөлдегі ауылда не болып жатқанын бармай-ақ, көрмей-ақ біліп отыратынын аңғардым. Бірде, тіпті «Неге?» деген сұрақтың аузымнан қалай шығып кеткенін аңдамай да қалыппын.

 Әкем маған ойлана қарап, үнсіз отырды да: «Кеңес өкіметі не үшін құлады деп ойлайсың?» деді өзіме қарсы сұрақ қойып.

Сонсоң:«Ол кезде: «Бәрі халықтыкі» дегенімізбен, ортақ мүлікке ешкім де иелік ете алмайтын. Сондықтан, ел: «Мұның бәрі өкіметтікі» деп қарайтын. Және сол өкіметтің көзінен тыс қалған нәрсені реті келсе, жымқырып кетуге тырысушы еді. Ортақ меншік пен жеке меншіктің арасы жер мен көктей екенін міне, осыдан-ақ түсіне бер, қарағым!..» деді.

Мен ақсақалдың ол жаққа неге бармай кеткенін, Бақыршадағы коммунизмнің неліктен күйрегенін сонда ғана түсінгендей болдым.

1496 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз